7. Келісімшарттық қызметші:
1) материалдық-техникалық, қаржылық және ақпараттық қам тамасыз ету құралдарын, басқа да мемлекеттік мүлік пен қызметтік ақпаратты қызметтік емес мақсаттарда пайдалануға;
2) қызмет бабын келісімшарттық қызметшінің қызметін жүзеге асыруға байланысты емес мақсаттарда пайдалануға құқылы емес.
8. Келісімшарттық қызметші ретінде:
1) он сегіз жастан кіші;
2) сот әрекетке қабілетсіз немесе әрекетке қабілеті шектеулі деп таныған;
3) біліктілік талаптарында келісімшарттық қызметші үшін денсаулық жағдайына арнаулы талаптар белгіленген жағдайларда, медициналық мекеменің қорытындысы негізінде функционалдық міндеттерді орындауға кедергі келтіретін ауруы бар;
4) келісімшарттық қызметші ретінде тартылғанға дейін үш жыл ішінде сыбайлас жемқорлық құқық бұзушылық жасағаны үшін әкімшілік жаза қолданылған;
5) сот келісімшарттық қызметші тартылатын қызмет түрімен айналысу құқығынан айырған;
6) сот белгілі бір мерзім ішінде мемлекеттік лауазымдарды атқару құқығынан айырған;
7) сыбайлас жемқорлық қылмыс жасаған;
8) келісімшарттық қызметші ретінде тартылу кезінде заңда белгіленген тәртіппен өтелмеген немесе алынбаған сотталғандығы бар;
9) ауыр немесе аса ауыр қылмыстар жасағаны үшін бұрын сотталған немесе қылмыс жасағаны үшін қылмыстық жауаптылықтан Қазақстан Республикасы Қылмыстық-процестік кодексінің 35-бабы бірінші бөлігі 3), 4), 9), 10) және 12) тармақтарының немесе 36-бабының негізінде босатылған;
10) қылмыстық топтың құрамында қылмыс жасаған;
11) қылмыстық топтың құрамындағы қылмыс туралы өзіне қатысты қылмыстық істі қылмыстық қудалау органы немесе сот Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексі Ерекше бөлігінің тиісті бабында көзделген бас бостандығынан айыру түріндегі жазаның төменгі шегінің мерзімі өткенге дейін Қазақстан Республикасы Қылмыстық-процестік кодексінің 35-бабы бірінші бөлігі 3), 4), 9), 10) және 12) тармақтарының немесе 36-бабының негізінде тоқтатқан;
12) келісімшарттық қызметші ретінде тарту алдындағы үш жыл ішінде қылмыстық теріс қылық немесе онша ауыр емес және ауырлығы орташа қылмыстар жасағаны үшін соттың айыптау үкімі шығарылған немесе қылмыстық теріс қылық немесе онша ауыр емес және ауырлығы орташа қылмыстар жасағаны үшін қылмыстық жауаптылықтан Қазақстан Республикасы Қылмыстық-процестік кодексінің 35-бабы бірінші бөлігі 3), 4), 9), 10) және 12) тармақтарының немесе 36-бабының негізінде босатылған;
13) жұмыста (қызметте) дәлелді себепсіз қатарынан үш және одан көп сағат болмауы негізінде азаматты қызметтен шығару жағдайларын қоспағанда, құқық қорғау органдарынан, арнаулы мемлекеттік органдардан, судья лауазымынан, әскери қызметтен теріс себептер бойынша қызметтен шығарылған азамат;
14) Қазақстан Республикасының заңдарында көзделген өзге де жағдайларда тартылмайды.
9. Мүдделер қақтығысын болғызбау үшін жобаларды іске асыруға тартылған мемлекеттік қызметшілердің жақын туысы, жұбайы (зайыбы) және (немесе) жекжаты болып табылатын азамат келісімшарттық қызметші ретінде қабылданбайды.
Мүдделер қақтығысын болғызбау және реттеу, сондай-ақ оған жол бермеу жөнінде шаралар қабылдау туралы міндеттемелер келісімшартта жазылады.
Келісімшарттық қызметшіге Қазақстан Республикасының еңбек заңнамасына сәйкес жыл сайынғы ақы төленетін еңбек демалысы беріледі.
10. Келісімшарттық қызметшілердің мемлекеттік құпиялармен жұмысты көздейтін қызметі Қазақстан Республикасының мемлекеттік құпиялар туралы заңнамасында белгіленген тәртіппен жүзеге асырылады.
11. Келісімшарттық қызметшінің жұмыс графигі және өзге де жеке еңбек жағдайлары тараптардың келісімі бойынша келісімшартта белгіленеді.
Келісімшарттық қызметшінің еңбегіне ақы төлеу шарттары тараптардың келісімі бойынша орындалған жұмыс көлемінің (қойылған міндеттердің) уақыттық (міндеттерді, жобаларды іске асыру кезеңдері), сандық және (немесе) сапалық параметрлері көрсетіле отырып, келісімшартта белгіленеді.
Келісімшарттық қызметшілердің еңбегіне ақы төлеу мемлекеттік органды ұстауға не ұлттық және өзге де жобаларды іске асыруға көзделген қаражатты үнемдеу есебінен жүзеге асырылады.
12. Келісімшарт тараптардың келісімі бойынша бұзылуы мүмкін, келісімшартты бұзудың, сондай-ақ оған өзгерістер мен толықтырулар енгізудің өзге де шарттары келісімшартта жазылады.
Келісімшарттық қызметші мен мемлекеттік орган арасындағы даулар Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген тәртіппен шешіледі.».
2-бап. Осы Заң, алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік алпыс күн өткен соң қолданысқа енгізілетін 1-баптың 4-тармағы 24) тармақшасының екінші, үшінші, төртінші, бесінші, алтыншы, жетінші және сегізінші абзацтарын қоспағанда, алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі.
Қазақстан Республикасының
Президенті
Қ. ТОҚАЕВ
Астана, Ақорда, 2023 жылғы 20 наурыз
№ 214-VІІ ҚРЗ