10. Білім беру ұйымы:
1) пайда алушының оқуға қабылдануы, ауысуы, академиялық демалысты ресімдеуі, академиялық демалыстан оралуы, оқуға қайта қабылдануы, білім беру ұйымынан шығарылуы, оның ішінде оқуды бітіруге байланысты шығарылуы туралы қатысушы-сақтандыру ұйымын және операторды тиісті құжаттардың көшірмелерін жіберу арқылы олар қабылданған күннен бастап үш жұмыс күнінен кешіктірілмейтін мерзімде хабардар етеді;
2) сақтанушының, пайда алушының немесе қатысушы-сақтандыру ұйымының сұрау салуы бойынша талап етілетін академиялық кезеңге оқу құны немесе анықтама берілетін күнге толық оқу құны туралы анықтама береді;
3) оператордың сұрау салуы бойынша білім беру ұйымында білім алатын пайда алушы туралы қажетті мәліметтерді ұсынады;
4) пайда алушы басқа білім беру ұйымына ауысқан кезде, қабылдайтын білім беру ұйымының шотына білім беру қызметтеріне төленген ақының қалдығын аударады, бұл туралы операторды, қатысушы-сақтандыру ұйымын үш жұмыс күні ішінде хабардар етеді.
11. Білім беру ұйымы пайда алушының оқуы үшін алған сома мен оқудан шығару туралы бұйрық шыққан күнге нақты алынған білім беру қызметтері құнының сомасы арасындағы айырма білім беру қызметтеріне төленген ақының қалдығы болып табылады.
12. Пайда алушы білім беру ұйымынан оқудан шығарылған кезде білім беру қызметтеріне пайдаланылмаған соманы білім беру ұйымы оқудан шығару туралы бұйрық шыққан күннен бастап бес жұмыс күні ішінде қатысушы-сақтандыру ұйымының банктік шотына аударуға тиіс.
5-тарау. ҚОРЫТЫНДЫ ЕРЕЖЕЛЕР
19-бап. Мемлекеттік білім беру жинақтау жүйесiн мемлекеттік қолдау
1. Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес білім беру жинақтау салымы жеке тұлғалардың депозиттеріне міндетті кепілдік беру объектісі болып табылады.
2022.12.07. № 138-VІІ ҚР Заңымен 1-1-тармақпен толықтырылды (2022 ж. 12 қыркүйектен бастап қолданысқа енгізілді)
1-1. Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес мемлекеттік білім беру жинақтау жүйесі шеңберінде өмірді сақтандыру сақтандырудың кепілдік берілген түрлеріне жатады.
2. Мемлекеттік білім беру жинақтау жүйесi шеңберінде салымшы білім беру кредитін жеңілдетілген шарттармен алуға өтініш білдіруге құқылы. Білім беру кредиті қарыз алушыға жинақталған сома оқу ақысын толық көлемде төлеу үшін қажетті соманың кем дегенде елу пайызы мөлшерін құраған кезде білім беру ұйымында оқу құнының ұлғаю сомасына оны түзету мүмкіндігімен қалған сомаға кредитордың кредиттік желі ашуы арқылы мемлекет уәкілеттік берген ұйымның жүз пайыз кепілдігімен беріледі.
20-бап. Осы Заңды қолданысқа енгізу тәртібі
Осы Заң алғашқы ресми жарияланғанынан кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі.
Қазақстан Республикасының
Президенті
Н. НАЗАРБАЕВ
Астана, Ақорда, 2013 жылғы қаңтардың 14-і.
№ 67-V