4) өздерiнiң бұқаралық ақпарат құралдарын құруға;
5) жиналыстар, митингiлер мен демонстрациялар, шерулер мен пикеттер өткiзуге;
6) осы Заңда және Қазақстан Республикасының өзге де заң актерлерiнде көзделген өзге де құқықтарды жүзеге асыруға құқылы.
2. Саяси партия:
1) Қазақстан Республикасының Конституциясы мен заңдарының талаптарын сақтауға;
2) әрбiр азаматтың өз құқықтары мен мүдделерiне қатысты құжаттармен, шешiмдермен және ақпарат көздерiмен танысу мүмкiндiгін қамтамасыз етуге;
2012.24.12. № 60-V ҚР Заңымен 3) тармақша жаңа редакцияда (бұр. ред. қара)
3) тiркеушi органға Бизнес-сәйкестендіру нөмірлерінің ұлттық тізіліміне енгiзiлетiн мәлiметтер көлемiнде тұрақты жұмыс iстейтiн орган орналасқан жердің және оның басшылары туралы деректердiң өзгергені жөнінде хабарлауға;
2014.07.11. № 248-V ҚР Заңымен 4) тармақша жаңа редакцияда (бұр. ред. қара)
4) мемлекеттік кіріс органдарына Қазақстан Республикасының заңнамасында белгiленген мерзiмдер мен көлемде өзiнiң қаржылық қызметi туралы есепті табыс етуге мiндеттi.
16-бап. Саяси партияның және оның құрылымдық бөлiмшелерiнiң (филиалдары мен өкiлдiктерiнiң) органдары
1. Саяси партияның төрт жыл iшiнде кемiнде бiр рет шақырылатын съезi (конференциясы) саяси партияның жоғары басшы органы болып табылады.
2. Саяси партияның съезiнде (конференциясында):
1) саяси партияның жарғысы мен бағдарламасына өзгерістер мен толықтырулар енгiзiледi;
2) саяси партияның мүшелері Қазақстан Республикасының Президенттiгiне, Парламент Мәжілісiнiң депутаттығына кандидаттар ретiнде ұсынылады, депутаттыққа кандидаттардың Қазақстан Республикасының Орталық сайлау комиссиясына тiркеу үшін ұсынылатын партиялық тiзiмi бекітіледi;
3) саяси партияның басшы органдары сайланады;
4) партияның мүшелiк жарналарының мөлшерi бекітіледi.
3. Саяси партияның филиалы мен өкiлдiгiнiң конференциясы (жалпы жиналысы) саяси партия филиалы мен өкiлдiгiнiң жоғары басшы органы болып табылады.
4. Саяси партияның филиалы мен өкiлдiгiнiң конференциясында (жалпы жиналысында):
1) олардың басшы органдары сайланады;
2) тиiстi мәслихаттардың депутаттығына кандидаттар ұсынылады.
5. Саяси партия съезiнiң (конференциясының) шешiмi саяси партияның съезiне (конференциясына)саяси партияның барлық облыстық, республикалық маңызы бар қалалық, астаналық филиалдары мен өкiлдiктерiнiң өкiлдерi қатысқан кезде көпшiлiк дауыспен қабылданады.
17-бап. Саяси партияның меншiгi
Қазақстан Республикасының заңдарында тыйым салынған объектiлердi қоспағанда, саяси партияның меншiгiнде оның жарғысында көзделген қызметтi материалдық жағынан қамтамасыз ету үшiн қажеттi объектiлер, сондай-ақ оның қаражаты есебiнен құрылатын ұйымдар болуы мүмкiн.
Саяси партия тұтас алғанда, саяси партия мүлкiнiң, соның iшiнде оның құрылымдық бөлiмшелерi (филиалдары мен өкiлдiктерi) мүлкiнiң меншiк иесi болып табылады. Саяси партия мүшелерiнiң саяси партияның мүлкiне қатысты құқықтары болмайды.
Саяси партияның мүлкi саяси партияның жарғысы мен бағдарламасында көзделген мақсаттарды жүзеге асыру және мiндеттердi шешу үшiн пайдаланылады.
Саяси партияның мүлкi ол таратылған жағдайда оның жарғысына сәйкес пайдаланылуға тиiс. Егер саяси партияның жарғысында мұндай тәртiп көзделмесе, онда бұл мәселенi шешудi саяси партияны тарату туралы шешiм қабылдаған орган жүзеге асырады.
18-бап. Саяси партияны қаржыландырудың көздерi және оның қаражатын пайдалану
1. Саяси партияның қаражаты:
1) мүшелiкке кiру және мүшелiк жарналардан;
2) қайырмалдықтар құжатпен расталып, олардың шығу көздерi көрсетiлген жағдайда мемлекет алдындағы салықтық мiндеттемелерiнiң орындалуына салықтық бақылауды қамтамасыз ететiн орталық атқарушы орган белгiлеген тәртiппен жүзеге асырылатын Қазақстан Республикасының азаматтары мен мемлекеттік емес ұйымдарының қайырмалдықтарынан;
2009.06.02. № 122-IV ҚР Заңымен 3) тармақша өзгертілді (бұр. ред. қара)
3) кәсiпкерлiк қызметтен түскен кірістерден;
2009.06.02. № 122-IV ҚР Заңымен 4) тармақшамен толықтырылды
4) бюджет қаражатынан құралады.
2005.08.07 № 67-III ҚР Заңымен 2-тармақ толықтырылды
2. Саяси партияға және оның құрылымдық бөлiмшелерiне (филиалдары мен өкiлдiктерiне):
1) шет мемлекеттерден, шетелдiк заңды тұлғалардан және халықаралық ұйымдардан;
2) шетелдiктерден және азаматтығы жоқ адамдардан;
3) шетел қатысатын заңды тұлғалардан;
4) мемлекеттік органдардан және мемлекеттік ұйымдардан;
5) дiни бiрлестiктерден және қайырымдылық ұйымдарынан;
2009.06.02. № 122-IV ҚР Заңымен 6) тармақша өзгертілді (бұр. ред. қара)
6) иесi көрсетiлмеген қайырмалдық жасаушылардан;
2009.06.02. № 122-IV ҚР Заңымен 7) тармақшамен толықтырылды
7) халықаралық немесе шетелдік үкіметтік емес ұйымдардан гранттар және өзге де қаражаттар алатын Қазақстан Республикасының азаматтарынан немесе мемлекеттік емес ұйымдарынан қайырмалдық алуға жол берілмейді.
Осы тармақта көрсетiлген адамдардан келiп түскен қайырмалдықтар соттың шешiмi бойынша мемлекеттің кiрiсiне аударылады.
3. Саяси партиялардың ақшасы Қазақстан Республикасының заңдарына сәйкес тiркелген банктердiң шоттарына орналастырылады.
4. Саяси партияның ақшасы мен өзге де мүлкi оның мүшелерi арасында бөлiнбейдi және жарғылық мақсаттарға сәйкес жұмсалуға тиiс. Саяси партияның өз қаражатын қайырымдылық мақсаттарға пайдалануына жол берiледi.
2005.08.07 № 67-III ҚР Заңымен 5-тармақ жаңа редакцияда (бұр. ред. қара)
5. Саяси партияның жылдық қаржылық есебi жыл сайын республикалық баспасөз басылымдарында жарияланады.
2009.06.02. № 122-IV ҚР Заңымен 18-1- баппен толықтырылды
18-1-бап. Саяси партияларға бөлінетін бюджет қаражаты
1. Соңғы сайлау қорытындылары бойынша Қазақстан Республикасы Парламентінің Мәжілісінде өкілдік ететін саяси партияларға бюджет қаражаты жыл сайын бөлінеді.
2. Саяси партиялардың қызметін қаржыландыруға бөлінетін бюджет қаражатының мөлшері республикалық бюджет туралы заңда айқындалады.
3. Саяси партияларды қаржыландыру тәртібін Қазақстан Республикасының Орталық сайлау комиссиясы айқындайды.
4. Бюджет қаражатының жұмсалуын бақылау Қазақстан Республикасының бюджет заңнамасында белгіленген тәртіппен жүзеге асырылады.
4-тарау. Қорытынды ережелер
19-бап. Қазақстан Республикасының саяси партиялар туралы заңдарын бұзғаны үшiн жауаптылық
Қазақстан Республикасының саяси партиялар туралы заңдарын бұзғаны үшiн Қазақстан Республикасының заңдарына сәйкес оған кiнәлi жеке және заңды тұлғалар, оның iшiнде мемлекеттік органдардың лауазымды адамдары және саяси партияның басшы органдарының құрамына кiретiн адамдар жауаптылықта болады.
20-бап. Саяси партиялардың халықаралық байланыстары
Қазақстан Республикасының саяси партиялары халықаралық байланыстар орнатып, жасай алады, тиiстi келісімдер жасасып, дiни бiрлестiктердi қоспағанда, халықаралық коммерциялық емес үкiметтiк емес бiрлестiктерге ұжымдық мүшелер ретiнде кiре алады.
21-бап. Өтпелi ережелер
Осы Заң қолданысқа енгiзiлгенге дейiн құрылған саяси партиялар алты ай iшiнде осы Заңның талаптарына сәйкес мемлекеттік қайта тiркеуден өтуге мiндеттi.
22-бап. Осы Заңды қолданысқа енгізу тәртібі
1. Осы Заң ресми жарияланған күнiнен бастап қолданысқа енгiзiледi.
2. «Саяси партиялар туралы» 1996 жылғы 2 шiлдедегi Қазақстан Республикасы Заңының күшi жойылды деп танылсын (Қазақстан Республикасы Парламентiнiң Жаршысы, 1996 ж., № 11-12, 260-құжат; 1997 ж., № 13-14, 205-құжат).
Қазақстан Республикасының