6. Осы баптың ережелері әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларына шекті жол берілетін бөлшек сауда бағалары мөлшерінің сақталуына бақылау мен қадағалау субъектісіне (объектісіне) бару арқылы профилактикалық бақылауды жүзеге асыру кезінде қолданылмайды.
2021.30.12. № 95-VII ҚР Заңымен 144-3-баппен толықтырылды (2023 ж. 1 қаңтардан бастап қолданысқа енгізілді)
144-3-бап. Бақылау мақсатында сатып алу
1. Бақылау мақсатында сатып алу деп бақылау және қадағалау органының тауар нысанындағы өнімді бақылау шеңберінде сатып алуды жүзеге асыруы түсініледі.
Бақылау мақсатында сатып алу профилактикалық бақылаудың дербес түрі болып табылады, оны жүзеге асыру тәртібі Қазақстан Республикасының заңнамасында және осы бапта айқындалады.
2. Бақылау мақсатында сатып алу нормативтік құқықтық актілерде және (немесе) нормативтік техникалық құжаттарда белгіленген талаптарға сәйкес келмейтін өнімді өткізу фактісін анықтау мақсатында жүзеге асырылады.
3. Бақылау мақсатында сатып алу сатып алынған өнімнің тізбесі және бақылау мен қадағалау субъектісінің (объектісінің) атауы туралы ақпаратты қамтитын төлем құжатымен расталады.
4. Бақылау мақсатында сатып алудың қорытындылары бойынша бақылау және қадағалау органдары сатып алынған өнімнің нормативтік құқықтық актілерде және (немесе) нормативтік техникалық құжаттарда белгіленген талаптарға сәйкестігін зерттеуді осы Кодекстің 153-бабының екінші бөлігіне сәйкес тыйым салу-шектеу сипатындағы шараларды кейіннен қолдану мүмкіндігімен жүзеге асырады.
5. Бақылау мақсатында сатып алу Қазақстан Республикасының заңдарында профилактикалық бақылаудың осындай түрін жүргізу тікелей көзделген қызмет салаларында жүргізіледі.
6. Бақылау мақсатында сатып алуды жүзеге асыруға және сатып алынған өнімді зерттеуге байланысты шығыстар бюджет қаражаты есебінен жүзеге асырылады.
2021.30.12. № 95-VII ҚР Заңымен 144-4-баппен толықтырылды (2023 ж. 1 қаңтардан бастап қолданысқа енгізілді)
144-4-бап. Тергеп-тексеру
1. Тергеп-тексеру бақылаудың дербес нысаны болып табылады, оның жүзеге асырылуы осы бапта айқындалған.
2. Тергеп-тексеру мақсаттары:
1) Қазақстан Республикасы заңнамасының талаптарын бұзу себептерін анықтау және тиісті шаралар қолдану;
2) Қазақстан Республикасы заңнамасының талаптарын бұзуға жол берген бақылау мен қадағалау субъектілерін (объектілерін) айқындау болып табылады.
3. Тергеп-тексеруді жүргізу үшін мыналар негіз болып табылады:
1) адамның өміріне, денсаулығына, қоршаған ортаға және жеке және заңды тұлғалардың, мемлекеттің заңды мүдделеріне зиян келтірудің нақты фактілері бойынша, мұндай факт тұлғалардың кең тобына қатысты болған және бұзушылықтарға жол берген нақты бақылау мен қадағалау субъектісін (объектісін) анықтау талап етілетін жағдайларда, жеке және (немесе) заңды тұлғалардың, сондай-ақ мемлекеттік органдардың жолданымдары;
2) «Халық денсаулығы және денсаулық сақтау жүйесі туралы» Қазақстан Республикасының Кодексіне сәйкес қайтыс болуы туралы ақпарат (шұғыл хабархат);
3) эпидемияның, жалған және тіркелмеген пестицидтердің, ветеринариялық препараттардың, жемшөп қоспаларының, карантиндік объектілер мен аса қауіпті зиянды организмдер ошақтарының, инфекциялық, паразиттік аурулардың, уланулардың, радиациялық авариялардың туындауы мен таралуы туралы мемлекеттік органдар немесе қызмет субъектілері беретін ақпарат (шұғыл хабархат);
4) еңбек қызметіне байланысты жұмыскерлердің денсаулығын зақымдау жағдайлары және еңбекке жарамсыздыққа не өлімге алып келген жағдайлар;
5) алдындағы мән-жайларын анықтау қажеттігі туындайтын авариялар, технологиялық бұзушылықтар немесе оқыс оқиғалар, олардың себептерін, техникалық құрылғыларды пайдалану шарттарын, технологиялық процестерді бұзушылықтардың, өнеркәсіптік қауіпсіздік талаптарын, электр энергетикасы саласындағы талаптарды бұзушылықтардың сипатын анықтау, осындай авариялардың, технологиялық бұзушылықтардың немесе оқыс оқиғалардың салдарларын жою және оларды болғызбау жөніндегі іс-шараларды, авариядан, технологиялық бұзушылықтан немесе оқыс оқиғадан келтірілген материалдық залалды айқындау;
6) нормативтік құқықтық актілерде және (немесе) нормативтік техникалық құжаттарда белгіленген талаптарды адамның өміріне, денсаулығына және мекендеу ортасына қауіп төндіретіндей бұзушылық анықталған жағдайда, бақылау мақсатында сатып алу қорытындылары бойынша өнімді зерттеу нәтижелері.
4. Осы баптың 3-тармағында көрсетілген негіздер болған кезде бақылау және қадағалау органы тергеп-тексеруді жүргізу туралы шешім қабылдайды.
5. Тергеп-тексеруді жүргізу тәртібі Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленеді.
Тергеп-тексеруді жүргізу тәртібі мыналарды:
1) тергеп-тексеру жүргізілетін жағдайларды;
2) тергеп-тексеруді жүргізу мерзімдерін және ұзақтығын;
3) бақылау мен қадағалау субъектісін, құқықтық статистика және арнаулы есепке алу саласындағы уәкілетті органды, мүдделі мемлекеттік органдарды тергеп-тексеруді жүргізудің басталуы туралы хабардар ету мерзімдерін;
4) тәуелсіз сарапшыларды және өзге де мүдделі тұлғаларды тарту тәртібін;
5) тергеп-тексеру жөніндегі комиссияның құрамын қалыптастыру шарттары мен тәртібін;
6) тергеп-тексеру материалдарын ресімдеу тәртібін қамтуға тиіс.
6. Тергеп-тексеруді жүргізу мерзімдері күнтізбелік отыз күннен аспауға тиіс және күнтізбелік отыз күнге бір рет қана ұзартылуы мүмкін.
7. Тергеп-тексеруді жүргізу қорытындылары бойынша бақылау және қадағалау органдары тергеп-тексеруді жүргізу үшін негіз болған Қазақстан Республикасы заңнамасының талаптарын бұзушылыққа жол берген бақылау мен қадағалау субъектісін (субъектілерін) айқындайды.
Тергеп-тексеруді жүргізу қорытындылары бойынша бұзушылыққа жол берген бақылау мен қадағалау субъектісіне қатысты Қазақстан Республикасының заңдарында көзделген шаралар қабылданады.
Бақылау және қадағалау органы мемлекеттік құпияларды не Қазақстан Республикасының заңдарымен қорғалатын өзге де құпияны құрайтын мәліметтерді қоспағанда, тергеп-тексеруді жүргізу қорытындыларын интернет-ресурста жариялайды.
8. Тергеп-тексеру Қазақстан Республикасының заңдарында бақылаудың осындай нысанын жүргізу тікелей көзделген қызмет салаларында жүргізіледі.
2021.30.12. № 95-VII ҚР Заңымен 145-бап жаңа редакцияда (2023 ж. 1 қаңтардан бастап қолданысқа енгізілді) (бұр.ред.қара)
145-бап. Бақылау мен қадағалау субъектісіне (объектісіне) бару арқылы профилактикалық бақылауды және (немесе) тексеруді тағайындау туралы акт
1. Бақылау және қадағалау органының бақылау мен қадағалау субъектісіне (объектісіне) бару арқылы профилактикалық бақылауды және (немесе) тексеруді тағайындау туралы актісі негізінде бақылау мен қадағалау субъектісіне (объектісіне) бару арқылы профилактикалық бақылау және (немесе) тексеру жүргізіледі.
2. Бақылау мен қадағалау субъектісіне (объектісіне) бару арқылы профилактикалық бақылауды және (немесе) тексеруді тағайындау туралы актіде мыналар көрсетіледі:
1) актінің күні мен нөмірі;
2) мемлекеттік органның атауы;
3) бақылау мен қадағалау субъектісіне (объектісіне) бару арқылы профилактикалық бақылауды және (немесе) тексеруді жүргізуге уәкілеттік берілген адамның (адамдардың) тегі, аты, әкесінің аты (егер ол жеке басын куәландыратын құжатта көрсетілсе) және лауазымы;
4) бақылау мен қадағалау субъектісіне (объектісіне) бару арқылы профилактикалық бақылауды және (немесе) тексеруді жүргізу үшін тартылатын мамандар, консультанттар және сарапшылар туралы мәліметтер;
5) бақылау мен қадағалау субъектісінің атауы немесе бақылау мен қадағалау субъектісіне (объектісіне) бару арқылы профилактикалық бақылауды және (немесе) тексеруді жүргізу тағайындалған жеке тұлғаның тегі, аты, әкесінің аты (егер ол жеке басын куәландыратын құжатта көрсетілсе), оның тұрған жері, сәйкестендіру нөмірі, бақылау мен қадағалау объектілерінің тізбесі, аумақтың учаскесі;
6) тағайындалған бақылау мен қадағалау субъектісіне (объектісіне) бару арқылы профилактикалық бақылаудың және (немесе) тексерудің нысанасы;
7) бақылау мен қадағалау субъектісіне (объектісіне) бару арқылы профилактикалық бақылауды және (немесе) тексеруді жүргізу мерзімі;
8) бақылау мен қадағалау субъектісіне (объектісіне) бару арқылы профилактикалық бақылау және (немесе) тексеру жүргізудің негіздері, оның ішінде міндетті талаптары бақылау мен қадағалау субъектісіне (объектісіне) бару арқылы профилактикалық бақылауға және (немесе) тексеруге жататын нормативтік құқықтық актілер;
9) бақылау мен қадағалау субъектісіне (объектісіне) бару арқылы профилактикалық бақылауды және (немесе) тексеруді жүргізу кезеңі;
10) бақылау мен қадағалау субъектісінің осы Кодекстің 155-бабында көзделген құқықтары мен міндеттері;
11) актілерге қол қоюға уәкілеттік берілген адамның қолтаңбасы және мемлекеттік органның мөрі;
12) заңды тұлға басшысының не оның уәкілетті адамының, жеке тұлғаның бақылау мен қадағалау субъектісіне (объектісіне) бару арқылы профилактикалық бақылауды және (немесе) тексеруді тағайындау туралы актіні алғаны немесе алудан бас тартқаны туралы қолтаңбасы.
2018.24.05. № 156-VI ҚР Заңымен (бұр.ред.қара); 2021.30.12. № 95-VII ҚР Заңымен (2023 ж. 1 қаңтардан бастап қолданысқа енгізілді) (бұр.ред.қара) 146-бап жаңа редакцияда
146-бап. Бақылау мен қадағалау субъектісіне (объектісіне) бару арқылы профилактикалық бақылауды және (немесе) тексеруді тағайындау туралы актіні, олардың мерзімдерін ұзарту туралы қосымша актіні тіркеу
1. «Салық және бюджетке төленетін басқа да міндетті төлемдер туралы» Қазақстан Республикасының Кодексіне (Салық кодексі) сәйкес мемлекеттік кірістер органдары жүзеге асыратын қарсы тексерулерді қоспағанда, бақылау мен қадағалау субъектісіне (объектісіне) бару арқылы профилактикалық бақылауды және (немесе) тексеруді тағайындау туралы акт, олардың мерзімдерін ұзарту туралы қосымша акт құқықтық статистика және арнаулы есепке алу саласындағы уәкілетті органда міндетті түрде тіркеледі.
Бақылау мен қадағалау субъектісіне (объектісіне) бару арқылы профилактикалық бақылауды және (немесе) тексеруді тағайындау туралы акт, олардың мерзімдерін ұзарту туралы қосымша акт бақылау мен қадағалау субъектілері (объектілері) міндетті түрде көрсетіле отырып, бақылау мен қадағалау субъектісіне қатысты тіркеледі.
Мемлекеттік кірістер органдары «Салық және бюджетке төленетін басқа да міндетті төлемдер туралы» Қазақстан Республикасының Кодексінде (Салық кодексі) көзделген қарсы тексерулер жүргізген кезде бақылау мен қадағалау субъектісінің (объектісінің) тұрған жері бойынша құқықтық статистика және арнаулы есепке алу саласындағы уәкілетті органды хабардар етеді.
Бақылау мен қадағалау субъектісіне (объектісіне) бару арқылы профилактикалық бақылауды және (немесе) тексеруді тағайындау туралы актіні, олардың мерзімдерін ұзарту туралы қосымша актіні тіркеу есепке алу сипатында болады және тәуекелдерді бағалау мен басқарудың ведомстволық жүйелерін қалыптастыру және жетілдіру үшін пайдаланылады.
2. Бақылау және қадағалау органы бақылау мен қадағалау субъектісіне (объектісіне) бару арқылы профилактикалық бақылауды және (немесе) тексеруді тағайындау туралы актіні, олардың мерзімдерін ұзарту туралы қосымша актіні бақылау мен қадағалау субъектісіне (объектісіне) бару арқылы профилактикалық бақылау және (немесе) тексеру басталғанға дейін оларды құқықтық статистика және арнаулы есепке алу саласындағы уәкілетті органның бақылау мен қадағалау субъектісінің (объектісінің) тұрған жері бойынша аумақтық органына ұсыну, оның ішінде электрондық нысанда ұсыну арқылы құқықтық статистика және арнаулы есепке алу саласындағы уәкілетті органда тіркейді.
Осы Кодекстің 144-бабы 5-тармағының 3), 4), 7) және 8) тармақшаларында, 8, 9 және 10-тармақтарында көзделген негіздер бойынша жоспардан тыс тексеруді тағайындау туралы акт оны құқықтық статистика және арнаулы есепке алу саласындағы уәкілетті органның бақылау субъектісінің (объектісінің) тұрған жері бойынша аумақтық органына ұсыну, оның ішінде электрондық нысанда ұсыну арқылы, жоспардан тыс тексеру басталған күннен кейінгі келесі жұмыс күні ішінде құқықтық статистика және арнаулы есепке алу саласындағы уәкілетті органда тіркеледі.
Бақылау мен қадағалау субъектісіне (объектісіне) бару арқылы профилактикалық бақылауды және (немесе) тексеруді тағайындау туралы актіні тіркеу кезінде бақылау және қадағалау органы бақылау мен қадағалау субъектісіне (объектісіне) бару арқылы профилактикалық бақылауға және (немесе) тексеруге жататын талаптардың тармақтарын көрсете отырып, тексеру парақтарын (олар болған кезде) ұсынады.
Бақылау мен қадағалау субъектісіне (объектісіне) бару арқылы профилактикалық бақылауды және (немесе) тексеруді тағайындау туралы актілерді, олардың мерзімдерін ұзарту туралы қосымша актілерді тіркеудің, оларды тіркеуден бас тартудың және күшін жоюдың, бақылау мен қадағалау субъектісіне (объектісіне) бару арқылы профилактикалық бақылауды және (немесе) тексеруді тоқтата тұру, қайта бастау, мерзімдерін ұзарту туралы хабарламалардың, қатысушылар құрамын өзгертудің және бақылау мен қадағалау субъектісіне (объектісіне) бару арқылы профилактикалық бақылау және (немесе) тексеру және олардың нәтижелері туралы ақпараттық есепке алу құжаттарын ұсынудың тәртібін Қазақстан Республикасының Бас прокуратурасы айқындайды.
3. Бақылау мен қадағалау субъектісіне (объектісіне) бару арқылы профилактикалық бақылау және (немесе) тексеру қажеттігі қоғамдық тәртіпке, халықтың денсаулығына және Қазақстан Республикасының ұлттық мүдделеріне төнген қатерді дереу жоюды талап ететін әлеуметтік-экономикалық жағдайдың қалыптасуынан туындаса, Қазақстан Республикасының өзге де заңдарында көзделген болса, сондай-ақ бұзушылықтардың тікелей жасалуы кезінде олардың жолын кесу және дәлелдемелерді бекіту үшін кезек күттірмейтін әрекеттер жасау қажеттігіне орай бақылау мен қадағалау субъектісіне (объектісіне) бару арқылы профилактикалық бақылауды және (немесе) тексеруді жұмыстан тыс уақытта (түнгі уақытта, демалыс немесе мереке күндері) жүргізу кезінде бақылау мен қадағалау субъектісіне (объектісіне) бару арқылы профилактикалық бақылауды және (немесе) тексеруді тағайындау туралы актілерді тіркеу құқықтық статистика және арнаулы есепке алу саласындағы уәкілетті органда бақылау мен қадағалау субъектісіне (объектісіне) бару арқылы профилактикалық бақылау және (немесе) тексеру басталғаннан кейін келесі жұмыс күні ішінде жүргізіледі.
2018.24.05. № 156-VI ҚР Заңымен (бұр.ред.қара); 2021.30.12. № 95-VII ҚР Заңымен (2023 ж. 1 қаңтардан бастап қолданысқа енгізілді) (бұр.ред.қара) 147-бап жаңа редакцияда
147-бап. Бақылау мен қадағалау субъектісіне (объектісіне) бару арқылы профилактикалық бақылауды және (немесе) тексеруді жүзеге асыру кезіндегі бақылау және қадағалау органдары лауазымды адамдарының әрекеттері
1. Бақылау мен қадағалау субъектісіне (объектісіне) бару арқылы профилактикалық бақылау және (немесе) тексеру үшін объектіге келген бақылау және қадағалау органының лауазымды адамдары бақылау мен қадағалау субъектісіне:
1) егер осы Кодексте өзгеше көзделмесе, құқықтық статистика және арнаулы есепке алу саласындағы уәкілетті органда тіркелгені туралы белгі қойылған бақылау мен қадағалау субъектісіне (объектісіне) бару арқылы профилактикалық бақылауды және (немесе) тексеруді тағайындау туралы актіні;
2) қызметтік куәлігін не сәйкестендіру картасын;
3) қажет болған кезде - құзыретті органның режимдік объектілерге баруға арналған рұқсатын;
4) денсаулық сақтау саласындағы уәкілетті орган айқындаған тәртіппен берілген, объектілерге бару үшін қажет болатын медициналық рұқсаттаманы көрсетуге міндетті.
2. Егер осы Кодексте өзгеше көзделмесе, бақылау мен қадағалау субъектісіне (заңды тұлғаның басшысына не оның уәкілетті адамына, жеке тұлғаға) бақылау мен қадағалау субъектісіне (объектісіне) бару арқылы профилактикалық бақылауды және (немесе) тексеруді тағайындау туралы актіні табыс ету, сондай-ақ бақылау мен қадағалау субъектісін бақылау мен қадағалау субъектісіне (объектісіне) бару арқылы профилактикалық бақылауға және (немесе) тексеруге жататын талаптардың тармақтарын көрсете отырып, тексеру парағымен (ол болған кезде) таныстыру күні бақылау мен қадағалау субъектісіне (объектісіне) бару арқылы профилактикалық бақылау және (немесе) тексеру жүргізудің басталуы деп есептеледі.
3. Бақылау мен қадағалау субъектісіне (объектісіне) бару арқылы профилактикалық бақылауды және (немесе) тексеруді тағайындау туралы актіні қабылдаудан, тексеру парағымен танысудан бас тартылған, сондай-ақ бақылау мен қадағалау субъектісіне (объектісіне) бару арқылы профилактикалық бақылауды және (немесе) тексеруді жүзеге асыратын органның лауазымды адамының бақылау мен қадағалау субъектісіне (объектісіне) бару арқылы профилактикалық бақылауды және (немесе) тексеруді жүргізу үшін қажетті материалдарға қол жеткізуіне кедергі келтірілген жағдайларда, Қазақстан Республикасы Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексінің 462-бабында көзделген әкімшілік құқық бұзушылық туралы хаттама жасалады.
Хаттамаға бақылау мен қадағалау субъектісіне (объектісіне) бару арқылы профилактикалық бақылауды және (немесе) тексеруді жүзеге асыратын бақылау және қадағалау органының лауазымды адамы және заңды тұлғаның басшысы не оның уәкілетті адамы, жеке тұлға қол қояды.
Заңды тұлғаның басшысы не оның уәкілетті адамы, жеке тұлға хаттамаға қол қоюдан бас тартуға құқылы, бұл ретте бас тарту себебіне жазбаша түсініктеме береді.
Бақылау мен қадағалау субъектісіне (объектісіне) бару арқылы профилактикалық бақылауды және (немесе) тексеруді тағайындау туралы актіні алудан бас тарту бақылау мен қадағалау субъектісіне (объектісіне) бару арқылы профилактикалық бақылаудың және (немесе) тексерудің күшін жою үшін негіз болып табылмайды.
Бақылау мен қадағалау субъектісіне (объектісіне) бару арқылы профилактикалық бақылауды және (немесе) тексеруді тағайындау туралы актіде көрсетілген лауазымды адам (адамдар) ғана бақылау мен қадағалау субъектісіне (объектісіне) бару арқылы профилактикалық бақылауды және (немесе) тексеруді жүргізе алады.
Бұл ретте, бақылау мен қадағалау субъектісіне (объектісіне) бару арқылы профилактикалық бақылау және (немесе) тексеру жүргізетін лауазымды адамдардың құрамы бақылау және қадағалау органының шешімі бойынша өзгеруі мүмкін, бұл туралы бақылау мен қадағалау субъектісі және құқықтық статистика және арнаулы есепке алу саласындағы уәкілетті орган ауыстыру себептері көрсетіле отырып, бақылау мен қадағалау субъектісіне (объектісіне) бару арқылы профилактикалық бақылауды және (немесе) тексеруді тағайындау туралы актіде көрсетілмеген адамдардың бақылау мен қадағалау субъектісіне (объектісіне) бару арқылы профилактикалық бақылауға және (немесе) тексеруге қатысуы басталғанға дейін хабардар етіледі.
4. Бір бақылау және қадағалау органының сол бір мәселелердің аясында бақылау мен қадағалау субъектісіне (объектісіне) бару арқылы бірнеше бақылау мен қадағалау субъектісіне профилактикалық бақылауды және (немесе) тексеруді бір мезгілде жүргізуі қажет болған кезде, осы орган әрбір бақылау мен қадағалау субъектісі үшін бақылау мен қадағалау субъектісіне (объектісіне) бару арқылы профилактикалық бақылауды және (немесе) тексеруді тағайындау туралы актіні ресімдеуге және оны құқықтық статистика және арнаулы есепке алу саласындағы уәкілетті органда тіркеуге міндетті, бұған мынадай:
1) салық органдарында тіркеу есебіне қою;
2) бақылау-касса машиналарының немесе үш құрамдасты интеграцияланған жүйенің болуы;
3) сәйкестендіру құралдары мен есепке алу-бақылау маркаларының болуы және олардың төлнұсқалығы;
4) мынадай:
Қазақстан Республикасының аумағы бойынша тауарларды алып өту, өткізу және (немесе) тиеп-жөнелту кезінде;
тауарларды Еуразиялық экономикалық одаққа мүше болып табылмайтын мемлекеттердің және Еуразиялық экономикалық одаққа мүше мемлекеттердің аумағынан Қазақстан Республикасының аумағына әкелу кезінде;
тауарларды Қазақстан Республикасының аумағынан Еуразиялық экономикалық одаққа мүше болып табылмайтын мемлекеттердің және Еуразиялық экономикалық одаққа мүше мемлекеттердің аумағына әкету кезінде тауарларға ілеспе жүкқұжаттардың болуы және тауарлардың атауының, санының (көлемінің) тауарларға ілеспе жүкқұжаттарда көрсетілген мәліметтерге сәйкестігі;
5) лицензияның болуы;
6) төлем карточкаларын пайдалана отырып, төлемдерді жүзеге асыруға арналған жабдықтың (құрылғының) болуы;
7) көліктік бақылау немесе ішкі істер органдары бекеттерінде автомобиль көлігі құралдарын тексеру кезінде импортталатын тауарларға тауар-көлік жүкқұжаттарының болуы және тауарлардың атауының тауар-көлік жүкқұжаттарында көрсетілген мәліметтерге сәйкестігі;
8) тауарларды Қазақстан Республикасының аумағынан Еуразиялық экономикалық одаққа мүше мемлекеттердің аумағына әкеткен кезде Қазақстан Республикасы ратификациялаған халықаралық шарттарды іске асыру үшін қабылданған Қазақстан Республикасының нормативтік құқықтық актілерінде көзделген құжаттардың болуы және тауарлардың құжаттарда көрсетілген мәліметтерге сәйкестігі мәселелері бойынша жүргізілетін салықтық тексеру кірмейді.
2017.25.12. № 122-VI ҚР Заңымен 148-бап өзгертілді (2018 ж. 1 қаңтардан бастап қолданысқа енгізілді) (бұр.ред.қара); 2018.24.05. № 156-VI ҚР Заңымен (бұр.ред.қара); 2021.30.12. № 95-VII ҚР Заңымен (2023 ж. 1 қаңтардан бастап қолданысқа енгізілді) (бұр.ред.қара) 148-бап жаңа редакцияда
148-бап. Бақылау мен қадағалау субъектісіне (объектісіне) бару арқылы профилактикалық бақылауды және (немесе) тексеруді жүргізу мерзімдері
1. Бақылау мен қадағалау субъектісіне (объектісіне) бару арқылы профилактикалық бақылауды және (немесе) тексеруді жүргізу мерзімдері алдағы жұмыстардың көлемі, сондай-ақ қойылған міндеттер ескеріле отырып белгіленеді және ол:
1) микрокәсіпкерлік субъектілері үшін - бес жұмыс күнінен аспауға және бес жұмыс күніне дейін ұзартылуға тиіс;
2) шағын, орта және ірі кәсіпкерлік субъектілері үшін, сондай-ақ жеке кәсіпкерлік субъектілері болып табылмайтын бақылау мен қадағалау субъектілері үшін:
бақылау мен қадағалау субъектісіне (объектісіне) бару арқылы профилактикалық бақылау және (немесе) талаптарға сәйкестігін тексеруді жүргізу кезінде - он бес жұмыс күнінен аспауға және он бес жұмыс күнінен аспайтын мерзімге ұзартылуға тиіс;
жоспардан тыс тексерулерді жүргізу кезінде - он жұмыс күнінен аспауға және он жұмыс күніне дейін ұзартылуға тиіс.
2. Бақылау мен қадағалау субъектісіне (объектісіне) бару арқылы профилактикалық бақылауды және (немесе) тексеруді жүргізу мерзімдерін бақылау және қадағалау органының басшысы (не оның міндетін атқарушы адам):
1) Қазақстан Республикасының халықаралық шарттары шеңберінде шетелдік мемлекеттік органдардан ақпарат алу;
2) бақылау мен қадағалау субъектісіне (объектісіне) бару арқылы профилактикалық бақылау және (немесе) тексеру жүргізілетін тұлғаның тұрған жерін анықтау;
3) зертханалық зерттеулердің нәтижелерін алу қажет болған жағдайларда ғана, осы баптың 1-тармағында айқындалған мерзімдерге тек бір рет ұзартуы мүмкін.
Бақылау мен қадағалау субъектісіне (объектісіне) бару арқылы профилактикалық бақылау және (немесе) тексеру мерзімдері ұзартылған жағдайда, бақылау және қадағалау органы құқықтық статистика және арнаулы есепке алу саласындағы уәкілетті органда тіркей отырып, бақылау мен қадағалау субъектісіне (объектісіне) бару арқылы профилактикалық бақылауды және (немесе) тексеруді ұзарту туралы қосымша актіні ресімдейді, онда бақылау мен қадағалау субъектісіне (объектісіне) бару арқылы профилактикалық бақылауды және (немесе) тексеруді тағайындау туралы алдыңғы актінің тіркелген күні мен нөмірі және ұзартудың себебі көрсетіледі.
Бақылау мен қадағалау субъектісіне (объектісіне) бару арқылы профилактикалық бақылау және (немесе) тексеру мерзімдері ұзартылған жағдайда, бақылау және қадағалау органы, осы тармақтың бірінші бөлігінің 2) тармақшасында көзделген жағдайды қоспағанда, бұл туралы бақылау мен қадағалау субъектісін (заңды тұлғаның басшысын не оның уәкілетті адамын, жеке тұлғаны) міндетті түрде хабардар етеді.
Бақылау мен қадағалау субъектісіне (объектісіне) бару арқылы профилактикалық бақылау және (немесе) тексеру мерзімдерін ұзарту туралы хабарламаны бақылау және қадағалау органы ол ұзартылғанға дейін бір жұмыс күні бұрын табыс етілгені туралы хабарламасы бар тапсырысты пошта жөнелтілімі нысанында не егер осы субъект бұрын электрондық поштасының мекенжайын бақылау және қадағалау органына ұсынған болса, бақылау мен қадағалау субъектісінің осындай мекенжайына электрондық цифрлық қолтаңба арқылы қол қойылған электрондық құжат арқылы немесе өзге де қолжетімді тәсілмен жіберіледі.