8. Қазақстан Республикасының аумағында акцизделетін алыс-беріс шикізатынан дайындалған акцизделетін тауарларды беру кезінде төленген акциз сомасы да мынадай құжаттар болған кезде шегеруге жатады:
1) акцизделетін алыс-беріс шикізатының меншік иесі мен қайта өңдеуші арасындағы алыс-беріс шикізатын қайта өңдеу туралы шарт;
2) акцизделетін алыс-беріс шикізаты меншік иесінің акцизді бюджетке төлегенін растайтын төлем құжаттары немесе өзге де құжаттар;
3) акцизделетін шикізатты беруге арналған жүкқұжат немесе қабылдап алу-беру актісі.
9. Акцизделетін тауарларды өндірушілер акцизделетін шикізатты Қазақстан Республикасының аумағында сатып алған немесе импорттаған кезде төлеген акциз сомалары осы шикізаттан дайындалған акцизделетін тауарлар үшін есептелген акциз сомасынан асып кеткен жағдайда, мұндай асып кету сомасы шегеруге жатпайды.
475-бап. Акциз төлеу мерзімдері
1. Егер осы Кодексте өзгеше көзделмесе, акцизделетін тауарларға арналған акциз есепті салықтық кезеңнен кейінгі айдың 20-күнінен кешіктірмей бюджетке аударылуға жатады.
2. Алыс-беріс шикiзаты мен материалдардан өндiрiлген акцизделетiн тауарлар бойынша акциз өнім тапсырыс берушiге немесе тапсырыс берушi көрсеткен тұлғаға берiлген күнi төленедi.
3. Қазақстан Республикасының аумағында өндiрiлген шикi мұнайды, газ конденсатын өнеркәсiптiк қайта өңдеуге беру кезінде акциз олар берiлген күнi төленедi.
4. Шарап материалын, сыраны және сыра сусынын қоспағанда, осы Кодекстiң 462-бабының 2) тармақшасында белгiленген акцизделетiн тауарларға акциз есепке алу-бақылау маркаларын алғанға дейiн төленедi.
5. Салық органдарының Еуразиялық экономикалық одаққа мүше мемлекеттердің аумағынан импортталған акцизделетін тауарлар бойынша акциздің төлену фактісін тауарларды әкелу және жанама салықтарды төлеу туралы өтініште тиісті белгі қою арқылы растауы не растаудан уәжді бас тартуы уәкілетті орган айқындаған тәртіппен жүзеге асырылады.
476-бап. Акциз төленетін жер
1. Осы баптың 2 және 3-тармақтарында көрсетілген жағдайларды қоспағанда, акциз төлеу салық салу объектісінің орналасқан жері бойынша жүргiзiледi.
2. Бензинді (авиациялық бензиндi қоспағанда) және дизель отынын көтерме, бөлшек саудада өткiзудi жүзеге асыратын акциз төлеушiлер акцизді салық салуға байланысты объектілердің орналасқан жері бойынша төлейдi.
3. Акцизделетін тауарлар Еуразиялық экономикалық одаққа мүше мемлекеттердің аумағынан импортталған жағдайда акциз төлеу акциз төлеушінің орналасқан (тұрғылықты) жері бойынша жүргізіледі.
477-бап. Салық төлеушiлердiң құрылымдық бөлiмшелер, салық салуға байланысты объектілер үшiн акциз есептеу мен төлеу тәртiбi
1. Заңды тұлғаның құрылымдық бөлімшесі, сондай-ақ салық салуға байланысты объектілер салықтық кезең ішінде жасаған акциз салынатын операциялар бойынша акциздің есеп-қисаптары (бұдан әрі бөлім бойынша - акциз бойынша есеп-қисап) жеке-жеке жасалады.
Акциз бойынша есеп-қисап негізінде заңды тұлғаның құрылымдық бөлімшесі, сондай-ақ салық салуға байланысты объектілер үшін төленуге жататын акциз сомасы айқындалады.
2. Акциз төлеушілер заңды тұлғаның құрылымдық бөлімшесінің, салық салуға байланысты объектілердің орналасқан жері бойынша салық органдарына акциз бойынша есеп-қисапты осы Кодекстің 478-бабында белгіленген мерзімдерде ұсынуға міндетті.
Бір салық органында тіркелген салық салуға байланысты бірнеше объектісі бар акциз төлеушілер барлық объектілер үшін акциз бойынша бір есеп-қисап ұсынады.
3. Ағымдағы төлемдердi қоса алғанда, заңды тұлғаның құрылымдық бөлімшелері, салық салуға байланысты объектілер үшiн акциз төлеудi акциз төлеушi заңды тұлға тiкелей өзiнiң банктік шотынан жүргізедi немесе ол заңды тұлғаның құрылымдық бөлімшесіне жүктеледi.
4. Дара кәсіпкерлер салық салуға байланысты объектілер үшін төленуге жататын акциз бойынша есеп-қисапты салық салуға байланысты объектілердің орналасқан жері бойынша ұсынады.
478-бап. Салықтық кезең және акциз бойынша салық декларациясы
1. Акцизге қатысты күнтiзбелiк ай салық кезеңi болып табылады.
2. Егер осы бапта өзгеше көзделмесе, әрбір салықтық кезең аяқталған соң акциз төлеушілер өзiнің орналасқан жерi бойынша салық органына акциз жөнiндегі декларацияны есепті салықтық кезеңнен кейiнгi екінші айдың 15-күнінен кешiктiрмей ұсынуға мiндеттi.
3. Акциз төлеушiлер декларациямен бiр мезгiлде акциз бойынша есеп-қисаптарды ұсынады.
4. Акцизделетін тауарларды Еуразиялық экономикалық одаққа мүше мемлекеттердің аумағынан Қазақстан Республикасының аумағына импорттайтын салық төлеушілер импортталған тауарлар бойынша жанама салықтар жөніндегі декларацияны орналасқан (тұрғылықты) жері бойынша салық органына осы Кодекстің 456-бабының 6-тармағында белгіленген нысан бойынша және тәртіппен, импортталған акцизделетін тауарларды есепке қабылдаған айдан кейінгі айдың 20-күнінен кешіктірілмейтін мерзімде ұсынуға міндетті. Осындай декларациямен бір мезгілде осы Кодекстің 456-бабының 2-тармағында көзделген құжаттар ұсынылады.
Бұл ретте импортталған тауарлар бойынша жанама салықтар жөніндегі декларация мен тауарларды әкелу және жанама салықтарды төлеу туралы өтініш осы Кодекстің 456-бабының 7-тармағында көзделген жағдайларда салық органына ұсынылмаған болып есептеледі.
53-тарау. АКЦИЗДЕЛЕТІН ТАУАРЛАРДЫҢ ИМПОРТЫНА САЛЫҚ САЛУ
479-бап. Импортталатын акцизделетiн тауарлардың салықтық базасы
Қазақстан Республикасының аумағына импортталатын акцизделетін тауарлар бойынша салықтық база импортталатын акцизделетін тауарлардың заттай түрдегі көлемі, саны ретінде айқындалады.
480-бап. Импортталатын акцизделетiн тауарларға акциз төлеу мерзiмдерi
1. Еуразиялық экономикалық одаққа мүше болып табылмайтын мемлекеттердің аумағынан импортталатын акцизделетін тауарларға акциздер осы баптың 2-тармағында көзделген жағдайларды қоспағанда, Еуразиялық экономикалық одақтың кеден заңнамасында және (немесе) Қазақстан Республикасының кеден заңнамасында кедендік төлемдерді төлеу үшін айқындалған күні уәкiлеттi орган айқындаған тәртіппен төленеді.
2. Осы Кодекстің 172-бабына сәйкес таңбалануға жататын импортталатын акцизделетiн тауарларға акциз акциз маркаларын, есепке алу-бақылау маркаларын алғанға дейiн төленедi.
Осы тармақтың бірінші бөлігінде көрсетілген акцизделетін тауарлар импортын жүзеге асырған кезде акциз сомасы нақтылануға жатады және акцизделетін тауарларды импорттау күні қолданыста болатын акциз мөлшерлемесі қолданылады.
3. Еуразиялық экономикалық одаққа мүше мемлекеттердің аумағынан импортталған акцизделетін тауарлар бойынша (таңбаланатын акцизделетін тауарларды қоспағанда) акциздер импортталған акцизделетін тауарлар есепке қабылданған айдан кейінгі айдың 20-күнінен кешіктірілмейтін мерзімде төленеді.
Таңбаланатын акцизделетін тауарлар бойынша акциздер төлеу осы баптың 2-тармағында белгіленген мерзімдерде жүргізіледі.
4. Қазақстан Республикасының аумағына импорты Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес акцизді төлемей жүзеге асырылған акцизделетін тауарлар оларға байланысты төлеуден босату немесе төлеудің өзге тәртібі берілген мақсаттардан өзге мақсаттарда пайдаланылған жағдайда, осы акцизделетін тауарлар осы Кодекстің 463 және 479-баптарында және Қазақстан Республикасы Үкіметінің қаулысымен белгіленген тәртіппен және акциздер мөлшерлемелері бойынша акциз салынуға жатады.
481-бап. Акцизден босатылған акцизделетiн тауарлардың импорты
1. Жеке тұлғалар Еуразиялық экономикалық одақтың кеден заңнамасында және (немесе) Қазақстан Республикасының кеден заңнамасында көзделген нормалар бойынша импорттайтын акцизделетін тауарларға акциздер салынбайды.
2. Мынадай импортталатын акцизделетін тауарлар акциз төлеуден босатылады:
1) халықаралық тасымалдарды жүзеге асыратын көлік құралдарын жолда жүру уақытында және аралық аялдама пункттерiнде пайдалану үшiн қажеттi акцизделетiн тауарлар;
2) Еуразиялық экономикалық одақтың кедендік шекарасы арқылы өткізгенге дейiн бүлiнуi салдарынан бұйымдар және материалдар ретiнде пайдалануға жарамсыз болып қалған;
3) шетелдiк дипломатиялық және оларға теңестiрiлген өкілдіктердің ресми пайдалануы үшін, сондай-ақ осы өкілдіктердің бiрге тұратын отбасы мүшелерiн қоса алғанда, дипломатиялық және әкiмшiлiк-техникалық персоналы қатарындағы адамдардың жеке пайдалануы үшiн әкелiнген. Көрсетілген тауарлар Қазақстан Республикасы қатысушы болып табылатын халықаралық шарттарға сәйкес акциз төленуден босатылады;
4) Еуразиялық экономикалық одақтың кедендік шекарасы арқылы өткізілетін, ішкі тұтыну үшін шығарудың кедендік рәсімін қоспағанда, Еуразиялық экономикалық одақтың кеден заңнамасында және (немесе) Қазақстан Республикасының кеден заңнамасында белгіленген кедендік рәсімдер шеңберінде Қазақстан Республикасының аумағында акциз төлеуден босатылатын;
5) Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес тiркелген құрамында спиртi бар медициналық мақсаттағы өнiм (бальзамдардан басқа).
12-БӨЛІМ. ӘЛЕУМЕТТІК САЛЫҚ
54-тарау. ЖАЛПЫ ЕРЕЖЕЛЕР
482-бап. Төлеушілер
1. Мыналар әлеуметтiк салық төлеушiлер болып табылады:
1) дара кәсiпкерлер;
2) жеке практикамен айналысатын адамдар;
3) егер осы баптың 3-тармағында өзгеше белгiленбесе, Қазақстан Республикасының резидент-заңды тұлғалары;
4) Қазақстан Республикасында қызметiн тұрақты мекемелер арқылы жүзеге асыратын бейрезидент-заңды тұлғалар;
5) тұрақты мекеме құруға әкеп соқпайтын құрылымдық бөлімше арқылы қызметін жүзеге асыратын бейрезидент-заңды тұлғалар.
2. Мынадай салық төлеушілер әлеуметтік салық төлеушілер болып табылмайды:
1) арнаулы салық режимін:
патент негізінде;
шаруа немесе фермер қожалықтары үшін қолданатындар;
2) осы Кодекстің 290-бабы 3-тармағының шарттарына сәйкес келетін тірек-қимыл аппараты бұзылған, есту, сөйлеу, көру қабiлетiнен айрылған мүгедектер жұмыс iстейтiн мамандандырылған ұйымдар.
3. Резидент-заңды тұлға өз шешімімен өзінің құрылымдық бөлімшесінің:
осындай құрылымдық бөлімшенің шығыстары болып табылатын салық салу объектілері бойынша әлеуметтік салықты есептеу мен төлеу;
осындай құрылымдық бөлімше есепке жазған, төлеген төлем көзінен салық салынуға жататын кірістер бойынша жеке табыс салығын есептеу, ұстап қалу және аудару жөніндегі міндеттемелерді бір мезгілде орындауын тануға құқылы.
Резидент-заңды тұлғаның мұндай шешімін қабылдау немесе оның күшін жою осындай шешім қабылданған тоқсаннан кейінгі тоқсанның басынан бастап қолданысқа енгізіледі.
Егер жаңадан құрылған құрылымдық бөлімше әлеуметтік салық төлеуші деп танылса, онда заңды тұлғаның осындай тану туралы шешімі осы құрылымдық бөлімшенің құрылған күнінен бастап немесе осы құрылымдық бөлімше құрылған тоқсаннан кейінгі тоқсанның басынан бастап қолданысқа енгізіледі.
483-бап. Арнаулы салық режимдерiн қолданатын төлеушілердің әлеуметтік салық бойынша салықты есептеу, төлеу және салықтық есептілік ұсыну ерекшеліктері
Әлеуметтік салық бойынша салықты есептеуді, төлеуді және салықтық есептілікті ұсынуды арнаулы салық режимдерiн қолданатын төлеушілер:
1) ауыл шаруашылығы өнімін өндірушілер үшін - осы Кодекстің 78-тарауының ережелерін ескере отырып;
2) оңайлатылған декларация негізінде осы Кодекстің 687 - 689-баптарына сәйкес жүргізеді.
Осы Кодекстің 484 - 488-баптарының ережелерін осы баптың бірінші бөлігінің 2) тармақшасында көрсетілген төлеушілер қолданбайды.
484-бап. Салық салу объектісі
1. Төлеушілердің өздерін қоса алғанда, жұмыскерлердің саны оңайлатылған декларация негізінде арнаулы салық режимін қолданатын дара кәсіпкерлерді қоспағанда, дара кәсіпкерлер және жеке практикамен айналысатын адамдар үшін салық салу объектісі болып табылады.
2. Мыналардың:
1) жұмыскердің осы Кодекстің 322-бабының 1-тармағында көрсетілген кірістері (оның ішінде жұмыс берушінің осы Кодекстің 644-бабы 1-тармағының 20), 23) және 24) тармақшаларында көрсетілген шығыстары) бойынша жұмыс берушінің;
2) осы Кодекстің 220-бабының 7-тармағында көрсетілген шетелдік персоналдың кірістері бойынша салық агентінің шығыстары осы Кодекстің 482-бабы 1-тармағының 3), 4) және 5) тармақшаларында көрсетілген төлеушілер үшін салық салу объектісі болып табылады.
3. Мыналар салық салу объектісінен алып тасталады:
1) Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорына төленетін міндетті зейнетақы жарналары;
2) тармақша 2020 ж. 1 қаңтардан бастап қолданысқа енгізіледі
2) Қазақстан Республикасының міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру туралы заңнамасына сәйкес міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыруға төленетін жарналар;
2018.26.12. № 203-VІ ҚР Заңымен 3) тармақша өзгертілді (2019 ж. 1 қаңтардан бастап қолданысқа енгізілді, 2029 ж. 1 қаңтарға дейін қолданылады) (бұр.ред.қара)
3) осы Кодекстің 341-бабы 1-тармағының 10) тармақшасында белгіленген кірістерді, сондай-ақ Қазақстан Республикасының азаматтары болып табылатын жұмыскерлердің кірістері бөлігінде осы Кодекстің 341-бабы 1-тармағының 53) тармақшасында белгіленген кірістерді қоспағанда, осы Кодекстің 341-бабының 1-тармағында белгіленген кірістер;
4) осы Кодекстің 654-бабы 1-тармағының 10) тармақшасында белгіленген кірістер;
5) гранттар қаражаты есебінен жүргізілетін төлемдер.
Егер төлемдер грант алушымен не гранттың мақсаттарын (міндеттерін) жүзеге асыру үшін грант алушы тағайындаған орындаушымен жасалған шартқа (келісімшартқа) сәйкес жүргізілсе, осы тармақшаның ережелері қолданылады.
4. Егер осы баптың 2-тармағында көрсетілген, осы баптың 3-тармағы ескеріле отырып айқындалған салық салу объектісі күнтізбелік ай үшін бір теңгеден бастап республикалық бюджет туралы заңда белгіленген және осы күнтізбелік айдың бірінші күніне қолданыста болатын ең төменгі жалақы мөлшеріне дейінгі соманы құраса, онда салық салу объектісі осындай ең төменгі жалақы мөлшері негізге алына отырып айқындалады.
485-бап. Салық мөлшерлемелері
1. Егер осы бапта өзгеше белгiленбесе, әлеуметтiк салық:
2018 жылғы 1 қаңтардан бастап - 9,5 пайыз;
2025 жылғы 1 қаңтардан бастап - 11 пайыз мөлшерлемесі бойынша есептеледі.
2. Дара кәсiпкерлер және жеке практикамен айналысатын адамдар әлеуметтiк салықты республикалық бюджет туралы заңда белгіленген және төленетін күнге қолданыста болатын айлық есептiк көрсеткiштің 2 еселенген мөлшерінде өзi үшiн және айлық есептiк көрсеткiштің 1 еселенген мөлшерiнде әрбiр жұмыскер үшiн есептейді.
Осы тармақтың ережесі:
1) өздері осы Кодекстің 213-бабына сәйкес салықтық есептілікті ұсынуды уақытша тоқтата тұруы кезеңінде салық төлеушілерге;
2) оңайлатылған декларация негізінде арнаулы салық режимін қолданатын дара кәсіпкерлерге;
3) есепті салықтық кезеңде кіріс алмаған адамдарға қолданылмайды.
3. Оңайлатылған декларация негізінде арнаулы салық режимін қолданатын төлеушілер үшін әлеуметтік салықтық мөлшерлемелер осы Кодекстің 61-тарауында белгіленген.
55-тарау. САЛЫҚТЫ ЕСЕПТЕУ ЖӘНЕ ТӨЛЕУ ТӘРТІБІ
486-бап. Әлеуметтік салықты есептеу тәртібі
1. Бюджетке төлеуге жататын әлеуметтік салық сомасы осы Кодекстің 484-бабы 3-тармағының ережелері ескеріле отырып, осы Кодекстің 484-бабының 2-тармағында айқындалған салық салу объектісіне осы Кодекстің 485-бабының 1-тармағында белгіленген тиісті мөлшерлемелерді қолдану арқылы айқындалады.
2. Оңайлатылған декларация негізінде арнаулы салық режимін қолданатындарды қоспағанда, дара кәсіпкерлер, жеке практикамен айналысатын адамдар әлеуметтік салықты есептеуді осы Кодекстің 484-бабының 1-тармағында айқындалған әлеуметтік салық салу объектісіне осы Кодекстің 485-бабының 2-тармағында белгіленген мөлшерлемелерді қолдану арқылы жүргізеді.
3. Бюджетке төлеуге жататын әлеуметтік салық сомасы есептелген әлеуметтік салық пен «Міндетті әлеуметтік сақтандыру туралы» Қазақстан Республикасының Заңына сәйкес есептелген әлеуметтік аударымдардың сомасы арасындағы айырма ретінде айқындалады.
Мемлекеттік әлеуметтік сақтандыру қорына есептелген әлеуметтік аударымдар сомасы есептелген әлеуметтік салықтың сомасынан асып кеткен немесе олардың сомалары тең болған кезде бюджетке төлеуге жататын әлеуметтік салық сомасы нөлге тең деп есептеледі.
4. «Инновациялық технологиялар паркі» арнайы экономикалық аймағының аумағында қызметін жүзеге асыратын ұйымдар әлеуметтік салықты осы Кодекстің 709-бабының 9-тармағында белгіленген ережелерді ескере отырып есептейді.
5. Мемлекеттік орган немесе жергілікті атқарушы орган өз шешімімен өздерінің құрылымдық бөлімшелерінің және (немесе) аумақтық органдарының мыналар:
осындай құрылымдық бөлімшелердің және (немесе) аумақтық органдардың шығыстары болып табылатын салық салу объектілері бойынша әлеуметтік салықты есептеу мен төлеу;
осындай құрылымдық бөлімшелердің және (немесе) аумақтық органдардың жұмыскерлеріне есепке жатқызылған, төленген төлем көзінен салық салуға жататын кірістер бойынша жеке табыс салығын есептеу, ұстап қалу және аудару бойынша міндеттерді бір мезгілде орындауын тануға құқылы.
6. Мемлекеттік мекемелер салықтық кезең үшін есептеген әлеуметтік салық сомасы Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес төленген еңбекке уақытша қабілетсіздігі бойынша әлеуметтік жәрдемақы сомасына азайтылады.
7. Салықтық кезеңде осы баптың 6-тармағында көрсетілген төленген әлеуметтiк жәрдемақы сомасы есептелген әлеуметтiк салық сомасынан асып кеткен жағдайда, асып кеткен сома келесі салықтық кезеңге ауыстырылады.
487-бап. Әлеуметтік салықты төлеу
1. Әлеуметтiк салықты төлеу салық төлеушiнiң орналасқан жерi бойынша салықтық кезеңнен кейiнгi айдың 25-күнінен кешiктiрілмей жүргiзiледi.
2. Құрылымдық (аумақтық) бөлімшенің шығыстары болып табылатын салық салу объектілері бойынша әлеуметтік салықты төлеу осындай құрылымдық (аумақтық) бөлімшенің орналасқан жері бойынша жүргізіледі.
56-тарау. САЛЫҚТЫҚ КЕЗЕҢ ЖӘНЕ САЛЫҚ ДЕКЛАРАЦИЯСЫ
488-бап. Салықтық кезең
1. Күнтізбелік ай әлеуметтік салықты есептеу үшін салықтық кезең болып табылады.
2. Күнтізбелік тоқсан жеке табыс салығы және әлеуметтік салық бойынша декларация жасау үшін есепті кезең болып табылады.
489-бап. Жеке табыс салығы мен әлеуметтiк салық бойынша декларация
1. Төлеушiлер жеке табыс салығы және әлеуметтік салық бойынша декларацияны орналасқан жері бойынша салық органдарына есепті кезеңнен кейінгі екінші айдың 15 күнінен кешіктірмей тоқсан сайын ұсынады.
2. Әлеуметтік салықты есептеу және төлеу жөніндегі міндет жүктелмеген құрылымдық бөлiмшелерi бар төлеушiлер осындай құрылымдық (аумақтық) бөлімше орналасқан жердегі салық органына жеке табыс салығы мен әлеуметтiк салық бойынша декларацияға осындай құрылымдық (аумақтық) бөлімше бойынша әлеуметтiк салық сомасын есептеу жөніндегі қосымшаны ұсынады.
13-БӨЛІМ. КӨЛІК ҚҰРАЛДАРЫ САЛЫҒЫ
57-тарау. ЖАЛПЫ ЕРЕЖЕЛЕР
490-бап. Салық төлеушілер
1. Егер осы бапта өзгеше белгіленбесе, меншік құқығында салық салу объектілері бар жеке тұлғалар және меншік, шаруашылық жүргізу немесе жедел басқару құқығында салық салу объектілері бар заңды тұлғалар көлік құралдары салығын төлеушілер болып табылады.
Заңды тұлға өз шешімімен өзінің құрылымдық бөлімшесін Қазақстан Республикасының көлік туралы заңнамасына сәйкес осындай құрылымдық бөлімшеге тіркелген көлік құралдары бойынша көлік құралдары салығын өз бетінше төлеуші деп тануға құқылы.
Егер осы бапта өзгеше белгіленбесе, заңды тұлғаның осындай тану немесе осындай тануды тоқтату туралы шешімі осындай шешім қабылданған жылдан кейінгі жылдың 1 қаңтарынан бастап қолданысқа енгізіледі.
Егер жаңадан құрылған құрылымдық бөлімше көлік құралдары салығын өз бетінше төлеуші деп танылса, онда заңды тұлғаның осындай тану туралы шешімі осы құрылымдық бөлімше құрылған күннен бастап немесе осы құрылымдық бөлімше құрылған жылдан кейінгі жылдың 1 қаңтарынан бастап қолданысқа енгізіледі.
2. Қаржы лизингi шарты бойынша берiлген (алынған) салық салу объектiлерi бойынша көлiк құралы салығын төлеушi лизинг алушы болып табылады.
3. Егер осы бапта өзгеше белгіленбесе, мыналар көлік құралы салығын төлеушілер болып табылмайды:
1) осы Кодекстің 697-бабында көрсетілген ауыл шаруашылығы өнімін өндіруші заңды тұлғалар, сондай-ақ шаруа немесе фермер қожалығының басшысы және (немесе) мүшелері - агроөнеркәсіптік кешенді дамыту саласындағы уәкілетті орган мемлекеттік жоспарлау жөніндегі орталық уәкілетті органмен және уәкілетті органмен келісу бойынша белгілеген тізбеге енгізілген ауыл шаруашылығы өнімін өзі өндіру процесінде пайдаланылатын мамандандырылған ауыл шаруашылығы техникасы бойынша;
2) шаруа немесе фермер қожалықтары үшін арнаулы салық режимін қолданатын шаруа немесе фермер қожалығының басшысы және (немесе) мүшелері - осындай арнаулы салық режимінің әрекеті қолданылатын, қызметте пайдаланылатын төмендегі қажеттілік нормативтері шегіндегі жеңіл және жүк көлік құралдары бойынша:
бір шаруа немесе фермер қожалығына қозғалтқышының көлемі
2500 текше сантиметрге дейін қоса алғанда бір жеңіл автомобиль бойынша;
бір шаруа немесе фермер қожалығына 1:1 арақатынасты сақтай отырып, қозғалтқышының шекті жиынтық қуаты егіндіктің (шабындықтардың, жайылымдардың) 1000 гектарына 1000 кВт мөлшеріндегі жүк автомобильдері бойынша.
Бұл ретте, егер есеп-қисап қорытындылары бойынша көлік құралдарының саны бөлшекті мәні 0,5-тен бастап және одан жоғары бір бірліктен көп болса, мұндай мән тұтас бірліктерге дейін дөңгелектеуге жатады, егер 0,5-тен төмен болса, дөңгелектеуге жатпайды.
Егер есеп-қисап қорытындылары бойынша жүк автомобильдерінің саны бір бірліктен кем болса, қозғалтқышының қуаты барынша аз бір жүк автомобилі босатылуға жатады;
3) мемлекеттік мекемелер және орта білім беретін мемлекеттік оқу орындары;
4) осы Кодекстің 289-бабының 1-тармағына сәйкес келетін мүгедектердің қоғамдық бірлестіктері - қозғалтқышының көлемі 3000 текше сантиметрден аспайтын бір жеңіл автокөлік және бір автобус бойынша;
5) Ұлы Отан соғысының қатысушылары және мүгедектері және жеңілдіктер мен кепілдіктер бойынша оларға теңестiрiлетiн адамдар, Ұлы Отан соғысы жылдарында тылдағы қажырлы еңбегi мен мінсiз әскери қызметi үшiн бұрынғы КСР Одағы ордендерiмен және медальдарымен наградталған адамдар, сондай-ақ 1941 жылғы 22 маусым - 1945 жылғы 9 мамыр аралығында кемінде алты ай жұмыс істеген (қызмет өткерген) және Ұлы Отан соғысы жылдарында тылдағы қажырлы еңбегi мен мінсiз әскери қызметi үшiн бұрынғы КСР Одағы ордендерiмен және медальдарымен наградталмаған адамдар, Кеңес Одағының Батырлары мен Социалистiк Еңбек Ерлерi, «Халық қаhарманы», «Қазақстанның Еңбек Ері» атақтарына ие болған, үш дәрежелі Даңқ орденiмен және «Отан» орденiмен наградталған адамдар, «Батыр ана» атағына ие болған немесе «Алтын алқа» не «Күмiс алқа» алқаларымен наградталған көп балалы аналар - салық салу объектiсi болып табылатын бiр автокөлiк құралы бойынша;
6) меншiгiнде мотоколяскалары мен автомобильдерi бар мүгедектер -салық салу объектiсi болып табылатын бiр автокөлiк құралы бойынша.
Осы тармақтың бірінші бөлігі 1), 2) және 4) тармақшаларының ережелері осындай көлік құралдары пайдалануға, сенімгерлік басқаруға немесе жалға берілген жағдайларда қолданылмайды.
4. Осы баптың 3-тармағы бірінші бөлігінің 5) және
6) тармақшаларының ережелері осындай тармақшалардың ережелерін қолдану құқығы бар жеке тұлғаның оларда көрсетілген бір немесе бірнеше санаттарға жататынына-жатпайтынына қарамастан, салықтық кезең ішінде бiр автокөлiк құралы бойынша (қозғалтқышының көлемі 4000 текше сантиметрден асатын, оған қатысты 2013 жылғы 31 желтоқсаннан кейін уәкілетті мемлекеттік органда көлік құралының меншік иесінің ауысуына байланысты тіркеу әрекеттері жүргізілген жеңіл автомобильден басқа) қолданылады.
5. Осы баптың 3-тармағы бірінші бөлігінің 5) және 6) тармақшаларының ережелерін қолдануға құқығы бар адамның меншік құқығында салықтық кезең ішінде бірнеше автокөлік құралы болған жағдайда, осы ережелер есептелген салық сомасы барынша көп автокөлік құралдарының біреуіне қатысты қолданылады.
6. Осы баптың 3-тармағы бірінші бөлігінің 5) және 6) тармақшаларының ережелерін қолдану құқығы салықтық кезең ішінде туындаған немесе тоқтатылған жағдайда, осындай ережелер:
құқық туындаған кезде - осындай құқық туындаған айдың 1-күнінен бастап салықтық кезең аяқталғанға дейін немесе осындай құқық тоқтатылатын айдың 1-күніне дейін қолданылады;
құқық тоқтатылған кезде - осындай құқық тоқтатылатын айдың 1-күнінен бастап қолданылмайды.
7. Мемлекеттік мекемелер сенімгерлік басқаруға берген көлік құралдары бойынша салық төлеуші осы Кодекстің 41-бабына сәйкес анықталады.
491-бап. Салық салу объектілері
1. Тiркемелердi қоспағанда, Қазақстан Республикасында тiркелген және (немесе) есепте тұрған көлiк құралдары салық салу объектiлерi болып табылады.