104-бап. Мәслихаттар депутаттығына кандидаттардың партиялық тізімдерін тiркеу
2021.24.05. № 41-VІІ ҚР Конституциялық Заңымен 1-тармақ өзгертілді (бұр.ред.қара)
1. Саяси партиялар ұсынатын партиялық тізімдерді тіркеуді тиісті аумақтық сайлау комиссиялары жүзеге асырады.
Партиялық тізімдерін ұсынған саяси партиялар өз қаражаттарынан жергілікті атқарушы органдардың шотына партиялық тізімге енгізілген әрбір адам үшін Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген ең төмен жалақының бес еселенген мөлшерінде сайлау жарнасын енгізеді.
Тиісті мәслихат депутаттарының алдыңғы сайлауында дауыс беруге қатысқан сайлаушылар даусының бес және одан да көп пайызын алған саяси партиялар тиісті аумақтық сайлау округі бойынша сайлау жарнасын төлемейді.
Тиісті аумақтық сайлау округі бойынша тиісті мәслихат депутаттарының алдыңғы сайлауында дауыс беруге қатысқан сайлаушылар даусының үштен беске дейінгі пайызын алған саяси партия осы тармақтың екінші бөлігінде белгіленген сайлау жарнасы мөлшерінің елу пайызы мөлшерінде сайлау жарнасын төлейді.
Тиісті аумақтық сайлау округі бойынша тиісті мәслихат депутаттарының алдыңғы сайлауында дауыс беруге қатысқан сайлаушылар даусының бірден үшке дейінгі пайызын алған саяси партия осы тармақтың екінші бөлігінде белгіленген сайлау жарнасы мөлшерінің жетпіс пайызы мөлшерінде сайлау жарнасын төлейді.
Сайлау қорытындылары бойынша саяси партия дауыс беруге қатысқан сайлаушылар даусының кемінде бес пайызын жинаған жағдайларда, сондай-ақ партиялық тізімге енгізілген жалғыз кандидат қайтыс болған жағдайда, енгізілген жарна саяси партияға қайтарылады. Қалған барлық жағдайда енгізілген жарна қайтарылуға жатпайды және республикалық бюджет кірісіне алынады.
2. Партиялық тізімге енгізілген кандидат пен оның зайыбы (жұбайы) тiркеуге дейiн тұрғылықты жерiндегі мемлекеттік кіріс органдарына осы Конституциялық заңға сәйкес белгіленген ұсыну мерзiмi басталатын айдың бiрiншi күнiне кірістер мен мүлік туралы декларацияларды салықтардың және бюджетке төленетін басқа да міндетті төлемдердің түсуін қамтамасыз ету саласында басшылықты жүзеге асыратын Қазақстан Республикасының уәкілетті мемлекеттік органы белгiлеген тәртіппен және нысанда ұсынады.
Кандидат пен оның зайыбы (жұбайы) декларациялаған кірістер мен мүлік туралы мәлiметтердiң анықтығын мемлекеттік кіріс органдары кандидатты тiркеген күннен бастап он бес күн iшiнде тексередi.
Бұл ретте мемлекеттік кіріс органдарының кандидат пен оның зайыбының (жұбайының) кірістері мен мүлкі туралы мәліметтерді ұсыну жөніндегі талаптарын алған ұйымдар сұратылған ақпаратты талап алынған күннен бастап төрт күн iшiнде ұсынуға міндетті.
3. Партиялық тізімдерді тіркеу мынадай құжаттар болған кезде жүргізіледі:
1) саяси партияның тиісті филиалы (өкілдігі) жоғары басқару органы отырысының уәкiлеттi органда саяси партияны тiркеу туралы құжаттың көшiрмесi қоса берілген партиялық тiзiмдi ұсыну туралы хаттамасынан үзiндi көшiрме;
2) азаматтың партиялық тiзiмге енгiзуге келiсiм беру туралы өтiнiшi;
3) партиялық тізімге енгізілген әрбір адам туралы өмірбаяндық деректер;
4) саяси партияның сайлау жарнасын енгізгенін растайтын құжат;
5) мемлекеттік кіріс органының кандидат пен оның зайыбының (жұбайының) кірістер мен мүлік туралы декларацияларды тапсырғандығы туралы анықтамалары;
6) партиялық тізімге енгізілген адамның осы тізімді ұсынған саяси партиядағы мүшелігін растайтын құжат.
2020.25.05. № 335-VI ҚР Конституциялық заңымен 4-тармақ өзгертілді (бұр.ред.қара)
4. Аумақтық сайлау округі бойынша бір саяси партиядан бір ғана тізімді тіркеуге жол беріледі, онда әйелдер мен жиырма тоғыз жасқа толмаған адамдардың саны оған енгізілген адамдардың жалпы санының кемінде отыз пайызын құрауға тиіс.
5. Аумақтық сайлау комиссиясы мәслихат депутаттығына кандидаттардың партиялық тiзiмдерiн тiркеу туралы хаттама жасайды, ол бес күн мерзімде жоғары тұрған сайлау комиссиясына ұсынылады.
6. Аумақтық сайлау комиссиясы:
1) партиялық тізімдерді тіркегеннен кейінгі жетінші күннен кешіктірмей бұқаралық ақпарат құралдарында саяси партияның атауын және партиялық тізімге енгізілген адамдардың санын, сондай-ақ партиялық тізімге енгізілген әрбір адамның тегін, атын, әкесінің атын, туған жылын, атқаратын лауазымын (жұмысын), жұмыс орны мен тұрғылықты жерін көрсете отырып, тіркеу туралы хабар жариялайды;
2) тiркеген кезде кандидаттарға тиiстi куәлiк бередi;
3) мынадай жағдайларда:
саяси партия партиялық тізімді ұсыну қағидаларын бұзған, тіркеу үшін қажетті құжаттарды ұсынбаған;
партиялық тізімді ұсынған саяси партия, ол ұсынған кандидаттар, оның сенім білдірілген адамдары сайлау алдындағы үгітті тіркеу мерзімі аяқталғанға дейін, сайлау күні не оның алдындағы күні жүргізген;
сот кандидаттың және (немесе) оның сенiм бiлдiрілген адамдарының басқа кандидаттың ар-намысы мен қадiр-қасиетiне нұқсан келтiретiн, оның iскерлiк беделiн түсіретін жалған мәлiметтердi тарату фактiсiн анықтаған;
бүкіл партиялық тізімнің елу пайызынан астамын құрайтын адамдар партиялық тізімінен шыққан;
сот партиялық тiзiмдi ұсынған саяси партияның немесе оның сенiм бiлдiрiлген адамдарының сайлаушыларды сатып алу фактiлерiн анықтаған;
осы Конституциялық заңда белгiленген өзге де жағдайларда партиялық тізімді тіркеуден бас тартады немесе тіркеу туралы шешімнің күшін жояды.
Дауыс беретін күнге екі күн қалғанда партиялық тізімді тіркеу туралы шешімнің күшін жоюға немесе бұрын тіркеуден шығарылған партиялық тізімді қалпына келтіруге жол берілмейді;
4) мынадай жағдайларда:
партиялық тiзiмге енгiзiлген адам Қазақстан Республикасының Конституциясында және осы Конституциялық заңда кандидатқа қойылатын талаптарға сай келмеген;
Қазақстан Республикасының сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл туралы заңнамасына сәйкес декларация тапсыру кезіне кандидат немесе оның зайыбы (жұбайы) декларациялаған кірістер мен мүлік туралы мәліметтердің анық еместігі анықталған;
партиялық тізімге енгізілген адам өзінің сайлау алдындағы науқанында лауазымдық немесе қызметтік жағдайын пайдаланған;
партиялық тізімге енгізілген адам сайлау алдындағы үгітті партиялық тізімді тіркеу мерзімі аяқталғанға дейін, сайлау күні не оның алдындағы күні жүргізген;
сот партиялық тізімге енгізілген адамның немесе оның сенім білдірілген адамдарының сайлаушыларды сатып алу фактілерін анықтаған;
осы Конституциялық заңда белгiленген өзге де жағдайларда партиялық тізімге енгізілген адамды осы тізімнен шығару туралы шешім қабылдайды.
Партиялық тізімге енгізілген адамды осы тізімнен шығару туралы шешімге партиялық тізімді ұсынған саяси партия не партиялық тізімнен шығарылған адам сотқа шағым жасай алады, соттың шешімі түпкілікті болып табылады.
Дауыс беретін күнге екі күн қалғанда партиялық тізімге енгізілген адамды шығару туралы шешім қабылдауға жол берілмейді.
7. Партиялық тізімді тіркеуден бас тартуға немесе тіркеу туралы шешімнің күшін жоюға жеті күн мерзімде жоғары тұрған сайлау комиссиясына немесе сотқа шағым жасалуы мүмкін. Бұл ретте жоғары тұрған сайлау комиссиясы немесе сот шағым берілген күннен бастап жеті күн мерзімде шағым бойынша шешім шығарады.
8. Егер сайлауды тағайындау кезінде өзгеше белгіленбесе, партиялық тізімдерді тіркеу сайлау күнінен екі ай бұрын басталады және оған жиырма бес күн қалғанда жергілікті уақытпен сағат он сегізде аяқталады.
ҚР 06.05.99 ж. № 375-I; 14.04.04 ж. № 545-II (бұр. ред. қара); 2005.15.04. № 44-III (бұр. ред. қара) Конституциялық Заңдарымен 105-бап өзгертілді; 2018.29.06. № 162-VІ ҚР Конституциялық Заңымен 105-бап жаңа редакцияда (бұр.ред.қара)
105-бап. Кандидатураны алып тастау, мәслихат депутат тығына кандидат етіп ұсыну туралы шешімнің күшін жою
1. Партиялық тізімге енгізілген адам аумақтық сайлау комиссиясына және саяси партияға бұл туралы жазбаша өтінішпен жүгіне отырып, өз кандидатурасын алып тастай алады.
2. Саяси партияның не оның тиісті филиалының (өкілдігінің) басшы органы тіркеуге дейінгі және одан кейінгі кезеңде аумақтық сайлау комиссиясына мәслихат депутаттығына кандидатты партиялық тізімнен шығару туралы тиісті ұсыныспен жүгіне алады.
3. Бұл жағдайларда аумақтық сайлау комиссиясы партиялық тізімге енгізілген адамды шығару туралы шешім қабылдайды.
4. Егер кандидатураны алып тастау немесе кандидатты ұсыну туралы шешімнің күшін жою осыған мәжбүр ететін мән-жайларсыз жүргізілсе, аумақтық сайлау комиссиясы сайлау науқанын өткізуге республикалық бюджет қаражатынан жұмсалған шығыстардың бір бөлігін оны ұсынған саяси партияның шотына жатқызуға міндетті.
ҚР 14.04.04 ж. № 545-II Конституциялық Заңымен (бұр. ред. қара); 2018.29.06. № 162-VІ ҚР Конституциялық Заңымен (бұр.ред.қара) 106-бап жаңа редакцияда
106-бап. Мәслихат депутаттығына кандидаттың сайлау қорының мөлшері
1. Саяси партиялар ұсынған партиялық тізімдер құрамында дауысқа түсетін кандидаттар өздерінің сайлау қорларын құруға құқылы емес.
2. Саяси партиялардың әрбір партиялық тізімге сайлау қорлары:
1) саяси партияның жалпы сомасы Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген ең төмен жалақы мөлшерінен бір мың еседен аспауға тиіс меншікті қаражатынан;
2) Қазақстан Республикасының азаматтары мен ұйымдарының жалпы сомасы Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген ең төмен жалақы мөлшерінен екі мың еседен аспауға тиіс ерікті қайырмалдықтарынан құралады.
ҚР 06.05.99 ж. № 375-I; 14.04.04 ж. № 545-II (бұр. ред. қара) Конституциялық Заңдарымен 107-бап өзгертілді; 2018.29.06. № 162-VІ ҚР Конституциялық Заңымен 107-бап жаңа редакцияда (бұр.ред.қара)
107-бап. Тіркеу мерзімі аяқталғаннан кейін шығып қалғандардың орнына мәслихаттар депутаттығына кандидаттардың партиялық тізімдерін ұсыну
1. Егер тіркеу мерзімі аяқталғаннан кейін партиялық тізімдерден шығып қалу нәтижесінде тиісті сайлау округі бойынша мәслихат депутаттығына кандидаттардың екіден аз партиялық тізімі қалса, аумақтық сайлау комиссиясы өз шешімімен сайлау мерзімін ұзартады, бірақ ол екі айдан аспайды.
2. Бұл жағдайда мәслихат депутаттығына кандидаттардың партиялық тізімдерін ұсыну осы Конституциялық заңда белгіленген қағидаларға сәйкес жүзеге асырылады.
ҚР 06.05.99 ж. № 375-I Конституциялық Заңымен 108-бап өзгертілді; 2018.29.06. № 162-VІ ҚР Конституциялық Заңымен 108-бап жаңа редакцияда (бұр.ред.қара)
108-бап. Мәслихат депутатын сайлау кезінде дауыстарды санау
1. Учаскелік сайлау комиссиясы аудандық (қалалық) және облыстық мәслихаттар депутаттарын сайлау кезінде дауыс беру нәтижелері бойынша хаттамалар жасайды, олар дереу тиісті сайлау комиссиясына (аудандық, қалалық, қаладағы аудандық) жіберіледі.
2. Аудандық, қалалық сайлау комиссиялары дауыс беру нәтижелері бойынша учаскелік сайлау комиссияларының хаттамалары негізінде сайлау күнінен бастап екі күн мерзімнен кешіктірмей аудандық және қалалық мәслихаттарға депутаттар сайлау қорытындыларын белгілейді.
3. Аудандық, қалалық, қаладағы аудандық сайлау комиссиялары учаскелік сайлау комиссияларының хаттамалары негізінде облыстардың, республикалық маңызы бар қалалардың және астананың мәслихаттары депутаттарын сайлау барысындағы дауыс беру нәтижелері бойынша хаттамалар жасайды, олар дереу жоғары тұрған сайлау комиссияларына жіберіледі.
Облыстық, республикалық маңызы бар қалалардың және астананың сайлау комиссиялары көрсетілген хаттамалардың негізінде сайлау күнінен бастап екі күннен аспайтын мерзімде облыстардың, республикалық маңызы бар қалалардың және астананың мәслихаттарына депутаттарды сайлау нәтижелерін белгілейді.
109-бап. ҚР 14.04.04 ж. № 545-II Конституциялық Заңымен алынып тасталды (бұр. ред. қара)
ҚР 06.05.99 ж. № 375-I; 14.04.04 ж. № 545-II (бұр. ред. қара) Конституциялық Заңдарымен 110-бап өзгертілді
110-бап. Мәслихаттар депутаттарын қайта сайлау
1. Егер сайлау жарамсыз деп танылса аумақтық сайлау комиссиясы қайта сайлау өткізу жөнiнде шешiм қабылдайды. Дауыс беру сол сайлау учаскелерiнде бастапқы сайлауды өткізу үшiн жасалған сайлаушылар тiзiмдерi бойынша өткiзiледi.
2. Қайта сайлау бастапқы сайлаудан кейiн екi ай мерзiмнен кешiктiрiлмей өткiзiледi. Қайта сайлауда жүзеге асыру көзделген сайлау шаралары осы Конституциялық заңда белгiленген ережелерге сәйкес жүргiзiледi. Бұл ретте сайлау шараларының қысқартылған мерзiмiн аумақтық сайлау комиссиясы белгiлейдi.
3. Қайта сайлау өткізу туралы жергiлiктi ақпарат құралдарында хабарланады.
4. алынып тасталды
ҚР 06.05.99 ж. № 375-I; 14.04.04 ж. № 545-II (бұр. ред. қара) Конституциялық Заңдарымен 111-бап өзгертілді
111-бап. Мәслихаттар депутаттары сайлауының қорытындыларын анықтау және жариялау
1. Мәслихат депутаттары сайлауының қорытындыларын тиiстi аумақтық сайлау комиссиялары сайлау өткiзiлген күннен бастап бес күн мерзiмнен кешiктiрмей анықтайды.
2. 2018.29.06. № 162-VІ ҚР Конституциялық Заңымен алып тасталды (бұр.ред.қара)
3. Мәслихат депутаттары сайлауының қорытындыларын анықтау мен жариялауға байланысты басқа мәселелер осы Конституциялық заңның Жалпы бөлiмiнде белгiленген ережелерге сәйкес шешiледi.
2018.29.06. № 162-VІ ҚР Конституциялық Заңымен 111-1-баппен толықтырылды
111-1-бап. Партиялық тізімдер бойынша дауыс беру қорытындылары бойынша депутаттық мандаттарды бөлу
2021.24.05. № 41-VІІ ҚР Конституциялық Заңымен 1-тармақ өзгертілді (бұр.ред.қара)
1. Тиісті аумақтық сайлау комиссиясы дауыс беруге қатысқан сайлаушылар дауысының бес және одан да көп пайызын алған әрбір партиялық тізім үшін тиісті әкімшілік-аумақтық бірлік бойынша берілген сайлаушылар дауысының жиынтығын есептеп шығарады. Бес пайыздық кедергіні еңсерген саяси партиялар үшін берілген сайлаушылар дауысының жиынтығы таратылатын депутаттық мандаттар санына бөлінеді. Алынған нәтиже алғашқы сайлау бөлінді саны (квота) болып табылады.
2021.24.05. № 41-VІІ ҚР Конституциялық Заңымен 2-тармақ өзгертілді (бұр.ред.қара)
2. Егер дауыс беруге қатысқан сайлаушылар дауысының бес пайызын тек қана бір саяси партия алса, онда депутаттық мандаттарды бөлуге көрсетілген саяси партияның тізімі, сондай-ақ дауыс беруге қатысқан сайлаушылар дауысының келесі көп санын жинаған партияның партиялық тізімі жіберіледі.
Екі саяси партия үшін берілген сайлаушылар дауысының жиынтығы таратылатын депутаттық мандаттар санына бөлінеді. Алынған нәтиже алғашқы сайлау бөлінді саны (квота) болып табылады.
2021.24.05. № 41-VІІ ҚР Конституциялық Заңымен 3-тармақ өзгертілді (бұр.ред.қара)
3. Депутаттық мандаттарды бөлуге қатысатын әрбір партиялық тізім алған дауыстардың саны алғашқы сайлау бөлінді санына бөлінеді.
Бес пайыздық кедергіні еңсермеген және осы баптың 2-тармағына сәйкес мандаттарды бөлуге қатысатын партияның тізімі алған дауыстардың саны алғашқы сайлау бөлінді санына бөлінеді және 0,7 түзету коэффициентіне көбейтіледі.
Санды бөлу нәтижесінде алынған тұтас бөлік партиялық тізімді қалыптастырған тиісті саяси партия алатын депутаттық мандаттар саны болып табылады.
Бес пайыздық кедергіні еңсермеген және осы баптың 2-тармағына сәйкес мандаттарды бөлуге қатысатын саяси партия кемінде бір мандат алады.
2021.24.05. № 41-VІІ ҚР Конституциялық Заңымен 4-тармақ өзгертілді (бұр.ред.қара)
4. Егер осы баптың 3-тармағына сәйкес жүргізілген әрекеттерден кейін бөлінбеген мандаттар қалса, оларды қайта бөлу жүргізіледі. Бөлінбеген мандаттар осы баптың 3-тармағына сәйкес бөлудің нәтижесінде алынған санның ең көп бөлшектенген бөлігіне (қалдығына) ие болған партиялық тізімдерге бір-бірден беріледі. Ең көп қалдық тең болған кезде бұрын тіркелген партиялық тізімге артықшылық беріледі.
Осы баптың 2-тармағына сәйкес мандаттарды бөлу кезінде бөлінбеген мандаттар дауыс беру қорытындылары бойынша бес пайыздық кедергіні еңсерген партиялық тізімге беріледі.
5. Депутаттық мандаттарды бөлу кезектілігін саяси партияның тиісті филиалының (өкілдігінің) басшы органы партиялық тізімге енгізілген кандидаттардың арасынан сайлау қорытындылары жарияланған күннен бастап бес күннен кешіктірмей айқындайды.
6. Депутат мерзімінен бұрын шығып қалған жағдайда оның мандаты тиісті аумақтық сайлау комиссиясының қаулысымен партиялық тізімге енгізілген кандидаттардың арасынан саяси партияның тиісті филиалының (өкілдігінің) басшы органы айқындайтын келесі кандидатқа беріледі.
Егер тиісті партиялық тізімде кандидаттар қалмаса, мандат мәслихат депутаттарының келесі сайлауына дейін бос қалады.
ҚР 06.05.99 ж. № 375-I Конституциялық Заңымен 112-бап өзгертілді; 2018.29.06. № 162-VІ ҚР Конституциялық Заңымен 112-бап жаңа редакцияда (бұр.ред.қара)
112-бап. Мәслихаттар депутаттарын тіркеу
1. Тиісті аумақтық сайлау комиссиясы сайланған мәслихаттар депутаттарын тіркейді.
2. Тиісті аумақтық сайлау комиссиясы аудандық (қалалық) сайлау комиссиясының ұсынуы немесе азаматтардың өтініштері бойынша, егер сайлау барысында немесе дауыстарды санау не сайлау нәтижелерін анықтау кезінде осы Конституциялық заңды бұзушылық орын алса, мәслихат депутаттарын сайлауды жарамсыз деп тани алады және мәслихат депутаттарын тіркеуден бас тарта алады. Бұл ретте аумақтық сайлау комиссиясының осы шешіміне қабылданған күнінен бастап он күн ішінде партиялық тізімді ұсынған саяси партия сотқа шағым жасай алады, сот он күн мерзімде шешім қабылдайды.
ҚР 06.05.99 ж. № 375-I; 14.04.04 ж. № 545-II (бұр. ред. қара) Конституциялық Заңдарымен 113-бап өзгертілді; 2018.29.06. № 162-VІ ҚР Конституциялық Заңымен 113-бап жаңа редакцияда (бұр.ред.қара)
113-бап. Мәслихаттар депутаттарын кезектен тыс сайлауды өткізу
Мәслихаттар депутаттарын кезектен тыс сайлау осы Конституциялық заңда мәслихаттар депутаттарын кезекті сайлау үшін белгіленген қағидаларға сәйкес өткізіледі. Бұл ретте сайлау іс-шараларын өткізу мерзімдерін тиісті аумақтық сайлау комиссиясы айқындайды.
2021.24.05. № 41-VІІ ҚР Конституциялық Заңымен 13-1-тараумен толықтырылды
13-1-тарау. Қазақстан Республикасының аудандық маңызы бар қала, ауыл, кент, ауылдық округ әкімін сайлау
113-1-бап. Аудандық маңызы бар қала, ауыл, кент, ауылдық округ әкімін сайлауды тағайындау
1. Мыналар:
1) аудандық маңызы бар қала, ауыл, кент, ауылдық округ әкімінің заңда белгіленген өкілеттік мерзімінің аяқталуы;
2) аудандық маңызы бар қала, ауыл, кент, ауылдық округ әкімі өкілеттігінің мерзімінен бұрын тоқтатылуы немесе заңда белгіленген жағдайларда тиісті әкімшілік-аумақтық бірліктің қайта ұйымдастырылуы сайлауды тағайындауға негіз болып табылады.
2. Аудандық маңызы бар қала, ауыл, кент, ауылдық округ әкімін сайлауды тиісті аудандық (қалалық) сайлау комиссиясы аудандық маңызы бар қала, ауыл, кент, ауылдық округ әкімінің өкілеттік мерзімі аяқталғанға дейін кемінде қырық күн бұрын тағайындайды және осы Конституциялық заңның 113-3-бабының 6-тармағында және 113-9-бабында көрсетілген жағдайларды қоспағанда, оның заңда белгіленген өкілеттік мерзімі өткенге дейін кемінде он күн бұрын өткізілуге тиіс.
3. Аудандық маңызы бар қала, ауыл, кент, ауылдық округ әкімін сайлауды тиісті аудандық (қалалық) сайлау комиссиясы аудандық маңызы бар қала, ауыл, кент, ауылдық округ әкімінің өкілеттігі мерзімінен бұрын тоқтатылған немесе тиісті әкімшілік-аумақтық бірлік қайта ұйымдастырылған күннен бастап бір ай ішінде тағайындайды және олар тағайындалған күннен бастап отыз күн ішінде өткізіледі.
4. Сайлау күні туралы хабар жергілікті бұқаралық ақпарат құралдарында жарияланады.
113-2-бап. Аудандық маңызы бар қала, ауыл, кент, ауылдық округ әкіміне қойылатын талаптар
Қазақстан Республикасының азаматы аудандық маңызы бар қала, ауыл, кент, ауылдық округ әкімі болып сайлану үшін осы Конституциялық заңда, «Қазақстан Республикасындағы жергілікті мемлекеттік басқару және өзін-өзі басқару туралы» Қазақстан Республикасы Заңының 36-бабында және Қазақстан Республикасының мемлекеттік қызмет саласындағы заңнамасында көзделген талаптарға сәйкес келуге тиіс.
Қазақстан Республикасының мемлекеттік қызмет саласындағы заңнамасының талаптарына сәйкестікті тиісті аудандық (қалалық) сайлау комиссиясы ұсынған құжаттар негізінде мемлекеттік қызмет істері жөніндегі уәкілетті орган белгілейді.
Қазақстан Республикасының мемлекеттік қызмет саласындағы заңнамасының талаптарына сәйкестікті тексеру үшін аудандық маңызы бар қала, ауыл, кент, ауылдық округ әкіміне кандидат тізбесін мемлекеттік қызмет істері жөніндегі уәкілетті орган Орталық сайлау комиссиясымен бірлесіп белгілейтін қажетті құжаттарды тиісті аудандық (қалалық) сайлау комиссиясына ұсынады.
113-3-бап. Аудандық маңызы бар қала, ауыл, кент, ауылдық округ әкіміне кандидат ұсыну
1. Аудандық маңызы бар қала, ауыл, кент, ауылдық округ әкіміне кандидаттар ұсынуды белгіленген тәртіппен тіркелген саяси партиялар өз мүшелері қатарынан, азаматтар - өзін-өзі ұсыну тәртібімен тиісті сайлау округінің аумақтық сайлау комиссиясына аудандық маңызы бар қала, ауыл, кент, ауылдық округ әкіміне кандидат болып дауысқа түсу ниеті туралы өтініш беру арқылы, сондай-ақ егер ұсыну мерзімі аяқталатын күні екеуден аз кандидат ұсынылған болса, аудан (облыстық маңызы бар қала) әкімі жүргізеді.
Саяси партия бір сайлау округінде тек бір кандидат ұсынуға құқылы.
2. Саяси партияның тиісті филиалының (өкілдігінің) жоғары басшы органының аудандық маңызы бар қала, ауыл, кент, ауылдық округ әкіміне кандидат ұсыну туралы шешімі хаттамадан үзінді көшірмемен ресімделеді.
3. Саяси партияның тиісті филиалының (өкілдігінің) жоғары басшы органының шешімі:
1) ұсынылған кандидаттың назарына жеткізіледі;
2) кандидаттың дауысқа түсуге келісуі туралы өтінішімен бірге тиісті аудандық (қалалық) сайлау комиссиясына аудандық маңызы бар қала, ауыл, кент, ауылдық округ әкіміне кандидат ұсыну туралы хаттамадан үзінді көшірмемен бір мезгілде жіберіледі.
4. Ешкім біреуден артық сайлау округінде кандидат болып ұсынылмайды.
5. Егер сайлауды тағайындау кезінде өзгеше белгіленбесе, кандидаттар ұсыну сайлау тағайындалған күннен кейінгі күннен басталады және сайлау өткізілетін күнге дейін он бес күн бұрын жергілікті уақыт бойынша сағат он сегізде аяқталады.
6. Егер ұсыну мерзімі аяқталатын күнге аудандық маңызы бар қала, ауыл, кент, ауылдық округ әкіміне екеуден аз кандидат ұсынылса, онда аудандық (қалалық) сайлау комиссиясы кандидаттарды ұсыну мерзімін бес күннен аспайтын мерзімге ұзартады.
Бұл ретте аудан (облыстық маңызы бар қала) әкімі ұсынылған кандидаттар болмаған не ұсыну мерзімі аяқталатын күнге бір кандидат ұсынылған жағдайда, жергілікті қоғамдастық жиналысымен келісу бойынша тиісінше екі не бір кандидатты ұсынуға құқылы.
113-4-бап. Аудандық маңызы бар қала, ауыл, кент, ауылдық округ әкіміне кандидатты қолдап қол жинау
1. Аудандық маңызы бар қала, ауыл, кент, ауылдық округ әкіміне кандидат өзін-өзі ұсынған жағдайда дауыс беруге құқығы бар тиісті сайлау округі сайлаушыларының жалпы санының кемінде бір пайыз дауысымен қолдау табуға тиіс.
2. Сайлаушылардың қолдауы олардың қолдарын жинаумен куәландырылады.
3. Кандидатты қолдап қол жинауды сенім білдірілген адамдар ұйымдастырады және кандидаттың осы Конституциялық заңда, «Қазақстан Республикасындағы жергілікті мемлекеттік басқару және өзін-өзі басқару туралы» Қазақстан Республикасы Заңының 36-бабында және Қазақстан Республикасының мемлекеттік қызмет саласындағы заңнамасында көзделген талаптарға сәйкестігі тексерілгеннен кейін үш күн мерзімнен кешіктірілмей тиісінше аудандық (қалалық) сайлау комиссиясы беретін қол қою парақтарымен ресімделеді.
4. Әрбір қол қою парағының реттік нөмірі болуға және онда кандидат пен қол жинайтын адамның тегі, аты, әкесінің аты (егер ол жеке басты куәландыратын құжатта көрсетілген болса), кандидаттың жеке қолы, сондай-ақ өз қолдарын қоятын сайлаушылар туралы мынадай мәліметтер:
1) тегі, аты және әкесінің аты (егер ол жеке басты куәландыратын құжатта көрсетілген болса);
2) жеке басты куәландыратын құжаттың нөмірі мен сериясы;
3) туған күні, айы және жылы;
4) тұрғылықты жерінің мекенжайы;
5) жеке қолы қамтылған бағандар болуға тиіс.
5. Қол жинайтын адам қол жинау кезінде тиісті қол қою парағында жеке қолы тұратын кандидаттың сенім білдірілген адамын тіркеу туралы куәліктің көшірмесін көрсетуге тиіс.
6. Қол қою парағының үлгісін Орталық сайлау комиссиясы бекітеді.
7. Толтырылған қол қою парақтары тиісінше аудандық (қалалық) сайлау комиссиясына тапсырылады, ол үш күндік мерзімде паспорт қызметтерінің жұмыскерлерін тарта отырып, жиналған қолдардың анықтығын тексеруді жүзеге асырады және тиісті хаттаманы ресімдейді.
8. Қойылған қолдардың анықтығын тексеру осы баптың 1-тармағына сәйкес аудандық маңызы бар қала, ауыл, кент, ауылдық округ әкіміне кандидатқа қажетті мөлшерде қолдардың анықтығы белгіленгенге дейін жүргізіледі.
113-5-бап. Аудандық маңызы бар қала, ауыл, кент, ауылдық округ әкіміне кандидаттарды тіркеу
1. Кандидаттарды тіркеуді аудандық (қалалық) сайлау комиссиясы жүзеге асырады.
2. Саяси партия ұсынған кандидатты қоспағанда, кандидат өз қаражатынан жергілікті атқарушы органдардың шотына тиісті қаржы жылына арналған республикалық бюджет туралы заңда белгіленетін және тиісті қаржы жылының 1 қаңтарында қолданыста болатын ең төмен жалақының бір еселенген мөлшерінде сайлау жарнасын енгізеді.
Кандидатты ұсынған саяси партия ұсынылған әрбір кандидат үшін өз қаражатынан жергілікті атқарушы органдардың шотына тиісті қаржы жылына арналған республикалық бюджет туралы заңда белгіленетін және тиісті қаржы жылының 1 қаңтарында қолданыста болатын ең төмен жалақының бір еселенген мөлшерінде сайлау жарнасын енгізеді.