4. Кадастрлардың бірыңғай жүйесін қоршаған ортаны қорғау саласындағы уәкілетті орган табиғи ресурстардың жай-күйі мен оларды пайдалану есебі деректерінің негізінде табиғи ресурстардың тиісті түрлерінің мониторингін жүзеге асыратын арнайы уәкілетті мемлекеттік органдармен бірлесіп жүргізеді.
5. Табиғи ресурстардың мемлекеттік кадастрлары жүйесінде географиялық байланысы мен ұйымдық-құқықтық нысаны көрсетіле отырып, әрбір есепке алынған кадастрлық объектіге оның жай-күйі туралы цифрлы түрдегі құжаттамалық мәліметтер қамтылады.
6. Кадастрлардың бірыңғай жүйесін жүргізудің негізгі принциптері:
1) кадастрлық ақпаратты өңдеу мен ұсыну технологиясының біртұтастығы;
2) автоматтандырылған ақпараттық технологияларды қолдану;
3) ақпаратты толықтыру мен жаңартудың объективтілігі болып табылады.
150-бап. Кадастрлардың бірыңғай жүйесінің құрылымы мен мазмұны
Кадастрлардың бірыңғай жүйесінің құрылымын мына есепке алу объектілері құрайды, олар бойынша мониторингті мына арнайы уәкілетті мемлекеттік органдар жүзеге асырады:
1) мемлекеттік жер кадастры бойынша - жер ресурстарын басқару саласындағы орталық уәкілетті орган - жалпы республика бойынша, ал оның аумақтық органдары - әкімшілік-аумақтық бірліктер шегінде;
2) мемлекеттік су кадастры бойынша (жер үсті және жер асты су көздері, су ресурстарын пайдалану) - қоршаған ортаны қорғау, су қорын пайдалану мен қорғау, жер қойнауын зерттеу мен пайдалану саласындағы уәкілетті мемлекеттік органдар - жалпы республика бойынша, ал оның аумақтық органдары - өзендер бассейні және әкімшілік-аумақтық бірліктер шегінде;
3) мемлекеттік орман кадастры бойынша - орман шаруашылығы саласындағы уәкілетті мемлекеттік орган - жалпы республика бойынша, ал оның аумақтық органдары - әкімшілік-аумақтық бірліктер шегінде;
4) кен орындарының және пайдалы қазбалар көріністерінің, техногендік минералдық түзілімдердің мемлекеттік кадастры бойынша - жер қойнауын зерттеу және пайдалану саласындағы уәкілетті мемлекеттік орган - жалпы республика бойынша, ал оның аумақтық органдары - әкімшілік-аумақтық бірліктер шегінде;
5) ерекше қорғалатын табиғи аумақтардың мемлекеттік кадастры бойынша - ерекше қорғалатын табиғи аумақтар саласындағы уәкілетті мемлекеттік орган - жалпы республика бойынша, ал оның аумақтық органдары - әкімшілік-аумақтық бірліктер шегінде;
6) жануарлар дүниесінің мемлекеттік кадастры бойынша - жануарлар дүниесін қорғау, молықтыру және пайдалану саласындағы уәкілетті мемлекеттік орган - жалпы республика бойынша, ал оның аумақтық органдары - әкімшілік-аумақтық бірліктер шегінде.
2010.19.03. № 258-IV ҚР Заңымен 151-бап өзгертілді (бұр.ред.қара)
151-бап. Ақпарат беру
1. Табиғи ресурстардың кадастрлары шеңберінде алынған объектілерді есепке алу мен тіркеудің нәтижелерін арнайы уәкілетті мемлекеттік органдар қоршаған ортаны қорғау саласындағы уәкілетті органға өтеусіз береді.
2. Кадастрлардың бірыңғай жүйесіне енгізілген объект туралы деректерде:
1) арнайы уәкілетті мемлекеттік органдар бекіткен есептік материалдар, объект паспорты және статистикалық ақпарат;
2) объектілердің кеңістіктегі жағдайы туралы картографиялық материал және аумақтарды кешенді бағалау үшін қажетті басқа да деректер қамтылуға тиіс.
3. Қоршаған ортаны қорғау саласындағы уәкілетті орган табиғи ресурстардың тиісті түрлерінің мониторингін жүзеге асыратын арнайы уәкілетті мемлекеттік органдардың кадастрларында қамтылатын ақпаратқа қол жеткізуін қамтамасыз етуге міндетті.
19-тарау. Өндіріс пен тұтыну қалдықтарының мемлекеттік Кадастры
152-бап. Өндіріс пен тұтыну қалдықтарының мемлекеттік кадастры
1. Өндіріс пен тұтыну қалдықтарының мемлекеттік кадастры (бұдан әрі - Қалдықтардың мемлекеттік кадастры) қалдықтарды орналастырудың әрбір объектісі (олардың кеңістіктегі орналасуын көрсете отырып) бойынша геоақпараттық жүйелер, сондай-ақ қалдықтардың түрлері, олардың шығу көздері мен физикалық-химиялық қасиеттері (халыққа және қоршаған ортаға қауіптілігі ескеріле отырып), компоненттік құрамы, сандық және сапалық көрсеткіштері, оларды сақтаудың, көму мен тастаудың техникалық, гидрогеологиялық және экологиялық шарттары, оларды пайдалану мен залалсыздандыру технологиялары негізінде жүйелендірілген, кезеңділікпен толықтырылатын және нақтыланатын бірегей мәліметтер жиынтығы болып табылады.
2. Барлық қалдық түрлері және қалдықтарды орналастыру объектілері Қалдықтардың мемлекеттік кадастрында есепке алынуға тиіс.
153-бап. Қалдықтардың мемлекеттік кадастрының мақсаттары мен міндеттерi
1. Қалдықтардың мемлекеттік кадастры мемлекеттік органдарды, мүдделі жеке және заңды тұлғаларды қоршаған ортаны қорғауға қатысты технологиялық, экономикалық, құқықтық және басқа да шешімдерді бағалау, болжау, әзірлеу үшін ақпаратпен қамтамасыз ету, сондай-ақ қалдықтардың жалпы мемлекеттік кешенді есебін жүргізу мақсатында жүргізіледі.
2. Қалдықтардың мемлекеттік кадастрын жүргізудің негізгі міндеті жалпы мемлекеттік, өңірлік және салалық ақпараттық-сараптамалық жүйелерді және деректер банкін қалдықтар, оларды өңдеудің қасиеттері мен технологиялары бойынша ақпаратпен қамтамасыз ету болып табылады.
154-бап. Қалдықтардың мемлекеттік кадастрын жүргізу
1. Табиғат пайдаланушылар қоршаған ортаны қорғау саласындағы уәкілетті органға мына құжаттаманы:
1) қауіпті қалдықтардың паспортын;
2) қалдықтарды түгендеу материалдарын;
3) нысанын қоршаған ортаны қорғау саласындағы уәкілетті орган бекітетін қауіпті қалдықтар бойынша есептерді;
2013.03.07. № 121-V ҚР Заңымен 4) тармақша өзгертілді (бұр.ред.қара)
4) мыналарды:
облыстың (республикалық маңызы бар қаланың, астананың) жергілікті атқарушы органының қалдықтарды жинақтауға және жоюға арналған жер учаскесін бөлу туралы шешімін;
жер учаскесі орналасқан жер бойынша өздерінің құзыреті шеңберінде облыстардың (республикалық маңызы бар қаланың, астананың), аудандардың (облыстық маңызы бар қалалардың) жергілікті атқарушы органдары, аудандық маңызы бар қалалардың, кенттердің, ауылдардың, ауылдық округтердің әкімдері растаған, жер учаскесінің шекараларын белгілеу және жер учаскесіне құқық белгілейтін құжаттардың берілгені туралы анықтаманы;
қалдықтарды орналастыру объектілерін құрудың техникалық-экономикалық негіздемесін;
қалдықтарды орналастыру объектілерін құруға арналған мемлекеттік экологиялық, санитарлық-эпидемиологиялық сараптамалар мен Қазақстан Республикасының жер қойнауы және жер қойнауын пайдалану туралы заңнамасына сәйкес жүргізілген сараптаманың оң қорытындыларын қамтитын, қалдықтарды орналастыру объектісі бойынша кадастр ісін ұсынады.
2. Осы баптың 1-тармағының 2) және 3) тармақшаларында аталған құжаттама есеп беру жылынан кейінгі жылдың 1 қаңтарынан 1 наурызына дейінгі жағдай бойынша жыл сайын электрондық және қағаз жеткізгіштермен беріледі.
Осы баптың 1-тармағының 1) және 4) тармақшаларында аталған құжаттама оны өзгерткен жағдайда қайта ұсынылады.
155-бап. Қалдықтардың мемлекеттік кадастрын жүргізу нәтижелері туралы ақпарат
1. Қоршаған ортаны қорғау саласындағы уәкілетті орган Қалдықтардың мемлекеттік кадастрын жүргізу нәтижелері бойынша жыл сайын ақпараттық шолу жасайды.
2. Қалдықтардың мемлекеттік кадастры мемлекеттік тілде және орыс тілінде жеке безендірілген кітап түрінде қағаз жеткізгіште бес жылда бір рет мерзімділікпен басып шығарылады.
20-тарау. Зиянды зaттapды, радиоактивті қалдықтарды көму мен сарқынды суларды жер қойнауына ағызудың мемлекеттік кадастры
156-бап. Зиянды заттарды, радиоактивті қалдықтарды көмудің және сарқынды суларды жер қойнауына ағызудың мемлекеттік кадастры
1. Зиянды заттарды, радиоактивті қалдықтарды көму мен сарқынды суларды жер қойнауына ағызудың мемлекеттік кадастрын (бұдан әрі - Көмудің мемлекеттік кадастры) жүргізу - Қазақстан Республикасының аумағында зиянды заттарды, радиоактивті қалдықтарды көму мен сарқынды суларды жер қойнауына ағызу объектілері бар табиғат пайдаланушылар үшін міндетті болып табылады.
2. Көмудің мемлекеттік кадастрын жедел ақпарат алу, қоршаған орта саласында шешім қабылдау, зиянды заттарды, радиоактивті қалдықтарды көму мен сарқынды суларды жер қойнауына ағызудың жай-күйіне жоспарлы бақылау жасау мақсаттарында қоршаған ортаны қорғау саласындағы уәкілетті орган ұйымдастырады.
3. Көмудің мемлекеттік кадастрының деректері жер қойнауы туралы біртұтас цифрлы ақпараттар жүйесіне енгізіледі және жер қойнауы мемлекеттік мониторингінің құрамдас бөлігі болып табылады.
4. Көмудің мемлекеттік кадастрының есебіне зиянды заттар, радиоактивті қалдықтар көмілетін объектілер мен жер қойнауына сарқынды су ағызылатын жерлер жатады.
157-бап. Көмудің мемлекеттік кадастрының мазмұны
1. Көмудің мемлекеттік кадастрында көмілген заттардың және ағызылған сулардың сандық және сапалық көрсеткіштері, көму мен ағызудың тау-кен-техникалық, арнаулы инженерлік-геологиялық, гидрогеологиялық және экологиялық жағдайлары көрсетілген үлгісі мен түрін сипаттайтын мәліметтер болады және:
1) зиянды заттар, радиоактивті қалдықтар көмілетін объектілер мен сарқынды су ағызылатын жерлердің жалпы сипаттамасын: орналасқан жерін, пайдалану кезеңін, ұстауға жұмсалатын шығынды, қоршаған орта жай-күйінің мониторингі мен жер қойнауы мониторингін бақылау желісінің болуын және орналасуын;
2) зиянды заттар, радиоактивті қалдықтар көмілетін объектілер мен сарқынды су ағызылатын жерлердің физикалық сипаттамасын: оқшаулану сипаттамасын, тау-кен жынысы типін, қабатты-коллектор жатқан жердің тереңдігі мен тиімді қуатын, оның алаңын, кеуектік коэффициентін, төсеніштік және бөгесіндік су қысымының сипаттамасын, жер асты суларының табиғи ағысының жылдамдығын, сарқынды сулардың сақталуы мен басқа да сандық және сапалық көрсеткіштерді;
3) зиянды заттардың, радиоактивті қалдықтардың, сарқынды сулардың сипаттамасын: өнімнің атауын, нәтижесінде өнім жасалатын технологиялық өндірістер немесе процестерді, физикалық сипаттамасын (толық химиялық құрамын, уытты компоненттерінің болуын, өрт шығу-жарылыс қауіптілігі, ерігіштігі, сақтау кезінде басқа заттармен сыйысымдылығы, негізгі ластаушы радионуклидтер, олардың активтілігі және басқа да сипаттамалар), тасымалдау жүйесінің сипаттамасын қамтиды.
2. Көмудің мемлекеттік кадастры қоршаған ортаны қорғау саласындағы уәкілетті орган бекіткен нормативтік құқықтық актілерге сәйкес, зиянды заттар, радиоактивті қалдықтар және жер қойнауына ағызылатын сарқынды сулар үшін жеке жүргізіледі.
158-бап. Көмудің мемлекеттік кадастрын жүргізу
1. Табиғат пайдаланушылар есеп беретін жылдан кейінгі жылдың бірінші тоқсанының ішінде 1 қаңтарға дейінгі жағдай бойынша жыл сайын осы Кодекстің 157-бабының 1-тармағында аталған мәліметтердің екі данасын қоршаған ортаны қорғау саласындағы уәкілетті органға табыс етеді.
2. Қоршаған ортаны қорғау саласындағы уәкілетті орган табиғат пайдаланушылардан түскен деректердің негізінде Көмудің мемлекеттік кадастрын жасайды.
3. Қоршаған ортаны қорғау саласындағы уәкілетті орган Көмудің мемлекеттік кадастрын жүргізу кезінде:
1) табиғат пайдаланушылардан мәліметтердің уақтылы түсуін бақылауды;
2) материалдарды жинауды, олардың есебін, жүйеленуі мен сақталуын;
3) табиғат пайдаланушыларға анықтамалық-ақпараттық қызмет көрсету мақсатында есептеу техникасын пайдалану арқылы деректерді өңдеудің автоматтандырылған жүйесін жасауды және оның жұмыс істеуін;
4) Көмудің мемлекеттік кадастрын дұрыс ресімдеуді қамтамасыз етеді.
2011.03.12. № 505-ІV ҚР Заңымен кодекс 20-1-тараумен толықтырылды
20-1-тарау. Парниктік газдар шығарындылары мен сіңірулерін мемлекеттік бағалау жүйесі
158-1-бап. Парниктік газдар шығарындылары мен сіңірулерін мемлекеттік түгендеу жүйесі
1. Парниктік газдар шығарындылары мен сіңірулерін мемлекеттік түгендеу жүйесі парниктік газдар шығарындылары мен сіңірулерінің тиісті кезеңдегі нақты көлемін айқындауға қажетті деректерді жинау, өңдеу, сақтау және талдау жөніндегі ұйымдастырушылық іс-шаралардың жиынтығын білдіреді.
2. Парниктік газдарды мемлекеттік түгендеу үшін ақпарат жинау статистикалық есептілікке, сондай-ақ Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес қондырғылар паспортында ұсынылатын деректерге негізделеді.
3. Парниктік газдар шығарындылары мен сіңірулерін мемлекеттік түгендеу жүйесінің жұмысын ұйымдастыруды және үйлестіруді қоршаған ортаны қорғау саласындағы уәкілетті орган жүзеге асырады.
2014.29.09. № 239-V ҚР Заңымен 4-тармақ жаңа редакцияда (бұр.ред.қара)
4. Парниктік газдар шығарындылары мен сіңірулерін мемлекеттік түгендеудің толықтығын, айқындығын және анықтығын бақылау қоршаған ортаны қорғау саласындағы уәкілетті орган белгілеген тәртіппен жыл сайын жүргізіледі.
158-2-бап. Парниктік газдар шығарындылары көздерінің және сіңірулерінің мемлекеттік кадастры
1. Қоршаған ортаны қорғау саласындағы уәкілетті орган парниктік газдар шығарындылары көздерінің және сіңірулерінің мемлекеттік кадастрын әзірлеуді және жүргізуді ұйымдастырады.
2. Парниктік газдар шығарындылары көздерінің және сіңірулерінің мемлекеттік кадастры парниктік газдар шығарындыларының көздері, қондырғы операторлары, парниктік газдар шығарындылары мен сіңірулерінің мөлшері туралы мәліметтерді қамтиды.
2014.29.09. № 239-V ҚР Заңымен 3-тармақ жаңа редакцияда (бұр.ред.қара)
3. Парниктік газдар шығарындылары және сіңірулері көздерінің мемлекеттік кадастрын жүргізу және ұстау тәртібін қоршаған ортаны қорғау саласындағы уәкілетті орган айқындайды.
4. Қоршаған ортаны қорғау саласындағы уәкілетті орган парниктік газдар шығарындылары көздерінің және сіңірулерінің мемлекеттік кадастрының деректері негізінде парниктік газдар шығарындылары мен сіңірулерін талдауды және болжауды жүзеге асырады, парниктік газдар шығарындылары мен сіңірулері көлемдеріне мемлекеттік бақылау жүйесін ұйымдастыруды, Қазақстан Республикасының халықаралық шарттарына сәйкес Қазақстан Республикасының жыл сайынғы есептілік міндеттемелерін орындауды қамтамасыз етеді.
158-3-бап. Көміртегі бірліктерінің мемлекеттік тізілімі
1. Көміртегі бірліктерінің мемлекеттік тізілімінің негізгі функциялары айналымға енгізілген, сақтауда жатқан, берілген, сатып алынған, жойылған және айналымнан алынған көміртегі бірліктерінің нақты есебін қамтамасыз ету, сондай-ақ басқа да ұлттық тізілімдермен деректер алмасу болып табылады.
2. Көміртегі бірліктерінің мемлекеттік тізілімін қоршаған ортаны қорғау саласындағы уәкілетті органның ведомстволық бағынысындағы ұйым болып табылатын оператор қалыптастырады және жүргізеді.
158-4-бап. Верификация және валидация (детерминация), парниктік газдарды түгендеу туралы есепті растау
2014.29.09. № 239-V ҚР Заңымен 1-тармақ жаңа редакцияда (бұр.ред.қара)
1. Верификацияны, валидацияны (детерминацияны) және парниктік газдарды түгендеу туралы есепті растауды жүзеге асыратын тәуелсіз ұйымдарды аккредиттеуді қоршаған ортаны қорғау саласындағы уәкілетті орган бекіткен тәртіппен қоршаған ортаны қорғау саласындағы уәкілетті орган жүргізеді.
2. Тәуелсіз аккредиттелген ұйым түгендеу, верификация және валидация (детерминация) туралы деректердің дәйектілігі үшін жауаптылықта болады.
3. Табиғат пайдаланушыларды түгендеу туралы жыл сайынғы есеп қоршаған ортаны қорғау саласындағы уәкілетті орган аккредиттеген тәуелсіз ұйымның міндетті растауына жатады.
Түгендеуді, верификацияны және валидацияны (детерминацияны) растау табиғат пайдаланушылардың қаражаты есебінен жүзеге асырылады.
4. Парниктік газдар шығарындыларын азайтудың және сіңірудің сол бір жобасының верификациясын және валидациясын (детерминациясын) сол бір тәуелсіз аккредиттелген ұйым жүргізе алмайды.
21-тарау. Экологиялық ақпарат
159-бап. Экологиялық ақпарат
1. Экологиялық ақпарат:
1) қоршаған ортаның және оның объектілерінің жай-күйі;
2) қоршаған ортаға әсер ету факторлары, оның ішінде оның ластануы туралы;
3) қоршаған ортаға әсер ететін немесе әсер ете алатын бағдарламалық, әкімшілік және өзге де шаралар;
4) экологиялық нормативтер мен шаруашылық және өзге де қызметке қойылатын экологиялық талаптар;
5) қоршаған ортаны қорғау жөнінде жоспарланатын және іске асырылатын іс-шаралар және оларды қаржыландыру;
6) қоршаған ортаға әсер ететін немесе әсер ете алатын қызмет, ол бойынша шешім қабылдау процесі және инспекторлық экологиялық тексерулер нәтижелері, оның ішінде бұл ретте қаралған қоршаған ортаға қатысты есептер, талдаулар мен өзге де мәліметтер;
7) қоршаған орта жай-күйінің халықтың денсаулығына, қауіпсіздігіне және тіршілік жағдайларына, мәдениет объектілеріне, ғимараттар мен құрылыстарға әсер етуі туралы мәліметтер мен деректерді қамтиды.
2. Экологиялық ақпарат жазбаша, электрондық, дыбыс бейнелі немесе өзге де нысанда көрсетілуі мүмкін.
160-бап. Мемлекеттік органдар мен өзге де заңды тұлғалардың экологиялық ақпаратты қалыптастыру және тарату жөніндегі қызметi
1. Мемлекеттік органдар мен өзге де заңды тұлғалардың экологиялық ақпаратты жинауы, есепке алуы, сақтауы және таратуы мемлекеттік органдардың қызметін ақпараттық қамтамасыз ету, қоршаған ортаны қорғау жөніндегі іс-шараларды жоспарлау мен орындау және азаматтардың өмірі мен денсаулығына қолайлы қоршаған ортаға құқығын іске асыру мақсатында жүзеге асырылады.
2. Мемлекеттік органдар мен өзге де заңды тұлғалар міндетті түрде жинауға, есепке алуға және сақтауға тиіс экологиялық ақпарат Қазақстан Республикасының заңнамасында айқындалады.
3. Қоршаған ортаға айтарлықтай әсерін тигізуі мүмкін жоспарланатын және жүзеге асырылатын қызмет туралы, сондай-ақ қоршаған ортаға және азаматтардың өмірі мен денсаулығына елеулі қатер төндіретін табиғи және техногендік сипаттағы кез келген төтенше жағдайлар туралы мәліметтерді арнайы уәкілетті мемлекеттік органдар міндетті түрде тексеруге және есепке алуға тиіс.
4. Мемлекеттік органдар Экологиялық ақпаратты жүйелендіру және оған қол жеткізуді жақсарту мақсатында экологиялық ақпараттың электрондық кадастрын қалыптастырады және сүйемелдейді.
5. Мемлекеттік органдар өз құзыретіне сәйкес Интернетке орналастыру және өзге де жалпыға бірдей қолжетімді ақпараттық-коммуникациялық құралдарды қолдану арқылы экологиялық ақпараттың мына түрлерін:
1) қоршаған ортаның жай-күйі туралы баяндамаларды;
2) қоршаған ортаны қорғау мәселелері бойынша нормативтік құқықтық актілердің және халықаралық шарттардың жобалары мен мәтіндерін;
2013.03.07. № 124-V ҚР Заңымен 3) тармақша жаңа редакцияда (бұр.ред.қара)
3) қоршаған ортаны қорғау саласындағы мемлекеттiк саясатқа қатысты құжаттардың жобалары мен мәтiндерiн;
4) қоршаған ортаны қорғау саласындағы бақылау-инспекциялық және құқық қолдану қызметінің нәтижелері жөніндегі есептерді;
5) электрондық үкіметтің қоршаған ортаны қорғау саласындағы базалық қызметтерінің тізбесіне жатқызылған ақпаратты таратады.
6. Мемлекеттік органдар экологиялық ақпаратты тарату үшін Қазақстан Республикасының мемлекеттік сатып алу және мемлекеттік әлеуметтік тапсырыс туралы заңнамасында көзделген тәртіппен жеке және заңды тұлғаларды тартуы мүмкін.
161-бап. Мемлекеттік экологиялық ақпарат қоры
1. Экологиялық ақпаратты бір орталықтан жинауды, есепке алуды және сақтауды Мемлекеттік экологиялық ақпарат қоры жүзеге асырады.
2. Мемлекеттік экологиялық ақпарат қорын жүргізуді қоршаған ортаны қорғау саласындағы уәкілетті органға ведомстволық бағыныстағы ұйым жүзеге асырады.
3. Мемлекеттік экологиялық ақпарат қорының ақпараттық ресурстары:
1) мемлекеттік органдар және заңды тұлғалар міндетті түрде ұсынатын;
2) жеке және заңды тұлғалар ерікті түрде беретін материалдар мен құжаттарды қамтиды.
4. Мемлекеттік экологиялық ақпарат қорының құрамына экологиялық ақпараттың мынадай түрлері кіреді:
1) табиғи ресурстардың кадастрлары;
2) ластаушылардың шығарындылары мен тасымалдарының тіркелімі және экологиялық ақпараттың өзге де тіркелімдері;
3) экологиялық қауіпті өндірістер тізбесі;
4) экологиялық мониторинг деректері;
5) жоспарланатын қызмет тапсырыс берушісінің келісімімен қоршаған ортаға әсерді бағалау және мемлекеттік экологиялық сараптама материалдары;
6) қоршаған ортаны қорғау және табиғи ресурстарды пайдалану саласындағы нормативтік құқықтық актілер және нормативтік-техникалық құжаттар;
7) қоршаған ортаны қорғауға байланысты ғылыми-зерттеу және тәжірибелік-конструкторлық жұмыстарды орындау туралы есептер;
8) экология және экологиялық жағынан таза технологиялар саласындағы ғылыми-техникалық әдебиет;
9) экологиялық ақпаратты қамтитын өзге де материалдар мен құжаттар.
162-бап. Ұлттық экологиялық атлас
1. Экологиялық ақпаратты жүйелі және көрнекі түрде беру мақсатында картографиялық материалдардың кешенді ғылыми-анықтамалық жинағы - Ұлттық экологиялық атлас жасалады.
2. Ұлттық экологиялық атласты әзірлеуді және жариялауды қоршаған ортаны қорғау саласындағы уәкілетті орган ұйымдастырады.
163-бап. Экологиялық ақпаратқа қол жеткізу
1. Экологиялық ақпарат, Қазақстан Республикасының заңдарында көзделген жағдайларды қоспағанда, жалпыға бірдей қолжетімді болып табылады.
2. Жалпыға бірдей қолжетімді экологиялық ақпаратты құрайтын жекелеген мәліметтер мен деректерге қол жеткізу оларды жеке және заңды тұлғалардың сұратуы бойынша беру, бұқаралық ақпарат құралдарында, арнайы басылымдарда тарату, Интернетте орналастыру арқылы, сондай-ақ өзге де жалпыға бірдей қолжетімді ақпараттық-коммуникациялық құралдар қолданыла отырып жүзеге асырылады.
3. Экологиялық ақпараттың мемлекеттік ақпараттық ресурстарына (ақпараттық деректер базасына) қол жеткізу жалпыға бірдей қолжетімді тіркелімдерді және экологиялық ақпарат кадастрларын қалыптастыру мен сүйемелдеу арқылы жүзеге асырылады.
4. Қол жеткізу шектелген мәліметтер мен деректерді қамтитын құжаттарға және ақпараттық ресурстарға қол жеткізуге рұқсат беру Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген тәртіппен жүзеге асырылады.
164-бап. Субъектілердің экологиялық ақпаратқа қол жеткізуге қатысты құқықтары мен міндеттерi
1. Жеке және заңды тұлғалардың экологиялық ақпараттың жалпыға бірдей қолжетімді мемлекеттік ақпараттық ресурстарына еркін қол жеткізуге құқығы бар.
2. Мемлекеттік органдар, сондай-ақ мемлекеттік функцияларды атқаратын лауазымды адамдар немесе жария шарттың негізінде халыққа қоршаған ортаға қатысы бар қызметтер көрсететін жеке және заңды тұлғалар экологиялық ақпаратқа, оның ішінде жеке және заңды тұлғалардың сауалдары бойынша ашық түрде қол жеткізуді ұсынуға міндетті.
3. Қызметін Қазақстан Республикасының аумағында жүзеге асыратын өзге де жеке және заңды тұлғалар азаматтардың өмірі мен денсаулығына әсер етуге қатысты экологиялық ақпаратты адамдардың сауалдары бойынша беруге міндетті.
4. Жеке және заңды тұлғалар осы баптың 2-тармағында аталған тұлғалардан, егер оны басқа нысанда беруге негіз болмаса, сұрау салу нысанында экологиялық ақпарат алуға құқылы.
165-бап. Экологиялық ақпарат берудің мерзімдері мен тәртібi
1. Мемлекеттік органдардың экологиялық ақпарат беру мерзімдері мен тәртібі Қазақстан Республикасының әкімшілік рәсімдер туралы және азаматтардың өтініштерін қараудың тәртібі туралы заңнамасында белгіленеді.
2. Осы баптың 1-тармағында аталғандарды қоспағанда, жеке және заңды тұлғалар сұратылған экологиялық ақпаратты сауал алынған күннен бастап бір айдан кешіктірмей береді.
3. Қоршаған ортаға әсер етуді бағалау рәсіміне және жоспарланып отырған шаруашылық және өзге де қызмет бойынша шешімдер қабылдау процесіне қатысты экологиялық ақпаратқа қол жеткізу қоршаған ортаны қорғау саласындағы уәкілетті орган белгілеген тәртіппен қамтамасыз етіледі.
4. Сұратылған экологиялық ақпарат мемлекеттік органда болмаған жағдайларда алынған сауал Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген мерзімде құзыретті мемлекеттік органға жіберіледі.
166-бап. Экологиялық ақпаратты бергені үшін төлемақы
2011.10.01. № 383-IV ҚР Заңымен 1-тармақ өзгертілді (бұр.ред.қара)
1. Экологиялық ақпарат бергені үшін ақпаратты көшіруге, іздестіруге және дайындауға жұмсалған нақты шығыннан аспайтындай төлемақы алынады.
2. Экологиялық ақпарат бергені үшін мемлекеттік орган алатын төлемақы мемлекеттік органның тиісті бюджетінің кодына аударылады.
3. Мемлекеттік органның экологиялық ақпаратты жалпыға бірдей қолжетімді мемлекеттік электронды тіркелім мен экологиялық ақпарат кадастры арқылы беруі өтеусіз жүзеге асырылады.
167-бап. Экологиялық ақпарат беруден бас тарту