Салық тексерулерін жүргізу үшін негіз болып табылатын мемлекеттік кіріс органдарының дауланып отырған құқықтық актісінің қолданылуын тоқтата тұру түріндегі талап қоюды қамтамасыз ету бойынша шараларды қабылдауға жол берілмейді.
156-бап. Талап қоюды қамтамасыз ету жөніндегі шаралар
1. Талап қоюды қамтамасыз ету жөніндегі шаралар:
2016.26.07. № 12-VІ ҚР Заңымен (бұр.ред.қара); 2017.12.12. № 114-VI ҚР Заңымен (2018 ж. 1 қаңтардан бастап қолданысқа енгізілді) (бұр.ред.қара) 1) тармақша өзгертілді
1) жауапкерге тиесілі және оның өзіндегі немесе басқа да тұлғалардағы мүлікке (банктің корреспонденттік шотында тұрған ақшаға және сауда-саттық ұйымдастырушылардың ашық сауда-саттықтар әдісімен сауда жүйелерінде жасасқан репо операциялары бойынша нысана болып табылатын мүлікке, сондай-ақ жалақы сомалары түсетін банк шоттарында тұрған ақшаға тыйым салуды қоспағанда) тыйым салу болуы мүмкін.
Міндетті зейнетақы жарналарына, міндетті кәсіптік зейнетақы жарналарына (олар бойынша өсімпұлдарға), зейнетақы активтері мен зейнетақы жинақтарына, мемлекеттік бюджеттен және (немесе) Мемлекеттік әлеуметтік сақтандыру қорынан төленетін жәрдемақылар мен әлеуметтік төлемдерге, тұрғын үй төлемдеріне, тұрғын үй төлемдерін пайдалану есебінен жинақталған тұрғын үй құрылысы жинақ ақшасы түріндегі тұрғын үй құрылысы жинақ банктеріндегі банктік шоттардағы ақшаға, нотариус депозиті шарттарында енгізілген, «Мемлекеттік білім беру жинақтау жүйесі туралы» Қазақстан Республикасының Заңына сәйкес жасалған білім беру жинақтау салымы туралы шарт бойынша ашылған банктік шоттардағы ақшаға, әлеуметтік медициналық сақтандыру қорының активтеріне тыйым салуға жол берілмейді.
Шет мемлекеттiң Қазақстан Республикасының және оның меншiгiнiң юрисдикциялық иммунитетiн бұзуынан келтiрiлген залалдарды өтеу туралы талап қоюлар бойынша шет мемлекеттің корреспондентік шотында Қазақстан Республикасының аумағында тұрған ақшаға тыйым салуға жол берiледi.
Жауапкерге тиесілі және банкте тұрған ақшаға тыйым салу түріндегі талап қоюды қамтамасыз ету туралы ұйғарымда тыйым салынатын ақша сомасы көрсетілуге тиіс. Тыйым салынатын ақша сомасын талап қоюдың бағасын негізге ала отырып сот айқындайды;
2) жауапкерге белгілі бір әрекеттерді жасауға тыйым салу;
3) басқа тұлғалардың орындау мерзімі жеткен міндеттемелер бойынша мүлікті жауапкерге беруіне немесе заңда немесе шартта көзделген өзге де міндеттемелерді жауапкерге қатысты орындауына тыйым салу;
4) мүлікті тыйым салудан босату туралы талап қойылған жағдайларда мүлікті өткізуді тоқтата тұру және (немесе) борышкердің мүлкін бағалау нәтижелеріне дау айту;
5) мемлекеттік органның, жергілікті өзін-өзі басқару органының дауланып отырған құқықтық актісінің (Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкінің қаржы нарығындағы қызметті жүзеге асыруға арналған лицензиялардың және (немесе) оларға қосымшалардың қолданылуын тоқтата тұру және (немесе) олардан айыру, қаржы ұйымдарын консервациялауды жүргізу жөніндегі құқықтық актісін, сондай-ақ оның жазбаша нұсқамаларын қоспағанда) қолданылуын тоқтата тұру;
6) борышкер сот тәртібімен даулайтын атқарушылық құжат бойынша өндіріп алуды тоқтата тұру;
7) кепіл нысанасын соттан тыс сату жөніндегі сауда-саттықтарды тоқтата тұру;
8) дауланып отырған актілерді және сот орындаушысының өндіріп алуды мүлікке айналдыруға байланысты атқарушылық іс жүргізуде жасайтын әрекеттерін тоқтата тұру болуы мүмкін.
2. Қажетті жағдайларда сот осы Кодекстің 155-бабының бірінші бөлігінде көрсетілген мақсаттарға сай келетін, талап қоюды қамтамасыз ету жөніндегі өзге де шараларды қабылдауы мүмкін. Сот талап қоюды қамтамасыз етудің бірнеше шараларын қабылдауы мүмкін. Осы бапта көрсетілген тыйым салулар бұзылған кезде кінәлі адамдар заңдарда белгіленген жауапты болады. Бұдан басқа, талап қоюшы талап қоюды қамтамасыз ету туралы ұйғарымды орындамаудан келтірілген залалдарды осы адамдардан сот тәртібімен өндіруді талап етуге құқылы.
3. Талап қоюды қамтамасыз ету жөніндегі шаралар талап қоюшының мәлімдеген талабына сай болуға және үшінші тұлғалардың жария мүдделері мен мүдделерін бұзбауға тиіс.
157-бап. Талап қоюды қамтамасыз ету туралы арызды қарау
1. Талап қоюды қамтамасыз ету туралы арызды, егер ол талап қою арызына қоса берілсе немесе бұл туралы талап қою арызында көрсетілсе, азаматтық іс қозғау туралы ұйғарым шығарылған күні судья қарайды және шешеді. Қалған жағдайларда талап қоюды қамтамасыз ету туралы арызды судья арыз сотқа келіп түскен күні шешеді.
2. Талап қоюды қамтамасыз ету туралы арызды судья іске қатысатын адамдарға, төрелік талқылау тараптарына хабарламай, сот отырысын өткізбей қарайды және шешеді.
3. Судья арызды қараудың нәтижелері бойынша осы Кодекстің 156-бабында көзделген қамтамасыз ету шараларын көрсете отырып, талап қоюды қамтамасыз ету туралы немесе арызды қанағаттандырудан бас тарту туралы ұйғарым шығарады.
158-бап. Талап қоюды қамтамасыз ету туралы ұйғарымды орындау
1. Сот:
1) мүлік туралы мәліметтер болмаған кезде «Атқарушылық іс жүргізу және сот орындаушыларының мәртебесі туралы» Қазақстан Республикасының Заңында белгіленген тәртіппен борышкердің мүлкіне тыйым салу үшін аумақ бойынша тиісті әділет органына;
2) осы Кодекстің 156-бабы бірінші бөлігінің 6), 8) тармақшаларында көзделген жағдайларда атқарушылық іс жүргізуді тоқтата тұру үшін аумақ бойынша тиісті әділет органына;
3) осы Кодекстің 156-бабы бірінші бөлігінің 2) тармақшасында көзделген жағдайда шығарылса, жауапкерге;
4) осы Кодекстің 156-бабы бірінші бөлігінің 5) тармақшасында көзделген жағдайда мемлекеттік органға немесе жергілікті өзін-өзі басқару органына;
5) осы Кодекстің 156-бабы бірінші бөлігінің 7) тармақшасында көзделген жағдайда кепіл ұстаушыға;
6) осы Кодекстің 156-бабы бірінші бөлігінің 4) тармақшасында көзделген жағдайда әділет органына немесе мүлікке шектеулі билік етуді іске асыратын уәкілетті органға;
7) осы Кодекстің 156-бабы бірінші бөлігінің 3) тармақшасында көзделген жағдайда жауапкердің дебиторына;
8) даулы мүлікке ауыртпалықты салу үшін тіркеуші органға;
9) жауапкерге тиесілі және банк шоттарында тұрған ақшаға тыйым салу үшін банктерге және банк операцияларының жекелеген түрлерін жүзеге асыратын ұйымдарға шоттардын нөмірлері мен нақтылы банк белгілі болған жағдайда оны дереу ұсыну үшін қамтамасыз ету шараларын қабылдау туралы өтінішхатты берген адамға талап қоюды қамтамасыз ету туралы ұйғарымды жібереді немесе табыс етеді.
2. Қамтамасыз ету шаралары қолданылған мүлік туралы мәліметтер болмаған жағдайда, соттың ұйғарымы орындау үшін аумақ бойынша тиісті әділет органына жіберіледі.
Өздеріне ұйғарым жіберілген органдар мен адамдар талап қоюды қамтамасыз ету туралы сот ұйғарымының орындалуы туралы оны орындау жөнінде қажетті әрекеттерді жасағаннан кейін бес жұмыс күні ішінде сотқа хабарлауға міндетті. Көрсетілген міндетті орындамау заңда көзделген жауаптылықтың туындауына әкеп соғады.
3. Қамтамасыз ету шараларын қабылдау туралы мәселе бойынша атқару парағы жазылмайды.
159-бап. Талап қоюды қамтамасыз ету шарасын ауыстыру
1. Іске қатысатын адамның, төрелік талқылау тараптарының арызы бойынша талап қоюды қамтамасыз ету шарасының бірін басқасымен ауыстыруға болады.
2. Сот іске қатысатын адамдарға арызды қараудың уақыты мен орны туралы хабарлап, талап қоюды қамтамасыз ету шарасының бірін басқасымен ауыстыру туралы мәселені осындай арыз келіп түскен күннен бастап бес жұмыс күнінен кешіктірмей шешеді, алайда олардың келмеуі осы мәселені мәні бойынша қарауға кедергі болмайды.
3. Судья талап қоюды қамтамасыз ету шарасының бірін басқасымен ауыстыру туралы ұйғарым шығарады.
Арызды қанағаттандырудан бас тартқан кезде сот бұрын таңдалып алынған талап қоюды қамтамасыз етудің шарасын ауыстыруға болмайтын уәждерді ұйғарымда көрсетеді.
4. Жауапкер талап қою бағасына тең соманы сот қабылдаған талап қоюды қамтамасыз ету шарасының орнына соттардың қызметін ұйымдық және материалдық-техникалық қамтамасыз ету жөніндегі уәкілетті органның аумақтық бөлімшесінің депозитіне енгізуге құқылы.
160-бап. Талап қоюды қамтамасыз ету шарасының күшін жою
1. Талап қоюды қамтамасыз етудің күшін сол сот іске қатысатын адамның, төрелік талқылау тараптарының арызы бойынша немесе өз бастамасы бойынша жоюы мүмкін.
Судья іске қатысатын адамдарға арызды қараудың уақыты мен орны туралы хабарлап, талап қоюды қамтамасыз ету шарасының күшін жою туралы мәселені бес жұмыс күнінен кешіктірмей шешеді, алайда олардың келмеуі осы мәселені мәні бойынша қарауға кедергі болмайды.
2. Талап қоюдан бас тартылған жағдайда талап қоюды қамтамасыз ету жөнінде қабылданған шаралар шешім заңды күшіне енгенге дейін сақталады. Сот шешімнің заңды күшіне енуімен бірге талап қоюды қамтамасыз етудің күшін жою туралы ұйғарым шығарады. Талап қою қанағаттандырылған кезде оны қамтамасыз ету жөніндегі қабылданған шаралар сот шешімі орындалғанға дейін өзінің қолданысын сақтайды. Қамтамасыз ету шараларының күшін жою туралы мәселе бойынша атқару парағы жазылмайды.
3. Қаржы ұйымын немесе банк конгломератына бас ұйым ретінде кіретін және қаржы ұйымы болып табылмайтын ұйымды қайта құрылымдау туралы істі қарайтын сот қаржы ұйымына немесе банк конгломератына бас ұйым ретінде кіретін және қаржы ұйымы болып табылмайтын ұйымға және (немесе) оның мүлкіне қатысты қайта құрылымдау жүргізу туралы шешім шығарылғанға дейін сот қабылдаған талап қоюды қамтамасыз етудің күшін жоюға міндетті.
2017.11.07. № 91-VI ҚР Заңымен 161-баптың тақырыбы жаңа редакцияда (бұр.ред.қара)
161-бап. Талап қоюды қамтамасыз ету мәселелері бойынша ұйғарымдарға шағым жасау, прокурордың өтінішхат келтіруі
2017.11.07. № 91-VI ҚР Заңымен 1-бөлік жаңа редакцияда (бұр.ред.қара)
1. Талап қоюды қамтамасыз ету мәселелері бойынша ұйғарымдарға апелляциялық сатыдағы сотқа жеке шағым берілуі, прокурор өтінішхат келтіруі мүмкін, оның шешімі түпкілікті болып табылады.
2. Егер талап қоюды қамтамасыз ету туралы ұйғарым шағым берген адамға хабарланбай шығарылса, шағым беру үшін мерзім оған осы ұйғарым туралы белгілі болған күннен бастап есептеледі.
3. Талап қоюды қамтамасыз ету туралы ұйғарымға жеке шағым беру осы ұйғарымның орындалуын тоқтата тұрмайды.
2017.11.07. № 91-VI ҚР Заңымен 4-бөлік жаңа редакцияда (бұр.ред.қара)
4. Талап қоюды қамтамасыз етудің күшін жою туралы немесе талап қоюды қамтамасыз ету шарасының бірін басқасымен ауыстыру туралы жеке шағым беру, прокурордың өтінішхат келтіруі ұйғарымның орындалуын тоқтата тұрады.
5. Қабылданған ұйғарымға қатысты материал істен бөлініп алынып, жеке шағыммен бірге апелляциялық сатыдағы сотқа жіберіледі.
162-бап. Жауапкерге талап қоюды қамтамасыз етумен келтірілген залалдарды өтеу
1. Сот талап қоюды қамтамасыз етуге жол бере отырып, талап қоюшыдан жауапкер үшін ықтимал болатын залалдарды қамтамасыз етіп беруді талап етуі мүмкін. Ықтимал залалдарды қамтамасыз ету соттың ұйғарымында көрсетілген соманы уәкілетті органның депозитіне енгізу арқылы жүргізіледі.
2. Жауапкер талап қоюдан бас тартылған шешім заңды күшіне енгеннен кейін, талап қоюды қамтамасыз ету бойынша шара қабылдау туралы талапты мәлімдеген адамға оның арызы бойынша қабылданған шаралармен келтірілген залалдарды өтеу туралы талап қоюға құқылы.
16-тарау. ІСТІ СОТ ТАЛҚЫЛАУЫНА ДАЙЫНДАУ
163-бап. Істі дайындаудың міндеттері
1. Арыз соттың іс жүргізуіне қабылданғаннан және азаматтық іс қозғалғаннан кейін судья оны уақтылы және дұрыс шешуді қамтамасыз ету мақсатында істі сотта талқылауға дайындауды жүргізеді. Судья істі сот талқылауына дайындау туралы ұйғарым шығарады және жасауға тиіс әрекеттерді көрсетеді.
2. Әрбір іс бойынша міндетті болатын азаматтық істі сот талқылауына дайындау міндеттері:
1) істі дұрыс шешу үшін маңызы бар мән-жайларды нақтылау;
2) тараптардың құқықтық қатынастарын және сот басшылыққа алуға тиіс заңды айқындау;
3) іске қатысатын адамдардың құрамы туралы мәселені шешу және оларға сот отырысының уақыты мен орны туралы тиісті түрде хабарлау;
4) әрбір тараптың өз талаптарын немесе қарсылықтарын негіздеуі үшін ұсынылуға тиіс дәлелдемелерді айқындау;
5) тараптарды татуластыруға жәрдемдесу болып табылады.
164-бап. Істі сот талқылауына дайындаудың мерзімдері
2018.24.05. № 156-VI ҚР Заңымен 1-бөлік жаңа редакцияда (бұр.ред.қара)
1. Азаматтық істерді сот талқылауына дайындау, егер осы Кодексте және басқа да заңдарда өзгеше белгіленбесе, талап қою арызы соттың іс жүргізуіне қабылданған күннен бастап жиырма жұмыс күнінен кешіктірілмей жүргізілуге тиіс.
Алименттерді өндіріп алу туралы, денсаулықтың зақымдануынан келтірілген зиянды өтеу туралы, сондай-ақ асыраушысынан айырылу жағдайына байланысты істерден басқа, аса күрделі істер бойынша айрықша жағдайларда және еңбек құқықтық қатынастарынан туындайтын талаптар бойынша істі сот талқылауына дайындау үшін берілген мерзім өткеннен кейін бұл мерзім судьяның ұйғарымы бойынша қосымша бір айға ұзартылуы мүмкін.
2017.11.07. № 91-VI ҚР Заңымен 1-1-бөлікпен толықтырылды
1-1. Осы Кодекстің 27-бабының төртінші бөлігінде және 28-бабының 2) тармақшасында көзделген даулар бойынша азаматтық істерді сот талқылауына дайындау талап арыз соттың іс жүргізуіне қабылданған күннен бастап бір айдан кешіктірілмей жүргізілуге тиіс. Аса күрделі істер бойынша бұл мерзім судьяның ұйғарымы бойынша бір айға қосымша ұзартылуы мүмкін.
2017.11.07. № 91-VI ҚР Заңымен 2-бөлік жаңа редакцияда (бұр.ред.қара)
2. Істі сот талқылауына дайындау мерзімін ұзарту туралы ұйғарым шағым жасауға, прокурордың өтінішхаты бойынша қайта қарауға жатпайды.
165-бап. Судьяның істі сот талқылауына дайындау жөніндегі әрекеттері
Істің мән-жайларын ескере отырып, істі сот талқылауына дайындау тәртібімен судья мынадай әрекеттерді жасайды:
2017.27.02. № 49-VI ҚР Заңымен (бұр.ред.қара); 2018.24.05. № 156-VI ҚР Заңымен (бұр.ред.қара) 1) тармақша жаңа редакцияда
1) талап арызды қабылдаған күннен бастап үш жұмыс күні ішінде жауапкерге және үшінші тұлғаларға талап арыздың және оған қоса берілген, талап қоюшының талаптарын негіздейтін құжаттардың көшірмелерін осы Кодекстің 11-тарауында көзделген тәртіппен жібереді не табыс етеді, сондай-ақ жауапкерді дәлелдерді негіздейтін дәлелдемелерді қоса бере отырып, талап қоюшы мәлімдеген талаптарға жазбаша пікірді белгіленген мерзімде ұсынуға міндеттейді;
2) егер жауапкер немесе іске қатысатын басқа да тұлғалар сотқа талап қою арызына қоса берілген құжаттарды алмағандығы туралы мәлімдеген жағдайда, сот олармен сотта таныстыруды қамтамасыз етеді, ал осы адамдардың тапсыру туралы өтінішхаты болған жағдайда талап қоюшыны көрсетілген құжаттардың көшірмелерін ұсынуға міндеттейді;
3) тараптарға олардың процестік құқықтары мен міндеттерін түсіндіреді, ұсынылған процестік құжаттар және тараптар өзара даулайтын мән-жайлар бойынша түсіндірмелер беруді ұсынады;
4) тараптарға дәлелдемелерді сот белгілеген мерзімде уақтылы ұсынбаудың және процесті негізсіз созудың осы Кодексте белгіленген құқықтық салдарын түсіндіреді;
5) тараптарға дауды татуласу келісімімен, дауды (жанжалды) медиация тәртібімен реттеу туралы келісіммен немесе дауды партисипативтік рәсім тәртібімен реттеу туралы келісіммен шешу не дауды шешу үшін төрелікке жүгіну құқығын және олардың құқықтық салдарын түсіндіреді;
6) кәмелетке толмаған талап қоюшының немесе жауапкердің заңды өкілдеріне олардың істі соттылығы бойынша баланың тұрғылықты (тұрған) жері бойынша аудандық және оған теңестірілген сотқа беру туралы өтінішхатпен жүгіну құқығын түсіндіреді;
7) іске қатысатын адамдардың құрамы туралы, оның ішінде үшінші тұлғалардың іске кіруі туралы мәселені шешеді, сондай-ақ тиісті емес жауапкерді алмастыру туралы мәселені шешеді;
8) осы іс бойынша сот талқылауының аяқталуына мүдделі адамдарды сотқа талап қою арызының келіп түскені туралы хабардар етеді;
9) тараптың өтінішхаты бойынша немесе өз бастамасы бойынша сараптама тағайындайды, сондай-ақ іске қатысуға маманды, аудармашыны тарту туралы мәселені шешеді;
10) куәларды сот отырысына шақыру туралы мәселені шешеді;
11) өтінішхат бойынша тараптар азаматтарды және заңды тұлғаларды істі дұрыс қарау және шешу үшін маңызы бар дәлелдемелерді ұсынуға міндеттейді, осы Кодекстің 73-бабының жетінші бөлігінде белгіленген құқықтық салдарды түсіндіреді;
12) кейінге қалдыруға болмайтын жағдайларда, іске қатысатын адамдарға хабарлай отырып, жазбаша және заттай дәлелдемелерді сол жерде тексеріп қарайды;
13) сот тапсырмаларын жібереді;
14) талап қоюшының арызы бойынша ол берген талап қою арызын қайтару туралы ұйғарым шығарады;
15) егер тараптар арасында сотқа дейін реттеу тәртібімен партисипативтік рәсім жүргізілген жағдайда тарапты оны жүргізу барысында алынған құжаттарды және дәлелдемелерді ұсынуға міндеттейді; талап қоюшыдан ол мәлімдеген талаптардың мәні бойынша жауап алады, одан ол даулап отырған фактілерді, жауапкер тарапынан ықтимал қарсылықтарды анықтайды, егер бұл қажет болса, қосымша дәлелдемелер беруді ұсынады, тараптарға олардың процестік құқықтары мен міндеттерін түсіндіреді;
16) істі дұрыс әрі уақтылы қарау және шешу үшін өзге де қажетті процестік әрекеттерді жасайды.
166-бап. Талап қою арызына пікір
2017.27.02. № 49-VI ҚР Заңымен 1-бөлік жаңа редакцияда (бұр.ред.қара)
1. Жауапкер талап қоюға қатысты дәлелдерді теріске шығаратын құжаттарды, сондай-ақ пікірдің және оған қоса берілетін құжаттардың көшірмелерін қоса тіркеп, талап қою арызына пікірді сотқа ұсынады. Судья үш жұмыс күні ішінде пікірдің және оған қоса берілген құжаттардың көшірмелерін талап қоюшыға және іске қатысатын басқа да адамдарға жібереді не ұсынады.
2017.27.02. № 49-VI ҚР Заңымен 2-бөлік жаңа редакцияда (бұр.ред.қара)
2. Пікір талап қою арызының көшірмелерін алған күннен бастап он жұмыс күнінен кешіктірілмей ұсынылады.
3. Талап қою арызына пікірді талап қоюшы мәлімдеген талапқа мүдделерінің қатысы бар іске қатысатын өзге тұлғалар да ұсынуға құқылы.
4. Пікірде:
1) талап қоюшының атауы, оның орналасқан жері немесе тұрғылықты жері;
2) жауапкердің атауы, оның орналасқан жері; егер жауапкер азамат болып табылса, онда оның тұрғылықты жері көрсетіледі;
3) оларды негіздейтін дәлелдемелерге сілтеме жасала отырып, мәлімделген талаптардың мәні бойынша дәлелдер;
4) пікірге қоса берілетін құжаттардың тізбесі көрсетіледі.
Пікірде істі дұрыс және уақтылы қарау үшін қажетті телефондардың, факстердің нөмірлері, электрондық поштаның мекенжайлары мен өзге де мәліметтер көрсетілуі мүмкін.
5. Жауапкердің пікірді және дәлелдемелерді ұсынбауы істегі бар дәлелдемелер бойынша істі қарауға кедергі болмайды.
6. Пікірге жауапкер немесе оның өкілі қол қояды. Өкіл қол қойған пікірге сенімхат немесе оның өкілеттігін растайтын өзге де құжат қоса беріледі.
Электрондық құжат нысанында берілген пікір жауапкердің немесе оның өкілінің электрондық цифрлық қолтаңбасымен куәландырылады. Электрондық құжат нысанында берілетін пікірге осы бапта көрсетілген құжаттардың көшірмелері электрондық нысанда қоса беріледі.
167-бап. Бірнеше талап қою талаптарын біріктіру және ажырату
1. Егер талаптарды бөлек қарау анағұрлым орынды болса, судья талап қоюшы біріктірген талаптардың біреуін немесе бірнешеуін жеке іс жүргізуге бөліп шығарады.
2. Бірнеше талап қоюшы талап қойған немесе бірнеше жауапкерге талап қойылған кезде судья, егер талаптарды бөлек қарау анағұрлым орынды деп тапса, бір немесе бірнеше талапты жеке іс жүргізуге бөліп шығаруға құқылы.
3. Судья осы соттың іс жүргізуінде дәл сол тараптар қатысатын бірнеше ұқсас іс не бір талап қоюшының әр түрлі жауапкерге немесе әр түрлі талап қоюшының сол бір жауапкерге қойған талаптары бойынша бірнеше іс бар екенін анықтап, егер осындай біріктіруді орынды деп тапса, өзінің қалауы не тараптардың өтінішхаты бойынша осы істерді бірлесіп қарау үшін бір іс жүргізуге біріктіруге құқылы.
4. Бір талап екіншісінен бөлінгеннен кейін істі қарау мерзімі істі бөлінген талап бойынша сот талқылауына дайындау аяқталған күннен бастап есептеледі.
Істер бір іс жүргізуге біріктірілгеннен кейін істі қарау мерзімі бұрын мәлімделген талап бойынша істі сот талқылауына дайындау аяқталған күннен бастап есептеледі.
2017.11.07. № 91-VI ҚР Заңымен 5-бөлік жаңа редакцияда (бұр.ред.қара)
5. Бірнеше талап қоюды біріктіру немесе ажырату туралы ұйғарым шағым жасауға, прокурордың өтінішхаты бойынша қайта қарауға жатпайды. Ұйғарыммен келіспеу туралы дәлелдер апелляциялық шағымда, прокурордың өтінішхатында көрсетілуі мүмкін.
168-бап. Істі сот талқылауына дайындаған кезде іс бойынша іс жүргізуді тоқтата тұру, тоқтату және арызды қараусыз қалдыру
1. Осы Кодекстің 272, 273-баптарында, 277-бабының 1), 2), 3), 4) және 5) тармақшаларында және 279-бабының 1), 2), 3), 4), 5), 8) және 9) тармақшаларында көзделген мән-жайлар болған кезде істі сот талқылауына дайындаған кезде іс бойынша іс жүргізу тоқтатыла тұруы немесе тоқтататылуы не арыз қараусыз қалдырылуы мүмкін.
2. Тараптарға мұндай процестік әрекеттің салдарлары түсіндіріледі.
169-бап. Талап қоюдың нысанасын немесе негізін өзгерту, талап қою талаптарын ұлғайту немесе азайту
1. Талап қоюшы істі сот талқылауына дайындау аяқталғанға дейін не қосымша процестік әрекеттерді жүргізу қажет болмаған кезде сот кеңесу бөлмесіне кеткенге дейін жазбаша арыз беру арқылы талап қоюдың негізін немесе нысанасын өзгертуге, талап қою талаптарының мөлшерін ұлғайтуға немесе азайтуға құқылы.
Талап қоюдың негізін немесе нысанасын өзгерту, талап қою талаптарының мөлшерін ұлғайту немесе азайту туралы дауларды сотқа дейін реттеудің тәртібі сақталғаннан кейін, егер осындай тәртіп заңда белгіленсе немесе шартта көзделсе, мәлімделуі мүмкін.
2. Талап қоюдың нысанасы мен негізін бір мезгілде не кез келген ретпен өзгерту талап қоюшының жаңадан талап қоюын және талап қоюшының бұрын берілген талап қоюдан бас тартуын білдіреді, бұл бұрын берілген талап қою арызымен іс бойынша іс жүргізуді тоқтатуға әкеп соғады. Дауды (жанжалды) медиация тәртібімен реттеу туралы келісім жасалған жағдайда талап қоюдың нысанасы мен негізін бір мезгілде не кез келген ретпен өзгертуге жол беріледі.
3. Сот талап қоюдың нысанасын немесе негізін өз бастамасы бойынша өзгертуге құқылы емес.
170-бап. Талап қоюшының талап қоюдан бас тартуы
1. Талап қоюшы істі сот талқылауына дайындаған кезде немесе сот кеңесу бөлмесіне кеткенге дейін бірінші және апелляциялық сатылардағы соттарға жазбаша арыз беру арқылы талап қоюдан бас тартуға құқылы.
2. Сот талап қоюдан бас тарту қабылданғанға дейін талап қоюшыға немесе тараптарға тиісті процестік әрекеттердің салдарын түсіндіреді.
2017.11.07. № 91-VI ҚР Заңымен 3-бөлік жаңа редакцияда (бұр.ред.қара)
3. Талап қоюдан бас тарту қабылданған жағдайда, сот іс бойынша іс жүргізуді тоқтату туралы ұйғарым шығарады, оған апелляциялық сатыдағы сотқа жеке шағым берілуі, прокурор өтінішхат келтіруі мүмкін.
4. Сот талап қоюшының талап қоюын осы Кодекстің 48-бабының екінші бөлігінде көзделген негіздер бойынша қабылдамаған жағдайда немесе осы баптың бірінші бөлігінің талаптары сақталмаған жағдайда сот істі мәні бойынша қарауды жалғастырады және талап қоюдан бас тартудың қабылданбау уәждері туралы сот шешімінде немесе қаулысында көрсетеді.
171-бап. Жауапкердің талап қоюды мойындауы
1. Жауапкер талап қоюды істі сот талқылауына дайындау кезінде немесе сот кеңесу бөлмесіне кеткенге дейін бірінші сатыдағы және апелляциялық сатылардағы соттарға жазбаша арыз беру арқылы толық немесе бір бөлігін мойындауға құқылы.
2. Жауапкердің талап қоюды мойындауы сотты дәлелдемелерді зерттеу міндетінен босатады. Талап қоюдың бөлігі мойындалған жағдайда дәлелдемелерді зерттеу жауапкердің талап қоюды мойындамаған бөлігінде ғана жүргізіледі.
3. Сот талап қоюды мойындау қабылданғанға дейін талап қоюшыға, жауапкерге немесе тараптарға тиісті процестік әрекеттердің салдарын түсіндіреді.
4. Жауапкердің осы Кодекстің 48-бабының екінші бөлігінде көзделген негіздер бойынша талап қоюды толықтай немесе оның бір бөлігін мойындауын қабылдау туралы не осындай мойындауды қабылдамауы туралы сот шешімінде немесе қаулысында көрсетіледі.
172-бап. Алдын ала сот отырысы
1. Тараптар мен іске қатысатын басқа да тұлғалардың істі сот талқылауына дайындау, сотқа жүгіну мерзімдерін өткізіп алу фактілерін және талап қоюдың ескіру мерзімдерін зерттеу кезінде жасаған өкімдік әрекеттерін процестік тұрғыдан бекіту мақсатында істі сот талқылауына дайындауды жүргізудің нәтижелері бойынша алдын ала сот отырысы өткізіледі.
2. Тараптар мен іске қатысатын басқа да тұлғалар алдын ала сот отырысының уақыты мен орны туралы хабарландырылады. Шақырылған адамдардың қайсыбірінің келмеуі алдын ала сот отырысын өткізуге кедергі болмайды.