44-бап. Қылмыстық iстi бөлектеп алу
1. Сот, қылмыстық қудалау органы қылмыстық iстен:
1) мемлекеттiк құпияларды қорғауға байланысты жабық сот талқылауы үшiн негiздер өздеріне қатысты болатын, бiрақ басқа күдіктілерге, айыпталушыларға қатысты емес жекелеген күдіктілерге немесе айыпталушыларға;
2) ересектермен бiрге қылмыстық жауаптылыққа тартылған кәмелетке толмаған күдіктіге немесе айыпталушыға;
3) қылмыстық жауаптылыққа тартылуға жататын жекелеген анықталмаған адамдарға қатысты, сондай-ақ осы Кодекстің 45-бабында көзделген басқа да жағдайларда;
4) прокурор процестік келісім жасасқан күдіктіге, айыпталушыға, сотталушыға қатысты басқа қылмыстық iстi жеке іс жүргiзуге бөлектеп алуға құқылы.
2. Сотқа дейінгі тергеп-тексеру немесе күзетпен ұстау мерзiмдерi аяқталып келе жатқан көп эпизодты қылмыстық iстi тергеп-тексеру жағдайында тергеушi, анықтаушы, анықтау органы күдіктену бөлiгiнде тергеп-тексеру жан-жақты, толық және объективті жүргiзiлді деп тани отырып, iстiң бiр бөлiгiн, егер бұл iстiң қалған бөлiгiн тергеп-тексеруге және қарауға кедергi келтірмесе, сотқа жіберу үшiн жеке iс жүргiзуге бөлектеп алуға құқылы.
3. Егер қылмыстық iс бойынша тергелетін iске байланысты емес қылмыстық құқық бұзушылық белгiлерi бар әрекеттер туралы мәлiметтер алынса, олар туралы барлық материалдар осы Кодексте көзделген тәртiппен сотқа дейінгі жаңа тергеп-тексеру бастау үшiн дереу бөлектеп алынуға тиiс.
4. Қылмыстық iстердi бөлектеп алуға, егер бұл мән-жайларды зерттеу мен істі шешудiң жан-жақтылығына, толықтығына және объективтілігіне әсер етпесе, жол беріледі.
5. Iстi бөлектеп алу қылмыстық процестi жүргiзетін органның қаулысы негiзiнде жүзеге асырылады. Қылмыстық қудалау органы шығарған қаулының көшiрмесi жиырма төрт сағаттың iшiнде прокурорға жіберіледі. Қаулыға төлнұсқалар немесе көшiрмелер түрінде бөлектеп алынатын материалдардың тiзбесi қоса берілуге тиiс.
6. Бөлектеп алынған iс бойынша iс жүргiзудiң мерзiмi қылмыстық құқық бұзушылық туралы арыз, хабар жаңа қылмыстық құқық бұзушылық бойынша, Сотқа дейінгі тергеп-тексерулердің бірыңғай тізіліміне тіркелген күннен бастап есептеледi. Қалған жағдайларда мерзiм негiзгi қылмыстық iс бойынша сотқа дейінгі тергеп-тексеру басталған кезден бастап есептеледi.
45-бап. Іс бойынша сот ісін жүргiзудi тоқтата тұру және сотқа дейінгі тергеп-тексеру мерзімдерін үзу
1. Қылмыстық iс бойынша iс жүргiзу:
1) айыпталушы соттан жасырынған не оның жүрген жері басқа себептермен анықталмаған;
2) сотталушының психикасының уақытша бұзылуы немесе өзге де ауыр науқасы заңда көзделген тәртiппен куәландырылған;
3) сотталушы Қазақстан Республикасынан тыс жерде болған;
4) қылмыстық iс бойынша одан әрi iс жүргiзуге уақытша кедергi келтiретiн еңсерілмейтін күштің әрекетi;
5) осы Кодекстiң 59-тарауында көзделген тәртiппен құқықтық көмек алуға байланысты процестік әрекеттер орындалып жатқан;
6) сотта прокурор сотталушының дәлелдемелердің заңсыз әрекеттерді қолдана отырып немесе қатыгез қарым-қатынас жасала отырып алынғаны туралы арызын қараған және оның шешіміне шағым жасалған жағдайларда, егер бұл ретте басты сот талқылауын жалғастыру мүмкін болмаса, сот қаулысымен тоқтатыла тұрады.
2. Сот осы қылмыстық iсте қолданылуға жататын, Қазақстан Республикасының Конституциясында бекітілген адамның және азаматтың құқықтары мен бостандықтарына қысым көрсететін заңды немесе өзге де нормативтiк құқықтық актiнi конституциялық емес деп тану туралы ұсынумен Қазақстан Республикасының Конституциялық Кеңесiне өтініш жасаған жағдайда, сот іс бойынша іс жүргізуді толықтай немесе тиісті бөлігінде тоқтата тұруға міндетті.
Егер Қазақстан Республикасының Конституциялық Кеңесі осы қылмыстық іс бойынша қолданылуға жататын заңды немесе өзге де нормативтiк құқықтық актiнi конституциялық емес деп тану туралы ұсынуды басқа соттың бастамасымен іс жүргізуге қабылдаса, сот іс бойынша іс жүргізуді тараптардың өтінішхаты бойынша толықтай немесе тиісті бөлігінде тоқтата тұруға міндетті.
3. Сотта қылмыстық iс бойынша iс жүргiзу, егер жекеше айыптау iсi бойынша жекеше айыптаушы өзінің ауыр науқас екендiгiне, Қазақстан Республикасынан тысқары жерлерде iссапарда болуына немесе азаматтық борышын орындауына байланысты сотта қылмыстық қудалауды жүзеге асыра алмаған жағдайда да, сот қаулысымен толықтай немесе тиiстi бөлiгiнде тоқтатыла тұрады.
4. Қылмыстық iс бойынша iс жүргiзу оны тоқтата тұруға негiз болған мән-жайлар жойылғанға дейiн тоқтатыла тұрады, бұл ретте істі сотта қарау мерзімі үзіледі. Олар жойылған соң, іс жүргізу соттың қаулысымен қайта басталады.
5. Процеске қатысушыларға іс бойынша iс жүргiзудi тоқтата тұру немесе қайта бастау туралы хабарланады.
6. Тоқтатыла тұрған iс, егер iс бойынша ескiру мерзiмiнің өтуін үзу туралы мәлiметтер болмаса, қылмыстық заңда белгiленген ескiру мерзiмiнiң аяқталуы бойынша тоқтатылуға жатады.
7. Сотқа дейінгі тергеп-тексеру мерзімдері:
1) қылмыстық құқық бұзушылық жасаған адам анықталмаған;
2) күдікті, айыпталушы Қазақстан Республикасынан тысқары жерде болған;
3) күдікті, айыпталушы қылмыстық қудалау органдарынан жасырынған не олардың болатын жері басқа да себептер бойынша анықталмаған;
4) күдіктінің, айыпталушының жүйкесiнің уақытша бұзылуы немесе өзге де ауыр науқасы заңда көзделген тәртiппен куәландырылған;
5) осы Кодекстiң 59-тарауында көзделген тәртiппен құқықтық көмек алуға байланысты процестік әрекеттер орындалған;
6) хабарсыз кеткен адам табылмаған;
7) күдіктінің, айыпталушының қылмыстық қудалаудан иммунитеттен айыру не оларды шет мемлекетке ұстап беру (экстрадициялау) туралы мәселені шешуге байланысты іске нақты қатысу мүмкіндігі болмаған жағдайларда үзіледі.
8. Сотқа дейінгі тергеп-тексеруді жүзеге асыратын адам сотқа дейінгі тергеп-тексеру мерзімдері үзілген кезде процеске қатысушыларды бұл туралы жазбаша хабардар етеді. Тергеп-тексеру мерзімдерін үзу туралы қаулының көшірмесі жиырма төрт сағат ішінде прокурорға жіберіледі.
9. Сотқа дейінгі тергеп-тексерудің үзілген мерзімдері оларды үзуге негіз болған мән-жайлар жойылған кезден бастап қайта басталады, бұл туралы прокурор жазбаша хабардар етіледі.
Ескертпе: Қылмыстық iс бойынша одан әрi iс жүргiзуге кедергi келтiретiн еңсерілмейтін күштің әрекеті деп табиғи және техногендiк сипаттағы төтенше жағдайларды түсiнген жөн.
46-бап. Қылмыстық iс бойынша iс жүргiзудi аяқтау
Қылмыстық iс бойынша iс жүргiзу:
1) қылмыстық iс бойынша iс жүргiзудің толық тоқтатылғаны туралы қаулы күшiне енген;
2) егер iс бойынша үкiмді немесе басқа да қорытынды шешiмді орындау бойынша арнаулы шаралар қабылдау талап етілмесе, ол күшіне енген;
3) егер iс бойынша үкiмді немесе басқа да қорытынды шешiмді орындау бойынша арнаулы шаралар қабылдау талап етілсе, оның орындауға келтірілгені туралы растау алынған кезден бастап аяқталады.
47-бап. Құпиялықты сақтау
1. Қылмыстық сот iсiн жүргiзу барысында осы Кодексте және басқа да заңнамада көзделген, мемлекеттiк құпияларды және заңмен қорғалатын өзге де құпияны құрайтын, алынатын мәлiметтердi қорғау жөнiндегi шаралар қолданылады.
2. Қылмыстық процестi жүргізетін орган мемлекеттік құпияларды немесе заңмен қорғалатын өзге де құпияны құрайтын мәлiметтердi хабарлауды немесе беруді ұсынған тұлғалар көрсетiлген талапты орындаудан мемлекеттік құпияларды немесе заңмен қорғалатын өзге де құпияны сақтау қажеттiгiне сiлтеме жасай отырып бас тарта алмайды. Қылмыстық процестi жүргізетін орган тұлғадан көрсетілген хабарларды немесе мәліметтерді алғанға дейін тиісті процестік әрекеттің хаттамасында жазба жасауға және тұлғадан көрсетілген мәліметтерді қылмыстық іс бойынша іс жүргізу үшін ғана алу қажеттілігі туралы және алынған мәліметтерге қатысты құпиялықты заңда көзделген тәртіппен сақтау туралы қол қойдыра отырып, онымен таныстыруға міндетті.
3. Қылмыстық процеске қатысушыларды мемлекеттiк құпияларды құрайтын мәлiметтерге жіберу тәртiбi заңнамада айқындалады.
4. Егер алқабилер қатысатын сот қарайтын қылмыстық iстiң материалдарында мемлекеттік құпияларды құрайтын мәлiметтер болған жағдайда, соттың қызметін материалдық-техникалық және өзге де жағынан қамтамасыз етудi жүзеге асыратын уәкiлеттi мемлекеттік орган төрағалық етушінің жазбаша өкiмi бойынша алқабилерді мемлекеттік құпияларға Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген тәртiппен жіберудi ресiмдейдi.
5. Мемлекеттiк құпияларды құрайтын мәлiметтердi қамтитын дәлелдемелер соттың жабық отырысында зерттеледi.
6. Заңмен қорғалатын өзге де құпияларды құрайтын, сондай-ақ жеке өмiрдiң интимдік жақтарын ашатын мәлiметтерді қамтитын дәлелдемелер көрсетілген мәлiметтердiң жариялану қаупi төнген адамдардың өтінішхаты бойынша соттың жабық отырысында зерттелуi мүмкiн.
7. Жеке өмiрге қолсұғылмаушылықты бұзудың, жеке немесе отбасылық құпияны жариялаудың салдарынан адамға келтiрiлген зиян заңда көзделген тәртiппен өтелуге жатады.
8. Сотқа дейінгі тергеп-тексеру деректерiнiң құпиялығын сақтау тәртiбi осы Кодекстiң 201-бабында айқындалады.
9. Істегі қылмыстық процеске қатысушыларға табыс етілуге жататын, мемлекеттiк құпияларды немесе заңмен қорғалатын өзге де құпияны құрайтын мәлiметтер бар процестік құжаттардың көшірмелері олармен танысқаннан кейiн iспен бiрге сақталады және сот отырысы кезiнде қылмыстық процеске қатысушыларға табыс етіледі.
10. Сот үкімде немесе қаулыда мемлекеттік құпияларды және заңмен қорғалатын өзге де құпияны құрайтын іс материалдарына сілтеме жасай отырып, олардың мазмұнын ашпайды.
6-тарау. ПРОЦЕСТІК МЕРЗІМДЕР
48-бап. Мерзiмдердi есептеу
1. Осы Кодексте белгiленген мерзiмдер сағаттармен, тәулiктермен, айлармен, жылдармен есептеледi.
2. Мерзiмдердi есептеу кезiнде мерзiмнiң өтуi басталатын сағат пен тәулiк есепке алынбайды. Бұл қағиданың ұстап алу, күзетпен ұстау, үйқамақ және медициналық мекемеде немесе ерекше режиммен ұстайтын білім беру ұйымында болу кезiндегi мерзiмдердi есептеуге қатысы жоқ.
3. Мерзiмдi есептеу кезiнде оған жұмыстан тыс уақыт та кiредi.
4. Тәуліктермен есептелетін мерзім оның соңғы тәуліктерінің жиырма төрт сағатында бітеді. Айлармен есептелетін мерзім оның соңғы айының тиісті айы мен күнінде бітеді. Егер мерзімнің аяқталуы тиісті күні жоқ айға тура келетін болса, онда мерзім осы айдың соңғы күнінде бітеді. Жылдармен есептелетін мерзім оның соңғы жылының тиісті айы мен күнінде бітеді. Егер мерзімнің аяқталуы тиісті күні жоқ айға тура келетін болса, онда мерзім осы айдың соңғы күнінде бітеді. Ұстап алу, күзетпен, ұстау, үйқамақ және медициналық мекемеде немесе ерекше режиммен ұстайтын білім беру ұйымында болу кезіндегі мерзімдерді есептеу жағдайларын қоспағанда, мерзімнің соңғы күні жұмыс істемейтін күнге тура келсе, онда одан кейінгі жұмыс күні мерзімнің аяқталу күні болып есептеледі.
5. Адамды қылмыстық құқық бұзушылық жасады деген күдiк бойынша ұстап алған кезде мерзiм осы шара нақты қолданылған кезден (минутына дейін дәлдікпен сағаттан) бастап есептеледi. Күзетпен ұстау, үйқамақ, сондай-ақ медициналық мекемеде немесе ерекше режиммен ұстайтын білім беру ұйымында болу мерзімдерін есептеу кезінде мерзімнің бірінші тәулігі мерзімге қосылады.
49-бап. Мерзiмдi сақтау және ұзарту
1. Егер шағым, өтiнiшхат немесе өзге де құжат мерзiм аяқталғанға дейiн поштаға тапсырылса, оны қабылдауға уәкiлеттi тұлғаға берiлсе немесе мәлiмделсе, ал күзетпен ұсталатын не медициналық ұйымға орналастырылған адамдар үшiн, егер шағым немесе өзге де құжат күзетпен ұстау орнының немесе медициналық ұйымның әкiмшiлiгiне мерзiм аяқталғанға дейiн тапсырылса, мерзiм өткізіп алынған болып есептелмейді. Шағымды немесе өзге де құжатты поштаға тапсыру уақыты - пошта мөртабаны бойынша, ал оларды қабылдауға уәкiлеттi тұлғаға немесе күзетпен ұстау орнының немесе медициналық ұйымның әкiмшiлiгiне тапсыру уақыты осы ұйымдар кеңсесiнiң немесе лауазымды адамдарының қойған белгiсi бойынша айқындалады.
2. Лауазымды адамдардың белгiленген мерзiмдi сақтауы процестік құжаттардағы тиiсті нұсқаумен расталады. Қылмыстық сот iсiн жүргiзуге қатысатын адамдарға табыс етілуге жататын құжаттардың алынғандығы олардың iске қоса тiгiлген қолхатымен расталады.
3. Процестік мерзiмдер осы Кодексте белгiленген жағдайларда және тәртiппен ғана ұзартылуы мүмкін.
50-бап. Мерзiмдi өткiзiп алудың салдары және оны қалпына келтiру тәртiбi
1. Қылмыстық процеске қатысушылардың мерзiм аяқталғаннан кейiн жасаған процестік әрекеттерi жарамсыз болып есептеледі.
2. Дәлелдi себеппен өткiзiлiп алынған мерзiм мүдделi тұлғаның өтiнiшхаты бойынша, іс жүргізуінде іс жатқан анықтаушының, тергеушiнiң, прокурордың немесе судьяның қаулысымен қалпына келтiрiлуi мүмкiн. Бұл ретте мерзiм, егер қылмыстық процестi жүргізетін органның тиiстi шешiмiнде өзгеше көзделмесе, басқа тұлғалар емес, оны өткiзiп алған тұлға үшiн қалпына келтiрiледi.
3. Белгiленген мерзiмді өткiзiп алып шағым жасалған шешiмдi орындау мүдделi тұлғаның өтiнiшхаты бойынша өткізіп алынған мерзiмдi қалпына келтiру туралы мәселе шешiлгенге дейiн тоқтатыла тұруы мүмкiн.
2017.11.07. № 91-VI ҚР Заңымен 4-бөлік жаңа редакцияда (бұр.ред.қара)
4. Мерзiмдi қалпына келтiруден бас тартуға осы Кодексте белгiленген тәртiппен шағым жасалуы, ол прокурордың өтінішхаты бойынша қайта қаралуы мүмкiн.
2-БӨЛІМ. ҚЫЛМЫСТЫҚ ПРОЦЕСКЕ ҚАТЫСАТЫН МЕМЛЕКЕТТІК ОРГАНДАР МЕН АДАМДАР
7-тарау. СОТ
51-бап. Сот
1. Сот билiгi органы бола отырып, сот қылмыстық iстер бойынша сот төрелігін жүзеге асырады.
2. Кез келген қылмыстық iсті соттың заңды, тәуелсiз, құзыреттi және бейтарап құрамы ғана қарай алады, бұл осы Кодексте белгiленген:
1) нақты iстердiң соттылығын айқындау;
2) нақты қылмыстық iстердi қарау үшiн соттың құрамын жасақтау;
3) судьяларға қарсылық білдіру;
4) iстi шешу функциясын айыптау және қорғау функцияларынан бөлектеу қағидаларын сақтау арқылы қамтамасыз етiледi.
3. Қазақстан Республикасында қылмыстық iстер бойынша сот төрелігін:
Қазақстан Республикасының Жоғарғы Соты;
облыстық және оларға теңестiрiлген соттар, Әскери сот;
аудандық және оларға теңестірілген соттар;
қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық соттар, қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық әскери соттар, кәмелетке толмағандардың істері жөніндегі мамандандырылған ауданаралық соттар, гарнизондардың әскери соттары жүзеге асырады.
52-бап. Соттың құрамы
2015.31.10. № 378-V ҚР Заңымен 1-бөлік жаңа редакцияда (2016 ж. 1 қаңтардан бастап қолданысқа енгiзiлдi) (бұр.ред.қара)
1. Бірінші сатыдағы соттарда қылмыстық істерді қарауды судья жеке-дара жүзеге асырады, ал төтенше жағдай және жаппай тәртіпсіздік жағдайы барысында кісі өлтіру, соғыс уақытында немесе ұрыс жағдайында жасалған әскери қылмыстар және Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексінің 170 (төртінші бөлігінде), 175, 177, 178, 184, 255 (төртінші бөлігінде), 263 (бесінші бөлігінде), 286 (төртінші бөлігінде), 297 (төртінші бөлігінде), 298 (төртінші бөлігінде), 299 (төртінші бөлігінде)-баптарында көзделген қылмыстар туралы істерді қоспағанда, оларды жасағаны үшін қылмыстық заңда өлім жазасы немесе өмір бойына бас бостандығынан айыру, сондай-ақ 125 (үшінші бөлігінде), 128 (төртінші бөлігінде), 132 (бесінші бөлігінде), 135 (төртінші бөлігінде)-баптарында көзделген қылмыстар туралы істер бойынша қылмыстық істерді қарау айыпталушының өтінішхаты бойынша бір судья және он алқаби құрамында жүзеге асырылады.
2015.31.10. № 378-V ҚР Заңымен 2-бөлік жаңа редакцияда (2016 ж. 1 қаңтардан бастап қолданысқа енгiзiлдi) (бұр.ред.қара); 2017.11.07. № 91-VI ҚР Заңымен (бұр.ред.қара); 2017.21.12. № 118-VI ҚР Заңымен (бұр.ред.қара) 2-бөлік өзгертілді
2. Қылмыстық істерді апелляциялық тәртіппен қарау құрамында алқаның кемінде үш судьясы болатын алқалы түрде жүзеге асырылады, ал қысқартылған тәртіппен немесе бұйрықтық іс жүргізу тәртібімен қаралған, қылмыстық терiс қылықтар және онша ауыр емес қылмыстар туралы істер бойынша, үкімді орындау мәселелері бойынша соттың үкімдеріне, қаулыларына, тергеу судьясының қаулыларына берілген шағымдарды, прокурорлардың өтінішхаттарын қарау кезінде судья жеке-дара жүзеге асырады.
Апелляциялық алқаның төрағасы іссапарда, демалыста болуына немесе сырқаттанып қалуына байланысты болмаған кезде көрсетілген істерді алқалы түрде қарау кезінде оған сот төрағасы апелляциялық алқа төрағасы міндеттерін атқаруды жүктеген алқа судьясы төрағалық етеді.
2014.07.11. № 248-V ҚР Заңымен (бұр.ред.қара); 2015.31.10. № 378-V ҚР Заңымен (2016 ж. 1 қаңтардан бастап қолданысқа енгiзiлдi) (бұр.ред.қара) 3-бөлік жаңа редакцияда
3. Кассациялық сатыдағы сотта iстердi қарау алқалы сот төрағасының не оның тапсырмасы бойынша судьялардың бірінің төрағалық етуiмен Қазақстан Республикасының Жоғарғы Соты судьяларының тақ санды (кемінде үш) алқалы сот құрамымен жүргізіледі.
2015.31.10. № 378-V ҚР Заңымен 4-бөлік жаңа редакцияда (2016 ж. 1 қаңтардан бастап қолданысқа енгiзiлдi) (бұр.ред.қара)
4. Осы Кодекстің 484-бабының төртінші бөлігінде көрсетілген негіздер бойынша істерді қарау Қазақстан Республикасы Жоғарғы Соты Төрағасының не оның тапсырмасы бойынша судьялардың бірінің төрағалық етуiмен судьялардың тақ санды (кемінде жеті) алқалы сот құрамымен жүргізіледі.
5. Істерді жаңадан ашылған мән-жайлар бойынша қараған кезде соттың құрамы осы Кодекстің 504-бабында көзделген қағидаларға сәйкес айқындалады.
6. Үкімді орындау және есі дұрыс емес адамдарға медициналық сипаттағы мәжбүрлеу шараларын қолдану туралы істерді қарау кезінде туындайтын мәселелерді қарауды тиісті соттың судьясы жеке-дара жүзеге асырады.
7. Бір алқада судьялардың саны олардың істі қарауға қатысуға кедергі болатын мән-жайларға байланысты істі алқалы түрде қарауды қамтамасыз етуге жеткіліксіз болған жағдайларда, тиісінше Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының, облыстық және оған теңестірілген соттың төрағалары істі қарауға қатысуға басқа алқаның судьяларын тартуға құқылы.
53-бап. Соттың өкілеттіктері
1. Сот билігінің органы ретіндегі соттың өкілеттіктері заңда айқындалады.
2. Тек сот қана:
1) адамды қылмыстық құқық бұзушылық жасауда кінәлі деп тануға және оған жаза тағайындауға;
2) адамға медициналық сипаттағы мәжбүрлеу шараларын не мәжбүрлеп тәрбиелік ықпал ету шараларын қолдануға;
3) төмен тұрған сот қабылдаған шешімнің күшін жоюға немесе оны өзгертуге;
4) сот актілерін жаңадан ашылған мән-жайлар бойынша қайта қарауға;
2017.21.12. № 118-VI ҚР Заңымен 5) тармақша жаңа редакцияда (бұр.ред.қара)
5) күдіктіге, айыпталушыға қатысты тергеуші, анықтаушы, анықтау органы, прокурор таңдаған күзетпен ұстау, үйқамақ, экстрадициялық қамақ, кепіл түріндегі бұлтартпау шарасын санкциялауға және олардың мерзімдерін ұзартуға;
2017.21.12. № 118-VI ҚР Заңымен 5-1) тармақшамен толықтырылды (жасырын тергеу әрекеттерін және олардың мерзімдерін ұзартуды санкциялау бөлігі 2018 ж. 1 наурыздан бастап қолданысқа енгізіледі)
5-1) жасырын тергеу әрекеттерін жүргізуді және оның мерзімдерін ұзартуды санкциялауға, сондай-ақ адамды оған қатысты жүргізілген жасырын тергеу әрекеттері туралы хабардар ету мерзімін ұзартуға, сотқа дейінгі тергеп-тексеру органының адамды оған қатысты жүргізілген жасырын тергеу әрекеттері туралы хабардар етпеуіне келісім беруге;
6) күдіктіге, айыпталушыға қатысты лауазымынан уақытша шеттету және жақындауға тыйым салу түрінде процестік мәжбүрлеу шараларын санкциялауға;
7) күзетпен ұсталмайтын адамды сот-психиатриялық және (немесе) сот-медициналық сараптама жүргізу үшін медициналық ұйымға мәжбүрлеп орналастыруға;
2015.31.10. № 378-V ҚР Заңымен 8) тармақша жаңа редакцияда (2016 ж. 1 қаңтардан бастап қолданысқа енгiзiлдi) (бұр.ред.қара); 2017.21.12. № 118-VI ҚР Заңымен 8) тармақша өзгертілді (бұр.ред.қара)
8) мәйітті эксгумациялауды санкциялауға, халықаралық іздестіру жариялауға, мүлікке тыйым салуға, қарап-тексеруге, тінтуге, алуға және жеке тінтуге;
2017.21.12. № 118-VI ҚР Заңымен 9) тармақшамен толықтырылды
9) үлгілерді мәжбүрлеп алуды және мәжбүрлеп куәландыруды санкциялауға құқықты.
3. Сот осы Кодексте көзделген жағдайларда және тәртіппен:
1) қылмыстық қудалау органының, прокурордың шешімдері мен әрекеттеріне (әрекетсіздігіне) жасалған шағымдарды қарайды;
2) прокурордың, қорғаушының өтінішхаты бойынша куә мен жәбірленушінің айғақтарын сақтауға қояды;
3) ақшалай және әкімшілік өндіріп алуларды қолданады;
4) үкімді орындауға байланысты мәселелерді қарайды;
5) прокурордың заңсыз жолмен алынған мүлікті үкім шығарылғанға дейін тәркілеу туралы өтінішхатын қарайды.
4. Егер істі сотта қарау кезінде қылмыстық құқық бұзушылық жасауға, азаматтардың құқықтары мен бостандықтарын бұзуға ықпал еткен мән-жайлар, сондай-ақ сотқа дейінгі тергеп-тексеру барысында жол берілген басқа да заң бұзушылықтар анықталса, сот жекеше қаулы шығарып, онда қажетті шаралар қолдануды талап ететін осы мән-жайлар мен заң бұзу фактілеріне тиісті ұйымдардың немесе тұлғалардың назарын аударады. Егер сот мұны қажет деп тапса, басқа жағдайларда да жекеше қаулы шығаруға құқылы.
5. Төмен тұрған соттың (судьяның) атына жекеше қаулы шығарылмайды. Төмен тұрған сот жол берген, үкімнің, қаулының күшін жоюға немесе оны өзгертуге әкеп соққан, заң бұзушылықтар туралы жоғары тұрған сот сатысының сот актілерінде көрсетіледі. Басқа да қылмыстық құқық бұзушылықтар не әкімшілік немесе тәртіптік жауаптылыққа әкеп соғатын іс-әрекеттер құрамын құрайтын іс-әрекеттер жасау фактілері анықталған кезде сот заңда көзделген шараларды қолдану үшін тиісті прокурордың атына жекеше қаулы шығарады.
2016.28.12. № 36-VI ҚР Заңымен 6-бөлік жаңа редакцияда (ресми жарияланған күнінен кейін екі ай өткен соң қолданысқа енгізілді) (бұр.ред.қара)
6. Заңда көзделген жағдайларда, судьяның қаралып жатқан істер бойынша, жедел-іздестіру, қарсы барлау қызметін және жасырын тергеу іс-қимылдарын ұйымдастыру, нақты жедел-іздестіру, қарсы барлау іс-шаралары және жасырын тергеу іс-қимылдары, ақпарат көздері мен оларды алу тәсілдері туралы жария етуге жатпайтын мәліметтерді қоспағанда, анықтау органдарының қаралып жатқан іске қатысты жедел есепке алу істерін, қарсы барлау қызметінің және жасырын тергеу іс-қимылдарының материалдарын талап етіп алдыруға және олармен танысуға құқығы бар.
54-бап. Судья
1. Өз құзыретi шегiнде iстi жеке-дара қарайтын, соттың отырысын дайындау немесе оның үкiмiнiң немесе басқа да шешiмiнiң орындалуын қамтамасыз ету жөнiнде өкім жасау әрекеттерін жүзеге асыратын, осы Кодекстiң 53-бабының үшiншi бөлiгiнде көрсетiлген өтiнiшхаттар мен шағымдарды шешетiн судьяға соттың өкiлеттiктерi тиесiлi болады.
2. Iстi судьялар алқасының құрамында қарайтын судья қаралатын іске байланысты туындайтын барлық мәселелердi шешу кезiнде төрағалық етушiмен және басқа да судьялармен тең құқықтарды пайдаланады. Судья қаралатын мәселелер бойынша басқа судьялардың пікірімен келіспеген кезде, өзінің ерекше пікірін жазбаша баяндауға құқылы, ол конвертке салынып мөрленіп, қылмыстық іске қосып тігіледі. Тек жоғары тұрған соттың ғана істі қарау кезінде конвертті ашуына және судьяның ерекше пікірімен танысуына жол беріледі.
3. Тергеу судьясы - бірінші сатыдағы соттың судьясы, оның өкілеттігіне қылмыстық сот ісін жүргізуде адамдар құқықтарының, бостандықтары мен заңды мүдделерінің сақталуына сот бақылауын осы Кодексте көзделген тәртіппен жүзеге асыру жатады. Тергеу судьясын (судьяларын) осы сот төрағасы судьялардың қатарынан тағайындайды. Тергеу судьясын алмастыру қажет болған кезде ол қайта тағайындалуы мүмкін.
55-бап. Тергеу судьясының өкілеттіктері
1. Сотқа дейінгі іс жүргізу барысында тергеу судьясы осы Кодексте көзделген жағдайларда мынадай:
1) күзетпен ұстауды санкциялау;
2) үйқамақты санкциялау;
3) лауазымынан уақытша шеттетуді санкциялау;
4) жақындауға тыйым салуды санкциялау;
5) экстрадициялық қамақты санкциялау;
2017.21.12. № 118-VI ҚР Заңымен 5-1) тармақшамен толықтырылады (2018 ж. 1 наурыздан бастап қолданысқа енгізіледі)