82-бап. Қате жазуларды және (немесе) арифметикалық қателерді түзету
1. Әкімшілік орган, лауазымды адам өзінің бастамасы бойынша немесе әкімшілік рәсімге қатысушының өтінішхаты бойынша әкімшілік актінің мазмұнын өзгертпей, әкімшілік актіде жіберілген қате жазуларды және (немесе) арифметикалық қателерді түзетуге құқылы.
2. Әкімшілік орган, лауазымды адам түзету үшін қажет құжатты талап етуге құқылы.
3. Қате жазуларды және (немесе) арифметикалық қателерді түзетулер туралы өтінішхатты қарау арыз келіп түскен күннен бастап үш жұмыс күні ішінде жүзеге асырылады.
4. Қате жазулар және (немесе) арифметикалық қателер лауазымды адамның қолымен расталады.
5. Түзетілген әкімшілік актінің көшірмесі әкімшілік акт түзетілген күннен бастап үш жұмыс күні ішінде әкімшілік рәсімге қатысушыға жіберіледі.
83-бап. Әкімшілік актінің күшіне енуі, қолданысқа енгізілуі және қолданысының тоқтатылуы
1. Әкімшілік акт, егер онда анағұрлым кеш мерзім көрсетілмесе, қабылданған кезден бастап күшіне енеді.
2. Әкімшілік акт осы Кодекстің 81-бабында белгіленген тәртіппен әкімшілік рәсімге қатысушының назарына жеткізілген кезден бастап қолданысқа енгізіледі.
3. Әкімшілік актіде көзделген оқиға басталған, оның талаптары орындалған, әкімшілік актінің күші жойылған немесе қолданыс мерзімі өткен кезден бастап әкімшілік акт қолданысын тоқтатады.
84-бап. Заңсыз әкімшілік актінің күшін жою
1. Қазақстан Республикасының әкімшілік рәсімдер туралы заңнамасын бұзу, егер мұндай бұзу дұрыс емес әкімшілік акт қабылдауға алып келсе не алып келуі мүмкін болса, әкімшілік актіні заңсыз деп тану үшін негіз болып табылады.
Мәні бойынша дұрыс әкімшілік акт бір ғана формальды негіздер бойынша заңсыз деп таныла алмайды.
2. Заңсыз әкімшілік актінің толық немесе бір бөлігінде күші жойылуы мүмкін.
3. Заңсыз әкімшілік актінің күші жойылған кезде әкімшілік актіні заңсыз деп танудың заңды салдары туралы шешім қабылданады.
Әкімшілік акт қабылданған кезден бастап та, ол заңсыз деп танылған кезден бастап та жарамсыз деп танылуы мүмкін.
4. Заңсыз ауыртпалық түсіретін әкімшілік акт міндетті түрде күші жойылуға жатады.
5. Заңсыз қолайлы әкімшілік актінің күшін жойған кезде әкімшілік рәсімге қатысушының сенім құқығын қорғау қағидаты назарға алынады.
6. Әкімшілік рәсімге қатысушы, егер:
1) соның негізінде әкімшілік акт шығарылған құқықтық акт конституциялық емес деп танылса;
2) әкімшілік рәсімдерге қатысушы ұсынған құжаттың не мәліметтердің қасақана анық еместігі белгіленсе;
3) әкімшілік акт әкімшілік рәсімге қатысушының заңды күшіне енген сот үкімімен немесе қаулысымен, прокурордың, қылмыстық қудалау органының, әкімшілік құқық бұзушылық туралы істерді қарауға уәкілеттік берілген органның (лауазымды адамның) қаулысымен белгіленген құқыққа қарсы әрекеттерді жасауы нәтижесінде қабылданса;
4) әкімшілік акт мемлекеттік немесе қоғамдық мүдделерді, мемлекеттің қауіпсіздігін қозғайтын не адамдардың өмірі, денсаулығы үшін ауыр еңсерілмес салдарға алып келуі мүмкін болса, сенім құқығын қорғау қағидатына сілтеме жасауға құқылы емес.
7. Заңсыз қолайлы әкімшілік акт осы баптың алтыншы бөлігінде көзделген жағдайларда ғана күші жойылуға жатады.
8. Заңсыз қолайлы әкімшілік актінің күшін жою салдарынан туындаған зиян әкімшілік рәсімге қатысушыға орны толтырылуға жатады, оның сенім құқығы Қазақстан Республикасы азаматтық заңнамасының қағидаларына сәйкес Қазақстан Республикасының заңдарымен қорғалады.
85-бап. Заңды әкімшілік актінің күшін жою
1. Қазақстан Республикасының заңнамасының негізінде және талаптарына сәйкес қабылданған әкімшілік акт заңды болып есептеледі.
2. Заңды әкімшілік актінің толық немесе бір бөлігінде күшін жойылуы мүмкін.
3. Заңды ауыртпалық түсіретін әкімшілік актінің күшін жоюға Қазақстан Республикасының заңдарында тыйым салынған жағдайларды қоспағанда, әкімшілік орган, лауазымды адам мұндай актінің күшін жоюы мүмкін.
4. Егер:
1) әкімшілік актінің күшін жою мүмкіндігі Қазақстан Республикасының заңдарында және әкімшілік актіде көзделсе;
2) әкімшілік акт шартпен қабылданса және бұл шарт орындалмаса не тиісінше түрде орындалмаса, заңды қолайлы әкімшілік актінің күші жойылуы мүмкін.
86-бап. Әкімшілік актіні орындау тәртібі мен мерзімдері
1. Әкімшілік акт барлық мемлекеттік органдар, жергілікті өзін-өзі басқару органдары, заңды тұлғалар, лауазымды адамдар, азаматтар үшін міндетті және орындалуға жатады.
2. Әкімшілік актіні, егер Қазақстан Республикасының заңдарында өзгеше белгіленбесе, оны қабылдаған әкімшілік орган, лауазымды адам орындауға енгізеді.
3. Әкімшілік акт, егер Қазақстан Республикасының заңдарында немесе әкімшілік актіде өзгеше белгіленбесе, бес жұмыс күні ішінде орындалуға тиіс.
12-тарау. ОҢАЙЛАТЫЛҒАН ӘКІМШІЛІК РӘСІМ
87-бап. Оңайлатылған әкімшілік рәсімді жүзеге асыру тәртібі
1. Хабарламаларды, ұсыныстарды, үн қосуларды және сұрау салуларды қарау оңайлатылған әкімшілік рәсім тәртібімен жүзеге асырылады.
2. Оңайлатылған әкімшілік рәсімді мемлекеттік орган, жергілікті өзін-өзі басқару органы, мемлекет жүз пайыз қатысатын заңды тұлға және олардың лауазымды адамдары осы бөлімде белгіленген тәртіппен, осы тарауда белгіленген ерекшеліктермен жүзеге асырады.
3. Осы тараудың мақсаты үшін мемлекеттік органға, жергілікті өзін-өзі басқару органына, мемлекет жүз пайыз қатысатын заңды тұлғаға және олардың лауазымды адамдарына хабарлама, ұсыныс, үн қосу немесе сұрау салу жіберген тұлға арыз иесі деп түсініледі.
88-бап. Оңайлатылған әкімшілік рәсімді тоқтату
1. Мына мән-жайлардың тым болмағанда бірі болған кезде:
1) қайталама хабарламаларда, ұсыныстарда, үн қосуларда, сұрау салуларда жаңа дәлелдер немесе жаңадан ашылған мән-жайлар келтiрiлмесе, ал алдыңғы хабарламаның, ұсыныстың, үн қосудың, сұрау салудың материалдарында тексерудің қажетті материалдары болса және арыз иесіне белгіленген тәртіппен жауаптар берілсе;
2) хабарламаның, ұсыныстың, үн қосудың, сұрау салудың авторын анықтау мүмкін болмаса, арыз иесінің қолтаңбасы, оның ішінде электрондық цифрлық қолтаңбасы, пошталық мекенжайы болмаса, оларда дайындалып жатқан немесе жасалған қылмыстық құқық бұзушылық не мемлекеттік немесе қоғамдық қауіпсіздікке төнген қатер туралы және олардың құзыретіне сәйкес мемлекеттік органдарға дереу жолдануға жататын мәліметтер қамтылған жағдайларды қоспағанда;
3) хабарламада, ұсыныста, үн қосуда, сұрау салуда мәселенің мәні баяндалмаса, оңайлатылған әкімшілік рәсім тоқтатылуға жатады.
2. Оңайлатылған әкімшілік рәсімді тоқтату туралы шешімді хабарламаны, ұсынысты, үн қосуды, сұрау салуды қарайтын субъектінің басшысы немесе оның орынбасары қабылдайды.
3. Оңайлатылған әкімшілік рәсімді тоқтату туралы шешімге осы Кодексте белгіленген тәртіппен шағым жасалуы мүмкін.
89-бап. Әкімшілік істі оңайлатылған әкімшілік рәсімде қараудың нәтижелері бойынша шешімдердің түрлері
1. Әкімшілік істі оңайлатылған әкімшілік рәсімде қарау қорытындылары бойынша мынадай:
1) жауап, оның ішінде хабардың, ұсыныстың, үн қосудың, сұрау салудың мәні бойынша ақпарат беру;
2) назарға алу;
3) оңайлатылған әкімшілік рәсімді тоқтату туралы шешімдердің бірі шығарылады.
2. Хабарға, ұсынысқа, үн қосуға, сұрау салуға жауаптар Қазақстан Республикасының заңнамасына сілтеме жасай отырып, мемлекеттік тілде немесе өтініш берілген тілде мазмұны бойынша негізделген және уәжделген болуға, оның қабылданған шешімге шағым беру құқықтары түсіндіріле отырып, арыз иесінің дәлелдерін жоққа шығаратын немесе растайтын нақты фактілерді қамтуға тиіс.
3. Хабарды, ұсынысты, үн қосуды, сұрау салуды қарайтын субъектілер мен лауазымды адамдар арыз иесіне әкімшілік істі қараудың нәтижелері және қабылданған шаралар туралы хабар береді.
90-бап. Жеке тұлғаларды және заңды тұлғалардың өкілдерін жеке қабылдау
1. Мемлекеттік органдардың, жергілікті өзін-өзі басқару органдарының басшылары және олардың орынбасарлары тиісті мемлекеттік органның басшысы бекітетін қабылдау кестесіне сәйкес айына кемінде бір рет азаматтарды және заңды тұлғалардың өкілдерін, оның ішінде осы органдардың қызметкерлерін жеке қабылдауды жүргізуге міндетті.
2. Қабылдау белгіленген және жеке және заңды тұлғалардың назарына жеткізілген күндер мен сағаттарда жұмыс орны бойынша өткізілуге тиіс.
3. Егер жолданымды лауазымды адам қабылдау кезінде шеше алмаса, ол жазбаша нысанда баяндалады және онымен жазбаша жолданым ретінде жұмыс жүргізіледі.
2023.02.10. № 31-VIII ҚР Заңымен 12-1-тараумен толықтырылды (2024 ж. 4 сәуірден бастап қолданысқа енгізілді)
12-1-тарау. Петиция
90-1-бап. Жалпы ережелер
1. Мемлекеттік орган, жергілікті өкілді және атқарушы органдар петицияны осы тарауда белгіленген ерекшеліктерді ескере отырып, осы Кодексте белгіленген тәртіппен қарайды.
2. Осы тараудың мақсаты үшін арыз иесі деп петицияны берген Қазақстан Республикасының азаматы түсініледі.
90-2-бап. Петицияны беру тәртібі
1. Арыз иесі петицияны мемлекет пен азаматтық қоғамның өзара іс-қимылы саласындағы уәкілетті орган айқындайтын интернет-ресурс (бұдан әрі - интернет-ресурс) арқылы не мемлекет пен азаматтық қоғамның өзара іс-қимылы саласындағы уәкілетті орган бекіткен нысан бойынша жазбаша арыз түрінде интернет-ресурста орналастыру үшін береді.
2. Петицияда:
1) тегі, аты, әкесінің аты (егер ол жеке басын куәландыратын құжатта көрсетілсе), жеке сәйкестендіру нөмірі, тұрғылықты жері, электрондық мекенжайы;
2) петиция берілетін мемлекеттік органның, жергілікті өкілді және (немесе) атқарушы органның атауы;
3) арыз иесі өкілінің тиісті өкілеттіктерін растайтын құжаттың көшірмесі (егер петицияны оның өкілі берсе);
4) петицияның мазмұны, сондай-ақ петицияның нысанасы бойынша дәлелдер мен ұсыныстар көрсетіледі.
Қажет болғанда арыз иесі немесе оның өкілі растайтын құжаттарды және (немесе) өзге де материалдарды петицияға қоса береді.
3. Мыналар:
1) адамның және азаматтың құқықтары мен бостандықтарын бұзуға алып келуі мүмкін;
2) конституциялық құрылысқа, қоғамдық тәртіпке, халықтың денсаулығы мен имандылығына нұқсан келтіруі мүмкін мәселелер;
3) Қазақстан Республикасының тәуелсіз мемлекет ретіндегі мәртебесін, Республиканың біртұтастығы мен аумақтық тұтастығын, оны басқару нысанын, Республика қызметінің түбегейлі қағидаттарын, Республика Президенті жеті жыл мерзімге сайланады және бір адам бір реттен артық Республика Президенті болып сайлана алмайды деген ережелерді өзгерту;
4) Қазақстан Республикасының әкімшілік-аумақтық құрылысы мен Мемлекеттік шекарасы;
5) сотқа дейінгі тергеп-тексеру және сот төрелігін жүзеге асыру;
6) прокуратура органдарының заңдылықтың сақталуын жоғары қадағалауы;
7) сыртқы барлау, қарсы барлау, жедел-іздестіру, құқық қорғау қызметі, сондай-ақ күзетілетін адамдар мен объектілердің қауіпсіздігін қамтамасыз ету, күзету іс-шараларын жүргізу;
8) Қазақстан Республикасының қылмыстық-атқару, қылмыстық-процестік, азаматтық процестік, әкімшілік рәсімдік-процестік заңнамасы және Қазақстан Республикасының әкімшілік құқық бұзушылық туралы заңнамасы;
9) қорғаныс, ұлттық қауіпсіздік және қоғамдық тәртіпті сақтау;
10) адамдарға рақымшылық және кешірім жасау;
11) Қазақстан Республикасы Президентінің, Парламенті Палаталары мен Үкіметінің қарауына жататын адамдарды лауазымға тағайындау және сайлау, лауазымынан босату;
12) Қазақстан Республикасының халықаралық шарттарынан туындайтын міндеттемелерді орындау мәселелері;
13) Қазақстан Республикасының сайлау және республикалық референдум туралы заңнамасында реттелетін мәселелер;
14) Қазақстан Республикасының мемлекеттік рәміздері;
15) мемлекеттік тілдің мәртебесі;
16) мемлекеттік органдардың құзыретін, өкілеттіктерін, функциялары мен міндеттерін өзгерту мәселелері;
17) төтенше жағдай және (немесе) төтенше ахуал режимдерінің қолданылуы шеңберінде қабылданатын шешімдердің күшін жою және оларды өзгерту туралы мәселелер петицияның нысанасы бола алмайды.
4. Петицияны интернет-ресурста еркін қолжетімді етіп орналастыру үшін петиция мынадай шарттарға сәйкес келуге тиіс:
1) мемлекет пен азаматтық қоғамның өзара іс-қимылы саласындағы уәкілетті орган айқындаған нысан бойынша және тәртіппен он жұмыс күні ішінде электрондық нысанда және жиырма жұмыс күні ішінде жазбаша түрде Қазақстан Республикасының кемінде елу азаматының петицияға қосылуы;
2) петицияның осы баптың екінші және үшінші бөліктерінде белгіленген талаптарға сәйкес келуі;
3) петицияны берген кезде интернет-ресурста дәл сондай нысанадағы петицияның болмауы.
5. Мемлекет пен азаматтық қоғамның өзара іс-қимылы саласындағы уәкілетті орган петицияға Қазақстан Республикасының кемінде елу азаматы қосылған күннен бастап жиырма жұмыс күні ішінде петицияның осы баптың төртінші бөлігінде көрсетілген шарттарға сәйкестігін тексеруді жүзеге асырады.
Петицияның осы баптың үшінші бөлігінде көрсетілген шарттарға сәйкестігін анықтау қажет болғанда мемлекет пен азаматтық қоғамның өзара іс-қимылы саласындағы уәкілетті орган уәкілетті мемлекеттік органдарға сұрау салу жіберуге құқылы.
6. Петиция осы баптың төртінші бөлігінде көрсетілген шарттарға сәйкес келмеген жағдайда мемлекет пен азаматтық қоғамның өзара іс-қимылы саласындағы уәкілетті орган себептерін негіздей отырып, петицияны қабылдамайды, бұл жөнінде арыз иесін немесе оның өкілін электрондық нысанда және (немесе) жазбаша түрде хабардар етеді.
7. Петиция осы баптың төртінші бөлігінде көрсетілген шарттарға сәйкес келген жағдайда мемлекет пен азаматтық қоғамның өзара іс-қимылы саласындағы уәкілетті орган петицияға Қазақстан Республикасы азаматтарының қосыла бастауы үшін оны интернет-ресурста еркін қолжетімді етіп орналастырады, бұл жөнінде арыз иесі немесе оның өкілі электрондық нысанда және (немесе) жазбаша түрде хабардар етіледі.
8. Мемлекет пен азаматтық қоғамның өзара іс-қимылы саласындағы уәкілетті орган петицияны интернет-ресурста еркін қолжетімді етіп орналастырған күннен бастап бес жұмыс күні ішінде ақпараттық хаттар жіберу арқылы бұқаралық ақпарат құралдары саласындағы уәкілетті органда есепке қойылған бұқаралық ақпарат құралдарына петицияға қосылудың басталғаны туралы хабарлайды.
90-3-бап. Петицияға қосылу
1. Қазақстан Республикасының азаматтары петицияға қосылуды интернет-ресурста мемлекет пен азаматтық қоғамның өзара іс-қимылы саласындағы уәкілетті орган айқындайтын тәртіппен электрондық цифрлық қолтаңба арқылы немесе жазбаша түрде куәландыра отырып жүзеге асырады.
Петицияға қосылу Қазақстан Республикасының азаматы Қазақстан Республикасының дербес деректер және оларды қорғау туралы заңнамасына сәйкес берілетін дербес деректерін жинауға және өңдеуге келісімін берген жағдайда жүзеге асырылады.
2. Петиция интернет-ресурста еркін қолжетімді етіп орналастырылған кезден бастап алты ай ішінде петицияға қосылуға болады.
3. Қазақстан Республикасы азаматының петицияға қосылу және (немесе) интернет-ресурста еркін қолжетімді түрде комментарий орналастыру арқылы оған қатысты өз көзқарасын білдіруге құқығы бар.
4. Қосылудың қорытындысы бойынша:
Қазақстан Республикасы Үкіметінің құзыретіне жататын мәселелер бойынша оны қолдауға Қазақстан Республикасы азаматтарының кемінде елу мың даусына;
облыстардың, республикалық маңызы бар қалалардың, астананың жергілікті өкілді органдарының құзыретіне жататын мәселелер бойынша оны қолдауға тиісті әкімшілік-аумақтық бірлік халқының санында Қазақстан Республикасы азаматтарының кемінде екі пайыз даусына;
облыстардың, республикалық маңызы бар қалалардың, астананың жергілікті атқарушы органдарының құзыретіне жататын мәселелер бойынша оны қолдауға тиісті әкімшілік-аумақтық бірлік халқының санында Қазақстан Республикасы азаматтарының кемінде бір пайыз даусына;
қалалық, аудандық жергілікті өкілді органдардың құзыретіне жататын мәселелер бойынша оны қолдауға тиісті әкімшілік-аумақтық бірліктің халық саны елу мыңнан асқанда - Қазақстан Республикасы азаматтарының кемінде бес мың даусына, қалғандары үшін - халық санының кемінде он пайызына;
аудандардың (облыстық маңызы бар қалалардың) жергілікті атқарушы органдарының, республикалық маңызы бар қалалардағы (астанадағы) аудандардың, облыстық маңызы бар қалалардағы аудандардың әкімдері аппараттарының, аудандық маңызы бар қалалардағы, ауылдардағы, кенттердегі, ауылдық округтердегі әкімдер аппараттарының құзыретіне жататын мәселелер бойынша оны қолдауға тиісті әкімшілік-аумақтық бірліктің халық саны елу мыңнан асқанда - Қазақстан Республикасы азаматтарының кемінде екі мың бес жүз даусына, қалғандары үшін - халық санының кемінде бес пайызына ие болған петиция қолдау тапқан болып есептеледі.
5. Осы баптың төртінші бөлігінде көрсетілген шекті мәнге жетпеген петицияны мемлекет пен азаматтық қоғамның өзара іс-қимылы саласындағы уәкілетті орган петиция интернет-ресурста еркін қолжетімді етіп орналастырылған кезден бастап алты ай өткен соң арыз иесіне қайтарады.
Мұндай петицияны мемлекет пен азаматтық қоғамның өзара іс-қимылы саласындағы уәкілетті орган құзыреті бойынша тиісті мемлекеттік органға, жергілікті өкілді және (немесе) атқарушы органға жібереді және ол осы Кодексте белгіленген тәртіппен хабар, үн қосу немесе ұсыныс ретінде қаралады.
90-4-бап. Петицияларды қабылдау, тіркеу және есепке алу
1. Осы Кодекстің 90-3-бабының төртінші бөлігінде көрсетілген шекті мәнге жеткен кезде мемлекет пен азаматтық қоғамның өзара іс-қимылы саласындағы уәкілетті орган өз өкілеттіктеріне петицияны қарау кіретін мемлекеттік органға, жергілікті өкілді және атқарушы органдарға петицияны жібереді, бұл жөнінде арыз иесі электрондық нысанда хабардар етіледі және ол туралы ақпарат петицияны жіберу туралы шешім қабылданған кезден бастап үш жұмыс күні ішінде интернет-ресурста орналастырылады.
2. Осы Кодексте белгіленген тәртіппен берілген петиция міндетті түрде қабылдануға, тіркелуге, есепке алынуға және қаралуға жатады.
Петицияны қабылдаудан бас тартуға тыйым салынады.
3. Петицияларды тіркеу, есепке алу мемлекет пен азаматтық қоғамның өзара іс-қимылы саласындағы уәкілетті орган белгілеген тәртіппен жүзеге асырылады.
90-5-бап. Петицияны қарау тәртібі мен мерзімі
1. Петицияны қарау мерзімі:
1) петицияны орталық мемлекеттік орган тіркеген күннен бастап қырық жұмыс күнінен аспайды;
2) петицияны жергілікті өкілді және (немесе) атқарушы орган тіркеген күннен бастап жиырма жұмыс күнінен аспайды.
2. Петицияны қарау кезінде орталық мемлекеттік орган:
1) петицияда жазылған фактілерді тексеру талап етілмейтін жағдайларды қоспағанда, сол жерге баруды жүзеге асыруға;
2) шешімнің жобасын жария талқылауды өткізу басталғанға дейін үш жұмыс күні қалғанда арыз иесін не оның өкілін және мүдделі тұлғаларды шақырып және өткізілетін күні мен орны туралы интернет-ресурстар арқылы, сондай-ақ электрондық немесе қағаз нысанда міндетті түрде хабардар ете отырып, оны өткізуге;
3) құрамына мүдделі мемлекеттік органдардың өкілдерін, Қазақстан Республикасы Парламентінің және (немесе) мәслихаттың депутаттарын, арыз иесін немесе оның өкілін, сондай-ақ қоғамдық бірлестіктерді қоса отырып, жеке комиссияны немесе жұмыс тобын құруға;
4) петицияға қатысты келіп түскен комментарийлерді, сондай-ақ петицияның нысанасы бойынша экономикалық, әлеуметтік, статистикалық және өзге де қажетті ақпаратты талдауға;
5) халықаралық тәжірибені зерделеуге және салыстырмалы-құқықтық талдау жүргізуге (егер петицияның нысанасы Қазақстан Республикасының заңнамасына өзгерістер енгізуді талап ететін болса) міндетті.
Петицияны қарау кезінде жергілікті өкілді және (немесе) атқарушы органдар:
1) петицияда жазылған фактілерді тексеру талап етілмейтін жағдайларды қоспағанда, сол жерге баруды жүзеге асыруға;
2) шешімнің жобасын жария талқылауды өткізу басталғанға дейін үш жұмыс күні қалғанда арыз иесін не оның өкілін және мүдделі тұлғаларды шақырып және өткізілетін күні мен орны туралы интернет-ресурс арқылы, сондай-ақ электрондық немесе қағаз нысанда міндетті түрде хабардар ете отырып, оны өткізуге;
3) құрамына мүдделі мемлекеттік органдардың өкілдерін, Қазақстан Республикасы Парламентінің және (немесе) мәслихаттың депутаттарын, арыз иесін немесе оның өкілін, сондай-ақ қоғамдық бірлестіктерді қоса отырып, уақытша комиссияны немесе жұмыс тобын құруға міндетті.
90-6-бап. Петицияны қарау нәтижелері бойынша қабылданатын шешімдер
1. Петицияны қарау нәтижелері бойынша орталық мемлекеттік немесе жергілікті атқарушы органның бірінші басшысы, жергілікті өкілді органның төрағасы:
1) петицияны толық немесе ішінара қанағаттандыру туралы;
2) петицияны қанағаттандырудан бас тарту туралы шешімдердің бірін қабылдайды.
2. Петицияны қарау нәтижелері бойынша қабылданған шешім мемлекет пен азаматтық қоғамның өзара іс-қимылы саласындағы уәкілетті орган бекіткен нысанға сәйкес ресімделеді.
Петицияны қарау нәтижелері бойынша қабылданған шешім Қазақстан Республикасының заңнамасына сілтеме жасай отырып, мемлекеттік тілде немесе петиция тілінде, мазмұны жағынан негізделген және уәжделген болуға, арыз иесінің немесе оның өкілінің және петицияға қосылған Қазақстан Республикасы азаматтарының қабылданған шешімге шағым жасау құқықтары түсіндіріле отырып, олардың дәлелдерін жоққа шығаратын немесе растайтын нақты фактілерді қамтуға тиіс.
3. Петицияны қарау нәтижелері бойынша қабылданған шешім интернет-ресурста шешім шығарылған күннен бастап келесі жұмыс күнінен кешіктірілмейтін мерзімде орналастырылады.
Петицияны қарау нәтижелері бойынша орталық мемлекеттік немесе жергілікті атқарушы органның бірінші басшысы, жергілікті өкілді органның төрағасы ресми түрде хабарлама жасауға міндетті.
13-тарау. ШАҒЫМ ЖАСАУ ТӘРТІБІ. ШАҒЫМ БЕРУ
91-бап. Шағым жасау тәртібі
1. Әкімшілік рәсімге қатысушы әкімшілік (сотқа дейінгі) тәртіппен әкімшілік актіні қабылдауға байланысты емес әкімшілік актіге, әкімшілік әрекетке (әрекетсіздікке) шағым жасауға құқылы.
Осы Кодексте көзделген жағдайларда әкімшілік рәсімге қатысушы әкімшілік актіні қабылдауға байланысты әкімшілік әрекетке (әрекетсіздікке) шағым жасауға құқылы.
2. Егер әкімшілік орган, лауазымды адам осы Кодексте белгіленген мерзімдерде әкімшілік актіні қабылдамаса, әкімшілік әрекет жасамаса, онда мерзімдер өткен күннен бастап әкімшілік орган, лауазымды адам әкімшілік актіні қабылдаудан, әкімшілік әрекет жасаудан бас тартты деп есептеледі.
3. Шағымды әкімшілік тәртіппен (сотқа дейінгі) қарауды жоғары тұрған әкімшілік орган, лауазымды адам (бұдан әрі - шағымды қарайтын орган) жүргізеді.
Әкімшілік актісіне, әкімшілік әрекетіне (әрекетсіздігіне) шағым жасалатын әкімшілік орган, лауазымды адам үшін бағыныстылық тәртібімен жоғары тұрған болып табылатын Қазақстан Республикасының Президентін, Қазақстан Республикасының Премьер-Министрін, Қазақстан Республикасының Үкіметін қоспағанда, әкімшілік орган, лауазымды адам, сондай-ақ Қазақстан Республикасының заңдарына сәйкес шағымдарды қарауға уәкілеттік берілген өзге де әкімшілік орган, лауазымды адам осы Кодекстің мақсаттары үшін шағымды қарайтын орган деп танылады.
4. Шағым әкімшілік актісіне, әкімшілік әрекетіне (әрекетсіздігіне) шағым жасалатын әкімшілік органға, лауазымды адамға беріледі.
Әкімшілік актісіне, әкімшілік әрекетіне (әрекетсіздігіне) шағым жасалатын әкімшілік орган, лауазымды адам шағым келіп түскен күннен бастап үш жұмыс күнінен кешіктірмей оны және әкімшілік істі шағымды қарайтын органға жібереді.
Бұл ретте әкімшілік актісіне, әкімшілік әрекетіне (әрекетсіздігіне) шағым жасалатын әкімшілік орган, лауазымды адам, егер ол үш жұмыс күні ішінде шағымда көрсетілген талаптарды толық қанағаттандыратын қолайлы әкімшілік акт қабылдаса, әкімшілік әрекет жасаса, шағымды қарайтын органға шағымды жібермеуге құқылы.
2023.27.03. № 216-VІІ ҚР Заңымен 5-бөлік жаңа редакцияда (2023 ж. 8 сәуірден бастап қолданысқа енгізілді) (бұр.ред.қара)
5. Егер заңда өзгеше көзделмесе, сотқа дейінгі тәртіппен шағым жасалғаннан кейін сотқа жүгінуге жол беріледі. Егер заңда жоғары тұрған органға шағым жасау қажеттілігінсіз сотқа жүгіну мүмкіндігі көзделген жағдайда, әкімшілік актісіне, әкімшілік әрекетіне (әрекетсіздігіне) дау айтылатын әкімшілік орган, лауазымды адам сотқа пікірмен қатар жоғары тұрған әкімшілік орган басшысының, лауазымды адамының уәжді ұстанымын ұсынады.