5) уәкілетті органға сәйкестікті растау жөніндегі органның шешімдеріне және (немесе) әрекеттеріне (әрекетсіздігіне) шағым жасауға, уәкілетті органның шешімімен келіспеген не Қазақстан Республикасының заңында белгіленген мерзімде жауап алмаған жағдайда сотқа шағым жасауға құқығы бар.
7. Сәйкестік туралы декларацияны қабылдайтын тұлға:
1) сәйкестікті декларациялауды жүргізуге және сәйкестік туралы декларацияларды тіркеуге қатысты сәйкестікті бағалау қағидаларының және (немесе) Еуразиялық экономикалық одақ шешімдерінің талаптарын орындауға;
2) өзіне қатысты сәйкестік туралы декларация қабылданған және тіркелген өнімнің техникалық регламенттерде белгіленген талаптарға сәйкестігін қамтамасыз етуге;
3) егер өзіне қатысты тіркелген сәйкестік туралы декларациясы бар өнім техникалық регламенттердің талаптарына сәйкес келмесе, осы өнімді айналысқа шығаруды тоқтата тұруға немесе тоқтатуға міндетті.
8. Сериялы шығарылатын өнім Қазақстан Республикасының аумағына әкелінген кезде дайындаушы уәкілеттік берген тұлға қабылдаған сәйкестік туралы декларация танылады.
Партиялармен шығарылатын өнім Қазақстан Республикасының аумағына әкелінген кезде импорттаушы қабылдаған сәйкестік туралы декларация танылады.
9. Сәйкестігі міндетті растауға жататын, техникалық реттеу тізілімінде немесе Еуразиялық экономикалық одақтың сәйкестікті бағалау туралы берілген немесе қабылданған құжаттарының бірыңғай тізілімдерінде өздері туралы мәліметтер жоқ өнім айналысқа шығарылған кезде сәйкестік туралы декларацияларды Қазақстан Республикасының аумағында пайдалануға жол берілмейді.
10. Сәйкестік туралы декларацияны қабылдаған тұлға сәйкестікті растау рәсімінен өткен, техникалық регламенттерде белгіленген талаптарға сай келмейтін және сәйкестік туралы декларацияда көрсетілген мәліметтерге сәйкес келмейтін өнімді айналысқа шығарғаны үшін Қазақстан Республикасының заңдарында белгіленген жауаптылықта болады.
11. Осы баптың 1-тармағының ережелері Еуразиялық экономикалық одақтың тиісті техникалық регламентінде көзделген ерекшеліктермен бірге көлік құралы типі конструкциясының қауіпсіздігі туралы куәліктің, көлік құралы типін мақұлдаудың иелеріне қатысты қолданылады.
18-бап. Техникалық реттеу тізілімі
1. Техникалық реттеу тізілімі рұқсаттар және хабарламалар саласындағы мемлекеттік органдардың, жеке және заңды тұлғалардың, басқа да орталық және жергілікті атқарушы органдардың, «Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясының, сондай-ақ Еуразиялық экономикалық одақтың сәйкестікті бағалау туралы берілген немесе қабылданған құжаттарының бірыңғай тізілімдерінің деректері мен мәліметтері негізінде қалыптастырылады.
2. Техникалық реттеу тізілімінің деректеріне оны пайдаланушылардың қол жеткізуі уәкілетті органның веб-порталы арқылы жүзеге асырылады.
3. Тізілімді қалыптастыру, жүргізу және қолдап отыру мыналарды қамтиды:
1) техникалық реттеудің ақпараттық жүйесі арқылы техникалық реттеу тізілімін жүргізу, оның деректерін беру және сақтау;
2) Қазақстан Республикасының заңдарына сәйкес техникалық реттеудің ақпараттық жүйесіне енгізілген ақпаратты алу құқығына ие мемлекеттік органдарға мәліметтер мен ақпарат беру;
3) пайдаланушыларға техникалық реттеудің ақпараттық жүйесі арқылы электрондық қызметтер көрсету;
4) техникалық реттеу тізілімінен мәліметтер мен ақпаратты жариялау;
5) Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес өзге де функциялар.
2-тарау. ТЕХНИКАЛЫҚ РЕГЛАМЕНТТЕР
19-бап. Жалпы ережелер
1. Техникалық регламенттер осы Заңның 4-бабының 1-тармағында көзделген мақсаттарда әзірленеді және қолданылады.
2. Қабылданған және қолданысқа енгізілген Қазақстан Республикасы техникалық регламенттерінің және Еуразиялық экономикалық одақ техникалық регламенттерінің талаптары барлық техникалық реттеу субъектісінің сақтауы үшін міндетті болып табылады.
3. Техникалық регламенттерде белгіленген талаптар міндетті болып табылады, Қазақстан Республикасының бүкіл аумағында тікелей қолданыста болады және тиісті техникалық регламенттерге өзгерістер және (немесе) толықтырулар енгізу арқылы өзгертілуі мүмкін.
4. Өздеріне қатысты Еуразиялық экономикалық одақтың техникалық регламенттері қолданысқа енгізілмеген өнім және (немесе) өнімге қойылатын талаптармен байланысты әзірлеу, жобалау, іздестіру, өндіру, салу, монтаждау, баптау, пайдаға асыру (пайдалану), сақтау, тасымалдау (тасу), өткізу және кәдеге жарату процестері үшін Қазақстан Республикасы техникалық регламенттерінің және Қазақстан Республикасының өзге де нормативтік құқықтық актілерінің не Еуразиялық экономикалық комиссия шешімдерінің талаптары қолданылады.
5. Қазақстан Республикасында Еуразиялық экономикалық одақтың кедендік аумағынан тыс жерге экспортқа өткізуге арналған өнім өндірілген кезде, егер сыртқы сауда шартының талаптарында Қазақстан Республикасының техникалық регламенттерінде немесе Еуразиялық экономикалық одақтың техникалық регламенттерінде белгіленгеннен өзгеше техникалық талаптар айқындалса, осындай шарттың талаптары қолданылады.
6. Процестерге техникалық регламенттерде айқындалған талаптар осы Заңның 4-бабының 1-тармағында көзделген мақсаттарға жетуге әсер ете алатын жағдайда ғана белгіленеді және қолданылады.
7. Техникалық регламенттерде белгіленген талаптар кәсіпкерлік қызмет үшін осы Заңның 4-бабының 1-тармағында көзделген мақсаттарды орындау үшін қажет дәрежеден артық кедергі келтірмеуге тиіс.
8. Техникалық регламент осы Заңның 4-бабының ережелеріне, мемлекеттік саясат мүдделеріне, материалдық-техникалық базаның дамуына және ғылыми-техникалық даму деңгейіне, сондай-ақ Қазақстан Республикасы ратификациялаған халықаралық шарттарға сәйкес келмеген жағдайда, техникалық регламентті қабылдаған мемлекеттік орган осындай нормативтік құқықтық актінің күшін жою немесе оған өзгерістер енгізу рәсімін бастауға міндетті.
9. Техникалық регламентте өтпелі кезең уақыты белгіленетін, оны қолданысқа енгізудің мерзімі мен шарттары көзделуге тиіс, бұл кезең ішінде техникалық регламентті қолданысқа енгізуге, нормативтік техникалық құжаттаманы әзірлеуге және (немесе) оған өзгерістер және (немесе) толықтырулар енгізуге арналған мәселелер, сондай-ақ өнімді шығаруға байланысты мәселелер ескерілуге тиіс.
10. Егер өнімді өндіру кезінде өзара байланысты стандарттар пайдаланылса, техникалық регламенттердің талаптары орындалды деп есептеледі.
Өзара байланысты стандарттарды талдауды және жүйелендіруді Стандарттау жөніндегі ұлттық орган Қазақстан Республикасының стандарттау саласындағы заңнамасына сәйкес жүзеге асырады.
Өнім өндіру кезінде стандарттау жөніндегі құжаттар техникалық регламенттерде белгіленген талаптар мен нормалардың орындалуы қамтамасыз етілген жағдайда пайдаланылуы мүмкін.
11. Техникалық регламенттерде өнімнің сәйкестігін растау схемалары болмаған кезде олар ұлттық стандарттарда айқындалады.
20-бап. Техникалық регламенттердің мазмұны
1. Техникалық регламенттер зиян келтіру тәуекелінің дәрежесін ескере отырып, өнімдердің, осы өнімдерге қойылатын талаптармен байланысты процестердің қауіпсіздігін қамтамасыз ететін ең аз қажетті талаптарды белгілейді.
2. Техникалық регламентте:
1) оның талаптары қолданылатын өнімдердің, процестердің толық тізбесі;
2) техникалық регламентті қабылдау мақсаттарына қол жеткізуді қамтамасыз ететін өнімнің сипаттамаларына, процестерге қойылатын талаптар қамтылуға тиіс.
Техникалық регламентте өнімнің сынамаларын іріктеп алу және сынақтардан өткізу қағидалары, сәйкестікті бағалау нысандары мен схемалары және (немесе) терминологияға, қаптамаға, таңбалауға немесе затбелгі жапсыруға және оларды салу қағидаларына қойылатын талаптар қамтылуы мүмкін.
3. Техникалық регламентте зиян келтіру тәуекелінің дәрежесі ескеріле отырып, конструкциясына және орындалуына қойылатын талаптардың болмауына байланысты осы Заңның 4-бабының 1-тармағында көзделген мақсаттарға қол жеткізу қамтамасыз етілмейтін жағдайларды қоспағанда, өнімнің конструкциясы мен орындалуына қойылатын талаптар қамтылмауға тиіс.
4. Халықаралық, өңірлік стандарттар мен шет мемлекеттер стандарттары, егер олар осы Заңның 4-бабының 1-тармағында көзделген мақсаттарға сәйкес келсе, техникалық регламенттерді әзірлеу кезінде негіз ретінде толық немесе ішінара қолданылуы мүмкін.
5. Ұзақ уақыт пайдаланылуы жол берілетін тәуекел дәрежесін айқындауға мүмкіндік бермейтін факторларға байланысты зиян келтірілуі мүмкін өнімге қойылатын талаптарды айқындау мүмкін болмаған жағдайда, техникалық регламентте тұтынушыға өнімнің ықтимал зияны және оған байланысты факторлар туралы хабарлауға қатысты талаптар қамтылуға тиіс.
6. Техникалық регламенттерде зиян келтіру тәуекелі дәрежесі ескеріле отырып:
1) азаматтардың жекелеген санаттарын (кәмелетке толмағандарды, жүкті әйелдерді, бала емізетін аналарды, мүгедектерді) қорғауды қамтамасыз ететін;
2) егер климаттық және географиялық ерекшеліктерге байланысты мұндай талаптардың болмауы осы Заңның 4-бабының 1-тармағында көзделген мақсаттарға қол жеткізбеуге алып келсе, Қазақстан Республикасының жекелеген әкімшілік-аумақтық бірліктерінде қолданылатын;
3) техногендік сипаттағы төтенше жағдайлар кезінде адам өмірі мен денсаулығына, Қазақстан Республикасының және басқа да шектес мемлекеттердің қоршаған ортасына қатер төндіретін трансшекаралық қауіпті өндірістік объектілерге қойылатын арнайы талаптар қамтылуы мүмкін.
7. Техникалық регламенттерде өнімдердің, процестердің қауіпсіздігін қамтамасыз ететін талаптар белгіленеді.
8. Өнімдердің қауіпсіздігіне және оларға қойылатын талаптармен байланысты өмірлік цикл процестеріне қойылатын талаптарды қамтитын техникалық регламентке қабылданған техникалық регламенттерде белгіленгеннен төмен өзгерістер мен толықтырулар енгізуге жол берілмейді.
21-бап. Техникалық регламентті әзірлеу, сараптама жасау, қабылдау, өзгерту және күшін жою ерекшеліктері
1. Техникалық регламент, техникалық регламентке өзгерістер және (немесе) толықтырулар осы Заңның ережелері ескеріле отырып, белгіленген тәртіппен әзірленеді, қабылданады және күші жойылады.
2. Техникалық регламентті әзірлеу, өзгерту, толықтыру немесе күшін жою жөніндегі ұсыныстарды құзыретіне міндетті қағидалар мен нормаларды белгілеу кіретін мемлекеттік органдар стандарттау жөніндегі техникалық комитеттердің, Қазақстан Республикасы Ұлттық кәсіпкерлер палатасының, Стандарттау жөніндегі ұлттық органның, мүдделі тараптардың ұсыныстарын ескере отырып дайындайды және уәкілетті органға береді.
3. Уәкілетті орган техникалық регламенттерді әзірлеу жөніндегі жоспардың жобасын қалыптастырады және бекітеді. Техникалық регламенттерді әзірлеу жөніндегі бекітілген жоспар бекітілген күннен бастап күнтізбелік он күн ішінде уәкілетті органның интернет-ресурсында белгіленген тәртіппен жариялануға жатады.
Техникалық регламенттерді әзірлеу жөніндегі жұмыстарды техникалық регламенттерді әзірлеу жөніндегі жоспарда көзделмеген бюджет қаражаты есебінен қаржыландыруға жол берілмейді.
4. Техникалық регламенттің жобасын әзірлеген мемлекеттік орган нормативтік құқықтық актінің жобасын әзірлеу, өзгерту және толықтыру немесе оның күшін жою жөніндегі жұмыстарды бастаған кезден бастап күнтізбелік отыз күннен кешіктірмей уәкілетті органның интернет-ресурсында техникалық регламенттің жобасын, оған өзгерістерді және (немесе) толықтыруларды әзірлеу немесе оның күшін жою туралы белгіленген нысанда хабарлама орналастырады.
5. Техникалық регламент жобасын әзірлеген мемлекеттік орган:
1) жобаны жария талқылауды ұйымдастырады;
2) алынған ескертулерді ескере отырып, жобаны пысықтайды және жалпыға ортақ пайдаланылатын ақпараттық жүйеде орналастырады;
3) сұрау салу бойынша мүдделі тараптарға техникалық регламенттің жобасына алынған ескертулерді береді;
4) қолдану нәтижесінде техникалық регламент талаптарының сақталуы қамтамасыз етілетін өзара байланысты стандарттар тізбесін, сондай-ақ техникалық регламент талаптарын қолдану мен орындау және өнім сәйкестігін бағалауды (растауды) жүзеге асыру үшін қажетті зерттеулер (сынақтар) және өлшемдер қағидалары мен әдістерін, оның ішінде үлгілерді іріктеп алу қағидаларын қамтитын стандарттар тізбесін (бұдан әрі - қағидалар мен әдістерді қамтитын стандарттар тізбесі) қалыптастырады, бұлар техникалық регламент жобасына қосымша түрінде ресімделеді.
Қолдану нәтижесінде техникалық регламент талаптарының сақталуы қамтамасыз етілетін өзара байланысты стандарттар тізбесі, егер техникалық регламент талаптары тікелей орындалуы мүмкін болса, қалыптастырылмайды.
Қағидалар мен әдістерді қамтитын стандарттар тізбесі техникалық регламентте сәйкестікті бағалауды жүргізу туралы талаптар қамтылмаған не техникалық регламент талаптарына сәйкестікті бағалау зерттеулер (сынақтар) және өлшемдер жүргізбей жүзеге асырылуы мүмкін жағдайларда, қалыптастырылмайды.
Қағидалар мен әдістерді қамтитын стандарттар тізбесіне - ұлттық стандарттар және (немесе) мемлекетаралық стандарттар, ал олар болмаған жағдайда өлшемдерді орындау әдістемелері енгізіледі, бұлар өнім сәйкестігін бағалауды (растауды) жүзеге асыру үшін міндетті болып табылады.
Қағидалар мен әдістерді қамтитын стандарттар тізбесінде техникалық регламент талаптарын қолдану мен орындау және техникалық реттеу объектілерінің сәйкестігін бағалауды жүзеге асыру үшін қажетті ұлттық стандарт, мемлекетаралық стандарт, өлшемдерді орындау әдістемелері болмаған кезде техникалық регламенттің тиісті талабы тиісті ұлттық стандарт және (немесе) мемлекетаралық стандарт, ал олар болмаған жағдайда, өлшемдерді орындау әдістемесі қағидалар мен әдістерді қамтитын стандарттар тізбесіне енгізілгеннен кейін ғана қолданысқа енгізіледі.
6. Техникалық регламенттің жобасын жария талқылау мерзімі (оны әзірлеу туралы хабарлама жарияланған күннен бастап жария талқылаудың аяқталғаны туралы хабарлама жарияланған күнге дейін) кемінде күнтізбелік алпыс күн болуға тиіс.
7. Техникалық регламенттің жобасын жария талқылаудың аяқталғаны туралы хабарлама уәкілетті органның интернет-ресурсында жариялануға және жобамен және алынған ескертулер тізбесімен танысу тәсілі туралы ақпаратты, техникалық регламенттің жобасын әзірлеген мемлекеттік органның атауын, оның пошталық және электрондық мекенжайларын қамтуға тиіс.
8. Техникалық регламент жобасының түпкілікті редакциясы Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген тәртіппен қабылдау үшін ұсынылады.
9. Техникалық регламентті қабылдау күні мен қолданысқа енгізу немесе күшін жою күні аралығында оның талаптарының сақталуын қамтамасыз ету жөніндегі іс-шараларды жүзеге асыру үшін қажетті уақыт кезеңі көзделуге тиіс.
10. Төтенше мән-жайларға (мемлекеттік органның адам өмірі мен денсаулығына, қоршаған ортаға немесе ұлттық қауіпсіздікке тікелей қатер төнуі туралы ақпараты) байланысты техникалық регламентті әзірлеу, қабылдау және қолданысқа енгізу, оның ішінде оған өзгерістер енгізу қажет болған кезде техникалық регламент хабарламаларсыз және жария талқылаусыз қабылданады.
11. Қабылданған техникалық регламент туралы хабарлама уәкілетті органның интернет-ресурсында жариялануға, сондай-ақ Қазақстан Республикасының сауда қызметін реттеу туралы заңнамасына сәйкес Дүниежүзілік сауда ұйымы мәселелері жөніндегі ақпарат орталығы арқылы Дүниежүзілік сауда ұйымының Хатшылығына жіберілуге тиіс.
3-тарау. СӘЙКЕСТІКТІ БАҒАЛАУ
22-бап. Сәйкестікті бағалау
1. Егер техникалық регламентте өзгеше белгіленбесе, айналысқа шығарылатын өнімнің техникалық регламенттердің және (немесе) стандарттау жөніндегі құжаттардың талаптарына сәйкестігін бағалау ол айналысқа шығарылғанға дейін жүзеге асырылады.
2. Сәйкестікті бағалау қағидаларында:
1) сәйкестікті бағалау нысандары, схемалары, рәсімдері;
2) сәйкестікті бағалау туралы құжаттардың нысандары, оларды ресімдеу, беру, мерзімдік бағалау, олардың қолданысын тоқтата тұру, қайта бастау және тоқтату тәртібі;
3) ерікті түрде сертификаттау жүйесін құру және қолдану, сондай-ақ тіркелген ерікті түрде сертификаттау жүйелерінің тізілімін жүргізу тәртібі және көрсетілген тізілімдегі мәліметтерді беру тәртібі белгіленеді.
23-бап. Сәйкестікті бағалау нысандары мен объектілері
1. Сәйкестікті бағалау:
1) сәйкестікті растау (сәйкестікті декларациялау және сертификаттау);
2) егер техникалық регламенттерге сәйкес сәйкестікті бағалаудың дербес нысаны болып табылса, сынақтар;
3) техникалық регламенттерде және (немесе) ұлттық стандарттарда белгіленген өзге де нысандарда жүргізіледі.
2. Мемлекеттік органдардың осы баптың 1-тармағында көзделген сәйкестікті бағалау нысандарын белгілеуі уәкілетті органмен келісуге жатады.
3. Сәйкестікті бағалау объектілері техникалық регламенттерде және (немесе) стандарттау жөніндегі құжаттарда айқындалады.
24-бап. Сәйкестікті бағалау туралы құжаттар
Сәйкестікті бағалау туралы құжаттарға мыналар жатады:
1) сәйкестік сертификаты;
2) сәйкестік туралы декларация;
3) егер сынақ техникалық регламенттерге сәйкес сәйкестікті бағалаудың дербес нысаны болып табылса, сынақтар хаттамасы;
4) жалпы қауіпсіздік туралы декларация;
5) көлік құралы конструкциясының қауіпсіздігі туралы куәлік;
6) көлік құралы типін мақұлдау;
7) шасси типін мақұлдау;
8) техникалық регламенттерде және (немесе) стандарттау жөніндегі құжаттарда тіркеу (мемлекеттік тіркеу), сынақтар, сараптама нысандарында және (немесе) өзге де нысанда белгіленген өзге де құжаттар.
25-бап. Өнімдер мен процестердің және көрсетілетін қызметтердің белгіленген талаптарға сәйкестігін растау
1. Өнімдердің техникалық регламенттерде белгіленген талаптарға сәйкестігін растау сәйкестік туралы декларацияны қабылдау нысанында және (немесе) сертификаттауды жүргізу мен сәйкестік сертификатын беру нысанында жүргізіледі.
2. Сәйкестікті растау жөніндегі жұмыстарды басқару мемлекеттік техникалық реттеу жүйесі шеңберінде жүзеге асырылады.
3. Егер техникалық регламенттерде өзгеше белгіленбесе, техникалық жағынан күрделі бұйымның міндетті талаптарға сәйкестігін растау сертификаттау нысанында жүргізіледі, техникалық жағынан күрделі бұйымның конструктивтік элементтеріне сынақтар хаттамалары ұсынылады.
4. Қазақстан Республикасының аумағында өнімдер мен процестердің сәйкестігін растау міндетті немесе ерікті сипатта болады.
5. Сәйкестікті растау схемаларында сәйкестікті анықтау тәсілдері (сынақтар, өндірістің жай-күйін талдау, сапа менеджменті жүйесін бағалау, техникалық құжаттаманы талдау, өнімді талдау) қамтылады және оларды сәйкестікті растау жөніндегі органдар және (немесе) өнім дайындаушылар сертификаттау рәсімдерін жүргізу немесе сәйкестік туралы декларацияны қабылдау кезінде қолданады.
Өнім сәйкестігін растау кезінде техникалық сарапшылар тартылуы мүмкін.
6. Шетелдік үлгідегі сәйкестікті бағалау туралы құжаттарды беретін шетелдік және халықаралық ұйымдар Қазақстан Республикасының аумағында қызметін «Рұқсаттар және хабарламалар туралы» Қазақстан Республикасының Заңында белгіленген тәртіппен қызметтің басталғаны туралы уәкілетті органды хабардар ете отырып, жүзеге асыруға құқылы.
26-бап. Сәйкестікті міндетті растау
1. Сәйкестігі міндетті растауға жататын өнім техникалық регламенттерде айқындалады.
2. Сәйкестікті міндетті растау мынадай нысандарда жүзеге асырылады:
1) сәйкестік туралы декларация қабылдау;
2) міндетті сертификаттау жүргізу.
3. Сәйкестікті міндетті растау тиісті техникалық регламентте белгіленген жағдайларда ғана және тек қана оның талаптарына сәйкестігіне жүргізіледі.
Өнімдерді сәйкестендіру мақсатында ұйымдардың стандарттарын қолдануға жол беріледі, бірақ ұйымдардың стандарттары сәйкестікті міндетті растау рәсімдерін жүргізу үшін қолданылмайды.
4. Егер техникалық регламенттерде өзгеше белгіленбесе, сәйкестікті міндетті растау объектілеріне бұрын тұтынуда болған, көрме үшін және нысаналы пайдаланбау үшін әкелінетін, сондай-ақ гуманитарлық көмек желісі бойынша берілетін өнім жатпайды.
27-бап. Өнімнің жалпы қауіпсіздігі туралы декларация
1. Өнімнің жалпы қауіпсіздігі туралы декларация Бірыңғай тізбеге енгізілмеген өнімге, сондай-ақ Бірыңғай тізбеге енгізілген, бірақ өзіне қатысты техникалық регламенттер қабылданбаған немесе қолданысқа енгізілмеген өнімге қатысты ресімделеді.
2. Өнімнің жалпы қауіпсіздігі туралы декларацияны дайындаушы, дайындаушы уәкілеттік берген тұлға, импорттаушы, сатушы ерікті негізде қабылдайды және декларацияны қабылдаған тұлғадан алынған хабарлама негізінде техникалық реттеудің ақпараттық жүйесіне енгізіледі.
3. Күші айналысқа шығарылатын өнімге қолданылатын ұлттық стандарттарды ерікті негізде қолдану өнімнің жалпы қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін жеткілікті шарт болып табылады.
4. Өнімнің жалпы қауіпсіздігі туралы декларация ұлттық стандарттарды және (немесе) стандарттау жөніндегі басқа да құжаттарды қолдану және (немесе) техникалық құжаттаманы пайдалану нәтижесінде алынған дәлелдемелердің және (немесе) зерттеулер (сынақтар) мен өлшемдердің нәтижелері негізінде қабылданады.
28-бап. Көлік құралы типін мақұлдауды, шасси типін мақұлдауды ресімдеудің дұрыстығы мен негізділігін тексеру
1. Көлік құралы типін мақұлдауды, шасси типін мақұлдауды ресімдеудің дұрыстығы мен негізділігін тексеру көлік құралы типін мақұлдауды, шасси типін мақұлдауды бекіту және тіркеу мақсатында жүзеге асырылады.
2. Сәйкестікті растау жөніндегі орган көлік құралы типін мақұлдауды, шасси типін мақұлдауды ресімдеудің дұрыстығы мен негізділігін тексеру жөніндегі қағидаларда көрсетілген құжаттардың тізбесін техникалық хатшылыққа ұсынады.
3. Техникалық хатшылық құжаттарды қарауды техникалық хатшылыққа келіп түскен күннен бастап есептелетін отыз жұмыс күні ішінде жүзеге асырады.
4. Ұсынылған құжаттар толық болмаған және (немесе) олар көлік құралы типін мақұлдауды, шасси типін мақұлдауды ресімдеудің дұрыстығы мен негізділігін тексеру жөніндегі қағидаларда белгіленген талаптарға сәйкес келмеген жағдайларда, техникалық хатшылық жазбаша уәжді бас тартуды қоса бере отырып, ұсынылған құжаттарды сәйкестікті растау жөніндегі органға күнтізбелік он бес күн ішінде қайтарады.
5. Оң шешім шығарылған жағдайда, техникалық хатшылық көлік құралы типін мақұлдауды, шасси типін мақұлдауды уәкілетті органға жібереді.
6. Техникалық хатшылық зертханалар берген, ресімдеуде және беруде бұзушылықтар бар көлік құралы конструкциясының қауіпсіздігі туралы куәліктер туралы мәліметтерді жинауды жүзеге асырады.
29-бап. Көлік құралының типін мақұлдауларды, шасси типін мақұлдауларды бекіту және тіркеу
1. Көлік құралы типін мақұлдауларды, шасси типін мақұлдауларды бекіту және тіркеу көлік құралы типін мақұлдауларды, шасси типін мақұлдауларды бекіту және тіркеу жөніндегі қағидаларға сәйкес жүзеге асырылады.
2. Техникалық хатшылық көлік құралы типін мақұлдауларды, шасси типін мақұлдауларды бекіту және тіркеу үшін уәкілетті органға ұсынады.
3. Уәкілетті орган көлік құралы типін мақұлдауларды, шасси типін мақұлдауларды бекітуді және тіркеуді олар уәкілетті органға келіп түскен күннен бастап есептелетін күнтізбелік он күн ішінде жүзеге асырады.
30-бап. Көлік құралдарын жасаушыларға халықаралық сәйкестендіру кодтарын беру
1. Көлік құралдарын жасаушыларға халықаралық сәйкестендіру кодтарын беруді техникалық хатшылық көлік құралдарын жасаушыларға халықаралық сәйкестендіру кодтарын беру қағидаларына сәйкес жүзеге асырады.
2. Көлік құралын жасаушы көлік құралын жасаушыға халықаралық сәйкестендіру кодын беру туралы куәлікті алу үшін көлік құралдарын жасаушыларға халықаралық сәйкестендіру кодтарын беру қағидаларына сәйкес құжаттар тізбесін техникалық хатшылыққа жібереді.
3. Көлік құралдарын жасаушыларға халықаралық сәйкестендіру кодтарын беру жөніндегі құжаттарды қарау олар техникалық хатшылыққа келіп түскен күннен бастап есептелетін күнтізбелік отыз күн ішінде жүзеге асырылады.
4. Көлік құралын жасаушыға құжаттарды қарау нәтижелері бойынша көлік құралын жасаушыға халықаралық сәйкестендіру кодын беру туралы куәлік беріледі.
31-бап. Өнім дайындаушылардың, импорттаушылардың, дайындаушы уәкілеттік берген тұлғалардың, сатушылардың сәйкестікті растау саласындағы құқықтары мен міндеттері
1. Өнім дайындаушылар, импорттаушылар, дайындаушы уәкілеттік берген тұлғалар және сатушылар:
1) осы өнім үшін көзделген, техникалық регламенттерде белгіленген талаптарға сәйкестікті растау нысаны мен схемаларын таңдауға;
2) аккредиттеу саласы өтінім берілетін өнімге қолданылатын сәйкестікті растау жөніндегі кез келген органға жүгінуге;
3) егер таңдап алынған сәйкестікті растау схемасында көзделсе, сәйкестігі міндетті растаудан өткен өнімге сәйкестік белгісін қолдануға;
4) Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес аккредиттеу субъектілерінің құқыққа сыйымсыз әрекеттеріне шағым жасай отырып, уәкілетті органға жүгінуге;
5) өзінің құқықтары мен заңды мүдделерін қорғау үшін сотқа жүгінуге құқылы.