8. Банктің немесе банк операцияларының жекелеген түрлерін жүзеге асыратын ұйымның алынған нұсқаудың:
1) егер банк немесе банк операцияларының жекелеген түрлерін жүзеге асыратын ұйым бенефициарға қызмет көрсетпеген жағдайда, нұсқауды келесі банкке немесе банк операцияларының жекелеген түрлерін жүзеге асыратын ұйымға беру;
2) егер ақша жөнелтушінің банкі бенефициардың банкі болып табылса, ақша аударымын аяқтау;
3) егер банк немесе банк операцияларының жекелеген түрлерін жүзеге асыратын ұйым ақша жөнелтушіге қызмет көрсеткен жағдайда, қолма-қол ақшаны төлеу туралы бұйрықты көрсеткен бастамашыға қолма-қол ақшаны беру талаптарын орындауы нұсқауды орындау болып табылады.
9. Бенефициардың банкi өзі орындайтын осындай нұсқауда белгіленген ақша сомасын орындалу мерзімі бенефициардың банкіне нұсқау келіп түскен кезде басталған, бенефициардың үшінші тұлғаның немесе осы банктің немесе банк операцияларының жекелеген түрлерін жүзеге асыратын ұйымның алдындағы міндеттемесі сомасының орнына үшiншi тұлғаның пайдасына немесе өз пайдасына Қазақстан Республикасының заңдарында белгiленген, банктен немесе банк операцияларының жекелеген түрлерін жүзеге асыратын ұйымнан ақшаны алудың кезектiлiгiн сақтауды ескере отырып есепке жатқызуға құқылы.
47-бап 2017 ж. 1 маусымнан бастап қолданысқа енгізілді
47-бап. Нұсқауды көрсетілетін төлем қызметтерін бөгде беруші арқылы орындау
1. Осы Заңның 12-бабы 1-тармағының 9) тармақшасында көрсетілген, төлем қызметтерін бөгде беруші көрсететін төлем қызметі клиенттің көрсетілетін төлем қызметтерін бөгде берушінің қашықтан қол жеткізу жүйесі арқылы берген және сәйкестендіру құралы арқылы расталған келісімінің негізінде жүзеге асырылады.
2. Клиенттің банктік шотына қызмет көрсететін көрсетілетін төлем қызметтерін беруші төлем қызметтерін бөгде берушінің қашықтан қол жеткізу жүйесі арқылы клиенттің нұсқауын алғаннан кейін көрсетілетін төлем қызметтерін бөгде берушіге және (немесе) клиентке төлемді және (немесе) ақша аударымын жүзеге асыруға растауды тез арада жібереді.
3. Клиенттің банктік шотына қызмет көрсететін көрсетілетін төлем қызметтерін беруші клиенттің көрсетілетін төлем қызметтерін бөгде берушінің қашықтан қол жеткізу жүйесі арқылы келіп түскен нұсқауларын рұқсат етілмеген төлемдерден қорғау әрекеттерінің тәртібін сақтай отырып, осы Заңның 46 - 49-баптарында белгіленген тәртіппен және мерзімдерде орындайды.
4. Белгілі бір төлем жүйесі немесе банктік шотқа қызмет көрсететін көрсетілетін төлем қызметтерін берушімен шарттық қатынастар шеңберінде көрсетілетін төлем қызметтерін бөгде берушінің қашықтан қол жеткізу жүйесі арқылы клиенттің нұсқауы өңделген және орындалған жағдайларда, соңғымен өзара есеп айырысулар тәртібі осы төлем жүйесінің қағидаларында немесе шарт талаптарында айқындалады.
5. Көрсетілетін төлем қызметтерін бөгде беруші клиенттің және банктік шотқа қызмет көрсететін көрсетілетін төлем қызметтерін берушінің алдында өзінің қашықтан қол жеткізу жүйесінде жүзеге асырылған төлемдер және (немесе) ақша аударымдары бойынша рұқсат етілмеген төлемдердің және (немесе) алаяқтық әрекеттердің жүзеге асырылу салдарлары үшін жауаптылықта болады.
48-бап 2017 ж. 1 маусымнан бастап қолданысқа енгізілді
48-бап. Нұсқауларды орындау мерзімдері
1. Банк немесе банк операцияларының жекелеген түрлерін жүзеге асыратын ұйым нұсқауды жөнелтуші бастама жасаған күні орындауды қамтамасыз етеді.
2. Осы Заңның 53-бабының 2-тармағында көзделген жағдайды қоспағанда, бенефициардың банктік шотына немесе бенефициардың пайдасына ақша қабылданғанын көрсететін өзге де шотқа ақшаны есепке жатқызу жөніндегі нұсқауды орындауды бенефициардың банкі нұсқауды алған күнгі операциялық күннің ішінде жүзеге асырады.
2018.02.07. № 168-VІ ҚР Заңымен 3-тармақ өзгертілді (бұр.ред.қара)
3. Осы баптың 1 және 2-тармақтарының нормалары:
1) инкассолық өкім арқылы берілген;
2) белгіленбеген мерзімдерде орындалуға жататын;
3) валюталаудың алдағы күні көрсетілген;
4) негізге алынып халықаралық төлемдер және (немесе) ақша аударымдары, сондай-ақ бағалы қағаздар нарығындағы мәмілелер бойынша есеп айырысулар жүзеге асырылатын;
5) тауарларды немесе көрсетілетін қызметтерді жеке сауда орнынан сатып алу үшін электрондық төлем құралдарын пайдаланған кезде немесе электрондық сауданы жүзеге асырған кезде клиенттің келісімі түрінде берілген;
6) 2018.02.07. № 168-VІ ҚР Заңымен алып тасталды (бұр.ред.қара)
2018.02.07. № 168-VІ ҚР Заңымен 7) тармақшамен толықтырылды
7) қарыз бойынша мерзімі өткен берешекті өндіріп алу үшін төлем талабы арқылы ұсынылған нұсқауларды орындауға қолданылмайды.
2018.02.07. № 168-VІ ҚР Заңымен 4-тармақ өзгертілді (бұр.ред.қара)
4. Бас тарту көрсетілген төлем құжаттарын орындау үшін көзделген мерзімде жасалатын қарыз бойынша мерзімі өткен берешекті өндіріп алу үшін төлем талабы, сондай-ақ инкассалық өкім арқылы ұсынылған нұсқауларды қоспағанда, нұсқауды орындаудан бас тартуды ақша жөнелтушінің банкі бас тарту себептерін көрсете отырып, нұсқауды алған күнгі операциялық күннің ішінде жасайды.
49-бап. Валюталау күні көрсетілген нұсқауды орындау
1. Төлем құжатында көрсетілген валюталау күні төлем құжатының үзінді көшірмесі жасалған күннен бастап күнтізбелік он күннен аспауға тиіс.
2. Валюталау күні көрсетілген нұсқауды орындау кезінде ақша жөнелтушінің ақшасы ақша жөнелтуші банкінің ішкі баланстық шотына (транзиттік шотына) аударылады.
3. Ақша жөнелтушінің ақшасын ақша жөнелтуші банкінің арнайы транзиттік шотына аудару клиенттің нұсқауын орындау үшін осы Заңда белгіленген мерзімдерде, бірақ осы баптың 4 және 5-тармақтарында айқындалған мерзімдерден кешіктірілмей жүзеге асырылады.
4. Ақша жөнелтуші банкінің арнайы транзиттік шотынан ақша аударуды ақша жөнелтушінің банкі осы баптың 5-тармағында айқындалған тәртіппен бенефициар банкінің ақшаны бенефициардың банктік шотына есепке жатқызуына мүмкіндік беретін уақытты ескере отырып, төлем құжатында көрсетілген валюталау күнінен кешіктірмей жүзеге асырады.
5. Бенефициардың банкі ақшаны бенефициардың банктік шотына валюталау күнімен айқындалған операциялық күн ішінде есепке жатқызады.
Егер валюталау күні жұмыс істемейтін күнге сәйкес келсе, онда бенефициардың банкі ақшаны валюталау күні деп айқындалған күннен кейінгі бірінші жұмыс күні бенефициардың банктік шотына есепке жатқызады.
6. Төлем құжатында көрсетілген валюталау күніне сәйкес келмейтін операциялық күні ақша бенефициардың банктік шотына есепке жатқызылған кезде валюталау күні көрсетілген нұсқау шарттарын бұзған банк банктік шот шартында айқындалған тәртіппен жауаптылықта болады.
50-бап. Нұсқауды кері қайтару және орындауды тоқтата тұру
2020.26.06. № 349-VI ҚР Заңымен 1-тармақ өзгертілді (бұр.ред.қара)
1. Нұсқауды кері қайтару және нұсқауды орындауды тоқтата тұру бастамашы ақша жөнелтушінің банкіне жіберген тиісті өкімінің негізінде оны орындағанға дейін және (немесе) ақша жөнелтушінің банкі бенефициарға төлемді оның пайдасына қабылдау туралы ақпаратты жібергенге дейін жүзеге асырылады. Кері қайтару туралы өкімді орындау мерзімі, сондай-ақ оны беру тәсілі шартта және (немесе) Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкінің нормативтік құқықтық актісінде белгіленеді.
Лицензиясының қолданысы тоқтатыла тұрған немесе тоқтатылған не лицензиясынан айырылған жеке сот орындаушысының инкассолық өкімін кері қайтарып алу «Атқарушылық іс жүргізу және сот орындаушыларының мәртебесі туралы» Қазақстан Республикасының Заңында белгіленген тәртіппен жүзеге асырылады.
2. Нұсқауды кері қайтару немесе нұсқауды орындауды тоқтата тұру туралы өкімді электрондық тәсілмен жіберу кезінде осы өкімдердің бастамашысы мен ақша жөнелтушінің банкі арасындағы шартта белгіленген қорғау әрекеттерінің тәртібі сақталады.
3. Нұсқауды кері қайтару туралы өкім уақтылы алынған кезде ақша жөнелтушінің банкі осы нұсқау бойынша ақша аударуды жүзеге асырмайды және оны осындай өкімді алған күннен кейінгі операциялық күннен кешіктірмей, бір мезгілде бастамашыға алынған өкімнің орындалғаны туралы хабарлама жібере отырып қайтарады.
2018.02.07. № 168-VІ ҚР Заңымен 4-тармақ өзгертілді (2019 ж. 1 қаңтардан бастап қолданысқа енгізілді) (бұр.ред.қара)
4. Нұсқауды орындау Қазақстан Республикасындағы банктер және банк қызметі туралы» Қазақстан Республикасы Заңының 61-9-бабында, Қазақстан Республикасының қылмыстық жолмен алынған кірістерді заңдастыруға (жылыстатуға) және терроризмді қаржыландыруға қарсы iс-қимыл туралы заңнамасында көзделген жағдайларда, сондай-ақ егер ақша жөнелтушінің банкіне Қазақстан Республикасының заңдарына сәйкес банктік шоттағы ақшаға тыйым салу, мүлікке билік етуге уақытша шектеу қою туралы акт, ақша жөнелтушінің банктік шотында немесе ақша жөнелтушінің банкінде шығыс операцияларын тоқтата тұру туралы уәкiлеттi мемлекеттік органның немесе лауазымды адамның шешiмi және (немесе) өкімі, сондай-ақ Қазақстан Республикасының заңдарына сәйкес осы нұсқаудан бұрын орындалуға жататын, ақша жөнелтушiнің ақшасын алып қою туралы уәкiлеттi мемлекеттік органның, лауазымды адамның немесе сот орындаушысының шешiмi берілсе, тоқтатыла тұрады. Ақша жөнелтушінің банкі жоғарыда көрсетілген негiздер бойынша нұсқауды орындауды тоқтата тұруға байланысты залалдар үшiн жауаптылықта болмайды.
5. Осы Заңның 25-бабының 10-тармағына сәйкес «электрондық үкіметтің» төлем шлюзі арқылы банктер мемлекеттік органдарға, соттарға мәліметтер мен ақпарат берген төлемдерді бюджетке төлеуге және мемлекеттік көрсетілетін қызметтерге ақы төлеуге байланысты төлемдер және (немесе) ақша аударымдары бойынша нұсқауды кері қайтарып алуға және нұсқаудың орындалуын тоқтата тұруға жол берілмейді.
6. Төлемді жүзеге асыруға, нұсқауды беруге және орындауға, банктің бенефициарға ақшаны беруіне немесе бенефициардың ақшаны алуына Қазақстан Республикасының заңдарымен өзіне уәкілеттік берілген мемлекеттік органдар немесе лауазымды адамдар тыйым салуы және Қазақстан Республикасының заңдарында көзделген негіздер бойынша ғана тыйым салынуы мүмкін.
51-бап. Ақша жөнелтушінің тұрақты өкімін орындау
1. Ақша жөнелтушімен ақша жөнелтушінің банкі арасында айқындалған шарттарда ақша жөнелтушінің тұрақты өкімін ақша жөнелтуші белгіленген күні және (немесе) кезеңде бенефициардың пайдасына тұрақты төлемдер және (немесе) ақша аударымдарын жүзеге асыру үшін пайдаланады.
2. Ақша жөнелтушінің тұрақты өкімінің нысанын және мазмұнына қойылатын талаптарды Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкі белгілейді.
3. Ақша жөнелтушінің тұрақты өкімі ақша жөнелтушінің банкі айқындаған тәртіппен қағаз жеткізгіште не электрондық нысанда ресімделуі мүмкін.
Ақша жөнелтушінің тұрақты өкімі қолданысының күшін жою үшін ақша жөнелтушінің банкі айқындаған тәртіппен ресімделген тиісті хабарлама ақша жөнелтушінің банкіне жіберіледі.
4. Ақша жөнелтушінің тұрақты өкімінде ақша жөнелтуші ақысын төлеуді ақша жөнелтушінің банкіне тапсыратын ақша жөнелтушінің ақшалай міндеттемесін растайтын бенефициар құжаттарының (растайтын құжаттар) атауы көрсетілуі мүмкін.
5. Ақша жөнелтушінің тұрақты өкімінің шарттарына сәйкес немесе ақша жөнелтушінің банкі растайтын құжаттарды алған кезде ақша жөнелтушінің банкі бенефициардың пайдасына Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкінің нормативтік құқықтық актісінде айқындалған тәртіппен ақша жөнелтушінің атынан төлем тапсырмасын қалыптастырады.
52-бап. Нұсқауды банктік шотты тікелей дебеттеу арқылы орындау
1. Ақша жөнелтушінің банктік шотын тiкелей дебеттеу:
1) ақша жөнелтушi мен ақша жөнелтушінің банкi арасында жасалған және ақша жөнелтушінің ақшалай міндеттемелерін орындау мақсатында берілген талаптарды орындау үшін негіз болып табылатын шартқа;
2018.02.07. № 168-VІ ҚР Заңымен 2) тармақша өзгертілді (бұр.ред.қара)
2) ақша жөнелтушi мен банк, ипотекалық ұйым немесе агроөнеркәсіптік кешен саласындағы ұлттық басқарушы холдингтің еншілес ұйымы арасында жасалған, қарыз (қарыз шарты, кредиттік желіні ашу туралы келісім немесе қарыз операциясы не кепілдік беру фактісін растайтын өзге де құжат) бойынша мерзімі өткен берешекті өндіріп алу үшін негіз болып табылатын шартқа сәйкес қойылатын төлем талабын не төлем ордерін пайдалана отырып, ақша жөнелтушінің банктік шотынан ақшаны есептен шығаруға берген оның алдын ала келісімі негізінде жүзеге асырылады.
2. Ақша жөнелтушi мен ақша жөнелтушінің банкi арасындағы шартта бенефициардың төлем құжаттарын орындауға ақша жөнелтушінің алдын ала келісімі көзделеді және бенефициардың (атауы, сәйкестендіру нөмірі) және шарттың (нөмірі, күні) деректемелері көрсетіледі, осыған сәйкес ақша жөнелтушінің банктік шотын тікелей дебеттеу арқылы төлемді жүзеге асыру үшін бенефициар төлем талабын пайдаланады.
Ақша жөнелтушінің осы тармақтың бірінші бөлігінде көрсетілген шарттарды көрсете отырып, ақша жөнелтушінің банкіне өтініш беруіне жол беріледі.
3. Қарыз шартында, кредиттікжеліні ашу туралы келісімде немесе қарыз операциясы не кепілдік беру фактісін растайтын өзге де құжатта ақша жөнелтушінің қарыз бойынша мерзімі өткен берешекті өндіріп алу туралы талап қойылған кезде өзінің банктік шотынан ақшаны алып қоюға келісімі қамтылуға тиіс.
4. Қарыз бойынша берешекті өндіріп алуға арналған төлем талабын қоюды қоспағанда, ақша жөнелтушінің ақшалай міндеттемесін растайтын бенефициардың құжаттары, егер осындай талап олардың арасындағы шартта көзделсе, төлем талабын қойған күннің алдындағы операциялық күннен кешіктірілмей ақша жөнелтушіге жіберіледі.
5. Ақша жөнелтушінің банктік шотын тікелей дебеттеу арқылы төлемді жүзеге асыру тәртібі Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкінің нормативтік құқықтық актісінде айқындалады.
6. Төлем талабының немесе төлем ордерінің негізінде банктік шотты тікелей дебеттеу арқылы ақша жөнелтушінің банктік шотынан ақша алып қоюдың негізділігі үшін бенефициар жауапты болады.
53-бап. Нұсқауды орындау үшін ақша жөнелтушінің қажетті ақша сомасы болмаған немесе жеткіліксіз болған кезде нұсқауды орындау
1. Қазақстан Республикасының заңнамасында не ақша жөнелтуші мен ақша жөнелтушінің банкі арасындағы шартта сақталуы көзделген нұсқауды орындау үшін ақша жөнелтушінің қажетті ақша сомасы болмаған не жеткіліксіз болған кезде ақша жөнелтушінің банкі алынған нұсқауларды қабылдауға және бір жыл бойы сақтауға міндетті.
2. Бенефициар Қазақстан Республикасының валюталық заңнамасында көзделген қажетті құжаттар мен мәліметтерді ұсынужөніндегі әрекеттерді жасамаған кезде бенефициардың банкі жөнелтушіден алынған нұсқауларды қабылдауға және күнтізбелік бір жүз сексен күн бойы сақтауға міндетті.
Бенефициар осы тармақтың бірінші бөлігінде көзделген әрекеттерді орындамаған жағдайда, бенефициардың банкі күнтізбелік бір жүз сексен күн ішінде мұндай нұсқауларды жөнелтушісіне орындамай қайтаруға міндетті.
3. Ақша жөнелтуші банкінің осы баптың 1-тармағында көзделген нұсқауларды орындауы Қазақстан Республикасының заңдарында көзделген нұсқауларды орындау кезектілігінің сақталуы ескеріле отырып, олардың банкке немесе банк операцияларының жекелеген түрлерін жүзеге асыратын ұйымға келіп түсу тәртібінде күнтізбелік кезектілікпен жүргізіледі. Күнтізбелік кезектілік ақша жөнелтушінің банкіне нұсқаулардың келіп түсу күні мен уақытын көздейді.
4. Егер осы баптың 1-тармағында белгіленген мерзім өткеннен кейін ақша жөнелтушінің ақшасы жеткіліксіз болғаннан немесе болмағаннан жөнелтуші берген нұсқау орындалмаса, онда ақша жөнелтушінің банкі, инкассолық өкімді қоспағанда, мұндай нұсқауды жөнелтушісіне орындамай қайтаруға міндетті.
5. Қайта құрылымдау жоспарында көзделген шаралар кешенін жүзеге асыруға байланысты банкті немесе банк операцияларының жекелеген түрлерін жүзеге асыратын ұйымды қайта құрылымдау кезеңінде банк немесе банк операцияларының жекелеген түрлерін жүзеге асыратын ұйым қайта құрылымдау тоқтатылғанға дейін олар бойынша міндеттемелерді банк немесе банк операцияларының жекелеген түрлерін жүзеге асыратын ұйым тоқтата тұрған және қайта құрылымдау жоспарында бар нұсқауларды қабылдайды және сақтайды. Банкті немесе банк операцияларының жекелеген түрлерін жүзеге асыратын ұйымды қайта құрылымдау тоқтатылған жағдайда, банк немесе банк операцияларының жекелеген түрлерін жүзеге асыратын ұйым мұндай нұсқауды жөнелтушісіне орындамай қайтаруға міндетті.
Міндеттемелері тоқтатыла тұрмаған және қайта құрылымдау жоспарына енгізілмеген нұсқаулар осы Заңда және Қазақстан Республикасының өзге де заңдарында айқындалған тәртіппен орындалады.
54-бап. Сот актісін және сот орындаушысының қаулысын орындау
2019.21.01. № 217-VІ ҚР Заңымен 1-тармақ өзгертілді (2019 ж. 24 сәуірден бастап қолданысқа енгізілді) (бұр.ред.қара)
1. Қазақстан Республикасы сотының ақша өндіріп алу туралы сот актісі, сондай-ақ сот орындаушысының банктік шоттардың нөмірлері және оларда ақшаның бар-жоғы туралы ақпаратты, банктердегі, банк операцияларының жекелеген түрлерін жүзеге асыратын ұйымдардағы, сондай-ақ сақтандыру ұйымдарындағы мүліктің сипаты мен құны туралы мәліметтерді талап ету және оларға тыйым салу туралы прокурор санкциялаған қаулысы не оның атқарушылық іс жүргізу органының аумақтық бөлімінің мөрімен немесе жеке сот орындаушысының мөрімен куәландырылған көшірмесі, осы баптың 4-тармағында көзделген жағдайды қоспағанда, барлық банктерге ұсынылады.
2. Банк, банк операцияларының жекелеген түрлерін жүзеге асыратын ұйым осы баптың 1-тармағында көрсетілген құжаттар негізінде көрсетілген құжаттарды алған күннен бастап операциялық үш күн ішінде сотқа (сот орындаушысына) «Қазақстан Республикасындағы банктер және банк қызметі туралы» Қазақстан Республикасы Заңының талаптарына сәйкес қажетті мәліметтерді жіберуге міндетті.
3. Сот (сот орындаушысы) банктерден көрсетілген мәліметтерді алып, ақшаны өндіріп алу туралы сот актісін орындау жөніндегі міндет жүктелетін банкті (банктерді) айқындайды және мұндай банкке (банктерге) тиісті атқарушылық құжатты не соттың мөрімен куәландырылған көшірмесін қоса бере отырып, нұсқауды жібереді.
4. Егер сотта (сот орындаушысында) ақшаны өндіріп алу жүргізілуге тиіс тұлғаның банктік шотында ақшаның бар екендігі туралы мәліметтер болса, онда сот орындаушысының тиісті атқарушылық құжат қоса берілген нұсқауы тікелей тиісті банкке орындау үшін беріледі.
5. Соттың (сот орындаушысының) жеке және заңды тұлғаның және (немесе) оның құрылымдық бөлімшесінің банктік шоттарының, сондай-ақ заңды тұлға құрмай кәсіпкерлік қызметті жүзеге асыратын жеке тұлғаның, жекеше нотариустың, жеке сот орындаушысының, адвокаттың, кәсіби медиатордың ағымдағы шоттарының бар екендігі және нөмірлері туралы, осы шоттардағы ақша қалдығы мен қозғалысы туралы ақпаратты талап етіп алдыруы, сондай-ақ борышкердің банктегі ақшасына тыйым салу қағаз жеткізгіште немесе электрондық нысанда жүзеге асырылады.
10-тарау. ТӨЛЕМДЕРДІ ЖӘНЕ (НЕМЕСЕ) АҚША АУДАРЫМДАРЫН АЯҚТАУ
55-бап. Төлемдерді және (немесе) ақша аударымдарын аяқтау
1. Егер төлем қолма-қол ақша пайдаланыла отырып жүзеге асырылса, онда пайдасына төлем жасалатын тұлға не бенефициар уәкiлеттік берген тұлға ақшаны алған кезде төлем аяқталады.
2. Егер төлем қолма-қол ақшаны пайдаланбай, төлем құжатын беру арқылы жүзеге асырылса, онда пайдасына төлем жасалатын тұлға ақшаны алған кезде төлем аяқталады.
3. Егер төлем қолма-қол ақшаны пайдаланбай, ақша аударымы арқылы жүзеге асырылса, онда:
1) бенефициардың пайдасына ақша түскен кезде оның банктік шоты бойынша бухгалтерлік жазба жасау;
2) егер бенефициардың банктік шоты болмаса, бенефициардың банкі бенефициарға қолма-қол ақшаны нақты беруі;
3) осы Заңның 46-бабының 9-тармағында көзделген есепке жатқызуды жүргізу;
4) бенефициардың пайдасына ақшаның қабылданғанын көрсететін өзге де шот бойынша бухгалтерлік жазба жасау арқылы ақша аударымы аяқталған кезде төлем аяқталады.
4. Ақшалай мiндеттеме немесе ақша төлеу туралы бұйрық қамтылатын төлем құжатын (чекті, вексельді) беру арқылы қолма-қол ақшасыз төлемді жүзеге асыру кезінде осы төлем бойынша міндеттемелерді орындау бенефициар чек, вексель бойынша ақша алған кезде аяқталады.
5. Егер төлем электрондық ақша беру арқылы жүзеге асырылса, онда пайдасына төлем жасалатын тұлға электрондық ақшаны алған кезде төлем аяқталады. Электрондық ақша жүйесінде қабылданған электрондық ақшаның, оның басқа тұлғаның - бенефициардың пайдасына түскендігін куәландыратын сомасы туралы ақпараттың көрсетілуі электрондық ақшаны алу кезі болып табылады.
56-бап. Рұқсат етілмеген төлемдер
1. Егер төлемді жасауға өкiлеттiгi бар тұлға осы төлемді жүргізсе және ол Қазақстан Республикасының заңнамасына қайшы келмесе, рұқсат етілген төлем болып табылады. Төлем ақша аударымы арқылы жүзеге асырылған жағдайда, егер ақша жөнелтушінің банкі нұсқауды рұқсат етілмеген төлемдерден қорғау әрекеттерінің белгіленген тәртібін сақтай отырып қабылдаған кезде де, төлем рұқсат етілген болып табылады.
2. Осы баптың 1-тармағында белгiленген талаптар сақталмай жүзеге асырылған төлем және (немесе) ақша аударымы рұқсат етілмеген болып табылады. Жалған төлем құралдарын пайдалана отырып жүргізілген төлемдер немесе ақша аударымдары да рұқсат етілмеген төлемдер және (немесе) ақша аударымдары болып табылады.
3. Қазақстан Республикасының заңнамасында және(немесе) нұсқау бастамашысы мен оны алушы арасындағы және нұсқауларға немесе бастамашының оларды керi қайтарып алу туралы өкiмдерге бастамашылық ету (рұқсат ету) туралы деректердi тексеруге және ықтимал қателердi анықтауға жасалған шартта белгiленген тиiстi нормаларды сақтау рұқсат етілмеген төлемдерден және (немесе) ақша аударымдарынан қорғау болып табылады.
4. Банк, банк операцияларының жекелеген түрлерін жүзеге асыратын ұйым немесе ақша жөнелтуші төлемдерді электрондық төлем құралдарының көмегімен жүзеге асыру кезінде рұқсат етілмеген төлемдерден қауіпсіздік рәсімдерін орындауды қамтамасыз етеді. Қауіпсіздік рәсімдеріне қойылатын талаптар Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкінің нормативтік құқықтық актісінде белгіленеді.
5. Қорғау әрекеттерінің элементтері ретінде уәкілетті адамның (адамдардың) қолтаңбасы, оның ішінде электрондық-цифрлық қолтаңбасы, мөрлер, алгоритмдер, кодтар (цифрлық, символдар қолданылатын әріптік және аралас), сәйкестендіруші сөздер немесе сәйкестендіру кодтары, шифрлау, биометрикалық деректер немесе Қазақстан Республикасының заңнамасына қайшы келмейтін қорғаудың өзге де тәсілдері пайдаланылуы мүмкін.
6. Қауіпсіздік рәсімдері төлемдерге және(немесе) ақша аударымдарына қатысушылар арасында жасалған шарттарда және (немесе) электрондық құжаттар беру жүзеге асырылатын электрондық құжаттар алмасу жүйесінің жұмыс істеу қағидаларында белгіленеді.
57-бап. Төлемдер және (немесе) ақша аударымдары бойынша ақшаны қайтару
1. Ақша аудару кезiнде ақшаны қайтару:
1) ақша аудару арқылы жүзеге асырылатын төлемнiң рұқсат етілмегендік фактiсi анықталған;
2018.02.07. № 168-VІ ҚР Заңымен 2) тармақша өзгертілді (бұр.ред.қара)
2) қате нұсқау орындалған;
2018.02.07. № 168-VІ ҚР Заңымен 3) тармақшамен толықтырылды
3) егер бенефициар банктің корреспонденттік шоты бойынша орындалмаған талаптар немесе шығыс операцияларын жүргізуге кедергі келтіретін ақшаға билік етуге шектеулер болса, ақша аударымын алу кезінде бенефициар банктің клиенті болып табылмайтын адамның пайдасына ақша түскен;
2018.02.07. № 168-VІ ҚР Заңымен 4) тармақшамен толықтырылды
4) «Қазақстан Республикасындағы банктер және банк қызметі туралы» Қазақстан Республикасы Заңының 48-1-бабында көзделген жағдайларда жүзеге асырылады.
2. Егер нұсқауда:
1) алдыңғы жөнелтушіден алынған нұсқаудың деректемелеріне сәйкес келмейтін деректемелер болса;
2) қайталап берілген болса, бастамашы жіберген нұсқау қате болып табылады.
3. Қате нұсқау немесе рұқсат етілмеген төлем және (немесе) ақша аударымы бойынша ақшаны қайтаруды бенефициардың банкі бенефициардың көрсетілген ақша есепке жатқызылған банктік шотынан ақшаны оның келісімінсіз алып қоюы арқылы жүзеге асырады.