3) өз құзыреті шегінде Мемлекеттік шекара режимінің бұзылуына байланысты тосын оқиғаларды шешуге қатысады, осы мақсаттар үшін өзге де уәкілетті органдарды тартады;
4) аумақтық сулардағы (теңіздегі) теңіз дәліздері мен қозғалыстарды бөлу схемасын белгілеу бойынша ұсыныстар әзірлейді;
5) Қазақстан Республикасының заңдарына сәйкес Мемлекеттік шекараны қорғау жөніндегі іс-шараларды орындау үшін уәкілетті органдардың күштері мен құралдарын тартады;
6) Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес Қазақстан Республикасы Ұлттық қауіпсіздік комитетінің Шекара қызметіне Мемлекеттік шекараны қорғауды қамтамасыз етуде жәрдем көрсетеді;
7) Қазақстан Республикасының заңдарында, Қазақстан Республикасы Президентінің және Қазақстан Республикасы Үкіметінің актілерінде көзделген өзге де өкілеттіктерді жүзеге асырады.
70-бап. Қазақстан Республикасының Қарулы Күштері
Әуе қорғанысы күштерінің құзыреті
1. Мемлекеттік шекараны әуе кеңістігінде күзету кезінде Қазақстан Республикасы Қарулы Күштерінің Әуе қорғанысы күштері:
1) Мемлекеттік шекараны кесіп өту тәртібінің сақталуын бақылауды жүзеге асырады;
2) Қазақстан Республикасының әуе кеңістігінде, сондай-ақ аумақтық суларының (теңізінің) шегінен тыс жерлерде шет мемлекеттердің шекарасына дейін әуе кемелерінің Мемлекеттік шекараны заңсыз кесіп өту қатері туындаған кезде немесе заңсыз кесіп өтуі кезінде оларды танып айыру үшін өздерінде бар құралдарды пайдаланады;
3) Мемлекеттік шекараны заңсыз кесіп өткен және (немесе) Қазақстан Республикасының әуе кеңістігін пайдалану тәртібін бұзған әуе кемелерінің Қазақстан Республикасының аумағында ұшуының жолын кеседі және қондыруға шаралар қолданады;
4) әуе кемелері экипаждарының абайсыз іс-әрекеттері жағдайында Мемлекеттік шекараны заңсыз кесіп өткен осы кемелерге олардың бағдарын қалпына келтіру, әуежайға немесе әуеайлаққа шығару, Қазақстан Республикасының аумағына қондыру немесе Қазақстан Республикасы әуе кеңістігінің шегінен тыс жерге шығару арқылы жәрдем көрсетеді.
2. Қазақстан Республикасы Қарулы Күштерінің Әуе қорғанысы күштері:
1) Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген тәртіппен Қазақстан Республикасының әуе кеңістігіндегі жағдайды анықтау үшін басқа да уәкілетті органдардың күштері мен құралдарын тартуға;
2) әуе кеңістігінде Мемлекеттік шекараны заңсыз кесіп өту қатері туындаған кезде немесе заңсыз кесіп өту кезінде Қазақстан Республикасы әуе кеңістігінің жекелеген аудандарында әуе кемелерінің ұшуына тыйым салуға немесе оны шектеуге;
3) әуе кемесінен Қазақстан Республикасының әуе кеңістігіне ұшып кіру мақсаттары немесе ұшу жоспарынан ауытқу себептері туралы ақпаратты хабарлауды талап етуге;
4) әуе кемелері экипаждарының абайсыз іс-әрекеттері жағдайында Мемлекеттік шекараны заңсыз кесіп өткен осы кемелерге олардың бағдарын қалпына келтіру, әуежайға немесе әуеайлаққа шығару, Қазақстан Республикасының аумағына қондыру немесе Қазақстан Республикасы әуе кеңістігінің шегінен тыс жерге шығару арқылы жәрдем көрсетуге, әуе кемесіне, егер оның бағыты ұшу үшін тыйым салынған немесе уақытша қауіпті ауданға апаратын болса, бағытын өзгертуді ұсынуға;
5) Мемлекеттік шекараны заңсыз кесіп өтудің алдын алу немесе тоқтату жөнінде шаралар қабылдауға, қажет болған жағдайда әуе кемесінің экипажынан көрсетілген жерге қонуын, оның ішінде мәжбүрлі түрде қонуын жүзеге асыруды талап етуге;
6) Мемлекеттік шекараны заңсыз кесіп өткен және (немесе) Қазақстан Республикасының әуе кеңістігін пайдалану тәртібін бұзған әуе кемелерінің экипаж мүшелерін (Қазақстан Республикасының аумағына қонғаннан кейін) құқық бұзушылықтың мән-жайларын анықтау үшін Қазақстан Республикасы Қорғаныс министрлігінің бөлімшесіне шақыруға;
7) құқық бұзушылық жасаған және Қазақстан Республикасының заңдарына сәйкес қылмыстық немесе әкімшілік жауапкершілікке тартуға жататын адамдарды ұстауға, осы адамдарды анықтау және тергеу органдарына немесе тиісті органдарға тапсыруға;
8) Қазақстан Республикасының заңдарына сәйкес қару-жарақты және әскери техниканы қолдануға;
9) Қазақстан Республикасының заңдарында, Қазақстан Республикасы Президентінің және Қазақстан Республикасы Үкіметінің актілерінде көзделген өзге де өкілеттіктерді жүзеге асыруға құқығы бар.
2015.10.01. № 275-V ҚР Заңымен 71-бап өзгертілді (бұр.ред.қара)
71-бап. Мемлекеттік шекараны қорғау үшін қолданылған кезде Қазақстан Республикасының Қарулы Күштері Әскери-теңіз Күштерінің құзыреті
Мемлекеттік шекараны қорғау үшін қолданылған кезде Қазақстан Республикасы Қарулы Күштерінің Әскери-теңіз Күштері:
1) Мемлекеттік шекараны су астындағы ортада кесіп өтуге бақылауды жүзеге асыруға қатысады;
2) Қазақстан Республикасы Ұлттық қауіпсіздік комитетінің Шекара қызметіне Қазақстан Республикасының қауіпсіздігі мүддесінде қайыққа қарсы, оның ішінде су асты-диверсиялық қорғанысты жүзеге асыруға жәрдем көрсетеді;
3) Қазақстан Республикасының Заңдарында, Қазақстан Республикасы Президентінің және Қазақстан Республикасы Үкіметінің актілерінде көзделген өзге де өкілеттіктерді жүзеге асырады.
11-тарау. МЕМЛЕКЕТТІК ШЕКАРАНЫ ҚОРҒАУ КЕЗІНДЕ ҚАРУ-ЖАРАҚ ПЕН ӘСКЕРИ ТЕХНИКАНЫ, АРНАЙЫ
ҚҰРАЛДАРДЫ, ҚЫЗМЕТТІК ЖАНУАРЛАРДЫ ЖӘНЕ ДЕНЕ КҮШІН ҚОЛДАНУ
72-бап. Қару-жарақ пен әскери техниканы, арнайы құралдарды, қызметтік жануарларды және дене күшін қолданудың шарттары мен шектері
1. Қазақстан Республикасы Ұлттық қауіпсіздік комитетінің Шекара қызметінің, Қазақстан Республикасының Қарулы Күштері әскери қызметшілерінің шекаралық кеңістік шегінде қаруды және арнайы құралдарды өзімен алып жүруге, сақтауға, қолдануға құқығы бар, сондай-ақ әскери техниканы, қызметтік жануарларды және дене күшін қолдануы мүмкін.
2. Қазақстан Республикасы Ұлттық қауіпсіздік комитеті Шекара қызметінің әскери қызметшілері қару-жарақ пен әскери техниканы, арнайы құралдарды, қызметтік жануарларды және дене күшін қолдануға байланысты жағдайларда іс-әрекеттерге жарамдылығына арнайы дайындықтан, жыл сайынғы тексеруден өтуге міндетті.
3. Қазақстан Республикасы Ұлттық қауіпсіздік комитеті Шекара қызметінің, Қазақстан Республикасы Қарулы Күштерінің әскери қызметшілері Мемлекеттік шекараны қорғау кезінде, қажетті қорғаныс жағдайында және аса қажеттілік жағдайында немесе құқық бұзушылық жасаған адамды ұстау кезінде, штаттық қару мен арнайы құралдары не оларды қолдану мүмкіндігі болмаған кезде, қолына түскен кез келген құралды пайдалануға құқылы.
4. Қазақстан Республикасы Ұлттық қауіпсіздік комитетінің Шекара қызметін Қазақстан Республикасының арнайы мемлекеттік және құқық қорғау органдары өткізетін іс-шараларға тартқан жағдайларда, қару-жарақ пен әскери техника, арнайы құралдар, қызметтік жануарлар және дене күші іс-шараға бастамашы болған органның қызметін регламенттейтін Қазақстан Республикасының нормативтік құқықтық актілеріне сәйкес қолданылады.
5. Азаматтардың, әскери қызметшілердің денсаулығы мен өмiрiне нақты қатер төндiретiн, сондай-ақ олар қарумен немесе топпен шабуыл жасаған, қарулы қарсылық көрсеткен, адамдарды кепілге алған, объектілерді, көлік құралдарын, оның ішінде әуе және теңіз кемелерін басып алған жағдайларды қоспағанда, әйелдерге, мүгедектiк белгiлерi анық бiлiнетін адамдарға және кәмелетке толмағандарға қатысты қару-жарақ пен әскери техниканы, арнайы құралдарды, қызметтік жануарларды және дене күшін қолдануға тыйым салынады.
6. Сондай-ақ қару-жарақ пен әскери техниканы:
1) егер олар Қазақстан Республикасының ұлттық қауіпсіздігіне нақты қауіп төндірмесе, суүсті, суасты кемелері, әуе кемелері, ұшу аппараттары және мұз үстімен жылжитын құралдар, сондай-ақ жолаушылары бар өзге де көлік құралдары бойынша;
2) қайғылы жағдайға немесе табиғаттың еңсерілмейтін күштерінің әсеріне байланысты, Мемлекеттік шекараны заңсыз кесіп өткен немесе абайсызда кесіп өтуге әрекет еткен адамдарға қатысты;
3) Мемлекеттік шекараны кесіп өткен немесе кесіп өтуге әрекет еткен жабайы және үй жануарларына қатысты қолдануға тыйым салынады.
7. Қару-жарақ пен әскери техниканы, арнайы құралдарды, қызметтік жануарларды және дене күшін қолданудың барлық жағдайларында Қазақстан Республикасы Ұлттық қауіпсіздік комитеті Шекара қызметінің, Қазақстан Республикасы Қарулы Күштерінің әскери қызметшілері айналасындағы адамдардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету және зардап шеккендерге жедел медициналық көмек көрсету жөнінде шаралар қолдануға міндетті.
8. Қазақстан Республикасының Ұлттық қауіпсіздік комитеті Шекара қызметінің, Қазақстан Республикасы Қарулы Күштерінің әскери қызметшілері осы Заңда көзделген жағдайларда қару-жарақ пен әскери техниканы, арнайы құралдарды, қызметтік жануарларды және дене күшін қолдануға байланысты, оның ішінде:
1) көлік құралдарының және (немесе) құқық бұзушылардың іс-әрекеттерінің қауіпті немесе күтпеген маневрі;
2) оқтардың (снарядтардың) тайқып кетуі салдарынан олардың ұшу траекториясының өзгеруі;
3) құқық бұзушылардың көлік құралдарының сынуы немесе бүлінуі салдарынан келтірілген моральдық, материалдық зиян және дене зақымы үшін жауапты болмайды.
9. Шекаралық кеңістікте белгіленген режимдерді бұзушылықтың жолын кесу кезінде қару-жарақ пен әскери техниканы, арнайы құралдарды, қызметтік жануарларды және дене күшін қолданудың әрбір жағдайы жөнінде тиісті прокурор он екі сағаттан кешіктірілмей хабардар етіледі.
10. Мемлекеттік шекараны қорғау саласындағы өзге де уәкілетті органдар қару-жарақ пен әскери техниканы, арнайы құралдарды, қызметтік жануарларды және дене күшін Қазақстан Республикасының заңдарына сәйкес қолданады.
73-бап. Қару-жарақ пен әскери техниканы қолдану
1. Мемлекеттік шекараны қорғау кезінде Қазақстан Республикасы Ұлттық қауіпсіздік комитетінің Шекара қызметі, Қазақстан Республикасының Қарулы Күштері:
1) Қазақстан Республикасының аумағына қарулы басып кіруге және қарулы шабуыл жасауға тойтарыс беру, Мемлекеттік шекарада қарулы араңдатудың жолын кесу үшін;
2) Қазақстан Республикасы Ұлттық қауіпсіздік комитеті Шекара қызметінің, Қазақстан Республикасы Қарулы Күштерінің бөлімшелеріне, Мемлекеттік шекараны қорғауға қатысатын Қазақстан Республикасының басқа да әскерлері мен әскери құралымдарына қарулы шабуыл жасауға тойтарыс беру үшін;
3) Мемлекеттік шекараны кесіп өткен немесе кесіп өтетін және қарулы немесе өзге де қарсылық көрсететін адамдарға, суүсті, суасты кемелеріне, әуе кемелеріне, ұшу аппараттарына, оның ішінде пилотсыз аппараттарға және мұз үстімен жылжитын құралдарға, сондай-ақ өзге де көлік құралдарына қарсы;
4) суүсті, суасты кемелері, әуе кемелері, ұшу аппараттары, оның ішінде пилотсыз аппараттар және мұз үстімен жылжитын құралдар, сондай-ақ өзге де көлік құралдары тоқтату немесе бағытты өзгерту туралы талаптарды орындамаған жағдайда, осы бұзушылықтың тоқтатылуын немесе оларды ұстауды басқа да құралдармен жүзеге асыру мүмкін болмағанда, оларды бүлдіру жолымен тоқтату (қозғалысын немесе ұшуын тоқтату) үшін;
5) суүсті, суасты кемелерін, әуе кемелерін, ұшу аппараттарын, оның ішінде пилотсыз аппараттарды және мұз үстімен жылжитын құралдарды, сондай-ақ жолаушылары жоқ өзге де көлік құралдарын шетелге айдап әкетуді болғызбау үшін;
6) Қазақстан Республикасы Ұлттық қауіпсіздік комитеті Шекара қызметінің, Қазақстан Республикасы Қарулы Күштерінің әскери қызметшілері мен объектілеріне, Мемлекеттік шекараны қорғау жөніндегі қызметтік міндеттерін немесе қоғамдық борышын орындап жүрген өзге де азаматтарға, олардың отбасы мүшелеріне шабуыл, оның ішінде қарусыз шабуыл жасалып, олардың өміріне тікелей қауіп төнгенде шабуылға тойтарыс беру үшін;
7) азаматтарды олардың өмірі мен денсаулығына қатер төндіретін шабуылдан қорғау, сондай-ақ кепілге алынғандарды босату үшін;
8) әскери қызметшілерді немесе азаматтарды олардың өмірі мен денсаулығына қатер төндіретін жануарлардың шабуылынан қорғау үшін;
9) өзге де құқық бұзушылықтардың алдын алу, анықтау және жолын кесу үшін, сондай-ақ қажетті қорғаныс жағдайында және аса қажеттілік жағдайында қару-жарақ пен әскери техниканы қолданады.
Қазақстан Республикасы Ұлттық қауіпсіздік комитетінің Шекара қызметі әскери қызметшілерінің шекаралық кеңістікте дабыл белгісін беру немесе көмекке шақыру үшін де қару пайдалануға құқығы бар.
2. Қару-жарақ пен әскери техника:
1) қарулы шабуылға тойтарыс беру мен қарулы басып кіру үшін;
2) қарулы қарсылық көрсетілген кезде;
3) әскери қызметшілер мен өзге де азаматтарға кенеттен шабуыл жасалған кезде;
4) ұсталған адамдардың тартып алған қарумен қашуы кезінде ескертусіз қолданылуы мүмкін.
3. Өзге жағдайларда қару-жарақ пен әскери техниканы қолданудың алдында оларды қолдану ниеті туралы анық ескерту жасалуға және (немесе) ескерту мақсатында оқ атылуға тиiс.
74-бап. Арнайы құралдарды қолдану
1. Қазақстан Республикасы Ұлттық қауіпсіздік комитетінің Шекара қызметіне, Қазақстан Республикасының Қарулы Күштеріне Мемлекеттік шекараны қорғау кезінде қару-жарақ пен әскери техниканы қолдануға құқық берілетін барлық жағдайда арнайы құралдар қолданылуы мүмкін.
2. Қазақстан Республикасы Ұлттық қауіпсіздік комитетінің Шекара қызметі, Қазақстан Республикасы Қарулы Күштері әскери қызметшілерінің шекаралық кеңістікте, сонымен қатар:
1) Мемлекеттік шекараны қорғауға қатысатын, әскери қызметшілерге қарсылық көрсететін немесе оларға жүктелген қызметтік міндеттерді жүзеге асыруына қасақана кедергі жасайтын құқық бұзушыларды, өзге де адамдарды ұстау және қарусыздандыру үшін немесе қару, оқ-дәрілер, жарылғыш, улы, радиактивті, есірткі және еркін айналымына тыйым салынған өзге де заттарды өзінде заңсыз ұстайтын адамдарға қатысты;
2) шекаралық кеңістіктегі жаппай тәртіпсіздіктің жолын кесу үшін және Мемлекеттік шекарадан қарусыз жаппай кесіп өту немесе кесіп өтуге әрекет ету және азаматтардың өмірі мен денсаулығына немесе мемлекеттің қауіпсіздігіне қол сұғушылық жасалатын құқық бұзушылардың топтасқан іс-әрекеттері жағдайында;
3) егер ұсталған адамдардың қашып кетуі, айналасындағыларға немесе өз денсаулығына зиян келтіруі мүмкін екеніне жеткілікті негіздер болса, оларды айдауылмен алып жүру және күзету кезінде;
4) ұсталғандарды жеткізу үшін, егер бұл құқық бұзушылықтың жолын кесу, құқық бұзушының жеке басын анықтау, сондай-ақ, егер әкімшілік құқық бұзушылық туралы хаттаманы жасау міндетті болып табылса, оны сол орнында жасау мүмкін болмаған кезде осы хаттаманы жасау мақсатында қажет болса;
5) құқық бұзушылықтардың жолын кесу мақсатында объектілер мен көлік құралдарын ашу, сондай-ақ оларды бөлшектеу үшін;
6) өзге де құқық бұзушылықтардың алдын алу, анықтау және жолын кесу, сондай-ақ қажетті қорғаныс үшін және аса қажеттілік жағдайында да арнайы құралдарды қолдануға құқығы бар.
75-бап. Қызметтік жануарларды және дене күшін қолдану
1. Мемлекеттік шекараны қорғау кезінде Қазақстан Республикасы Ұлттық қауіпсіздік комитетінің Шекара қызметіне қару-жарақ пен әскери техниканы және арнайы құралдарды қолдануға құқық беретін барлық жағдайларда қызметтік жануарлар мен дене күші қолданылуы мүмкін.
2. Қазақстан Республикасы Ұлттық қауіпсіздік комитетінің Шекара қызметі әскери қызметшілерінің шекаралық кеңістікте:
1) құқық бұзушыларды іздеу және ұстау үшін;
2) Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес еркін айналымға шығаруға, Қазақстан Республикасына әкелуге немесе Қазақстан Республикасынан әкетуге тыйым салынған нәрселерді, материалдарды, құралдарды, заттарды іздеу және табу мақсатында адамдарды, көлік құралдарын, жүктер мен тауарларды тексеріп қарау, жергілікті жерді қарап тексеру кезінде;
3) өзге де құқық бұзушылықтардың алдын алу, анықтау және жолын кесу, сондай-ақ қажетті қорғаныс үшін және аса қажеттілік жағдайында қызметтік жануарларды және дене күшін, оның ішінде күрестің жауынгерлік тәсілдерін қолдануға да құқығы бар.
12-тарау. АЗАМАТТАРДЫҢ МЕМЛЕКЕТТІК ШЕКАРАНЫ ҚОРҒАУҒА ҚАТЫСУЫ, ОЛАРДЫҢ ҚҰҚЫҚТЫҚ ҚОРҒАЛУЫ
76-бап. Азаматтардың Мемлекеттік шекараны қорғауға қатысуы
1. Шекаралық кеңістік шегінде азаматтар ерікті жасақтар құрамында және өзге де нысандарда ерікті негізде Мемлекеттік шекараны қорғауға қатысады.
2. Азаматтарды ерікті жасақтар құрамында Мемлекеттік шекараны қорғауға тарту тәртібін, осындай тартудың нысандары мен түрлерін Қазақстан Республикасының Үкіметі айқындайды.
3. Мемлекеттік шекараны қорғауға қатысатын азаматтар өз қызметін заңдылық, адамның және азаматтың құқықтары мен бостандықтарының құрметтелуі және сақталуы қағидаттары негізінде жүзеге асырады.
4. Мыналар:
1) қылмыстық жауаптылыққа тарту;
2) бірнеше рет (бір жыл ішінде екі және одан да көп) қасақана әкімшілік құқық бұзушылықтар жасау;
3) шекаралық кеңістіктің немесе Қазақстан Республикасының шегінен тыс жерге тұрақты тұру үшін кету;
4) оның Мемлекеттік шекараны қорғауға одан әрі қатысуын болғызбайтын мән-жайлардың басталуы (психиканың бұзылуының анықталуы, алкоголизммен, нашақорлықпен немесе уытқұмарлықпен, Қазақстан Республикасының Үкіметі бекіткен тізбеге сәйкес айналасындағыларға қауіп туғызатын өзге де сырқатпен ауыру, азаматтың қайтыс болуы);
5) Мемлекеттік шекараны қорғауға одан әрі қатысқысы келмеуі Қазақстан Республикасы азаматының ерікті жасақтар құрамында Мемлекеттік шекараны қорғауға қатысу мүмкіндігін болғызбайтын мән-жайлар болып табылады.
77-бап. Мемлекеттік шекараны қорғауға қатысатын азаматтардың құқықтары мен міндеттері
1. Мемлекеттік шекараны қорғауға қатысатын азаматтар (бұдан әрі - Мемлекеттік шекараны қорғауға қатысатын адамдар):
1) Қазақстан Республикасы Ұлттық қауіпсіздік комитеті Шекара қызметінің бөлімшелерін шекаралық кеңістікте дайындалып жатқан не жасалған құқық бұзушылықтардың өздеріне мәлім болған фактілері туралы дереу хабардар етуге;
2) Қазақстан Республикасының заңнамасында көзделген жағдайларда азаматтардың талап етуі бойынша өздерінің Мемлекеттік шекараны қорғауға қатысу заңдылығын растайтын куәліктерді көрсетуге;
3) құқық бұзушылықтар жасағаны үшін ұсталған азаматтарға қолданылатын мәжбүрлеу шараларының негіздерін оларға түсіндіруге;
4) Мемлекеттік шекараны қорғау бойынша іс-шараларға қатысар алдында Қазақстан Республикасы Ұлттық қауіпсіздік комитеті Шекара қызметінің бөлімшелерінде құқықтық дайындықтан өтуге міндетті.
2. Мемлекеттік шекараны қорғауға қатысатын адамдардың:
1) Мемлекеттік шекараны қорғаудың бақылау және қадағалау функцияларымен байланысты емес іс-шараларында Қазақстан Республикасы Ұлттық қауіпсіздік комитетінің Шекара қызметіне жәрдем көрсетуге;
2) шекаралық кеңістікте құқық бұзушылықтардың алдын алуға және жолын кесуге;
3) құқық бұзушылықтардың жолын кесу және құқық бұзушыларды ұстау мақсатында, егер көрсетілген мақсаттарға өзге тәсілдермен қол жеткізу мүмкін болмаса, дене күшін және басқа да құралдарды қолдануға;
4) Қазақстан Республикасының заңдарында көзделген жағдайларда шекаралық кеңістікте құқық бұзушылықты жасаған адамдарды ұстауға және Қазақстан Республикасы Ұлттық қауіпсіздік комитеті Шекара қызметінің бөлімшелеріне, құқық қорғау немесе өзге де уәкілетті органдарға жеткізуге;
5) Қазақстан Республикасы Ұлттық қауіпсіздік комитеті Шекара қызметінің өкілдерімен бірлесіп шекаралық кеңістікте құқық бұзушылықтардың профилактикасына бағытталған іс-шараларды жүргізуге;
6) шекаралық кеңістікте белгіленген режимдердің сақталуын талап етуге құқығы бар.
Мемлекеттік шекараны қорғауға қатысатын адамдардың заңды талаптары орындау үшін міндетті.
3. Мемлекеттік шекараны қорғауда жәрдем көрсетуіне байланысты Мемлекеттік шекараны қорғауға қатысатын адамдар мен олардың отбасы мүшелерiне қатысты құқыққа қарсы іс-әрекеттер, сондай-ақ Мемлекеттік шекараны қорғауға қатысатын адамдардың заңды талаптарын орындамау Қазақстан Республикасының заңдарында белгiленген жауаптылыққа әкеп соғады.
13-тарау. ҚОРЫТЫНДЫ ЕРЕЖЕЛЕР
78-бап. Қазақстан Республикасының Мемлекеттік шекарасы туралы Қазақстан Республикасы заңнамасының сақталуын қадағалау
Қазақстан Республикасының Мемлекеттік шекарасы туралы Қазақстан Республикасы заңнамасының дәлме-дәл және бiркелкі қолданылуын қадағалауды Қазақстан Республикасының Бас Прокуроры мен ол уәкiлеттiк берген прокурорлар жүзеге асырады.
79-бап. Қазақстан Республикасының Мемлекеттік шекара туралы заңнамасын бұзғаны үшін жауаптылық
1. Осы Заңның және Қазақстан Республикасының Мемлекеттік шекара туралы өзге де нормативтік құқықтық актілерінің талаптарын бұзған адамдар Қазақстан Республикасының заңдарында белгіленген жауаптылықта болады.
2. Қазақстан Республикасының азаматтары, шетелдіктер және азаматтығы жоқ адамдар Қазақстан Республикасы Ұлттық қауіпсіздік комитетінің Шекара қызметінен, Қазақстан Республикасының Қорғаныс министрлігінен, Мемлекеттік шекараны қорғау саласындағы өзге де уәкілетті органдардан өздерінің құқықтары мен бостандықтарының шектелу себебі жөнінде түсіндірмелер алуға құқығы бар.
3. Қазақстан Республикасы азаматтарының, шетелдіктердің немесе азаматтығы жоқ адамдардың заңды құқықтары мен бостандықтары бұзылған жағдайда, тиісті лауазымды адамдар Қазақстан Республикасының заңдарында белгіленген тәртіппен осы құқықтарды қалпына келтіруге және оларға келтірілген залалды өтеуге міндетті.
80-бап. Осы Заңды қолданысқа енгізу тәртібі
1. Осы Заң алғашқы ресми жарияланғанынан кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі.
2. Мыналардың күші жойылды деп танылсын:
1) «Қазақстан Республикасының Мемлекеттік шекарасы туралы» 1993 жылғы 13 қаңтардағы Қазақстан Республикасының Заңы (Қазақстан Республикасы Жоғарғы Кеңесінің Жаршысы, 1993 ж., № 1, 1-құжат; Қазақстан Республикасы Парламентінің Жаршысы, 1996 ж., № 14, 275-құжат; 1998 ж., № 24, 436-құжат; 2002 ж., № 15, 147-құжат; 2004 ж., № 23, 142-құжат; 2007 ж., № 24, 180-құжат; 2009 ж., № 18, 86-құжат; 2011 ж., № 11, 102-құжат);
2) «Қазақстан Республикасы Ұлттық қауіпсіздік комитетінің Шекара қызметі туралы» 1993 жылғы 13 қаңтардағы Қазақстан Республикасының Заңы (Қазақстан Республикасы Жоғарғы Кеңесінің Жаршысы, 1993 ж., № 1, 3-құжат; 1995 ж., № 8, 56-құжат; Қазақстан Республикасы Парламентінің Жаршысы, 1996 ж., № 14, 275-құжат; 2002 ж., № 15, 147-құжат; 2004 ж., № 23, 142-құжат; 2007 ж., № 9, 67-құжат; № 24, 180-құжат; 2011 ж., № 1, 7-құжат; 2012 ж., № 4, 32-құжат).
Қазақстан Республикасының
Президенті
Н. НАЗАРБАЕВ
Астана, Ақорда, 2013 жылғы қаңтардың 16-і.
№ 70-V