дербес деректердi Қазақстан Республикасының заңнамасын бұза отырып жинау, өңдеу фактісі анықталған жағдайда, сондай-ақ осы Заңда және Қазақстан Республикасының өзге де нормативтік құқықтық актілерінде белгіленген өзге де жағдайларда оларды жоюға;
дербес деректерді жинау, өңдеу шарттарын бұзу фактісі расталмаған жағдайда, дербес деректерді бұғаттауды алып тастауға міндетті.
5-тарау. ДЕРБЕС ДЕРЕКТЕР ЖӘНЕ ОЛАРДЫ ҚОРҒАУ САЛАСЫНДАҒЫ МЕМЛЕКЕТТІК РЕТТЕУ
26-бап. Қазақстан Республикасы Үкiметiнiң құзыретi
Қазақстан Республикасының Үкiметi:
1) дербес деректер және оларды қорғау саласындағы мемлекеттiк саясаттың негiзгi бағыттарын әзiрлейдi;
2) Қазақстан Республикасы Үкіметінің құрылымына кіретін орталық атқарушы органдардың, жергілікті атқарушы органдардың дербес деректер және оларды қорғау саласындағы қызметіне басшылық жасауды жүзеге асырады;
3) меншік иесінің және (немесе) оператордың өздері жүзеге асыратын міндеттерді орындау үшін қажетті және жеткілікті дербес деректердің тізбесін айқындау тәртібін бекітеді;
4) меншік иесінің және (немесе) оператордың, сондай-ақ үшінші тұлғаның дербес деректерді қорғау жөніндегі шараларды жүзеге асыру тәртібін бекітеді;
5) өзiне Қазақстан Республикасының Конституциясымен, заңдарымен және Қазақстан Республикасы Президентiнiң актiлерiмен жүктелген өзге де функцияларды орындайды.
27-бап. Мемлекеттік органдардың құзыреті
Мемлекеттік органдар өз құзыреті шегінде:
1) дербес деректер және оларды қорғау саласындағы нормативтік құқықтық актілерді әзiрлейдi және (немесе) бекітеді;
2) жеке және (немесе) заңды тұлғалардың дербес деректер және оларды қорғау мәселелері жөніндегі өтініштерін қарайды;
3) Қазақстан Республикасының дербес деректер және оларды қорғау туралы заңнамасының бұзылуына жол берген адамдарды Қазақстан Республикасының заңдарында белгіленген жауаптылыққа тарту жөнінде шаралар қолданады;
4) Қазақстан Республикасының заңдарында, Қазақстан Республикасы Президентінің және Қазақстан Республикасы Үкіметінің актілерінде көзделген өзге де өкілеттіктерді жүзеге асырады.
28-бап. Осы Заңның қолданылуын қадағалау
1. Прокуратура органдары мемлекет атынан осы Заң мен Қазақстан Республикасының дербес деректер және оларды қорғау саласындағы өзге де нормативтік құқықтық актілердің дәлме-дәл әрі біркелкі қолданылуына жоғары қадағалауды жүзеге асырады.
2. «Прокуратура туралы» Қазақстан Республикасының Заңында белгіленген негізде және тәртіппен шығарылған прокурорлық қадағалау актілері барлық органдар, ұйымдар, лауазымды адамдар мен азаматтар үшін міндетті.
6-тарау. ҚОРЫТЫНДЫ ЖӘНЕ ӨТПЕЛІ ЕРЕЖЕЛЕР
29-бап. Қазақстан Республикасының дербес деректер және оларды қорғау туралы заңнамасын бұзғаны үшiн жауаптылық
Қазақстан Республикасының дербес деректер және оларды қорғау туралы заңнамасын бұзу Қазақстан Республикасының заңдарына сәйкес жауаптылыққа әкеп соғады.
30-бап. Дауларға шағым жасау және оларды қарау тәртібі
Субъектінің, меншік иесінің және (немесе) оператордың, сондай-ақ үшінші тұлғаның дербес деректерді жинау, өңдеу және қорғау кезіндегі іс-әрекеттеріне (әрекетсіздігіне) Қазақстан Республикасының заңдарында белгіленген тәртіппен шағым жасалуы мүмкін.
Дербес деректерді жинау, өңдеу және қорғау кезінде туындайтын даулар Қазақстан Республикасының заңдарында белгіленген тәртіппен қаралуға жатады.
31-бап. Осы Заңды қолданысқа енгiзу тәртiбi
1. Осы Заң алғашқы ресми жарияланғанынан кейiн алты ай өткен соң қолданысқа енгiзiледi.
2. Меншік иелері және (немесе) операторлар нормативтік құқықтық актілерді және өзге де құжаттарды осы Заң қолданысқа енгізілген күннен бастап үш ай мерзім ішінде осы Заңның талаптарына сәйкес келтіруге міндетті.
3. Осы Заң қолданысқа енгізілгенге дейін Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес жүзеге асырылған дербес деректерді жинау, өңдеу, егер осы деректерді одан әрі өңдеу және қорғау оларды жинау мақсаттарына сай болса, осы Заңның талаптарына сәйкес келеді деп танылады.
Қазақстан Республикасының
Президенті
Н. НАЗАРБАЕВ
Астана, Ақорда, 2013 жылғы мамырдың 21-і.
№ 94-V