1. Өңірлік маңызы бар индустриялық аймақты құру туралы шешімді облыстың, республикалық маңызы бар қаланың, астананың жергілікті атқарушы органы қабылдайды.
Тиісті жергілікті атқарушы орган шешім қабылдаумен қатар өңірлік маңызы бар индустриялық аймақты құру тұжырымдамасын әзірлеп, оны жергілікті атқарушы органның интернет-ресурсында орналастырады.
2. Өңірлік маңызы бар индустриялық аймақты құру тұжырымдамасында:
1) индустриялық аймақты құру мақсаттары;
2) индустриялық аймақтың жобаларын іріктеу өлшемшарттарының тізбесі;
3) қоршаған ортаға әсер етуді бағалау;
4) болжамды қаржылық-экономикалық және әлеуметтік салдарлар;
5) индустриялық аймақтың орналасу схемасы;
6) тұжырымдамада көзделген іс-шаралардың мемлекеттік жоспарлау жүйесінің құжаттарына сәйкестігі туралы деректер;
7) әрбір құрамдас бөлінісінде іс-шараларды іске асыруға арналған қаржыландыру көлемінің есеп-қисаптары мен тікелей және түпкілікті нәтижелерге қол жеткізу мүмкіндіктері;
8) индустриялық аймақ пен оның инфрақұрылымын дамыту жоспарының жобасы қамтылуға тиіс.
3. Жергілікті атқарушы органның өңірлік маңызы бар индустриялық аймақты құру туралы шешімінің жобасы қарау үшін міндетті түрде тиісті әкімшілік-аумақтық бірліктің Қоғамдық кеңесіне жіберіледі.
4. Өңірлік маңызы бар индустриялық аймақты құру туралы шешім шығарылғаннан кейін өңірлік маңызы бар индустриялық аймақтың болжамды құрылу орны бойынша облыстың, республикалық маңызы бар қаланың, астананың жергілікті атқарушы органы индустриялық аймақтың басқарушы компаниясын құрады немесе айқындайды және Қазақстан Республикасының Жер кодексінде белгіленген тәртіппен жер учаскесін ресімдейді.
5. Тиісті жергілікті атқарушы орган өңірлік маңызы бар индустриялық аймақты орналастыруға жер учаскесі берілген кезден бастап он жұмыс күні ішінде бұл туралы бірыңғай үйлестіру орталығына хабарлайды.
30-бап. Жекеше индустриялық аймақты құру тәртібі
1. Жекеше индустриялық аймақтарды:
1) жекеше индустриялық аймақ мәртебесі берілетін жер учаскелерінің;
2) осы жер учаскелерінде кәсіпкерлік қызметті олардың аумағында жүзеге асыру үшін қажетті инфрақұрылым объектілерінің меншік иелері болып табылатын жеке тұлғалар немесе мемлекеттік емес заңды тұлғалар құрады.
2. Жекеше индустриялық аймақтардың меншік иелері:
1) индустриялық аймақты құру мақсаттары;
2) қоршаған ортаға әсер етуді бағалау;
3) индустриялық аймақтың болжамды орналасу схемасы қамтылатын жекеше индустриялық аймақты құру тұжырымдамасын міндетті түрде облыстың, республикалық маңызы бар қаланың, астананың жергілікті атқарушы органымен келіседі.
3. Облыстың, республикалық маңызы бар қаланың, астананың жергілікті атқарушы органы жекеше индустриялық аймақты құру тұжырымдамасы келіп түскен кезден бастап күнтізбелік он күн ішінде осы тұжырымдаманы тиісті елді мекеннің бас құрылыс салу жоспарына және Қазақстан Республикасы экологиялық заңнамасының талаптарына сәйкестігі тұрғысынан қарайды.
4. Жекеше индустриялық аймақты құру тұжырымдамасы облыстың, республикалық маңызы бар қаланың, астананың жергілікті атқарушы органымен келісілгеннен кейін жекеше индустриялық аймақтың меншік иесі индустриялық аймақтың басқарушы компаниясының функцияларын жүзеге асыруы үшін жауапкершілігі шектеулі серіктестік немесе акционерлік қоғам нысанындағы заңды тұлғаны тіркеуге немесе айқындауға тиіс.
5. Жекеше индустриялық аймақтардың меншік иелері жекеше индустриялық аймақтың басқарушы компаниясы тіркелген кезден бастап жиырма жұмыс күні ішінде бұл туралы бірыңғай үйлестіру орталығына хабарлайды.
6. Жекеше индустриялық аймақтардың басқарушы компаниялары осы Заңның 27-бабының 8-тармағына сәйкес индустриялық аймақтардың қатысушыларымен қызметті жүзеге асыру туралы шарттар жасасуға тиіс.
31-бап. Индустриялық аймақтар аумағының шекараларын және (немесе) алаңын өзгерту тәртібі
1. Индустриялық аймақтар аумағының шекараларын және (немесе) алаңын өзгерту туралы ұсынысты:
1) республикалық маңызы бар индустриялық аймақтар бойынша - облыстың, республикалық маңызы бар қаланың, астананың жергілікті атқарушы органы уәкілетті органға;
2) өңірлік маңызы бар индустриялық аймақтар бойынша - индустриялық аймақ аумағының шекараларын және (немесе) алаңын өзгертуге мүдделі жеке немесе заңды тұлғалар облыстың, республикалық маңызы бар қаланың, астананың тиісті жергілікті атқарушы органына енгізеді.
Жер учаскесіне құқық белгілейтін құжаттар ресімделгеннен кейін облыстың, республикалық маңызы бар қаланың, астананың жергілікті атқарушы органы бірыңғай үйлестіру орталығын жүргізілген өзгерістер туралы хабардар етеді.
2. Жекеше индустриялық аймақ аумағының шекараларын және (немесе) алаңын өзгерту Қазақстан Республикасының Жер кодексіне сәйкес оның меншік иесінің шешімі бойынша жүзеге асырылады. Жерге құқық белгілейтін құжаттар ресімделгеннен кейін жекеше индустриялық аймақтың меншік иесі бірыңғай үйлестіру орталығын жүргізілген өзгерістер туралы хабардар етеді.
3. Индустриялық аймақтар аумағының шекараларын және (немесе) алаңын өзгерту туралы ұсынысқа:
1) ұсынылатын өзгерістердің негіздемелер мен қаржылық-экономикалық есеп-қисаптарды қамтитын тұжырымдамасы;
2) қоршаған ортаға әсер етуді бағалау қоса беріледі.
4. Республикалық немесе өңірлік маңызы бар индустриялық аймақтар аумағының шекараларын және (немесе) алаңын өзгертудің орындылығы туралы мәселе мұндай ұсыныс енгізілген күннен бастап жиырма жұмыс күні ішінде қаралады. Осы мерзім өткен соң мұндай ұсыныстың бастамашысына индустриялық аймақтар аумағының шекараларын және (немесе) алаңын өзгерту туралы ұсынысты қарау нәтижелері туралы қорытынды жіберіледі.
5. Облыстың, республикалық маңызы бар қаланың, астананың жергілікті атқарушы органы республикалық немесе өңірлік маңызы бар индустриялық аймақ аумағының шекараларын және (немесе) алаңын өзгертуді мақұлдаған жағдайда, жер учаскесін ресімдеу осындай индустриялық аймақтың тұрған жері бойынша Қазақстан Республикасының Жер кодексіне сәйкес жүзеге асырылады.
6. Жекеше индустриялық аймақ аумағының шекараларын және (немесе) алаңын өзгерту туралы шешімді оның меншік иесі қабылдайды.
32-бап. Индустриялық аймақтар аумағының шекараларын және (немесе) алаңын өзгерту туралы ұсыныстарды қабылдамау үшін негіздер
1. Республикалық немесе өңірлік маңызы бар индустриялық аймақ аумағының шекараларын және (немесе) алаңын өзгерту туралы ұсыныс:
1) индустриялық аймақ аумағының шекараларын және (немесе) алаңын өзгерту туралы ұсыныс мемлекеттік экономикалық саясаттың басымдықтарына сәйкес келмеген;
2) индустриялық аймақ аумағының шекараларын және (немесе) алаңын өзгерту туралы ұсыныс қоршаған ортаны қорғау саласындағы талаптарға сәйкес келмеген;
3) адамдардың өмірі мен денсаулығын, ерекше қорғалатын табиғи аумақтарды қорғау қажет болған, тарихи-мәдени мұра объектілерінің жойылу және бүліну қатері төнген, елдің ұлттық қауіпсіздігін қамтамасыз ету қажет болған;
4) индустриялық аймақ аумағының шекараларын және (немесе) алаңын өзгерту туралы ұсыныс негізсіз болған жағдайларда қабылданбауы мүмкін.
2. Жергілікті атқарушы орган жекеше индустриялық аймақ аумағының шекараларын және (немесе) алаңын өзгерту кезінде жер учаскесіне құқық белгілейтін құжаттарды ресімдеуден:
1) индустриялық аймақ аумағының шекараларын және (немесе) алаңын өзгерту туралы ұсыныс қоршаған ортаны қорғау саласындағы талаптарға сәйкес келмеген;
2) адамдардың өмірі мен денсаулығын, ерекше қорғалатын табиғи аумақтарды қорғау қажет болған, тарихи-мәдени мұра объектілерінің жойылу және бүліну қатері төнген, елдің ұлттық қауіпсіздігін қамтамасыз ету қажет болған;
3) жекеше индустриялық аймақ мәртебесін қолдану жоспарланатын жер учаскелеріне өтініш бастамашысының меншік құқықтарының болуын растайтын құқық белгілейтін құжаттар болмаған;
4) жекеше индустриялық аймақ аумағының шекараларын және (немесе) алаңын өзгерткен кезде аумағында жекеше индустриялық аймақ аумағының бір бөлігін орналастыру жоспарланатын жер учаскесі меншік иесінің (жер пайдаланушының) келісімі болмаған жағдайларда бас тартуы мүмкін.
3. Индустриялық аймақ аумағының шекараларын және (немесе) алаңын өзгерту туралы ұсынысты қабылдамау индустриялық аймақ аумағының шекараларын және (немесе) алаңын өзгерту туралы ұсыныспен кейіннен жүгінуге кедергі болып табылмайды.
33-бап. Индустриялық аймақтардың жұмыс істеу шарттары
1. Республикалық және өңірлік маңызы бар индустриялық аймақтар мемлекеттік меншіктегі және Қазақстан Республикасының Жер кодексіне сәйкес жер пайдалануға берілмеген жер учаскелерінде кемінде жиырма жыл мерзімге құрылады.
2. Осы баптың 1-тармағында көрсетілген индустриялық аймақтың жұмыс істеу мерзімі жергілікті атқарушы органның шешімі бойынша ұзартылуы мүмкін.
3. Индустриялық аймақ құрылатын мемлекеттік меншіктегі жер учаскелері Қазақстан Республикасының Жер кодексіне сәйкес индустриялық аймақтың басқарушы компаниясына индустриялық аймақтың құрылу мерзіміне уақытша өтеулі жер пайдалануға (жалға) беріледі.
Басқарушы компания республикалық немесе өңірлік маңызы бар индустриялық аймақтың қатысушыларына осы Заңға сәйкес қызметті жүзеге асыру туралы шарттардың негізінде жер учаскелерін береді.
Бұл ретте жер учаскелерін индустриялық аймақтың қатысушыларына беру үшін оларды бөлуді индустриялық аймақтың басқарушы компаниясы жүзеге асырады. Мұндай бөлу кезінде таңдау тәсіліне жол берілмейді.
Жекеше индустриялық аймақты орналастыру үшін пайдаланылатын жер учаскесіне уақытша пайдалану (жалдау) құқығы жекеше индустриялық аймақтың басқарушы компаниясына жер учаскесінің меншік иесі айқындайтын мерзімге беріледі.
Жер учаскелері жекеше индустриялық аймақтың қатысушыларына олар мен индустриялық аймақтың басқарушы компаниясы арасында жасалатын, индустриялық аймақ құрылатын жеке меншіктегі жер учаскелерін уақытша кейінгі пайдалану (қосалқы жалдау) шартында айқындалған мерзімге беріледі.
Қызметті жүзеге асыру туралы шарттарға сәйкес басқарушы компания жер учаскесінің индустриялық аймақтың қатысушысының жобасын іске асыру үшін көзделген бөлігін осы жобада айқындалған кезеңдерге сәйкес резервке қоюға міндетті. Бұл ретте өзімен көрсетілген шарт жасалған индустриялық аймақтың қатысушысы жобаны кезең-кезеңмен іске асыру жөніндегі міндеттемелерді орындамаған жағдайларды қоспағанда, басқарушы компания осылайша резервке қойылған жер учаскелерін мұндай қатысушының келісуінсіз өзге тұлғаларға бере алмайды немесе өзгеше түрде иеліктен шығара алмайды.
4. Уақытша өтеулі жер пайдалануға (жалға) берілген мемлекеттік меншіктегі жер учаскелерінде толық немесе ішінара түрде бюджет қаражаты есебінен құрылған инфрақұрылым объектілері индустриялық аймақтың басқарушы компаниясына мүліктік жалдауға (жалға), сенімгерлік басқаруға, сондай-ақ Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес жарғылық капиталды толықтыру есебіне берілуі мүмкін.
Индустриялық аймақтың басқарушы компаниясы уақытша пайдалануға берілген мемлекеттік меншіктегі жер учаскелерінде толық немесе ішінара түрде бюджет қаражаты есебінен құрылған инфрақұрылым объектілерін индустриялық аймақтың қатысушыларына сенімгерлік басқару немесе мүліктік жалдау (жалға беру) шарттарында көзделген талаптармен мүліктік жалдауға (жалға) немесе қосымша жалдауға (қосалқы жалға) бере алады.
5. Республикалық немесе өңірлік маңызы бар индустриялық аймақ құрылатын жер учаскелері бюджет қаражаты және (немесе) Қазақстан Республикасының заңнамасында тыйым салынбаған өзге де көздер есебінен инфрақұрылым объектілерімен қамтамасыз етілуге тиіс.
Инфрақұрылым объектілерін салуды немесе реконструкциялауды бюджет қаражаты есебінен қаржыландыру тәртібі Қазақстан Республикасының бюджет заңнамасына сәйкес жүзеге асырылады.
Индустриялық аймақтың қатысушылары өздеріне берілген жер учаскесінің аумағында өздеріне қажетті инфрақұрылым объектілерін салуды өз қаражаты есебінен жүзеге асыруға құқылы. Мұндай объектілерді салу индустриялық аймақтың басқарушы компаниясымен келісу бойынша жүзеге асырылады.
6. Жекеше индустриялық аймақ құрылатын жеке меншіктегі жер учаскелерін олардың меншік иелері басқарушы компанияға - индустриялық аймақ құрылатын жеке меншіктегі жер учаскелерін уақытша пайдалану (жалдау) шарттарының негізінде, ал басқарушы компания индустриялық аймақтың қатысушыларына индустриялық аймақ құрылатын жеке меншіктегі жер учаскелерін уақытша кейінгі пайдалану (қосалқы жалдау) шарттарының негізінде уақытша пайдалануға (жалға) немесе уақытша өтеусіз пайдалануға береді.
Жер учаскесінің меншік иесі осы Заңның талаптарына сәйкес жекеше индустриялық аймақтың басқарушы компаниясының құрылтайшысы және (немесе) қатысушысы ретінде жекеше индустриялық аймақтың аумағында қызметті жүзеге асыруға құқылы. Бұл ретте жер учаскесінің меншік иесімен жекеше индустриялық аймақ құрылатын жеке меншіктегі жер учаскелерін уақытша пайдалану (жалдау) шарты жасалмайды.
7. Осы баптың 6-тармағының ережелері осы Заң қолданысқа енгізілгенге дейін құрылған жекеше индустриялық аймақтар қатысушыларының жеке меншігіндегі жер учаскелеріне қолданылмайды.
8. Индустриялық аймақтардың аумағында мемлекеттік және өзге де көрсетілетін қызметтерді ұсыну кезінде:
1) мемлекеттік және өзге де көрсетілетін қызметтердің уақтылы және сапалы ұсынылуын;
2) ұсынылатын мемлекеттік және өзге де көрсетілетін қызметтер бойынша ақпараттық көмек көрсетілуін қамтамасыз ететін «бір терезе» қағидаты қолданылады.
9. Мемлекеттік көрсетілетін қызметтерді «бір терезе» қағидаты бойынша ұсынуды республикалық немесе өңірлік маңызы бар индустриялық аймақтың аумағында «Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясы Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес жүзеге асырады.
Өзге де көрсетілетін қызметтерді «бір терезе» қағидаты бойынша ұсынуды тиісті индустриялық аймақтың басқарушы компаниясы жүзеге асыруы мүмкін.
34-бап. Республикалық немесе өңірлік маңызы бар индустриялық аймақтың қатысушысы ретінде қызметті жүзеге асыру
1. Республикалық немесе өңірлік маңызы бар индустриялық аймақ қатысушысының қызметі қызметті жүзеге асыру туралы шартқа сәйкес жүзеге асырылады, оны жасасу үшін өтініш беруші республикалық немесе өңірлік маңызы бар индустриялық аймақтың басқарушы компаниясына арнайы экономикалық және индустриялық аймақтар үшін жобаларды іріктеу қағидалары мен өлшемшарттарына сәйкес өтініш береді.
2. Республикалық немесе өңірлік маңызы бар индустриялық аймақтың басқарушы компаниясы тиісті өңірлік үйлестіру кеңесінің индустриялық аймаққа әлеуетті қатысушыларды жіберу жөнінде оң шешімі болған жағдайда, осындай тұлғалармен қызметті жүзеге асыруға арналған шарттар жасасады.
3. Қызметті жүзеге асыру туралы шарттың қолданысы:
1) қызметті жүзеге асыру туралы шарттың мерзімі өткен немесе ол мерзімінен бұрын бұзылған кезде;
2) осы Заңда, Қазақстан Республикасының азаматтық заңнамасында немесе қызметті жүзеге асыру туралы шартта көзделген өзге де жағдайларда тоқтатылады.
4. Индустриялық аймақтың қатысушысы қызметті жүзеге асыру туралы шартта айқындалған елеулі талаптарды бұзған жағдайда, республикалық немесе өңірлік маңызы бар индустриялық аймақтың басқарушы компаниясы қызметті жүзеге асыру туралы шартты бұзады. Индустриялық аймақ қатысушысының міндеттемелерді орындамағаны анықталған кезде арнайы экономикалық немесе индустриялық аймақ қатысушысының қызметті жүзеге асыру туралы шартта айқындалған міндеттемелерді орындамағаны туралы актілер жасалады.
Республикалық немесе өңірлік маңызы бар индустриялық аймақтың басқарушы компаниясы индустриялық аймақтың қатысушысын қызметті жүзеге асыру туралы шартта айқындалған міндеттемелерді орындамағаны және бұзушылықтарды күнтізбелік алпыс күннен аспайтын мерзімде жою қажеттігі туралы хабардар етеді.
Индустриялық аймақтың қатысушысы көрсетілген бұзушылықтарды жою жөнінде шаралар қабылдамаған жағдайда, индустриялық аймақтың басқарушы компаниясы индустриялық аймақтың қатысушысын қызметті жүзеге асыру туралы шарттың және (немесе) жер учаскесін уақытша кейінгі пайдалану (қосалқы жалдау) шартының бұзылатыны туралы кемінде он жұмыс күні бұрын хабардар етеді.
5. Республикалық немесе өңірлік маңызы бар индустриялық аймақ қатысушысының Қазақстан Республикасының Жер кодексінде белгіленген тәртіппен және негіздерде жер учаскесін меншігіне сатып алуға құқығы бар.
35-бап. Республикалық немесе өңірлік маңызы бар индустриялық аймақты тарату
1. Республикалық немесе өңірлік маңызы бар индустриялық аймақ осы индустриялық аймақтың құрылу мерзімі өткен соң таратылады.
Республикалық немесе өңірлік маңызы бар индустриялық аймақтың жұмыс істеу мерзімі облыстың, республикалық маңызы бар қаланың, астананың жергілікті атқарушы органының осындай индустриялық аймақ құру туралы тиісті шешімінде айқындалады.
2. Республикалық немесе өңірлік маңызы бар индустриялық аймақ таратылғаннан кейін осындай индустриялық аймақ қатысушыларының Қазақстан Республикасының шекаралық аймағы мен шекаралық белдеуінде орналасқан жер учаскелерін беру үшін көзделген шектеулер ескеріле отырып, Қазақстан Республикасының Жер кодексінде белгіленген тәртіппен және негіздерде жер учаскелерін сатып алуға құқығы болады.
Республикалық немесе өңірлік маңызы бар индустриялық аймақ таратылған кезде республикалық немесе өңірлік маңызы бар индустриялық аймақтың қатысушысы жылжымайтын мүлік объектілерін және (немесе) онымен байланысты ғимараттарды (құрылысжайларды) салуды аяқтамаған жағдайда, жергілікті атқарушы органдар уақытша өтеулі жер пайдалану (жалдау) құқығын үш жылдан аспайтын мерзімге береді.
3. Республикалық немесе өңірлік маңызы бар индустриялық аймақ таратылған кезден бастап осындай индустриялық аймақтың қатысушыларымен жасалған қызметті жүзеге асыру туралы шарттар өз қолданысын тоқтатады.
Таратылатын индустриялық аймақтың басқарушы компаниясы Қазақстан Республикасының азаматтық заңнамасына сәйкес таратылуға жатады.
5-тарау. БІРЫҢҒАЙ ҮЙЛЕСТІРУ ОРТАЛЫҒЫ
36-бап. Бірыңғай үйлестіру орталығы
1. Бірыңғай үйлестіру орталығы арнайы экономикалық және индустриялық аймақтардың қызметін үйлестіруді жүзеге асыратын заңды тұлға болып табылады.
2. Бірыңғай үйлестіру орталығының міндеттері арнайы экономикалық және индустриялық аймақтарды дамыту, ілгерілету және олардың инвестициялық тартымдылығын арттыру болып табылады.
3. Қазақстан Республикасында арнайы экономикалық және индустриялық аймақтарды тиімді және тұрақты дамыту мақсаттарында бірыңғай үйлестіру орталығы Қазақстан Республикасының заңнамасында тыйым салынбаған қаржыландыру көздерін тартуға және пайдалануға құқылы.
4. Бірыңғай үйлестіру орталығы өз қызметінде уәкілетті органға есеп береді.
Бірыңғай үйлестіру орталығының басшылығын уәкілетті орган тағайындайды және босатады.
37-бап. Бірыңғай үйлестіру орталығының құзыреті
Бірыңғай үйлестіру орталығының құзыретіне:
1) арнайы экономикалық және индустриялық аймақтардың қатысушыларын тіркеу, арнайы экономикалық және индустриялық аймақтардың инфрақұрылымын қаржыландыру және дамыту мәселелері бойынша мемлекеттік органдармен, арнайы экономикалық және индустриялық аймақтардың басқарушы компанияларының қатысушыларымен (акционерлерімен), басқарушы компанияларымен, арнайы экономикалық және индустриялық аймақтардың қатысушыларымен өзара іс-қимыл жасасу;
2) уәкілетті органға Қазақстан Республикасының арнайы экономикалық және индустриялық аймақтар туралы заңнамасын жетілдіру жөнінде ұсыныстар енгізу;
3) арнайы экономикалық және индустриялық аймақтардың басқарушы компанияларының мемлекетке тиесілі жарғылық капиталға қатысу үлестерін (акцияларын) сенімгерлік басқару;
4) арнайы экономикалық аймақтар қатысушыларының бірыңғай тізілімін жүргізу;
5) тұлғаның арнайы экономикалық аймақтың қатысушысы ретінде тіркелгенін куәландыратын куәлікті беру;
6) индустриялық аймақтардың бірыңғай тізілімін жүргізу;
7) арнайы экономикалық және индустриялық аймақтардың аумақтарында қызметті жүзеге асыру туралы шарттар талаптарының орындалуын мониторингтеу;
8) арнайы экономикалық және индустриялық аймақтардың инфрақұрылым объектілерінің жай-күйін мониторингтеу;
9) арнайы экономикалық немесе индустриялық аймақтың басқарушы компаниясының даму стратегиясында қаланған нысаналы индикаторларға қол жеткізуін мониторингтеу;
10) арнайы экономикалық және индустриялық аймақтарды дамыту және ілгерілету бойынша қызметтер көрсету, оның ішінде:
басқару, ішкі бизнес-процестер моделі мен корпоративтік құжаттарды әзірлеу және арнайы экономикалық және индустриялық аймақтардың басқарушы компанияларына ендіру;
арнайы экономикалық және индустриялық аймақтарды дамыту стратегиясын, арнайы экономикалық аймақтар үшін жобаларды іріктеу өлшемшарттарын әзірлеу, арнайы экономикалық және индустриялық аймақтардың басқарушы компанияларын қаржыландыруды жоспарлау, арнайы экономикалық және индустриялық аймақтарды қаржыландыру жоспарларын әзірлеу (бюджетті жасау және шоғырландыру) бойынша ұсынымдарды (ұсыныстарды) тұжырымдау;
арнайы экономикалық және индустриялық аймақтардың басқарушы компанияларының қызметкерлерін оқыту;
арнайы экономикалық және индустриялық аймақтардың маркетингтік стратегиясын әзірлеу бойынша нарыққа талдау жүргізу және арнайы экономикалық және индустриялық аймақтардың басқарушы компанияларына консультация беру;
нысаналы маркетинг жүргізу;
жобаларға талдау жүргізу;
отандық арнайы экономикалық және индустриялық аймақтарды халықаралық нарықта ілгерілетуді қамтамасыз ету;
арнайы экономикалық және индустриялық аймақтардың әлеуетті қатысушыларының қызметін ақпараттық қолдап отыруды қамтамасыз ету;
арнайы экономикалық және индустриялық аймақтарға әлеуетті инвесторларды тартуға жәрдем көрсету;
11) уәкілетті органның стратегиялық құжаттарының нысаналы индикаторларына қол жеткізуге жәрдем көрсету жатады.
6-тарау. АРНАЙЫ ЭКОНОМИКАЛЫҚ
АЙМАҚТАРДЫ БАСҚАРУ
38-бап. Арнайы экономикалық аймақтың басқарушы компаниясын құру
1. Қазақстан Республикасы Үкіметінің арнайы экономикалық аймақты құру туралы қаулысы қолданысқа енгізілгеннен кейін Қазақстан Республикасының Үкіметі немесе облыстың, республикалық маңызы бар қаланың, астананың жергілікті атқарушы органы акционерлік қоғамның немесе жауапкершілігі шектеулі серіктестіктің ұйымдық-құқықтық нысанында арнайы экономикалық аймақтың басқарушы компаниясын құру және (немесе) құруға қатысу туралы шешім қабылдауға тиіс.
2. Арнайы экономикалық аймақ құрылған жағдайда:
1) Қазақстан Республикасының Үкіметі;
2) облыстың, республикалық маңызы бар қаланың, астананың жергілікті атқарушы органы басқарушы компанияның құрылтайшылары бола алады.
Басқарушы компания Қазақстан Республикасының акционерлік қоғамдар туралы заңнамасында белгіленген ерекшеліктер ескеріле отырып, мемлекеттік емес заңды тұлғаның, оның ішінде басқа елдерде немесе Қазақстан Республикасында арнайы экономикалық аймақтарды басқару тәжірибесі бар шетелдік заңды тұлғаның қатысуымен де құрылуы мүмкін.
Бұл ретте құрылған басқарушы компанияда басқарушы компания шығарған жарғылық капиталға қатысу үлестерінің (дауыс беретін акциялардың) жиырма алты пайызынан аспайтыны мемлекетке тиесілі болуға тиіс.
Мемлекеттік емес заңды тұлғаға, оның ішінде шетелдік заңды тұлғаға акционерлік қоғамдар акцияларының мемлекеттік пакетін немесе жауапкершілігі шектеулі серіктестіктердің жарғылық капиталға қатысу үлестерін сату тәртібі «Мемлекеттік мүлік туралы» Қазақстан Республикасы Заңының 105-бабында белгіленген тәртіппен жүзеге асырылады.
Басқарушы компаниялардың мемлекетке тиесілі жарғылық капиталға қатысу үлестері (дауыс беретін акциялары) бірыңғай үйлестіру орталығына сенімгерлік басқаруға берілуі мүмкін.
3. Арнайы экономикалық аймақтың басқарушы компаниясы болып осындай басқарушы компанияның жарғылық капиталға қатысу үлестерінің (акцияларының) жиырма алты пайызынан аспайтыны мемлекетке тиесілі болуы шартымен мемлекеттік емес заңды тұлға, оның ішінде шетелдік заңды тұлға айқындалуы мүмкін.