2. Қару-жарақ пен әскери техника:
1) қарулы шабуылға тойтарыс беру мен қарулы басып кіру үшін;
2) қарулы қарсылық көрсетілген кезде;
3) әскери қызметшілер мен өзге де азаматтарға кенеттен шабуыл жасалған кезде;
4) ұсталған адамдардың тартып алған қарумен қашуы кезінде ескертусіз қолданылуы мүмкін.
3. Өзге жағдайларда қару-жарақ пен әскери техниканы қолданудың алдында оларды қолдану ниеті туралы анық ескерту жасалуға және (немесе) ескерту мақсатында оқ атылуға тиiс.
74-бап. Арнайы құралдарды қолдану
1. Қазақстан Республикасы Ұлттық қауіпсіздік комитетінің Шекара қызметіне, Қазақстан Республикасының Қарулы Күштеріне Мемлекеттік шекараны қорғау кезінде қару-жарақ пен әскери техниканы қолдануға құқық берілетін барлық жағдайда арнайы құралдар қолданылуы мүмкін.
2. Қазақстан Республикасы Ұлттық қауіпсіздік комитетінің Шекара қызметі, Қазақстан Республикасы Қарулы Күштері әскери қызметшілерінің шекаралық кеңістікте, сонымен қатар:
1) Мемлекеттік шекараны қорғауға қатысатын, әскери қызметшілерге қарсылық көрсететін немесе оларға жүктелген қызметтік міндеттерді жүзеге асыруына қасақана кедергі жасайтын құқық бұзушыларды, өзге де адамдарды ұстау және қарусыздандыру үшін немесе қару, оқ-дәрілер, жарылғыш, улы, радиактивті, есірткі және еркін айналымына тыйым салынған өзге де заттарды өзінде заңсыз ұстайтын адамдарға қатысты;
2) шекаралық кеңістіктегі жаппай тәртіпсіздіктің жолын кесу үшін және Мемлекеттік шекарадан қарусыз жаппай кесіп өту немесе кесіп өтуге әрекет ету және азаматтардың өмірі мен денсаулығына немесе мемлекеттің қауіпсіздігіне қол сұғушылық жасалатын құқық бұзушылардың топтасқан іс-әрекеттері жағдайында;
3) егер ұсталған адамдардың қашып кетуі, айналасындағыларға немесе өз денсаулығына зиян келтіруі мүмкін екеніне жеткілікті негіздер болса, оларды айдауылмен алып жүру және күзету кезінде;
4) ұсталғандарды жеткізу үшін, егер бұл құқық бұзушылықтың жолын кесу, құқық бұзушының жеке басын анықтау, сондай-ақ, егер әкімшілік құқық бұзушылық туралы хаттаманы жасау міндетті болып табылса, оны сол орнында жасау мүмкін болмаған кезде осы хаттаманы жасау мақсатында қажет болса;
5) құқық бұзушылықтардың жолын кесу мақсатында объектілер мен көлік құралдарын ашу, сондай-ақ оларды бөлшектеу үшін;
6) өзге де құқық бұзушылықтардың алдын алу, анықтау және жолын кесу, сондай-ақ қажетті қорғаныс үшін және аса қажеттілік жағдайында да арнайы құралдарды қолдануға құқығы бар.
75-бап. Қызметтік жануарларды және дене күшін қолдану
1. Мемлекеттік шекараны қорғау кезінде Қазақстан Республикасы Ұлттық қауіпсіздік комитетінің Шекара қызметіне қару-жарақ пен әскери техниканы және арнайы құралдарды қолдануға құқық беретін барлық жағдайларда қызметтік жануарлар мен дене күші қолданылуы мүмкін.
2. Қазақстан Республикасы Ұлттық қауіпсіздік комитетінің Шекара қызметі әскери қызметшілерінің шекаралық кеңістікте:
1) құқық бұзушыларды іздеу және ұстау үшін;
2) Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес еркін айналымға шығаруға, Қазақстан Республикасына әкелуге немесе Қазақстан Республикасынан әкетуге тыйым салынған нәрселерді, материалдарды, құралдарды, заттарды іздеу және табу мақсатында адамдарды, көлік құралдарын, жүктер мен тауарларды тексеріп қарау, жергілікті жерді қарап тексеру кезінде;
3) өзге де құқық бұзушылықтардың алдын алу, анықтау және жолын кесу, сондай-ақ қажетті қорғаныс үшін және аса қажеттілік жағдайында қызметтік жануарларды және дене күшін, оның ішінде күрестің жауынгерлік тәсілдерін қолдануға да құқығы бар.
12-тарау. АЗАМАТТАРДЫҢ МЕМЛЕКЕТТІК ШЕКАРАНЫ ҚОРҒАУҒА ҚАТЫСУЫ, ОЛАРДЫҢ ҚҰҚЫҚТЫҚ ҚОРҒАЛУЫ
76-бап. Азаматтардың Мемлекеттік шекараны қорғауға қатысуы
1. Шекаралық кеңістік шегінде азаматтар ерікті жасақтар құрамында және өзге де нысандарда ерікті негізде Мемлекеттік шекараны қорғауға қатысады.
2. Азаматтарды ерікті жасақтар құрамында Мемлекеттік шекараны қорғауға тарту тәртібін, осындай тартудың нысандары мен түрлерін Қазақстан Республикасының Үкіметі айқындайды.
3. Мемлекеттік шекараны қорғауға қатысатын азаматтар өз қызметін заңдылық, адамның және азаматтың құқықтары мен бостандықтарының құрметтелуі және сақталуы қағидаттары негізінде жүзеге асырады.
4. Мыналар:
1) қылмыстық жауаптылыққа тарту;
2) бірнеше рет (бір жыл ішінде екі және одан да көп) қасақана әкімшілік құқық бұзушылықтар жасау;
3) шекаралық кеңістіктің немесе Қазақстан Республикасының шегінен тыс жерге тұрақты тұру үшін кету;
4) оның Мемлекеттік шекараны қорғауға одан әрі қатысуын болғызбайтын мән-жайлардың басталуы (психиканың бұзылуының анықталуы, алкоголизммен, нашақорлықпен немесе уытқұмарлықпен, Қазақстан Республикасының Үкіметі бекіткен тізбеге сәйкес айналасындағыларға қауіп туғызатын өзге де сырқатпен ауыру, азаматтың қайтыс болуы);
5) Мемлекеттік шекараны қорғауға одан әрі қатысқысы келмеуі Қазақстан Республикасы азаматының ерікті жасақтар құрамында Мемлекеттік шекараны қорғауға қатысу мүмкіндігін болғызбайтын мән-жайлар болып табылады.
77-бап. Мемлекеттік шекараны қорғауға қатысатын азаматтардың құқықтары мен міндеттері
1. Мемлекеттік шекараны қорғауға қатысатын азаматтар (бұдан әрі - Мемлекеттік шекараны қорғауға қатысатын адамдар):
1) Қазақстан Республикасы Ұлттық қауіпсіздік комитеті Шекара қызметінің бөлімшелерін шекаралық кеңістікте дайындалып жатқан не жасалған құқық бұзушылықтардың өздеріне мәлім болған фактілері туралы дереу хабардар етуге;
2) Қазақстан Республикасының заңнамасында көзделген жағдайларда азаматтардың талап етуі бойынша өздерінің Мемлекеттік шекараны қорғауға қатысу заңдылығын растайтын куәліктерді көрсетуге;
3) құқық бұзушылықтар жасағаны үшін ұсталған азаматтарға қолданылатын мәжбүрлеу шараларының негіздерін оларға түсіндіруге;
4) Мемлекеттік шекараны қорғау бойынша іс-шараларға қатысар алдында Қазақстан Республикасы Ұлттық қауіпсіздік комитеті Шекара қызметінің бөлімшелерінде құқықтық дайындықтан өтуге міндетті.
2. Мемлекеттік шекараны қорғауға қатысатын адамдардың:
1) Мемлекеттік шекараны қорғаудың бақылау және қадағалау функцияларымен байланысты емес іс-шараларында Қазақстан Республикасы Ұлттық қауіпсіздік комитетінің Шекара қызметіне жәрдем көрсетуге;
2) шекаралық кеңістікте құқық бұзушылықтардың алдын алуға және жолын кесуге;
3) құқық бұзушылықтардың жолын кесу және құқық бұзушыларды ұстау мақсатында, егер көрсетілген мақсаттарға өзге тәсілдермен қол жеткізу мүмкін болмаса, дене күшін және басқа да құралдарды қолдануға;
4) Қазақстан Республикасының заңдарында көзделген жағдайларда шекаралық кеңістікте құқық бұзушылықты жасаған адамдарды ұстауға және Қазақстан Республикасы Ұлттық қауіпсіздік комитеті Шекара қызметінің бөлімшелеріне, құқық қорғау немесе өзге де уәкілетті органдарға жеткізуге;
5) Қазақстан Республикасы Ұлттық қауіпсіздік комитеті Шекара қызметінің өкілдерімен бірлесіп шекаралық кеңістікте құқық бұзушылықтардың профилактикасына бағытталған іс-шараларды жүргізуге;
6) шекаралық кеңістікте белгіленген режимдердің сақталуын талап етуге құқығы бар.
Мемлекеттік шекараны қорғауға қатысатын адамдардың заңды талаптары орындау үшін міндетті.
3. Мемлекеттік шекараны қорғауда жәрдем көрсетуіне байланысты Мемлекеттік шекараны қорғауға қатысатын адамдар мен олардың отбасы мүшелерiне қатысты құқыққа қарсы іс-әрекеттер, сондай-ақ Мемлекеттік шекараны қорғауға қатысатын адамдардың заңды талаптарын орындамау Қазақстан Республикасының заңдарында белгiленген жауаптылыққа әкеп соғады.
13-тарау. ҚОРЫТЫНДЫ ЕРЕЖЕЛЕР
2017.11.07. № 91-VI ҚР Заңымен 78-бап жаңа редакцияда (бұр.ред.қара)
78-бап. Қазақстан Республикасының Мемлекеттік шекарасын қорғау саласындағы заңдылықтың сақталуын қадағалау
Қазақстан Республикасының Мемлекеттік шекарасын қорғау саласындағы заңдылықтың сақталуына жоғары қадағалауды Қазақстан Республикасының Бас Прокуроры және ол уәкiлеттiк берген прокурорлар жүзеге асырады.
79-бап. Қазақстан Республикасының Мемлекеттік шекара туралы заңнамасын бұзғаны үшін жауаптылық
1. Осы Заңның және Қазақстан Республикасының Мемлекеттік шекара туралы өзге де нормативтік құқықтық актілерінің талаптарын бұзған адамдар Қазақстан Республикасының заңдарында белгіленген жауаптылықта болады.
2. Қазақстан Республикасының азаматтары, шетелдіктер және азаматтығы жоқ адамдар Қазақстан Республикасы Ұлттық қауіпсіздік комитетінің Шекара қызметінен, Қазақстан Республикасының Қорғаныс министрлігінен, Мемлекеттік шекараны қорғау саласындағы өзге де уәкілетті органдардан өздерінің құқықтары мен бостандықтарының шектелу себебі жөнінде түсіндірмелер алуға құқығы бар.
3. Қазақстан Республикасы азаматтарының, шетелдіктердің немесе азаматтығы жоқ адамдардың заңды құқықтары мен бостандықтары бұзылған жағдайда, тиісті лауазымды адамдар Қазақстан Республикасының заңдарында белгіленген тәртіппен осы құқықтарды қалпына келтіруге және оларға келтірілген залалды өтеуге міндетті.
80-бап. Осы Заңды қолданысқа енгізу тәртібі
1. Осы Заң алғашқы ресми жарияланғанынан кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі.
2. Мыналардың күші жойылды деп танылсын:
1) «Қазақстан Республикасының Мемлекеттік шекарасы туралы» 1993 жылғы 13 қаңтардағы Қазақстан Республикасының Заңы (Қазақстан Республикасы Жоғарғы Кеңесінің Жаршысы, 1993 ж., № 1, 1-құжат; Қазақстан Республикасы Парламентінің Жаршысы, 1996 ж., № 14, 275-құжат; 1998 ж., № 24, 436-құжат; 2002 ж., № 15, 147-құжат; 2004 ж., № 23, 142-құжат; 2007 ж., № 24, 180-құжат; 2009 ж., № 18, 86-құжат; 2011 ж., № 11, 102-құжат);
2) «Қазақстан Республикасы Ұлттық қауіпсіздік комитетінің Шекара қызметі туралы» 1993 жылғы 13 қаңтардағы Қазақстан Республикасының Заңы (Қазақстан Республикасы Жоғарғы Кеңесінің Жаршысы, 1993 ж., № 1, 3-құжат; 1995 ж., № 8, 56-құжат; Қазақстан Республикасы Парламентінің Жаршысы, 1996 ж., № 14, 275-құжат; 2002 ж., № 15, 147-құжат; 2004 ж., № 23, 142-құжат; 2007 ж., № 9, 67-құжат; № 24, 180-құжат; 2011 ж., № 1, 7-құжат; 2012 ж., № 4, 32-құжат).
Қазақстан Республикасының
Президенті
Н. НАЗАРБАЕВ
Астана, Ақорда, 2013 жылғы қаңтардың 16-і.
№ 70-V