4) арнайы комиссияның жұмысына қатысу;
5) осы Заңда, Қазақстан Республикасының өзге де заңдарында, Қазақстан Республикасы Президентінің және Қазақстан Республикасы Үкіметінің актілерінде көзделген өзге де өкілеттіктерді жүзеге асыру жатады.
14-бап. Облыстардың, республикалық маңызы бар қалалардың, астананың жергілікті атқарушы органдарының құзыреті
Облыстардың, республикалық маңызы бар қалалардың, астананың жергілікті атқарушы органдарының құзыретіне:
1) өз құзыреті шегінде арнайы экономикалық және индустриялық аймақтардың жұмыс істеуі саласындағы мемлекеттік саясатты іске асыру;
2) уәкілетті органмен келісу бойынша республикалық маңызы бар индустриялық аймақты құру, оның жұмыс істеу мерзімін ұзарту немесе оны тарату туралы шешім қабылдау;
3) өңірлік маңызы бар индустриялық аймақты, сондай-ақ шағын индустриялық аймақты құру, оның жұмыс істеу мерзімін ұзарту немесе оны тарату туралы шешім қабылдау;
4) жекеше индустриялық аймақтарды құру тұжырымдамасын келісу;
5) жалпы санының елу пайызынан кем емес кәсіпкерлік субъектілері өкілдерінің қатысуымен өңірлік үйлестіру кеңесін құру;
6) республикалық немесе өңірлік маңызы бар индустриялық аймақтың үлгілік ережесі негізінде республикалық немесе өңірлік маңызы бар индустриялық аймақ туралы ережені бекіту;
7) индустриялық аймақты құру тұжырымдамасын қоса алғанда, индустриялық аймақты құру жобаларын сараптау, сондай-ақ құрылатын индустриялық аймақ үшін инфрақұрылым салукезін де жобалау-сметалық құжаттамаға ведомстводан тыс кешенді сараптама жүргізуді қамтамасыз ету;
8) индустриялық аймақтарды дамыту жоспарларының жобаларын әзірлеу;
9) индустриялық аймақтардың басқарушы компанияларын айқындау;
10) Қазақстан Республикасының Жер кодексінде белгіленген тәртіппен арнайы экономикалық және индустриялық аймақтарды орналастыру үшін жер учаскелерін беру және арнайы экономикалық және индустриялық аймақтардың басқарушы компанияларымен мемлекеттік меншіктегі жер учаскелерін уақытша өтеулі жер пайдаланудың (жалдаудың) үлгілік шарттары негізінде арнайы экономикалық немесе индустриялық аймақ құрылатын мемлекеттік меншіктегі жер учаскелерін уақытша өтеулі жер пайдалану (жалдау) шарттарын жасасу;
11) арнайы экономикалық және индустриялық аймақтардың әлеуетті қатысушыларын тарту;
12) арнайы экономикалық немесе индустриялық аймақтың басқарушы компаниясымен өңірлік маңызы бар индустриялық аймақтың басқарушы компаниясының функцияларын тиісінше орындау жөніндегі шартты жасасу;
13) арнайы экономикалық немесе индустриялық аймақтар қатысушыларының қызметті жүзеге асыру туралы шарттардың талаптарын орындауына мониторингті жүзеге асыру, сондай-ақ мониторингтің деректерін талдау;
14) жергілікті атқарушы органдарға Қазақстан Республикасының заңнамасымен жүктелетін өзге де өкілеттіктерді жергілікті мемлекеттік басқару мүддесінде жүзеге асыру жатады.
3-тарау. АРНАЙЫ ЭКОНОМИКАЛЫҚ АЙМАҚТАРДЫҢ ҚҰРЫЛУЫ,
ЖҰМЫС ІСТЕУІ ЖӘНЕ ТАРАТЫЛУЫ
15-бап. Арнайы экономикалық аймақты құру тәртібі
1. Арнайы экономикалық аймақты құруға мүдделі орталық немесе жергілікті атқарушы органдар, заңды тұлғалар арнайы экономикалық аймақты құру тұжырымдамасын ұсына отырып, уәкілетті органға арнайы экономикалық аймақты құру туралы ұсыныс енгізеді.
2. Уәкілетті орган арнайы экономикалық аймақты құру туралы ұсыныс енгізілген күннен бастап бес жұмыс күні ішінде арнайы экономикалық аймақты құру тұжырымдамасын арнайы экономикалық және индустриялық аймақтарды құру тұжырымдамаларына қойылатын талаптарға сәйкестігі тұрғысынан тексереді. Уәкілетті орган тұжырымдаманы тексеру нәтижелері бойынша үш жұмыс күні ішінде өтініш берушіге ұсынылған материалдарды сарапшылық кеңестің қарауына енгізу туралы хабарлама жібереді не оларды тұжырымдаманың көрсетілген талаптарға сәйкес келмеуіне байланысты қайтарады.
Сарапшылық кеңес арнайы экономикалық аймақты құру туралы ұсыныс енгізілген күннен бастап жиырма жұмыс күнінен кешіктірілмейтін мерзімде қорытынды дайындайды.
3. Сарапшылық кеңес:
1) арнайы экономикалық аймақты құру экономикалық тұрғыдан орынсыз болған;
2) арнайы экономикалық аймақты құру туралы ұсыныс мемлекеттік экономикалық саясаттың басымдықтарына сәйкес келмеген;
3) арнайы экономикалық аймақты құру туралы ұсыныс қоршаған ортаны қорғау саласындағы талаптарға сәйкес келмеген;
4) адамдардың өмірі мен денсаулығын, ерекше қорғалатын табиғи аумақтарды қорғау қажет болған, тарихи-мәдени мұра объектілерінің жойылу және бүліну қатері төнген және елдің ұлттық қауіпсіздігін қамтамасыз ету қажет болған жағдайларда теріс қорытынды шығарады.
4. Сарапшылық кеңес оң қорытынды шығарғаннан кейін уәкілетті орган Қазақстан Республикасы Үкіметінің арнайы экономикалық аймақты құру туралы қаулысының жобасын әзірлейді және оны, сарапшылық кеңестің қорытындысын қоса бере отырып, Қазақстан Республикасы Үкіметінің қарауына енгізеді.
Сарапшылық кеңестің теріс қорытындысы болған жағдайда уәкілетті орган:
1) арнайы экономикалық аймақты құру туралы ұсынысты осындай қайтару себептерін көрсете отырып, сарапшылық кеңестің қорытындысы шығарылған күннен бастап бес жұмыс күні ішінде қайтарады;
2) Қазақстан Республикасы Үкіметінің арнайы экономикалық аймақты құру туралы қаулысының жобасын, сарапшылық кеңестің қорытындысын қоса бере отырып, Қазақстан Республикасы Үкіметінің қарауына енгізеді.
16-бап. Арнайы экономикалық аймақ аумағының шекараларын және (немесе) алаңын өзгерту тәртібі
1. Арнайы экономикалық аймақ аумағының шекараларын және (немесе) алаңын өзгертуге мүдделі орталық немесе жергілікті атқарушы органдар, заңды тұлғалар арнайы экономикалық аймақ аумағының шекараларын және (немесе) алаңын өзгертудің негіздемесін (қаржылық-экономикалық есеп-қисаптарды) ұсына отырып, уәкілетті органға арнайы экономикалық аймақ аумағының шекараларын және (немесе) алаңын өзгерту туралы ұсыныс енгізеді.
Ұсынысты бірнеше заңды тұлға бірлесіп беруі мүмкін.
2. Арнайы экономикалық аймақ аумағының шекараларын және (немесе) алаңын өзгерту туралы ұсыныстың орындылығы туралы мәселені уәкілетті орган осындай ұсыныс енгізілген күннен бастап он бес жұмыс күні ішінде қарайды.
Уәкілетті орган арнайы экономикалық аймақ аумағының шекараларын және (немесе) алаңын өзгерту туралы ұсынысты:
1) арнайы экономикалық аймақ аумағының шекараларын және (немесе) алаңын өзгерту туралы ұсыныс мемлекеттік экономикалық саясаттың басымдықтарына сәйкес келмеген;
2) арнайы экономикалық аймақ аумағының шекараларын және (немесе) алаңын өзгерту туралы ұсыныс қоршаған ортаны қорғау саласындағы талаптарға сәйкес келмеген;
3) адамдардың өмірі мен денсаулығын, ерекше қорғалатын табиғи аумақтарды қорғау қажет болған, тарихи-мәдени мұра объектілерінің жойылу және бүліну қатері төнген, елдің ұлттық қауіпсіздігін қамтамасыз ету қажет болған;
4) арнайы экономикалық аймақ аумағының шекараларын және (немесе) алаңын өзгерту туралы ұсыныс негізсіз болған;
5) арнайы экономикалық аймақтың арнайы құқықтық режимі қолданылатын аумақтағы жерлердің құрамынан шығарылуға жататын жер учаскесінде инфрақұрылым объектілері не осы арнайы экономикалық аймақтың қатысушысы аумағында қызметті жүзеге асыру үшін пайдаланатын жер учаскелері болған жағдайларда қабылдамайды.
Арнайы экономикалық аймақ аумағының шекараларын және (немесе) алаңын өзгерту туралы ұсынысты қабылдамау арнайы экономикалық аймақ аумағының шекараларын және (немесе) алаңын өзгерту туралы ұсыныспен кейіннен жүгінуге кедергі болып табылмайды.
3. Арнайы экономикалық аймақ аумағының шекараларын және (немесе) алаңын өзгерту туралы алдын ала шешімді уәкілетті орган облыстың, республикалық маңызы бар қаланың, астананың тиісті жергілікті атқарушы органымен келісу бойынша қабылдайды.
4. Осы баптың 3-тармағында көрсетілген шешім қабылданғаннан кейін жиырма жұмыс күні ішінде уәкілетті орган Қазақстан Республикасының Үкіметіне арнайы экономикалық аймақ аумағының шекараларын және (немесе) алаңын өзгерту туралы ұсыныс енгізеді.
Арнайы экономикалық аймақ аумағының шекараларын және (немесе) алаңын өзгерту туралы шешімді Қазақстан Республикасының Үкіметі қабылдайды.
5. Арнайы экономикалық аймақтардың алаңын азайту кезінде босатылатын жерді жер санаттарына жатқызу Қазақстан Республикасының Жер кодексінде айқындалған тәртіппен жүзеге асырылады.
17-бап. Арнайы экономикалық аймақтың жұмыс істеу шарттары
1. Арнайы экономикалық аймақ оның қатысушыларының стандарттау саласындағы уәкілетті орган бекіткен экономикалық қызмет түрлерінің жалпы сыныптауышының белгілі бір бөліміне сәйкес келетін басым қызмет түрлерін жүзеге асыруы үшін жиырма бес жылға дейінгі мерзімге құрылады.
Арнайы экономикалық аймақтың жұмыс істеуінің осы тармақтың бірінші бөлігінде көрсетілген мерзімі Қазақстан Республикасы Үкіметінің шешімі бойынша ұзартылуы мүмкін.
2. Арнайы экономикалық аймақтар мемлекеттік меншіктегі және жер пайдалануға берілмеген жер учаскелерінде не Қазақстан Республикасының Жер кодексіне сәйкес мемлекет мұқтажы үшін жер учаскелерінің меншік иелерінен және жер пайдаланушылардан мәжбүрлеп иеліктен шығарылған жер учаскелерінде құрылады.
Арнайы экономикалық аймақтар азаматтардың және (немесе) мемлекеттік емес заңды тұлғалардың жеке меншігіндегі жер учаскелерінде де құрылады.
3. Арнайы экономикалық аймақ құрылатын, басым қызмет түрлерін жүзеге асыруға, инфрақұрылым объектілерін салуға, сондай-ақ қосалқы қызмет түрлерін жүзеге асыруға арналған мемлекеттік меншіктегі жер учаскелері Қазақстан Республикасының Жер кодексіне сәйкес арнайы экономикалық аймақтың басқарушы компаниясына арнайы экономикалық аймақты құру мерзіміне уақытша өтеулі жер пайдалануға (жалдауға) беріледі.
Басқарушы компания мемлекеттік меншіктегі жер учаскелерін:
1) қызметті жүзеге асыру туралы шарттардың негізінде басым қызмет түрлерін жүзеге асыратын арнайы экономикалық аймақтың қатысушыларына - өтеусіз негізде;
2) қосалқы қызмет түрлерін жүзеге асыратын тұлғаларға өтеулі негізде береді.
Қосалқы қызмет түрлерін жүзеге асыруға арналған арнайы экономикалық аймақ аумағының жиынтық алаңы арнайы экономикалық аймақ аумағының жалпы алаңының он пайызынан аспауға тиіс.
Бұл ретте арнайы экономикалық аймақтардың қатысушыларына беру үшін жер учаскелерін бөлуді арнайы экономикалық аймақтың басқарушы компаниясы жүзеге асырады.
Қызметті жүзеге асыру туралы шарттарға сәйкес арнайы экономикалық аймақтың басқарушы компаниясы жер учаскесінің арнайы экономикалық аймақ қатысушысының жобасын іске асыру үшін көзделген бір бөлігін осы жобада айқындалған кезеңдерге сәйкес резервке қоюға міндетті. Бұл ретте көрсетілген шарт жасалған арнайы экономикалық аймақ қатысушысының жобаны кезең-кезеңімен іске асыру жөніндегі міндеттемелерді орындамау жағдайларын қоспағанда, осындай қатысушының келісімінсіз басқарушы компания осылайша резервке қойылған жер учаскелерін өзге тұлғаларға бере алмайды немесе өзгеше түрде иеліктен шығара алмайды.
Уақытша өтеулі жер пайдалануға (жалға) берілген мемлекеттік меншіктегі жер учаскелерінде толық немесе ішінара түрде бюджет қаражаты есебінен құрылған инфрақұрылым объектілері басқарушы компанияға мүліктік жалдауға (жалға), сенімгерлік басқаруға, сондай-ақ Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес жарғылық капиталды толықтыру есебіне берілуі мүмкін.
Басқарушы компания кейінгі жер пайдалануға (қосалқы жалға) берілген мемлекеттік меншіктегі жер учаскелерінде толық немесе ішінара түрде бюджет қаражаты есебінен құрылған инфрақұрылым объектілерін қосалқы қызмет түрлерін жүзеге асыратын тұлғаларға және (немесе) арнайы экономикалық аймақтың қатысушыларына мүліктік жалдауға (жалға) немесе қосымша жалдауға (қосалқы жалға) бере алады.
4. Арнайы экономикалық аймақ құрылатын жер учаскелері бюджет қаражаты және (немесе) Қазақстан Республикасының заңнамасында тыйым салынбаған өзге де көздер есебінен инфрақұрылым объектілерімен қамтамасыз етілуге тиіс.
Инфрақұрылым объектілерін салуды немесе реконструкциялауды бюджет қаражаты есебінен қаржыландыру тәртібі Қазақстан Республикасының бюджет заңнамасында айқындалады.
Арнайы экономикалық аймақтың қатысушылары немесе қосалқы қызмет түрлерін жүзеге асыратын тұлғалар өздеріне берілген жер учаскесінің аумағында өздеріне қажетті инфрақұрылым объектілерін салуды өз қаражаты есебінен жүзеге асыруға құқылы.
5. Арнайы экономикалық аймақ құрылатын, басым және (немесе) қосалқы қызмет түрлерін жүзеге асыруға арналған жеке меншіктегі жер учаскелерін олардың меншік иелері арнайы экономикалық аймақ құрылатын жеке меншіктегі жер учаскелерін уақытша пайдалану (жалдау) шартына сәйкес басқарушы компанияға уақытша пайдалануға (жалға) бере алады.
Басқарушы компания арнайы экономикалық аймақ құрылатын, басым және (немесе) қосалқы қызмет түрлерін жүзеге асыруға арналған жеке меншіктегі жер учаскелерін арнайы экономикалық аймақ құрылатын жеке меншіктегі жер учаскелерін уақытша кейінгі пайдалану (қосалқы жалдау) шартына сәйкес арнайы экономикалық аймақтың қатысушыларына немесе қосалқы қызмет түрлерін жүзеге асыратын тұлғаларға уақытша кейінгі пайдалануға (қосалқы жалға) беруге құқылы.
Арнайы экономикалық аймақ құрылатын жеке меншіктегі жер учаскелерін уақытша пайдалану (жалдау) және арнайы экономикалық аймақ құрылатын жеке меншіктегі жер учаскелерін уақытша кейінгі пайдалану (қосалқы жалдау) шарттары тиісінше арнайы экономикалық немесе индустриялық аймақ құрылатын жеке меншіктегі жер учаскелерін уақытша пайдаланудың (жалдаудың) және арнайы экономикалық немесе индустриялық аймақ құрылатын жеке меншіктегі жер учаскелерін уақытша кейінгі пайдаланудың (қосалқы жалдаудың) үлгілік шарттарына сәйкес осындай арнайы экономикалық аймақ құрылатын мерзімнен аспайтын мерзімге жасалады.
Жер учаскесінің меншік иесі осы Заңның талаптарына сәйкес арнайы экономикалық аймақтың аумағында арнайы экономикалық аймақтың қатысушысы немесе қосалқы қызмет түрлерін жүзеге асыратын тұлға ретінде қызметті жүзеге асыруға құқылы. Бұл ретте, арнайы экономикалық аймақ құрылатын жеке меншіктегі жер учаскелерін уақытша пайдалану (жалдау) шарты жер учаскесінің меншік иесімен жасалмайды.
6. Осы баптың 2, 3 және 4-тармақтарының ережелері осы Заң қолданысқа енгізілгенге дейін құрылған арнайы экономикалық аймақтар қатысушыларының жеке меншігіндегі жер учаскелеріне қолданылмайды.
7. Арнайы экономикалық аймақтардың аумағында мемлекеттік және өзге де көрсетілетін қызметтерді ұсыну кезінде:
1) мемлекеттік және өзге де көрсетілетін қызметтердің уақтылы және сапалы ұсынылуын;
2) ұсынылатын мемлекеттік және өзге де көрсетілетін қызметтер бойынша ақпараттық көмек көрсетілуін қамтамасыз ететін «бір терезе» қағидаты қолданылады.
8. «Бір терезе» қағидаты бойынша мемлекеттік көрсетілетін қызметтерді ұсынуды арнайы экономикалық аймақтың аумағында «Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясы Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес жүзеге асырады.
«Бір терезе» қағидаты бойынша өзге де көрсетілетін қызметтерді ұсынуды арнайы экономикалық аймақтың басқарушы компаниясы жүзеге асыруы мүмкін.
9. Арнайы экономикалық аймақтардың қатысушылары немесе қосалқы қызмет түрлерін жүзеге асыратын тұлғалар арнайы экономикалық аймақтың аумағында қызметті жүзеге асыру үшін қажетті объектілерді салуды және пайдалануға енгізуді жүзеге асыруға тиісті мерзімдерді көрсету:
1) қызметті жүзеге асыру туралы шарттағы;
2) басқарушы компания мен арнайы экономикалық аймақтың қатысушысы немесе қосалқы қызмет түрлерін жүзеге асыратын тұлға арасында жасалатын, арнайы экономикалық аймақ құрылатын мемлекеттік меншіктегі жер учаскелерін уақытша өтеулі жер пайдалану (жалдау) және кейінгі жер пайдалану (қосалқы жалдау) шарттарындағы;
3) жер учаскесінің меншік иесі мен арнайы экономикалық аймақтың қатысушысы немесе қосалқы қызмет түрлерін жүзеге асыратын тұлға арасында жасалатын, арнайы экономикалық немесе индустриялық аймақ құрылатын жеке меншіктегі жер учаскелерін уақытша пайдалану (жалдау) және уақытша кейінгі пайдалану (қосалқы жалдау) шарттарындағы міндетті талап болып табылады.
18-бап. Арнайы экономикалық аймақтың қатысушысы ретінде қызметті жүзеге асыруға арналған өтінішті қарау рәсімі
1. Арнайы экономикалық аймақтың қатысушысының қызметі қызметті жүзеге асыру туралы шартқа сәйкес жүзеге асырылады, оны жасау үшін өтініш беруші осы бапқа сәйкес арнайы экономикалық аймақтың басқарушы компаниясына арнайы экономикалық аймақтың қатысушысы ретінде қызметті жүзеге асыруға арналған өтінішті береді.
2. Өтініш берушілерге:
1) жер қойнауын пайдаланушылар;
2) «Салық және бюджетке төленетін басқа да міндетті төлемдер туралы» Қазақстан Республикасы Кодексінің (Салық кодексі) 462-бабының 6) тармақшасында көзделген акцизделетін тауарларды өндіруді, құрастыруды (жинақтауды) жүзеге асыратын ұйымдарды қоспағанда, акцизделетін тауарларды өндіретін ұйымдар;
3) арнаулы салық режимдерін қолданатын ұйымдар мен дара кәсіпкерлер;
4) 2009 жылғы 1 қаңтарға дейін инвестициялар жөніндегі уәкілетті органмен жасалған келісім-шарттар бойынша - инвестициялық салықтық преференцияларды қолданатын (қолданған) ұйымдар;
5) Қазақстан Республикасының инвестициялар туралы заңнамасына сәйкес инвестициялық басым жобаны және инвестициялық стратегиялық жобаны іске асыратын (іске асырған) ұйымдар;
6) ойын бизнесі саласындағы қызметті жүзеге асыратын ұйымдар жатпайды.
Бұл ретте шектері Еуразиялық экономикалық одақтың кедендік шекарасының учаскелерімен толық немесе ішінара тұспа-тұс келетін арнайы экономикалық аймаққа қатысты өтініш берушілерге шетелдік жеке және заңды тұлғалар да жатпайды.
3. Егер осы баптың 4-тармағында өзгеше көзделмесе, арнайы экономикалық аймақтың қатысушысы ретінде қызметті жүзеге асыруға арналған өтінішке қағаз және (немесе) электрондық жеткізгіштердегі мынадай құжаттар:
1) уәкілетті орган бекітетін нысан бойынша өтініш берушінің сауалнамасы;
2) заңды тұлғаны мемлекеттік тіркеу (қайта тіркеу) туралы анықтама;
3) өтініш берушінің бірінші басшысының жеке басын куәландыратын құжаттың көшірмесі;
4) заңды тұлға жарғысының көшірмесі;
5) заңды тұлғаның жоғары органының арнайы экономикалық аймақ аумағында қызметті жүзеге асыру туралы шешімінің көшірмесі;
6) өтініш берушінің бірінші басшысы немесе оны алмастыратын адам, сондай-ақ бас бухгалтер (бухгалтер) қол қойған, соңғы есептік күнге қаржылық есептіліктің көшірмесі;
7) жобаның уәкілетті орган белгілеген талаптарға сай келетін техникалық-экономикалық негіздемесі қоса беріледі.
Ақпараттық-коммуникациялық және инновациялық технологиялар саласында арнайы экономикалық аймақтың қатысушысы ретінде қызметті жүзеге асыруға өтініш берілген кезде жобаның негіздемесі қоса беріледі;
8) қызмет көрсететін банктің өтініш берушінің банктік шоттары бойынша ақша қозғалысы туралы үзінді көшірмесі және кредиттік бюродан алынатын кредиттік есеп;
9) тіркеу есебіне қойылған жері бойынша мемлекеттік кіріс органының салықтар және бюджетке төленетін басқа да міндетті төлемдер бойынша берешектің бар немесе жоқ екені туралы анықтамасы қоса беріледі.
Егер заңды тұлға құжаттарды беру кезінде Қазақстан Республикасының резиденті болып табылмаған және Қазақстан Республикасының салық төлеушісі ретінде тіркелмеген жағдайда, онда мемлекеттік кіріс органдарында салық төлеуші ретінде мемлекеттік тіркеуде жоқ екендігі туралы анықтаманың көшірмесі ұсынылады.
Шетелдік заңды тұлғалар осы тармақтың бірінші бөлігінің 2), 4) және 5) тармақшаларында көрсетілген, заңдастырылған құжаттарды, сауда тізілімінен заңдастырылған үзінді көшірмені немесе шетелдік заңды тұлғаның шет мемлекеттің заңнамасы бойынша заңды тұлға болып табылатынын куәландыратын, заңдастырылған басқа құжатты қазақ және орыс тілдеріне нотариат куәландырған аудармасымен бірге ұсынады.
4. Шектері Еуразиялық экономикалық одақтың кедендік шекарасының учаскелерімен толық немесе ішінара тұспа-тұс келетін арнайы экономикалық аймақтың қатысушысы ретінде қызметті жүзеге асыруға арналған өтінішке қағаз және (немесе) электрондық жеткізгіштердегі мынадай құжаттар:
1) дара кәсіпкер үшін:
уәкілетті орган бекітетін нысан бойынша өтініш берушінің сауалнамасы;
дара кәсіпкер ретінде тіркеу есебінде тұрған өтініш беруші жеке тұлғаның жеке басын куәландыратын құжатының көшірмесі;
тіркеу есебіне қойылған жері бойынша мемлекеттік кіріс органының салықтар және бюджетке төленетін басқа да міндетті төлемдер бойынша берешектің бар немесе жоқ екені туралы анықтамасы;
2) заңды тұлға үшін:
уәкілетті орган бекітетін нысан бойынша өтініш берушінің сауалнамасы;
заңды тұлғаны мемлекеттік тіркеу (қайта тіркеу) туралы анықтама;
өтініш берушінің бірінші басшысының жеке басын куәландыратын құжаттың көшірмесі;
жарғының көшірмесі;
өтініш беруші заңды тұлғаның жоғары органының арнайы экономикалық аймақ аумағында қызметті жүзеге асыру туралы шешімінің көшірмесі;
өтініш беруші заңды тұлғаның бірінші басшысы немесе оны алмастыратын адам, сондай-ақ бас бухгалтер (бухгалтер) қол қойған, соңғы есептік күнге қаржылық есептіліктің көшірмесі;
тіркеу есебіне қойылған жері бойынша мемлекеттік кіріс органының салық және бюджетке төленетін басқа да міндетті төлемдер бойынша берешектің бар немесе жоқ екені туралы анықтамасы қоса беріледі.
5. Өтініш беруші арнайы экономикалық аймақтың қатысушысы ретінде қызметті жүзеге асыруға арналған өтінішті ұсынған кезде арнайы экономикалық аймақтың басқарушы компаниясы:
1) арнайы экономикалық аймақтың қатысушысы ретінде қызметті жүзеге асыруға арналған өтінішті оны берген күні өтініштерді тіркеу журналында тіркеуге және бірыңғай үйлестіру орталығының интернет-ресурсында орналастыруға;
2) ұсынылған құжаттар топтамасының толықтығын тексеруге міндетті.
6. Арнайы экономикалық аймақтың басқарушы компаниясы арнайы экономикалық аймақтың қатысушысы ретінде қызметті жүзеге асыруға арналған өтінішті жобаларды іріктеу қағидалары мен өлшемшарттарына сәйкес қарайды.
7. Мәлімделген қызмет түрі, оның ішінде бірыңғай технологиялық процесс шеңберіндегі қызмет түрлері арнайы экономикалық аймақты құру мақсаттарына, басым қызмет түрлеріне, өтініш берушілердің жобаларын іріктеу өлшемшарттарына және (немесе) ұсынылған құжаттар осы баптың 3 немесе 4-тармақтарында белгіленген талаптарға сәйкес келмеген жағдайларда, арнайы экономикалық аймақтың басқарушы компаниясы өтініш берушіге қызметті жүзеге асыру туралы шарт жасасудан бас тартады.
Арнайы экономикалық аймақтың басқарушы компаниясы қызметті жүзеге асыру туралы шарт жасасудан бас тарту туралы шешімді оны қабылдау негіздемесімен бірге арнайы экономикалық аймақтың қатысушысы ретінде қызметті жүзеге асыруға арналған өтініш берілген күннен бастап он жұмыс күні ішінде өтініш берушіге жазбаша түрде жіберуге және бірыңғай үйлестіру орталығының интернет-ресурсында орналастыруға міндетті.
8. Мәлімделген қызмет түрлері, оның ішінде бірыңғай технологиялық процесс шеңберіндегі қызмет түрлері арнайы экономикалық аймақты құру мақсаттарына, басым қызмет түрлеріне, өтініш берушілердің жобаларын іріктеу өлшемшарттарына және ұсынылған құжаттар осы баптың 3 немесе 4-тармақтарында белгіленген талаптарға сәйкес келген кезде, арнайы экономикалық аймақтың басқарушы компаниясы арнайы экономикалық аймақтың қатысушысы ретінде қызметті жүзеге асыруға арналған өтініш берілген күннен бастап он жұмыс күні ішінде қызметті жүзеге асыру туралы шартқа қол қояды.
9. Арнайы экономикалық аймақтың басқарушы компаниясы қызметті жүзеге асыру туралы шарт жасалған кезден бастап келесі жұмыс күнінен кешіктірмей бірыңғай үйлестіру орталығына және мемлекеттік кіріс органдарына қызметті жүзеге асыру туралы шарттың көшірмесін жібереді және қызметті жүзеге асыру туралы шартты жасасу туралы ақпаратты бірыңғай үйлестіру орталығының интернет-ресурсында орналастырады.
10. Бірыңғай үйлестіру орталығы қызметті жүзеге асыру туралы шарттың көшірмесін алғаннан кейін бес жұмыс күні ішінде өтініш беруші туралы мәліметтерді арнайы экономикалық аймақтар қатысушыларының бірыңғай тізіліміне енгізеді және тұлғаның арнайы экономикалық аймақтың қатысушысы ретінде тіркелгенін куәландыратын куәлік береді.
Арнайы экономикалық аймақтар қатысушыларының бірыңғай тізіліміне мәліметтер енгізілген күннен бастап өтініш беруші арнайы экономикалық аймақтың қатысушысы деп танылады, бұл туралы бірыңғай үйлестіру орталығы арнайы экономикалық аймақтың басқарушы компаниясын хабардар етеді. Өтініш берушіні арнайы экономикалық аймақтар қатысушыларының бірыңғай тізіліміне енгізу туралы ақпарат бірыңғай үйлестіру орталығының интернет-ресурсында орналастырылады.