3. Қазақстандық шағын көлемді өздігінен жүзетін және өздігінен жүзбейтін (суүсті және суасты) кемелерді (құралдарды) және мұз үстімен жылжитын құралдарды танып айыру үшін олардың иесі тұмсық бөлігінің және артқы жағының борттарына берілген тіркеу нөмірлері мен жазуларды жазады. Нөмірді әуеден танып айыру үшін бөлменің жоғарғы бөлігінде, ал ол болмаған кезде - тұмсық бөлігінде арнайы жабдықталған алаңшада жазылуға тиіс.
Көрсетілген талап олардың штаттағы және штаттан тыс құтқару құралдарына (шлюпкаларға, дөңгелектерге, белдіктерге) қолданылады.
47-бап. Шағын көлемді өздігінен жүзетін және өздігінен жүзбейтін (суүсті және суасты) кемелердің (құралдардың) және мұз үстімен жылжитын құралдардың кемежайлары, айлақтары және орналасу пункттері
1. Каспий теңізінің жағалауы маңындағы, шекаралық өзендердің, көлдердің және өзге де су айдындарының жағаларындағы қазақстандық шағын көлемді өздігінен жүзетін және өздігінен жүзбейтін (суүсті және суасты) кемелерге (құралдарға) және мұз үстімен жылжитын құралдарға арналған кемежайларды, айлақтарды және орналасу пункттерін тиісті жергілікті атқарушы органдардың Қазақстан Республикасы Ұлттық қауіпсіздік комитетінің Шекара қызметімен келісілген рұқсаттары негізінде ұйымдар жабдықтайды.
2. Кемежайлардың, айлақтардың және орналасу пункттерінің:
1) аумаққа бөгде адамдардың кіру мүмкіндігін болғызбайтын қоршалымы;
2) суда және жағада тұратын шағын көлемді өздігінен жүзетін және өздігінен жүзбейтін (суүсті және суасты) кемелер (құралдар) және мұз үстімен жылжитын құралдар үшін бекіткіштері, сондай-ақ оларды сақтауға арналған орындары;
3) аспалы моторларды, желкендерді және ескектерді сақтайтын арнайы үй-жайлары;
4) күзетке арналған үй-жайлары;
5) Қазақстан Республикасы Ұлттық қауіпсіздік комитеті Шекара қызметінің тиісті бөлімшесімен байланыс құралдары болуға тиіс.
3. Ұйымдардың басшылары - кемежайлардың, айлақтардың және орналасуға арналған орындардың меншік иелері оларды тиісті түрде жабдықтаумен, күзетпен және Қазақстан Республикасы Ұлттық қауіпсіздік комитеті Шекара қызметінің тиісті бөлімшесімен байланыс құралымен қамтамасыз етуге міндетті.
48-бап. Қазақстандық шағын көлемді өздігінен жүзетін және өздігінен жүзбейтін (суүсті және суасты) кемелердің (құралдардың) және мұз үстімен жылжитын құралдардың аумақтық суларға (теңізге) және ішкі суларға шығуы
1. Егер осы Заңмен өзгеше тәртіп белгіленбесе, қазақстандық шағын көлемді өздігінен жүзетін және өздігінен жүзбейтін (суүсті және суасты) кемелердің (құралдардың) және мұз үстімен жылжитын құралдардың аумақтық суларға (теңізге) және ішкі суларға шығуы Қазақстан Республикасының Үкіметі айқындайтын тәртіппен Қазақстан Республикасы Ұлттық қауіпсіздік комитетінің Шекара қызметі беретін рұқсаттамалар негізінде жүргізіледі.
2. Қазақстан Республикасы Ұлттық қауіпсіздік комитетінің Шекара қызметіне рұқсаттамаларды алуға ұсынулар енгізу кезінде жеке және заңды тұлғалар шағын көлемді өздігінен жүзетін және өздігінен жүзбейтін (суүсті және суасты) кемелердің (құралдардың) және мұз үстімен жылжитын құралдардың аумақтық суларға (теңізге) және ішкі суларға шығу мақсаттары, уақыты және маршруты (аудандары), олардың типтері және тіркеу нөмірлері, сондай-ақ тіркелімге алу орындары туралы мәліметтерді енгізеді. Енгізілетін ұсынулар Қазақстан Республикасы Ұлттық қауіпсіздік комитетінің және Қазақстан Республикасы ішкі істер органдарының аумақтық бөлімшелерімен келісілуге тиіс.
3. Қазақстан Республикасы Ұлттық қауіпсіздік комитетінің Шекара қызметі шекаралық кеңістікте іздеу іс-шараларын жүргізу кезінде рұқсаттамалардың қолданысын шектеуге немесе уақытша тоқтата тұруға құқылы, бұл туралы мемлекеттік және жергілікті атқарушы органдар хабардар етіледі.
4. Қазақстандық шағын көлемді өздігінен жүзетін және өздігінен жүзбейтін (суүсті және суасты) кемелердің (құралдардың) және мұз үстімен жылжитын құралдардың аумақтық суларға (теңізге) және ішкі суларға шығуына, егер осы кемелерге (құралдарға) қатысты күтіп-ұстаудың өзгеше тәртібі айқындалмаса, тек қана тәуліктің жарық уақытында олар тіркелімге алынған орындар бойынша кемежайларға, айлақтарға және орналасу орындарына не жағалау маңына қараңғы түскенге дейін оралғанда рұқсат беріледі.
5. Аумақтық суларда (теңізде) және ішкі суларда өз құзыреті шегінде міндеттерді орындайтын өзге де уәкілетті органдардың (Қазақстан Республикасы Қарулы Күштерінен басқа) өздігінен жүзетін және өздігінен жүзбейтін (суүсті және суасты) кемелері (құралдары) және мұз үстімен жылжитын құралдары өздерінің шығуы туралы Қазақстан Республикасы Ұлттық қауіпсіздік комитетінің Шекара қызметін көрсетілген акваторияларда тәуліктің кез келген уақытында шығар алдында хабардар етеді.
6. Жергілікті атқарушы органдардың және ұйымдардың Қазақстан Республикасының аумақтық ұлттық қауіпсіздік және ішкі істер органдарымен келісілген ұсынулары бойынша Қазақстан Республикасының Ұлттық қауіпсіздік комитеті жыл сайын режимдік шектеулердің қолданысы тоқтатыла тұратын - екі мильге дейінгі арақашықтықта теңізге еркін шығуға, белгіленген акваторияда жеке және заңды тұлғалар демалыс, туризм және спорт үшін пайдаланатын қазақстандық шағын көлемді өздігінен жүзетін және өздігінен жүзбейтін (суүсті және суасты) кемелердің (құралдардың) және мұз үстімен жылжитын құралдардың жүзуіне және (немесе) пайдаланылуына жол берілетін Каспий теңізінің жағалауы маңы учаскелерінің тізбесін белгілейді.
7. Шағын көлемді өздігінен жүзетін және өздігінен жүзбейтін (суүсті және суасты) кемелердің (құралдардың) және мұз үстімен жылжитын құралдардың күтіп-ұсталуын, аумақтық суларға (теңізге) және ішкі суларға шығуын (шығарылуын), орналасу пункттеріне қайта оралуын есепке алуды бақылау Қазақстан Республикасы Ұлттық қауіпсіздік комитетінің Шекара қызметіне жүктеледі.
49-бап. Аумақтық суларда (теңізде) және ішкі суларда қазақстандық өздігінен жүзетін және өздігінен жүзбейтін (суүсті және суасты) кемелердің (құралдардың) және мұз үстімен жылжитын құралдардың жүзу (пайдаланылу) тәртібі
1. Аумақтық суларда (теңізде) және ішкі суларда қазақстандық өздігінен жүзетін және өздігінен жүзбейтін (суүсті және суасты) кемелердің (құралдардың) және мұз үстімен жылжитын құралдардың, оның ішінде шағын көлемділерінің жүзуіне және (немесе) пайдаланылуына тек қана рұқсат етілген немесе белгіленген (айқындалған) аудандарда немесе навигациялық-гидрографикалық жабдықпен қамтамасыз етілген қозғалыстың белгіленген схемаларына сәйкес жол беріледі. Оларға:
1) рұқсат етілген немесе белгіленген (айқындалған) ауданның шегінен шығуға, қозғалыстың белгіленген схемаларынан ауытқуға, егер хабарламаларда ондай аудан немесе аймақ туралы теңізде жүзушілерге хабарланған болса, жүзу үшін тыйым салынған немесе жүзу үшін уақытша қауіпті ауданға, сондай-ақ жасанды аралдың, қондырғы мен құрылыстың айналасында белгіленген қауіпсіздік аймағына кіруге;
2) егер осы Заңда және Қазақстан Республикасының өзге де заңдарында өзгеше тәртіп ескертілмеген болса, аялдауға, адамдарды түсіруге (отырғызуға), кез келген жүктер мен тауарларды түсіруге (тиеуге), кез келген жүзу құралдарын суға түсіруге немесе бортқа қабылдауға, кез келген ұшу аппаратын, оның ішінде пилотсыз аппаратты әуеге көтеруге, қондыруға немесе бортқа қабылдауға тыйым салынады.
2. Қазақстан Республикасы Ұлттық қауіпсіздік комитеті Шекара қызметінің корабльдері мен катерлеріне аумақтық суларда (теңізде) және ішкі суларда түнгі уақытта, белгіленген шамдарсыз жүзуге рұқсат етіледі. Мұндай жағдайларда корабльдердің және катерлердің командирлері өзге де кемелермен (құралдармен) соқтығысу, өзге де авариялық жағдай тудыру мүмкіндігін болғызбайтын шаралар қолдануға міндетті.
3. Аумақтық сулардың (теңіздің) белгілі бір аудандарында уәкілетті органдар қазақстандық өздігінен жүзетін және өздігінен жүзбейтін (суүсті және суасты) кемелердің (құралдардың) және мұз үстімен жылжитын құралдардың, оның ішінде шағын көлемділерінің жүзуін шектейді, бұл туралы теңізде жүзушілерге хабарламаларда күні бұрын хабар беріледі.
50-бап. Шетелдік кемелердің (құралдардың) және мұз үстімен жылжитын құралдардың, шетелдік әскери корабльдердің жүзу (пайдаланылу) тәртібі
1. Осы Заңның 45, 46, 48, 49, 52-баптарының талаптары аумақтық суларда (теңізде) және ішкі суларда уақытша пайдаланылатын шетелдік өздігінен жүзетін және өздігінен жүзбейтін (суүсті және суасты) кемелерге (құралдарға), мұз үстімен жылжитын құралдарға қолданылады.
2. Аумақтық сулар (теңіз) арқылы жүзіп өтуді жүзеге асыратын шетелдік өздігінен жүзетін және өздігінен жүзбейтін (суүсті және суасты) кемелер (құралдар), сондай-ақ шетелдік әскери корабльдер жалпыға бірдей танылған халықаралық құқық нормаларын, Қазақстан Республикасының халықаралық шарттарын және заңнамасын сақтауға тиіс.
3. Шетелдік әскери корабль Қазақстан Республикасы белгілеген аумақтық суларда (теңізде) жүзу тәртібін бұзған жағдайда, Қазақстан Республикасы Ұлттық қауіпсіздік комитетінің Шекара қызметі және Қазақстан Республикасының Қарулы Күштері одан аумақтық суларды (теңізді) дереу тастап шығуды талап етеді.
51-бап. Аумақтық суларда (теңізде) және ішкі суларда кәсіпшілік, зерттеу, іздестіру немесе өзге де қызметті, оның ішінде континенттік қайраңның минералды және жанды ресурстарын сақтауға бағытталған қызметті жүргізу
1. Аумақтық суларда (теңізде) және ішкі суларда кәсіпшілік, зерттеу, іздестіру немесе өзге де қызметті, оның ішінде континенттік қайраңның минералды және жанды ресурстарын сақтауға бағытталған қызметті жүргізу Қазақстан Республикасының экономикалық, экологиялық, қорғаныс және өзге де қауіпсіздігіне залал келтірмеуге немесе онда осындай залал келтіру қатерін болғызбауға, сондай-ақ Қазақстан Республикасы Ұлттық қауіпсіздік комитеті Шекара қызметінің және өзге де уәкілетті органдардың міндеттерін орындауына кедергілер жасамауға тиіс.
2. Аумақтық суларға (теңізге) шығуға Қазақстан Республикасы Ұлттық қауіпсіздік комитетінің Шекара қызметіне ұсынулар енгізу кезінде аумақтық суларда (теңізде) теңіздегі ғылыми зерттеулер және (немесе) іздестіру қызметін жүргізу ниеті бар Қазақстан Республикасының мемлекеттік органдары және ұйымдар осы Заңның 48-бабының 2-тармағында көрсетілген мәліметтерден басқа:
1) жобаның сипаты және мақсаты;
2) кемелердің атауын, типін және сыныбын, ғылыми жабдықтың сипаттамасын қоса алғанда, пайдаланылатын әдіс пен құралдар;
3) жоба жүргізілетін аудандар бойынша нақты географиялық деректер;
4) зерттеу жүргізетін кемелер келген және кеткен немесе тиісті жағдайларда жабдықтар орналастырылған және алып тасталған күн;
5) жоба үшін жауапты ұйымның атауы, басшы немесе адам туралы толық ақпарат беруге міндетті.
3. Аумақтық суларда (теңізде) алдағы жүргізілетін теңіздегі ғылыми зерттеулер және (немесе) іздестіру қызметі туралы жұмыс басталатын күнге дейін кемінде күнтізбелік он күн бұрын Қазақстан Республикасының Қарулы Күштері Әскери-теңіз Күштерінің Гидрографиялық қамтамасыз ету қызметі хабардар етіледі.
4. Әуесқой балықшылардың, туристердің, спортшылардың аумақтық суларға (теңізге) және ішкі суларға шығуы, оның ішінде мұз астында балық аулауға шығуы осы Заңда белгіленген тәртіпке сәйкес жалпы негіздерде жүзеге асырылады.
5. Аумақтық суларда (теңізде) және ішкі суларда кәсіпшілік, зерттеу, іздестіру немесе өзге де қызметті, оның ішінде континенттік қайраңның минералды және жанды ресурстарын сақтауға бағытталған қызметті жүргізуді бақылау өз қызметін Қазақстан Республикасының Ұлттық қауіпсіздік комитетімен, Қазақстан Республикасы Ішкі істер министрлігімен және Қазақстан Республикасының Қорғаныс министрлігімен бірлесіп жүзеге асыратын Қазақстан Республикасының Ауыл шаруашылығы министрлігіне, Қазақстан Республикасының Қоршаған ортаны қорғау министрлігіне жүктеледі.
52-бап. Аумақтық сулар (теңіз) және ішкі сулар режимін бұзу
1. Осы Заңда белгіленген:
1) аумақтық суларда (теңізде) және ішкі суларда қазақстандық шағын көлемдi өздiгiнен жүзетiн және өздiгiнен жүзбейтiн (суүсті және суасты) кемелердi (құралдарды) және мұз үстімен жылжитын кемелерді (құралдарды) есепке алу, күтіп-ұстау, олардың орналасу пункттерінен шығу және орналасу пункттеріне қайтып оралу, суда болу;
2) аумақтық суларда (теңізде) және iшкi суларда, шекаралық өзендер, көлдер және өзге де су айдындары суларының қазақстандық бөлiгiнде кәсіпшілік, зерттеу, іздестіру немесе өзге де қызметті жүргізу тәртібін бұзу аумақтық сулар (теңіз) және ішкі сулар режимін бұзу болып танылады.
2. Аумақтық сулар (теңіз) және ішкі сулар режимін бұзуға байланысты құқық бұзушылықтар анықталған жағдайда, Қазақстан Республикасы Ұлттық қауіпсіздік комитетінің Шекара қызметі, сондай-ақ осы тарауда көрсетілген өзге де уәкілетті органдар осы Заңға сәйкес заңсыз қызметті тоқтатуға қажетті шаралар қолданады.
7-тарау. КОНТИНЕНТТІК ҚАЙРАҢ РЕЖИМІ
53-бап. Континенттік қайраң режимі
1. Континенттік қайраң шегінде теңіз түбі мен жер қойнауының табиғи ресурстарына барлау жүргізуге және оларды игеруге, жасанды аралдарды, қондырғылар мен құрылыстарды жасауға және пайдалануға, оларды консервациялау мен бөлшектеуге, қалдықтар мен өзге де материалдарды көмуге, сондай-ақ теңізде ғылыми зерттеулерді жүргізуге байланысты қызметті жүзеге асырудың континенттік қайраңдағы тәртібі - континенттік қайраң режимі белгіленеді.
2. Континенттік қайраң режимі Қазақстан Республикасының заңдарымен және Қазақстан Республикасы ратификациялаған халықаралық шарттармен белгіленеді.
3. 2016.25.04. № 505-V ҚР Заңымен алып тасталды (бұр.ред.қара)
4. Континенттік қайраң режимінің негізгі мақсаты континенттік қайраңның табиғи ресурстарына барлау жүргізуге және оларды игеруге байланысты қызметті жүзеге асырудың белгіленген тәртібін қамтамасыз ету болып табылады.
5. Континенттік қайраң режимін сақтауды бақылау жер қойнауын зерттеу және пайдалану жөніндегі уәкілетті органға және Қазақстан Республикасы Ұлттық қауіпсіздік комитетінің Шекара қызметіне жүктеледі.
54-бап. Континенттік қайраң режимін бұзу
1. Континенттік қайраңда теңіз түбі мен жер қойнауының табиғи ресурстарына барлау жүргізуге және оларды игеруге, оның ішінде жасанды аралдарды, қондырғылар мен құрылыстарды жасауға және пайдалануға, оларды консервациялау мен бөлшектеуге, қалдықтар мен өзге де материалдарды көмуге, сондай-ақ теңізде ғылыми зерттеулерді жүргізуге байланысты қызметті жүзеге асыру тәртібін бұзу континенттік қайраң режимін бұзу болып танылады.
2. Континенттік қайраң режимінің бұзылуына байланысты құқық бұзушылықтар анықталған жағдайда, жер қойнауын зерттеу және пайдалану жөніндегі уәкілетті орган және Қазақстан Республикасының Ұлттық қауіпсіздік комитеті осы Заңға сәйкес заңсыз іс-әрекеттерді тоқтату үшін қажетті шаралар қолданады.
8-тарау. ҚАЗАҚСТАН РЕСПУБЛИКАСЫ ҮКІМЕТІНІҢ, ҚАЗАҚСТАН РЕСПУБЛИКАСЫНЫҢ ӨЗГЕ ДЕ МЕМЛЕКЕТТІК ОРГАНДАРЫНЫҢ МЕМЛЕКЕТТІК ШЕКАРАНЫ ҚОРҒАУ САЛАСЫНДАҒЫ ҚҰЗЫРЕТІ
2013.04.07. № 130-V ҚР Заңымен 55-бап өзгертілді (бұр.ред.қара)
55-бап. Қазақстан Республикасы Үкіметінің құзыреті
Қазақстан Республикасының Үкіметі:
1) Мемлекеттік шекараны қорғауды қамтамасыз ету мәселелері бойынша нормативтік құқықтық актілерді шығарады;
2) Мемлекеттік шекараның инфрақұрылымын белгілеу тәртібін айқындайды;
3) Мемлекеттік шекараны санаттарға бөлу қағидаларын айқындайды;
4) шекаралық белдеудің, карантиндік белдеудің және шекаралық аймақтың шектерін белгілейді;
5) шекаралық белдеуге кіруге және онда болуға рұқсаттамалар беру тәртібін айқындайды;
6) Каспий теңізіндегі Қазақстан Республикасының аумақтық суларының (теңізінің) енін есептеп шығару үшін негізге алынатын сызықтарды, сондай-ақ аумақтық сулардың (теңіздің) сыртқы шегін айқындау үшін географиялық нүктелерді (негізгі геодезиялық деректерді көрсете отырып) белгілейді;
7) Мемлекеттік шекараның жекелеген учаскелерінде уақытша шектеулер енгізеді немесе оны кесіп өтуді тоқтатады;
8) карантин режимін енгізе отырып, карантиндік аймақты белгілеу немесе екі және одан көп облыстар аумағында оның күшін жою туралы шешім қабылдайды;
9) өткізу пункттерін ашу (жабу), олардың жұмыс істеуі (пайдаланылуы), оларды санаттарға бөлу, жіктеу, жайластыру қағидаларын, сондай-ақ техникалық жарақтандыру, жаңғырту және олардың жұмысын ұйымдастыру, сервистік инфрақұрылым жөніндегі талаптарды айқындайды;
10) өткізу пункттерінің тізбесін бекітеді;
11) халықаралық теміржол және автомобиль қатынасы жолдарының Мемлекеттік шекарадан өткізу пункттеріне дейінгі учаскелерін белгілеуге және жабдықтауға қойылатын талаптарды, олар бойынша жүру тәртібін, сондай-ақ Мемлекеттік шекарада орналасқан халықаралық шекара маңы ынтымақтастығы орталығы периметрінің қазақстандық бөлігін жабдықтауға қойылатын талаптарды белгілейді;
12) қазақстандық кемелердің аумақтық суларда (теңізде), ішкі суларда және континенттік қайраңда кәсіпшілік қызметті жүргізу үшін Мемлекеттік шекараны бірнеше рет кесіп өтуіне рұқсаттар беру тәртібін, рұқсаттар қолданылуының кеңістіктегі және уақыттық шектерін, сондай-ақ аталған кемелерге бақылауды жүзеге асыру тәртібін айқындайды;
2016.25.04. № 505-V ҚР Заңымен 12-1) тармақшамен толықтырылды
12-1) құрылықтық қайраңда орналасқан келісімшарт аумағындағы жер қойнауын пайдалану жөніндегі операцияларға тартылған қазақстандық және шетелдік теңіз кемелері мен қазақстандық әуе кемелерінің Мемлекеттік шекараны бірнеше мәрте кесіп өтуіне рұқсаттар беру тәртібін, рұқсаттарды қолданудың кеңістіктік және уақыттық шектерін, сондай-ақ көрсетілген кемелерге бақылауды жүзеге асыру тәртібін айқындайды;
13) жергілікті атқарушы органдардың Қазақстан Республикасының Ұлттық қауіпсіздік комитетімен және Қазақстан Республикасының Ішкі істер министрлігімен келісілген ұсынуы бойынша шекаралық режимге кіретін жекелеген шектеулердің қолданысы алып тасталуы немесе тоқтатыла тұруы мүмкін шекаралық аймаққа кіретін шекара маңы аумақтарының тізбесін белгілейді;
14) өткізу пункттерінде жүзеге асырылатын шаруашылық және өзге де қызмет түрлерінің тізбесін белгілейді;
15) шекара белгілерінің нысандарын, көлемдерін, сипаттамасын, конструкциясын және оларды орнату тәртібін айқындайды;
16) аумақтық сулардағы (теңіздегі) теңіз дәліздерін және қозғалыстарды бөлу схемаларын белгілейді;
17) Мемлекеттік шекара комиссиясы туралы ережені бекітеді және оның қызметін ұйымдастырады;
18) шекаралық кеңістік шегінде Мемлекеттік шекараны қорғауға азаматтарды тарту қағидаларын бекітеді;
19) Қазақстан Республикасының Конституциясында, заңдарында және Қазақстан Республикасы Президентінің актілерінде көзделген өзге де өкілеттіктерді жүзеге асырады.
56-бап. Қазақстан Республикасы Ұлттық қауіпсіздік комитетінің құзыреті
Қазақстан Республикасының Ұлттық қауіпсіздік комитеті:
1) Қазақстан Республикасы Ұлттық қауіпсіздік комитетінің Шекара қызметіне басшылық жасауды жүзеге асырады;
2) өз өкілеттігі шегінде құрлықта, аумақтық суларда (теңізде) және ішкі суларда, континенттік қайраңда және өткізу пункттерінде Мемлекеттік шекараны қорғауды және күзетуді қамтамасыз етеді, Мемлекеттік шекарада жеке адамның, қоғам мен мемлекеттiң мүдделерiн қорғауды қамтамасыз етедi;
3) өз құзыреті шегінде Қазақстан Республикасының шекаралық қауіпсіздігін қамтамасыз етуге бағытталған барлау, қарсы барлау және жедел-іздестіру қызметін ұйымдастырады және қамтамасыз етеді;
4) Қазақстан Республикасы Ұлттық қауiпсiздiк комитетi Шекара қызметінің Мемлекеттік шекараны қорғауды және күзетуді ұйымдастыру және жүзеге асыру жөніндегі іс-әрекетін регламенттейтін нормативтік құқықтық актілерді әзірлейді және қабылдайды;
5) Мемлекеттік шекараны межелеуге, шегендеуге және қайта шегендеуге, Мемлекеттік шекара режимін белгілеу мақсатында қажетті құжаттарды және материалдарды дайындауға қатысады;
6) шекара өкілдерінің қызметін ұйымдастырады және басқарады;
7) шекаралық кеңістікте және халықаралық қатынас арналарында саяси, әлеуметтiк-экономикалық және қылмыстық ахуалды талдауды және болжауды жүзеге асырады;
8) Қазақстан Республикасының қылмыстық іс жүргізу заңнамасына және Қазақстан Республикасының әкімшілік құқық бұзушылық туралы заңнамасына сәйкес өзінің жүргізуіне жатқызылған істер бойынша алдын ала тергеуді және іс жүргізуді жүзеге асырады, құқық бұзушылықтардың мән-жайларын анықтауға және шекаралық кеңістікте ұсталған адамдарды тексеруге қатысады;
9) Қазақстан Республикасының Мемлекеттік шекарасын күзету жөніндегі қағидаларды бекітеді;
10) өткізу пункттерінде Қазақстан Республикасының Мемлекеттік шекарасын күзету жөніндегі қағидаларды бекітеді;
11) Қазақстан Республикасы Ұлттық қауіпсіздік комитеті Шекара қызметінің әскери шаруашылығы туралы қағидаларды бекітеді;
12) Қазақстан Республикасы Ұлттық қауіпсіздік комитетінің Шекара қызметінде жоспарлау қағидаларын бекітеді;
13) Қазақстан Республикасының Мемлекеттік шекарасын күзету жөніндегі міндеттерді тікелей орындайтын, Қазақстан Республикасы Ұлттық қауіпсіздік комитеті Шекара қызметінің бөлімшелеріндегі кезекші күштер мен құралдардың құрамы туралы ережені бекітеді;
14) Қазақстан Республикасы Ұлттық қауіпсіздік комитеті Шекара қызметінің шекаралық наряд басшысы туралы ережені бекітеді;
15) Қазақстан Республикасы Ұлттық қауіпсіздік комитеті Шекара қызметінің қызметтік-жауынгерлік іс-әрекетін моральдық-психологиялық қамтамасыз етуді ұйымдастыру қағидаларын бекітеді;
16) Қазақстан Республикасы Ұлттық қауіпсіздік комитетінің Шекара қызметі штабтарының қызметі жөніндегі қағидаларды бекітеді;
17) Қазақстан Республикасының Мемлекеттік шекарасын жедел қалқалау қағидаларын бекітеді;
18) Қазақстан Республикасы Ұлттық қауіпсіздік комитетінің Шекара қызметі барлау бөлімшелерінің барлау қызметін жүргізу қағидаларын бекітеді;
19) Қазақстан Республикасының Мемлекеттік шекара күзетінің техникалық құралдарын пайдалану қағидаларын бекітеді;
20) Қазақстан Республикасы Ұлттық қауіпсіздік комитетінің Шекара қызметі инженерлік-техникалық құралдарының жай-күйін бағалау жөніндегі нұсқаулықты бекітеді;
21) Қазақстан Республикасы Ұлттық қауіпсіздік комитетінің органдарында, оқу орындары мен құрылымдық бөлімшелерінде зымырандық-артиллериялық қару-жарақпен және оқ-дәрілермен қамтамасыз ету, оларды ұйымдастыру, пайдалану және есепке алу жөніндегі қағидаларды бекітеді;
22) Қазақстан Республикасы Ұлттық қауіпсіздік комитеті Шекара қызметінің зымырандық-артиллериялық қару-жарағын жөндеуге, оған техникалық қызмет көрсетуге және пайдалануға арналған қосалқы бөлшектерді, құрал-сайманды, керек-жарақты, калибрлер жабдығын, сүртетін-майлайтын және басқа материалдарды күтіп-ұстау және олардың жұмсалу нормалары туралы ережені бекітеді;
23) Қазақстан Республикасының ұлттық қауіпсіздік органдарындағы зымырандық-артиллериялық қару-жарақты санаттарға бөлу қағидаларын бекітеді;
24) Қазақстан Республикасының ұлттық қауіпсіздік органдарындағы оқ-дәрілерді және танкіге қарсы басқарылатын реактивтік снарядтарды санаттарға бөлу жөніндегі нұсқаулықты бекітеді;
25) Қазақстан Республикасының ұлттық қауіпсіздік органдарында оқ-гильза қорын құру туралы қағидаларды бекітеді;
26) Қазақстан Республикасы Ұлттық қауіпсіздік комитетінің Шекара қызметінде автотехникалық қамтамасыз етуді ұйымдастыру жөніндегі қағидаларды бекітеді;