1) көрсетілетін қызметтерді сатып алу шарты бойынша міндеттемелерді орындау үшін басқа да денсаулық сақтау субъектілерімен қордың келісуі бойынша шарттар жасасуға;
2) көрсетілетін қызметтерді сатып алу шартының талаптарын түсіндіру үшін қорға өтініш жасауға құқығы бар.
2. Міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесінде медициналық көмек көрсету кезінде денсаулық сақтау субъектілері:
1) міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесінің ақпараттық жүйелері мен электрондық ақпараттық ресурстарына деректерді енгізудің уақтылығын, анықтығын және дұрыстығын;
2) міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесінің ақпараттық жүйелері мен электрондық ақпараттық ресурстарына қолжетімділікті;
3) көрсетілетін қызметтерді сатып алу шарты талаптарының орындалуына мониторингті жүзеге асыру үшін қажетті ақпарат пен құжаттаманы қордың сұрау салуы бойынша беруге;
4) көрсетілетін қызметтерді сатып алу шарты талаптарының орындалуын мониторингтеу үшін медициналық көмек көрсетуді жүзеге асыратын медициналық ұйымға қордың талап етуі бойынша кіруді қамтамасыз етуге міндетті.
3. Міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесінде медициналық көмек көрсету кезінде денсаулық сақтау субъектілері «Халық денсаулығы және денсаулық сақтау жүйесі туралы» Қазақстан Республикасының кодексінде, сондай-ақ Қазақстан Республикасының заңдарында көзделген өзге міндеттерді атқарады.
17-бап. Мемлекеттік корпорация
1. Міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесіндегі мемлекеттік корпорация:
1) жеке сәйкестендіру нөмірлері негізінде аударымдарды және (немесе) жарналарды есепке алуды жүзеге асырады және мемлекеттік кіріс органдарымен аударымдардың және (немесе) жарналардың түсімдерін салыстыруды жүргізеді;
2) аударымдарды және жарналарды қорға банктік үш күн ішінде аударады;
3) аударымдардың, жарналардың және (немесе) аударымдарды және (немесе) жарналарды уақтылы және (немесе) толық төлемегені үшін өсімпұлдардың қате есепке жатқызылған сомаларын қайтаруды жүзеге асырады;
4) аударымдардың және (немесе) жарналардың қате төленген сомаларын Мемлекеттік корпорация арқылы қайтару қажет болған жағдайда, бұл туралы төлеушілерге хабарлайды;
5) аударымдардың және (немесе) жарналардың қате төленген сомаларын осы қаражат қордан Мемлекеттік корпорацияның шотына аударылған күннен бастап банктік үш күн ішінде төлеушілерге аударуды жүзеге асырады;
6) Қазақстан Республикасының заңнамалық актілерінде көзделген жағдайлардан басқа, аударымдар мен жарналардың жай-күйі мен қозғалысы туралы ақпараттың құпиялылығын қамтамасыз етеді;
7) өз құзыреті шегінде міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесінің ақпараттық жүйелері мен электрондық ақпараттық ресурстарын жүргізеді және жаңартып отырады.
2. Мемлекеттік корпорация өндіретін және (немесе) өткізетін тауарлардың (жұмыстардың, көрсетілетін қызметтердің) бағаларын монополияға қарсы органмен және уәкілетті органмен келісу бойынша орталық мемлекеттік органдар арасынан Қазақстан Республикасы Үкіметінің шешімімен айқындалатын уәкілетті орган белгілейді.
4-тарау. ӘЛЕУМЕТТІК МЕДИЦИНАЛЫҚ САҚТАНДЫРУ ҚОРЫ
18-бап. Қордың мәртебесі мен активтері
1. Қор жалғыз құрылтайшысы мен акционері Қазақстан Республикасының Үкіметі болып табылатын, акционерлік қоғамның ұйымдық-құқықтық нысанындағы коммерциялық емес ұйым болып табылады.
2. Қордың органдары:
1) жоғары орган - жалғыз акционер;
2) басқару органы - директорлар кеңесі;
3) атқарушы орган — басқарма;
4) қордың жарғысына сәйкес өзге де органдар болып табылады.
3. Қор ішкі аудит қызметін құрады.
4. Қордың активтері:
1) аударымдар, жарналар, аударымдарды және (немесе) жарналарды төлеу мерзімі өтіп кеткендігі үшін алынған өсімпұл, қордың қызметін қамтамасыз етуге арналған комиссиялық сыйақыны шегергендегі инвестициялық кіріс;
2) қорға түсетін, Қазақстан Республикасының заңнамасында тыйым салынбаған өзге де түсімдер есебінен қалыптастырылады.
5. Қордың активтері тек қана мына:
1) міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесінде медициналық көмек көрсету жөніндегі шығыстар мен іс-шараларға ақы төлеу;
2) тізбесін Қазақстан Республикасының Үкіметі айқындайтын қаржы құралдарына орналастыру;
3) аударымдардың және (немесе) жарналардың артық төленген сомаларын, қате есепке жазылған өзге де қаражатты қайтару мақсаттарына пайдаланылуы мүмкін.
6. Қордың активтері:
1) кепіл нысанасы бола алмайды;
2) оларды кредиторлардың талабы бойынша өндіріп алуға болмайды;
3) мүлікке тыйым салу немесе өзгеше түрде ауыртпалық салу нысанасы бола алмайды;
4) оларды қордың және үшінші тұлғалардың міндеттемелері бойынша инкассолық өкіммен өндіріп алуға болмайды;
5) осы Заңның 21-бабында көзделген жағдайларды қоспағанда, оларды сенімгерлік басқаруға беруге болмайды;
6) мерзімінде орындалмаған салық міндеттемесінің орындалуын қамтамасыз ету нысанасы бола алмайды.
19-бап. Қордың қызметі
1. Қор өзінің қызметін қордың активтерінен алынатын комиссиялық сыйақы есебінен жүзеге асырады. Комиссиялық сыйақының пайыздық мөлшерлемесінің шекті шамасын жыл сайын Қазақстан Республикасының Үкіметі белгілейді.
2. Қордың меншікті қаражаты (мүлкі) қордың жарғылық капиталынан және комиссиялық сыйақыдан құралады және содан тұрады.
3. Қор мемлекеттік монополияға жататын мынадай қызмет түрлерін:
1) міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру шеңберінде түсетін қаржы қаражатын жинауды;
2) міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесінде медициналық көмек көрсету жөніндегі қызметтерді ұсынатын денсаулық сақтау субъектілері арасында осындай қаржы қаражатын бөлуді жүзеге асырады.
4. Қор мемлекеттік монополиямен технологиялық байланысты мынадай қызмет түрлерін:
1) міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру шеңберінде медициналық көрсетілетін қызметтерді тұтынушыларды есепке алуды жүргізуді;
2) міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесінде медициналық көмек көрсетуді жүзеге асыратын денсаулық сақтау субъектілерін есепке алуды жүргізуді;
3) міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесінің ақпараттық жүйесі мен электрондық ақпараттық ресурстарын құруды және дамытуды жүзеге асырады.
5. Мемлекеттік монополия субъектісі өндіретін және (немесе) өткізетін тауарларға (жұмыстарға, көрсетілетін қызметтерге) бағаларды монополияға қарсы органмен келісу бойынша уәкілетті орган белгілейді.
6. Қордың қызметіне осы Заңда реттелмеген бөлігінде Қазақстан Республикасының акционерлік қоғамдар туралы заңнамасы қолданылады.
20-бап. Қордың құқықтары мен міндеттері
1. Қордың:
1) өзінің қызметін жүзеге асыру үшін қордың активтерінен комиссиялық сыйақы алуға;
2) көрсетілетін қызметтерді сатып алу шарты талаптарының орындалуына мониторингті жүзеге асыру үшін қажетті ақпарат пен құжаттаманы міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесіне қатысушылардан сұратуға және алуға;
3) медициналық көмек көрсетуді жүзеге асыратын денсаулық сақтау субъектісіне бару арқылы көрсетілетін қызметтерді сатып алу шарты талаптарының орындалуына мониторингті жүзеге асыруға;
4) Қазақстан Республикасының аумағында Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген тәртіппен филиалдар мен өкілдіктер құруға;
5) міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесіндегі медициналық көмек тізбесін және міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесіндегі медициналық көмек шеңберінде көрсетілетін медициналық қызметтерге арналған тарифтердің мөлшерлерін қалыптастыру жөніндегі ұсыныстарды тұжырымдауға;
6) халық пен денсаулық сақтау ұйымдарының арасында міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру мәселелері бойынша консультациялық және түсіндіру жұмысын жүргізуге;
7) Қазақстан Республикасының заңнамасында көзделген өзге де құқықтарды жүзеге асыруға құқығы бар.
2. Қор:
1) міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыруға арналған аударымдар мен жарналарды шоғырландыруды жүзеге асыруға;
2) көрсетілетін қызметтерді сатып алу шартының талаптарымен денсаулық сақтау субъектілерінің көрсетілетін қызметтеріне уақтылы ақы төленуін қамтамасыз етуге;
3) қордың уақытша бос тұрған қаражатын Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкі арқылы қаржы құралдарына орналастыруға;
4) жыл сайынғы тәуелсіз аудиттің жүргізілуін қамтамасыз етуге;
5) аударымдардың, жарналардың қате төленген сомаларын және (немесе) аударымдарды және (немесе) жарналарды уақтылы және (немесе) толық төлемегені үшін өсімпұлды қайтаруды жүзеге асыруға;
6) Қазақстан Республикасының Үкіметі айқындайтын тәртіппен күтпеген шығыстарды жабу үшін резервтер қалыптастыруға;
7) міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесіндегі медициналық көмекке жұмсалатын шығындарды жоспарлауға;
8) денсаулық сақтау субъектілерінің медициналық көрсетілетін қызметтерді тұтынушыларға көрсетілген медициналық көмектің сапасы мен көлемі бойынша шарттық міндеттемелерді орындауына мониторинг жүргізуге;
9) азаматтар мен денсаулық сақтау ұйымдарының міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесінде медициналық көмек көрсету мәселелері жөніндегі шағымдары мен өтініштерін қарауға;
10) Қазақстан Республикасының заңдарына сәйкес өзге де міндеттерді орындауға міндетті.
3. Қор:
1) осы Заңда көзделген жағдайлардан басқа, қордың активтеріне билік етуге;
2) Қазақстан Республикасының заңдарында көзделмеген кәсіпкерлік және өзге де қызметпен айналысуға құқылы емес.
21-бап. Қордың инвестициялық қызметі
1. Қор инвестициялық қызметті қор мен Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкі арасында жасалатын сенімгерлік басқару шартының негізінде қордың активтерін Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкі арқылы қаржы құралдарына орналастыру арқылы жүзеге асырады.
2. Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкі қордың активтерін шоғырландыру және орналастыру, инвестициялық кіріс алу жөніндегі барлық операциялардың есебін жүргізеді және жасалған сенімгерлік басқару шартына сәйкес шоттардың және инвестициялық қызметтің жай-күйі туралы есепті қорға тоқсан сайын ұсынады.
22-бап. Есепке алу және есептілік
1. Қор Қазақстан Республикасының бухгалтерлік есеп пен қаржылық есептілік туралы заңнамасында белгіленген тәртіппен бухгалтерлік есепті жүргізеді және қаржылық есептілікті қордың меншікті қаражаты мен активтері бойынша бөлек ұсынады.
2. Қор бухгалтерлік есепте және есептілікті жасау кезінде пайдаланылатын құжаттардың есепке алынуы мен сақталуын қамтамасыз етуге міндетті. Сақталуға жататын негізгі құжаттардың тізбесі және оларды сақтау мерзімдері Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленеді.
23-бап. Қордың аудиті
1. Қордың аудитін Қазақстан Республикасының аудиторлық қызмет туралы заңнамасына сәйкес аудит жүргізуге құқылы аудиторлық ұйым жүргізеді.
2. Қордың қаржылық есептілігінің аудиторлық есебі коммерциялық құпияны құрамайды.
3. Қордың жыл сайынғы аудитінің нәтижелері бойынша аудиторлық ұйым:
1) қордың қаржылық есептілігі бойынша;
2) қордың активтері бойынша екі аудиторлық есеп жасайды.
Қордың активтері бойынша жыл сайынғы аудиторлық есеп Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген талаптарға сәйкескестік тұрғысында қор активтеріне қатысты бухгалтерлік есеп жүргізу және қаржылық есептілікті жасау тәртібін тексеруді қамтиды.
Қордың жыл сайынғы аудиті бойынша шығыстар қордың меншікті қаражаты есебінен жүзеге асырылады.
24-бап. Қордың басшы жұмыскерлеріне қойылатын талаптар
1. Атқарушы органның бірінші басшысы және оның орынбасарлары қордың басшы жұмыскерлері болып табылады.
2. Қордың басшы жұмыскерлеріне мынадай талаптар белгіленеді:
жоғары кәсіптік (медициналық немесе қаржылық-экономикалық) білімінің болуы;
бағалы қағаздар нарығындағы және қаржы нарығында қызметін жүзеге асыратын ұйымдардағы кәсіптік қызметпен тікелей байланысты басшы лауазымдарда кемінде бес жыл жұмыс өтілінің не квазимемлекеттік сектор субъектілерінде басшы лауазымдарда кемінде бес жыл жұмыс өтілі не мемлекеттік қызметте кемінде он жыл өтілінің, оның ішінде мемлекеттік органдарда басшы лауазымдарда кемінде бес жыл не денсаулық сақтау саласында басшы лауазымдарда кемінде бес жыл жұмыс өтілінің болуы.
3. Мыналар:
1) бұрын сыбайлас жемқорлық қылмыс жасаған;
2) бұрын осы адам заңды тұлғаның бірінші басшысы, бірінші басшысының орынбасары, бас бухгалтері лауазымында болған кезеңде банкрот деп танылған немесе санацияға, консервацияға, мәжбүрлеп таратуға ұшыраған заңды тұлғаның бірінші басшысы, бірінші басшысының орынбасары, бас бухгалтері болған адам қордың басшы жұмыскері бола алмайды.
5-тарау. МІНДЕТТІ ӘЛЕУМЕТТІК МЕДИЦИНАЛЫҚ САҚТАНДЫРУ ЖҮЙЕСІН ҚАРЖЫЛАНДЫРУ
25-бап. Қаржыландыру көздері
Міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесін қаржыландыру көздері:
1) аударымдар мен жарналар;
2) Қазақстан Республикасының заңнамасында тыйым салынбаған өзге де түсімдер болып табылады.
26-бап. Мемлекеттің міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыруға жарналары
1. Мемлекеттің міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыруға жарналары осы Заңның 28-бабы 4-тармағының 1), 2), 3), 4), 5), 6), 7), 8), 9), 10), 14) және 15) тармақшаларында аталған азаматтар үшін Қазақстан Республикасының Бюджет кодексінде айқындалатын тәртіппен ағымдағы айдың алғашқы бес жұмыс күні ішінде ай сайын төленеді.
Мемлекеттің міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыруға жарналары Қазақстан Республикасының аумағында тұрақты тұратын шетелдіктер мен азаматтығы жоқ адамдарға, сондай-ақ олардың отбасы мүшелеріне төленбейді.
2. Қорға төленуге жататын, мемлекеттің міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыруға жарналары:
2017 жылғы 1 шілдеден бастап - мемлекеттің жарналарын есептеу объектісінің 4 пайызы;
2018 жылғы 1 қаңтардан бастап - мемлекеттің жарналарын есептеу объектісінің 5 пайызы;
2023 жылғы 1 қаңтардан бастап - мемлекеттің жарналарын есептеу объектісінің 6 пайызы;
2024 жылғы 1 қаңтардан бастап - мемлекеттің жарналарын есептеу объектісінің 7 пайызы мөлшерінде белгіленеді.
3. Мемлекеттік статистика саласындағы уәкілетті орган айқындайтын, ағымдағы қаржы жылының алдындағы екі жылдағы орташа айлық жалақы мемлекеттің жарналарын есептеу объектісі болып табылады.
4. Осы Заңның 28-бабының 4-тармағында көрсетілген азаматтар үшін аударымдарды және (немесе) жарналарды аудару кезінде мемлекеттің міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыруға жарналарын төлеу уәкілетті орган айқындаған тәртіппен тоқтатылады.
27-бап. Міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыруға аударымдар
1. Жұмыс берушілердің қорға төленуге жататын аударымдары:
2017 жылғы 1 қаңтардан бастап - аударымдарды есептеу объектісінің 2 пайызы;
2018 жылғы 1 қаңтардан бастап - аударымдарды есептеу объектісінің 3 пайызы;
2019 жылғы 1 қаңтардан бастап - аударымдарды есептеу объектісінің 4 пайызы;
2020 жылғы 1 қаңтардан бастап - аударымдарды есептеу объектісінің 5 пайызы мөлшерінде белгіленеді.
2. Осы Заңның 29-бабына сәйкес есептелген, кіріс түрінде жұмыскерге төленетін жұмыс берушінің шығыстары аударымдарды есептеу объектісі болып табылады.
3. Жұмыс берушілер осы Заңның 28-бабының 4-тармағында көрсетілген азаматтар үшін аударымдар төлеуден босатылады.
28-бап. Міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыруға жарналар
1. Жұмыскерлердің қорға төленуге жататын жарналары:
2019 жылғы 1 қаңтардан бастап - жарналарды есептеу объектісінің 1 пайызы;
2020 жылғы 1 қаңтардан бастап - жарналарды есептеу объектісінің 2 пайызы мөлшерінде белгіленеді.
2. Дара кәсіпкерлердің, жекеше нотариустардың, жеке сот орындаушыларының, адвокаттардың, кәсіби медиаторлардың, азаматтық-құқықтық сипаттағы шарттар бойынша кіріс алатын жеке тұлғалардың қорға төленуге жататын жарналары:
2017 жылғы 1 қаңтардан бастап - жарналарды есептеу объектісінің 2 пайызы;
2018 жылғы 1 қаңтардан бастап - жарналарды есептеу объектісінің 3 пайызы;
2019 жылғы 1 қаңтардан бастап - жарналарды есептеу объектісінің 5 пайызы;
2020 жылғы 1 қаңтардан бастап - жарналарды есептеу объектісінің 7 пайызы мөлшерінде белгіленеді.
3. Жұмыскерлердің, дара кәсіпкерлердің, жекеше нотариустардың, жеке сот орындаушыларының, адвокаттардың, кәсіби медиаторлардың, азаматтық-құқықтық сипаттағы шарттар бойынша кіріс алатын жеке тұлғалардың осы Заңның 29-бабына сәйкес есептелген кірістері олардың жарналарын есептеу объектісі болып табылады.
4. Мына азаматтар қорға жарналар төлеуден босатылады:
1) балалар;
2) «Алтын алқа», «Күміс алқа» алқаларымен наградталған немесе бұрын «Батыр ана» атағын алған, сондай-ақ І және ІІ дәрежелі «Ана даңқы» ордендерімен наградталған көп балалы аналар;
3) Ұлы Отан соғысына қатысушылар мен оның мүгедектері;
4) мүгедектер;
5) жұмыссыз ретінде тіркелген адамдар;
6) интернат ұйымдарында білім алып және тәрбиеленіп жатқан адамдар;
7) техникалық және кәсіптік, орта білімнен кейінгі, жоғары білім беру, сондай-ақ резидентура нысанындағы жоғары оқу орнынан кейінгі білім беру ұйымдарында күндізгі оқу нысанында білім алып жатқан адамдар;
8) бала (балаларды) тууға, жаңа туған баланы (балаларды) асырап алуға байланысты, бала (балалар) үш жасқа толғанға дейін оның (олардың) күтіміне байланысты демалыста жүрген адамдар;
9) жұмыс істемейтін жүкті әйелдер, сондай-ақ бала (балалар) үш жасқа толғанға дейін оны (оларды) іс жүзінде тәрбиелеп отырған жұмыс істемейтін адамдар;
10) зейнеткерлер;
11) әскери қызметшілер;
12) арнаулы мемлекеттік органдардың қызметкерлері;
13) құқық қорғау органдарының қызметкерлері;
14) қылмыстық-атқару (пенитенциарлық) жүйесі мекемелерінде (қауіпсіздігі барынша төмен мекемелерді қоспағанда) сот үкімі бойынша жазасын өтеп жүрген адамдар;
15) уақытша ұстау изоляторларындағы және тергеу изоляторларындағы адамдар.
29-бап. Аударымдарды және (немесе) жарналарды есептеу үшін қабылданатын кірістер
1. Уәкілетті орган айқындайтын, аударымдар мен жарналар төленбейтін кірістерді қоспағанда, жұмыс берушілер есепке жазған кірістер жұмыскерлердің аударымдар мен жарналарды есептеу үшін қабылданатын кірістері болып табылады.
2. Салық салудың жалпыға бірдей белгіленген режимін қолданатын дара кәсіпкерлердің Қазақстан Республикасының салық заңнамасында белгіленген шегерімдер ескеріле отырып, кәсіпкерлік қызметті жүзеге асыру нәтижесінде алған кірістері олардың кірістері болып табылады.
3. Республикалық бюджет туралы заңда тиісті қаржы жылына белгіленген ең төмен бір жалақы мөлшері шағын бизнес субъектісіне арналған арнаулы салық режимін қолданатын дара кәсіпкердің, шаруа немесе фермер қожалықтарына арналған арнаулы салық режимін қолданатын шаруа немесе фермер қожалығы басшысының және (немесе) мүшесінің кірісі болып табылады.
4. Заң көмегін көрсеткені, нотариаттық әрекеттер жасағаны үшін тиісінше төлемақыны, сондай-ақ қорғауға және өкілдік етуге байланысты шығыстарды өтеудің алынған сомаларын қоса алғанда, атқару құжаттарын орындау жөніндегі қызметті, нотариаттық, адвокаттық қызметті, кәсіби медиатордың қызметін жүзеге асырудан алынған барлық кіріс түрлері жекеше нотариустардың, жеке сот орындаушыларының, адвокаттардың, кәсіби медиаторлардың кірістері болып табылады.
5. Уәкілетті орган айқындайтын, жарналар төленбейтін кірістерді қоспағанда, осы шарттар бойынша есептелген барлық кірістер азаматтық-құқықтық сипаттағы шарттар бойынша жеке тұлғаның кірістері болып табылады.
6. Аударымдарды және (немесе) жарналарды есептеу үшін қабылданатын ай сайынғы кіріс республикалық бюджет туралы заңда тиісті қаржы жылына белгіленген ең төмен жалақының он бес еселенген мөлшерінен аспауға тиіс.
Егер күнтізбелік ай үшін аударымдарды және (немесе) жарналарды есептеу объектісі республикалық бюджет туралы заңда белгіленген және тиісті қаржы жылының 1 қаңтарында қолданыста болатын жалақының ең төмен мөлшерінен аз болса, аударымдар және (немесе) жарналар жалақының ең төмен мөлшері негізге алына отырып есептеледі және аударылады.
6-тарау. АУДАРЫМДАРДЫ ЖӘНЕ (НЕМЕСЕ) ЖАРНАЛАРДЫ ЕСЕПТЕУ (ҰСТАП ҚАЛУ) ЖӘНЕ АУДАРУ
30-бап. Аударымдарды және (немесе) жарналарды есептеу (ұстап қалу) және аудару
1. Жұмыскерлердің аударымдарын және (немесе) жарналарын есептеуді (ұстап қалуды ) және аударуды жұмыс беруші ай сайын жүзеге асырады.
2. Азаматтық-құқықтық сипаттағы шарттар бойынша кіріс алатын жеке тұлғалардың жарналарын есептеуді (ұстап қалуды) және аударуды осындай шарттар жасасқан салық агенттері ай сайын жүзеге асырады.
3. Дара кәсіпкерлердің, жекеше нотариустардың, жеке сот орындаушыларының, адвокаттардың, кәсіби медиаторлардың жарналарын есептеуді және төлеуді қаражатты қордың шотына Мемлекеттік корпорация арқылы тікелей есепке жатқызу жолымен өздері жүзеге асырады.
4. Резидент заңды тұлғаның шешімі бойынша оның филиалдары мен өкілдіктері аударымдарды және (немесе) жарналарды төлеушілер ретінде қарастырылуы мүмкін.
5. Аударымдар және (немесе) жарналар Қазақстан Республикасының ұлттық валютасында төленеді.
6. Есепке жазылған (ұстап қалған) аударымдарды және (немесе) жарналарды қордың шотына Мемлекеттік корпорация арқылы:
1) дара кәсіпкерлер мен заңды тұлғалар (осы тармақтың 2), 3), 4) және 5) тармақшаларында көрсетілген тұлғалардан басқа), жекеше нотариустар, жеке сот орындаушылары, адвокаттар мен кәсіби медиаторлар - кіріс төленген айдан кейінгі айдың 25-інен кешіктірмей;
2) дара кәсіпкерлер мен заңды тұлғалар (осы тармақтың 3), 4) және 5) тармақшаларында көрсетілген тұлғалардан басқа), жекеше нотариустар, жеке сот орындаушылары, адвокаттар мен кәсіби медиаторлар өз пайдасына - есепті айдан кейінгі айдың 25-інен кешіктірмей;
3) арнаулы салық режимін қолданатын шаруа немесе фермер қожалықтары - Қазақстан Республикасының салық заңнамасында көзделген тәртіппен және мерзімдерде;
4) оңайлатылған декларация негізінде арнаулы салық режимін қолданатын шағын бизнес субъектілері - Қазақстан Республикасының салық заңнамасында көзделген мерзімде;
5) патент негізінде арнаулы салық режимін қолданатын дара кәсіпкерлер - Қазақстан Республикасының салық заңнамасында патент құнын төлеу үшін көзделген мерзімде аударады.
7. Банктен немесе банк операцияларының жекелеген түрлерін жүзеге асыратын ұйымнан аударымдардың және (немесе) жарналардың сомасына төлем тапсырмасының акцептін алған күн - қолма-қол ақшасыз нысанда жүзеге асырылатын аударымдарды және (немесе) жарналарды төлеу күні, төлеушінің аударымдарды және (немесе) жарналарды банкке немесе банк операцияларының жекелеген түрлерін жүзеге асыратын ұйымға енгізген күні қолма-қол ақша нысанында жүзеге асырылатын аударымдарды және (немесе) жарналарды төлеу күні болып есептеледі.
8. Аударымдарды және (немесе) жарналарды және (немесе) осы Заңның 31-бабының 1-тармағына сәйкес есептелген өсімпұлды төлеудің толықтығын және уақтылығын бақылауды Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес мемлекеттік кіріс органдары жүзеге асырады.
31-бап. Төлеушінің аударымдарды және (немесе) жарналарды уақтылы аудармағаны үшін жауаптылығы
1. Аударымдардың және (немесе) жарналардың уақтылы аударылмаған сомаларын мемлекеттік кіріс органдары өндіріп алады және оларды төлеуші Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкі белгілеген қайта қаржыландырудың 2,5 еселенген ресми мөлшерлемесі мөлшерінде мерзімі өткен әр күн үшін (қорға төлеген күнді қоса алғанда) есептелген өсімпұлмен бірге қордың шотына аударуға тиіс.
2. Аударымдар және (немесе) жарналар толық және (немесе) уақтылы аударылмаған жағдайда, мемлекеттік кіріс органдары жиналып қалған берешек шегіндегі ақшаны төлеушінің банктік шоттарынан өндіріп алуға құқылы.
Аударымдар және (немесе) жарналар бойынша берешекті өндіріп алу уәкілетті орган айқындаған тәртіппен төлеушіге хабарлама жіберіле отырып, мемлекеттік кіріс органының инкассолық өкімі негізінде жүргізіледі.
Егер аударымдар және (немесе) жарналар бойынша берешек республикалық бюджет туралы заңда тиісті қаржы жылына белгіленген бір айлық есептік көрсеткіш мөлшеріндегі сомадан аспаса, мұндай хабарлама жіберілмейді.
Төлеуші аударымдар және (немесе) жарналар жүргізілетін жұмыскерлердің тізімін уәкілетті орган белгілеген мерзімдерде мемлекеттік кіріс органына ұсынуға міндетті.
Төлеушіге қойылатын барлық талаптарды қанағаттандыру үшін банктік шоттарда ақша болмаған немесе жеткіліксіз болған жағдайларда, банк төлеушінің ақшасын Қазақстан Республикасының Азаматтық кодексінде белгіленген кезектілік тәртібімен алып қоюды жүргізеді.
Төлеушінің банктік шоттарында ұлттық валютада ақша болмаған жағдайда, аударымдар және (немесе) жарналар бойынша берешекті өндіріп алу мемлекеттік кіріс органдары ұлттық валютада қойған инкассолық өкімдер негізінде төлеушінің банктік шоттарынан шетел валютасында жүргізіледі.
3. Осы баптың 2-тармағында көзделген хабарлама тапсырылған күннен бастап бес жұмыс күні өткен соң төлеуші аударымдар және (немесе) жарналар бойынша берешегі бар төлеуші жұмыскерлердің тізімін ұсынбаған жағдайда, мемлекеттік кіріс органдары төлеушінің банктік шоттары мен кассасы бойынша шығыс операцияларын тоқтата тұрады.