13) осы Кодекстің 248-бабы 3-тармағының 2) тармақшасында көрсетілген адамдардың еңбек қызметінің кезеңдері есепке жатқызылады. 2005 жылғы 1 қаңтардан бастап көрсетілген кезеңдер Қорға әлеуметтік аударымдар жүзеге асырылған жағдайда есепке жатқызылады.
Мемлекеттік базалық зейнетақы төлемі жасына байланысты және (немесе) бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорынан және (немесе) ерікті жинақтаушы зейнетақы қорынан зейнетақы төлемдерін, сондай-ақ мүгедектігі бойынша мемлекеттік әлеуметтік жәрдемақыны алуына қарамастан беріледі.
3. Мемлекеттік базалық зейнетақы төлемі бюджет қаражаты есебінен беріледі.
3-параграф. Жасына байланысты зейнетақы төлемдері
207-бап. Жасына байланысты зейнетақы төлемдерін тағайындау
1. Жасына байланысты зейнетақы төлемдерін тағайындау:
2001 жылғы 1 шілдеден бастап - ерлерге 63 жасқа толғанда, әйелдерге 58 жасқа толғанда жүргізіледі.
Бұл ретте әйелдерге жасына байланысты зейнетақы төлемдерін тағайындау:
2018 жылғы 1 қаңтардан бастап - 58,5 жасқа толғанда;
2019 жылғы 1 қаңтардан бастап - 59 жасқа толғанда;
2020 жылғы 1 қаңтардан бастап - 59,5 жасқа толғанда;
2021 жылғы 1 қаңтардан бастап - 60 жасқа толғанда;
2022 жылғы 1 қаңтардан бастап - 60,5 жасқа толғанда;
2023 жылғы 1 қаңтардан бастап - 61 жасқа толғанда;
2028 жылғы 1 қаңтардан бастап - 61,5 жасқа толғанда;
2029 жылғы 1 қаңтардан бастап - 62 жасқа толғанда;
2030 жылғы 1 қаңтардан бастап - 62,5 жасқа толғанда;
2031 жылғы 1 қаңтардан бастап 63 жасқа толғанда жүргізіледі.
2. Төтенше және ең жоғары радиациялық қатері бар аймақтарда 1949 жылғы 29 тамыз - 1963 жылғы 5 шілде аралығындағы кезеңде кемінде 5 жыл тұрған азаматтардың «Семей ядролық сынақ полигонындағы ядролық сынақтардың салдарынан зардап шеккен азаматтарды әлеуметтік қорғау туралы» Қазақстан Республикасының Заңына сәйкес:
1) ерлердің - 50 жасқа толғанда;
2) әйелдердің - 45 жасқа толғанда жасына байланысты зейнетақы төлемдері тағайындалуына құқығы бар.
3. 5 және одан көп бала туған (асырап алған) және оларды сегіз жасқа дейін тәрбиелеген әйелдердің 53 жасқа толғанда жасына байланысты зейнетақы төлемдерін алуға құқығы бар.
4. Қазақстан Республикасының Конституциясында белгіленген лауазымда болу мерзімінің өтуіне байланысты өкілеттіктері тоқтатылған, өмір бойғы ай сайынғы қамтылымды алатын Қазақстан Республикасы Конституциялық Сотының судьяларына, өмір бойғы ай сайынғы қамтылымды алатын отставкадағы судьяларға жасына байланысты зейнетақы төлемдері немесе еңбек сіңірген жылдары үшін зейнетақы төлемдері тағайындалмайды.
208-бап. Жасына байланысты зейнетақы төлемдерін тағайындау үшін еңбек өтілін есептеу
1. Жасына байланысты зейнетақы төлемдерін тағайындау үшін еңбек өтілін есептеу кезінде мыналар:
1) еңбек шарттары бойынша жеке және заңды тұлғалар ақы төлейтін жұмыс;
2) әскери қызмет;
3) арнаулы мемлекеттік және құқық қорғау органдарындағы, мемлекеттік фельдъегерлік қызметтегі қызмет;
4) мемлекеттік қызмет;
5) кәсіпкерлік және кірістер әкелетін өзге де қызмет;
6) басқа адамның көмегіне мұқтаж бірінші топтағы мүгедектігі бар адамға, екінші топтағы мүгедектігі бар жалғызбасты адамға және жасына байланысты зейнеткерге, сондай-ақ сексен жасқа толған қарт адамдарға күтім жасаған уақыт;
7) мүгедектігі бар 18 жасқа дейінгі балаға күтім жасаған уақыт;
8) жұмыс істемейтін ананың жас балаларға күтім жасаған, бірақ әрбір бала 3 жасқа толғанға дейін, жалпы жиынтығы 12 жыл шегіндегі уақыт;
9) қылмыстық жауаптылыққа негізсіз тартылған және қуғын-сүргінге ұшыраған, бірақ кейіннен ақталған азаматтардың қамауда болған, бас бостандығынан айыру орындарында жазасын өтеген және айдауда болған уақыты;
10) еңбекке қабілетті азаматтардың бұрынғы КСРО-ның уақытша басып алынған аумағында және Ұлы Отан соғысы кезеңінде басқа мемлекеттердің аумағына зорлықпен әкетілген адамдардың (жасына қарамастан), егер аталған кезеңдерде бұл адамдар Отанға қарсы қылмыс жасамаған болса, сонда болған, фашистік концлагерьлерде (геттоларда және соғыс кезеңінде мәжбүрлеп ұстайтын басқа да орындарда) ұсталған уақыт;
11) Ұлы Отан соғысы кезеңінде жаралануы, контузия алуы, мертігуі немесе ауруға шалдығуы салдарынан болған мүгедектігі бар жұмыс істемейтін адамдардың және оларға теңестірілген мүгедектігі бар адамдардың мүгедектікте болған уақыты;
12) бұрынғы кеңестік мекемелердің, Қазақстан Республикасының мекемелері мен халықаралық ұйымдар қызметкерлерінің зайыбы (жұбайы) шетелде тұрған, бірақ жалпы жиынтығы 10 жылдан аспайтын кезең;
13) әскери қызметшілер (мерзімді қызметтегі әскери қызметшілерден басқа), арнаулы мемлекеттік органдар қызметкерлері жұбайларының мамандығы бойынша жұмысқа орналасу мүмкіндігі болмаған жерлерде жұбайларымен бірге тұрған, бірақ жалпы жиынтығы 10 жылдан аспайтын кезең;
14) Қазақстан Республикасының аумағындағы және одан тыс жердегі жоғары оқу орындарындағы, оның ішінде даярлық курстарындағы, арнаулы орта оқу орындарындағы, училищелердегі, мектептердегі және кадрлар даярлау, біліктілікті арттыру және қайта мамандандыру курстарындағы, аспирантурадағы, докторантурадағы және клиникалық ординатурадағы, сондай-ақ рухани (діни) білім беру ұйымдарындағы оқу;
15) ведомстволық бағыныстылығына және арнаулы немесе әскери атағының болуына қарамастан, әскерилендірілген күзеттегі, арнаулы байланыс органдарындағы және тау-кендік құтқару бөлімдеріндегі қызмет;
16) Қазақстан Республикасына тарихи отанында тұрақты тұру мақсатында келген этностық қазақтардың шығу еліндегі еңбек қызметі есепке алынады.
2. Жасына байланысты зейнетақы төлемдерін тағайындау үшін еңбек өтілін жеңілдікпен есептеу кезінде мыналар да:
1) ұрыс қимылдары кезеңінде әрекет еткен армия құрамындағы, оның ішінде әскери борышын өтеу кезіндегі әскери қызмет, сондай-ақ ұрыс қимылдары кезеңінде партизан отрядтары мен құрамаларында болуы, сондай-ақ әскери жарақат салдарынан емдеу мекемелерінде емделуде болған уақыт - әскери қызметшілерге еңбек сіңірген жылдары үшін зейнетақы төлемдерін тағайындаған кезде осы қызметтің мерзімдерін есептеу үшін белгіленген тәртіппен;
2) әскери бөлімдердегі жұмыс, оның ішінде еркін жалдамалы құрам ретіндегі жұмыс және осы тармақтың 1) тармақшасында көзделген әскери қызметтен басқа, Ұлы Отан соғысы жылдарындағы қызмет - екі есе мөлшерде;
3) Ұлы Отан соғысы жылдарында 1941 жылғы 8 қыркүйектен бастап 1944 жылғы 27 қаңтар аралығында Ленинград қаласының қоршауы кезеңінде ондағы жұмыс - үш есе мөлшерде;
4) 12 жастан бастап және одан үлкен жастағы азаматтардың 1941 жылғы 8 қыркүйектен бастап 1944 жылғы 27 қаңтар аралығында Ленинград қаласының қоршауы кезеңінде онда болған уақыт - екі есе мөлшерде;
5) Ұлы Отан соғысы кезеңінде басқа мемлекеттердің аумақтарына зорлықпен әкетілген адамдардың, егер аталған кезеңдерде бұл адамдар Отанға қарсы қылмыс жасамаған болса, сонда болған уақыты, сондай-ақ фашистік концлагерьлерде (геттоларда және соғыс кезеңінде мәжбүрлеп ұстай тын басқа да орындарда) болған уақыт - екі есе мөлшерде;
6) қылмыстық жауаптылыққа заңсыз тартылған және қуғын-сүргінге ұшыраған, кейіннен ақталған азаматтардың, күзетпен қамауда ұсталған, бас бостандығынан айыру орындарында жазасын өтеген, айдауда болған, бас бостандығын шектеумен мәжбүрлеп еңбекке тартылған, колония-қоныста және психикалық денсаулық саласында медициналық көмек көрсететін ұйымда мәжбүрлеп емдеуде болған уақыт - үш есе мөлшерде;
7) Семей ядролық сынақ полигонына іргелес жатқан аудандарда 1949 жылғы 29 тамыздан бастап 1963 жылғы 5 шілде аралығы кезеңіндегі жұмыс және әскери қызмет - үш есе мөлшерде, ал 1963 жылғы 6 шілдеден бастап 1992 жылғы 1 қаңтар аралығындағы жұмыс және әскери қызмет - бір жарым есе мөлшерде;
8) алапеске қарсы және обаға қарсы мекемелерде, адамның иммун тапшылығы вирусын жұқтырған немесе ЖҚТБ-мен ауырған адамдарды емдеу жөніндегі инфекциялық аурулар мекемелеріндегі жұмыс - екі есе мөлшерде, сот-медициналық сараптаманы және патологиялық-анатомиялық диагностиканы жүзеге асыратын ұйымдардағы жұмыс - Қазақстан Республикасының Үкіметі бекіткен жұмыстар тізбесі бойынша - бір жарым есе мөлшерде есепке алынады;
9) толық навигациялық кезең ішінде су көлігіндегі жұмыс бір жылғы жұмыс болып есептеледі;
10) ведомстволық бағыныстылығына қарамастан, өнеркәсіптің маусымдық салалары ұйымдарындағы толық маусым ішіндегі жұмыс Қазақстан Республикасының Үкіметі бекіткен тізім бойынша бір жылғы жұмыс өтіліне есептеледі.
209-бап. Еңбек өтілін растау
1. Жасына байланысты зейнетақы төлемдерін есептеу үшін еңбек өтілі 1998 жылғы 1 қаңтарға дейінгі кезең үшін есепке алынады.
2. Еңбек өтілі еңбек кітапшасымен расталады, ал еңбек кітапшасы немесе онда тиісті жазбалар болмаған кезде жұмысы туралы мәліметтерді растайтын құжаттар не соттың шешімі негізінде белгіленеді.
210-бап. Жасына байланысты зейнетақы төлемдерінің мөлшерін есептеу
1. Жасына байланысты зейнетақы төлемдерін толық көлемде есептеу осы Кодекстің 211-бабына сәйкес айқындалатын орташа айлық кірістің 60 пайызы есебінен жүргізіледі.
2. Жасына байланысты зейнетақы төлемдерінің мөлшерін есептеу 1998 жылғы 1 қаңтардан бастап жұмыстағы үзілістерге қарамастан, қатарынан кез келген үш жыл ішіндегі орташа айлық кіріс негізге алына отырып жүзеге асырылады.
Осы баптың 3-тармағына сәйкес айқындалатын кірісті қоспағанда, орташа айлық кірістің мөлшері уәкілетті мемлекеттік орган айқындайтын тәртіппен жинақтаушы зейнетақы қорларына немесе бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорына міндетті зейнетақы жарналары, Қорға әлеуметтік аударымдар жүзеге асырылған кіріске сай белгіленеді.
3. «Байқоңыр» кешенінің ресейлік ұйымдарында жұмыс істеген адамдарға 1998 жылғы 1 қаңтардан басталған кезең үшін, Қазақстан Республикасы Үкіметінің шешімі бойынша міндетті зейнетақы жарналарының, міндетті кәсіптік зейнетақы жарналарының мөлшерлемелеріне 0 түзету коэффициенті қолданылған қызмет түрлері бойынша еңбек, кәсіпкерлік қызмет, жеке практикамен айналысқан кезеңдері үшін, сондай-ақ «Салық және бюджетке төленетін басқа да міндетті төлемдер туралы» Қазақстан Республикасы Кодексінің (Салық кодексі) 341-бабы 1-тармағының 51) тармақшасына сәйкес 2020 жылғы 1 сәуірден бастап 2020 жылғы 1 қазан аралығында кірістері жеке тұлғаның салық салуға жататын кірістерінен алып тасталған қызметті жүзеге асыру кезеңі үшін орташа айлық кірістің мөлшері кірістер туралы анықтамамен расталатын кіріске сәйкес белгіленеді.
Жасына байланысты зейнетақы төлемдерін есептеу жасына байланысты зейнетақы төлемдерін тағайындау үшін жүгінген күнге Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкі белгілеген Қазақстан Республикасы ұлттық валютасының шетел валюталарына қатысты ресми бағамы бойынша Ресей Федерациясының валютасымен төленген кіріс мөлшері негізге алына отырып жүргізіледі.
4. Жасына байланысты зейнетақы төлемдері толық көлемде осы Кодекстің 207-бабының 1 - 3-тармақтарында белгіленген жасқа толғанда азаматтардың мынадай санаттарына:
1) ерлерге - 1998 жылғы 1 қаңтарда кемінде жиырма бес жыл еңбек өтілі болған кезде;
2) әйелдерге - 1998 жылғы 1 қаңтарда кемінде жиырма жыл еңбек өтілі болған кезде тағайындалады.
5. Талап етілетін еңбек өтілінен артық 1998 жылғы 1 қаңтарға дейін жұмыс істеген әрбір толық жыл үшін жасына байланысты зейнетақы төлемдерінің мөлшері 1 пайызға ұлғайтылады, бірақ бұл жасына байланысты зейнетақы төлемдерін есептеу үшін есепке алынатын кірістің 75 пайызынан аспайды.
Егер жасына байланысты зейнетақы төлемдерінің толық көлемде есептелген мөлшері республикалық бюджет туралы заңда тиісті қаржы жылына белгіленетін ең төмен зейнетақы мөлшерінен аз болса, жасына байланысты зейнетақы төлемдері ең төмен зейнетақы мөлшерінде тағайындалады.
6. Жасына байланысты зейнетақы төлемдері толық емес көлемде осы Кодекстің 207-бабының 1 - 3-тармақтарында көрсетілген азаматтардың санаттарына олардың жасына байланысты зейнетақы төлемін толық көлемде алу құқығы болмаған кезде, 1998 жылғы 1 қаңтардағы жағдай бойынша кемінде алты ай еңбек өтілінің болуына қарай тағайындалады.
7. Жасына байланысты толық емес көлемдегі зейнетақы төлемдері жасына байланысты толық көлемдегі зейнетақы төлемінің үлесі ретінде 1998 жылғы 1 қаңтардағы еңбек өтіліне барабар түрде есептеледі.
8. Жасына байланысты зейнетақы төлемдері бюджет қаражаты есебінен жүзеге асырылады.
211-бап. Жасына байланысты зейнетақы төлемдерін есептеу үшін кірісті айқындау
1. 3 жылғы жұмысқа зейнетақы төлемдерін есептеу үшін кіріс қатарынан күнтізбелік 36 айдағы жұмыс кірісінің жалпы сомасын отыз алтыға бөлу арқылы айқындалады.
Өтініш берушінің қалауы бойынша Қазақстан Республикасында төтенше жағдай, шектеу іс-шаралары қолданылған айлар орташа айлық кірістің мөлшерін айқындаған кезде алып тасталады және көрсетілген кезеңнің тура алдындағы немесе одан кейінгі басқа айлармен ауыстырылады.
2. Жасына байланысты зейнетақы төлемдерін есептеу үшін кіріс республикалық бюджет туралы заңда тиісті қаржы жылына белгіленген айлық есептік көрсеткіштің 55 еселенген мөлшерінен аспауға тиіс.
4-параграф. Еңбек сіңірген жылдары үшін зейнетақы төлемдері
212-бап. Еңбек сіңірген жылдары үшін зейнетақы төлемдерін алу құқығы
1. Мыналардың:
1) әскери қызметте, арнаулы мемлекеттік және құқық қорғау органдарындағы қызметте, мемлекеттік фельдъегерлік қызметте кемінде жиырма бес жыл еңбек сіңірген және қызметтен босатылған кезде қызметте болудың Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген шекті жасына толған;
2) әскери қызметте, арнаулы мемлекеттік және құқық қорғау органдарындағы қызметте, мемлекеттік фельдъегерлік қызметте кемінде жиырма бес жыл еңбек сіңірген, штаттың қысқартылуына немесе өз еркі бойынша немесе денсаулық жағдайына байланысты не құқық қорғау органы таратылған кезде шығарылған;
3) жиырма бес және одан көп жыл жалпы еңбек өтілі бар, оның кемінде он екі жыл және алты айын үзіліссіз әскери қызмет, арнаулы мемлекеттік органдардағы және құқық қорғау органдарындағы, мемлекеттік фельдъегерлік қызметтегі қызмет құрайтын және әскери қызметте, арнаулы мемлекеттік және құқық қорғау органдарында қызметте, мемлекеттік фельдъегерлік қызметте болудың Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген шекті жасына толуына не штаттың қысқартылуына немесе денсаулық жағдайына байланысты не құқық қорғау органы таратылған кезде шығарылған әскери қызметшілердің (мерзімді қызметтегі әскери қызметшілерден басқа), арнаулы мемлекеттік органдар және құқық қорғау органдары, мемлекеттік фельдъегерлік қызмет қызметкерлерінің еңбек сіңірген жылдары үшін зейнетақы төлемдерін алуға құқығы бар.
2. Мыналар:
1) әскери қызметте, арнаулы мемлекеттік және құқық қорғау органдарындағы қызметте, мемлекеттік фельдъегерлік қызметте кемінде жиырма бес жыл еңбек сіңірген және арнаулы атақтарға, сыныптық шендерге ие болу, сондай-ақ нысанды киім киіп жүру құқықтары жойылған кезде тіркелген арнаулы атақ, сыныптық шен бойынша құқық қорғау қызметінде болудың шекті жасына сәйкес келетін жасқа толған;
2) әскери қызметте, арнаулы мемлекеттік және құқық қорғау органдарында қызметте, мемлекеттік фельдъегерлік қызметте кемінде жиырма бес жыл еңбек сіңірген, штаттың қысқартылуына байланысты не құқық қорғау органы таратылған кезде, не өз еркі бойынша, не жұмысын жалғастыруға кедергі келтіретін денсаулық жағдайы салдарынан атқаратын лауазымына немесе орындайтын жұмысына сәйкес келмеуіне байланысты шығарылған;
3) жиырма бес және одан көп жыл жалпы еңбек өтілі бар, оның кемінде он екі жыл және алты айын үзіліссіз әскери қызмет, арнаулы мемлекеттік және құқық қорғау органдарындағы қызмет, мемлекеттік фельдъегерлік қызмет құрайтын және штаттың қысқартылуына байланысты не құқық қорғау органы таратылған кезде, не жұмысын жалғастыруға кедергі келтіретін денсаулық жағдайы салдарынан атқаратын лауазымына немесе орындайтын жұмысына сәйкес келмеуіне байланысты шығарылған не арнаулы атақтарға және сыныптық шендерге ие болу, сондай-ақ нысанды киім киіп жүру құқықтары жойылған кезде тіркелген арнаулы атағы, сыныптық шені бойынша құқық қорғау қызметінде болудың шекті жасына сәйкес келетін жасқа толған, арнаулы атақтарға, сыныптық шендерге ие болу және нысанды киім киіп жүру құқықтары 2012 жылғы 1 қаңтардан бастап жойылған адамдардың еңбек сіңірген жылдары үшін зейнетақы төлемдерін алуға құқығы бар.
3. Қазақстан Республикасының ішкі істер органдарындағы медициналық лауазымдары 2022 жылғы 1 шілдеден және 2023 жылғы 1 қаңтардан бастап қысқартылған адамдарға, олар қылмыстық-атқару (пенитенциарлық) жүйесінің тергеу изоляторлары мен мекемелерінде орналасқан медициналық ұйымдарда жұмысын жалғастырған жағдайда, штаттың қысқартылуына байланысты не денсаулық жағдайы салдарынан, не Қазақстан Республикасының ішкі істер органдарындағы лауазымы қысқартылған кезде арнаулы атағы бойынша құқық қорғау қызметінде болудың шекті жасына сәйкес келетін жасқа толуына байланысты жұмыстан шығарылған адамдарға еңбек сіңірген жылдары үшін зейнетақы төлемдерін алу құқығы жалпы еңбек өтілі жиырма бес және одан көп жыл болған, оның кемінде он екі жыл және алты айын үзіліссіз әскери қызмет, арнаулы мемлекеттік және құқық қорғау органдарындағы қызмет, мемлекеттік фельдъегерлік қызмет құраған кезде туындайды. Қазақстан Республикасының ішкі істер органдарындағы медициналық лауазымдары 2022 жылғы 1 шілдеден және 2023 жылғы 1 қаңтардан бастап қысқартылған, лауазымы қысқартылған кезде еңбек сіңірген жылдары үзіліссіз әскери қызметте, арнаулы мемлекеттік және құқық қорғау органдарындағы қызметте, мемлекеттік фельдъегерлік қызметте кемінде он екі жыл және алты ай болған адамдарға, олар қылмыстық-атқару (пенитенциарлық) жүйесінің тергеу изоляторлары мен мекемелерінде орналасқан медициналық ұйымдарда жұмысын жалғастырған жағдайда еңбек сіңірген жылдары үшін зейнетақы төлемдеріне жеңілдіктерді сақтау қағидаларын Қазақстан Республикасының Үкіметі айқындайды.
4. Қызметтен босатылған күнге 2016 жылғы 1 қаңтарға дейін қолданыста болған заңнама нормаларына сәйкес еңбек сіңірген жылдары үшін зейнетақы төлемдерін тағайындау шарттары болған әскери қызметшілердің, арнаулы мемлекеттік және құқық қорғау органдары, мемлекеттік фельдъегерлік қызмет қызметкерлерінің, сондай-ақ арнаулы атақтарға, сыныптық шендерге ие болу және нысанды киім киіп жүру құқықтары 2012 жылғы 1 қаңтардан бастап жойылған, қызметке 1998 жылғы 1 қаңтардан кейін алғаш рет кірген және 2016 жылғы 1 қаңтарға дейін қызметтен босатылған адамдардың қызметтен босатылған кездегі еңбек сіңірген жылдары және ақшалай қамтылымы ескеріле отырып, еңбек сіңірген жылдары үшін зейнетақы төлемдерінің тағайындалуына құқығы бар.
5. Қызметтен шығарылған күні еңбек сіңірген жылдары үшін зейнетақы төлемдерінің тағайындалуына құқығы болмаған әскери қызметшілерге, арнаулы мемлекеттік және құқық қорғау органдарының, мемлекеттік фельдъегерлік қызметтің қызметкерлеріне, сондай-ақ арнаулы атақтарға, сыныптық шендерге ие болу және нысанды киім киіп жүру құқықтары 2012 жылғы 1 қаңтардан бастап жойылған адамдарға және Қазақстан Республикасының ішкі істер органдарындағы медициналық лауазымдары 2022 жылғы 1 шілдеден және 2023 жылғы 1 қаңтардан бастап қысқартылған, лауазымы қысқартылған кезде еңбек сіңірген жылдары үзіліссіз әскери қызметте, арнаулы мемлекеттік және құқық қорғау органдарындағы қызметте, мемлекеттік фельдъегерлік қызметте кемінде он екі жыл және алты ай болмаған адамдар қылмыстық-атқару (пенитенциарлық) жүйесінің тергеу изоляторлары мен мекемелерінде орналасқан медициналық ұйымдарда жұмысын жалғастырған жағдайда осындай адамдарға жасына байланысты зейнетақы төлемдері осы Кодекске сәйкес тағайындалады.
6. Әскери қызметшілер, арнаулы мемлекеттік және құқық қорғау органдарының, мемлекеттік фельдъегерлік қызметтің, бұрынғы Мемлекеттік тергеу комитетінің қызметкерлері, сондай-ақ арнаулы атақтарға, сыныптық шендерге ие болу және нысанды киім киіп жүру құқықтары 2012 жылғы 1 қаңтардан бастап жойылған адамдар және Қазақстан Республикасының ішкі істер органдарындағы медициналық лауазымдары 2022 жылғы 1 шілдеден және 2023 жылғы 1 қаңтардан бастап қысқартылған, лауазымы қысқартылған кезде еңбек сіңірген жылдары үзіліссіз әскери қызметте, арнаулы мемлекеттік және құқық қорғау органдарындағы қызметте, мемлекеттік фельдъегерлік қызметте кемінде он екі жыл және алты ай болған адамдар қылмыстық-атқару (пенитенциарлық) жүйесінің тергеу изоляторлары мен мекемелерінде орналасқан медициналық ұйымдарда жұмысын жалғастырған жағдайда осындай адамдар қатарынан еңбек сіңірген жылдары үшін зейнетақы төлемдерін алушыларды әскери (арнаулы) атақ, сыныптық шен бере отырып, мемлекеттік қызметке қабылдау, оларға біліктілік сыныбын белгілеу кезінде еңбек сіңірген жылдары үшін зейнетақы төлемдері қызметке қабылданған күннен бастап қызмет өткеру кезеңіне тоқтатыла тұрады.
7. Осы баптың 6-тармағында аталған және қайтадан 3 жыл қызмет еткен адамдар қызметтен қайта босатылған кезде қызметтен қайта босатылған кездегі еңбек сіңірген жылдары және ақшалай қамтылымы ескеріле отырып, осы баптың 1-тармағына сәйкес еңбек сіңірген жылдары үшін зейнетақы төлемінің тағайындалуын не еңбек сіңірген жылдары үшін зейнетақы төлемдері тоқтатыла тұрған кезең ішінде Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген тәртіппен жүргізілген арттыруларды ескере отырып, еңбек сіңірген жылдары үшін бұрын тағайындалған зейнетақы төлемдерін қайта бастатуды таңдауға құқығы бар.
Осы тармақ осы баптың 6-тармағында көрсетілген, «Құқық қорғау қызметі туралы» Қазақстан Республикасы Заңының қабылдануына байланысты 2012 жылғы 1 қаңтардан бастап 2015 жылғы 31 желтоқсан аралығындағы кезеңде прокуратура органдарынан қызметтен қайтадан босатылған адамдарға қолданылады.
8. Тәуелсіз Мемлекеттер Достастығына қатысушы мемлекеттердің әскери қызметшілері, ішкі істер органдарының қызметкерлері қатарынан жиырма бес жылдан аз еңбек сіңірген, қызметтен босатылған күнге қызметте болудың шекті жасына толған не штаттың қысқартылуына, денсаулық жағдайына байланысты қызметтен босатылған, Тәуелсіз Мемлекеттер Достастығына қатысушы мемлекеттерден Қазақстан Республикасына тұрақты тұруға келген, осы мемлекеттердің заңнамасына сәйкес еңбек сіңірген жылдары үшін зейнетақы төлемдері тағайындалған адамдардың еңбек сіңірген жылдары үшін зейнетақы төлемдерін алуға құқығы бар.
9. Пайдасына 2016 жылғы 1 қаңтарға дейін бюджет қаражаты есебінен міндетті зейнетақы жарналары аударылған адамдар үшін осы баптың 1 - 4-тармақтарына сәйкес еңбек сіңірген жылдары үшін зейнетақы төлемдерін алу құқығы әскери қызметшілердің (мерзімді қызметтегі әскери қызметшілерден басқа), арнаулы мемлекеттік және құқық қорғау органдары, мемлекеттік фельдъегерлік қызмет қызметкерлерінің, сондай-ақ арнаулы атақтарға, сыныптық шендерге ие болу және нысанды киім киіп жүру құқықтары 2012 жылғы 1 қаңтардан бастап жойылған адамдардың және Қазақстан Республикасының ішкі істер органдарындағы медициналық лауазымдары 2022 жылғы 1 шілдеден және 2023 жылғы 1 қаңтардан бастап қысқартылған, лауазымы қысқартылған кезде еңбек сіңірген жылдары үзіліссіз әскери қызметте, арнаулы мемлекеттік және құқық қорғау органдарындағы қызметте, мемлекеттік фельдъегерлік қызметте кемінде он екі жыл және алты ай болған адамдар қылмыстық-атқару (пенитенциарлық) жүйесінің тергеу изоляторлары мен мекемелерінде орналасқан медициналық ұйымдарда жұмысын жалғастырған жағдайда, осындай адамдардың пайдасына 2016 жылғы 1 қаңтарға дейін бюджет қаражаты есебінен аударылған міндетті зейнетақы жарналары сомасының 50 пайызы қайтарылған жағдайда туындайды.