3) кәмелетке толмаған немесе әрекетке қабілетсіз адамға арнаулы әлеуметтік қызметтер көрсету кезінде оның заңды өкіліне хабарлау үшін;
4) прокуратура органдары «Прокуратура туралы» Қазақстан Республикасының Конституциялық заңында белгіленген тәртіппен заңдылықтың сақталуына тексеру жүргізген кезде жол беріледі.
4. Мыналар:
1) электрондық ақпараттық ресурстарда Қазақстан Республикасының мемлекеттік құпиялар туралы заңнамасына сәйкес берілетін барлау, қарсы барлау қызметіне және күзетілетін адамдар мен объектілердің қауіпсіздігін қамтамасыз ету жөніндегі күзет іс-шараларына байланысты ақпарат қамтылған жағдайларды қоспағанда, мұндай электрондық ақпараттық ресурстың резервтік көшірмесін ақпараттық қауіпсіздікті қамтамасыз ету саласындағы уәкілетті орган айқындайтын тәртіпке және мерзімдерге сәйкес электрондық ақпараттық ресурстарды резервтік сақтаудың бірыңғай платформасына сақтауға беру;
2) арнаулы әлеуметтік қызметтер көрсету және құқық қорғау органдарының және арнаулы мемлекеттік органдардың қызметін жүзеге асыру мақсатында ақпараттық-коммуникациялық технологияларды пайдалана отырып ақпарат алмасу әлеуметтік жұмыскердің кәсіптік құпиясын жария ету болып табылмайды.
67-бап. Әлеуметтік жұмыскердің кәсіптік мінез-құлық әдебі
1. Әлеуметтік жұмыскердің кәсіптік мінез-құлық әдебі заңдылық, адалдық, жауапкершілік, жеке адамның ар-намысы мен қадір-қасиетін құрметтеу қағидаттарына негізделеді.
2. Әлеуметтік жұмыскердің кәсіптік мінез-құлық әдебін бұзу Қазақстан Республикасының Еңбек кодексіне сәйкес әлеуметтік жұмыскердің тәртіптік жауаптылығына алып келеді.
3. Әлеуметтік жұмыскердің кәсіптік мінез-құлық әдебін бұзуды Әлеуметтік жұмыскерлердің кәсіптік мінез-құлық әдебі жөніндегі кеңес арнаулы әлеуметтік көрсетілетін қызметтерді ұсынатын ұйым айқындайтын тәртіппен қарайды.
68-бап. Әлеуметтік жұмыскердің кәсіптік қызметін орындауға байланысты шектеулер
Мынадай:
1) соттың заңды күшіне енген үкіміне сәйкес әлеуметтік жұмыскердің кәсіптік қызметін жүзеге асыру құқығынан айырылған адамдар;
2) сот шешімімен әрекетке қабілетсіз немесе әрекет қабілеті шектеулі деп танылған адамдар;
3) медициналық қарсы көрсетілімдері бар, сондай-ақ психикалық, мінез-құлықтық бұзылушылықтары (аурулары) бар, оның ішінде психикаға белсенді әсер ететін заттарды қолдануға байланысты бұзылушылықтары бар, психикалық денсаулық саласында медициналық көмек көрсететін ұйымдарда есепте тұрған адамдар;
4) Қазақстан Республикасының Еңбек кодексінде көзделген өзге де шектеулер негізінде әлеуметтік жұмыскерлердің кәсіптік қызметіне жіберілмейді.
69-бап. Әлеуметтік жұмыскерлердің кәсіптік қызметін қамтамасыз ету
Әлеуметтік жұмыскерлер кәсіптік қызметті жүзеге асырған кезде:
1) Қазақстан Республикасының заңдарында көзделген жағдайларды қоспағанда, оларды кәсіптік міндеттеріне байланысты емес жұмыс түрлеріне тартуға;
2) олардан Қазақстан Республикасының әлеуметтік қорғау саласындағы заңнамасында көзделмеген есептілікті не ақпаратты талап етуге;
3) Қазақстан Республикасының заңдарында көзделмеген тексерулерді жүргізуге жол берілмейді.
70-бап. Әлеуметтік жұмыскерлерге берілетін әлеуметтік кепілдіктер
1. Әлеуметтік жұмыскерлерге:
1) Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес тұрғынжайға, оның ішінде қызметтік тұрғынжайға және (немесе) жатақханаға;
2) Қазақстан Республикасының заңнамасында көзделген тәртіппен жеке тұрғын үй құрылысына арналған жер учаскелеріне кепілдік беріледі. Кәсіптік қызметін ауылдық елді мекендерде жүзеге асыратын әлеуметтік жұмыскерлерге жеке тұрғын үй құрылысы үшін жер учаскелерін беру Қазақстан Республикасының заңнамасында көзделген басым тәртіппен жүзеге асырылады;
3) Қазақстан Республикасының Еңбек кодексіне сәйкес жыл сайынғы ақы төленетін еңбек демалысына;
4) кезекті еңбек демалысын беру кезінде күнтізбелік жылда бір рет кемінде бір лауазымдық айлықақы мөлшерінде сауықтыруға арналған жәрдемақыға;
5) Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес еңбек (қызметтік) міндеттерін орындау кезінде өмірі мен денсаулығына келтірілген зиянды өтеуге;
6) үйде арнаулы әлеуметтік қызметтер көрсететін әлеуметтік жұмыскерлер үшін жол жүруге байланысты көлік шығыстарын жұмыс берушінің өтеуіне кепілдік беріледі.
2. Кәсіптік қызметін ауылдық елді мекенде жүзеге асыратын әлеуметтік жұмыскерге:
1) жергілікті өкілді органдардың шешімі бойынша қалалық жағдайларда кәсіптік қызметін жүзеге асыратын әлеуметтік жұмыскерлердің мөлшерлемелерімен салыстырғанда кемінде жиырма бес пайызға жоғарылатылған айлықақылар мен тарифтік мөлшерлемелер белгіленеді;
2) коммуналдық көрсетілетін қызметтерге ақы төлеу және отын сатып алу бойынша бюджет қаражаты есебінен, жергілікті өкілді органдар бекіткен тәртіппен және мөлшерде әлеуметтік көмек көрсетіледі.
3. Ауылдық елді мекендерге кәсіптік қызметін жүзеге асыру және тұру үшін келген әлеуметтік жұмыскерге жергілікті өкілді органдардың шешімі бойынша көтерме жәрдемақы беріледі және тұрғын үйді сатып алу немесе салу үшін әлеуметтік көмек көрсетіледі.
4. Жергілікті атқарушы органдар әлеуметтік жұмыскерге тұрғынжайды жалдау (жалға алу) және коммуналдық көрсетілетін қызметтер үшін өтемақы төлемдерін, санаторийлік-курорттық емделуге және демалуға жолдамалар сатып алу үшін толық немесе ішінара төлемдерді, сондай-ақ әлеуметтік жұмыскерге әлеуметтік көмек көрсетуге бағытталған өзге де жеңілдіктерді белгілеуге құқылы.
5. Әлеуметтік жұмыскерге адал еңбегі және өзінің кәсіптік міндеттерін үлгілі атқарғаны үшін Қазақстан Республикасының заңнамасында, сондай-ақ арнаулы әлеуметтік көрсетілетін қызметтерді ұсынатын ұйымның ішкі тәртіптеме қағидаларында көзделген көтермелеулер қолданылады.
6. Жергілікті атқарушы органдар біржолғы сыйақы төлей отырып немесе онсыз, жергілікті ерекшелік белгілері мен құрметті атақтарды және өзге де ынталандыру нысандарын тағайындау арқылы, оның ішінде Қазақстан Республикасында белгіленген мереке күндеріне орай әлеуметтік жұмыскерлерді көтермелеудің қосымша шараларын белгілеуге құқылы.
Жергілікті ерекшелік белгілерінің және құрметті атақтардың сипаттамасын, оларды беру тәртібін, оның ішінде біржолғы сыйақы төлемдерінің мөлшерін жергілікті атқарушы орган айқындайды.
ЕРЕКШЕ БӨЛІК
3-БӨЛІМ. ХАЛЫҚТЫ ӘЛЕУМЕТТІК ҚОРҒАУ БАҒЫТТАРЫ ЖӘНЕ ОЛАРДЫ ІСКЕ АСЫРУ ТӘРТІБІ
9-тарау. БАЛАЛЫ АДАМДАРДЫ (ОТБАСЫЛАРДЫ) ӘЛЕУМЕТТІК ҚОРҒАУ
1-параграф. Жалпы ережелер
71-бап. Балалы адамдардың (отбасылардың) әлеуметтік қорғалу құқығы
1. Балалы адамдардың (отбасылардың):
1) жүктілікке және босануға, жаңа туған баланы (балаларды) асырап алуға байланысты кірісінен айырылуы жағдайы бойынша әлеуметтік төлемдер;
2) бала тууына байланысты біржолғы мемлекеттік жәрдемақы (бұдан әрі - бала туғанда берілетін жәрдемақы);
3) бала бір жарым жасқа толғанға дейін оның күтіміне байланысты ай сайынғы мемлекеттік жәрдемақы (бұдан әрі - бала күтіміне байланысты жәрдемақы);
4) бала бір жарым жасқа толғанға дейін оның күтіміне байланысты кірісінен айырылу жағдайы бойынша әлеуметтік төлем (бұдан әрі - бала күтіміне байланысты әлеуметтік төлем);
5) бала бір жарым жасқа толғанға дейін оның күтіміне байланысты кірісінен айырылу жағдайы бойынша әлеуметтік төлемді алушылардың пайдасына қосымша белгіленген міндетті зейнетақы жарналарын бюджет қаражаты есебінен субсидиялау (бұдан әрі - бюджеттік субсидиялар);
6) бірге тұратын төрт және одан көп кәмелетке толмаған баласы, оның ішінде он сегіз жасқа толғаннан кейін білім беру ұйымдарын бітіретін уақытқа дейін (бірақ жиырма үш жасқа толғанға дейін) жалпы орта, техникалық және кәсіптік, орта білімнен кейінгі, жоғары және (немесе) жоғары оқу орнынан кейінгі білім беру ұйымдарында жалпы білім беретін немесе кәсіптік бағдарламалар бойынша күндізгі оқу нысаны бойынша білім алатын балалары бар көпбалалы отбасыларға берілетін ай сайынғы мемлекеттік жәрдемақы (бұдан әрі - көпбалалы отбасыға берілетін жәрдемақы);
7) «Алтын алқа», «Күміс алқа» алқаларымен наградталған немесе бұрын «Батыр ана» атағын алған, І және ІІ дәрежелі «Ана даңқы» ордендерімен наградталған көпбалалы аналарға берілетін ай сайынғы мемлекеттік жәрдемақы (бұдан әрі - наградталған анаға берілетін жәрдемақы) түрінде әлеуметтік қорғалуға құқығы бар.
2. Осы бапта көзделген құқықтар осы Кодексте көзделген тәртіппен және шарттарда іске асырылады.
3. Жұмыс беруші, егер еңбек және (немесе) ұжымдық шарт талаптарында, жұмыс берушінің актісінде көзделсе, орташа жалақыны сақтай отырып, Қазақстан Республикасының Еңбек кодексіне сәйкес жүктілікке және босануға, жаңа туған баланы (балаларды) асырап алуға байланысты кірісінен айырылу жағдайы бойынша әлеуметтік төлемдердің сомасын шегере отырып, жүктілікке және босануға байланысты демалысқа, жаңа туған баланы (балаларды) асырап алған жұмыскерлерге берілетін демалысқа ақы төлейді.
4. Жергілікті атқарушы органдардың шешімімен балалы отбасыларға қосымша әлеуметтік көмек шаралары ұсынылуы мүмкін.
72-бап. Жүктілікке және босануға, жаңа туған баланы (балаларды) асырап алуға байланысты кірісінен айырылу жағдайы бойынша әлеуметтік төлемдерді, бала туғанда берілетін жәрдемақыны, бала күтіміне байланысты әлеуметтік төлемді, бала күтіміне байланысты жәрдемақыны, көпбалалы отбасыларға берілетін жәрдемақыны, наградталған анаға берілетін жәрдемақыны тағайындау және төлеуді жүзеге асыру тәртібі
1. Әлеуметтік төлемдер мен балалы отбасыларға берілетін жәрдемақыларға құқығы бар адамның немесе оның заңды өкілінің өтініші жүктілікке және босануға, жаңа туған баланы (балаларды) асырап алуға байланысты кірісінен айырылу жағдайы бойынша әлеуметтік төлемдерді, бала туғанда берілетін жәрдемақыны, бала күтіміне байланысты әлеуметтік төлемді, бала күтіміне байланысты жәрдемақыны, көпбалалы отбасыларға берілетін жәрдем ақыны, наградталған анаға берілетін жәрдемақыны (бұдан әрі - әлеуметтік төлемдер және балалы отбасыларға берілетін жәрдемақылар) тағайындауға негіз болып табылады.
Әлеуметтік төлемдер мен балалы отбасыларға берілетін жәрдемақылар «Мемлекеттік көрсетілетін қызметтер туралы» Қазақстан Республикасының Заңына сәйкес проактивті көрсетілетін қызмет арқылы тағайындалған кезде оларды тағайындау туралы өтініш беру талап етілмейді.
2. Уәкілетті мемлекеттік орган:
бала туғанда берілетін мемлекеттік жәрдемақыны, бала күтіміне байланысты жәрдемақыны, көпбалалы отбасыларға берілетін жәрдемақыны, наградталған анаға берілетін жәрдемақыны тағайындау және төлеуді жүзеге асыру;
жүктілікке және босануға, жаңа туған баланы (балаларды) асырап алуға байланысты кірісінен айырылу жағдайы бойынша әлеуметтік төлемдерді, бала бір жарым жасқа толғанға дейін оның күтіміне байланысты кірісінен айырылу жағдайы бойынша әлеуметтік төлемнің мөлшерін есептеу (айқындау), тағайындау, жүзеге асыру, тоқтата тұру, қайта есептеу, қайта бастау, тоқтату және оларды тағайындау (тағайындаудан бас тарту) туралы шешімді қайта қарау;
бала бір жарым жасқа толғанға дейін оның күтіміне байланысты кірісінен айырылу жағдайы бойынша әлеуметтік төлемдерді алушыларға міндетті зейнетақы жарналарын субсидиялау тәртібін айқындайды.
73-бап. Әлеуметтік төлемдер мен балалы отбасыларға берілетін жәрдемақыларды тағайындауға арналған өтінішті қабылдаудан және оны тағайындаудан бас тарту
1. Әлеуметтік төлемдер мен балалы отбасыларға берілетін жәрдемақыларды тағайындауға арналған өтінішті қабылдаудан бас тартуға мыналар негіз болып табылады:
1) уәкілетті мемлекеттік органның ақпараттық жүйесінен әлеуметтік төлемдер мен балалы отбасыларға берілетін жәрдемақыларды тағайындау, жүзеге асыру, проактивті көрсетілетін қызмет арқылы оларды тағайындауға өтініш беру немесе келісім беру фактісін растайтын мәліметтерді алу;
2) өтініш берушінің Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес құжаттардың толық емес топтамасын және (немесе) қолданылу мерзімі өткен құжаттарды және (немесе) қолданылу мерзімі әлеуметтік төлемдер мен балалы отбасыларға берілетін жәрдемақыларды тағайындау немесе тағайындаудан бас тарту туралы шешім қабылданған күні аяқталатын құжаттарды ұсыну;
3) жеке басты куәландыратын құжат бойынша мәліметтердің (мемлекеттік ақпараттық жүйелерден алынған мәліметтермен расталатын Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес оны ауыстырудан басқа) оларды тағайын дауға қажетті құжаттарға сәйкес келмеуі;
4) әлеуметтік төлемдер мен балалы отбасыларға берілетін жәрдемақылар тағайындауға құқығының болмауы;
5) өтініш берушінің әлеуметтік төлемдер мен балалы отбасыларға берілетін жәрдемақыларды тағайындау үшін талап етілетін, қолжетімділігі шектеулі дербес деректерге қол жеткізуге келісімінің болмауы.
2. Әлеуметтік төлемдер мен балалы отбасыларға берілетін жәрдемақылар тағайындаудан бас тартуға мыналар негіз болып табылады:
1) әлеуметтік төлемдер мен балалы отбасыларға берілетін жәрдемақыларды тағайындауға қажетті, оның ішінде мемлекеттік ақпараттық жүйелерден алынатын құжаттардың және (немесе) мәліметтердің анық емес екенін анықтау;
2) әлеуметтік төлемдер мен балалы отбасыларға берілетін жәрдемақыларды тағайындауға қажетті құжаттардың және (немесе) мәліметтердің Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген талаптарға сәйкес келмеуі;
3) тексеру кезінде Қор сұратып отырған, жүктілікке және босануға, жаңа туған баланы (балаларды) асырап алуға байланысты кірісінен айырылу жағдайы бойынша әлеуметтік төлемдерді, бала күтіміне байланысты әлеуметтік төлемді тағайындауға қажетті құжатты және (немесе) мәліметтерді ұсынбау.
74-бап. Әлеуметтік төлемдер мен балалы отбасыларға берілетін жәрдемақыларды алушының құқықтары мен міндеттері
1. Әлеуметтік төлемдер мен балалы отбасыларға берілетін жәрдемақыларды алушының:
1) Мемлекеттік корпорация мен Қордан әлеуметтік төлемдер мен балалы отбасыларға берілетін жәрдемақыларды тағайындау және алу тәртібі туралы ақпаратты сұратуға және тегін алуға;
2) мемлекеттік органдардың, Мемлекеттік корпорацияның және Қордың шешімдеріне, әрекеттеріне (әрекетсіздігіне) Қазақстан Республикасының заңдарында белгіленген тәртіппен шағым жасауға құқығы бар.
2. Әлеуметтік төлемдер мен балалы отбасыларға берілетін жәрдемақыларды алушы:
1) Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес әлеуметтік төлемдер мен балалы отбасыларға берілетін жәрдемақыларды тағайындау үшін толық және анық мәліметтер ұсынуға;
2) әлеуметтік төлемдер мен балалы отбасыларға берілетін жәрдемақыларды алу кезеңінде Мемлекеттік корпорацияға бала туғанда берілетін жәрдемақының, бала күтіміне байланысты жәрдемақының, көпбалалы отбасыларға берілетін жәрдемақының, наградталған анаға берілетін жәрдемақының, бала күтіміне байланысты әлеуметтік төлемнің мөлшерін өзгертуге негіз болатын мән-жайлар туралы осындай өзгерістер туындаған күннен бастап он жұмыс күні ішінде хабарлауға міндетті.
Алушы бала туғанда берілетін жәрдемақының, бала күтіміне байланысты жәрдемақының, көпбалалы отбасыларға берілетін жәрдемақының, наградталған анаға берілетін жәрдемақының, бала күтіміне байланысты әлеуметтік төлемнің мөлшеріне әсер ететін мән-жайлар туралы уақтылы хабарламаған жағдайда, олардың мөлшері көрсетілген мән-жайлар туындаған кезден бастап, бірақ олар тағайындалған кезден кейін қайта қаралады;
3) әлеуметтік төлемдер мен балалы отбасыларға берілетін жәрдемақылардың артық есепке жатқызылған (төленген) сомаларын ерікті түрде, ал бас тартқан жағдайда - соттың заңды күшіне енген шешімінің негізінде сот тәртібімен қайтаруды жүргізуге міндетті.
75-бап. Алушының өзгеруі
Қазақстан Республикасының заңнамасында көзделген құжаттар негізінде баланы (балаларды) мемлекеттің толық қамтамасыз етуіне беру жағдайларын қоспағанда, бала күтіміне байланысты әлеуметтік төлемді, бала күтіміне байланысты жәрдемақыны, көпбалалы отбасына берілетін жәрдемақыны алушы қайтыс болған (сот хабарсыз кетті деп таныған немесе қайтыс болды деп жариялаған), ата-ана құқықтарынан айырылған немесе оның ата-ана құқықтары шектелген, бас бостандығынан айыру орындарында жазасын өтеп жүрген, соттың хабарсыз кетті деп тану туралы шешімінің күші жойылған жағдайларда, төлем баланың (балалардың) заңды өкіліне не оларды алу үшін негіздер сақталған кезде қорғаншы (қамқоршы) болып тағайындалған адамға жүргізіледі.
76-бап. Әлеуметтік төлемдер мен балалы отбасыларға берілетін жәрдемақылардан ұстап қалу
1. Жүктілікке және босануға, жаңа туған баланы (балаларды) асырап алуға байланысты кірісінен айырылу жағдайы бойынша әлеуметтік төлемдерден, бала күтіміне байланысты әлеуметтік төлемнен 10 пайыз мөлшерінде міндетті зейнетақы жарналары ұсталады және осы Кодекске сәйкес бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорына жіберіледі.
2. Әлеуметтік төлемдер мен балалы отбасыларға берілетін жәрдемақылардан атқарушылық іс жүргізу тәртібімен ұстап қалу жүргізілмейді.
3. Бала күтіміне байланысты әлеуметтік төлемнің артық есепке жатқызылған (төленген) сомалары алушы оларды кейіннен алған кезде оның өтініші негізінде төленуге тиіс сомалардан ұсталады.
2-параграф. Жүктілікке және босануға, жаңа туған баланы (балаларды) асырап алуға байланысты кірісінен айырылу жағдайы бойынша әлеуметтік төлемдер
77-бап. Жүктілікке және босануға, жаңа туған баланы (балаларды) асырап алуға байланысты кірісінен айырылу жағдайы бойынша әлеуметтік төлемдерді алу құқығы
1. Жүктілікке және босануға, жаңа туған баланы (балаларды) асырап алуға байланысты кірісінен айырылу жағдайы бойынша әлеуметтік төлемдер міндетті әлеуметтік сақтандыру жүйесіне қатысушыға әлеуметтік төлемді алу құқығы туындаған күннен бастап тағайындалады.
2. Әлеуметтік төлемдерді алу құқығы:
жүктілікке және босануға байланысты кірісінен айырылу жағдайы бойынша - еңбекке уақытша жарамсыздық туралы парақта көрсетілген жүктілігі және босануы бойынша демалыс берілген күннен бастап;
жаңа туған баланы (балаларды) асырап алуға байланысты кірісінен айырылу жағдайы бойынша - еңбекке уақытша жарамсыздық туралы парақта көрсетілген, жаңа туған баланы (балаларды) асырап алған жұмыскерлерге демалыс берілген күннен бастап туындайды.
3. Жүктілікке және босануға, жаңа туған баланы (балаларды) асырап алуға байланысты кірісінен айырылу жағдайы бойынша әлеуметтік төлемдер денсаулық сақтау саласындағы уәкілетті орган айқындаған тәртіппен берілген еңбекке уақытша жарамсыздық туралы парақта көрсетілген бүкіл кезеңге тағайындалады.
Байқоңыр қаласының міндетті әлеуметтік сақтандыру жүйесіне қатысушы болып табылатын тұрғындарына жүктілікке және босануға, жаңа туған баланы (балаларды) асырап алуға байланысты кірісінен айырылу жағдайы бойынша әлеуметтік төлемдер осы тармақтың бірінші бөлігінде көзделген тәртіппен берілген немесе Ресей Федерациясының федералдық денсаулық сақтау ұйымдары мен олардың Байқоңыр қаласы аумағында орналасқан бөлімшелері берген еңбекке уақытша жарамсыздық туралы парақ негізінде Қазақстан Республикасының Еңбек кодексіне сәйкес жүктілікке және босануға, жаңа туған баланы (балаларды) асырап алуға байланысты демалыс кезеңіне тағайындалады.
4. Жүктілікке және босануға, жаңа туған баланы (балаларды) асырап алуға байланысты кірісінен айырылу жағдайы бойынша әлеуметтік төлемдерді тағайындауға, сондай-ақ қиын босанған, екі және одан көп бала туған кезде жүктілікке және босануға байланысты кірісінен айырылу жағдайы бойынша әлеуметтік төлемді қайта есептеу үшін жүгіну мерзімдері әлеуметтік төлемдерді алу құқығы туындаған күннен бастап он екі айдан аспайды.
Жүктілікке және босануға байланысты кірісінен айырылу жағдайы бойынша әлеуметтік төлемдерді қайта есептеу уәкілетті мемлекеттік орган айқындайтын тәртіппен жүзеге асырылады.
5. Жүктілікке және босануға, жаңа туған баланы (балаларды) асырап алуға байланысты кірісінен айырылу жағдайы бойынша әлеуметтік төлемдерді тағайындау үшін жүгінген күннен кейін Қорға оларды есептеуге қабылданған кезең үшін әлеуметтік аударымдар түскен жағдайда, алушыға жүктілікке және босануға, жаңа туған баланы (балаларды) асырап алуға байланысты кірісінен айырылу жағдайы бойынша тағайындалған әлеуметтік төлемдердің мөлшерін қайта есептеу жүргізілмейді.
6. Мемлекеттік корпорацияның және (немесе) Қордың кінәсінан уақтылы алынбаған не толық алынбаған жүктілікке және босануға, жаңа туған баланы (балаларды) асырап алуға байланысты кірісінен айырылу жағдайы бойынша әлеуметтік төлемдердің сомалары әлеуметтік төлемдерді алу құқығы туындаған күннен бастап өткен уақыт үшін мерзімдері шектелместен төленеді.
78-бап. Жүктілікке және босануға, жаңа туған баланы (балаларды) асырап алуға байланысты кірісінен айырылу жағдайы бойынша әлеуметтік төлемдердің мөлшері
1. Жүктілікке және босануға, жаңа туған баланы (балаларды) асырап алуға байланысты кірісінен айырылу жағдайы бойынша әлеуметтік төлемдердің мөлшері уәкілетті мемлекеттік орган айқындайтын тәртіппен әлеуметтік аударымдарды есептеу объектісі ретінде ескерілген орташа айлық кіріс мөлшерін еңбекке қабілетсіздік күндері санының тиісті коэффициентіне көбейту жолымен айқындалады және Қордың активтері есебінен төленеді.
2. Әлеуметтік аударымдарды есептеу объектісі ретінде ескерілген орташа айлық кіріс мөлшері әлеуметтік төлемді алу құқығы туындаған айдың алдындағы соңғы күнтізбелік он екі ай ішінде (осы кезеңде әлеуметтік аударымдарда үзілістердің болу-болмауына қарамастан) әлеуметтік аударымдар жүргізілген кірістер сомасын он екіге бөлу жолымен айқындалады.
Бұл ретте Қазақстан Республикасы Үкіметінің шешімі бойынша әлеуметтік аударымдар мөлшерлемесіне 0 түзету коэффициенті қолданылған қызмет түрлері бойынша еңбек, кәсіпкерлік қызмет, жеке практикамен айналысу кезеңдерінде алынған кіріс төлеуші беретін кірістер туралы анықтаманың негізінде орташа айлық кіріс мөлшерін айқындау кезінде ескеріледі.
Төтенше жағдай, шектеу іс-шаралары қолданылған кезеңде қызметтің шектелуіне байланысты кірісінен айырылу жағдайы бойынша әлеуметтік төлемді алу кезеңдері орташа айлық кіріс мөлшерінің есебінен алып тасталады және орташа айлық кіріс мөлшерін айқындау кезеңі басталардың тура алдындағы басқа айлармен ауыстырылады.
2-тармақтың төртінші және бесінші бөліктері 2024 ж. 1 қаңтарға дейін қолданылады
«Салық және бюджетке төленетін басқа да міндетті төлемдер туралы» Қазақстан Республикасы Кодексінің (Салық кодексі) 774-бабына сәйкес бірыңғай жиынтық төлемді төлеушілер болып табылатын жеке тұлғалар үшін, осы тармақтың бесінші бөлігінде көзделген жағдайды қоспағанда, әлеуметтік аударымдар жүргізілген әрбір ай үшін кіріс республикалық бюджет туралы заңда тиісті қаржы жылына белгіленген бір ең төмен жалақының мөлшері деңгейінде қабылданады.
Жүктілікке және босануға, жаңа туған баланы (балаларды) асырап алуға байланысты кірісінен айырылу жағдайы бойынша әлеуметтік төлемдерді есептеу кезінде жұмыс берушіден және «Салық және бюджетке төленетін басқа да міндетті төлемдер туралы» (Салық кодексі) Қазақстан Республикасы Кодексінің 774-бабына сәйкес бірыңғай жиынтық төлемді төлеуші болып табылатын жеке тұлғадан бір кезең үшін әлеуметтік аударымдар түскен жағдайда, «Салық және бюджетке төленетін басқа да міндетті төлемдер туралы» Қазақстан Республикасы Кодексінің (Салық кодексі) 774-бабына сәйкес бірыңғай жиынтық төлемді төлеуші болып табылатын жеке тұлғаның кірісі Қорға әлеуметтік аударымдар жүргізілген кіріс деңгейінде қабылданады.
Еңбекке қабілетсіздік күндері санының коэффициенті жүктілікке және босануға, сондай-ақ жаңа туған баланы (балаларды) асырап алуға байланысты еңбекке уақытша жарамдылық туралы парағы берілген күндер санын күнтізбелік отыз күнге бөлу жолымен айқындалады.
3. Сот актілері мен сотқа дейінгі тергеп-тексеру органының актілері негізінде заңсыз деп танылған кірістен түскен, әлеуметтік төлемдердің мөлшерін айқындау кезінде ескерілген кезең үшін төленген әлеуметтік аударымдар міндетті әлеуметтік сақтандыру жүйесіне қатысушының жүктілікке және босануға, жаңа туған баланы (балаларды) асырап алуға байланысты кірісінен айырылу жағдайы бойынша әлеуметтік төлемдерді тағайындау үшін кейінгі жүгінуі кезінде есепке алынбайды.
4. Егер төлеуші уәкілетті мемлекеттік орган айқындайтын мерзімдерде және жағдайларда артық (қате) төленген әлеуметтік аударымдарды қайтаруды жүзеге асырмаған болса, жүктілікке және босануға, жаңа туған баланы (балаларды) асырап алуға байланысты кірісінен айырылу жағдайы бойынша әлеуметтік төлемдердің мөлшерін есептеу кезінде артық (қате) төленген әлеуметтік аударымдардың сомасы есепке алынбайды.