2. Сотқа, прокуратура органдарына және мемлекеттік органдарға жазылған өтініштерді арнаулы мекемелер мен ұйымдардың әкімшілігі жиырма төрт сағаттан кешіктірмей адресатқа жібереді.
3. Өтініштерге келген жауаптар кәмелетке толмағандарға қолхат ала отырып хабарланады және жеке ісіне тігіледі.
4. Құқықтары мен заңды мүдделерінің бұзылуына байланысты жазған өтініштері үшін кәмелетке толмағандарды кез келген нысанда қудалауға жол берілмейді. Мұндай қудалауға кінәлі арнаулы мекемелер мен ұйымдардың лауазымды тұлғалары Қазақстан Республикасының заңдарына сәйкес жауаптылықта болады.
2010.29.12. № 375-IV ҚР Заңымен Заң 22-5-баппен толықтырылды
22-5-бап. Тамақтану, тамақ өнімдерін және бірінші кезектегі қажеттілік заттарын сатып алу
1. Арнаулы мекемелер мен ұйымдарда ұсталушы кәмелетке толмағандар Қазақстан Республикасының Үкіметі айқындайтын нормалар бойынша тамақпен, киіммен, аяқ киіммен және жұмсақ мүкәммалмен қамтамасыз етіледі.
2. Тамақтану ойын және жатын бөлмелерден бөлек үй-жайларда (асханаларда) жүзеге асырылады.
3. Арнаулы мекемелер мен ұйымдардың әкімшілігі кәмелетке толмағандарға гигиена, санитария және өрт қауіпсіздігі талаптарына сай келетін жағдайлар жасауға міндетті.
4. Арнаулы мекемелер мен ұйымдар кәмелетке толмағандарға арналған, гигиена, санитария және өрт қауіпсіздігі талаптарына сай келетін, сондай-ақ арнаулы мекемелер мен ұйымдардан кәмелетке толмағандардың өз бетімен кетіп қалу жағдайларын болғызбайтын ойын залдарымен, жатын үй-жайлармен, тамақтануға арналған үй-жайлармен, оқу сыныбымен және серуендеу аулаларымен жарақтандырылуға тиіс.
5. Кәмелетке толмағандар оқу құралдарымен, әдебиетпен, кеңсе заттарымен және міндетті орта білім алу үшін қажетті басқа құралдармен қамтамасыз етіледі.
2010.29.12. № 375-IV ҚР Заңымен Заң 22-6-баппен толықтырылды
22-6-бап. Медициналық-санитариялық қамтамасыз ету
1. Арнаулы мекемелер мен ұйымдардың әкімшілігі белгіленген санитариялық-гигиеналық және эпидемияға қарсы талаптардың сақталуын, кәмелетке толмағандардың денсаулығын қорғауды қамтамасыз етуге міндетті.
2. Кәмелетке толмағандарға медициналық, оның ішінде психиатриялық көмек көрсетуді арнаулы мекемелер мен ұйымдардың медицина қызметкерлері жүзеге асырады.
3. Ауруханаға жатқызу қажеттілігі анықталған кезде кәмелетке толмаған тиісті медициналық ұйымға жіберіледі.
4. Кәмелетке толмағандар дене жарақатын алған жағдайда куәландыруды арнаулы мекемелер мен ұйымдардың медицина қызметкерлері шұғыл жүргізеді. Медициналық куәландыру нәтижелері белгіленген тәртіппен тіркеледі және жәбірленушіге, аумақтық қорғаншы және қамқоршы органға немесе ата-анасына не оларды алмастыратын адамдарға хабарланады. Арнаулы мекемелер мен ұйымдар әкімшілігінің немесе орган басшысының шешімі бойынша куәландыруды медициналық ұйымдардың қызметкерлері жүргізеді.
5. Кәмелетке толмаған ауыр сырқаттанған не қайтыс болған жағдайда арнаулы мекемелер мен ұйымдардың әкімшілігі бұл туралы жақын туысқандарына, прокуратура органдарына, аумақтық қорғаншы және қамқоршы органға хабарлайды. Қайтыс болған адамның мәйіті патологиялық-анатомиялық зерттеуден, сондай-ақ Қазақстан Республикасының заңнамасында көзделген іс-әрекеттер жүргізілгеннен кейін оны сұраған адамдарға беріледі.
Қайтыс болып, мәйіті сұралмаған кәмелетке толмағанды жерлеу бюджет қаражаты есебінен жүзеге асырылады.
6. Кәмелетке толмағанның қайтыс болуы мүмкін ауыр науқасы байқалған жағдайда медициналық қорытынды болса арнаулы мекемелер мен ұйымдар әкімшілігінің кәмелетке толмағанды ұстау режимін өзгерту туралы, сондай-ақ емдеуден өту үшін оны денсаулық сақтау ұйымына жіберу туралы мәселе қоюға құқығы бар.
2010.29.12. № 375-IV ҚР Заңымен Заң 22-7-баппен толықтырылды
22-7-бап. Арнаулы мекемелер мен ұйымдарда ұсталушы кәмелетке толмағандардың міндеттері
1. Арнаулы мекемелер мен ұйымдарда ұсталушы кәмелетке толмағандар:
1) осы Заңда және ішкі тәртіп қағидаларында белгіленген арнаулы мекемелер мен ұйымдарда ұстау режимін сақтауға;
2) арнаулы мекемелер мен ұйымдар әкімшілігінің заңды талаптарын орындауға;
3) гигиена және санитария талаптарын сақтауға;
4) өз өміріне және басқа адамдардың денсаулығына қауіп төндіретін қасақана іс-әрекеттер жасамауға;
5) арнаулы мекемелер мен ұйымдар қызметкерлерінің ар-намысын қорлайтын іс-әрекеттер жасамауға;
6) арнаулы мекемелер мен ұйымдар қызметкерлеріне өз қызметтік міндеттерін атқаруына кедергі келтірмеуге;
7) өрт қауіпсіздігі қағидаларын сақтауға;
8) арнаулы мекемелер мен ұйымдардың мүлкіне ұқыпты қарауға;
9) оқу сабақтарына баруға міндетті.
2014.03.07. № 227-V ҚР Заңымен 2-тармақ жаңа редакцияда (2015 ж. 1 қаңтардан бастап қолданысқа енгізілді) (бұр.ред.қара)
2. Арнаулы мекемелер мен ұйымдарда ұсталатын кәмелетке толмағандарға адамдардың өмірі мен денсаулығына қауіп төндіретін немесе қылмыстық құқық бұзушылық қаруы ретінде не кәмелетке толмағандарды осы мекемелерде ұстау мақсаттарына кедергі келтіру үшін пайдаланылуы мүмкін нәрселерді, заттарды және тамақ өнімдерін өзімен бірге ұстауына тыйым салынады.
3. Кәмелетке толмағандарды оқу-тәрбие процесіне және әлеуметтік оңалтуға байланысты емес іс-шараларға тартуға тыйым салынады.
2010.29.12. № 375-IV ҚР Заңымен Заң 22-8-баппен толықтырылды
22-8-бап. Арнаулы мекемелер мен ұйымдарда ұсталушы кәмелетке толмағандарға көтермелеу және жазалау шараларын қолдану
1. Арнаулы мекемелер мен ұйымдарда мынадай көтермелеу шаралары белгіленеді:
1) ауызша немесе бұйрықпен алғыс жариялау, ол кәмелетке толмағанның жеке ісіне тігіледі;
2) бұрын тағайындалған жазаны мерзімінен бұрын алу;
3) грамотамен марапаттау;
4) Құрмет тақтасына енгізу;
5) тәрбиеленушінің жақсы мінез-құлқы мен оның оқудағы және еңбектегі жетістіктері туралы ата-анасына, олардың орнындағы адамдарға не бұрын оқыған жеріне хабарлау;
6) үздік сыныпқа немесе топқа жалауша, грамота беру;
7) «Үздік маман» атағын беру.
2. Режимді және ішкі тәртіп қағидаларын бұзғаны үшін кәмелетке толмағандарға мынадай жазалау шаралары қолданылуы мүмкін:
1) ескерту;
2) ауызша немесе бұйрықпен сөгіс жариялау, ол кәмелетке толмағанның жеке ісіне тігіледі;
3) кәмелетке толмағандардың, топтың немесе сыныптың жалпы жиналысында, ерекше ұстау режиміндегі білім беру ұйымының не арнаулы білім беру ұйымының педагогикалық кеңесінде талқылау.
23-бап. Осы Заңның орындалу кепiлдiктерi
Кәмелетке толмағандар арасындағы құқық бұзушылықтардың, қадағалаусыз және панасыз қалудың профилактикасы жүйесiнiң органдары мен мекемелерi өз құзыретi шегiнде кәмелетке толмағандардың құқықтары мен заңды мүдделерiнiң сақталуын қамтамасыз етуге, оларды кемсiтудiң барлық нысандарынан, күш көрсетуден немесе психикалық зорлықтан, қорлаудан, дөрекi қарым-қатынастан, сексуалдық және өзге де пайдаланудан қорғауды жүзеге асыруға, өмiрде қиын жағдайға душар болған кәмелетке толмағандарды және тұрмысы қолайсыз отбасыларды анықтауға, сондай-ақ мыналарға:
1) прокуратура органдарына - кәмелетке толмағандардың құқықтары мен бостандықтарының бұзылуы туралы;
2) кәмелетке толмағандардың iсi және олардың құқықтарын қорғау жөніндегі комиссияларға - кәмелетке толмағандардың білім алуға, еңбек бостандығына, демалуға, тұрғын үйге және басқа да құқықтарының бұзылу жағдайлары туралы, сондай-ақ органдар мен мекемелердiң қызметтеріндегі кәмелетке толмағандар арасындағы құқық бұзушылықтың, қадағалаусыз және панасыз қалудың алдын алуға кедергi жасайтын кемшiлiктер туралы;
3) қорғаншы және қамқоршы органдарына - ата-аналарының немесе заңды өкiлдерiнiң қамқорлығынсыз қалған не өмiрiне, денсаулығына қауiп төндiретiн немесе тәрбиесiне кедергi келтiретiн жағдайда қалған кәмелетке толмағандар туралы;
4) iшкi iстер органдарына - қадағалаусыз және панасыз қалған кәмелетке толмағандар, тұрмысы қолайсыз отбасылар, құқық бұзушылық немесе қоғамға жат iс-әрекеттер жасаған (жасап жүрген) кәмелетке толмағандар, сондай-ақ кәмелетке толмағандарды қылмыстық қызмет немесе қоғамға жат iс-әрекеттер жасауға тартып жүрген немесе оларға қатысты басқа да құқыққа қарсы iс-әрекеттер жасап жүрген ата-аналар мен өзге де ересек адамдар туралы;
2009.10.07. № 176-IV ҚР Заңымен 5) тармақша өзгертілді (бұр.ред.қара)
5) денсаулық сақтау органдарына - алкогольдік ішімдіктерді, есiрткi құралдарын, психотроптық және адамның психикасына және дене мүшелерiнiң функциялары мен мiнез-құлқына терiс әсерiн тигiзетiн өзге де күштi әсер ететiн заттарды құмарлықпен салынып пайдалануына байланысты тексерiлудi, қаралуды немесе емделудi қажет ететiн кәмелетке толмағандар туралы;
6) білім беру органдарына - балалар үйлерiнен, мектеп-интернаттардан және басқа да балалар мекемелерiнен өз ерiктерiмен кетуiне байланысты не дәлелсiз себептермен жалпы білім беру орындарындағы оқуларының тоқтатылуына байланысты мемлекеттiң көмегiне мұқтаж кәмелетке толмағандар туралы дереу хабарлауға мiндеттi.
24-бап. Кәмелетке толмағандар арасындағы құқық бұзушылықтардың, қадағалаусыз және панасыз қалудың профилактикасын жүзеге асыратын органдардың, мекемелер мен өзге де ұйымдардың қызметiн бақылау
Мемлекеттік органдар өз құзыретi шегiнде кәмелетке толмағандар арасындағы құқық бұзушылықтардың, қадағалаусыз және панасыз қалудың профилактикасын жүзеге асыратын ведомстволық бағыныстағы органдардың, мекемелер мен өзге де ұйымдардың қызметiн Қазақстан Республикасының заңдарында белгiленген тәртiппен бақылауды жүзеге асырады.
25-бап. Қазақстан Республикасының кәмелетке толмағандар арасындағы құқық бұзушылықтардың, қадағалаусыз және панасыз қалудың профилактикасы туралы заңдарын бұзғандық үшiн жауаптылық
Қазақстан Республикасының кәмелетке толмағандар арасындағы құқық бұзушылықтардың, қадағалаусыз және панасыз қалудың профилактикасы туралы заңдарын бұзуға кiнәлi тұлғалар Қазақстан Республикасының заңдарында белгiленген тәртiппен жауаптылықта болады.
2013.02.07. № 111-V ҚР Заңымен Заң 4-тараумен толықтырылды
4-тарау. Ұлттық алдын алу тетігі
26-бап. Ұлттық алдын алу тетігі
1. Ұлттық алдын алу тетiгi ұлттық алдын алу тетiгi қатысушыларының қызметі арқылы жұмыс істейтін, азаптаудың және басқа да қатыгез, адамгершiлiкке жатпайтын немесе ар-намысты қорлайтын iс-әрекеттер мен жазалау түрлерiнiң алдын алу жүйесі түрінде қолданылады.
2. Ұлттық алдын алу тетiгiнің қатысушылары өз қызметі шеңберінде кәмелетке толмағандарды ұстауға арналған арнаулы мекемелер мен ұйымдарда (кәмелетке толмағандарды бейімдеу орталықтарында, арнаулы білім беру ұйымдарында, ерекше режимде ұстайтын білім беру ұйымдарында) және осы қатысушылардың болуы (бұдан әрі - алдын ала болу) үшін Қазақстан Республикасының заңдарында айқындалған өзге де ұйымдарда болады.
3. Адам құқықтары жөнiндегi уәкiл, сондай-ақ Үйлестіру кеңесі іріктейтін, азаматтардың құқықтарын, заңды мүдделерін қорғау жөніндегі қызметті жүзеге асыратын қоғамдық байқаушы комиссиялардың және қоғамдық бiрлестiктердiң мүшелерi, заңгерлер, әлеуметтік қызметкерлер, дәрігерлер ұлттық алдын алу тетiгiнің қатысушылары болып табылады.
4. Адам құқықтары жөнiндегi уәкiл ұлттық алдын алу тетiгi қатысушыларының қызметін үйлестіреді, ұлттық алдын алу тетiгi қатысушыларының қажетті әлеуеті мен кәсіптік білімін қамтамасыз ету үшін Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес шаралар қолданады.
5. Ұлттық алдын алу тетiгi қатысушыларының алдын ала болу бойынша шығыстарын өтеу Қазақстан Республикасының Үкіметі айқындайтын тәртіппен бюджет қаражатынан жүзеге асырылады.
27-бап. Үйлестіру кеңесі
1. Ұлттық алдын алу тетiгiнің қызметін тиімді үйлестіруді қамтамасыз ету мақсатында Адам құқықтары жөнiндегi уәкiлдің жанынан Үйлестіру кеңесі құрылады.
Адам құқықтары жөнiндегi уәкiлді қоспағанда, Үйлестіру кеңесінің мүшелерін Адам құқықтары жөнiндегi уәкiл құратын комиссия Қазақстан Республикасы азаматтарының қатарынан сайлайды.
2. Адам құқықтары жөнiндегi уәкiл:
Адам құқықтары жөнiндегi уәкiлдің жанындағы Үйлестіру кеңесі туралы ережені;
ұлттық алдын алу тетiгiнің қатысушыларын іріктеу тәртібін;
алдын ала болу үшін ұлттық алдын алу тетiгiнің қатысушыларынан топтар құру тәртібін;
алдын ала болу жөніндегі әдістемелік ұсынымдарды;
алдын ала болу қорытындылары бойынша жыл сайынғы жинақталған баяндаманы дайындау тәртібін бекітеді.
3. Үйлестіру кеңесі Біріккен Ұлттар Ұйымы Азаптауға қарсы комитетінің Азаптаудың және басқа да қатыгез, адамгершілікке жатпайтын немесе ар-намысты қорлайтын іс-әрекеттер мен жазалау түрлерінің алдын алу жөніндегі кіші комитетімен өзара іс-қимыл жасайды.
28-бап. Ұлттық алдын алу тетігінің қатысушыларына қойылатын талаптар
1. Мынадай:
1) заңда белгіленген тәртіппен жойылмаған немесе алынбаған соттылығы бар;
2) қылмыс жасады деп күдік келтірілген немесе айыпталған;
3) сот әрекетке қабiлетсiз немесе әрекет қабілеті шектеулі деп таныған адамдар;
4) судьялар, адвокаттар, мемлекеттік қызметшілер және әскери қызметшілер, сондай-ақ құқық қорғау және арнаулы мемлекеттік органдар қызметкерлері;
5) психиатрда және (немесе) наркологта есепте тұратын адамдар ұлттық алдын алу тетігінің қатысушылары бола алмайды.
2014.04.07. № 233-V ҚР Заңымен 2-тармақ өзгертілді (2015 ж. 1 қаңтардан бастап қолданысқа енгізілді) (бұр.ред.қара)
2. Қасақана қылмыс жасағаны үшін Қазақстан Республикасы Қылмыстық-процестік кодексінің 35-бабының бірінші бөлігі 3), 4), 9), 10) және 12) тармақтарының немесе 36-бабының негізінде қылмыстық жауаптылықтан босатылған; теріс себептер бойынша мемлекеттік немесе әскери қызметтен, құқық қорғау және арнаулы мемлекеттік органдардан, соттардан босатылған немесе адвокаттар алқасынан шығарылған; адвокаттық қызметпен айналысуға арналған лицензиядан айырылған адамдар да ұлттық алдын алу тетігінің қатысушылары бола алмайды.
29-бап. Ұлттық алдын алу тетiгi қатысушысының құқықтары
1. Ұлттық алдын алу тетiгiнің қатысушысы:
1) алдын ала болуға жататын мекемелер мен ұйымдарда ұсталатын адамдардың саны, осындай мекемелер мен ұйымдардың саны және олардың орналасқан жері туралы ақпарат алуға;
2) алдын ала болуға жататын мекемелер мен ұйымдарда ұсталатын адамдармен қарым-қатынас жасауға, сондай-ақ оларды ұстау жағдайларына қатысты ақпаратқа қол жеткізе алуға;
3) алдын ала болуды құрылған топтардың құрамында белгіленген тәртіппен жүзеге асыруға;
4) алдын ала болуға жататын мекемелер мен ұйымдарда ұсталатын адамдармен және (немесе) олардың заңды өкілдерімен куәларсыз, жеке өзі немесе қажет болған кезде аудармашы арқылы, сондай-ақ ұлттық алдын алу тетiгi қатысушысының пiкiрi бойынша тиiстi ақпарат бере алатын кез келген басқа адаммен әңгімелесулер өткiзуге;
5) алдын ала болуға жататын мекемелер мен ұйымдарды кедергісіз таңдауға және оларда болуға;
6) азаптаудың және басқа да қатыгез, адамгершiлiкке жатпайтын немесе ар-намысты қорлайтын iс-әрекеттер мен жазалау түрлерінің қолданылғаны туралы хабарламалар мен шағымдарды қабылдауға құқылы.
2. Ұлттық алдын алу тетігінің қатысушысы заңды қызметін жүзеге асырған кезде тәуелсіз болып табылады.
30-бап. Ұлттық алдын алу тетігі қатысушыларының міндеттері
1. Ұлттық алдын алу тетігінің қатысушылары өз өкілеттіктерін атқару кезінде Қазақстан Республикасының заңнамасын сақтауға міндетті.
2. Ұлттық алдын алу тетігі қатысушыларының алдын ала болуға жататын мекемелер мен ұйымдардың қызметіне араласуына жол берілмейді.
3. Алдын ала болу жөніндегі топқа кіретін ұлттық алдын алу тетігі қатысушысының турашылдығына күмән туғызатын мән-жайлар болған кезде, ол алдын ала болуға қатысудан бас тартуға міндетті.
4. Ұлттық алдын алу тетігінің қатысушылары азаптаудың және басқа да қатыгез, адамгершiлiкке жатпайтын немесе ар-намысты қорлайтын iс-әрекеттер мен жазалау түрлерінің қолданылғаны туралы қабылданатын хабарламалар мен шағымдарды Адам құқықтары жөнiндегi уәкiл айқындайтын тәртіппен тіркеуге міндетті.
Қабылданған хабарламалар мен шағымдар Қазақстан Республикасының заңнамасында көзделген тәртіппен Адам құқықтары жөнiндегi уәкiлдің қарауына беріледі.
Қабылданған және берілген хабарламалар мен шағымдар туралы ақпарат алдын ала болу нәтижелері жөніндегі есепке енгізіледі.
5. Осы Заңның ережелерін бұзған ұлттық алдын алу тетігінің қатысушылары Қазақстан Республикасының заңдарында белгіленген жауаптылықта болады.
31-бап. Ұлттық алдын алу тетiгi қатысушысының өкілеттіктерін тоқтату
Ұлттық алдын алу тетiгi қатысушысының өкілеттіктері:
1) осы Заңның ережелері бұзылған;
2) өз өкілеттіктерін доғару туралы жазбаша өтініш берілген;
3) ол қайтыс болған не оны қайтыс болды деп жариялау туралы сот шешімі заңды күшіне енген;
4) Қазақстан Республикасының шегінен тыс жерге тұрақты тұруға кеткен;
5) Қазақстан Республикасының азаматтығын жоғалтқан;
6) соттың айыптау үкімі заңды күшіне енген;
7) Қазақстан Республикасының заңдарында көзделген өзге де жағдайлар басталған кезде тоқтатылады.
32-бап. Алдын ала болудың түрлері мен кезеңділігі
1. Ұлттық алдын алу тетiгi қатысушыларының алдын ала болуы мыналарға бөлінеді:
1) төрт жылда кемінде бір рет, ұдайы негізде жүргізілетін кезеңдік алдын ала болу;
2) алдыңғы кезеңдік алдын ала болу нәтижелері бойынша ұсынымдарды іске асыру мониторингі, сондай-ақ ұлттық алдын алу тетiгiнің қатысушылары әңгімелесулер өткізген адамдарды алдын ала болуға жататын мекемелер мен ұйымдардың әкімшіліктері тарапынан қудалаудың алдын алу мақсатында кезеңдік алдын ала болулар аралығындағы кезеңде жүргізілетін аралық алдын ала болу;
3) азаптаудың және басқа да қатыгез, адамгершiлiкке жатпайтын немесе ар-намысты қорлайтын iс-әрекеттер мен жазалау түрлерінің қолданылғаны туралы келіп түскен хабарламалардың негізінде жүргізілетін арнаулы алдын ала болу.
2. Үйлестіру кеңесі бөлінген бюджет қаражаты шегінде алдын ала болу мерзімдерін және алдын ала болуға жататын мекемелер мен ұйымдардың тізбесін айқындайды.
33-бап. Алдын ала болу тәртібі
1. Алдын ала болуды Адам құқықтары жөніндегі уәкілдің келісуі бойынша Қазақстан Республикасының Үкіметі бекітетін қағидаларға сәйкес Үйлестіру кеңесі ұлттық алдын алу тетігінің қатысушыларынан құратын топтар жүргізеді.
2. Алдын ала болу үшін топтар құру кезінде ұлттық алдын алу тетiгi қатысушыларының ешқайсысын тегіне, әлеуметтік, лауазымдық және мүліктік жағдайына, жынысына, нәсіліне, ұлтына, тіліне, дінге көзқарасына, нанымына, тұрғылықты жеріне қатысты себептер бойынша немесе кез келген өзге де мән-жайлар бойынша қандай да бір кемсітуге болмайды.
3. Ұлттық алдын алу тетiгi қатысушыларының қауіпсіздігін қамтамасыз ету алдын ала болуға жататын мекемелер мен ұйымдардың әкімшілігіне жүктеледі. Ұлттық алдын алу тетiгi қатысушыларының құқыққа сыйымсыз әрекеттері орын алған жағдайда, алдын ала болуға жататын мекемелер мен ұйымдар әкімшілігінің басшысы Адам құқықтары жөніндегі уәкілді жазбаша хабардар етеді.
4. Әрбір алдын ала болудың нәтижелері бойынша топтың атынан Үйлестіру кеңесі бекіткен нысанда жазбаша есеп жасалады, оған алдын ала болуды жүзеге асырған топтың барлық мүшелері қол қояды. Ерекше пікірі бар топ мүшесі оны жазбаша түрде ресімдейді және есепке қоса береді.
34-бап. Ұлттық алдын алу тетiгi қатысушыларының жыл сайынғы жинақталған баяндамасы
1. Үйлестіру кеңесі ұлттық алдын алу тетiгi қатысушыларының жыл сайынғы жинақталған баяндамасын олардың алдын ала болу нәтижелері бойынша есептерін ескере отырып дайындайды.
2. Ұлттық алдын алу тетiгi қатысушыларының жыл сайынғы жинақталған баяндамасына:
уәкілетті мемлекеттік органдарға алдын ала болуға жататын мекемелер мен ұйымдарда ұсталатын адамдармен қарым-қатынас жағдайларын жақсарту және азаптаудың және басқа да қатыгез, адамгершiлiкке жатпайтын немесе ар-намысты қорлайтын iс-әрекеттер мен жазалау түрлерінің алдын алу бойынша ұсынымдар;
Қазақстан Республикасының заңнамасын жетілдіру бойынша ұсыныстар да енгізіледі.
Ұлттық алдын алу тетiгi қатысушыларының жыл сайынғы жинақталған баяндамасына өткен жылғы алдын ала болу жөніндегі қаржылық есеп қоса беріледі.
3. Ұлттық алдын алу тетiгi қатысушыларының жыл сайынғы жинақталған баяндамасы қарау үшін уәкілетті мемлекеттік органдарға жіберіледі және оны Үйлестіру кеңесі бекіткен күннен бастап бір айдан кешіктірмейтін мерзімде Адам құқықтары жөніндегі уәкілдің интернет-ресурсында орналастырылады.
35-бап. Құпиялылық
1. Ұлттық алдын алу тетiгiнің қатысушылары алдын ала болу барысында адамның жеке өмірі туралы өздеріне белгілі болған мәліметтерді осы адамның келісуінсіз жария етуге құқылы емес.
2. Ұлттық алдын алу тетiгi қатысушыларының алдын ала болу барысында адамның жеке өмірі туралы өздеріне белгілі болған мәліметтерді осы адамның келісуінсіз жария етуі Қазақстан Республикасының заңдарында белгіленген жауаптылыққа әкеп соғады.
36-бап. Уәкілетті мемлекеттік органдардың ұлттық алдын алу тетігінің қатысушыларымен өзара іс-қимылы
1. Мемлекеттік органдар және олардың лауазымды адамдары ұлттық алдын алу тетігінің қатысушыларына өздерінің заңды қызметін жүзеге асыруына жәрдем көрсетеді.
Бірде-бір мемлекеттік орган немесе лауазымды адам азаптауды және басқа да қатыгез, адамгершiлiкке жатпайтын немесе ар-намысты қорлайтын iс-әрекеттер мен жазалау түрлерiн қолдану фактілері туралы ұлттық алдын алу тетігінің қатысушыларына хабарлағаны үшін азаматтардың құқықтары мен бостандықтарын шектеуге құқылы емес.
Ұлттық алдын алу тетігі қатысушыларының заңды қызметіне кедергі келтіретін лауазымды адамдар Қазақстан Республикасының заңдарында белгіленген жауаптылықта болады.
2. Уәкілетті мемлекеттік органдар ұлттық алдын алу тетiгi қатысушыларының жыл сайынғы жинақталған баяндамасын алған күннен бастап үш ай ішінде Адам құқықтары жөніндегі уәкілді алынған баяндамаларды қарау нәтижелері бойынша қолданылған шаралар туралы жазбаша нысанда хабардар етеді.
2014.04.07. № 233-V ҚР Заңымен 3-тармақ жаңа редакцияда (2015 ж. 1 қаңтардан бастап қолданысқа енгізілді) (бұр.ред.қара)
3. Ұлттық алдын алу тетігі қатысушыларының алдын ала барудың нәтижелері бойынша есептері негізінде Адам құқықтары жөніндегі уәкілдің Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген тәртіппен уәкілетті мемлекеттік органдарға немесе лауазымды адамдарға адамның және азаматтың құқықтары мен бостандықтарын бұзған лауазымды адамға қатысты тәртіптік немесе әкімшілік іс жүргізуді қозғау не сотқа дейінгі тергеу жүргізу туралы өтінішхатпен жүгінуге құқығы бар.
Қазақстан Республикасының
Президенті