Барлаумен немесе өндiрумен байланысты емес жерасты құрылыстарын салуға және (немесе) пайдалануға жер қойнауын пайдалану құқығын беру бойынша тiкелей келiссөздердi облыстың, республикалық маңызы бар қаланың және астананың тиісінше жергiлiктi атқарушы органының жұмыс тобы жүргiзедi. Жұмыс тобы туралы ереженi және оның құрамын облыстың, республикалық маңызы бар қаланың және астананың тиісінше жергiлiктi атқарушы органы бекiтедi.
3. Келісімшарт жасасуға үміткер тұлға тікелей келіссөздерге қатысу үшін өтінімді осы тарауда белгіленген талаптарға сәйкес құзыретті органға жібереді.
Осы Заңның 35-бабы 2-тармағының 4) тармақшасында көзделген жағдайларда облыстың, республикалық маңызы бар қаланың, астананың жергілікті атқарушы органы жер қойнауын пайдалануға құқық беру жөнінде тікелей келіссөздер жүргізу туралы құзыретті органнан хабарлама алған кезден бастап жер қойнауын пайдалану мақсаты үшін жерді резервтеуді Қазақстан Республикасының жер заңнамасында белгіленген тәртіппен жүргізеді.
4. Тікелей келіссөздерге қатысуға өтінім қабылданғаннан кейін жер қойнауын зерттеу мен пайдалану жөніндегі уәкілетті орган өтініш беруші жүгінгеннен кейін бір ай ішінде берілетін жер қойнауы учаскесі бойынша геологиялық ақпарат топтамасын ақылы түрде береді.
5. Құзыретті орган өтініш берушіні тікелей келіссөздерге қатысуға арналған өтінім келіп түскен күннен бастап екі ай ішінде тікелей келіссөздер жүргізу туралы немесе тікелей келіссөздер жүргізуден бас тарту туралы шешім қабылдағаны жөнінде хабардар етуге міндетті.
Құзыретті орган өтініш берушіні тікелей келіссөздер жүргізілетін күн туралы хабардар етеді.
6. Тікелей келіссөздер осы Заңның 58-бабының талаптарына сәйкес ресімделген өтінім келіп түскен күннен бастап екі ай ішінде жүргізіледі. Тікелей келіссөздер жүргізу мерзімі құзыретті органның шешімімен ұзартылуы мүмкін.
2012.10.07. № 36-V ҚР Заңымен 7-тармақ жаңа редакцияда (бұр.ред.қара)
7. Осы баптың ережелерi кең таралған пайдалы қазбаларды барлауға немесе өндiруге, барлаумен немесе өндірумен байланысты емес жер асты құрылыстарын салуға және (немесе) пайдалануға жер қойнауын пайдалану құқығын беру бойынша тiкелей келiссөздердi жүргiзу кезiнде облыстың, республикалық маңызы бар қаланың және астананың жергiлiктi атқарушы органдарына қатысты қолданылады.
2014.29.12. № 271-V ҚР Заңымен 8-тармақпен толықтырылды
8. Барлау үшін оңайлатылған тәртіппен жер қойнауын пайдалану құқығын беру бойынша тікелей келіссөздер жүргізудің тәртібі мен шарттары осы Заңның 57-1-бабында айқындалған.
2014.29.12. № 271-V ҚР Заңымен 57-1-баппен толықтырылды
57-1-бап. Барлау үшін оңайлатылған тәртіппен жер қойнауын пайдалану құқығын беру бойынша тікелей келіссөздер жүргізудің тәртібі мен шарттары
1. Барлау үшін оңайлатылған тәртіппен жер қойнауын пайдалану құқығы аз зерттелген жер қойнауы учаскелеріне беріледі.
Барлау үшін оңайлатылған тәртіппен берілетін жер қойнауы учаскесі он блоктан аспауға тиіс, олардың әрқайсысы координаттардың географиялық жүйесінде бір минутқа тең.
2. Барлау үшін оңайлатылған тәртіппен жер қойнауын пайдалану құқығын алу үшін өтінім беруші құзыретті органға өтінім жібереді, онда мыналар қамтылуға тиіс:
1) заңды тұлғаның атауы, оның орналасқан жері, мемлекеттік тиесілігі, заңды тұлға ретінде мемлекеттік тіркелуі және салық органдарында тіркелуі туралы мәліметтер, жарғылық капиталдағы (жарғылық капиталдың жалпы мөлшеріне шаққанда) үлестерінің мөлшері көрсетіле отырып, өтінім беруші заңды тұлғаның басшылары және қатысушылары немесе акционерлері туралы мәліметтер, ұйымдастырылған бағалы қағаздар нарығындағы заңды тұлға бағалы қағаздарының айналысы туралы осындай қағаздардың жалпы саны көрсетілген мәліметтер, өтінім берушінің еншілес ұйымдары туралы мәліметтер;
2) өтінім беруші үміттеніп отырған, блоктар түрінде ұсынылған жер қойнауы учаскесін көрсету;
3) өтінім берушіде үлгілік келісімшарт жасалғаннан кейін алғашқы жылы ішінде сұралып отырған учаске шегінде орындалуы қажет шығындар мен жұмыс түрлерінің ең төмен мөлшері туралы талаптарды орындау үшін жеткілікті ақшаның бар екендігі туралы банк кепілдігі немесе өзге де растау.
Өтінімге салыстырып тексеру үшін түпнұсқаларымен бір мезгілде құжаттардың көшірмелері не өтінімде көрсетілген мәліметтерді растайтын, нотариат куәландырған көшірмелер, сондай-ақ қол қойылған үлгілік келісімшарт қоса беріледі.
Үлгілік келісімшарт нысанын құзыретті орган бекітеді және онда мынадай негізгі ережелер қамтылуға тиіс:
1) жыл сайын өсіп отыратын төлемдер түрінде ұсынылған, өңірдің әлеуметтік-экономикалық дамуына және оның инфрақұрылымын дамытуға арналған шығыстар мөлшері;
2) қол қойылатын бонусты төлеу жөніндегі міндеттемелер;
3) үлгілік келісімшарт қолданылатын бүкіл кезеңде бір блок шегінде орындалуы қажет, жылдар бойынша шығындар мен жұмыс түрлерінің ең төмен мөлшері.
3. Құзыретті орган ресми интернет-ресурста:
1) өтінім берушінің атауын;
2) сұралып отырған учаскенің координаттарын;
3) өтінім берілген уақытты көрсете отырып, берілген өтінімдер туралы мәліметтерді орналастырады.
4. Егер құзыретті органның ресми интернет-ресурсында берілген өтінім туралы мәліметтер орналастырылғаннан кейін бес жұмыс күні ішінде сұралып отырған учаскеге біреуден артық өтінім қосымша берілген жағдайда, онда мұндай учаске бойынша жер қойнауын пайдалану құқығы осы Заңда аукцион үшін көзделген тәртіппен беріледі.
5. Өтінім құзыретті органға келіп түскен күнінен бастап он бес жұмыс күні ішінде қаралуға тиіс.
Өтінімді қарау нәтижелері бойынша құзыретті орган өтінімді қабылдайды немесе оны қабылдамайды.
Өтінім мынадай жағдайларда:
1) егер сұралып отырған учаске көлемі бойынша осы баптың 1-тармағында белгіленген шектеулерден асып кетсе;
2) егер сұралып отырған учаскеде немесе оның бір бөлігінде бұрын өтінім берушімен немесе оның үлестес тұлғасымен осы Заңның 72-бабында көзделген негіздер бойынша құзыретті органның бастамасымен барлауға арналған келісімшарт біржақты тәртіппен бұзылған болса, бұл ретте бұзылған күннен бастап үш жылдан аз уақыт өтсе;
3) осы Заңның 51-бабының 4) тармақшасында және 55-бабының 1-тармағының 4) тармақшасында көзделген негіздер болса;
4) егер сұралып отырған учаске немесе оның бір бөлігі басқа жер қойнауын пайдаланушының пайдалануында болса, қабылданбауға жатады.
Өтінімді қабылдаудан бас тарту өтінім берушіні қайтадан өтінім беру құқығынан айырмайды.
6. Тікелей келіссөздер өтінім қабылданғаннан кейін он жұмыс күні ішінде жүргізіледі.
7. Тікелей келіссөздер қорытындылары бойынша өтінім берушімен үлгілік келісімшарт жасалады.
8. Барлау үшін оңайлатылған тәртіппен жер қойнауын пайдалану құқығын алған жер қойнауын пайдаланушы кадрлардағы, тауарлардағы, жұмыстар мен көрсетілетін қызметтердегі жергілікті қамту жөніндегі міндеттемелерден босатылады.
58-бап. Тікелей келіссөздерге қатысуға өтінім
1. Тікелей келіссөздерге қатысуға өтінім:
2014.07.11. № 248-V ҚР Заңымен 1) тармақша жаңа редакцияда (бұр.ред.қара)
1) заңды тұлғалар үшін - өтініш берушінің атауын, оның орналасқан жерін, мемлекеттік тиесілігін, заңды тұлға ретінде мемлекеттік тіркелуі және мемлекеттік кіріс органдарында тіркелуі туралы мәліметтерді, жарғылық капиталдағы олардың үлестерінің мөлшері (жарғылық капиталдың жалпы мөлшерінен) көрсетіле отырып, өтініш беруші — заңды тұлғаның басшылары мен қатысушылары немесе акционерлері туралы мәліметтерді, бағалы қағаздардың жалпы саны көрсетіле отырып, заңды тұлғаның осындай қағаздарының ұйымдастырылған бағалы қағаздар нарығындағы айналымы туралы мәліметтерді, өтініш берушінің еншілес ұйымдары туралы мәліметтерді;
2014.07.11. № 248-V ҚР Заңымен 2) тармақша жаңа редакцияда (бұр.ред.қара)
2) жеке тұлғалар үшін - өтініш берушінің тегін, атын және әкесінің атын (ол болған жағдайда), заңды мекенжайын, азаматтығын, өтініш берушінің жеке басын куәландыратын құжаттары, өтініш берушінің мемлекеттік кіріс органдарында тіркелуі, өтініш берушінің кәсіпкерлік қызмет субъектісі ретінде тіркелуі туралы мәліметтерді;
3) өтініш берушінің мүддесін білдіретін басшылардың немесе өкілдердің өкілеттіктері туралы мәліметтерді қоса алғанда, мұндай тұлғалар туралы деректерді;
4) ұлттық компанияларды қоспағанда, барлық өтініш берушілердің, сондай-ақ барлауға арналған келісімшарт негізінде өздері жүргізген коммерциялық табудың негізінде жер қойнауын пайдалану құқығын беру үшін жүгінетін тұлғалардың өтінімінде көрсетілетін өтініш берушінің техникалық, басқарушылық, ұйымдастырушылық және қаржылық мүмкіндіктері туралы деректерді қамтуға тиіс.
Өтініш беруші құзыретті органның немесе облыстың, республикалық маңызы бар қаланың, астананың жергілікті атқарушы органының талабы бойынша тікелей келіссөздер жүргізудің негізіне қарай өзге де ақпаратты қосымша береді.
2012.09.01. № 535-IV ҚР Заңымен 2-тармақ өзгертілді (бұр.ред.қара)
2. Барлаумен немесе өндірумен байланысты емес жерасты құрылыстарын салуға және (немесе) пайдалануға келісімшарт жасасу жөніндегі тікелей келіссөздерге қатысуға арналған өтінімге мынадай мәліметтерді:
1) зиянды, улы заттарды, қатты және сұйық қалдықтарды көму объектілерінің, сарқынды және өнеркәсіптік суларды ағызатын жердің, оның ішінде объектінің орналасқан жерін, пайдалану кезеңін, ұстауға арналған шығындарды, жерасты сулары, қоршаған орта мен жер қойнауы мониторингінің қадағалау желісінің болуы мен орналасуының жалпы сипаттамасын;
2) объектілердің физикалық сипаттамасын - оқшаулау сипаттамасын, тау-кен жыныстарының типін, коллектор қаттарының жерасты тереңдігін және тиімді қуатын, оның алаңын, кеуектілік коэффициентін, төселетін және жабылатын су тірегінің сипаттамасын, жерасты суларының табиғи ағысының жылдамдығын, көмудің, жиып қою мен ағызудың сапалық және сандық көрсеткіштерін, тау-кен техникалық, арнаулы инженерлік-геологиялық, гидрогеологиялық және экологиялық шарттарын;
3) қызметі зиянды, улы заттардың, қатты және сұйық қалдықтардың, сарқынды және өнеркәсіптік сулардың түзілуіне әкеп соғатын ұйымдар туралы мәліметтерді;
4) өнімнің атауы, ол түзілетін техникалық өндіріс немесе процесс, оның физикалық сипаттамасы, толық химиялық құрамы, уытты компоненттердің болуы, өрт қаупі, жарылыс қаупі, ерігіштігі, сақтау кезінде басқа заттармен үйлесімділігі, негізгі ластаушы радионуклидтер, олардың белсенділігі, сондай-ақ тасымалдау жүйесінің сипаттамасы көрсетіле отырып, зиянды, улы заттардың, қатты және сұйық қалдықтардың, сарқынды және өнеркәсіптік сулардың сипаттамасын;
5) жер қойнауын зерттеу мен пайдалану жөніндегі уәкілетті органның қорытындысын;
6) мемлекеттік экологиялық сараптама қорытындысын қамтитын құжаттар қосымша берілуге тиіс.
2014.29.12. № 271-V ҚР Заңымен 3-тармақ өзгертілді (бұр.ред.қара)
3. Барлауға, өндiруге немесе бірлескен барлау мен өндіруге жер қойнауын пайдалану құқығын алуға арналған өтiнiмде:
1) қол қойылатын бонус мөлшері;
2015.27.10. № 365-V ҚР Заңымен 2) тармақша жаңа редакцияда (бұр.ред.қара)
2) кадрлардағы, сатып алынатын жұмыстардағы (көрсетiлетiн қызметтердегi) жергілікті қамтудың мөлшерлерi;
3) өңірдің әлеуметтік-экономикалық дамуына және оның инфрақұрылымын дамытуға арналған шығыстар мөлшері;
4) қазақстандық кадрларды оқыту жөніндегі міндеттемелер;
5) келiсiмшарт бойынша жұмыстарды орындау үшiн қажет, Қазақстан Республикасының аумағындағы ғылыми-зерттеу, ғылыми-техникалық және тәжiрибелiк-конструкторлық жұмыстарға арналған шығыстар мөлшерi көзделуге тиіс.
Индустриялық-инновациялық қызмет субъектісі болып табылатын жер қойнауын пайдаланушының өндіруге жер қойнауын пайдалану құқығын алуға арналған өтінімінде жоғарыда аталған мәліметтерден басқа қолдануға ұсынылатын технологиялар туралы ақпаратты қамтитын технологиялық бағдарлама болуға тиіс.
4. Өтінімде көрсетілген мәліметтерді растайтын, тиісті түрде куәландырылған құжаттар (не олардың нотариат куәландырған көшірмелері) өтінімге қоса беріледі.
59-бап. Тікелей келіссөздердің қорытындылары бойынша шешімдер қабылдау
1. Тікелей келіссөздер негізінде жер қойнауын пайдалану құқығын беру туралы не беруден бас тарту туралы шешім өтініш берушінің келісімшарт бойынша міндеттемелерді орындау мүмкіндігі туралы куәландыратын деректердің негізінде қабылданады.
2014.29.12. № 271-V ҚР Заңымен 2-тармақ жаңа редакцияда (бұр.ред.қара)
2. Құзыреттi органның немесе облыстың, республикалық маңызы бар қаланың, астананың жергiлiктi атқарушы органының тiкелей келiссөздер қорытындылары бойынша шешiмi тiкелей келiссөздер хаттамасымен ресiмделедi, оған жұмыс тобының қатысып отырған барлық мүшелерi және өтінім берушінің уәкілетті өкілі қол қояды.
3. Тікелей келіссөздер негізінде жер қойнауын пайдалану құқығын беру туралы шешім қабылданған жағдайда өтініш берушімен келісімшарт осы тарауда көзделген ерекшеліктер ескеріле отырып, осы Заңда белгіленген тәртіппен және шарттарда жасалады.
Өтініш беруші тікелей келіссөздер барысында ұсынған және құзыретті орган немесе облыстың, республикалық маңызы бар қаланың, астананың жергілікті атқарушы органы қабылдаған жер қойнауын пайдалану жөніндегі операцияларды жүргізу шарттары міндетті түрде тікелей келіссөздер хаттамасына, ал кейіннен келісімшартқа қосылады.
2014.29.12. № 271-V ҚР Заңымен 4-тармақпен толықтырылды
4. Осы баптың 1, 2 және 3-тармақтарының талаптары осы Заңның 57-1-бабында көзделген тәртіппен жүргізілетін тікелей келіссөздерге қолданылмайды.
60-бап. Барлау сатысынан өндіру сатысына ауысу кезінде жер қойнауын пайдалану құқығын берудің ерекшеліктері
1. Барлауға арналған келісімшарт негізінде кен орнын тапқан және бағалаған жер қойнауын пайдаланушының конкурс өткізілмей-ақ, тікелей келіссөздер негізінде өндіруге арналған келісімшарт жасасуға айрықша құқығы болады.
2. Барлауға арналған келісімшарттың негізінде кен орындарын табу мен бағалауды жүргізген тұлға барлауға арналған келісімшарт қолданысының мерзімі ішінде не барлауға арналған келісімшарт аяқталған күннен бастап үш айдан кешіктірмей өндіруге арналған келісімшарт жасасу жөнінде тікелей келіссөздер жүргізу туралы өтініммен құзыретті органға жүгінуге құқылы.
2012.09.01. № 535-IV ҚР Заңымен 3-тармақ өзгертілді (бұр.ред.қара)
3. Құзыретті орган және жер қойнауын пайдаланушы өтінім келіп түскен күннен бастап екі айдан кешіктірмей, өндіруге арналған келісімшарттың мынадай талаптарын:
2012.09.01. № 535-IV ҚР Заңымен (бұр.ред.қара); 2015.27.10. № 365-V ҚР Заңымен (бұр.ред.қара) 1) тармақша жаңа редакцияда
1) жұмыстардағы (көрсетiлетiн қызметтердегі) және кадрлардағы жергілікті қамтудың мөлшері;
2) өңірдің әлеуметтік-экономикалық дамуына және оның инфрақұрылымын дамытуға арналған шығыстар мөлшерін тікелей келіссөздер жолымен бірлесіп айқындайды.
Қолдануға ұсынылатын технологиялар туралы ақпаратты қамтитын технологиялық бағдарламаның болуы индустриялық-инновациялық қызмет субъектісі болып табылатын жер қойнауын пайдаланушымен жасалатын өндіруге арналған келісімшарттың қосымша шарты болып табылады.
2014.29.12. № 271-V ҚР Заңымен 4-тармақ өзгертілді (бұр.ред.қара)
4. Тікелей келіссөздердің нәтижелері бойынша тараптар хаттамаға қол қояды.
Егер өтініш берушінің кінәсінен тікелей келіссөздер хаттамасына қол қойылған күннен бастап жиырма төрт ай ішінде келісімшарт жасалмаса, өтініш беруші өндіруге арналған келісімшарт жасасуға айрықша құқығынан айырылады, ал жер қойнауының тиісті учаскесі (учаскелері) осы Заңда көзделген тәртіппен, барлауға арналған шығындарды осындай тұлғаға өтеу шартымен конкурсқа шығарылады не тікелей келіссөздер негізінде беріледі.
2014.29.12. № 271-V ҚР Заңымен 5-тармақ өзгертілді (бұр.ред.қара)
5. Конкурс осы Заңның 4-тарауында көзделген тәртіппен өткізіледі. Келісімшарт жасасуға үміткер тұлғаның мынадай міндеттемелері:
2014.29.12. № 271-V ҚР Заңымен 1) тармақша жаңа редакцияда (бұр.ред.қара)
1) осы баптың 3-тармағында көзделген, коммерциялық табу нәтижесінде өндіруге арналған келісімшарт жасасу жөніндегі тікелей келіссөздердің тараптары келіскен мөлшерлерден кем болмайтын міндеттемелері;
2) экологиялық қауіпсіздік талаптарын ескере отырып, келісімшарттық аумақты өндіру жөніндегі операцияларды жүзеге асыру үшін жарамды күйде ұстау үшін қажетті шараларды қабылдау және конкурстың жеңімпазы анықталған күннен бастап өндіруге келісімшарт жасалғанға дейін тиісті келісімшарттық аумақта халық пен персонал үшін қауіпсіз жағдайды қамтамасыз ету жөніндегі міндеттемелері;
3) барлауға арналған келісімшарттың негізінде коммерциялық табуды жүргізген тұлғаға конкурсқа шығарылған жер қойнауы учаскесін табуға және бағалауға және осы баптың 11-тармағының 2) тармақшасына сәйкес келісімшарттық аумақты өндіру бойынша бұдан әрі жүргізілетін операцияларды жүзеге асыру үшін жарамды күйде ұстауға жұмсалған шығындарды өтеу жөніндегі міндеттемелері осындай конкурсқа қатысудың қажетті шарты болып табылады.
Мұндай өтеу мемлекеттік статистика саласындағы уәкілетті органның ресми статистикалық ақпараты негізінде айқындалатын инфляция ескеріле отырып, тиісті шығындардың толық сомасын біржолғы төлеу тәртібімен жүзеге асырылады.
Мұндай шығындарды өтеу мерзімін құзыретті орган белгілейді және ол конкурстың жеңімпазымен келісімшарт жасалған күннен бастап үш айдан аспауға тиіс.
Конкурстың жеңімпазы өзі өтейтін шығындардың аудитін жүргізуге құқылы. Конкурстың жеңімпазы мен барлауға арналған келісімшарттың негізінде кен орнын тапқан және бағалаған жер қойнауын пайдаланушы арасында өтелетін шығындардың мөлшері туралы дау туындаған жағдайда мұндай дау сот тәртібімен шешілуге тиіс.
6. 2014.29.12. № 271-V ҚР Заңымен алып тасталды (бұр.ред.қара)
7. 2014.29.12. № 271-V ҚР Заңымен алып тасталды (бұр.ред.қара)
8. 2014.29.12. № 271-V ҚР Заңымен алып тасталды (бұр.ред.қара)
2014.29.12. № 271-V ҚР Заңымен 9-тармақ өзгертілді (бұр.ред.қара)
9. Осы баптың ережелері кең таралған пайдалы қазбаларды барлау сатысынан өндіру сатысына көшу кезінде облыстардың, республикалық маңызы бар қалалардың, астананың жергілікті атқарушы органдарына қатысты қолданылады.
2014.29.12. № 271-V ҚР Заңымен 10-тармақ өзгертілді (бұр.ред.қара)
10. Барлауға арналған келісімшарттың негізінде кен орнын тапқан және бағалаған және өндіруге арналған келісімшарт жасасу жөніндегі тікелей келіссөздерді жүргізу туралы өтінім берген жер қойнауын пайдаланушы барлауға арналған тиісті келісімшарттың қолданылу мерзімі аяқталғанға дейін барлауға арналған келісімшартқа, жұмыс бағдарламасына және жобалау құжаттарына сәйкес міндеттемелерін атқаруды жалғастырады.
Барлауға арналған келісімшарт шеңберінде ұсынылған келісімшарттық аумақтың бір бөлігіне өндіруге арналған келісімшарт жасалған жағдайда, жер қойнауын пайдаланушы барлауға арналған келісімшартқа сәйкес оның қолданылу мерзімі аяқталғанға дейін қалған келісімшарттық аумақта міндеттемелерді орындауды жалғастырады.
11. Барлауға арналған келісімшарттың қолданылуы тоқтатылғаннан кейін өндіруге арналған келісімшарт жасасу жөніндегі тікелей келіссөздерді жүргізу туралы өтінім берген жер қойнауын пайдаланушы:
1) келісімшарттық аумақтың бір бөлігі (бөліктері) қайтарылған жағдайда осы Заңның 111-бабына сәйкес жер қойнауын пайдалану объектілерін жою немесе консервациялау жөніндегі жұмыстарды жүргізуге, оның ішінде барлау жөніндегі операцияларды жүргізу салдарынан бұзылған жер учаскелері мен басқа да табиғи объектілерді келісімшарттық аумақтың қайтарылатын бөлігінде (бөліктерінде) одан әрі пайдалану үшін жарамды жағдайға дейін қалпына келтіруге;
2) барлық келісімшарттық аумақта немесе қайтаруға жатпайтын келісімшарттық аумақтың бір бөлігінде (бөліктерінде) өндіру жөніндегі операцияларды жүргізу ниеті болған кезде - өндіруге арналған келісімшартты жасасқанға дейін экологиялық қауіпсіздік талаптарын ескере отырып, келісімшарттық аумақты (келісімшарттық аумақтың бөліктерін) өндіру бойынша одан әрі жүргізілетін операцияларды жүзеге асыру үшін жарамды күйде ұстау үшін қажетті шаралар қабылдауға және тиісті келісімшарттық аумақта (келісімшарттық аумақтың бөліктерінде) халық пен персонал үшін қауіпсіз жағдайларды қамтамасыз етуге міндетті.
Барлауға арналған келісімшарттың негізінде кен орнын тапқан және бағалаған жер қойнауын пайдаланушымен тікелей келіссөздер негізінде өндіруге келісімшарт жасалмаған жағдайда оның келісімшарттық аумақты (келісімшарттық аумақтың бөліктерін) өндіру бойынша одан әрі жүргізілетін операцияларды жүзеге асыру үшін жарамды күйде ұстау жөніндегі міндеттемесі осы бапта белгіленген тәртіппен өткізілетін конкурстың жеңімпазын анықтау кезінде тоқтатылады.
2014.29.12. № 271-V ҚР Заңымен 12-тармақ жаңа редакцияда (бұр.ред.қара)
12. Егер конкурс нәтижелерi бойынша өндiруге арналған келiсiмшарт жасалған жер қойнауын пайдаланушы келiсiмшарт күшiне енгеннен кейiн белгiленген мерзiмде кен орнын тапқан және бағалаған тұлғаға осы баптың 5-тармағының талаптарына сәйкес барлауға арналған шығындарды өтемеген жағдайда, онда мұндай дау сот тәртібімен шешілуге тиіс.
13. Тікелей келіссөздердің не осы бапқа сәйкес өткізілген конкурстың қорытындылары бойынша өндіруге арналған келісімшарт жасалғаннан кейін жер қойнауын пайдаланушының осы баптың 5-тармағы 2) тармақшасының және (немесе) 11-тармағының қағидаларына сәйкес жүргізілген шығыстары осындай өндіруге арналған келісімшарт бойынша шығыстарға жатқызылады және Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес өтелуге тиіс.
6-тарау. ЖЕР ҚОЙНАУЫН ПАЙДАЛАНУҒА АРНАЛҒАН КЕЛІСІМШАРТ
61-бап. Жер қойнауын пайдалануға арналған келісімшарттардың түрлері
1. Жер қойнауын пайдалану жөніндегі операцияларды жүргізу үшін келісімшарттардың мынадай түрлері:
1) барлауды жүргізу үшін - барлауға арналған келісімшарт;
2014.29.12. № 271-V ҚР Заңымен 1-1) тармақшамен толықтырылды
1-1) барлау құқығы оңайлатылған тәртіппен берілетін тұлғаның барлау жүргізуі үшін - барлауға арналған үлгілік келісімшарт;
2) өндіруді жүргізу үшін - өндіруге арналған келісімшарт;
3) бірлескен барлау мен өндіруді жүргізу үшін - бірлескен барлау мен өндіруге арналған келісімшарт;
4) барлаумен немесе өндірумен байланысты емес жерасты құрылыстарын салуды жүргізу және (немесе) пайдалану үшін - барлаумен немесе өндірумен байланысты емес жерасты құрылыстарын салуға және (немесе) пайдалануға арналған келісімшарт;
5) жер қойнауын мемлекеттік геологиялық зерттеуді жүргізу үшін - жер қойнауын мемлекеттік геологиялық зерттеуге арналған келісімшарт (шарт) қолданылады.
Келісімшартты жасасу, орындау, өзгерту немесе тоқтату осы Заңға сәйкес жүргізіледі.
2012.09.01. № 535-IV ҚР Заңымен (бұр.ред.қара); 2014.29.09. № 239-V ҚР Заңымен (бұр.ред.қара) 2-тармақ өзгертілді; 2014.29.12. № 271-V ҚР Заңымен 2-тармақ жаңа редакцияда (бұр.ред.қара); 2015.27.10. № 365-V ҚР Заңымен 2-тармақ өзгертілді (бұр.ред.қара)
2. Жер қойнауын мемлекеттiк геологиялық зерттеуге арналған келiсiмшартты (шартты) және барлауға арналған үлгілік келісімшартты қоспағанда, келiсiмшарт құзыретті орган бекiтетiн жер қойнауын пайдалану түрлерi бойынша модельдiк келiсiмшарттарда көзделген нысан мен мазмұн бойынша жасалады.
Келісімшартта мынадай шарттар қамтылуға тиіс: келісімшарттың мақсаты, келісімшарттың қолданылу мерзімі, келісімшарттық аумақ, құпиялылық, еңсерілмейтін күш.
Келiсiмшарт: қол қойылатын бонусты төлеудiң мөлшерi мен шарттары жөніндегі; өңiрдiң әлеуметтiк-экономикалық дамуына және оның инфрақұрылымын дамытуға арналған шығыстардың мөлшерi мен шарттары жөніндегі; кадрлардағы жергiлiктi қамту жөніндегі; Қазақстан Республикасының азаматтары болып табылатын, келiсiмшартты орындау кезiнде тартылған жұмыскерлерді оқытуға, олардың бiлiктiлiгiн арттыруға және оларды қайта даярлауға және (немесе) Қазақстан Республикасының азаматтарын құзыреттi органмен келiсiлген мамандықтар тiзбесi бойынша оқытуға жіберілетін шығыстардың мөлшерi жөніндегі; жұмыстардағы (көрсетiлетiн қызметтердегi) жергiлiктi қамту жөніндегі; мердiгерлiк жұмыстармен айналысатын персоналды қоса алғанда, жұмысқа тартылған шетелдiк персоналға қатысты алғанда қазақстандық персонал үшiн еңбекке ақы төлеудiң тең жағдайларын қамтамасыз ету жөніндегі; тарату қоры жөніндегі; Қазақстан Республикасының аумағындағы ғылыми-зерттеу, ғылыми-техникалық және тәжiрибелiк-конструкторлық жұмыстарға осы Заңда белгiленген шығыстардың мөлшерi жөніндегі мiндеттемелерге қатысты ерекше шарттарды да қамтуға тиiс.