Прокурор өзiнiң процестік өкiлеттiктерiн жүзеге асыру кезiнде тәуелсiз болады және заңға ғана бағынады.
2. Прокурор осы Кодекстiң 760-бабында көзделген өз өкiлеттiктерiн iске асыру мақсатында: әкiмшiлiк құқық бұзушылықтар туралы iстер бойынша іс жүргiзуге қатысуға; дәлелдемелерді ұсынуға және оларды зерттеуге қатысуға; iстi қарап жатқан сотқа, органға (лауазымды адамға) өзіне қатысты әкiмшiлiк құқық бұзушылық туралы iс бойынша іс жүргiзiлiп отырған тұлғаның кiнәлiлiгi туралы, сондай-ақ iстi қарау процесiнде туындайтын басқа да мәселелер жөнiнде өз пiкiрiн білдіруге; iстi қарап жатқан сотқа, органға (лауазымды адамға) заңның ережелерiн қолдану және әкiмшiлiк жаза қолдану не одан босату туралы ұсыныс айтуға құқылы.
2014.29.12. № 272-V ҚР Заңымен (бұр.ред.қара); 2017.28.12. № 127-VІ ҚР Заңымен (бұр.ред.қара) 3-бөлік жаңа редакцияда
3. Прокурор кәмелетке толмаған адам жасаған әкiмшiлiк құқық бұзушылық, сондай-ақ әкімшілік қамаққа алуға, шетелдікті немесе азаматтығы жоқ адамды Қазақстан Республикасының шегінен әкiмшiлiк жолмен шығарып жіберуге әкеп соғатын құқық бұзушылық туралы істің қаралатын орны мен уақыты туралы міндетті түрде хабардар етiледi. Ол болмағанда, iстiң қаралатын орны мен уақыты туралы прокурорға уақтылы хабарланғаны туралы деректер болған кезде және егер одан iстi қарауды кейiнге қалдыру туралы өтiнiшхат келіп түспесе ғана, мұндай iс қаралуы мүмкiн.
2017.28.12. № 127-VІ ҚР Заңымен 759-1-баппен толықтырылды
759-1-бап. Сот отырысының хатшысы
1. Соттың сот отырысының хаттамасын жүргізетін, сондай-ақ сот отырысының дыбыс-, бейнежазбасын қамтамасыз ететін, әкiмшiлiк құқық бұзушылық туралы іс бойынша мүдделі емес мемлекеттік қызметші сот отырысының хатшысы болады.
2. Сот отырысының хатшысы:
1) өзіне хаттама жасауды қамтамасыз ету қажет барлық уақытта сот отырысының залында болуға және төрағалық етушінің рұқсатынсыз сот отырысын тастап кетпеуге;
2) хаттамада соттың әрекеттері мен шешімдерін, сот отырысына қатысатын барлық тұлғалардың өтінішхаттарын, қарсылықтарын, айғақтарын, түсініктемелерін, сондай-ақ сот отырысының хаттамасында көрсетілуге жататын басқа да мән-жайларды толық және дұрыс жазуға;
3) сот отырысының хаттамасын жасауға;
4) жабық сот отырысына қатысуына байланысты белгілі болған мән-жайлар туралы мәліметтерді жария етпеуге;
5) төрағалық етушінің заңды өкімдеріне бағынуға міндетті.
3. Сот отырысының хатшысы сот отырысы хаттамасының толықтығы мен дұрыстығына жеке жауаптылықта болады.
4. Сот отырысының хаттамасына анық емес не шындыққа сәйкес келмейтін мәліметтер енгізілген жағдайда, хатшы заңда көзделген жауаптылықта болады.
760-бап. Әкiмшiлiк құқық бұзушылық туралы істер бойынша iс жүргiзуде прокурордың заңдылықты қамтамасыз ету жөнiндегi өкiлеттiктерi
2017.11.07. № 91-VI ҚР Заңымен 1-бөлік өзгертілді (бұр.ред.қара)
1. Әкiмшiлiк құқық бұзушылық туралы істер бойынша iс жүргiзудi тексеру, қаулылардың және өзге де актілердің заңдылығын бағалау нәтижелерi бойынша прокурор:
2017.11.07. № 91-VI ҚР Заңымен (бұр.ред.қара); 2017.28.12. № 127-VІ ҚР Заңымен (бұр.ред.қара) 1) тармақша жаңа редакцияда
1) сотқа, органға (лауазымды адамға) әкiмшiлiк құқық бұзушылық туралы іс бойынша қаулыға немесе айыппұл төлеу қажеттігі туралы нұсқамаға наразылық енгізуге;
2) уәкiлеттi лауазымды адамдар мен органдарға (соттан басқа) қосымша тексеру жүргiзу туралы жазбаша нұсқаулар беруге;
3) уәкiлеттi органдардан өздерiнiң бақылауындағы немесе өздерiне ведомстволық бағынысты ұйымдарда тексеру жүргiзудi талап етуге;
4) заңда белгiленген жағдайларда әкiмшiлiк құқық бұзушылық туралы iс жүргiзудi тоқтатуға;
2017.28.12. № 127-VІ ҚР Заңымен 5) тармақша жаңа редакцияда (бұр.ред.қара)
5) әкімшілік жаза туралы қаулының немесе айыппұл төлеу қажеттігі туралы нұсқаманың орындалуын тоқтата тұруға;
6) әкiмшiлiк ұстап алуға заңсыз тартылған адамды босату туралы қаулы шығаруға;
7) жеке, заңды тұлғалардың және мемлекеттiң құқықтары мен заңды мүдделерi бұзылатын жағдайларда, мемлекеттiк органдардың лауазымды адамдары өздерiнiң мiндеттерiн орындауға байланысты қолданған тыйым салу немесе шектеу сипатындағы кез келген шаралардың алып тасталуы туралы қаулы шығаруға немесе талап келтіруге;
8) әкiмшiлiк құқық бұзушылық туралы iс бойынша іс жүргiзудi қозғау туралы қаулы шығаруға құқылы.
2. Прокурордың осы баптың бiрiншi бөлiгiнiң 6) және 7) тармақшаларында көрсетілген актiлерi дереу орындалуға жатады. Прокурордың көрсетілген актiлерiнiң орындалуын кiдiртуге кiнәлi лауазымды адамдар заңда белгiленген жауаптылықта болады.
761-бап. Процестік мiндеттердi орындамағаны үшiн жауаптылық
1. Куәнiң, маманның, сарапшының және аудармашының осы Кодекстiң 754, 756, 757, 758-баптарында көзделген процестік мiндеттердi орындамауы осы Кодекстiң 658, 659, 661-баптарында белгiленген әкiмшiлiк жауаптылыққа әкеп соғады.
2017.11.07. № 91-VI ҚР Заңымен 2-бөлік жаңа редакцияда (бұр.ред.қара)
2. Осы баптың бiрiншi бөлiгiнде көрсетілген әрекеттер жасалған жағдайда, әкiмшiлiк құқық бұзушылық туралы iстi, iс бойынша қаулыға шағымды, прокурордың апелляциялық өтінішхатын, наразылығын қарау кезінде iс бойынша қаулыға шағымды, прокурордың апелляциялық өтінішхатын, наразылығын қарау хаттамаларында тиiстi жазба жасалады.
762-бап. Әкiмшiлiк құқық бұзушылық туралы іс бойынша iс жүргiзуге қатысу мүмкiндiгiн болғызбайтын мән-жайлар
1. Әкiмшiлiк құқық бұзушылық туралы іс бойынша iс жүргiзуге қорғаушы және өкiл ретiнде қатысуға бұзылуы осы iстi қозғау үшiн негiз болған қағидалардың сақталуына қадағалауды және бақылауды жүзеге асыратын мемлекеттiк органдардың қызметкерлерi болып табылатын адамдар немесе олар бұрын осы іс бойынша iс жүргізуге өзге қатысушылар ретiнде әрекет етсе, жiберiлмейдi.
2017.28.12. № 127-VІ ҚР Заңымен 2-бөлік жаңа редакцияда (бұр.ред.қара)
2. Сот отырысының хатшысы, сот приставы, сарапшы мен аудармашы, егер: олар әкiмшiлiк жауаптылыққа тартылып жатқан адаммен, жәбiрленушiмен, олардың өкiлдерiмен, қорғаушымен, өкiлмен, іс жүргiзуінде осы iс жатқан прокурормен, судьямен, лауазымды адаммен туыстық қатынастарда болса не олар бұрын осы іс бойынша iстi жүргiзуге өзге де қатысушылар ретiнде әрекет етсе, олардың бiлiксіз екенi анықталса, сол сияқты бұл адамдарды осы iске тiкелей немесе жанама түрде мүдделi деп есептеуге негiздер болса, әкiмшiлiк құқық бұзушылық туралы іс бойынша iс жүргiзуге қатысуға жiберiлмейдi.
3. Адамның iске сарапшы ретiнде алдыңғы қатысуы, оның қатысуымен жүргiзiлген сараптамадан кейiн сараптама қайта тағайындалатын жағдайларда, оған сараптама жүргiзудi тапсыруды болғызбайтын мән-жай болып табылады.
763-бап. Iс бойынша іс жүргiзуге қатысуына жол берiлмейтiн тұлғаларға қарсылық білдіру
1. Қорғаушының, өкiлдiң, прокурордың, сарапшының және аудармашының әкiмшiлiк құқық бұзушылық туралы іс бойынша iс жүргiзуге қатысу мүмкiндiгiн болғызбайтын, осы Кодекстiң 762-бабында көзделген мән-жайлар болған кезде аталған тұлғалар қарсылық білдіруге жатады.
2. Өздігінен бас тарту немесе қарсылық білдіру туралы арыз жүргізуінде әкiмшiлiк құқық бұзушылық туралы іс жатқан судьяға, органға (лауазымды адамға) берiледi.
3. Өздігінен бас тарту немесе қарсылық білдіру туралы арыз берiлген күнiнен бастап үш тәулік ішінде қаралады.
4. Судья, орган (лауазымды адам) өздігінен бас тарту немесе қарсылық білдіру туралы арызды қарап, арызды қанағаттандыру не оны қанағаттандырудан бас тарту туралы ұйғарым шығарады.
764-бап. Жәбiрленушiге, куәға, сарапшыға, маманға, аудармашыға немесе куәгерге шығыстарды өтеу
1. Жәбiрленушiнiң, куәнiң, сарапшының, маманның, аудармашының және куәгердің жүргiзуінде әкiмшiлiк құқық бұзушылық туралы іс жатқан сотқа, органға (лауазымды адамға) келуiне байланысты шеккен шығыстары, оның iшiнде аталған адамдардың тұрғылықты немесе жүрген жерінен іс бойынша іс жүргізіліп жатқан жерге бару және керi қайту жолақысының құны, ал бұл басқа жерде болуына байланысты жағдайларда - тұрғын үй-жайды жалдау, сондай-ақ тәулiктiк шығын құны оларға азаматтық процестік заңнамада белгiленген тәртiппен өтеледі.
2. Жәбiрленушi, куә, сарапшы, маман, аудармашы және куәгер ретiнде шақырылатын адамның, жүргізуінде әкiмшiлiк құқық бұзушылық туралы іс жатқан сотқа, органға (лауазымды адамға) келуiне байланысты олар жұмыс орнында болмаған кезде орташа табысы белгiленген тәртiппен сақталады.
3. Сарапшының, маман мен аудармашының еңбегiне заңнамада белгiленген тәртiппен ақы төленедi.
39-тарау. Дәлелдемелер және дәлелдеу
765-бап. Дәлелдемелер
1. Жүргізуінде әкiмшiлiк құқық бұзушылық туралы іс жатқан судьяның немесе органның (лауазымды адамның) осы Кодексте белгiленген тәртiппен әкiмшiлiк құқық бұзушылық құрамының барлық белгілері бар іс-әрекеттің болғанын немесе болмағанын, өзіне қатысты әкімшілік құқық бұзушылық туралы іс бойынша іс жүргізіліп жатқан тұлғаның осы іс-әрекетті жасағанын немесе жасамағанын, осы тұлғаның кiнәлiлiгiн не кінәсіздігін анықтауына негіз болатын заңды түрде алынған нақты деректер, сондай-ақ iстiң дұрыс шешiлуi үшiн маңызы бар өзге де мән-жайлар әкiмшiлiк құқық бұзушылық туралы iс бойынша дәлелдемелер болып табылады.
2. Осы баптың бірінші бөлігінде көрсетілген нақты деректер: әкiмшiлiк жауаптылыққа тартылатын тұлғаның түсiнiктемелерiмен; жәбiрленушiнiң, куәлардың айғақтарымен; сарапшының, маманның қорытындыларымен және айғақтарымен; заттай дәлелдемелермен; өзге де құжаттармен; осы Кодексте көзделген әкiмшiлiк құқық бұзушылық туралы хаттамалармен және процестік әрекеттердің хаттамаларымен анықталады.
Әкiмшiлiк құқық бұзушылықтар туралы материалдарды дәлелдемелер ретiнде қарау кезiнде ғылыми-техникалық құралдарды пайдалану кезінде алынған деректер пайдаланылуы мүмкiн.
3. Егер нақты деректер іс жүргізуге қатысушылардың заңмен кепiлдiк берiлген құқықтарынан айыру немесе қысым жасау жолымен алынса немесе процестiң өзге де қағидаларын бұза отырып алынып, нақты деректердiң анықтығына ықпал етiп немесе ықпал етуi мүмкiн болып, оның iшiнде:
1) зорлық-зомбылық жасап, қорқытып, алдап, сол сияқты өзге де заңсыз әрекеттер қолданып;
2) процеске қатысатын адамның өз құқықтары мен мiндеттерiне қатысты оған түсiндiрмеу, толық емес немесе дұрыс емес түсiндiру салдарынан туындаған шатасуын пайдаланып;
3) осы іс бойынша iс жүргiзудi жүзеге асыруға құқығы жоқ адамның процестік әрекеттi жүргізуіне байланысты;
4) қарсылық бiлдiруге жататын адамның процестік әрекетке қатысуына байланысты;
5) процестік әрекеттi жүргізу тәртiбiн бұза отырып;
6) белгiсiз көзден;
7) дәлелдеу барысында қазіргі заманғы ғылыми бiлiмге қайшы келетiн әдiстердi қолданып, осы Кодекстiң талаптарын бұза отырып алынса, дәлелдемелер ретiнде жол беруге болмайды деп танылуға тиiс.
4. Нақты деректердi дәлелдемелер ретiнде пайдалануға жол беруге болмайтынын әкiмшiлiк құқық бұзушылық туралы іс бойынша iс жүргiзiп жатқан судья немесе орган (лауазымды адам) өз бастамашылығымен немесе процеске қатысушылардың өтiнiшхаты бойынша белгілейді.
5. Тиiстi бұзушылықтар мен оларға жол берген тұлғалардың кiнәлiлiгi фактiсiн қоспағанда, заңды бұза отырып алынған дәлелдемелердiң заңдық күшi жоқ деп танылады және оларды iс бойынша шешiмнiң негiзiне алуға, сондай-ақ iс бойынша кез келген мән-жайды дәлелдеу кезiнде пайдалануға болмайды.
766-бап. Әкiмшiлiк құқық бұзушылық туралы iс бойынша дәлелдеуге жататын мән-жайлар
Әкiмшiлiк құқық бұзушылық туралы iс бойынша:
1) әкімшілік құқық бұзушылық оқиғасы және осы Кодексте көзделген оның құрамының белгілері;
2) осы Кодексте әкiмшiлiк жауаптылық көзделген, құқыққа қарсы іс-әрекет (әрекет не әрекетсіздік) жасаған тұлға;
3) жеке тұлғаның әкiмшiлiк құқық бұзушылық жасауға кiнәлiлiгi;
4) әкiмшiлiк жауаптылықты жеңілдететін немесе ауырлататын мән-жайлар;
5) әкiмшiлiк құқық бұзушылықпен келтірілген залалдың сипаты мен мөлшерi;
6) әкiмшiлiк жауаптылықтан босатуға алып келетiн мән-жайлар;
7) әкiмшiлiк құқық бұзушылық жасауға ықпал еткен себептер мен жағдайлар, сондай-ақ iстiң дұрыс шешiлуi үшiн маңызы бар өзге де мән-жайлар дәлелденуге жатады.
767-бап. Өзiне қатысты әкiмшiлiк құқық бұзушылық туралы iс бойынша іс жүргiзiлiп жатқан тұлғаның түсiнiктемелері, жәбiрленушiнiң және куәнiң айғақтары
2017.28.12. № 127-VІ ҚР Заңымен 1-бөлік жаңа редакцияда (бұр.ред.қара)
1. Ауызша немесе жазбаша нысанда хабарланған, өзiне қатысты iс бойынша іс жүргiзiлiп жатқан тұлғаның түсiнiктемелері, жәбiрленушi мен куәнiң айғақтары iске қатысы бар мәлiметтердi білдіреді.
Қажет болған кезде әкiмшiлiк құқық бұзушылық туралы іс бойынша iс жүргiзу барысында бейнеконференция байланысы режиміндегі ғылыми-техникалық құралдар пайдаланылуы мүмкін.
Бейнеконференция байланысының құралдарын осылайша қолдану тәртібін осы Кодекстің талаптарын ескере отырып, соттардың қызметін ұйымдастырушылық және материалдық-техникалық қамтамасыз етуді жүзеге асыратын орган айқындайды.
2. Өзiне қатысты iс бойынша іс жүргiзiлiп жатқан тұлғаның түсiнiктемелерi, жәбiрленушiнiң және куәнiң айғақтары әкiмшiлiк құқық бұзушылық туралы немесе іс бойынша iс жүргiзудi қамтамасыз ету шараларын қолдану туралы хаттамада көрсетіледі, ал қажет болған кезде - сауал қою хаттамасымен ресiмделiп, iске тiгiледi.
3. Өзiне қатысты әкiмшiлiк құқық бұзушылық туралы iс бойынша іс жүргiзiлiп жатқан тұлғаның түсiнiктемелерi, куәлардың айғақтары әкiмшiлiк құқық бұзушылық туралы хаттамаға оны толық толтырғаннан және аталған тұлғаларға осы Кодексте көзделген олардың құқықтары мен міндеттерін түсіндіргеннен кейін ғана енгізіледі.
4. Осы баптың үшінші бөлігінде көзделген талаптарды сақтамаған кезде өзiне қатысты әкiмшiлiк құқық бұзушылық туралы іс бойынша iс жүргiзiлiп жатқан тұлға түсiнiктемелерiнің, куә айғақтарының дәлелдемелер ретінде күші жоқ деп есептеледі және дәлелдемелер ретінде танылуы мүмкін емес.
768-бап. Дәлелдемелерді ұсыну
1. Дәлелдемелердi әкiмшiлiк iс жүргiзудің тараптары және басқа да қатысушылары ұсына алады.
2. Егер ұсынылған дәлелдемелер жеткiлiксiз болса, iстi қарап жатқан сот не орган процеске қатысушыларға қосымша дәлелдемелер ұсынуды не оларды өз бастамашылығымен жинауды ұсынуы мүмкiн.
769-бап. Дәлелдеуден босатудың негiздерi
1. Сот, әкiмшiлiк құқық бұзушылықты қарауға уәкiлеттiк берілген орган (лауазымды адам) жалпыға бiрдей белгiлi деп таныған мән-жайлар дәлелдеудi қажет етпейдi.
2. Азаматтық iс бойынша соттың күшiне енген шешiмiмен немесе әкiмшiлiк құқық бұзушылық туралы өзге iс бойынша соттың қаулысымен анықталған мән-жайлар, сол бір тұлғалар қатысатын әкiмшiлiк құқық бұзушылықтар туралы басқа iстердi қарау кезінде дәлелдеудi қажет етпейдi.
3. Егер тиiстi құқықтық рәсiм шеңберiнде керiсiнше жағдайлар анықталмаса, мына мән-жайлар:
1) қазіргі заманғы ғылымда, техникада, өнерде, қолөнерiнде жалпыға бiрдей қабылданған зерттеу әдiстерiнiң дұрыстығы;
2) адамның заңды бiлуi;
3) адамның өзiнiң қызметтiк және кәсiптік мiндеттерiн бiлуi;
4) олардың болуын растайтын құжатын ұсынбаған және арнаулы даярлықтан өткен немесе бiлiм алған оқу орнын немесе басқа мекеменi көрсетпеген адамның арнаулы даярлығының немесе бiлiмiнiң жоқтығы дәлелдемелерсiз анықталған деп есептеледi.
770-бап. Дәлелдемелермен қамтамасыз ету
1. Өздерiне қажеттi дәлелдемелердi ұсыну мүмкiн болмайды деп немесе қиынға түседi деп қауiптенуге негiзi бар тараптар әкiмшiлiк құқық бұзушылық туралы iстi қарап жатқан судьяға, органға (лауазымды адамға) осы дәлелдемелермен қамтамасыз ету туралы өтiнiш жасай алады.
2. Дәлелдемелермен қамтамасыз ету iске қатысуына қарамастан, ұйымдардан құжаттар, мәлiметтер және қорытындылар ұсынуды, сараптама жүргiзудi, болған жердi тексерiп қарауды талап ету жолымен және өзге де тәсілдермен жүргiзiледi.
771-бап. Дәлелдемелермен қамтамасыз ету туралы арыз
1. Дәлелдемелермен қамтамасыз ету туралы арызда: қамтамасыз етiлуi қажетті дәлелдемелер; растау үшiн бұл дәлелдемелердi қажет ететiн мән-жайлар; арыз берушiнi қамтамасыз ету туралы өтiнiш жасауға итермелеген себептер, сондай-ақ бұл дәлелдемелердi қажет етiп отырған iс көрсетiлуге тиiс.
2015.31.10. № 378-V ҚР Заңымен 2-бөлік жаңа редакцияда (2016 ж. 1 қаңтардан бастап қолданысқа енгiзiлдi) (бұр.ред.қара)
2. Арыз әкiмшiлiк құқық бұзушылық туралы iстi қарап жатқан сотқа, органға (лауазымды адамға) жазбаша түрде не электрондық цифрлық қолтаңбамен куәландырылған электрондық құжат нысанында берiледi.
772-бап. Сараптама тағайындау және жүргiзу
1. Iс үшiн маңызы бар мән-жайлар сарапшының арнаулы ғылыми бiлiм негiзiнде жүргiзетiн iс материалдарын зерттеуi нәтижесiнде алынуы мүмкiн болған кезде, жүргізуінде әкiмшiлiк құқық бұзушылық туралы іс жатқан судья, орган (лауазымды адам) сараптаманы тағайындайды.
2. Iсте ведомстволық инспекциялардың ревизиялау, тексеру актiлерiнiң, қорытындыларының, сондай-ақ мамандардың процестік әрекеттер барысында жүргізетін зерттеулерiнiң нәтижелерi бойынша жасалған ресми құжаттардың болуы сол бір мәселелер бойынша сараптама жүргiзу мүмкiндiктерiн жоққа шығармайды.
3. Жүргізуінде әкiмшiлiк құқық бұзушылық туралы іс жатқан судья, орган (лауазымды адам) тараптардың өтiнiшхаты бойынша немесе өз бастамашылығымен сараптама тағайындай алады.
4. Сараптама жүргiзу сараптама органдарының қызметкерлерiне не осы Кодекстiң 757-бабының талаптарын қанағаттандыратын өзге де тұлғаларға тапсырылуы мүмкiн. Сараптама жүргiзу тараптар ұсынған тұлғалардың арасынан бiреуiне тапсырылуы мүмкiн. Судьяның, лауазымды адамның сараптама жүргiзу тапсырылған адамды шақыру туралы талабы аталған адам жұмыс iстейтiн ұйымның басшысы үшiн мiндеттi.
5. Жүргізуінде әкiмшiлiк құқық бұзушылық туралы іс жатқан судья, орган (лауазымды адам) сараптама тағайындау туралы ұйғарым шығарады, онда:
1) судьяның, лауазымды адамның тегін, аты-жөнiн, соттың, органның атауын;
2) сараптаманы тағайындау уақытын, орнын;
3) сараптама тағайындау үшін негiздi;
4) сарапшының тегін, атын, әкесінің атын (ол болған кезде) немесе сараптама жүргiзiлуге тиiс сараптама органының атауын;
5) сарапшының алдына қойылған мәселелерді;
6) сарапшының билігіне берiлетiн материалдардың тiзбесiн көрсетедi.
Ұйғарымда сарапшыға оның құқықтары мен міндеттері түсіндірілгені туралы және оған көрінеу жалған қорытындыны бергені үшін жауаптылық жөнінде ескертілгені туралы жазбалар да болуға тиіс.
6. Күрделi сараптамалық зерттеулер жүргiзу үшiн бiр мамандықтағы кемiнде екi сарапшы жүргiзетiн комиссиялық сараптама тағайындалуы мүмкiн.
7. Егер iс үшiн маңызы бар мән-жайларды анықтауға бiлiмнiң түрлi салалары негiзiнде зерттеулер жүргiзу қажет болса, түрлi мамандықтағы сарапшылар өз құзыретi шегiнде жүргiзетiн кешендi сараптама тағайындалады.
8. Сараптама тағайындау туралы ұйғарымды орындау үшiн жiбергенге дейiн сот сараптамасын тағайындаған судья немесе орган (лауазымды адам) өзiне қатысты әкiмшiлiк құқық бұзушылық туралы іс бойынша iс жүргiзiліп жатқан адамды және жәбiрленушiнi онымен таныстыруға, оларға:
1) сарапшыға қарсылық білдіру немесе сот сараптамасы органын сараптама жүргiзуден шеттету туралы өтiнiшхат мәлiмдеу;
2) өздерi атаған тұлғаларды немесе нақты сот сараптамасы органдарының қызметкерлерiн сарапшылар ретiнде тағайындау туралы, сондай-ақ сараптаманы сарапшылар комиссиясының жүргiзуi туралы өтiнiшхат жасау;
3) сарапшы алдына қосымша мәселелер қою туралы немесе қойылған мәселелердi нақтылау туралы өтiнiшхат жасау;
4) сараптама жүргiзуге кедергi келтiретiн жағдайларды қоспағанда, сот сараптамасын тағайындаған судьяның немесе органның (лауазымды адамның) рұқсатымен сараптама жүргiзу кезiнде қатысу, сарапшыға түсiнiктемелер беру;
5) сот сараптамасын тағайындаған судьяға немесе органға (лауазымды адамға) сарапшының қорытындысы не қорытынды берудiң мүмкiн еместiгi туралы хабарлама келiп түскеннен кейiн онымен танысу, өз ескертулерiн ұсыну, қосымша немесе қайталама сараптама тағайындау, жаңа сараптамалар тағайындау туралы өтiнiшхаттар мәлiмдеу құқықтарын түсiндiруге мiндеттi.
Жәбiрленушiлерге сараптама олардың жазбаша келiсiмiмен ғана жүргiзiледi. Егер осы адамдар кәмелетке толмаса немесе сот оларды әрекетке қабiлетсiз деп таныса, сараптама жүргiзуге жазбаша келiсiмдi олардың заңды өкiлдерi бередi.
9. Сарапшы (сарапшылар) сараптама жүргiзу нәтижелерi бойынша өзiнiң атынан жасаған, осы Кодекстiң 773-бабының талаптарына сәйкес қорытынды бередi және оны сараптама тағайындаған судьяға, органға (лауазымды адамға) жiбередi.
10. Қорытынды жеткiлiктi дәрежеде айқын немесе толық болмаған, сондай-ақ алдыңғы зерттеуге байланысты қосымша мәселелердi шешу қажеттiлiгi туындаған кезде қосымша сараптама тағайындалуы мүмкiн, оны жүргiзу нақ сол немесе өзге сарапшыға (сарапшыларға) тапсырылады.
11. Егер сарапшының қорытындысы жеткiлiктi дәрежеде негiзделмесе не оның түйіндері күмән туғызса немесе сараптама тағайындау және жүргiзу туралы процестік нормалар елеулi түрде бұзылса, сол объектiлердi зерттеу және сол мәселелердi шешу үшiн қайтадан сараптама тағайындалуы мүмкiн, оны жүргiзу сарапшылар комиссиясына тапсырылады, оған алдыңғы сараптаманы жүргiзген сарапшы (сарапшылар) кiрмейдi.
12. Судьяның, органның (лауазымды адамның) қосымша және қайтадан сараптамалар тағайындау туралы ұйғарымы уәждi болуға тиiс. Сарапшыға (сарапшыларға) қосымша және қайтадан сараптамалар жасау тапсырылған кезде алдыңғы сараптамалардың нәтижелерi бойынша жасалған қорытындылар ұсынылуға тиiс.
13. Егер сарапшы зерттеу жүргiзгенге дейiн өзiнiң алдына қойылған мәселелер оның арнаулы бiлiмiнiң шегiнен тыс не өзiне ұсынылған материалдардың қорытынды беру үшiн жарамсыз немесе жеткiлiксiз екендiгiне және оны толықтыру мүмкiн болмайтынына не ғылым мен сараптама практикасының жай-күйi қойылған мәселелерге жауап беруге мүмкiндiк бермейтiнiне көзi жетсе, ол қорытынды берудiң мүмкiн еместiгi туралы уәжді хабарлама жасайды және оны судьяға, органға (лауазымды адамға) жiбередi.
773-бап. Сарапшы мен маманның қорытындысы және айғақтары
1. Сарапшының қорытындысы - бұл арнаулы ғылыми бiлiмдi пайдалана отырып жүргiзiлген iс материалдарын, оның iшiнде заттай дәлелдемелер мен үлгiлердi зерттеу нәтижелерiне негiзделген, оның алдына жүргізуінде әкiмшiлiк құқық бұзушылық туралы іс жатқан судья, орган (лауазымды адам) қойған мәселелер бойынша жазбаша нысанда ұсынылған түйіндер. Қорытындыда сарапшының зерттеу кезiнде қолданған әдiстерi, қойылған сұрақтарға жауаптардың негiздемесi және сарапшының өзінің бастамасымен белгіленген, iс үшiн маңызы бар мән-жайлар да көрсетiледi.
2. Қорытындыны зерттеулер жүргiзгеннен кейiн оның нәтижелерiн ескере отырып сарапшы (сарапшылар) өз атынан жасайды, оны өзінің (өздерiнiң) қолымен және жеке мөрiмен куәландырады. Сараптаманы сараптама органы жүргiзген жағдайда, сарапшының қолы аталған органның мөрiмен расталады.
3. Сарапшының қорытындысында: оның ресiмделген күнi, сараптаманың жүргiзiлген мерзiмдерi және орны; сот сараптамасын жүргiзудiң негiздерi; жүргізуінде әкiмшiлiк құқық бұзушылық туралы іс жатқан судья туралы, орган (лауазымды адам) туралы мәлiметтер; сараптама жүргiзу тапсырылған сот сараптамасы органы және (немесе) сарапшы (сарапшылар) туралы мәлiметтер (тегi, аты, әкесiнiң аты (ол болған кезде), бiлiмi, мамандығы, мамандығы бойынша жұмыс өтілі, ғылыми дәрежесi және ғылыми атағы, атқаратын лауазымы); сотта көрiнеу жалған қорытынды бергенi үшiн қылмыстық жауаптылық туралы өзiнiң ескертiлгенi туралы сарапшының қолымен куәландырылған белгi; сарапшының (сарапшылардың) алдына қойылған мәселелер; сараптама жүргiзу кезiнде процеске қатысқан қатысушылар және олар берген түсiндiрмелер туралы мәлiметтер; объектiлер; пайдаланылған әдiстемелер көрсетiле отырып, зерттеулердiң мазмұны мен нәтижелерi; жүргiзiлген зерттеулердiң нәтижелерiн бағалау, сарапшының (сарапшылардың) алдына қойылған мәселелер бойынша түйіндердің негiздемесi мен тұжырымы көрсетiлуге тиiс.