11) 21-1-бап мынадай мазмұндағы үшінші бөлікпен толықтырылсын:
«Депутаттық сауалға берілетін жауапқа осы баптың бірінші бөлігінде аталған адамдар немесе атына сауал жіберілген мемлекеттік органның бірінші басшысы не оның орынбасары қол қоюға тиіс.»;
12) 21-2-баптың 2-тармағындағы «бес» деген сөз «үш» деген сөзбен ауыстырылсын;
13) мынадай мазмұндағы 21-3-баппен толықтырылсын:
«21-3-бап. Мәслихат депутаттарының біліктілігін арттыру
1. Мәслихаттар депутаттарының тиісті жергілікті бюджет қаражаты есебінен біліктілігін арттырудан өтуге құқығы бар.
2. Мәслихаттар депутаттарының біліктілігін арттырудан өту кезеңділігі сайланған депутат өкілеттігінің алғашқы екі жылы ішінде бес жылда бір рет болады.
3. Мәслихаттар депутаттарының біліктілігін арттыру жөніндегі көрсетілетін қызметтерді сатып алу Қазақстан Республикасы Президентінің жанындағы білім беру ұйымдарында және олардың филиалдарында жүзеге асырылады.
4. Мәслихат аппараты Қазақстан Республикасының бюджет заңнамасына сәйкес мәслихат депутаттарының біліктілігін арттыруға арналған шығыстарды жоспарлайды.»;
14) 22-бап мынадай редакцияда жазылсын:
«22-бап. Депутаттық қызметті жүзеге асыруға байланысты шығыстарды өтеу
Депутат тиісті мәслихаттың регламентінде айқындалған тәртіппен, депутаттық өкілеттіктерді жүзеге асыруға байланысты мәслихат сессияларын, тұрақты комиссияларының және өзге де органдарының отырыстарын өткізу кезеңінде, депутаттық өкілеттіктерді жүзеге асыру уақытында және мәслихат депутаттарының біліктілігін арттыру кезеңінде оған негізгі жұмыс орны бойынша жергілікті бюджет қаражаты есебінен орташа жалақысы, бірақ осы қызметте бір жылға дейінгі жұмыс өтілі бар тиісті әкімшілік-аумақтық бірлік әкімі аппараты басшысының жалақысынан аспайтын мөлшерде және жол жүру уақыты ескеріліп, мәслихат сессиялары, тұрақты комиссиялары мен өзге де органдарының отырыстары өтетін, біліктілікті арттырудан өтетін мерзімдегі іссапар шығыстары өтеле отырып, қызметтік міндеттерін орындаудан босатылады.»;
15) 27-бап мынадай мазмұндағы 1-5-тармақпен толықтырылсын:
«1-5. Республикалық маңызы бар қаланың, астананың әкімдігі жерлеу және қабірлерді қарап-күту жөніндегі істі ұйымдастыру қағидаларына сәйкес, жерлеу жөніндегі істі ұйымдастыру туралы шарт талаптарының сақталуын бақылауды жүзеге асырады, сондай-ақ қабірге арналған жер учаскелерін есепке алу мен тіркеу деректерін (мәліметтерін) жинақтауды ұйымдастырады.»;
16) 31-баптың 1-тармағы мынадай мазмұндағы 32) және 33) тармақшалармен толықтырылсын:
«32) жерлеу және қабірлерді қарап-күту жөніндегі істі ұйымдастыру қағидаларына сәйкес, қабірге арналған жер учаскелерін есепке алу мен тіркеу деректерін (мәліметтерін) жинақтауды ұйымдастырады;
33) жерлеу және қабірлерді қарап-күту жөніндегі істі ұйымдастыру қағидаларына сәйкес, жерлеу жөніндегі істі ұйымдастыру туралы шарт талаптарының сақталуын бақылауды жүзеге асырады.»;
17) 33-бапта:
1-тармақтың 4) тармақшасының бірінші және екінші абзацтары мынадай редакцияда жазылсын:
«4) мыналарды:
шектi санын Қазақстан Республикасының Үкiметi айқындайтын аудан (облыстық маңызы бар қала) әкiмiнiң орынбасарларын;»;
мынадай мазмұндағы 1-2-тармақпен толықтырылсын:
«1-2. Облыстық маңызы бар қала әкімі жерлеу және қабірлерді қарап-күту жөніндегі істі ұйымдастыру қағидаларына сәйкес, қабірге арналған жер учаскелерін есепке алу мен тіркеуді жүргізеді.»;
18) 35-баптың 1-тармағы мынадай мазмұндағы 21-1) тармақшамен толықтырылсын:
«21-1) жерлеу және қабірлерді қарап-күту жөніндегі істі ұйымдастыру қағидаларына сәйкес, қабірге арналған жер учаскелерін есепке алу мен тіркеуді жүргізеді;»;
19) 38-1-бап мынадай мазмұндағы 4-1-тармақпен толықтырылсын:
«4-1. Әкім аппараты ауылдарда, кенттерде, ауылдық округтерде құрылады.
Әкім аппараты халқының саны кемінде 500 адам болатын ауылдарда, ауылдық округтерде құрылады.
Халқының саны кемінде 250 адам болатын ауылдарда әкім аппаратын құруға мынадай талаптардың біріне сәйкес келген кезде:
Қазақстан Республикасының Мемлекеттік шекарасынан 25 километрге дейінгі қашықтықта орналасса;
50 километр радиуста тиісті ауданның (облыстық маңызы бар қаланың) басқа елді мекені болмаса, жол беріледі.»;
20) 39-3-бапта:
2-тармақтың 2) тармақшасы мынадай редакцияда жазылсын:
«2) төрт жыл мерзімге жергілікті қоғамдастық жиналысының жиырма бес адамға дейінгі мөлшердегі құрамын айқындау;»;
6-тармақ мынадай редакцияда жазылсын:
«6. Ауыл, шағын аудан, көше, көппәтерлі тұрғын үй тұрғындары жергілікті қоғамдастығының бөлек жиындарын өткізуге жол беріледі.
Жергілікті қоғамдастықтың бөлек жиынын өткізу үшін аудандық маңызы бар қаланың, ауылдың, кенттің, ауылдық округтің аумағы учаскелерге (ауылдар, шағын аудандар, көшелер, көппәтерлі тұрғын үйлер) бөлінеді. Ауыл, шағын аудан, көше, көппәтерлі тұрғын үй тұрғындары жергілікті қоғамдастығының бөлек жиындарында жергілікті қоғамдастық жиынына қатысу үшін саны үш адамнан аспайтын өкілдер сайланады.
Жергілікті қоғамдастықтың бөлек жиындарын өткізудің және жергілікті қоғамдастық жиынына қатысу үшін ауыл, шағын аудан, көше, көппәтерлі тұрғын үй тұрғындары өкілдерінің санын айқындаудың тәртібін аудандық маңызы бар қалалардың, ауылдардың, кенттердің, ауылдық округтердің әкімдері әзірлейді және аудандардың (облыстық маңызы бар қалалардың) мәслихаттары бекітеді.
Жергілікті қоғамдастықтың бөлек жиындарын өткізудің үлгілік тәртібін Қазақстан Республикасының Үкіметі бекітеді.»;
8-тармақтың бірінші бөлігіндегі «көше, көппәтерлі тұрғын үй тұрғындарының бөлек жергілікті қоғамдастық жиынын» деген сөздер «шағын аудан, көше, көппәтерлі тұрғын үй тұрғындары жергілікті қоғамдастығының бөлек жиынын» деген сөздермен ауыстырылсын;
9-тармақтың бірінші бөлігі мынадай редакцияда жазылсын:
«9. Жергілікті қоғамдастық жиыны осы аумақта тұратын және оған қатысуға құқығы бар жергілікті қоғамдастық мүшелерінің кемінде он пайызы қатысқан кезде өтті деп есептеледі.».
4. «Қазақстан Республикасы астанасының мәртебесі туралы» 2007 жылғы 21 шілдедегі Қазақстан Республикасының Заңына:
9-баптың 27) тармақшасы мынадай редакцияда жазылсын:
«27) Қазақстан Республикасының Жер кодексінде және «Мемлекеттік мүлік туралы» Қазақстан Республикасының Заңында белгіленген тәртіппен жер учаскесін мемлекет мұқтаждығы үшін алып қоюға байланысты жер учаскелерін және (немесе) өзге де жылжымайтын мүлікті мәжбүрлеп иеліктен шығаруды жүзеге асырады;».
5. «Құқықтық актілер туралы» 2016 жылғы 6 сәуірдегі Қазақстан Республикасының Заңына:
1) 35-баптың 1-тармағының 4) тармақшасындағы «мәслихат сессиясының төрағасы және» деген сөздер алып тасталсын;
2) 35-1-баптың 3-тармағы мынадай мазмұндағы 4-1) тармақшамен толықтырылсын:
«4-1) аудандық маңызы бар қалалардың, ауылдардың, кенттердің, ауылдық округтердің бюджеттерін бекіту немесе нақтылау туралы мәслихаттардың нормативтік құқықтық шешімдеріне;».
2-бап.
1. Осы Заң, 2022 жылғы 1 қаңтардан бастап қолданысқа енгізілетін 1-баптың 1-тармағының 3) және 4) тармақшаларын, 3-тармағы 9) тармақшасының он үшінші - он жетінші абзацтарын қоспағанда, алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі.
2. Осы Заңның 1-бабы 3-тармағының 8) тармақшасы он бірінші абзацының қолданысы 2022 жылғы 1 қаңтарға дейін тоқтатыла тұрсын, тоқтатыла тұру кезеңінде осы абзац мынадай редакцияда қолданылады деп белгіленсін:
«5. Облыс, республикалық маңызы бар қала және астана мәслихатының хатшысы болмаған кезде оның өкілеттіктерін мәслихаттың тұрақты комиссияларының бірінің төрағасы уақытша жүзеге асырады.».
Қазақстан Республикасының
Президенті
Қ. ТОҚАЕВ
Нұр-Сұлтан, Ақорда, 2021 жылғы 30 маусым
№ 60-VII