737-бап. Әкiмшiлiк құқық бұзушылық туралы iстер бойынша іс жүргiзу мiндеттерi
Әкiмшiлiк құқық бұзушылық туралы iстер бойынша iс жүргiзу мiндеттерi:
1) әрбiр iстiң мән-жайларын уақтылы, жан-жақты, толық және объективтi анықтау, оны осы Кодекске сәйкес шешу;
2) іс жүргізуге қатысушылардың құқықтары мен міндеттерінің іске асырылуын қамтамасыз ету;
3) әкiмшiлiк құқық бұзушылықтар жасауға ықпал еткен себептер мен жағдайларды анықтау;
2017.28.12. № 127-VІ ҚР Заңымен 4) тармақша жаңа редакцияда (бұр.ред.қара)
4) әкімшілік құқық бұзушылық туралы іс бойынша қаулының, айыппұл төлеу қажеттігі туралы нұсқаманың орындалуын қамтамасыз ету болып табылады.
2019.30.12. № 300-VІ ҚР Заңымен 737-1-баппен толықтырылды
737-1-бап. Әкімшілік құқық бұзушылықтар туралы істер бойынша іс жүргізу нысаны
Әкімшілік құқық бұзушылықтар туралы істер бойынша іс жүргізу Әкімшілік іс жүргізудің бірыңғай тізілімі пайдаланыла отырып, қағаз және (немесе) электрондық нысандарда жүзеге асырылады.
Әкімшілік іс жүргізудің бірыңғай тізілімін жүргізу тәртібін Қазақстан Республикасының Бас Прокуроры айқындайды.
2019.30.12. № 300-VІ ҚР Заңымен 737-2-баппен толықтырылды
737-2-бап. Электрондық нысанда жасалған процестік құжаттар
Электрондық нысанда жасалған процестік құжаттар судьяның, уәкілетті органның лауазымды адамының электрондық цифрлық қолтаңбасымен куәландырылады және іс жүргізуге қатысушыларға өздері көрсеткен пошталық немесе электрондық мекенжайға жіберу арқылы не Әкімшілік іс жүргізудің бірыңғай тізілімін жүргізу тәртібінде көзделген өзге де тәсілдермен ұсынылады.
Процестік құжаттарды электрондық нысанда ұсынумен қатар іс жүргізуге қатысушыларға оларды қағаз жеткізгіште ұсынуға жол беріледі.
738-бап. Iс жүргiзу тiлi
1. Қазақстан Республикасында әкiмшiлiк құқық бұзушылық туралы iстер бойынша iс жүргiзу мемлекеттiк тiлде жүргiзiледi, ал қажет болған кезде iс жүргiзуде орыс тiлi немесе басқа да тiлдер мемлекеттiк тiлмен тең қолданылады.
2. Әкiмшiлiк құқық бұзушылық туралы iстердi қарауға уәкiлеттiк берілген судья, органдар (лауазымды адамдар) сот ісін жүргізу тілін өзгерту қажет болған кезде әкiмшiлiк құқық бұзушылық туралы iс бойынша іс жүргізу тілін өзгерту туралы уәжді қаулы шығарады.
3. Iс бойынша іс жүргiзiлiп жатқан тiлдi бiлмейтiн немесе жеткілікті бiлмейтiн iске қатысушы адамдарға ана тiлiнде немесе олар бiлетiн басқа тiлде мәлiмдемелер жасау, түсiнiктемелер мен айғақтар беру, өтiнiшхаттар мәлімдеуге, шағымдар жасау, iс материалдарымен танысу, оны қарау кезiнде сөз сөйлеу, осы Кодексте белгіленген тәртіппен аудармашының қызметтерiн тегiн пайдалану құқығы түсiндiрiледi және қамтамасыз етiледi.
4. Әкiмшiлiк құқық бұзушылық туралы iстер бойынша iс жүргiзуге қатысушы адамдарға басқа тiлде жазылған, заң бойынша оларға қажеттi iс материалдарын iс жүргiзу тiліне тегiн аударып беру қамтамасыз етiледi.
5. Құқық бұзушы мен жәбiрленушiге тапсырылуға жататын процестік құжаттар олардың ана тiлiне немесе олар бiлетiн тiлге аударылуға тиiс.
6. Аударма бойынша шығыстар және аудармашының көрсеткен қызметтерi мемлекеттiк бюджет есебiнен төленедi.
739-бап. Мерзiмдердi есептеу
1. Әкiмшiлiк құқық бұзушылық туралы істер бойынша іс жүргізу кезінде пайдаланылатын мерзiмдер сағаттармен, тәулiктермен, айлармен және жылдармен есептеледi.
2. Мерзiмдердi есептеген кезде мерзiмнің өтуі басталатын сол сағат пен тәулiк есепке алынбайды. Бұл қағиданың ұстап алу кезiндегi мерзiмдердi есептеуге қатысы жоқ.
2019.30.12. № 300-VІ ҚР Заңымен 3-бөлік өзгертілді (бұр.ред.қара)
3. Мерзiм тәулiктермен есептелетін жағдайларды қоспағанда, мерзiмдi есептеген кезде оған жұмыстан тыс уақыт та кіреді.
Әкімшілік қамаққа алу мерзімін есептеу кезінде оған жұмыстан тыс уақытта кіреді.
4. Мерзiмді тәулiктермен есептеген кезде мерзiм бірінші тәулiктiң нөл сағатынан кейiн есептеледі және мерзiмнiң соңғы тәулiгiнiң жиырма төрт сағатында бітеді.
5. Мерзiмді айлармен немесе жылдармен есептеген кезде мерзiм соңғы айдың тиiстi күнiнде бітеді, ал егер бұл айда тиiстi күні болмаса, мерзiм осы айдың соңғы күнi аяқталады. Егер мерзiмнiң аяқталуы жұмыс күні емес (демалыс, мереке) күнге келсе, әкiмшiлiк ұстап алу кезiнде мерзiмдi есептеу жағдайларын қоспағанда, онда одан кейiнгi бiрiншi жұмыс күнi мерзiмнiң соңғы күнi деп есептеледi.
740-бап. Өтiнiшхат
1. Әкiмшiлiк құқық бұзушылық туралы іс бойынша iс жүргiзуге қатысатын адамдардың, жүргiзуінде осы iс жатқан судьяның, органның (лауазымды адамның) мiндеттi түрде қарауына жататын өтiнiшхатты мәлiмдеуге құқығы бар.
2015.31.10. № 378-V ҚР Заңымен 2-бөлік жаңа редакцияда (2016 ж. 1 қаңтардан бастап қолданысқа енгiзiлдi) (бұр.ред.қара)
2. Өтiнiшхат жазбаша түрде не электрондық цифрлық қолтаңбамен куәландырылған электрондық құжат нысанында мәлiмделедi және дереу қаралуға жатады. Өтінішхатты дереу қарау мүмкін болмаған жағдайларда, мәлімделген кезден бастап үш тәуліктен кешіктірілмей бұл бойынша шешім қабылдануға тиіс.
3. Өтiнiшхатты қанағаттандыру туралы не оны қанағаттандырудан толық немесе ішінара бас тарту туралы шешiм ұйғарым түрiнде шығарылады, ол өтінішхатты мәлімдеген адамның назарына жеткізіледі.
741-бап. Әкiмшiлiк құқық бұзушылық туралы iс бойынша іс жүргiзудi болғызбайтын мән-жайлар
1. Мынадай мән-жайлардың ең болмағанда бiреуi болған кезде әкiмшiлiк құқық бұзушылық туралы іс бойынша iс жүргiзудi бастауға болмайды, ал басталған iс тоқтатылуға жатады:
1) әкiмшiлiк құқық бұзушылық оқиғасының болмауы;
2) әкiмшiлiк құқық бұзушылық құрамының болмауы,
3) әкiмшiлiк жауаптылықты белгiлейтiн заңның немесе оның жекелеген ережелерiнiң күшi жойылуы;
4) егер әкiмшiлiк жауаптылықты белгiлейтiн заңды немесе оның жекелеген ережелерiн немесе іс-әрекеттi әкiмшiлiк құқық бұзушылық ретiнде саралау соған байланысты болатын әкiмшiлiк құқық бұзушылық туралы осы iсте қолданылуға жататын өзге де нормативтiк құқықтық актiнi Қазақстан Республикасының Конституциялық Кеңесiнің конституциялық емес деп тануы;
5) әкiмшiлiк жауаптылыққа тартудың ескіру мерзiмдерiнiң өтуi;
6) әкiмшiлiк жауаптылыққа тартылатын тұлғаға қатысты нақ сол факт бойынша судьяның, органның (лауазымды адамның) әкiмшiлiк жаза қолдану туралы қаулысының не әкiмшiлiк құқық бұзушылық туралы iстi тоқтату туралы күшi жойылмаған қаулының болуы, сондай-ақ нақ сол факт бойынша тұлғаны күдікті деп тану туралы қаулының болуы;
7) өзіне қатысты іс бойынша iс жүргiзiліп жатқан жеке тұлғаның қайтыс болуы, заңды тұлғаның таратылуы;
2019.30.12. № 300-VІ ҚР Заңымен 8) тармақша жаңа редакцияда (бұр.ред.қара)
8) мыналар:
салықтың және бюджетке төленетін басқа да міндетті төлемдердің түсуін қамтамасыз ету саласында басшылықты жүзеге асыратын уәкілетті орган растаған, салық төлеушінің салықтық есептілік нысандарын электрондық түрде Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген мерзімде ұсыну жөніндегі салықтық міндеттемені орындамауына әкеп соққан;
мұнай өнімдерінің айналымы саласындағы уәкілетті орган растаған, мұнай өнімдерінің жекелеген түрлерінің айналымы жөніндегі декларацияларды, сондай-ақ ілеспе жүкқұжаттарды электрондық түрде Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген мерзімде ұсыну жөніндегі міндеттемелердің орындалмауына әкеп соққан;
этил спирті мен алкоголь өнімін өндіру және олардың айналымы саласындағы уәкілетті орган растаған, этил спирті мен алкоголь өнімін өндіру және олардың айналымы жөніндегі декларацияларды, сондай-ақ этил спирті мен алкоголь өніміне ілеспе жүкқұжаттарды электрондық түрде Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген мерзімде ұсыну жөніндегі міндеттемелердің орындалмауына әкеп соққан;
темекі өнімдерін өндіру және олардың айналымы саласындағы уәкілетті орган растаған, темекі өнімдерінің қалдықтары және (немесе) айналымы туралы декларацияларды, мониторингті жүзеге асыру үшін қажетті мәліметтерді, сондай-ақ темекі өнімдеріне ілеспе жүкқұжаттарды электрондық түрде Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген мерзімде ұсыну жөніндегі міндеттемелердің орындалмауына әкеп соққан;
биоотын айналымы саласындағы уәкілетті орган растаған, биоотын айналымы жөніндегі декларацияларды, сондай-ақ ілеспе жүкқұжаттарды электрондық түрде Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген мерзімде ұсыну жөніндегі міндеттемелердің орындалмауына әкеп соққан, бағдарламалық қамтамасыз етуде техникалық қателер туындаған жағдайда;
2019.30.12. № 300-VІ ҚР Заңымен 8-1) тармақшамен толықтырылды
8-1) кеден ісі саласындағы уәкілетті орган растаған, электрондық нысанда кедендік декларациялауға байланысты кедендік операцияларды жасау жөніндегі міндеттердің Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген мерзімде және тәртіппен орындалмауына әкеп соққан, электрондық нысанда декларациялау бойынша ақпараттық жүйенің жұмысында қателер туындаған жағдайда;
2019.30.12. № 300-VІ ҚР Заңымен 9) тармақша жаңа редакцияда (бұр.ред.қара)
9) «Қазақстан Республикасының салық, кеден заңнамасында көзделген өзге де жағдайларда;
10) Осы Кодекстің 897-бабында белгіленген тәртіппен әкімшілік айыппұл төлегенін растайтын құжаттың болуы;
11) әкімшілік жауаптылыққа тартылатын тұлғаның заңда белгіленген тәртіппен адам саудасына байланысты қылмыс туралы қылмыстық іс бойынша жәбірленуші деп танылуы;
2017.28.12. № 127-VІ ҚР Заңымен 12) тармақшамен толықтырылды
12) осы Кодекстің 64-бабында көзделген тәртіппен тараптардың татуласуына байланысты.
2017.28.12. № 127-VІ ҚР Заңымен 2-бөлік жаңа редакцияда (бұр.ред.қара)
2. Әкiмшiлiк құқық бұзушылық туралы іс бойынша iс жүргiзу, егер қосымша дәлелдер жинаудың барлық мүмкіндігі таусылса, осы баптың бiрiншi бөлiгiнiң 1) және 2) тармақшаларында көзделген негіздер бойынша әкімшілік құқық бұзушылық оқиғасының немесе әкімшілік құқық бұзушылық құрамының жоқтығы дәлелденген кезде де, сонымен бірге бар екендігі дәлелденбеген кезде де, сондай-ақ зиян келтiру құқыққа сыйымды болып табылатын не іс-әрекет осы Кодекстiң 5-тарауына сәйкес әкiмшiлiк жауаптылықты болғызбайтын мән-жайларда жасалған жағдайда тоқтатылады.
2019.21.01. № 217-VІ ҚР Заңымен 742-бап өзгертілді (бұр.ред.қара)
742-бап. Әкiмшiлiк жауаптылыққа тартпауға мүмкiндiк беретiн мән-жайлар
Осы Кодекстің 64-1-бабында көзделген жағдайда, сондай-ақ қылмыстық заңнамада көзделген қылмыстық жазаланатын іс-әрекет белгiлері болуына байланысты материал прокурорға, сотқа дейінгі іс жүргізу органына берiлген жағдайда әкiмшiлiк құқық бұзушылық туралы іс бойынша iс жүргiзу осы Кодексте көзделген тәртiппен тоқтатылуы мүмкiн.
743-бап. Хабардар ету (хабарлама)
2017.28.12. № 127-VІ ҚР Заңымен 1-бөлік жаңа редакцияда (бұр.ред.қара)
1. Әкiмшiлiк құқық бұзушылықтар туралы істер бойынша iс жүргiзуге қатысушыларға істің қаралатын немесе жекелеген процестік әрекеттердің жасалатын уақыты мен орны туралы хабарланады және олар хабардар ету арқылы (хабарламамен) сотқа, органға (лауазымды адамға) шақырылады.
Істің қаралатын уақыты мен орнын әкімшілік құқық бұзушылық туралы хаттамада да көрсетуге болады.
2015.03.12. № 432-V ҚР Заңымен 2-бөлік өзгертілді (2016 ж. 1 қаңтардан бастап қолданысқа енгізілді) (бұр.ред.қара)
2. Хабардар ету (хабарлама), оның тапсырылғаны туралы хабардар етуі бар тапсырыс хат, телефонограмма немесе жеделхат, ұялы байланыстың абоненттік нөмірі бойынша немесе электрондық мекенжай бойынша мәтіндік хабар не хабарламаның немесе шақырудың тіркелуін қамтамасыз ететін өзге де байланыс құралдарын пайдалану арқылы жіберіледі.
3. Егер істе көрсетілген мекенжай бойынша адам шын мәнінде тұрмаса, хабарлама немесе шақыру заңды мекенжайы бойынша немесе оның жұмыс орнына жіберілуі мүмкін. Заңды тұлғаға арналған хабардар ету (хабарлама) оның тұрған жері бойынша жіберіледі.
4. Хабардар ету (хабарлама):
1) әкімшілік құқық бұзушылық туралы хаттаманың тиісті бағанында әкімшілік жауаптылыққа тартылатын адамның қолы болған;
2) жеке өзіне немесе онымен бірге тұрып жатқан кәмелетке толған отбасы мүшелерінің біріне тапсырылғаны туралы жөнелтушіге қайтарылуға жататын хабардар етуге қол қойып тапсырылатын тапсырыс хатпен, жеделхатпен адам хабарланған жағдайларда тиісінше жеткізілді деп танылады. Заңды тұлғаға арналған хабарлама заңды тұлғаның басшысына немесе қызметкеріне тапсырылады, ол өзінің тегін, аты-жөні мен лауазымын көрсетіп, тапсырылғаны туралы хабардар ететін хабарламаны алғаны жөнінде қол қояды;
3) хабарланатын адам іс бойынша іс жүргізу процесінде көрсеткен және өзінің қол қоюымен растаған, ұялы байланыстың абоненттік нөмірі бойынша немесе электрондық мекенжай бойынша мәтіндік хабар жіберілген;
2014.29.12. № 272-V ҚР Заңымен 4) тармақша жаңа редакцияда (бұр.ред.қара)
4) Қазақстан Республикасының салық заңнамасында белгіленген тәртіппен электрондық салық төлеушілер ретінде тіркелген тұлғаларға мемлекеттік кіріс органы электрондық тәсілмен хабардар етуді (хабарламаны) жіберген жағдайларда тиісінше жеткізілді деп танылады.
2017.28.12. № 127-VІ ҚР Заңымен 4-1-бөлікпен толықтырылды
4-1. Айыппұл төлеу қажеттігі туралы нұсқама мынадай жағдайларда:
1) көлік құралы меншік иесінің (иесінің) жеке өзіне немесе онымен бірге тұрып жатқан кәмелетке толған отбасы мүшелерінің біріне табыс етілгені туралы жөнелтушіге қайтарылуға жататын хабардар етуге қол қойып табыс етілетін тапсырыс хатпен жіберілген жағдайда, тиісінше жеткізілген деп танылады. Заңды тұлғаға жіберілген айыппұл төлеу қажеттігі туралы нұсқама заңды тұлғаның басшысына немесе қызметкеріне табыс етіледі, ол өзінің тегін, аты-жөні мен лауазымын көрсетіп, табыс етілгені туралы хабардар етуге нұсқаманы алғаны жөнінде қол қояды;
2) адресат айыппұл төлеу қажеттігі туралы нұсқаманы алудан бас тартқан жағдайда, тиісінше жеткізілген деп танылады. Бұл ретте оны жеткізуші адам табыс етілгені туралы хабардар етуге тиісті белгі жасайды, ол нұсқамамен бірге жөнелтушіге қайтарылады;
2019.30.12. № 300-VІ ҚР Заңымен 3) тармақша өзгертілді (бұр.ред.қара)
3) лауазымды адам айыппұл төлеу қажеттігі туралы нұсқаманы көлік құралы меншік иесінің (иесінің) жеке өзіне немесе онымен бірге тұрып жатқан кәмелетке толған отбасы мүшелерінің біріне қол қойғызып тікелей табыс еткен;
2019.30.12. № 300-VІ ҚР Заңымен 4) тармақшамен толықтырылды
4) айыппұл төлеу қажеттігі туралы өзінің атына шығарылған нұсқамалар туралы хабарламаларды алу үшін «электрондық үкімет» веб-порталында және (немесе) құқықтық статистика және арнайы есепке алу саласындағы уәкілетті органның ақпараттық сервисінде көлік құралының меншік иесі (иесі) көрсеткен ұялы байланыстың абоненттік нөміріне мәтіндік хабар жеткізілген жағдайда, тиісінше жеткізілді деп танылады.
5. Өзіне қатысты әкімшілік құқық бұзушылық туралы іс бойынша іс жүргізу жүзеге асырылатын адам өзі көрсеткен тұрғылықты жері (тұрған жері) мекенжайының, жұмыс орнының, ұялы байланыстың абоненттік нөмірінің, электрондық мекенжайының дұрыс екендігімен танысқанын өзінің қол қоюымен растайды, ал көрсетілген мекенжайларға жіберілген хабардар ету (хабарлама) тиісінше және жеткілікті деп есептелетін болады.
2015.31.10. № 378-V ҚР Заңымен 5-1-бөлікпен толықтырылды (2016 ж. 1 қаңтардан бастап қолданысқа енгiзiлдi)
5-1. Өзіне қатысты іс қозғалған адамға, сондай-ақ іс бойынша іс жүргізудің өзге де қатысушыларына ұялы байланыстың абоненттік нөмірі бойынша мәтіндік хабарлама арқылы сотқа келу туралы хабардар етуді алуға келісімі туралы талон беріледі, шығыстар олардың өз есебінен төленеді.
Талонның үзілетін бөлігі әкімшілік құқық бұзушылық туралы хаттаманың көшірмесімен бірге беріледі.
6. Адресат хабардар етуді (хабарламаны) қабылдаудан бас тартқан кезде, оны жеткізетін немесе тапсыратын адам сотқа, органға (лауазымды адамға) қайтарылатын хабардар етуге (хабарламаға) тиісті белгі соғады.
7. Адресаттың хабардар етуді (хабарламаны) қабылдаудан бас тартуы істі қарауға немесе жекелеген процестік әрекеттерді жасауға кедергі болып табылмайды.
38-тарау. Әкiмшiлiк құқық бұзушылық туралы істер бойынша iс жүргiзуге қатысушылар,
олардың құқықтары мен мiндеттерi
744-бап. Өзiне қатысты әкiмшiлiк құқық бұзушылық туралы іс бойынша iс жүргiзiлiп жатқан тұлға
2017.28.12. № 127-VІ ҚР Заңымен (бұр.ред.қара); 2019.30.12. № 300-VІ ҚР Заңымен (бұр.ред.қара) 1-бөлік жаңа редакцияда
1. Өзіне қатысты әкімшілік құқық бұзушылық туралы іс бойынша іс жүргізіліп жатқан тұлға хаттамамен және істің басқа да материалдарымен танысуға, түсініктемелер беруге, хаттаманың мазмұны мен ресімделуі жөнінде ескертулер жасауға, дәлелдемелер ұсынуға, өтінішхаттар, оның ішінде істі сотта кешіктірмей қарау және әкімшілік құқық бұзушылық туралы іс бойынша қаулыны тез арада заңды күшіне енгізу туралы өтінішхаттар мен қарсылықтарды мәлімдеуге, қорғаушының заң көмегін пайдалануға, істі қарау кезінде ана тілінде немесе өзі білетін тілде сөйлеуге және егер іс жүргізіліп отырған тілді білмесе, аудармашы көрсеткен қызметтерді өтеусіз пайдалануға; іс бойынша іс жүргізуді қамтамасыз ету шараларының қолданылуы бойынша, нақты деректерге және мән-жайларға сәйкес келмейтін мәліметтер көрсетілген жағдайда, әкімшілік құқық бұзушылық туралы хаттаманы жасау кезінде заңның бұзылуына, айыппұл төлеу қажеттігі туралы нұсқамаға және іс бойынша қаулыға шағыммен жүгінуге; істегі құжаттардан үзінді көшірме жасауға және олардың көшірмелерін түсіріп алуға, сондай-ақ өзіне осы Кодексте берілген өзге де процестік құқықтарды пайдалануға құқылы.
2017.28.12. № 127-VІ ҚР Заңымен (бұр.ред.қара); 2019.30.12. № 300-VІ ҚР Заңымен (бұр.ред.қара) 2-бөлік жаңа редакцияда
2. Әкімшілік құқық бұзушылық туралы іс өзіне қатысты әкімшілік құқық бұзушылық туралы іс бойынша іс жүргізіліп жатқан тұлғаның қатысуымен қаралады. Өзіне қатысты іс бойынша іс жүргізіліп жатқан тұлғаның сотқа қатысуы ғылыми-техникалық құралдар пайдаланыла отырып жүзеге асырылуы мүмкін. Көрсетілген тұлға болмаған кезде, егер әкімшілік құқық бұзушылық сертификатталған арнайы бақылау-өлшеу техникалық құралдарымен және автоматты режимде жұмыс істейтін аспаптарымен тіркелген немесе істің қаралатын орны мен уақыты туралы оған тиісінше хабарланғаны туралы деректер болған және егер одан істі қарауды кейінге қалдыру туралы өтінішхат келіп түспеген жағдайларда ғана, іс қаралуы мүмкін.
3. Он сегiз жасқа толмаған адам жасаған не жасалуы әкімшілік қамаққа алу, сондай-ақ шетелдiкті не азаматтығы жоқ адамды Қазақстан Республикасының шегінен әкімшілік жолмен шығарып жiберу немесе адамға берiлген арнайы құқықтан (көлiк құралдарын басқару құқығын қоспағанда) айыру түрiндегi әкiмшiлiк жазаға әкеп соғатын әкiмшiлiк құқық бұзушылық туралы iстi қарау кезiнде әкiмшiлiк жауаптылыққа тартылатын адамның қатысуы мiндеттi.
4. Осы баптың үшiншi бөлiгiнде аталған тұлғалар жүргiзуiнде әкiмшiлiк құқық бұзушылық туралы iс жатқан әкiмшiлiк құқық бұзушылық туралы iстi қарайтын судьяның, органның (лауазымды адамның) шақыруы бойынша келуден жалтарған жағдайда, бұл адамға күштеп әкелу қолданылуы мүмкiн.
Соттың күштеп әкелу туралы ұйғарымын - сот приставы немесе iшкi iстер органы; әкiмшiлiк құқық бұзушылық туралы iстi қарайтын органның (лауазымды адамның) ұйғарымын iшкi iстер органы (полиция) орындайды.
5. Өзiне қатысты әкiмшiлiк құқық бұзушылық туралы іс бойынша iс жүргiзiлiп жатқан кәмелетке толмаған адам, талқылануы оған терiс әсер етуi мүмкiн iстiң мән-жайларын қарау кезiнде шығарыла тұруы мүмкiн.
745-бап. Жәбiрленушi
1. Әкiмшiлiк құқық бұзушылықтан дене жарақатын алған, мүлiктiк немесе моральдық зиян келтiрiлген жеке немесе заңды тұлға жәбiрленушi болып табылады.
2019.30.12. № 300-VІ ҚР Заңымен 2-бөлік жаңа редакцияда (бұр.ред.қара)
2. Жәбірленуші істің барлық материалымен танысуға, түсініктемелер беруге, дәлелдемелер ұсынуға, өтінішхаттар, оның ішінде істі сотта кешіктірмей қарау және әкімшілік құқық бұзушылық туралы іс бойынша қаулыны тез арада заңды күшіне енгізу туралы өтінішхаттар мен қарсылықтарды мәлімдеуге, өкіл ұстауға, әкімшілік құқық бұзушылық туралы хаттамаға және әкімшілік құқық бұзушылық туралы іс бойынша қаулыға шағым жасауға, өзіне осы Кодексте берілген өзге де процестік құқықтарды пайдалануға құқылы.
2019.30.12. № 300-VІ ҚР Заңымен 3-бөлік жаңа редакцияда (бұр.ред.қара)
3. Әкімшілік құқық бұзушылық туралы іс жәбірленушінің қатысуымен қаралады. Жәбірленушінің сотқа қатысуы ғылыми-техникалық құралдар пайдаланыла отырып жүзеге асырылуы мүмкін. Істің қаралатын орны мен уақыты туралы оған тиісінше хабарланғаны туралы деректер болған және егер одан істі қарауды кейінге қалдыру туралы өтінішхат келіп түспеген жағдайларда ғана, іс өзі болмаған кезде қаралуы мүмкін.
4. Жәбiрленушiден осы Кодекстiң 754-бабында көзделген тәртiппен куә ретiнде жауап алынуы мүмкiн. Егер жәбiрленушi заңды тұлға болып табылса, куә ретiнде оның өкiлiнен жауап алынуы мүмкiн.
746-бап. Жеке тұлғаның заңды өкiлдерi
1. Кәмелетке толмағандар немесе өзінің дене бітімі немесе психикалық жағдайы бойынша өз құқықтарын өз бетiнше жүзеге асыру мүмкiндiгiнен айырылғандар болып табылатын, өзiне қатысты әкiмшiлiк құқық бұзушылық туралы іс бойынша iс жүргiзiлiп жатқан жеке тұлғаның немесе жәбiрленушiнiң құқықтары мен заңды мүдделерiн қорғауды олардың заңды өкiлдерi жүзеге асырады.
2. Ата-анасы, асырап алушылары, қорғаншылары, қамқоршылары және қамқоршысы немесе асыраушысы болып отырған өзге де адамдар жеке тұлғаның заңды өкiлдерi деп танылады.
3. Жеке тұлғаның заңды өкiлдерi болып табылатын адамдардың туыстық байланыстары немесе тиiстi өкiлеттiктерi Қазақстан Республикасының заңнамасында көзделген құжаттармен куәландырылады.
4. Өзiне қатысты әкiмшiлiк құқық бұзушылық туралы іс бойынша iс жүргiзiлiп жатқан жеке тұлғаның заңды өкiлi әкiмшiлiк жауаптылыққа тартылатын тұлғаны әкiмшiлiк ұстап алған немесе әкiмшiлiк құқық бұзушылық туралы хаттама жасалған кезден бастап iске қатысуға жiберiледi.
5. Өзiне қатысты әкiмшiлiк құқық бұзушылық туралы іс бойынша iс жүргiзiлiп жатқан жеке тұлғаның және жәбiрленушiнiң заңды өкiлдерiнiң өздерi өкiлі болып отырған тұлғаларға қатысты осы Кодексте көзделген құқықтары болады және мiндеттердi алады.
6. Он сегiз жасқа толмаған адам жасаған әкiмшiлiк құқық бұзушылық туралы iсті қарау кезінде оның заңды өкiлiнiң қатысуы мiндеттi. Кәмелетке толмаған адамның заңды өкiлi келуден жалтарған жағдайда, оған iшкi iстер органы (полиция) жүзеге асыратын күштеп әкелу қолданылуы мүмкiн.
2017.28.12. № 127-VІ ҚР Заңымен 747-баптың тақырыбы жаңа редакцияда (бұр.ред.қара)
747-бап. Дара кәсіпкердің, заңды тұлғаның өкілдері
1. Өзiне қатысты әкiмшiлiк құқық бұзушылық туралы іс бойынша iс жүргiзiлiп жатқан немесе жәбiрленушi болып табылатын заңды тұлғаның құқықтары мен заңды мүдделерiн қорғауды оның өкiлдерi жүзеге асырады.
2. Заңды тұлғаның атқарушы органының басшысы заңды тұлғаның заңды өкiлi болып табылады, ол заңды тұлғаның атынан әрекет етеді. Заңды тұлғаның заңды өкiлiнiң өкiлеттiктерi оның қызметтiк жағдайын куәландыратын құжаттармен расталады.
Заңды тұлғаның мүдделерiн бiлдiретiн өзге де адамдар тапсырма бойынша өкiлдер болып табылады, олардың өкiлеттiктерi заңды тұлғаның атқарушы органы заңды тұлғаның атынан беретiн және атқарушы органның басшысы қол қоятын сенiмхатта айқындалады.
3. Өзiне қатысты әкiмшiлiк құқық бұзушылық туралы іс бойынша iс жүргiзiлiп жатқан заңды тұлға және жәбiрленушi өкiлдерiнiң өздерi өкіл болып отырған тұлғаларға қатысты осы Кодексте көзделген құқықтары болады және мiндеттердi алады.