2. Талап қоюдың нысанасы мен негізін бір мезгілде не кез келген ретпен өзгерту талап қоюшының жаңадан талап қоюын және талап қоюшының бұрын берілген талап қоюдан бас тартуын білдіреді, бұл бұрын берілген талап қою арызымен іс бойынша іс жүргізуді тоқтатуға әкеп соғады. Дауды (жанжалды) медиация тәртібімен реттеу туралы келісім жасалған жағдайда талап қоюдың нысанасы мен негізін бір мезгілде не кез келген ретпен өзгертуге жол беріледі.
3. Сот талап қоюдың нысанасын немесе негізін өз бастамасы бойынша өзгертуге құқылы емес.
170-бап. Талап қоюшының талап қоюдан бас тартуы
1. Талап қоюшы істі сот талқылауына дайындаған кезде немесе сот кеңесу бөлмесіне кеткенге дейін бірінші және апелляциялық сатылардағы соттарға жазбаша арыз беру арқылы талап қоюдан бас тартуға құқылы.
2. Сот талап қоюдан бас тарту қабылданғанға дейін талап қоюшыға немесе тараптарға тиісті процестік әрекеттердің салдарын түсіндіреді.
2017.11.07. № 91-VI ҚР Заңымен 3-бөлік жаңа редакцияда (бұр.ред.қара)
3. Талап қоюдан бас тарту қабылданған жағдайда, сот іс бойынша іс жүргізуді тоқтату туралы ұйғарым шығарады, оған апелляциялық сатыдағы сотқа жеке шағым берілуі, прокурор өтінішхат келтіруі мүмкін.
4. Сот талап қоюшының талап қоюын осы Кодекстің 48-бабының екінші бөлігінде көзделген негіздер бойынша қабылдамаған жағдайда немесе осы баптың бірінші бөлігінің талаптары сақталмаған жағдайда сот істі мәні бойынша қарауды жалғастырады және талап қоюдан бас тартудың қабылданбау уәждері туралы сот шешімінде немесе қаулысында көрсетеді.
171-бап. Жауапкердің талап қоюды мойындауы
1. Жауапкер талап қоюды істі сот талқылауына дайындау кезінде немесе сот кеңесу бөлмесіне кеткенге дейін бірінші сатыдағы және апелляциялық сатылардағы соттарға жазбаша арыз беру арқылы толық немесе бір бөлігін мойындауға құқылы.
2. Жауапкердің талап қоюды мойындауы сотты дәлелдемелерді зерттеу міндетінен босатады. Талап қоюдың бөлігі мойындалған жағдайда дәлелдемелерді зерттеу жауапкердің талап қоюды мойындамаған бөлігінде ғана жүргізіледі.
3. Сот талап қоюды мойындау қабылданғанға дейін талап қоюшыға, жауапкерге немесе тараптарға тиісті процестік әрекеттердің салдарын түсіндіреді.
4. Жауапкердің осы Кодекстің 48-бабының екінші бөлігінде көзделген негіздер бойынша талап қоюды толықтай немесе оның бір бөлігін мойындауын қабылдау туралы не осындай мойындауды қабылдамауы туралы сот шешімінде немесе қаулысында көрсетіледі.
172-бап. Алдын ала сот отырысы
1. Тараптар мен іске қатысатын басқа да тұлғалардың істі сот талқылауына дайындау, сотқа жүгіну мерзімдерін өткізіп алу фактілерін және талап қоюдың ескіру мерзімдерін зерттеу кезінде жасаған өкімдік әрекеттерін процестік тұрғыдан бекіту мақсатында істі сот талқылауына дайындауды жүргізудің нәтижелері бойынша алдын ала сот отырысы өткізіледі.
2. Тараптар мен іске қатысатын басқа да тұлғалар алдын ала сот отырысының уақыты мен орны туралы хабарландырылады. Шақырылған адамдардың қайсыбірінің келмеуі алдын ала сот отырысын өткізуге кедергі болмайды.
3. Сот алдын ала сот отырысы барысында істің мән-жайларын тараптармен талқылайды, сұрақтар қояды, даулы құқықтық қатынастардың сипаты мен тараптардың татуласуына ықпал ететін мән-жайларды анықтайды. Қатысушы тараптар мен іске қатысатын басқа да тұлғалар тыңдалуға тиіс.
4. Судья істі сот талқылауына дайындау үшін тағы да талап етілетін барлық шараларды осы Кодекске сәйкес қабылдайды. Судья айрықша жағдайларда аса күрделі істер бойынша істі сот талқылауына дайындау мерзімін осы Кодекстің талаптарына сәйкес ұзартады.
5. Егер жауапкер талап қою арызын бұрын белгіленген мерзімде ұсынбаса немесе пікірді талап қою арызының барлық талаптары мен негіздері бойынша ұсынбаса, сот талап қою арызына жазбаша пікір беру үшін мерзім белгілейді. Соттың талап етуі бойынша пікір тікелей алдын ала сот отырысына ұсынылады.
6. Талап қоюдың ескіру мерзімін немесе сотқа жүгіну мерзімін дәлелді себептерсіз өткізіп алған жағдайда судья іс бойынша өзге де іс жүзіндегі мән-жайларды зерттемей, талап қоюдан бас тарту туралы шешім қабылдайды. Мерзімді өткізіп алу фактісі талап қоюшының өткізіп алған мерзімді қалпына келтіру туралы өтінішхаты немесе жауапкердің талап қоюдың ескіру мерзімін қолдану туралы өтінішхаты негізінде белгіленеді.
7. Сот талап қоюды осы Кодекстің 171-бабында белгіленген тәртіппен мойындауды қабылдаған жағдайда судья іс бойынша мән-жайларды зерттеместен, талап қоюды қанағаттандыру туралы шешім қабылдайды.
Қосымша процестік әрекеттер жүргізу немесе дәлелдемелерді зерттеу қажеттігі болмаған жағдайда, сот мәлімделген талаптардың мәні бойынша шешім шығарады.
8. Осы Кодексте көзделген негіздер болған кезде іс бойынша іс жүргізу алдын ала сот отырысында тоқтатыла тұруы немесе тоқтатылуы, арыз қараусыз қалдырылуы мүмкін.
9. Сот отырысының хаттамасы осы Кодекстің 281-бабының екінші бөлігінде көзделген қағидалар бойынша жүргізіледі.
10. Осы Кодексте міндетті түрде қатысу белгіленген істер бойынша прокурор алдын ала отырысқа қатысады.
2017.27.02. № 49-VI ҚР Заңымен 173-бап өзгертілді (бұр.ред.қара); 2018.24.05. № 156-VI ҚР Заңымен 173-бап жаңа редакцияда (бұр.ред.қара)
173-бап. Істі сот талқылауына тағайындау
Судья істі дайын деп танып, оны сот отырысында талқылауға тағайындау туралы ұйғарым шығарады, тараптарға және іске қатысатын басқа да адамдарға істің қаралатын уақыты мен орны туралы хабарлайды.
Сот талқылауы оны дайындау аяқталған күннен бастап жиырма жұмыс күнінен кешіктірілмей басталуға тиіс.
Осы Кодекстің 198-бабында көзделген жағдайларды қоспағанда, тағайындалған сот талқылауын кейінге қалдыруға, әдетте, жол берілмейді.
17-тарау. ТАТУЛАСТЫРУ РӘСІМДЕРІ
174-бап. Тараптардың татуласуы
1. Сот тараптардың татуласуы үшін шаралар қолданады, дауды процестің барлық сатыларында реттеуде оларға жәрдемдеседі.
2. Тараптар татуласу келісімін, дауды (жанжалды) медиация тәртібімен реттеу туралы келісімді немесе дауды партисипативтік рәсімдер тәртібімен реттеу туралы келісімді жасап не осы Кодексте белгіленген тәртіппен өзге де тәсілдерді пайдалана отырып, дауды өзара талаптардың толық көлемінде не бір бөлігінде реттей алады.
3. Татуласу рәсімдерін қолдана отырып дауды реттеу туралы өтінішхат, егер осы Кодексте немесе заңда өзгеше көзделмесе, жария-құқықтық қатынастардан туындайтын істерден басқа, талап қою ісін жүргізудің кез келген ісі бойынша берілуі мүмкін.
175-бап. Татуласу келісімін жасау
1. Татуласу келісімі бірінші, апелляциялық, кассациялық сатылардағы соттарда сот кеңесу бөлмесіне кеткенге дейінгі сот талқылауының кез келген сатысында, сондай-ақ сот актісінің орындалуы кезінде жасалуы мүмкін.
2. Татуласу келісімі басқа тұлғалардың құқықтары мен заңды мүдделерін бұза алмайды және заңға қайшы келмейді.
3. Татуласу келісімін сот бекітеді.
176-бап. Татуласу келісімінің нысаны мен мазмұны
1. Татуласу келісімі жазбаша нысанда жасалады және оған тараптар немесе олардың өкілдері оларда сенімхатта арнайы көзделген татуласу келісімін жасауға өкілеттіктері болған кезде қол қояды.
2. Татуласу келісімі оларды орындау мерзімі мен тәртібі көрсетіле отырып, тараптар келіскен шарттарды қамтуға тиіс.
3. Татуласу келісімін кейінге қалдыру шартымен жасауға жол берілмейді.
4. Татуласу келісімінде кейінге қалдыру немесе ұзарту мерзімдері көрсетіле отырып, жауапкердің міндеттемелерді орындауын кейінге қалдыру немесе ұзарту, талап ету құқығын басқаға беру, борышты толық немесе ішінара кешіру не мойындау, сот шығыстарын бөлу, татуласу келісімін мәжбүрлеп орындау туралы шарттар және заңға қайшы келмейтін өзге де шарттар қамтылуы мүмкін.
Егер татуласу келісімінде сот шығыстарын бөлу туралы шарт болмаса, олар өзара өтелді деп есептеледі.
5. Татуласу келісімі татуласу келісімін жасасқан тұлғалардың санынан бір дана артық жасалады және оған қол қойылады. Татуласу келісімін бекіткен сот осы даналардың біреуін іс материалдарына қоса тіркейді.
177-бап. Соттың татуласу келісімін бекітуі
1. Сот тараптардың татуласу келісімін бекітуі туралы өтінішхатын сот отырысында қарайды. Іске қатысатын адамдар сот отырысының өтетін уақыты мен орны туралы хабарландырылады.
Сот отырысының уақыты мен орны туралы тиісті түрде хабарландырылған тараптар сот отырысына келмеген және өтінішхатты олардың қатысуынсыз қарау туралы арыз болмаған жағдайда, сот татуласу келісімін бекіту туралы өтінішхатты қарамайды.
2. Сот татуласу келісімін жасаудың құқықтық салдарын ол бекітілгенге дейін тараптарға түсіндіреді.
3. Сот қарау нәтижелері бойынша татуласу келісімін бекіту және іс бойынша іс жүргізуді тоқтату не татуласу келісімін бекітуден бас тарту туралы ұйғарым шығарады.
2017.11.07. № 91-VI ҚР Заңымен 4-бөлік жаңа редакцияда (бұр.ред.қара)
4. Егер татуласу келісімі заңға қайшы келсе немесе басқа тұлғалардың құқықтары мен заңды мүдделерін бұзса, сот оны бекітпейді. Татуласу келісімін бекітуден бас тартылған жағдайда, сот бұл жөнінде ұйғарым шығарады, ол шағым жасауға, прокурордың өтінішхаты бойынша қайта қарауға жатпайды. Ұйғарыммен келіспеу туралы дәлелдер апелляциялық шағымда, прокурордың өтінішхатында көрсетілуі мүмкін.
5. Соттың татуласу келісімін бекіту туралы ұйғарымында:
1) татуласу келісімін бекіту және іс бойынша іс жүргізуді тоқтату;
2) татуласу келісімінің шарттары және оны орындау мерзімдері;
3) осы Кодекстің 176-бабының төртінші бөлігіне сәйкес сот шығындарын бөлу;
4) талап қоюшы төлеген мемлекеттік бажды оған бюджеттен қайтару көрсетіледі.
6. Сот актісін орындау сатысында жасалған татуласу келісімі сот актісі орындалатын жердегі бірінші сатыдағы соттың немесе көрсетілген сот актісін қабылдаған соттың бекітуіне ұсынылады.
2017.11.07. № 91-VI ҚР Заңымен 7-бөлік жаңа редакцияда (бұр.ред.қара)
7. Татуласу келісімін бекіту туралы ұйғарымға апелляциялық сатыдағы сотқа жеке шағым берілуі, прокурор өтінішхат келтіруі мүмкін.
178-бап. Татуласу келісімін орындау
1. Татуласу келісімін оны жасасқан тұлғалар осы келісімде көзделген тәртіппен және мерзімдерде ерікті түрде орындайды.
2. Ерікті түрде орындалмаған татуласу келісімі татуласу келісімін жасасқан тұлғаның өтінішхаты бойынша сот берген атқару парағының негізінде мәжбүрлеп орындатуға жатады.
179-бап. Дауды (жанжалды) медиация тәртібімен реттеу
1. Тараптар сот кеңесу бөлмесіне кеткенге дейін бірінші, апелляциялық, кассациялық сатылардағы соттарда дауды (жанжалды) медиация тәртібімен реттеу туралы өтінішхат беруге құқылы.
Тараптардың дауды (жанжалды) медиация тәртібімен реттеу туралы өтінішхаты, егер бұл қосымша процестік әрекеттерді және істі қарауды тоқтата тұруды талап етпесе, кассациялық сатыдағы сотта берілуі мүмкін. Тараптар кассациялық сатыдағы соттағы өтінішхатпен бір мезгілде дауды (жанжалды) медиация тәртібімен реттеу туралы келісімді ұсынуға тиіс.
2. Медиатор медиацияны жүргізу туралы өтінішхатты берген және тараптардың медиатормен жасасқан шарты бірінші және апелляциялық сатылардағы соттарға ұсынылған жағдайда іс бойынша іс жүргізу осы Кодекстің 272-бабының 7) тармақшасына сәйкес бір айдан аспайтын мерзімге тоқтатыла тұрады.
3. Бірінші немесе апелляциялық сатыдағы судья медиацияны өткізу туралы өтінішхатты берген кезде сот іс бойынша іс жүргізуді осы Кодекстің 273-бабының 7) тармақшасына сәйкес он жұмыс күнінен аспайтын мерзімге тоқтата тұруға құқылы.
4. Бірінші сатыдағы сотта медиацияны өткізу үшін іс басқа судьяға беріледі. Тараптардың өтінішхаты бойынша медиацияны іс жүргізуінде іс жатқан судья өткізуі мүмкін.
Медиацияны апелляциялық сатыдағы сотта өткізу үшін іс, әдетте, соттың алқалы құрамындағы судьялардың біріне беріледі.
5. Медиацияны өткізетін судья медиация өткізілетін күнді тағайындайды және тараптарға оның өткізілетін уақыты мен орны туралы хабарлайды. Медиация сотта «Медиация туралы» Қазақстан Республикасының Заңына және осы Кодексте белгіленген ерекшеліктерге сәйкес өткізіледі.
Сот тараптардың өтінішхаты бойынша медиация рәсімін осы баптың үшінші бөлігінде белгіленген мерзім шегінде кейінге қалдыруға және егер басқа тұлғалардың қатысуы дауды (жанжалды) реттеуге ықпал етсе, оларды медиацияға шақыруға құқылы.
6. Сотта медиацияны өткізу хаттамасы жүргізілмейді.
7. Егер дауды (жанжалды) медиация тәртібімен реттеу туралы келісім сот актісін орындау сатысында жасалса, ол сот актісінің орындалатын орны бойынша бірінші сатыдағы сотқа немесе көрсетілген сот актісін қабылдаған сотқа бекітуге ұсынылады.
180-бап. Дауды (жанжалды) медиация тәртібімен реттеу туралы келісім және оны орындау
1. Іс жүргізуінде іс жатқан судья (сот құрамы) дауды (жанжалды) медиация тәртібімен реттеу туралы келісімнің мазмұнын тексереді және оны бекіту және іс бойынша іс жүргізуді тоқтату туралы ұйғарым шығарады.
2. Дауды (жанжалды) медиация тәртібімен реттеу туралы келісім, осы келісімді бекіту туралы ұйғарым «Медиация туралы» Қазақстан Республикасы Заңының және осы Кодекстің 176, 177-баптарының талаптарына сәйкес келуге тиіс.
3. Егер тараптар медиация тәртібімен келісімге қол жеткізбесе немесе келісімнің шартын сот бекітпесе, істі талқылау жалпы тәртіппен жүргізіледі.
4. Дауды (жанжалды) медиация тәртібімен реттеу туралы сот бекіткен келісімді орындау осы Кодекстің 178-бабында белгіленген татуласу келісімін орындау қағидалары бойынша жүргізіледі.
181-бап. Дауды партисипативтік рәсім тәртібімен реттеу
1. Тараптар осы Кодекстің 179-бабында көзделген қағидалар бойынша сот кеңесу бөлмесіне кеткенге дейін дауды партисипативтік рәсім тәртібімен реттеу туралы өтінішхатты мәлімдеуге құқылы.
2. Партисипативтік рәсім екі тараптың да адвокаттарының дауды реттеуге жәрдемдесуімен тараптар арасында келіссөздер жүргізу арқылы судьяның қатысуынсыз өткізіледі.
182-бап. Дауды партисипативтік рәсім тәртібімен реттеу туралы келісім және оны орындау
1. Іс жүргізуінде іс жатқан судья (сот құрамы) дауды партисипативтік рәсім тәртібімен реттеу туралы келісімнің мазмұнын тексереді және осы Кодекстің 177-бабына сәйкес оны бекіту және іс бойынша іс жүргізуді тоқтату туралы ұйғарым шығарады.
2. Дауды партисипативтік рәсім тәртібімен реттеу туралы келісім, келісімді бекіту туралы ұйғарым осы Кодекстің 176 және 177-баптарының талаптарына сәйкес келуге тиіс.
3. Егер тараптар партисипативтік рәсім тәртібімен келісімге қол жеткізбесе немесе сот келісім шартын бекітпесе, істі талқылау жалпы тәртіппен жүргізіледі.
4. Дауды партисипативтік рәсім тәртібімен реттеу туралы сот бекіткен келісімді орындау осы Кодекстің 178-бабында белгіленген татуласу келісімін орындау қағидалары бойынша жүргізіледі.
18-тарау. СОТ ТАЛҚЫЛАУЫ
183-бап. Бірінші сатыдағы соттың азаматтық iстердi қарау және шешу мерзiмдерi
1. Азаматтық істі қарау мерзімі оның іс жүзіндегі күрделілігіне және іске қатысатын адамдардың мүдделеріне сәйкес келуге тиіс.
2. Сот істі сот талқылауына дайындау аяқталған күннен бастап екi айға дейiнгi мерзiмде азаматтық iстерді қарайды және шешедi.
Жұмысқа қайтадан алу, әке болуды анықтау және алименттерді өндiріп алу туралы азаматтық істерді, сондай-ақ ерекше талап қою және ерекше іс жүргізу істерін сот істі сот талқылауына дайындау аяқталған күннен бастап бір айға дейiнгi мерзiмде қарайды және шешедi. Ереуілдерді заңсыз деп тану туралы істер талап қою арызы сотқа түскен күннен бастап он жұмыс күні ішінде қаралады және шешіледі. Уәкілетті органның мемлекеттік сатып алуды өткізуді тексерудің қорытындылары бойынша шешімдерін, қорытындыларын, нұсқамаларын даулау туралы істер істі сот талқылауына дайындау аяқталған күннен бастап он жұмыс күні ішінде қаралады және шешіледі.
3. Осы Кодексте азаматтық iстердiң жекелеген санаттары үшін оларды қараудың және шешудің өзге де мерзiмдері белгiленуi мүмкiн.
4. Қарсы талап қою берілген істерді қарау және шешу мерзімінің өтуі негізгі талап қою бойынша істі сот талқылауына дайындау аяқталған күннен бастап есептеледі.
Сот ақылға сыйымдылықты және жеткілілікті ескере отырып, мерзімді белгілеуге тиіс.
5. Негізгі істен бөліп алынған істі, сондай-ақ бірлесіп қарау үшін бір іске біріктірілген істерді қарау және шешу мерзімінің өтуі осы Кодекстің 167-бабының төртінші бөлігіне сәйкес есептеледі.
6. Осы Кодексте белгіленген тәртіппен соттың ұйғарымына шағым жасалған кезде істі қарау және шешу мерзімінің өтуі, талап қоюды қамтамасыз ету туралы ұйғарымға шағым жасау жағдайларын қоспағанда, істі жоғары сатыдағы сотқа жіберген кезден бастап ол бірінші сатыдағы соттың іс жүргізуіне түскенге дейін үзіледі.
184-бап. Сот отырысы
Сот азаматтық істі талқылауды іске қатысатын адамдарды міндетті түрде хабарландыра отырып, сот отырысында жүргізеді.
185-бап. Сот отырысында төрағалық етушi
1. Төрағалық етушiнiң мiндетiн судья атқарады. Төрағалық етушi азаматтық сот ісін жүргізу қағидаттарына сәйкес процестік әрекеттер жасаудың сабақтастықтығы мен тәртiбінiң сақталуын, процеске қатысушылардың процестік құқықтарын жүзеге асыруын және олардың процестік міндеттерді орындауын, процестің тәрбиелiк ықпалын қамтамасыз ете отырып, отырыстың барысына басшылық жасайды.
2. Іске қатысатын қандай да бір тұлғаның төрағалық етушiнiң процестік әрекеттерiне қарсылық бiлдiруі сот отырысының хаттамасына енгiзiледi.
3. Төрағалық етушi сот отырысында тиiстi тәртiптi қамтамасыз етуге қажеттi шаралар қолданады. Сот отырысында тәртіпті сақтау жөніндегі талаптар іске қатысатын барлық тұлғалар және олардың өкілдері, мамандар, сарапшылар, аудармашылар үшiн, сондай-ақ сот отырысы залында қатысып отырған азаматтар үшiн мiндеттi.
Төрағалық етушінің сот отырысында тәртіпті сақтау жөніндегі талаптарын орындамау осы Кодекстің 119 және 120-баптарының талаптарына сәйкес заңда көзделген жауаптылыққа әкеп соғады.
186-бап. Сот талқылауының тікелей және ауызша болуы
1. Сот іс пен дауды қараған және шешкен кезде iс бойынша дәлелдемелердi тiкелей зерттеуге міндетті.
Оңайлатылған (жазбаша) іс жүргізу тәртібімен қаралатын істерді қоспағанда, сот тараптардың және іске қатысатын басқа да тұлғалардың түсiнiктемелерiн, куәлардың айғақтарын, сарапшылардың қорытындыларын, мемлекеттiк органдар мен жергiлiктi өзiн-өзi басқару органдарының қорытындыларын тыңдауға, құжаттармен танысуға, заттай дәлелдемелердi қарап шығуға, дыбысжазбаларды тыңдауға және бейнежазбаларды, киноматериалдарын, фотоматериалдарды көруге, ақпаратты түрлендірудің өзге де құралдарының материалдарымен танысуға мiндеттi. Қажет болған жағдайларда iс бойынша дәлелдемелердi зерттеген кезде сот маманның консультациялары мен түсiндiрмелерiн тыңдайды.
2. Сот отырысында істi талқылау ауызша жүргiзiледi. Істі қарау процесінде судья алмастырылған жағдайда талқылау басынан бастап жүргізілуге тиіс.
3. Сот іске қатысатын басқа да тұлғалар тараптарының түсініктемелерін, куәлардың айғақтарын, сарапшылардың қорытындыларын, мемлекеттік органдар мен жергілікті өзін-өзі басқару органдарының қорытындыларын тыңдауды бейнеконференцбайланыс арқылы жүзеге асыра алады.
187-бап. Сот отырысындағы тәртiп
1. Судья сот отырысы залына кiрген кезде залдағы қатысып отырған адамдар орындарынан тұрады. Шешiм шығармай аяқталатын істегі сот шешiмiн немесе ұйғарымын сот отырысы залында қатысып отырғандар түрегеп тұрып тыңдайды.
2. Іске қатысатын адамдар мен сот отырысы залында қатысып отырған азаматтар судьяға «Құрметті сот» деп сөйлейді.
Түсініктемелер мен айғақтарды, сұрақтар мен оларға жауаптарды процеске қатысушылар төрағалық етушінің рұқсатымен түрегеп тұрып береді. Бұл қағидадан ауытқуға төрағалық етушiнiң рұқсатымен ғана жол берілуі мүмкiн.
3. Іске қатысатын адамдар, сондай-ақ сот отырысы залында қатысып отырған азаматтар сот отырысы залындағы тәртіпті сақтауға міндетті.
188-бап. Сот отырысындағы тәртiпті бұзушыларға қолданылатын шаралар
1. Iстi талқылау кезiнде тәртiпті бұзған адамға төрағалық етушi соттың атынан ескерту жасайды.
2. Тәртiптi қайталап бұзған жағдайда iске қатысатын адам сот отырысының хаттамасына енгізілетін сот ұйғарымы бойынша сот талқылауының барлық уақытына немесе оның бiр бөлiгiне сот отырысы залынан шығарып жiберiлуi мүмкiн. Төрағалық етушi соңғы жағдайда сот отырысы залына қайта жiберiлген адамды ол болмаған кезде жасалған процестік әрекеттермен таныстырады. Сот отырысы залына қайта оралған адамдар олар болмаған кезде зерттелген мән-жайлар бойынша түсініктеме беруге және іске қатысатын басқа адамдарға сұрақтар қоюға құқылы.
3. Іске қатыспайтын және сот отырысы залында қатысып отырған адамдар қайталап тәртіп бұзғаны үшін төрағалық етушінің өкімімен отырыс залынан шығарып жіберіледі.
4. Iстi талқылау барысында оған қатысушылар жаппай тәртiп бұзған жағдайда сот iске қатыспайтын адамдардың барлығын сот отырысы залынан шығарып жіберуі және iстi жабық отырыста қарауы немесе iстi талқылауды кейiнге қалдыруы мүмкiн. Істі жабық сот отырысында қарау және шешу туралы ұйғарым шығарылады, ол сот отырысының хаттамасына енгізіледі.
5. Процеске қатысушы тұлға тарапынан тікелей сот талқылауы барысында сотты құрметтемеу фактісі анықталған кезде сот кінәлі адамға осы Кодекстің 120-бабында белгіленген тәртіппен әкімшілік жаза қолдануға құқылы.
6. Егер сот отырысында тәртіп бұзушының әрекеттерінде қылмыстық құқық бұзушылық белгілері болса, бұл адам осы Кодекстің 120-бабында белгіленген тәртіппен қылмыстық жауапқа тартылуы мүмкін.
189-бап. Сот отырысын ашу
1. Төрағалық етушi сот отырысын ашады және қаралуға жататын іс туралы, сондай-ақ сот отырысында аудио-, бейнежазба құралдары пайдаланылатыны туралы хабарлайды.
Жабдықтың техникалық ақауы болған, оның болмауы немесе оны техникалық себептер бойынша қолдану мүмкін болмаған жағдайларда сот отырысын аудио-, бейнежазба құралдарының көмегімен жазып алу жүзеге асырылмайды.
2. Аудио-, бейнежазба құралдарын пайдалану мүмкіндігінің болмауы сот отырысы жалғаспайды дегенді білдірмейді.
Аудио-, бейнежазба құралдары пайдаланылмауының себептері сот отырысының хаттамасында міндетті түрде көрсетілуге тиіс.
190-бап. Процеске қатысушылардың келуiн тексеру
1. Сот отырысының хатшысы осы iс бойынша шақырылған тұлғалардан кiмнiң келгенiн, келмеген тұлғаларға хабар берiлгенін не берiлмегенiн және олардың келмеу себептерi туралы қандай мәлiметтердiң бар екенiн сотқа баяндайды.
2. Төрағалық етушi келгендердiң жеке басын анықтайды, сондай-ақ өкiлдердiң өкiлеттiктерiн тексередi.
191-бап. Аудармашыға оның мiндеттерiн түсiндiру
1. Төрағалық етушi аудармашыға сот ісі жүргiзiлiп отырған тiлдi бiлмейтiн адамдардың түсiндiрмелерiн, айғақтарын, мәлiмдемелерiн, ал осы адамдарға iске қатысатын тұлғалар мен куәлардың түсiндiрмелерiнiң, айғақтарының, мәлiмдемелерiнiң, жария етiлетiн және iсте бар құжаттардың, дыбысжазбалардың, сарапшылар қорытындыларының, мамандар консультацияларының, сондай-ақ судья өкiмдерiнiң, сот шығарған сот актілерінің мазмұнын аудару мiндетiн түсiндiредi.
2. Төрағалық етушi аудармашыға көрiнеу қате аударма жасағаны үшiн Қазақстан Республикасының Қылмыстық кодексiнде көзделген жауаптылық туралы ескертедi. Аудармашының бұл туралы қолхаты сот отырысының хаттамасына қоса тiркеледi. Аудармашы сотқа келуден немесе өз мiндеттерiн орындаудан дәлелді себептерсіз жалтарған жағдайда, оған Қазақстан Республикасының Әкiмшiлiк құқық бұзушылық туралы кодексіне сәйкес әкiмшiлiк жаза қолданылуы мүмкiн.
3. Осы баптың қағидалары сурдоаударма жасау дағдыларын меңгерген және сот процеске қатысуға тартқан адамға қолданылады.
192-бап. Куәларды сот отырысы залынан шығарып жіберу
1. Келген куәлар сот отырысы залынан шығарып жіберіледі.
2. Төрағалық етушi жауап алынған куәлардың жауап алынбаған куәлармен сөйлеспеуі үшін шаралар қолданады.
193-бап. Сот құрамын жария ету және қарсылық бiлдiру құқығын түсiндiру
1. Төрағалық етушi сот құрамын жариялайды, прокурор, сарапшы, маман, сот отырысының хатшысы ретiнде кiмдердiң қатысып отырғанын хабарлайды және iске қатысатын тұлғаларға олардың қарсылық бiлдiру құқығын түсiндiредi.
2. Қарсылықтар бiлдiру үшiн негiздер, мәлiмделген қарсылықты шешу тәртiбi және осындай мәлiмдеулердi қанағаттандырудың салдары осы Кодекстiң 38, 39, 40, 41 және 42-баптарында айқындалады.
194-бап. Iске қатысатын тұлғаларға олардың құқықтары мен мiндеттерiн түсiндiру
Төрағалық етуші іске қатысатын адамдардың процестік құқықтарымен және міндеттерімен танысқандығына көз жеткізеді, ал таныспаған жағдайда оларға құқықтары мен міндеттерін түсіндіреді.
Төрағалық етуші тараптарға дауды татуласу келісімімен, дауды (жанжалды) медиация тәртібімен реттеу туралы келісіммен, дауды партисипативтік рәсім тәртібімен реттеу туралы келісіммен шешу немесе дауды заңда белгіленген басқа тәсілмен реттеу не дауды шешу үшін төрелікке жүгіну құқығын және олардың құқықтық салдарын түсіндіреді.
195-бап. Соттың iске қатысатын тұлғалардың өтiнiшхаттарын шешуi
Iске қатысатын тұлғалардың және өкiлдердiң iстi талқылауға байланысты мәселелер бойынша өтiнiшхаттары iске қатысатын тұлғалардың пiкiрлерi тыңдалғаннан кейін шешіледі, бұл туралы сот отырысының хаттамасында көрсетіледі. Осы Кодексте белгіленген жағдайларда соттың ұйғарымы шығарылады.
196-бап. Iске қатысатын тұлғалардың және өкiлдердiң сот отырысына келмеуінің салдары
1. Iске қатысатын тұлғалар сот отырысына келмеу себептерi туралы сотқа алдын ала хабарлауға және осы себептердiң дәлелдi екендiгiне дәлелдемелердi ұсынуға мiндеттi.
2. Iске қатысатын тұлғалардың қайсыбiрі сот отырысына келмеген жағдайда, олардың тиiстi түрде хабарландырылғаны туралы мәлiметтер жоқ болса, iстi талқылау кейiнге қалдырылады.