3. Өңдеудi жүзеге асырған адамның ықылассыз әрекеттерiнiң нәтижесiнде материалынан айрылған меншiк иесi жаңа затты өз меншiгiне берудi және өзiне келтiрiлген залалдардың орнын толтыруды талап етуге құқылы.
2011.25.03. № 421-IV ҚР Заңымен 238-бап өзгертiлдi (бұр.ред.қара)
238-бап. Шарт бойынша мүлiк алушының меншiк құқығы пайда болатын кез
1. Шарт бойынша мүлiк алушының меншiк құқығы, егер заң құжаттарында немесе шартта өзгеше көзделмесе, зат берiлген кезден бастап пайда болады.
1-1. Егер шарт бойынша мүлікті иеленушінің меншiк құқығы мемлекеттік тiркелуге жататын болса, онда мүлікті иеленушінің меншiк құқығы, егер заңнамалық актiлерде өзгеше көзделмесе, осындай тiркеу жасалған кезден бастап туындайды.
2. Егер мүлiктi иелiктен айыру туралы шарт мемлекеттік тiркеуге немесе нотариалдық куәландыруға жататын болса, алушының меншiк құқығы тiркелген немесе нотариат куәландырған кезден бастап, ал шартты нотариаттың куәландыруы да, мемлекеттік тiркеу де қажет болған жағдайда ол тiркелген кезден бастап пайда болады.
239-бап. Заттардың берiлуi
1. Заттардың алушыға тапсырылуы, сол сияқты, егер заңдарда немесе шартта өзгеше көзделмесе, алушыға жөнелту үшiн көлiк ұйымына өткізу және иелiктен айырылған заттарды жеткiзiп беру мiндеттемесiнсiз алушыға салып жiберу үшiн почтаға өткізу-берiлу деп танылады.
2. Егер затты иелiктен айыру туралы шартты жасасу кезiнде-ақ ол алушының иелiгiнде болса, зат оған сол кезден бастап берiлген деп танылады. Затқа коносамент немесе өзге де өкiмшi құжат беру заттарды беруге теңестiрiледi.
2011.25.03. № 421-IV ҚР Заңымен (бұр.ред.қара); 2011.22.07. № 479-ІV ҚР Заңымен (бұр.ред.қара) 240-бап өзгертiлдi
240-бап. Иелену мерзiмi
1. Мүлiктiң меншiк иесi болып табылмайтын, бiрақ өзiнiң жеке қозғалмайтын мүлкiндей жеті жыл бойы, не өзге мүлiктi кем дегенде бес жыл адал, ашық және ұдайы иеленген азамат немесе заңды тұлға ол мүлiкке меншiк құқығын (иелену мерзiмiн) алады.
Мемлекеттік тiркеуге жататын қозғалмайтын және өзге де мүлiкке меншiк құқығы бұл мүлiктi иелену мерзiмiне сәйкес алған тұлғада осындай тiркеу кезiнен бастап пайда болады.
2. Мүлiкке меншiк құқығын алғанға дейiн оларды өз мүлкiндей иеленушi азамат немесе заңды тұлға өз иелiгiн мүлiктiң меншiк иелерi болып табылмайтын, сондай-ақ заң құжаттарында немесе шартта көзделген өзге де негiздерге сәйкес оларды иеленуге құқығы жоқ үшiншi жақтардан қорғауға құқылы.
3. Иелену мерзiмiне жүгiнетiн азамат немесе заңды тұлғаның өздерi құқықты мирасқорлары болып табылатын тұлғаның осы затқа иелiк еткен уақытының бәрiн өз иелiгiне қосып алуына болады.
4. Иелену мерзiмiнiң өтуi затты иеленген кезден басталады.
5. 2011.25.03. № 421-IV ҚР Заңымен алып тасталды (бұр.ред.қара)
241-бап. Жинауға не аулауға арналған көпшiлiк қолды заттарды меншiкке айналдыру
Заңдарға, жергiлiктi әдет-ғұрыпқа немесе меншiк иесi берген жалпы рұқсатқа сәйкес ормандарда, бөгендерде немесе басқа аумақта жидек теруге, балық аулауға, аң аулауға, басқа нәрселердi жинауға немесе аулауға жол берiлген ретте, тиiстi заттарға меншiк құқығын оларды жинауды және аулауды жүзеге асырған адам алады.
24.12.01 ж. № 276-II; 2004.20.12 № 13-III (бұр. ред. қара); 2006.22.06 № 147-III; 2007.12.01. № 225-III (бұр. ред. қара) ҚР Заңдарымен 242-бап өзгертілді; 2011.01.03. № 414-ІV ҚР Заңымен (бұр.ред.қара); 2011.22.07. № 479-ІV ҚР Заңымен (бұр.ред.қара) 242-бап өзгертілді
242-бап. Иесiз заттар
1. Меншiк иесi жоқ немесе меншiк иесi белгiсiз зат не меншiк иесi оның меншiк құқығынан бас тартқан зат иесiз болып табылады.
2. Егер меншiк иесi бас тартқан заттарға меншiк құқығын алу туралы (осы Кодекстiң 243-бабы), олжа туралы (осы Кодекстiң 245-бабы), қараусыз жануарлар туралы (осы Кодекстiң 246-бабы) және қазына (осы Кодекстiң 247-бабы) туралы ережелер терiске шығармаса, иелену көнелiгiне (осы Кодекстiң 240-бабы) сәйкес иесiз қозғалмалы заттарға меншiк құқығы алынуы мүмкiн.
3. Иесi жоқ жылжымайтын заттарды олар табылған аумақтағы республикалық маңызы бар қалалардың, астананың, аудандардың, облыстық маңызы бар қалалардың жергілікті атқарушы органдарының өтініші бойынша жылжымайтын мүлiктi мемлекеттік тiркеудi жүзеге асыратын орган есепке алады. Жергілікті атқарушы орган иесi жоқ жылжымайтын зат есепке алынған күннен бастап бiр жыл өткен соң бұл затты коммуналдық меншiкке түстi деп тану туралы талап қойып сотқа жүгiнеді.
Егер меншік иесі бұл туралы жариялау арқылы меншік құқығынан бас тартқан жағдайда, жергілікті атқарушы орган бас тарту туралы жарияланған кезден бастап бұл затты коммуналдық меншiкке түстi деп тану туралы талаппен сотқа жүгiнеді.
Коммуналдық меншікке түскен мүлікті есепке алу, сақтау, бағалау, одан әрі пайдалану және өткізу жөніндегі жұмыстарды ұйымдастыруды жергілікті атқарушы орган жүзеге асырады.
Осындай мүлікті өзінің меншігі ретінде иеленетін азаматтардағы немесе мемлекеттік емес заңды тұлғалардағы иесі жоқ жылжымайтын заттар есепке алынбайды және коммуналдық меншікке берілмейді.
Мемлекеттік меншікке түскен мүлікті есепке алу, сақтау, бағалау, одан әрі пайдалану және өткізу тәртібін Қазақстан Республикасының Үкіметі айқындайды.
Осындай мүлікке басқа тұлғаның меншік құқығы туындағанға дейін кез келген уақытта меншік иесі өзіне тиесілі жылжымайтын затты иесі жоқ зат ретінде есептен шығару туралы өтініш жасауға және оны өзінің іс жүзіндегі иелігіне қайта алуға құқылы.
ҚР 02.03.98 ж. № 211 Заңымен 243-бап жаңа редакцияда
243-бап. Меншiк иесi бас тартқан жылжымалы заттар
1. Меншiк иесi тастаған немесе оларға меншiк құқығынан бас тарту мақсатымен өзгеше түрде қалдырып кеткен жылжымалы заттар (тасталған заттар) осы баптың 2-тармағында көзделген тәртiппен басқа адамдардың өз меншiгiне айналдырылуы мүмкiн.
2. Меншiгiнде, иелiгiнде немесе пайдалануында құны жиырма айлық есептiк көрсеткiшке сәйкес сомадан көрiнеу төмен тасталған мүлiк не тасталған металл сынықтары, жарамсыз өнiм жатқан жер учаскесi бар адамның ол заттарды пайдалануға кiрiсiп немесе осы заттарды меншiгiне қаратқандығына куә болатын өзге де iс-әрекет жасап, оларды өз меншiгiне айналдыруға құқығы бар.
Басқа тасталған заттар, егер осы адамның арызы бойынша оларды сот иесiз деп таныса, оларды иеленуге кiрiскен тұлғаның меншiгiне кiредi.
2011.01.03. № 414-ІV ҚР Заңымен (бұр.ред.қара); 2012.27.04. № 15-V ҚР Заңымен (бұр.ред.қара) 244-бап өзгертілді
244-бап. Өз бетiмен салынған құрылыс
1. Мемлекетке тиесілі, жер учаскелері болып қалыптаспаған жерде, құрылысты жүзеге асырған тұлғаға тиесілі емес жер учаскесінде салынған, сондай-ақ бұл үшін Қазақстан Республикасының жер заңнамасына, Қазақстан Республикасындағы сәулет, қала құрылысы және құрылыс қызметі туралы заңнамаға және Қазақстан Республикасының өзге де заңнамасына сәйкес қажетті рұқсат алынбай салынған тұрғын үй, басқа да құрылыс, ғимарат немесе өзге де жылжымайтын мүлік өз бетінше салынған құрылыс болып табылады.
2. Өз бетiмен құрылыс салуды жүзеге асырған адам оған меншiк құқығын алмайды. Оның құрылысқа билiк етуге - сатуға, сыйға тартуға, жалға беруге, басқа да мәмiлелер жасауға - құқығы жоқ.
Өз бетiмен салынған құрылыс, осы баптың 3 және 4-тармақтарында көзделгеннен басқа реттерде, оны жүзеге асырған адамның есебiнен бұзылуға тиiс.
3. Өзiне тиесiлi емес жер учаскесiне құрылысты жүзеге асырған адамға бұл учаске салынған құрылысты орналастыру үшiн осы адамға белгiленген тәртiп бойынша берiлген жағдайда ғана өз бетiмен салынған құрылысқа меншiк құқығы танылады.
Құрылыс салушының өзiне тиесiлi емес жер учаскесiнде, мемлекетке тиесілі жерлерді қоспағанда, өз бетімен құрылыс салуға меншік құқығын сот Қазақстан Республикасының сәулет, қала құрылысы және құрылыс қызметі туралы заңнамасының талаптарына құрылыс сәйкес келген жағдайда жер учаскесі иесіне өтемақы төлене отырып, соңғысының бұған келісімі болған кезде тануы мүмкін.
Сот сондай-ақ құрылыс салынған жер учаскесi өзiнiң заңды пайдалануында болған адамның өз бетiмен салынған құрылысқа меншiк құқығын тануы мүмкiн. Бұл ретте құрылысқа меншiк құқығы танылған адам оны жүзеге асырған адамды сот белгiлеген мөлшерде құрылысқа жұмсаған шығындарын өтейдi.
Егер құрылысты сақтап қалу басқа адамдардың құқықтарын және заңмен қорғалатын мүдделерiн бұзуға әкелiп соқтырса не азаматтардың өмiрi мен денсаулығына қауiп төндiретiн болса, аталған адамдардың өз бетiмен салынған құрылысқа меншiк құқығын тануға болмайды.
4. Мемлекетке тиесілі және жер пайдалануындағы емес жер учаскелерінде (жер учаскелері болып қалыптаспаған жерде) тұлға өз бетінше тұрғызған құрылыс әлеуметтiк-экономикалық тұрғыдан орындылығы ескерiле отырып, құрылыс шығындары сот айқындаған мөлшерде өтеліп, коммуналдық меншiкке берiледі.
Мемлекеттік жер пайдаланушылардың жер пайдалануындағы жер учаскесінде өз бетінше құрылыс салуды жүзеге асырған кезде өз бетінше салынған құрылыс әлеуметтiк-экономикалық тұрғыдан орындылығы ескерiле отырып, құрылыс шығындары сот айқындаған мөлшерде бюджет қаражатынан өтеліп, коммуналдық меншiкке берiледі.
2004.20.12 № 13-III ҚР Заңымен (2005.01.01. бастап қолданысқа енгiзiлдi) (бұр. ред. қара); 2011.01.03. № 414-ІV ҚР Заңымен (бұр.ред.қара) 245-бап өзгертілді
245-бап. Олжа
1. Жоғалған затты тауып алушы бұл туралы оны жоғалтқан адамға немесе заттың меншiк иесiне немесе оны алуға құқығы бар өзiне белгiлi басқа адамдардың бiреуiне дереу хабарлауға және табылған затты оған қайтаруға мiндеттi.
Егер зат үй-жайдың iшiнде немесе көлiкте табылған болса, ол сол үй-жайдың немесе көлiктiң иесi болып табылатын адамға тапсырылуға тиiс. Мұндай ретте осы иеленушi затты тапқан адамның құқықтарын иеленiп, оның мiндеттерiн мойнына алады.
2. Егер табылған затты алуға құқығы бар адамның өзi немесе оның тұрған жерi белгiсiз болса, затты тауып алушы олжа туралы iшкi iстер органдарына немесе республикалық маңызы бар қалалардың, астананың, аудандардың, облыстық маңызы бар қалалардың жергілікті атқарушы органдарына мәлiмдеуге мiндеттi.
3. Затты тауып алушы оны өзiнде сақтауға не iшкi iстер органдарының, республикалық маңызы бар қалалардың, астананың, аудандардың, облыстық маңызы бар қалалардың жергілікті атқарушы органдарының немесе олар көрсеткен адамның сақтауына тапсыруға құқылы. Тез бұзылатын затты немесе сақтауға кететiн шығындар оның құнына сәйкес келмейтiн затты тауып алушы түсiм сомасын растайтын жазбаша дәлелдемелер алып, сата алады. Табылған затты сатудан түскен ақша сақталуға және затты алуға заңды құқығы бар адамға қайтарылуға немесе бұл заттың өзi үшiн белгiленген тәртiп пен жағдайларда басқа адамдардың меншiгiне берiлуге тиiс.
Затты тауып алушы оның жоғалтқаны немесе бүлдiргенi үшiн өзiнiң жасыру ниетi болған немесе өрескел абайсыздық жасаған ретте ғана және сол заттың құны шегiнде жауапты болады.
4. Егер олжа туралы iшкi iстер органдарына немесе республикалық маңызы бар қалалардың, астананың, аудандардың, облыстық маңызы бар қалалардың жергілікті атқарушы органдарына мәлiмденген кезден бастап алты ай өткенше жоғалған затты алуға заңды құқығы бар адам анықталмаса және затқа өзiнiң құқығы туралы оны тапқан адамға не iшкi iстер органдарына немесе республикалық маңызы бар қалалардың, астананың, аудандардың, облыстық маңызы бар қалалардың жергілікті атқарушы органдарына мәлiмделмесе, затты тауып алушы оған меншiк құқығын алады.
Егер затты тауып алушы тапқан затын меншiгiне алудан бас тартса, ол коммуналдық меншiкке өтедi.
5. Затты тауып алушы және оны алуға заңды құқығы бар адамға қайтарып берушi ол адамнан, ал зат коммуналдық меншiкке өткен ретте - тиiстi жергiлiктi атқару органынан затты сақтауға, өткізуге, сатуға байланысты қажеттi шығындарды және затты алуға заңды құқығы бар адамды табуға кеткен шығындарды өтетiп алуға құқылы.
6. Затты тауып алушы затты алуға заңды құқығы бар адамнан зат құнының отыз процентi мөлшерiнде сыйақы алуға құқылы. Егер табылған зат оны алуға заңды құқығы бар адам үшiн ғана құнды болса, сыйақының мөлшерi тараптар есептеп шығарған баға бойынша белгiленедi.
Егер затты тауып алушы өзiнiң олжа туралы мәлiмдеу мiндетiн орындамаса немесе олжаны жасырып қалуға өзге де әрекеттер жасаса, сыйақы алу құқығы туындамайды.
2004.20.12 № 13-III (2005.01.01. бастап қолданысқа енгiзiлдi) (бұр. ред. қара); 2007.12.01. № 225-III (бұр. ред. қара) ҚР Заңдарымен 246-бап өзгертiлдi; 2011.01.03. № 414-ІV ҚР Заңымен 246-бап өзгертілді (бұр.ред.қара)
246-бап. Қараусыз жануарлар
1. Қараусыз немесе қаңғып жүрген малды және басқа да үй жануарларын немесе қолға үйретiлген жануарларды ұстап алған адам оларды меншiк иесiне қайтаруға, ал егер оның өзi немесе тұрған жерi белгiсiз болса, осындай жануарларды ұстаған кезден бастап үш күннен кешiктiрмей табылған жануарлар туралы iшкi iстер органдарына немесе республикалық маңызы бар қалалардың, астананың, аудандардың, облыстық маңызы бар қалалардың жергілікті атқарушы органдарына мәлiмдеуге мiндеттi, олар меншiк иесiн iздестiру шараларын қолданады.
Жануарлардың меншiк иесiн iздестiру кезеңiнде жануарларды ұстаушы адам оларды өзiнiң бағуында және пайдалануында қалдыруы, не ол бағу мен пайдалану үшiн қажеттi жағдайы бар басқа адамға тапсырылуы мүмкiн. Жануарларды ұстап алған адамның өтiнiшi бойынша оларды бағу мен пайдалану үшiн қажеттi жағдайы бар адамды iздеп табуды және оларға жануарларды берудi республикалық маңызы бар қалалардың, астананың, аудандардың, облыстық маңызы бар қалалардың жергілікті атқарушы органдары жүзеге асырады.
2. Жануарларды ұстап алған адам және олар бағуы мен пайдалануына берiлген адам жануарлардың өлiм-жiтiмi мен iске жарамай қалғаны үшiн бұған кiнәсi болған кезде ғана және сол жануарлардың құны мөлшерiнде жауапты болады.
3. Егер жұмыс малы мен iрi қараны ұстап алғаны туралы мәлiмделген кезден бастап алты ай iшiнде және басқа үй жануарлары жөнiнде - екi ай iшiнде олардың меншiк иесi табылмаса және оларға өзiнiң құқығы туралы мәлiмдемесе, бұл жануарларға меншiк құқығы жануарларды баққан және пайдаланған адамға көшедi.
Бұл адам бағуында болған жануарларды меншiгiне алудан бас тартқан жағдайда олар коммуналдық меншiкке түседi және республикалық маңызы бар қалалардың, астананың, аудандардың, облыстық маңызы бар қалалардың тиісті жергілікті атқарушы органдары белгiлейтiн тәртiп бойынша пайдаланылады.
4. Жануарларды меншiк иесiне қайтарған ретте жануарларды ұстап алған адам және жануарларды бағып, пайдаланып келген адам сол меншiк иесiнен жануарларды пайдаланудан алынған пайданы есепке жатқыза отырып, оларды бағуға байланысты өз шығындарына өтем алуға құқылы.
5. Қараусыз немесе қаңғып жүрген малды және басқа да үй жануарларын немесе қолға үйретiлген жануарларды ұстап алған адам олардың меншiк иесiнен осы Кодекстiң 245-бабының 6-тармағына сәйкес сыйақы төлеудi талап етуге құқылы.
6. Жануарлар басқа адамның меншiгiне көшкеннен кейiн олардың бұрынғы меншiк иесi келген ретте сол жануарлардың өзiне үйiрсектiгi сақталғанын немесе жаңа меншiк иесiнiң оларға қатал не өзгедей мейiрiмсiз қарағанын дәлелдейтiн жағдайлар болған кезде меншiк иесi жаңа меншiк иесiмен келісім бойынша белгiленетiн шарттармен, ал келісімге келмеген кезде - сот арқылы оларды өзiне қайтарып берудi талап етуге құқылы.
2011.01.03. № 414-ІV ҚР Заңымен 247-бап өзгертілді (бұр.ред.қара)
247-бап. Көмбе
1. Көмбе, яғни жерге көмiлген немесе басқа әдiспен жасырылған, меншiк иесiн анықтау мүмкiн болмайтын не Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес оларға құқығынан айрылған ақша немесе өзге де бағалы заттар көмбе жасырылған жер учаскесi меншік иесінің немесе қозғалмайтын затты меншiктенушiнiң және көмбенi тапқан адамның, егер олардың арасындағы шартта өзгеше белгiленбесе, меншiгiне тең мөлшерде түседi.
Көмбе жасырылған жер учаскесiн пайдаланушының (жер пайдаланушының) немесе жылжымайтын затты меншiктенушiнiң келісімiнсiз қазған немесе бағалы заттар iздестiрген адам көмбенi тауып алған жағдайда көмбе меншiк иесiне берiлуге тиiс.
2. Мәдени құндылықтарға жататын заттардан тұратын көмбе табылған ретте олар Қазақстан Республикасының меншiгiне берiлуге тиiс. Бұл орайда ондай көмбе табылған жер учаскесінің меншік иесі немесе қозғалмайтын мүлiктi меншiктенушi және көмбенi тапқан адам осы көмбе құнының елу процентi мөлшерiнде сыйақы алуға құқылы. Сыйақы бұл адамдар арасында осы баптың 1-тармағында көзделген ережелер қолданыла отырып бөлiнедi.
248-бап. Меншiк иесiнен алынған мүлiктi иелену
Егер адам заң құжаттарында белгiленген тәртiп пен жағдайлар бойынша меншiк иесiнен заңды негiздерде алынған мүлiктi иеленсе, бұл адам мүлiкке меншiк құқығына ие болады.
14-тарау. Меншік құқығы мен өзге де заттық құқықтардың тоқтатылуы
2008.11.12 № 102-ІV ҚР Заңымен (бұр.ред.қара); 2011.01.03. № 414-ІV ҚР Заңымен (бұр.ред.қара) 249-бап өзгертілді
249-бап. Меншiк құқығының тоқтатылу негiздерi
1. Меншiк құқығы меншiк иесi өз мүлкiн басқа адамдарға берген, меншiк иесi меншiк құқығынан бас тартқан, мүлiк қираған немесе жойылған және заң құжаттарында көзделген өзге де реттерде мүлiкке меншiк құқығынан айрылған жағдайда тоқтатылады.
2. Мүлiктi меншiк иесiнен мәжбүрлеп иеліктен шығаруға жол берiлмейдi, бұған мына реттер:
1) меншiк иесiнiң мiндеттемелерi бойынша мүлiкке өндiрiлiп алынған ақы айналымға түскен;
2) Қазақстан Республикасының заңнамалық актілеріне сәйкес белгiлi бiр адамға тиесiлi бола алмайтын мүлiктi ықтиярсыз иелiктен айырған;
3) реквизицияланған;
4) тәркiлеген;
5) жер учаскесiн алып қоюға байланысты қозғалмайтын мүлiктi мәжбүрлеп иеліктен шығарған;
6) күтiмсiз ұсталған тарих және мәдениет ескерткіштерін, мәдени құндылықтарды алып қойған;
2017.27.02. № 49-VI ҚР Заңымен 7) тармақша өзгертілді (бұр.ред.қара)
7) мемлекет меншігіне алып қойған;
2017.27.02. № 49-VI ҚР Заңымен 8) тармақшамен толықтырылды
8) осы Кодекстің 218-бабына сәйкес ортақ мүлiктi бөлу не одан үлестi бөлiп шығару мүмкiн болмаған жағдайда соттың шешімі бойынша жария саудада мүлікті сатқан реттер кірмейді.
3. Мемлекеттік меншіктегі мүлік:
1) азаматтар мен заңды тұлғаларға Қазақстан Республикасының мемлекеттік мүлік туралы заңнамалық актісінде көзделген жағдайларда, шарттарда және тәртiппен;
2) мемлекеттік меншік объектілерін заңды тұлғалардың жарғылық капиталдарын төлеуге (қалыптастыруға немесе ұлғайтуға) беру арқылы;
3) Қазақстан Республикасының заңдарында тікелей көзделген өзге де жағдайларда иеліктен шығарылып, жеке меншікке беріледі.
3-1. Қазақстан Республикасының заңдарына сәйкес тек мемлекеттік меншікте ғана болатын мүлік, сондай-ақ мемлекеттік меншіктегі және Қазақстан Республикасы Президентінің актілеріне сәйкес иеліктен шығаруға жатпайтын мүлік иеліктен шығару объектісі бола алмайды.
4. Азаматтар мен заңды тұлғалардың жеке меншiгіндегі мүлiктi мемлекеттік меншiкке айналдыру туралы Қазақстан Республикасының Заңы қабылданған ретте (ұлт меншiгiне алу) осы Кодекстiң 266-бабында белгiленген тәртiп бойынша оларға шығындары өтеледi.
2017.27.02. № 49-VI ҚР Заңымен 250-бап жаңа редакцияда (бұр.ред.қара)
250-бап. Меншiк құқығынан бас тарту
Азамат немесе заңды тұлға өзiне тиесiлi мүлiкке меншiк құқығынан бас тарта алады, бұл жөнiнде ол ауызша немесе жазбаша нысанда жариялайды не бұл мүлікке қандай да болсын құқықтарын сақтау ниетінсіз өзінің мүлікті иеленуден, пайдаланудан және оған билік етуден шеттетілетіні туралы айқын куәландыратын басқа әрекеттер (әрекетсіздік) жасайды.
Меншiк құқығынан бас тарту құқыққа сыйымды, ерікті болуға және онда меншік иесінің мүлікті иеленуден, пайдаланудан, оған билік етуден бас тартатыны көрсетілуге тиіс.
Меншiк құқығынан бас тарту меншік иесінің ерікті білдіруі болып табылады. Заңда белгіленген жағдайларды қоспағанда, мемлекеттің және оның органдарының меншік құқығынан бас тартуға құқығы жоқ.
Меншiк құқығынан бас тарту осы мүлiкке басқа тұлға меншiк құқығын иеленген кезге дейiн тиiстi мүлiкке қатысты меншiк иесiнiң құқықтары мен мiндеттерiн тоқтатуға алып келмейді.
ҚР 02.03.98 ж. № 211 Заңымен 251-бап өзгертiлдi
251-бап. Меншiк иесi мүлкiнен ақы өндiрiп алу
2017.27.02. № 49-VI ҚР Заңымен 1-тармақ жаңа редакцияда (бұр.ред.қара)
1. Егер Қазақстан Республикасының заңнамалық актілерінде немесе шартта өзгеше көзделмесе, меншiк иесiнiң мiндеттемелерi бойынша мүлiкке өндiрiп алуды қолдану сот тәртiбiмен жүргiзiледi.
2. Ақы өндiрiлiп алынатын мүлiкке меншiк иесiнiң меншiк құқығы заңдарда көзделген тәртiп бойынша меншiк құқығы көшетiн адамның алып қойылған мүлiкке меншiк құқығы пайда болған кезден бастап тоқтатылады.
252-бап. Заң құжаттарына сәйкес өзiне тиесiлi бола алмайтын мүлiкке адамның меншiк құқығының тоқтатылуы
1. Егер заң құжаттарымен жол берiлетiн негiздер бойынша заң құжаттарына сәйкес адамның өзiне тиесiлi бола алмайтын мүлiк оның меншiгiнде болып шықса, бұл мүлiктi меншiк иесi, егер заң құжаттарында өзге мерзiмдер белгiленбесе, осы мүлiкке меншiк құқығы пайда болған кезден бастап бiр жыл iшiнде иелiктен айыруға тиiс. Егер меншiк иесi мүлiктi көрсетiлген мерзiмде иелiктен айырмаса, ол сот шешiмiмен иелiктен ықтиярсыз айырылуға тиiс, бұл орайда меншiк иесiне мүлiктi иелiктен айыру жөніндегі шығындары шегерiлiп, оның құны өтеледi.
2. Егер азаматтың немесе заңды тұлғаның меншiгiнде заң құжаттарымен жол берiлген негiздер бойынша сатып алуға арнайы рұқсат қажет етiлетiн зат азаматтың немесе заңды тұлғаның меншiгiнде болып шықса, ал меншiк иесiне оны беруден бас тартылса, бұл зат осы меншiк иесiне тиесiлi бола алмайтын мүлiк үшiн белгiленген тәртiп бойынша иелiктен айырылуға тиiс.
ҚР 02.03.98 ж. № 211 Заңымен; 2011.01.03. № 414-ІV ҚР Заңымен (бұр.ред.қара) 253-бап өзгертiлдi
253-бап. Реквизициялау
1. Дүлей апаттар, авариялар, жұқпалы аурулар, iндеттер, соғыс жағдайындағы іс-қимыл кезеңінде немесе соғыс уақытында және төтенше сипаттағы өзге де жағдайлар болған ретте мүлiк қоғам мүддесi үшiн мемлекеттік органдар шешiмi бойынша Қазақстан Республикасының заңдарында белгiленген тәртiп пен жағдайларда меншiк иесiнен оған мүлiктiң құны төлене отырып алып қойылуы мүмкiн (реквизиция).
2. Меншiк иесiне реквизицияланған мүлiктiң құны өтелген бағаны оны сот тәртібімен даулауына болады.
3. Мүлкi реквизицияланған адам реквизиция жүргiзуге байланысты жағдайлар тоқтатылған кезде сақталған мүлiктi өзiне қайтарып берудi сот арқылы талап етуге құқылы.
2014.03.07. № 227-V ҚР Заңымен 254-бап жаңа редакцияда (2015 ж. 1 қаңтардан бастап қолданысқа енгізілді) (бұр.ред.қара)
254-бап. Тәркілеу
Қазақстан Республикасының заңнамалық актілерінде көзделген жағдайларда, мүлiк меншiк иесiнен әкімшілік немесе қылмыстық құқық бұзушылық жасағаны үшiн санкция түрiнде сот тәртiбiмен өтеусіз алып қойылуы (тәркiленуі) мүмкiн.
2011.25.03. № 421-IV ҚР Заңымен 255-бап өзгертiлдi (бұр.ред.қара)
255-бап. Жер учаскесiн және басқа да табиғи ресурстарды алып қоюға байланысты жылжымайтын мүлiкке меншiк құқығының тоқтатылуы
1. Мемлекеттік органның меншiк иесiнен мүлiктi алып қоюға тiкелей бағытталмаған шешiмiне, соның iшiнде меншiк иесiне тиесiлi үй, өзге де қора-қопсы, құрылыстар немесе өсiмдiктер бар жер учаскесiн алып қою туралы шешiмiне байланысты қозғалмайтын мүлiкке меншiк құқығының заң құжаттарымен белгiленген реттер мен тәртiп бойынша ғана меншiк иесiне құны тең мүлiк берiп және өзге де келтiрiлген залалдарын өтей отырып немесе меншiк құқығының тоқтатылуынан келтiрiлген залалдарын толық көлемiнде өтей отырып тоқтатылуына жол берiледi.
2. Меншiк иесi меншiк құқығын тоқтатуға әкелiп соқтыратын шешiммен келiспеген жағдайда оны дау сот тәртібімен шешiлгенге дейiн жүзеге асыруға болмайды. Дауды қарау кезiнде меншiк иесiне келтiрiлген залалдарды өтеудiң барлық мәселелерi де шешiледi.
3. Осы баптың ережелерi мемлекеттік органның мүлiк орналасқан тау баурайларын, су айдыны учаскелерiн және басқа учаскелердi алып қою туралы шешiмiне байланысты тиiсiнше қозғалмайтын мүлiкке меншiк құқығы тоқтатылған кезде қолданылады.