15) жалдамалы - қарулы қақтығысқа, соғыс қимылдарына немесе мемлекеттің конституциялық құрылысын құлатуға немесе бүлдіруге не аумақтық тұтастығын бұзуға бағытталған өзге де күш қолдану әрекеттеріне қатысу үшін арнайы азғырып көндірілген, материалдық сыйақы алу немесе өзге де жеке басының пайдасы мақсатында әрекет ететін, қақтығысып жатқан тараптың немесе көрсетілген іс-қимылдар қарсы бағытталған мемлекеттің азаматы болып табылмайтын, қақтығысып жатқан тараптың қарулы күштерінің жеке құрамына кірмейтін, өзінің қарулы күштерінің құрамына кіретін адам ретінде ресми міндеттерді атқару үшін басқа мемлекет жібермеген адам;
16) жауапты мемлекеттiк лауазымды атқаратын адам - мемлекет функцияларын және мемлекеттiк органдардың өкiлеттiктерiн тiкелей атқару үшiн Қазақстан Республикасының Конституциясында, Қазақстан Республикасының конституциялық және өзге де заңдарында белгiленген лауазымды атқаратын адам, оның ішінде Парламент депутаты, судья, сол сияқты Қазақстан Республикасының мемлекеттiк қызмет туралы заңнамасына сәйкес мемлекеттiк саяси лауазымды не «А» корпусының мемлекеттік әкімшілік лауазымын атқаратын адам;
17) жымқыру - бөтен мүлiктi осы мүлiктiң меншiк иесiне немесе өзге иеленушiсiне залал келтiре отырып, кінәлі адамның немесе басқа адамдардың пайдасына пайдакүнемдiк мақсатта жасалған құқыққа қарсы өтеусіз алып қою және (немесе) айналдыру;
18) заңсыз әскерилендірілген құралым - Қазақстан Республикасының заңнамасында көзделмеген, әскерилендірілген типтегі ұйымдық құрылымы бар, жеке-дара басшылыққа ие, соғысқа қабілетті, қатаң тәртіпке бағынған құралым (бірлестік, жасақ, дружина немесе үш және одан да көп адамнан тұратын өзге де топ);
19) коммерциялық немесе өзге ұйымда басқару функцияларын орындайтын адам - мемлекеттiк орган, жергiлiктi өзiн-өзi басқару органы не мемлекеттiң үлесi елу пайыздан асатын ұйым болып табылмайтын ұйымда тұрақты, уақытша не арнайы өкiлеттiк бойынша ұйымдастырушылық-өкiмдiк немесе әкiмшiлiк-шаруашылық мiндеттердi орындайтын адам;
20) көлік - темiржол, автомобиль, теңiз, ішкі су, оның ішінде шағын көлемді теңіз және өзен кемелерi, әуе, қалалық электр, оның ішінде метрополитен, сондай-ақ Қазақстан Республикасының аумағындағы магистральдық құбыржол көлігі;
21) қоғамдық бірлестік лидері - өзінің ықпалы мен беделі арқылы осы қоғамдық бірлестіктің қызметіне жеке-дара басқарушылық ықпал жасауға қабілетті қоғамдық бірлестіктің басшысы, сондай-ақ қоғамдық бірлестіктің өзге де қатысушысы;
22) қылмыстық әрекеттерді үйлестіру - қылмыстарды бірлесіп жасау мақсатында ұйымдасқан топтар (қылмыстық ұйымдар) арасындағы келісу (ұйымдасқан топтар (қылмыстық ұйымдар) басшыларының немесе өзге де қатысушыларының арасында тұрақты байланыстар орнату, қылмыстар жасау үшін жоспарлар әзірлеп, жағдайлар жасау, сондай-ақ қылмыстық ықпал ету аясын, қылмыстық әрекеттен түсетін табыстарды бөлісу);
2014.07.11. № 248-V ҚР Заңымен 23) тармақша жаңа редакцияда (2015 ж. 1 қаңтардан бастап қолданысқа енгізілді) (бұр.ред.қара)
23) қылмыстық қоғамдастық - бiр немесе бiрнеше қылмыстық құқық бұзушылықтарды бiрлесiп жасау, сол сияқты осы қылмыстық ұйымдардың кез келгенiнiң бiр немесе бiрнеше қылмыстық құқық бұзушылықтарды өз бетiнше жасауына жағдайлар жасау үшін сөз байласқан екi немесе одан да көп қылмыстық ұйымның бірігуі;
24) қылмыстық топ - ұйымдасқан топ, қылмыстық ұйым, қылмыстық қоғамдастық, трансұлттық ұйымдасқан топ, трансұлттық қылмыстық ұйым, трансұлттық қылмыстық қоғамдастық, террористік топ, экстремистік топ, банда, заңсыз әскерилендірілген құралым;
25) қылмыстық ұйым - қатысушылары ұйымдық, функционалдық және (немесе) аумақтық оқшауланған топтарға (құрылымдық бөлімшелерге) бөлінген ұйымдасқан топ;
26) лауазымды адам - тұрақты, уақытша немесе арнайы өкiлеттiк бойынша билік өкiлi функцияларын жүзеге асыратын не мемлекеттiк органдарда, жергiлiктi өзiн-өзi басқару органдарында, сондай-ақ Қазақстан Республикасының Қарулы Күштерiнде, Қазақстан Республикасының басқа да әскерлерi мен әскери құралымдарында ұйымдастырушылық-өкiмдiк немесе әкiмшiлiк-шаруашылық функцияларды орындайтын адам;
27) мемлекеттік функцияларды орындауға уәкілеттік берілген адам - Қазақстан Республикасының мемлекеттік қызмет туралы заңнамасына сәйкес мемлекеттік қызметші, мәслихат депутаты;
28) мемлекеттік функцияларды орындауға уәкілеттік берілген адамдарға теңестірілген адам - жергілікті өзін-өзі басқару органдарына сайланған адам; Қазақстан Республикасының заңында белгіленген тәртіппен Қазақстан Республикасының Президенттігіне, Қазақстан Республикасы Парламентінің немесе мәслихаттардың депутаттығына, сондай-ақ жергілікті өзін-өзі басқарудың сайланбалы органының мүшелігіне кандидат ретінде тіркелген азамат; жергілікті өзін-өзі басқару органында тұрақты немесе уақытша жұмыс істейтін, еңбекақысы Қазақстан Республикасының мемлекеттік бюджетінің қаражатынан төленетін қызметші; мемлекеттік ұйымда немесе жарғылық капиталындағы мемлекеттің үлесі елу пайыздан асатын ұйымда, оның ішінде акционері мемлекет болып табылатын ұлттық басқарушы холдингте, ұлттық холдингте, ұлттық компанияда, ұлттық даму институтында, дауыс беретін акцияларының (қатысу үлестерінің) елу пайызынан астамы өздеріне тиесілі олардың еншілес ұйымында, сондай-ақ дауыс беретін акцияларының (қатысу үлестерінің) елу пайызынан астамы көрсетілген еншілес ұйымға тиесілі заңды тұлғада басқару функцияларын орындайтын адам; Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкінің және оның ведомстволарының қызметшілері;
29) сыбайлас жемқорлық қылмыстар - осы Кодекстің 189 (үшінші бөлігінің 2) тармағында), 190 (үшінші бөлігінің 2) тармағында), 215 (екінші бөлігінің 3) тармағында), 216 (екінші бөлігінің 4) тармағында), 217 (үшінші бөлігінің 3) тармағында), 218 (үшінші бөлігінің 1) тармағында), 234 (үшінші бөлігінің 1) тармағында), 249 (үшінші бөлігінің 2) тармағында), 307 (үшінші бөлігінің 3) тармағында), 361, 362 (төртінші бөлігінің 3) тармағында), 364, 365, 366, 367, 368, 369, 370, 450, 451 (екінші бөлігінің 2) тармағында) және 452-баптарында көзделген іс-әрекеттер;
30) террористік қылмыстар - осы Кодекстің 170, 171, 173, 177, 178, 184, 255, 256, 257, 258, 259, 260, 261, 269 және 270-баптарында көзделген іс-әрекеттер;
31) террористік топ - бір немесе бірнеше террористік қылмыс жасау мақсатын көздейтін ұйымдасқан топ;
32) топбастаушы жағдайына ие адам - ұйымдасқан топтардың (қылмыстық ұйымдардың) басшылары қылмыстық әрекеттерді үйлестіру жөнінде өкілеттіктер берген адам не топ мүшелері өздерінің мүдделерін қозғайтын және олардың қылмыстық әрекетінің бағыты мен сипатын айқындайтын, неғұрлым жауапты шешімдерді өз мойнына алу құқығын танитын адам;
33) трансұлттық қылмыстық қоғамдастық - екі немесе одан да көп трансұлттық қылмыстық ұйым бірлестігі;
34) трансұлттық қылмыстық ұйым - екі немесе одан да көп мемлекеттің не бір мемлекеттің аумағында іс-әрекет жасауды ұйымдастыру немесе оның орындалуын басқа мемлекеттің аумағынан басқару кезінде, сол сияқты басқа мемлекеттің азаматтары қатысқан кезде бір немесе бірнеше қылмыстық құқық бұзушылық жасау мақсатын көздейтін қылмыстық ұйым;
35) трансұлттық ұйымдасқан топ - екі немесе одан да көп мемлекеттің не бір мемлекеттің аумағында іс-әрекет жасауды ұйымдастыру немесе оның орындалуын басқа мемлекеттің аумағынан басқару кезінде, сол сияқты басқа мемлекеттің азаматтары қатысқан кезде бір немесе бірнеше қылмыстық құқық бұзушылық жасау мақсатын көздейтін ұйымдасқан топ;
36) ұйымдасқан топ - бір немесе бірнеше қылмыстық құқық бұзушылық жасау мақсатында алдын ала біріккен екі немесе одан да көп адамдардың тұрақты тобы;
37) ұйымдастырушылық-өкімдік функциялар - қызмет бабымен бағынысты адамдардың орындауы үшін міндетті бұйрықтарды және өкімдерді шығаруға, сондай-ақ бағыныстыларға қатысты көтермелеу шараларын және тәртіптік жазалар қолдануға Қазақстан Республикасының заңында белгіленген тәртіппен берілген құқық;
38) iрi залал және ірі мөлшер - 185, 186 және 458-баптарда - айлық есептік көрсеткіштен бес жүз есе асатын сомадағы залал; 188, 189, 190, 191, 192, 194, 195, 196, 197, 200, 202 және 204-баптарда - айлық есептік көрсеткіштен бес жүз есе асатын мүлік құны немесе залал мөлшері; 198 және 199-баптарда - айлық есептік көрсеткіштен бес жүз есе асатын залал мөлшері немесе зияткерлік меншік объектілерін пайдалану құқықтарының құны не авторлық құқық және (немесе) сабақтас құқықтар объектілері даналарының немесе өнертабыстар, пайдалы модельдер, өнеркәсiптiк үлгiлер, селекциялық жетiстiктер немесе интегралдық микросхемалар топологиялары қамтылған тауарлардың құны; 214-бапта - сомасы он мың айлық есептік көрсеткіштен асатын табыс; 214, 221, 237, 238, 239, 240, 242 және 243-баптарда - азаматқа айлық есептік көрсеткіштен бір мың есе асатын сомада келтірілген залал не ұйымға немесе мемлекетке айлық есептік көрсеткіштен он мың есе асатын сомада келтірілген залал;
215 және 216-баптарда - азаматқа айлық есептiк көрсеткiштен бiр мың есе асатын сомада келтiрiлген залал не ұйымға немесе мемлекетке айлық есептiк көрсеткiштен жиырма мың есе асатын сомада келтiрiлген залал; 217-бапта - сомасы бір мың айлық есептік көрсеткіштен асатын табыс;
218-бапта - жиырма мың айлық есептік көрсеткіштен асатын сомаға қылмыстық жолмен алынған ақша және (немесе) өзге мүлік; 219, 222, 223, 224, 225, 226, 227, 228 және 241-баптарда - азаматқа айлық есептік көрсеткіштен бір жүз есе асатын сомада келтірілген залал не ұйымға немесе мемлекетке айлық есептік көрсеткіштен бір мың есе асатын сомада келтірілген залал; 220, 229, 230-баптарда - айлық есептік көрсеткіштен он мың есе асатын сомадағы залал; 221-бапта - сомасы жиырма мың айлық есептік көрсеткіштен асатын табыс; 231-бапта - қолдан жасалған банкноттардың, монеталардың, бағалы қағаздардың, шетел валютасының айлық есептік көрсеткіштен бес жүз есе асатын құны; 234-бапта - алып өткізілген тауарлардың бес мың айлық есептік көрсеткіштен асатын құны; 235-бапта - ұлттық және шетел валютасында қайтарылмаған қаражаттың он бес мың айлық есептік көрсеткіштен асатын сомасы; 236-бапта - төленбеген кедендік төлемдердің бес мың айлық есептік көрсеткіштен асатын құны; 244-бапта - бюджетке түспеген төлемдердің екі мың айлық есептік көрсеткіштен асатын сомасы; 245-бапта - бюджетке түспеген төлемдердің жиырма мың айлық есептік көрсеткіштен асатын сомасы;
247-бапта - үш жүз айлық есептік көрсеткіштен асатын, адам алған сома немесе оған көрсетілген қызметтер құны; 253-бапта - бес жүз айлық есептік көрсеткіштен асатын ақша сомасы, бағалы қағаздардың, өзге де мүліктің немесе мүліктік сипаттағы пайданың құны; 258-бапта - бір мың айлық есептік көрсеткіштен асатын ақша сомасы, мүліктің, мүліктік сипаттағы пайданың, көрсетілген қызметтердің құны; 274-бапта - азаматқа айлық есептiк көрсеткiштен бiр мың есе асатын сомада келтiрiлген залал не ұйымға немесе мемлекетке айлық есептiк көрсеткiштен он мың есе асатын сомада келтiрiлген залал; 292-бапта - жеке тұлғаға айлық есептiк көрсеткiштен бес жүз есе асатын сомада келтiрiлген залал не ұйымға немесе мемлекетке айлық есептiк көрсеткiштен бiр мың есе асатын сомада келтiрiлген залал; 307-бапта - сомасы бір мың айлық есептік көрсеткіштен асатын табыс; 323-бапта - жалған жасалған дәрілік заттардың, медициналық мақсаттағы бұйымдардың немесе медициналық техниканың бір мың айлық есептік көрсеткіштен асатын құны; 324, 325, 326, 328, 329, 330, 332, 333, 334, 335, 337, 338, 340, 341 және 343-баптарда - қоршаған ортаны және табиғи ресурстардың тұтынушылық қасиеттерін қалпына келтіру үшін қажетті шығындардың бір мың айлық есептік көрсеткіштен асатын мөлшердегі құндық көрінісі; 344-бапта - екі мың айлық есептік көрсеткіштен асатын залал мөлшері; 350, 354, 355 және 356-баптарда - азаматқа айлық есептік көрсеткіштен бір жүз есе асатын мөлшерде келтірілген залал не ұйымға немесе мемлекетке айлық есептік көрсеткіштен бес жүз есе асатын мөлшерде келтірілген залал; 365-бапта - азаматқа айлық есептік көрсеткіштен бір жүз есе асатын сомада келтірілген залал не ұйымға немесе мемлекетке айлық есептік көрсеткіштен бір мың есе асатын сомада келтірілген залал; 366 және 367-баптарда - үш мыңнан асатын, он мың айлық есептік көрсеткішке дейінгі ақша сомасы, бағалы қағаздардың, өзге де мүліктің немесе мүліктік сипаттағы пайданың құны; 399-бапта - арнайы техникалық құралдардың бес мың айлық есептік көрсеткіштен асатын құны; өзге баптарда - айлық есептік көрсеткіштен бес жүз есе асатын сомадағы залал мөлшері;
39) экстремистік қылмыстар - осы Кодекстің 174, 179, 180, 181, 182, 184, 258, 259, 260, 267, 404 (екінші және үшінші бөліктерінде) және 405-баптарында көзделген іс-әрекеттер;
40) экстремистік топ - бір немесе бірнеше экстремистік қылмыс жасау мақсатын көздейтін ұйымдасқан топ;
41) электрондық жеткізгіш - есептеу техникасы құралдарының көмегімен өңделетін ақпаратты жазу, сақтау және тыңдап-көрсету үшін пайдаланылатын материалдық жеткізгіш.
4-бап. Қылмыстық жауаптылықтың негiзi
Қылмыстық құқық бұзушылықтар жасау, яғни осы Кодексте көзделген қылмыс не қылмыстық теріс қылық құрамының барлық белгiлерi бар іс-әрекеттер қылмыстық жауаптылықтың бiрден-бiр негiзi болып табылады. Дәл сол бiр қылмыстық құқық бұзушылық үшiн ешкiмді де қылмыстық жауаптылыққа қайталап тартуға болмайды. Қылмыстық заңды ұқсастығы бойынша қолдануға жол берiлмейдi.
5-бап. Қылмыстық заңның уақыт бойынша қолданылуы
Іс-әрекеттiң қылмыстылығы мен жазаланушылығы сол іс-әрекет жасалған уақытта қолданыста болған заңмен айқындалады. Қоғамға қауiптi әрекет (әрекетсiздiк) жүзеге асырылған уақыт, зардаптардың туындаған уақытына қарамастан, қылмыстық құқық бұзушылық жасалған уақыт деп танылады.
6-бап. Қылмыстық заңның керi күшi
1. Іс-әрекеттің қылмыстылығын немесе жазаланушылығын жоятын, қылмыстық құқық бұзушылық жасаған адамның жауаптылығын немесе жазасын жеңiлдететiн немесе жағдайын өзге де түрде жақсартатын заңның керi күшi болады, яғни осындай заң қолданысқа енгізілгенге дейiн тиiстi іс-әрекетті жасаған адамдарға, оның iшiнде жазасын өтеп жүрген немесе жазасын өтеген, бiрақ сотталғандығы бар адамдарға қолданылады.
2. Егер жаңа қылмыстық заң адамның жазасын өтеп жүрген іс-әрекеті үшін жазаланушылықты жеңiлдетсе, онда тағайындалған жаза жаңадан шығарылған қылмыстық заң санкциясының шегiнде қысқартылуға жатады.
3. Іс-әрекеттің қылмыстылығын немесе жазаланушылығын белгiлейтiн, осы іс-әрекеттi жасаған адамның жауаптылығын немесе жазасын күшейтетiн немесе жағдайын өзге де түрде нашарлататын заңның керi күшi болмайды.
7-бап. Қылмыстық заңның Қазақстан Республикасының аумағында қылмыстық құқық бұзушылық жасаған адамдарға қатысты қолданылуы
1. Қазақстан Республикасының аумағында қылмыстық құқық бұзушылық жасаған адам осы Кодекс бойынша жауаптылыққа жатады.
2. Қазақстан Республикасының аумағында басталған немесе жалғастырылған не аяқталған іс-әрекет Қазақстан Республикасының аумағында жасалған қылмыстық құқық бұзушылық деп танылады. Осы Кодекстiң күшi Қазақстан Республикасының континенттік қайраңында және айрықша экономикалық аймағында жасалған қылмыстық құқық бұзушылықтарға да қолданылады.
3. Қазақстан Республикасының портына тiркелген және Қазақстан Республикасының шегiнен тыс ашық су немесе әуе кеңiстiгiнде жүрген кемеде қылмыстық құқық бұзушылық жасаған адам, егер Қазақстан Республикасының халықаралық шартында өзгеше көзделмесе, осы Кодекс бойынша қылмыстық жауаптылыққа жатады. Қазақстан Республикасының әскери кораблiнде немесе әскери әуе кемесiнде қылмыстық құқық бұзушылық жасаған адам да, өзінің қай жерде болғанына қарамастан, осы Кодекс бойынша қылмыстық жауаптылықта болады.
4. Шет мемлекеттердiң дипломатиялық өкiлдерiнiң және иммунитеттi пайдаланатын өзге де азаматтардың қылмыстық жауаптылығы туралы мәселе осы адамдар Қазақстан Республикасының аумағында қылмыстық құқық бұзушылық жасаған жағдайда, халықаралық құқық нормаларына сәйкес шешiледi.
8-бап. Қылмыстық заңның Қазақстан Республикасының шегiнен тысқары жерде қылмыстық құқық бұзушылық жасаған адамдарға қатысты қолданылуы
1. Қазақстан Республикасының шегiнен тысқары жерде қылмыстық құқық бұзушылық жасаған Қазақстан Республикасының азаматтары, егер олар жасаған іс-әрекет аумағында сол іс-әрекет жасалған мемлекетте қылмыстық жазаланады деп танылса және егер осы адамдар басқа мемлекетте сотталмаған болса, осы Кодекс бойынша қылмыстық жауаптылыққа жатады. Аталған адамдарды соттаған кезде жазаны аумағында қылмыстық құқық бұзушылық жасалған мемлекеттiң заңында көзделген санкцияның жоғары шегiнен асыруға болмайды. Қазақстан Республикасының аумағында жүрген шетелдіктер мен азаматтығы жоқ адамдарды Қазақстан Республикасының халықаралық шартына сәйкес қылмыстық жауаптылыққа тарту немесе жазасын өтеу үшін шет мемлекетке беруге болмайтын жағдайларда, олар да осы негіздерде жауаптылықта болады.
Осы Кодекстің ережелері, егер Қазақстан Республикасының халықаралық шартында өзгеше белгіленбесе, террористік немесе экстремистік қылмыс не бейбітшілік пен адамзат қауіпсіздігіне қарсы қылмыс жасалған жағдайларда, Қазақстан Республикасының азаматтарына, Қазақстан Республикасының аумағында тұрақты тұратын азаматтығы жоқ адамдарға қатысты қылмыстың жасалған жеріне қарамастан қолданылады.
2. Адамның басқа мемлекеттiң аумағында сотталғандығының және қылмыстық жазаланатын іс-әрекет жасауының өзге де қылмыстық-құқықтық салдарының, егер Қазақстан Республикасының халықаралық шартында өзгеше көзделмесе немесе егер басқа мемлекеттiң аумағында жасалған қылмыстық жазаланатын іс-әрекет Қазақстан Республикасының ұлттық мүдделерiн қозғамаса, осы адамның Қазақстан Республикасының аумағында жасаған қылмыстық құқық бұзушылығы үшiн қылмыстық жауаптылығы туралы мәселенi шешу үшiн қылмыстық-құқықтық мәнi болмайды.
3. Қазақстан Республикасының шегінен тысқары жерде орналасқан оның әскери бөлiмдерiнiң әскери қызметшiлерi шет мемлекеттiң аумағында жасаған қылмыстық құқық бұзушылықтар үшiн, егер Қазақстан Республикасының халықаралық шартында өзгеше көзделмесе, осы Кодекс бойынша қылмыстық жауаптылықта болады.
4. Қазақстан Республикасының шегiнен тысқары жерде қылмыс жасаған, сондай-ақ Қазақстан Республикасының аумағында тұрақты тұрмайтын шетелдiктер, азаматтығы жоқ адамдар, егер осы іс-әрекет Қазақстан Республикасының мүдделерiне қарсы бағытталған жағдайларда және Қазақстан Республикасының халықаралық шартында көзделген жағдайларда, егер олар басқа мемлекетте сотталмаған болса және Қазақстан Республикасының аумағында қылмыстық жауаптылыққа тартылатын болса, осы Кодекс бойынша қылмыстық жауаптылыққа жатады.
9-бап. Қылмыстық құқық бұзушылық жасаған адамдарды ұстап беру
1. Басқа мемлекеттiң аумағында қылмыстық құқық бұзушылық жасаған Қазақстан Республикасының азаматтары, егер Қазақстан Республикасының халықаралық шартында өзгеше белгiленбесе, ұстап беруге жатпайды.
2. Қазақстан Республикасының шегiнен тысқары жерде қылмыс жасаған және Қазақстан Республикасының аумағында жүрген шетелдiктер мен азаматтығы жоқ адамдар Қазақстан Республикасының халықаралық шартына сәйкес қылмыстық жауаптылыққа тарту немесе жазасын өтеу үшiн шет мемлекетке ұстап берiлуi мүмкiн.
3. Ешкімді де шет мемлекетке, егер сол мемлекетте оған азаптау, зорлық-зомбылық, басқа да қатыгездік немесе адамдық қадір-қасиетін қорлайтындай жәбір көрсету немесе жазалау қатері бар деп пайымдауға айтарлықтай негіздер болса, сондай-ақ өлім жазасын қолдану қаупі жағдайында, егер Қазақстан Республикасының шарттарында өзгеше көзделмесе, ұстап беруге болмайды.
2-БӨЛІМ. ҚЫЛМЫСТЫҚ ҚҰҚЫҚ БҰЗУШЫЛЫҚТАР
10-бап. Қылмыс және қылмыстық теріс қылық ұғымдары
1. Қылмыстық құқық бұзушылықтар қоғамға қауіптілік және жазаланушылық дәрежесіне қарай қылмыстар және қылмыстық теріс қылықтар болып бөлінеді.
2. Осы Кодексте айыппұл салу, түзеу жұмыстары, бас бостандығын шектеу, бас бостандығынан айыру немесе өлім жазасы түріндегі жазалау қатерімен тыйым салынған айыпты жасалған, қоғамға қауіпті іс-әрекет (әрекет немесе әрекетсіздік) қылмыс деп танылады.
3. Қылмыстық теріс қылық деп қоғамға зор қауіп төндірмейтін, болмашы зиян келтірген не адамның жеке басына, ұйымға, қоғамға немесе мемлекетке зиян келтіру қатерін туғызған, оны жасағаны үшін айыппұл салу, түзеу жұмыстары, қоғамдық жұмыстарға тарту, қамаққа алу түріндегі жаза көзделген, айыпты жасалған іс-әрекет (әрекет не әрекетсіздік) танылады.
4. Осы Кодекстiң Ерекше бөлiгiнде көзделген, формальды түрде, қандай да бiр іс-әрекеттiң белгiлерi бар, бірақ маңызы жағынан болмашы болғандықтан, қоғамға қауiп төндірмейтін әрекет немесе әрекетсiздiк қылмыстық құқық бұзушылық болып табылмайды.
11-бап. Қылмыс санаттары
1. Қылмыстар сипаты мен қоғамға қауiптiлiк дәрежесiне қарай онша ауыр емес қылмыстар, ауырлығы орташа қылмыстар, ауыр қылмыстар және аса ауыр қылмыстар деп бөлiнедi.
2. Жасалғаны үшiн осы Кодексте көзделген ең ауыр жаза бас бостандығынан айыру екi жылдан аспайтын қасақана жасалған іс-әрекеттер, сондай-ақ жасалғаны үшiн осы Кодексте көзделген ең ауыр жаза бас бостандығынан айыру бес жылдан аспайтын абайсызда жасалған іс-әрекеттер онша ауыр емес қылмыстар деп танылады.
3. Жасалғаны үшiн осы Кодексте көзделген ең ауыр жаза бас бостандығынан айыру бес жылдан аспайтын қасақана жасалған іс-әрекеттер, сондай-ақ жасалғаны үшiн бес жылдан астам мерзiмге бас бостандығынан айыру түрiндегi жаза көзделген абайсызда жасалған іс-әрекеттер ауырлығы орташа қылмыстар деп танылады.
4. Жасалғаны үшiн осы Кодексте көзделген ең ауыр жаза бас бостандығынан айыру он екi жылдан аспайтын қасақана жасалған іс-әрекеттер ауыр қылмыстар деп танылады.
5. Жасалғаны үшiн осы Кодексте он екi жылдан астам мерзiмге бас бостандығынан айыру, өмір бойына бас бостандығынан айыру немесе өлiм жазасы түрiндегi жаза көзделген қасақана жасалған іс-әрекеттер аса ауыр қылмыстар деп танылады.
12-бап. Қылмыстық құқық бұзушылықтардың бiрнеше рет жасалуы
1. Осы Кодекстiң Ерекше бөлiгiнiң дәл сол бiр бабында немесе бабының бөлiгiнде көзделген екi немесе одан да көп іс-әрекеттi жасау қылмыстық құқық бұзушылықтардың бiрнеше рет жасалуы деп танылады. Қылмыс және қылмыстық теріс қылық өзара бірнеше рет жасалуды құрамайды.
2. Егер адам бұрын жасаған қылмыстық құқық бұзушылығы үшін сотталған не заңда белгіленген негіздер бойынша қылмыстық жауаптылықтан босатылған болса, қылмыстық құқық бұзушылық бірнеше рет жасалған деп танылмайды.
3. Жалғасатын қылмыстық құқық бұзушылық, яғни бiр пиғылмен және бiр мақсатпен ұштасып, тұтас алғанда бiр қылмыстық құқық бұзушылықты құрайтын, құқыққа қарсы бiрқатар бiрдей іс-әрекеттерден тұратын қылмыстық құқық бұзушылық бiрнеше рет жасалған қылмыстық құқық бұзушылық деп танылмайды.
4. Қылмыстардың бірнеше рет жасалуы осы Кодексте неғұрлым қатаң жазаға әкеп соғатын мән-жай ретiнде көзделген жағдайларда, адамның жасаған қылмыстары осы Кодекстiң Ерекше бөлiгiнiң қылмыстарды бiрнеше рет жасағаны үшiн жаза көзделетiн бабының тиiстi бөлiгi бойынша сараланады.