Мемлекеттік жер пайдаланушылардың жер пайдалануындағы жер учаскесінде өз бетінше құрылыс салуды жүзеге асырған кезде өз бетінше салынған құрылыс әлеуметтiк-экономикалық тұрғыдан орындылығы ескерiле отырып, құрылыс шығындары сот айқындаған мөлшерде бюджет қаражатынан өтеліп, коммуналдық меншiкке берiледі.
2004.20.12 № 13-III ҚР Заңымен (2005.01.01. бастап қолданысқа енгiзiлдi) (бұр. ред. қара); 2011.01.03. № 414-ІV ҚР Заңымен (бұр.ред.қара) 245-бап өзгертілді
245-бап. Олжа
1. Жоғалған затты тауып алушы бұл туралы оны жоғалтқан адамға немесе заттың меншiк иесiне немесе оны алуға құқығы бар өзiне белгiлi басқа адамдардың бiреуiне дереу хабарлауға және табылған затты оған қайтаруға мiндеттi.
Егер зат үй-жайдың iшiнде немесе көлiкте табылған болса, ол сол үй-жайдың немесе көлiктiң иесi болып табылатын адамға тапсырылуға тиiс. Мұндай ретте осы иеленушi затты тапқан адамның құқықтарын иеленiп, оның мiндеттерiн мойнына алады.
2. Егер табылған затты алуға құқығы бар адамның өзi немесе оның тұрған жерi белгiсiз болса, затты тауып алушы олжа туралы iшкi iстер органдарына немесе республикалық маңызы бар қалалардың, астананың, аудандардың, облыстық маңызы бар қалалардың жергілікті атқарушы органдарына мәлiмдеуге мiндеттi.
3. Затты тауып алушы оны өзiнде сақтауға не iшкi iстер органдарының, республикалық маңызы бар қалалардың, астананың, аудандардың, облыстық маңызы бар қалалардың жергілікті атқарушы органдарының немесе олар көрсеткен адамның сақтауына тапсыруға құқылы. Тез бұзылатын затты немесе сақтауға кететiн шығындар оның құнына сәйкес келмейтiн затты тауып алушы түсiм сомасын растайтын жазбаша дәлелдемелер алып, сата алады. Табылған затты сатудан түскен ақша сақталуға және затты алуға заңды құқығы бар адамға қайтарылуға немесе бұл заттың өзi үшiн белгiленген тәртiп пен жағдайларда басқа адамдардың меншiгiне берiлуге тиiс.
Затты тауып алушы оның жоғалтқаны немесе бүлдiргенi үшiн өзiнiң жасыру ниетi болған немесе өрескел абайсыздық жасаған ретте ғана және сол заттың құны шегiнде жауапты болады.
4. Егер олжа туралы iшкi iстер органдарына немесе республикалық маңызы бар қалалардың, астананың, аудандардың, облыстық маңызы бар қалалардың жергілікті атқарушы органдарына мәлiмденген кезден бастап алты ай өткенше жоғалған затты алуға заңды құқығы бар адам анықталмаса және затқа өзiнiң құқығы туралы оны тапқан адамға не iшкi iстер органдарына немесе республикалық маңызы бар қалалардың, астананың, аудандардың, облыстық маңызы бар қалалардың жергілікті атқарушы органдарына мәлiмделмесе, затты тауып алушы оған меншiк құқығын алады.
Егер затты тауып алушы тапқан затын меншiгiне алудан бас тартса, ол коммуналдық меншiкке өтедi.
5. Затты тауып алушы және оны алуға заңды құқығы бар адамға қайтарып берушi ол адамнан, ал зат коммуналдық меншiкке өткен ретте - тиiстi жергiлiктi атқару органынан затты сақтауға, өткізуге, сатуға байланысты қажеттi шығындарды және затты алуға заңды құқығы бар адамды табуға кеткен шығындарды өтетiп алуға құқылы.
6. Затты тауып алушы затты алуға заңды құқығы бар адамнан зат құнының отыз процентi мөлшерiнде сыйақы алуға құқылы. Егер табылған зат оны алуға заңды құқығы бар адам үшiн ғана құнды болса, сыйақының мөлшерi тараптар есептеп шығарған баға бойынша белгiленедi.
Егер затты тауып алушы өзiнiң олжа туралы мәлiмдеу мiндетiн орындамаса немесе олжаны жасырып қалуға өзге де әрекеттер жасаса, сыйақы алу құқығы туындамайды.
2004.20.12 № 13-III (2005.01.01. бастап қолданысқа енгiзiлдi) (бұр. ред. қара); 2007.12.01. № 225-III (бұр. ред. қара) ҚР Заңдарымен 246-бап өзгертiлдi; 2011.01.03. № 414-ІV ҚР Заңымен 246-бап өзгертілді (бұр.ред.қара)
246-бап. Қараусыз жануарлар
1. Қараусыз немесе қаңғып жүрген малды және басқа да үй жануарларын немесе қолға үйретiлген жануарларды ұстап алған адам оларды меншiк иесiне қайтаруға, ал егер оның өзi немесе тұрған жерi белгiсiз болса, осындай жануарларды ұстаған кезден бастап үш күннен кешiктiрмей табылған жануарлар туралы iшкi iстер органдарына немесе республикалық маңызы бар қалалардың, астананың, аудандардың, облыстық маңызы бар қалалардың жергілікті атқарушы органдарына мәлiмдеуге мiндеттi, олар меншiк иесiн iздестiру шараларын қолданады.
Жануарлардың меншiк иесiн iздестiру кезеңiнде жануарларды ұстаушы адам оларды өзiнiң бағуында және пайдалануында қалдыруы, не ол бағу мен пайдалану үшiн қажеттi жағдайы бар басқа адамға тапсырылуы мүмкiн. Жануарларды ұстап алған адамның өтiнiшi бойынша оларды бағу мен пайдалану үшiн қажеттi жағдайы бар адамды iздеп табуды және оларға жануарларды берудi республикалық маңызы бар қалалардың, астананың, аудандардың, облыстық маңызы бар қалалардың жергілікті атқарушы органдары жүзеге асырады.
2. Жануарларды ұстап алған адам және олар бағуы мен пайдалануына берiлген адам жануарлардың өлiм-жiтiмi мен iске жарамай қалғаны үшiн бұған кiнәсi болған кезде ғана және сол жануарлардың құны мөлшерiнде жауапты болады.
3. Егер жұмыс малы мен iрi қараны ұстап алғаны туралы мәлiмделген кезден бастап алты ай iшiнде және басқа үй жануарлары жөнiнде - екi ай iшiнде олардың меншiк иесi табылмаса және оларға өзiнiң құқығы туралы мәлiмдемесе, бұл жануарларға меншiк құқығы жануарларды баққан және пайдаланған адамға көшедi.
Бұл адам бағуында болған жануарларды меншiгiне алудан бас тартқан жағдайда олар коммуналдық меншiкке түседi және республикалық маңызы бар қалалардың, астананың, аудандардың, облыстық маңызы бар қалалардың тиісті жергілікті атқарушы органдары белгiлейтiн тәртiп бойынша пайдаланылады.
4. Жануарларды меншiк иесiне қайтарған ретте жануарларды ұстап алған адам және жануарларды бағып, пайдаланып келген адам сол меншiк иесiнен жануарларды пайдаланудан алынған пайданы есепке жатқыза отырып, оларды бағуға байланысты өз шығындарына өтем алуға құқылы.
5. Қараусыз немесе қаңғып жүрген малды және басқа да үй жануарларын немесе қолға үйретiлген жануарларды ұстап алған адам олардың меншiк иесiнен осы Кодекстiң 245-бабының 6-тармағына сәйкес сыйақы төлеудi талап етуге құқылы.
6. Жануарлар басқа адамның меншiгiне көшкеннен кейiн олардың бұрынғы меншiк иесi келген ретте сол жануарлардың өзiне үйiрсектiгi сақталғанын немесе жаңа меншiк иесiнiң оларға қатал не өзгедей мейiрiмсiз қарағанын дәлелдейтiн жағдайлар болған кезде меншiк иесi жаңа меншiк иесiмен келісім бойынша белгiленетiн шарттармен, ал келісімге келмеген кезде - сот арқылы оларды өзiне қайтарып берудi талап етуге құқылы.
2011.01.03. № 414-ІV ҚР Заңымен 247-бап өзгертілді (бұр.ред.қара)
247-бап. Көмбе
1. Көмбе, яғни жерге көмiлген немесе басқа әдiспен жасырылған, меншiк иесiн анықтау мүмкiн болмайтын не Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес оларға құқығынан айрылған ақша немесе өзге де бағалы заттар көмбе жасырылған жер учаскесi меншік иесінің немесе қозғалмайтын затты меншiктенушiнiң және көмбенi тапқан адамның, егер олардың арасындағы шартта өзгеше белгiленбесе, меншiгiне тең мөлшерде түседi.
Көмбе жасырылған жер учаскесiн пайдаланушының (жер пайдаланушының) немесе жылжымайтын затты меншiктенушiнiң келісімiнсiз қазған немесе бағалы заттар iздестiрген адам көмбенi тауып алған жағдайда көмбе меншiк иесiне берiлуге тиiс.
2. Мәдени құндылықтарға жататын заттардан тұратын көмбе табылған ретте олар Қазақстан Республикасының меншiгiне берiлуге тиiс. Бұл орайда ондай көмбе табылған жер учаскесінің меншік иесі немесе қозғалмайтын мүлiктi меншiктенушi және көмбенi тапқан адам осы көмбе құнының елу процентi мөлшерiнде сыйақы алуға құқылы. Сыйақы бұл адамдар арасында осы баптың 1-тармағында көзделген ережелер қолданыла отырып бөлiнедi.
248-бап. Меншiк иесiнен алынған мүлiктi иелену
Егер адам заң құжаттарында белгiленген тәртiп пен жағдайлар бойынша меншiк иесiнен заңды негiздерде алынған мүлiктi иеленсе, бұл адам мүлiкке меншiк құқығына ие болады.
14-тарау. Меншік құқығы мен өзге де заттық құқықтардың тоқтатылуы
2008.11.12 № 102-ІV ҚР Заңымен (бұр.ред.қара); 2011.01.03. № 414-ІV ҚР Заңымен (бұр.ред.қара) 249-бап өзгертілді
249-бап. Меншiк құқығының тоқтатылу негiздерi
1. Меншiк құқығы меншiк иесi өз мүлкiн басқа адамдарға берген, меншiк иесi меншiк құқығынан бас тартқан, мүлiк қираған немесе жойылған және заң құжаттарында көзделген өзге де реттерде мүлiкке меншiк құқығынан айрылған жағдайда тоқтатылады.
2. Мүлiктi меншiк иесiнен мәжбүрлеп иеліктен шығаруға жол берiлмейдi, бұған мына реттер:
1) меншiк иесiнiң мiндеттемелерi бойынша мүлiкке өндiрiлiп алынған ақы айналымға түскен;
2) Қазақстан Республикасының заңнамалық актілеріне сәйкес белгiлi бiр адамға тиесiлi бола алмайтын мүлiктi ықтиярсыз иелiктен айырған;
3) реквизицияланған;
4) тәркiлеген;
5) жер учаскесiн алып қоюға байланысты қозғалмайтын мүлiктi мәжбүрлеп иеліктен шығарған;
6) күтiмсiз ұсталған тарих және мәдениет ескерткіштерін, мәдени құндылықтарды алып қойған;
2017.27.02. № 49-VI ҚР Заңымен 7) тармақша өзгертілді (бұр.ред.қара)
7) мемлекет меншігіне алып қойған;
2017.27.02. № 49-VI ҚР Заңымен 8) тармақшамен толықтырылды
8) осы Кодекстің 218-бабына сәйкес ортақ мүлiктi бөлу не одан үлестi бөлiп шығару мүмкiн болмаған жағдайда соттың шешімі бойынша жария саудада мүлікті сатқан реттер кірмейді.
3. Мемлекеттік меншіктегі мүлік:
1) азаматтар мен заңды тұлғаларға Қазақстан Республикасының мемлекеттік мүлік туралы заңнамалық актісінде көзделген жағдайларда, шарттарда және тәртiппен;
2) мемлекеттік меншік объектілерін заңды тұлғалардың жарғылық капиталдарын төлеуге (қалыптастыруға немесе ұлғайтуға) беру арқылы;
3) Қазақстан Республикасының заңдарында тікелей көзделген өзге де жағдайларда иеліктен шығарылып, жеке меншікке беріледі.
3-1. Қазақстан Республикасының заңдарына сәйкес тек мемлекеттік меншікте ғана болатын мүлік, сондай-ақ мемлекеттік меншіктегі және Қазақстан Республикасы Президентінің актілеріне сәйкес иеліктен шығаруға жатпайтын мүлік иеліктен шығару объектісі бола алмайды.
4. Азаматтар мен заңды тұлғалардың жеке меншiгіндегі мүлiктi мемлекеттік меншiкке айналдыру туралы Қазақстан Республикасының Заңы қабылданған ретте (ұлт меншiгiне алу) осы Кодекстiң 266-бабында белгiленген тәртiп бойынша оларға шығындары өтеледi.
2017.27.02. № 49-VI ҚР Заңымен 250-бап жаңа редакцияда (бұр.ред.қара)
250-бап. Меншiк құқығынан бас тарту
Азамат немесе заңды тұлға өзiне тиесiлi мүлiкке меншiк құқығынан бас тарта алады, бұл жөнiнде ол ауызша немесе жазбаша нысанда жариялайды не бұл мүлікке қандай да болсын құқықтарын сақтау ниетінсіз өзінің мүлікті иеленуден, пайдаланудан және оған билік етуден шеттетілетіні туралы айқын куәландыратын басқа әрекеттер (әрекетсіздік) жасайды.
Меншiк құқығынан бас тарту құқыққа сыйымды, ерікті болуға және онда меншік иесінің мүлікті иеленуден, пайдаланудан, оған билік етуден бас тартатыны көрсетілуге тиіс.
Меншiк құқығынан бас тарту меншік иесінің ерікті білдіруі болып табылады. Заңда белгіленген жағдайларды қоспағанда, мемлекеттің және оның органдарының меншік құқығынан бас тартуға құқығы жоқ.
Меншiк құқығынан бас тарту осы мүлiкке басқа тұлға меншiк құқығын иеленген кезге дейiн тиiстi мүлiкке қатысты меншiк иесiнiң құқықтары мен мiндеттерiн тоқтатуға алып келмейді.
ҚР 02.03.98 ж. № 211 Заңымен 251-бап өзгертiлдi
251-бап. Меншiк иесi мүлкiнен ақы өндiрiп алу
2017.27.02. № 49-VI ҚР Заңымен 1-тармақ жаңа редакцияда (бұр.ред.қара)
1. Егер Қазақстан Республикасының заңнамалық актілерінде немесе шартта өзгеше көзделмесе, меншiк иесiнiң мiндеттемелерi бойынша мүлiкке өндiрiп алуды қолдану сот тәртiбiмен жүргiзiледi.
2. Ақы өндiрiлiп алынатын мүлiкке меншiк иесiнiң меншiк құқығы заңдарда көзделген тәртiп бойынша меншiк құқығы көшетiн адамның алып қойылған мүлiкке меншiк құқығы пайда болған кезден бастап тоқтатылады.
252-бап. Заң құжаттарына сәйкес өзiне тиесiлi бола алмайтын мүлiкке адамның меншiк құқығының тоқтатылуы
1. Егер заң құжаттарымен жол берiлетiн негiздер бойынша заң құжаттарына сәйкес адамның өзiне тиесiлi бола алмайтын мүлiк оның меншiгiнде болып шықса, бұл мүлiктi меншiк иесi, егер заң құжаттарында өзге мерзiмдер белгiленбесе, осы мүлiкке меншiк құқығы пайда болған кезден бастап бiр жыл iшiнде иелiктен айыруға тиiс. Егер меншiк иесi мүлiктi көрсетiлген мерзiмде иелiктен айырмаса, ол сот шешiмiмен иелiктен ықтиярсыз айырылуға тиiс, бұл орайда меншiк иесiне мүлiктi иелiктен айыру жөніндегі шығындары шегерiлiп, оның құны өтеледi.
2. Егер азаматтың немесе заңды тұлғаның меншiгiнде заң құжаттарымен жол берiлген негiздер бойынша сатып алуға арнайы рұқсат қажет етiлетiн зат азаматтың немесе заңды тұлғаның меншiгiнде болып шықса, ал меншiк иесiне оны беруден бас тартылса, бұл зат осы меншiк иесiне тиесiлi бола алмайтын мүлiк үшiн белгiленген тәртiп бойынша иелiктен айырылуға тиiс.
ҚР 02.03.98 ж. № 211 Заңымен; 2011.01.03. № 414-ІV ҚР Заңымен (бұр.ред.қара) 253-бап өзгертiлдi
253-бап. Реквизициялау
1. Дүлей апаттар, авариялар, жұқпалы аурулар, iндеттер, соғыс жағдайындағы іс-қимыл кезеңінде немесе соғыс уақытында және төтенше сипаттағы өзге де жағдайлар болған ретте мүлiк қоғам мүддесi үшiн мемлекеттік органдар шешiмi бойынша Қазақстан Республикасының заңдарында белгiленген тәртiп пен жағдайларда меншiк иесiнен оған мүлiктiң құны төлене отырып алып қойылуы мүмкiн (реквизиция).
2. Меншiк иесiне реквизицияланған мүлiктiң құны өтелген бағаны оны сот тәртібімен даулауына болады.
3. Мүлкi реквизицияланған адам реквизиция жүргiзуге байланысты жағдайлар тоқтатылған кезде сақталған мүлiктi өзiне қайтарып берудi сот арқылы талап етуге құқылы.
2014.03.07. № 227-V ҚР Заңымен 254-бап жаңа редакцияда (2015 ж. 1 қаңтардан бастап қолданысқа енгізілді) (бұр.ред.қара)
254-бап. Тәркілеу
Қазақстан Республикасының заңнамалық актілерінде көзделген жағдайларда, мүлiк меншiк иесiнен әкімшілік немесе қылмыстық құқық бұзушылық жасағаны үшiн санкция түрiнде сот тәртiбiмен өтеусіз алып қойылуы (тәркiленуі) мүмкiн.
2011.25.03. № 421-IV ҚР Заңымен 255-бап өзгертiлдi (бұр.ред.қара)
255-бап. Жер учаскесiн және басқа да табиғи ресурстарды алып қоюға байланысты жылжымайтын мүлiкке меншiк құқығының тоқтатылуы
1. Мемлекеттік органның меншiк иесiнен мүлiктi алып қоюға тiкелей бағытталмаған шешiмiне, соның iшiнде меншiк иесiне тиесiлi үй, өзге де қора-қопсы, құрылыстар немесе өсiмдiктер бар жер учаскесiн алып қою туралы шешiмiне байланысты қозғалмайтын мүлiкке меншiк құқығының заң құжаттарымен белгiленген реттер мен тәртiп бойынша ғана меншiк иесiне құны тең мүлiк берiп және өзге де келтiрiлген залалдарын өтей отырып немесе меншiк құқығының тоқтатылуынан келтiрiлген залалдарын толық көлемiнде өтей отырып тоқтатылуына жол берiледi.
2. Меншiк иесi меншiк құқығын тоқтатуға әкелiп соқтыратын шешiммен келiспеген жағдайда оны дау сот тәртібімен шешiлгенге дейiн жүзеге асыруға болмайды. Дауды қарау кезiнде меншiк иесiне келтiрiлген залалдарды өтеудiң барлық мәселелерi де шешiледi.
3. Осы баптың ережелерi мемлекеттік органның мүлiк орналасқан тау баурайларын, су айдыны учаскелерiн және басқа учаскелердi алып қою туралы шешiмiне байланысты тиiсiнше қозғалмайтын мүлiкке меншiк құқығы тоқтатылған кезде қолданылады.
2011.01.03. № 414-ІV ҚР Заңымен 256-бап өзгертілді (бұр.ред.қара)
256-бап. Күтiмсiз ұсталған тарих және мәдениет ескерткіштерін, мәдени құндылықтарды алып қою
Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес ерекше бағалы әрi мемлекет қорғайтын тарих және мәдениет ескерткіштерінің, мәдени құндылықтардың меншiк иесi бұл ескерткіштер мен құндылықтарды күтiп ұстамай, бұл олардың өз мәнiн жоғалту қатерiн төндiрген реттерде мұндай ескерткіштер мен құндылықтарды мемлекет меншiк иесiнен сот шешiмi бойынша сатып алу немесе жария сауда-саттықта сатылады.
Тарих және мәдениет ескерткіштері, мәдени құндылықтар сатып алынған кезде меншiк иесiне тараптардың келiсуiмен, ал дау туған ретте сот белгiлеген мөлшерде олардың құны өтеледi. Жария саудаға салып сатқан кезде меншiк иесi сатудан түскен сома сауданы өткізу шығындары шегерiлiп берiледi.
2011.01.03. № 414-ІV ҚР Заңымен 257-бап өзгертілді (бұр.ред.қара)
257-бап. Меншiк құқығы тоқтатылған кезде мүлiктi бағалау
Меншiк құқығы тоқтатылған кезде, егер Қазақстан Республикасының заңдарында өзгеше белгiленбесе, мүлiк оның нарықтық құны негiзге алына отырып бағаланады.
258-бап. Меншiк иесi емес адамның заттық құқығының тоқтатылуы
Меншiк иесi емес адамның заттық құқықтары осы Кодекстiң 249-257-баптарында белгiленген ережелер бойынша, сондай-ақ заң құжаттарында, заңды тұлғаның жарғысында немесе меншiк иесiнiң мүлiк иесiмен жасасқан шартында белгiленген тәртiп бойынша меншiк иесiнiң шешiмiмен тоқтатылады.
15-тарау. Меншік құқығы мен өзге де заттық құқықтарды қорғау
259-бап. Меншiк құқығын тану
Меншiк иесi меншiк құқығын тануды талап етуге құқылы.
260-бап. Меншiк иесiнiң мүлiктi өзгенiң заңсыз иеленуiнен талап етуi
Меншiк иесi өзгенiң заңсыз иеленген өз мүлкiн талап етуге құқылы.
ҚР 02.03.98 ж. № 211 Заңымен; 2015.17.07. № 333-V ҚР Заңымен (бұр.ред.қара) 261-бап өзгертiлдi
261-бап. Адал алушыдан мүлiктi талап етiп алдыру
1. Егер мүлiк оны иелiктен айыруға құқығы болмаған адамнан өтеулі түрде алынып, алушы мұны бiлмесе, және бiлуге тиiс болмаса (адал алушы), мүлiктi меншiк иесi немесе меншiк иесi мүлiктi иеленуге берген адам жоғалтқан, не мұның екеуiнен де ұрланған, не олардың иеленуiнен бұлардың еркiнен тыс өзге жолмен шығып қалған ретте ғана меншiк иесi бұл мүлiктi алушыдан талап етiп алдыруға құқылы.
2. Егер мүлiк оны иелiктен айыруға құқығы жоқ адамнан өтеусіз түрде алынса, меншiк иесi барлық ретте мүлiктi талап етiп алдыруға құқылы.
3. Егер мүлiк сот шешiмдерiн атқару үшiн белгiленген тәртiп бойынша сатылған болса, осы баптың 1-тармағында көрсетiлген негiздер бойынша мүлiктi талап етiп алдыруға жол берiлмейдi.
262-бап. Ақша мен бағалы қағаздарды талап етiп алдыруды шектеу
Ұсынушыға берiлетiн ақшаны, сондай-ақ бағалы қағаздарды адал иеленушiден талап етiп алдыруға болмайды.
263-бап. Заттарды заңсыз иеленуден қайтарып алу кезiнде есеп айырысу
1. Меншiк иесi осы Кодекстiң 260, 261-баптары негiзiнде мүлiктi талап ете отырып, арам ниеттi иеленушiден бүкiл иеленген кезiнде өзi алған немесе алуға тиiс болған табыстардың бәрiн қайтаруды немесе өтеудi; адал иеленушiден иеленуiнiң заңсыздығы туралы бiлген немесе бiлуге тиiс болған немесе меншiк иесiнiң мүлiктi қайтару туралы талап қою жөніндегі хабарламасын алған кезден бастап өзi алған немесе алуға тиiс болған табыстардың бәрiн талап етуге де құқылы. Адал иеленушi өз кезегiнде меншiк иесiнен мүлiктен табыс есептелетiн уақыттан бастап ол мүлiкке жұмсаған қажеттi шығындарды меншiк иесiнiң өтеуiн талап етуге құқылы. Арам ниеттi иеленушi мұндай өтемдi иеленушiнiң талабын сот негiздi деп тапқан реттерде толық немесе iшiнара алуға құқылы.
2. Заңсыз иеленушi өзi жасаған жақсартуларды, егер олар затқа зақым келтiрмей бөлуге келсе, өзiнде қалдыруға құқылы. Егер жақсартуларды бұлайша бөлу мүмкiн болмаса, адал иеленушiнiң жақсартуға жұмсаған шығындарын өтетудi талап етуге құқығы бар, бiрақ ол зат құнының ұлғайтылған мөлшерiнен аспауы керек. Арам ниеттi иеленушiнiң мұндай құқығы жоқ.
264-бап. Меншiк иесi құқықтарын иеленуден айыруға байланысы жоқ бұзылудан қорғау
Меншiк иесi, өз құқықтарының бұзылуы иелiктен айыруға байланысты болмағанымен, оларды бұзудың қандайын болса да жоюды талап етуге құқылы.
265-бап. Меншiк иесi емес адамның заттық құқықтарын қорғау
Меншiк иесi болмағанымен, шаруашылық жүргiзу, оралымды басқару, тұрақты жер пайдалану құқығымен не заң құжаттарында немесе шартта көзделген өзге де негiзбен мүлiктi иеленушiнiң де осы Кодекстiң 259-264-баптарында көзделген құқықтары болады. Бұл адамның өз иелiгiн меншiк иесiнен де қорғауға құқығы бар.
266-бап. Заңда көзделген негiздер бойынша меншiк иесiнiң құқықтары тоқтатылған кезде оның мүдделерiн қорғау
Қазақстан Республикасы меншiк құқығын тоқтататын заң құжаттарын қабылдаған ретте, осы құжаттарды қабылдау нәтижесiнде меншiк иесiне келтiрiлген залалдарды меншiк иесiне Қазақстан Республикасы толық көлемiнде өтейдi.
2011.01.03. № 414-ІV ҚР Заңымен (бұр.ред.қара); 2015.17.07. № 333-V ҚР Заңымен (бұр.ред.қара) 267-бап өзгертiлдi
267-бап. Меншiк иесiнiң құқықтарын және басқа заттық құқықтарды бұзатын мемлекеттік органдар мен лауазымды адамдар құжаттарының жарамсыздығы
1. Егер мемлекеттік органның не лауазымды адамның заңдарға сәйкес келмейтiн қалыпты немесе жеке қуат шығаруы салдарынан меншiк иесiнiң және басқа адамдардың өзiне тиесiлi мүлiктi иелену, пайдалану және оған билiк ету жөніндегі құқықтары бұзылса, мұндай құжат меншiк иесiнiң немесе құқығы бұзылған адамның талап қоюы бойынша сот тәртібімен жарамсыз деп танылады.
2. Нақты iс бойынша сот шешiм шығарған жағдайда мемлекеттік органдардың заң құжаттарына қайшы келетiн құжаттары қолданылмайды.
Көрсетілген актілерді басып шығару салдарынан меншiк иесiне келтiрiлген залалдар осы Кодекстің 922-бабы 1-тармағының қағидаларына сәйкес тиiстi мемлекеттік органның тиiстi бюджет қаражатынан толық көлемде өтеуіне жатады.
3 бөлiм. Міндеттемелік құқық
1-бөлiмше. Міндеттеме туралы жалпы ережелер
16-тарау. Міндеттемелер ұғымы және олардың пайда болу негіздері
2017.27.02. № 49-VI ҚР Заңымен 268-бап жаңа редакцияда (бұр.ред.қара)
268-бап. Мiндеттеме
Мiндеттемеге сәйкес бiр адам (борышкер) басқа адамның (кредитордың) пайдасына мүлiк беру, жұмыс орындау, ақша төлеу және тағы да сол сияқты белгiлi бiр әрекеттер жасауға не белгiлi бiр әрекет жасаудан тартынуға мiндеттi, ал кредитордың борышкерден өз мiндеттерiн орындауын талап етуге құқығы бар. Кредитор борышкерден атқарылғанды қабылдауға мiндеттi.
Егер осы Кодекстің Ерекше бөлімінде өзгеше көзделмесе, міндеттемелерге осы кіші бөлімнің ережелері қолданылады.
ҚР 02.03.98 ж. № 211 Заңымен 269-бап өзгертiлдi
269-бап. Мiндеттеме тараптары
1. алынып тасталды
2. Мiндеттемеде оның әр тарабы - несие берушi немесе борышқор ретiнде бiр мезгiлде бiрнеше адам қатыса алады. Мұндай реттерде осы Кодексте белгiленген ережелерге сәйкес үлестi, ынтымақты немесе жәрдем берушiлiк мiндеттеме пайда болады (осы Кодекстiң 286-288-баптары).
Борышқор жағынан мiндеттемеге қатысушы адамдардың бiрiне несие берушi қойған талаптардың жарамсыз болуы, сол сияқты мұндай адамға қойылатын талап бойынша талап қою мерзiмiнiң өтiп кетуi несие берушiнiң өзге да осындай адамдарға қоятын талаптарына өздiгiнен әсер етпейдi.
3. Егер мiндеттемеге сәйкес тараптардың әрқайсысы басқа тараптың пайдасына мiндет алса, бұл оның пайдасына жасауға мiндеттi басқа тараптың борышқоры және сонымен бiрге оған талап қоюға құқығы бар оның несие берушiсi болып есептеледi.
270-бап. Мiндеттемеге қатысушылар
1. Тараптар (борышқор мен несие берушi) және үшiншi жақ мiндеттемеге қатысушылар болып табылады.
2. Үшiншi жақ ретiнде мiндеттеме тараптарының бiреуiне мiндеттемелер немесе өзге де құқық қатынастары арқылы байланысты жақтар қатысады.
3. Мiндеттеме үшiншi жақ үшiн мiндеттер туғызбайды. Заңдарда немесе тараптардың келісімiнде көзделген реттерде мiндеттеме үшiншi жақтар үшiн мiндеттеменiң бiр немесе екi тарапына да қатысты құқықтар туғызуы мүмкiн.
271-бап. Мiндеттеменiң пайда болу негiздерi
Мiндеттемелер осы Кодекстiң 7-бабында көрсетiлген шарттан, зиян келтiруден немесе өзге де негiздерден пайда болады.
17-тарау. Міндеттемені орындау
272-бап. Мiндеттеменi тиiсiнше орындау
Мiндеттеме - мiндеттеме шарттары мен заң талаптарына сәйкес тиiсiнше орындалуға тиiс, ал мұндай шарттар мен талаптар болмаған жағдайда - iскерлiк қызмет өрiсіндегі әдеттегi құқықтарға немесе әдетте қойылатын өзге де талаптарға сәйкес орындалуға тиiс.
273-бап. Мiндеттеменi орындаудан бiржақты бас тартуға жол берiлмеуi
Заңдарда немесе шартта көзделгеннен басқа реттерде мiндеттеменi орындаудан бiржақты бас тартуға және оның шарттарын бiржақты өзгертуге жол берiлмейдi.