Төтенше жағдайларды жою үшін ішкі істер органдарының, басқа да әскерлер мен әскери құралымдардың күштері мен құралдарын, қоғамдық бірлестіктер мен халықты тарту, Қазақстан Республикасының Қарулы Күштерін қолдану Қазақстан Республикасының заңдарына және төтенше жағдайларды жою жөніндегі іс-қимылдар (өзара іс-қимылдар) жоспарларына сәйкес жүзеге асырылады.
53-бап. Авариялық-құтқару қызметтерi мен құралымдарына өз қызметін жүзеге асыруына жәрдемдесу
1. Орталық және жергiлiктi атқарушы органдар, ұйымдар төтенше жағдайлардың аймақтарына бара жатқан, төтенше жағдайларды жою жөніндегі жұмыстарды жүргізіп жатқан және орналасқан жеріне қайтып келе жатқан авариялық-құтқару қызметтерi мен құралымдарына барынша жәрдем көрсетуге мiндеттi.
2. Авариялық-құтқару жұмыстары мен кезек күттірмейтін жұмыстарды жүргiзетін жерге бара жатқан кезде кәсiби авариялық-құтқару қызметтерi мен құралымдарының жедел көлiгi, оның iшiнде уақытша тартылған және жалға алынған жедел көлiгі кедергiсiз жүріп өту құқығын, әуеайлақтарда, автожанармайқұю станцияларында, теңiз және өзен порттарында жанар-жағармай материалдарымен бiрiншi кезекте қамтамасыз етiлу құқығын, сондай-ақ техникалық қызмет көрсету станцияларында, әуеайлақтарда, теңiз және өзен порттарында жөндеу жұмыстарын бiрiншi кезекте жүргiзу құқығын пайдаланады.
54-бап. Уәкілетті органның жедел резерві
Уәкілетті органның жедел резерві күні бұрын құрылады және төтенше жағдайлар аймағындағы халықтың бірінші кезектегі тіршілігін қамтамасыз етуге және шұғыл медициналық көмек көрсетуге, сондай-ақ Қазақстан Республикасының аумағында авариялық-құтқару жұмыстарын қамтамасыз етуге арналған.
55-бап. Табиғи және техногендік сипаттағы төтенше жағдайлар кезінде мүлікті реквизициялау
Табиғи және техногендік сипаттағы төтенше жағдайлар кезінде мүлікті реквизициялау мемлекеттік резерв болмаған немесе жеткіліксіз болған кездегі ерекше жағдайларда «Мемлекеттік мүлік туралы» Қазақстан Республикасының Заңында көзделген тәртіппен жүзеге асырылады.
56-бап. Төтенше жағдайларды жою кезіндегі авариялық-құтқару жұмыстары мен кезек күттірмейтін жұмыстар
Авариялық-құтқару жұмыстары кезінде: төтенше жағдай аймағы мен зақымдау ошағын барлау, өрттерді оқшаулау және сөндіру, үйінділерден, бұзылған, жанып жатқан ғимараттар мен құрылыстардан, газ тараған, су басқан және түтінге оранған үй-жайлардан зардап шеккендерді іздеу және алып шығу (қоршаудан шығару), зардап шеккендерге алғашқы медициналық көмек көрсету және өмірін сақтап қалуға жағдай жасап, қауіпсіз аудандарға оларды эвакуациялау, сондай-ақ материалдық және мәдени құндылықтарды құтқару және қоршаған ортаны қорғау бойынша іс-қимылдар жүргізіледі.
Авариялық-құтқару жұмыстарын жүргізу кезінде қауіпсіз жағдайлар жасау мақсаттарында төтенше жағдай аймағында сұйық отын, газ, электр энергиясы мен су беру көздерін авариялық сөндіру жүргізіледі.
Кезек күттірмейтін жұмыстар кезінде төтенше жағдай аймағына азаматтық қорғау күштері мен құралдарын кіргізу маршруттарын жабдықтау, құлау қатері бар немесе авариялық-құтқару жұмыстарын қауіпсіз жүргізуге кедергі келтіретін ғимараттар мен құрылыстардың конструкциясын бекіту немесе құлату, коммуналдық-энергетикалық желілердің жекелеген учаскелерін қалпына келтіру, халықтың бірінші кезектегі тіршілігін қамтамасыз ету үшін мүлікті жеткізу, аумақты санитариялық тазалау, сондай-ақ зардап шеккендерді уақытша орналастыру үшін және авариялық-құтқару жұмыстарын жүргізуге байланысты өзге де мақсаттар үшін зақымданған ғимараттар мен құрылыстарды ішінара қалпына келтіру жүргізіледі.
Төтенше жағдайларды жою кезінде кезек күттірмейтін жұмыстар қысқа мерзімдерде орындалады және авариялық-құтқару жұмыстары толық аяқталғанға дейін жүргізіледі.
11-тарау. ТӨТЕНШЕ ЖАҒДАЙЛАРДЫҢ САЛДАРЛАРЫН ЖОЮ
57-бап. Төтенше жағдайлардың салдарларын жою жөніндегі іс-шараларды жүргізу
Инженерлік инфрақұрылымды, тұрғын үйді қалпына келтіру, қоршаған ортаны сауықтыру, халыққа әлеуметтік-оңалту көмегін көрсету жөніндегі іс-шаралар жүргізуді төтенше жағдайлардың сипаты мен ауқымына қарай орталық және жергілікті атқарушы органдар өз құзыреті шегінде жүзеге асырады.
Қазақстан Республикасының Үкіметі және жергілікті атқарушы органдар Қазақстан Республикасының бюджет заңнамасына сәйкес төтенше жағдайлардың салдарларын жоюға бюджет қаражатын бөлу туралы шешім қабылдауға құқылы.
58-бап. Жеке және заңды тұлғаларға, қоршаған ортаға келтірілген зиянды (нұқсанды) өтеу
Жеке тұлғалар денсаулығына зиян келтірілуіне не жақын туыстарының қайтыс болуына байланысты нұқсанның өтелуін талап етуге құқылы.
Жеке және заңды тұлғалар өздерінің мүлкінің жеке немесе заңды тұлғалардың қызметінен туындаған техногендік сипаттағы төтенше жағдайлар салдарынан бүлінуіне немесе жойылуына байланысты нұқсанды өтеуді талап етуге құқылы.
Техногендік сипаттағы төтенше жағдайлармен жеке және заңды тұлғаларға келтірілген зиянды (нұқсанды) өтеуді зиян (нұқсан) келтіруші ерікті түрде немесе сот шешімі бойынша жүргізеді.
Жеке тұлғалардың өміріне немесе денсаулығына келтірілген зиян Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес зиян (нұқсан) келтірушінің есебінен толық көлемде өтелуге жатады.
Зиян (нұқсан) келтірушілер жерді рекультивациялау мен жердің табиғи құнарлылығын қалпына келтіруге жұмсалатын шығындарды қоса алғанда, қоршаған ортаға келтірілген нұқсанды өтеуге міндетті.
Табиғи сипаттағы төтенше жағдайлармен жеке тұлғалардың денсаулығы мен мүлкіне келтірілген зиян (нұқсан) Қазақстан Республикасының Үкіметі айқындайтын тәртіппен, зардап шеккендердің ең төменгі қажеттіліктерін қанағаттандыру үшін қажетті шекте өтеледі.
Салынған тұрғын үй төтенше жағдай салдарынан тұрғын үйсіз қалған азаматтарға Қазақстан Республикасының Үкіметі айқындайтын тәртіппен беріледі.
Мемлекеттік тұрғын үй қорынан берілетін тұрғын үй Қазақстан Республикасының аумағындағы экологиялық зілзалалар, табиғи және техногендік сипаттағы төтенше жағдайлар салдарынан тұрғын үйі тұруға жарамсыз болған азаматтарға өтеусіз негізде беріледі.
Мыналар:
1) Қазақстан Республикасының сәулет, қала құрылысы және құрылыс қызметі туралы заңнамасына сәйкес жылжымайтын мүлік объектілеріне жатпайтын, уақытша құрылыстар, шаруашылық-тұрмыстық және өзге де салынған құрылыстар, сондай-ақ заңсыз салынған объектілер;
2) бағалы киім, сән-салтанат заттары не бағалы металдардан жасалған, көркемдік құндылығы бар заттар өтелуге жатпайды.
Жеке және заңды тұлғалардың төтенше жағдайлар туындаған кезде сақтандыру объектісі болып табылған мүлкіне келтірілген нұқсан Қазақстан Республикасының азаматтық заңнамасында айқындалған тәртіппен сақтандырушының қаражаты есебінен өтелуге жатады.
Сақтандыру төлемін жүзеге асырған сақтандырушының нұқсан келтірушіден жүзеге асырылған сақтандыру төлемі шегінде сақтандыру төлемін өтеуді талап етуге құқығы бар.
6-БӨЛІМ. ӨРТ ҚАУІПСІЗДІГІ МЕН ӨНЕРКӘСІПТІК ҚАУІПСІЗДІКТІ ҚАМТАМАСЫЗ ЕТУ
12-тарау. ӨРТ ҚАУІПСІЗДІГІН ҚАМТАМАСЫЗ ЕТУ
59-бап. Мемлекеттік өртке қарсы қызмет органдары
1. Мемлекеттік өртке қарсы қызмет органдары өрттердің алдын алуды және оларды сөндіруді, авариялық-құтқару жұмыстары мен кезек күттірмейтін жұмыстарды жүргізуді, өрт қауіпсіздігі саласындағы мемлекеттік бақылауды және өрттерге байланысты қылмыстар туралы істер бойынша анықтау жүргізуді жүзеге асырады.
2014.29.09. № 239-V ҚР Заңымен 2-тармақ жаңа редакцияда (бұр.ред.қара)
2. Мемлекеттік өртке қарсы қызмет органдары уәкілетті органнан, өрт қауіпсіздігі саласындағы оның ведомствосынан, аумақтық бөлімшелерінен, мемлекеттік мекемелерден және уәкілетті орган ведомствосының білім беру ұйымдарынан тұрады.
3. Мемлекеттік өртке қарсы қызмет органдарының жалаулары болады, олардың сипаттамасын Қазақстан Республикасының Президенті бекiтеді.
4. Мемлекеттік өртке қарсы қызмет органдарының қызметкерлеріне төтенше немесе соғыс жағдайы қолданылатын кезеңде атыс қаруы мен арнайы құралдарды алып жүру, сақтау және қолдану құқығы беріледі. Атыс қаруы мен арнайы құралдарды қолдану тәртібі «Құқық қорғау қызметі туралы» Қазақстан Республикасының Заңында айқындалады.
60-бап. Қазақстан Республикасында өрт қауіпсіздігін қамтамасыз ету жүйесі
1. Қазақстан Республикасында өрт қауіпсіздігін қамтамасыз ету жүйесі - бұл өрт пен одан келтірілетін зиянды (нұқсанды) болғызбауға бағытталған, экономикалық, әлеуметтiк, ұйымдық, ғылыми-техникалық және құқықтық шаралардың, сондай-ақ өртке қарсы қызметтің күштері мен техникалық құралдарының жиынтығы.
2. Қазақстан Республикасында өрт қауiпсiздiгiн қамтамасыз ету жүйесi өрт қауiпсiздiгiн қамтамасыз ететiн орталық және жергiлiктi атқарушы органдарды, мемлекеттік өртке қарсы қызмет органдарын, мемлекеттік емес өртке қарсы қызметтерді, өртке қарсы ерікті құралымдарды, өрт сөндіру-техникалық ғылыми-зерттеу мекемелерiн, уәкілетті органның білім беру ұйымдарын, өрт сөндіру-техникалық өнiмдер шығаратын кәсiпорындарды қамтиды.
3. Қазақстан Республикасында өрт қауіпсіздігін қамтамасыз етуге бағытталған мемлекеттік өртке қарсы қызмет органдарының ведомствоішілік қызметінің міндеттері мен функциялары уәкілетті органның басшысы бекітетін қағидаларда, нұсқаулықтарда регламенттеледі.
61-бап. Өрт қауiпсiздiгi саласындағы құқықтық реттеу
1. Өрт қауiпсiздiгi саласындағы құқықтық реттеу - Қазақстан Республикасының нормативтік құқықтық актілерінде орындалуы мiндеттi өрт қауiпсiздiгi талаптарын белгiлеу.
2. Қазақстан Республикасының өрт қауiпсiздiгi саласындағы нормативтік құқықтық актілеріне өрт қауiпсiздiгi талаптары қамтылатын техникалық регламенттер, өрт қауiпсiздiгiнің қағидалары, нұсқаулықтар және Қазақстан Республикасының өзге де нормативтiк құқықтық актiлері жатады.
3. Өнімге және (немесе) оның өмірлік циклінің процестеріне қойылатын өрт қауіпсіздігі талаптары техникалық регламенттерде белгіленеді.
62-бап. Өрт қауiпсiздiгi шараларын әзiрлеу және iске асыру
Өрт қауiпсiздiгi шаралары Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес, сондай-ақ өрттердің шығу себептерін талдау және оларға қарсы күрес тәжiрибесi, заттардың, материалдардың, технологиялық процестердің, бұйымдардың, конструкциялардың, ғимараттар мен құрылыстардың өртену қаупін бағалау негiзiнде әзiрленедi.
Кәсіпорындар, ғимараттар, құрылыстар және басқа да объектілер үшін, оның ішінде оларды жобалау кезінде өрт қауіпсіздігі шараларын әзірлеуде және іске асыруда өрттер кезінде адамдарды қауіпсіз эвакуациялауды қамтамасыз ететін шешімдер міндетті түрде көзделуге тиіс.
Өндірістік объектілер үшін адамдардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету жөніндегі шешімдерді көздейтін өрттерді жою жоспарлары міндетті түрде әзірленеді.
63-бап. Өрттерді сөндіру
2014.29.09. № 239-V ҚР Заңымен 1-тармақ өзгертілді (бұр.ред.қара)
1. Өрттерді сөндіру өрттерді жоюға, адамдар мен жеке және заңды тұлғалардың мүлкін құтқаруға бағытталған іс-қимылдарды білдіреді.
Елді мекендердің аумақтарындағы, стратегиялық, аса маңызды мемлекеттік объектілер мен мемлекеттік меншіктің тіршілікті қамтамасыз ету объектілеріндегі өрттерді сөндіруді мемлекеттік өртке қарсы қызмет жүзеге асырады.
Қазақстан Республикасының ұлттық қауіпсіздік органы және қорғаныс, әуе, ішкі су және теміржол көлігі, мемлекеттік орман қоры объектілеріндегі өрттерді сөндіру үшін мемлекеттік өртке қарсы қызметті тарту тәртібі уәкілетті орган мен тиісті мемлекеттік органдар арасындағы келісімдермен регламенттеледі.
Дала өрттерін, сондай-ақ мемлекеттік өртке қарсы қызмет бөлімшелері жоқ елді мекендердегі өрттерді сөндіруді тиісті аумақтағы жергілікті атқарушы органдар жүзеге асырады.
2. Уәкілетті органның басшысы өртке қарсы қызметтердің барлығына қатысты аға жедел бастық болып табылады.
Облыстардағы, республикалық маңызы бар қалалардағы, астанадағы, аудандардағы, облыстық маңызы бар қалалардағы мемлекеттік өртке қарсы қызмет органдарының басшылары тиісті аумақтарда орналасқан өртке қарсы қызметтерге қатысты аға жедел бастық болып табылады.
3. Өртке қарсы қызмет гарнизонына кіретін күштер мен құралдарды пайдалану тәртібі өртке қарсы қызмет гарнизоны бөлімшелерінің бару кестесімен айқындалады, ал ауылдық жерлердегі аудандарда - өрттерді сөндіруге күштер мен құралдарды тарту жоспарымен айқындалады.
Өртке қарсы қызмет бөлімшелерін шақыру үшін елді мекендердің телефон желілерінде «101» және «112» бірыңғай нөмірлері орнатылады.
4. Өртке қарсы қызмет бөлімшелерінің өрттерді сөндіруге баруы сөзсіз тәртіппен жүзеге асырылады.
5. Өрт сөндіруге басшылықты өртке келген өртке қарсы қызмет гарнизонының аға лауазымды адамы жүзеге асырады.
Өрт сөндіру басшысы дара басшылық қағидаттарымен өрт сөндіру міндеттерін орындауға қатысатын жеке құрамды, сондай-ақ өрт сөндіруге тартылған күштерді басқарады.
Өрт сөндіру басшысын Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген тәртіппен міндеттерін орындаудан шеттетуден және басшылықты өзіне қабылдаудан немесе басқа лауазымды адам тағайындаудан басқа кезде оның қызметіне араласуға ешкім құқылы емес.
6. Өрттерді сөндірумен байланысты емес төтенше жағдайларды жою кезінде мемлекеттік және мемлекеттік емес өртке қарсы қызметтің, ақшасын қоспағанда, күштері мен құралдары төтенше жағдайды жою басшысының билігіне көшеді.
7. Өрт сөндіру басшысының:
1) өрт сөндіру үшін, көлік құралдары мен басқа да материалдық-техникалық құралдарды қоса алғанда, мемлекеттік емес өртке қарсы қызметтердің және өртке қарсы ерікті құралымдардың күштері мен құралдарын тартуға;
2) өрттерді сөндіру жұмыстарын жүргізу кезеңінде цехтар мен объектілердің жұмысын тоқтата тұруға, адамдарды, материалдық құндылықтарды қауіпті аймақтан эвакуациялауға өкім беруге құқығы бар.
8. Өрттерді сөндіру кезінде мемлекеттік өртке қарсы қызмет қызметкерлерінің:
1) өрттер кезінде азаматтардың жеке қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында, оларды құтқаруға, оттың таралуын болғызбауға және өртті жоюға бағытталған шаралар қабылдау үшін, шет мемлекеттердің дипломатиялық өкілдіктері, консулдық мекемелері, сондай-ақ халықаралық ұйымдар өкілдіктері орналасқан үй-жайларды, жер учаскелерін қоспағанда, адамдарды құтқаруға, авариялық-құтқару жұмыстарын жүргізуге бағытталған шараларды қабылдау үшін жеке және заңды тұлғаларға тиесілі аумаққа, тұрғынжайға және өзге де үй-жайға, жер учаскелеріне кедергісіз кіруге;
2) қажет болған жағдайларда, оттың таралуын болғызбауға және өртті жоюға бағытталған шаралар қабылдау үшін жабық есіктерді, терезелерді, шатырларды, сондай-ақ қоршау конструкцияларды ашуға;
3) осы Заңның 33-бабы 3-тармағының 5) және 7) тармақшаларында көзделген іс-қимылдарға құқығы бар.
9. Өрттерді сөндіру кезінде келтірілген материалдық нұқсан Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген тәртіппен өтелуге жатады.
Өрт сөндіру кезінде құқыққа сыйымды әрекет еткен өртке қарсы қызметтердің қызметкерлері мен ерікті өрт сөндірушілер келтірілген нұқсанды өтеуден босатылады.
64-бап. Өрт қауіпсіздігі саласындағы техникалық реттеу объектілері және сәйкестікті растау
Өрт қауіпсіздігі саласындағы техникалық реттеу объектілері өнім және (немесе) оның өмірлік циклінің процестері болып табылады.
Өрт қауіпсіздігі саласындағы техникалық реттеу объектілерінің сәйкестігін растау Қазақстан Республикасының техникалық реттеу туралы заңнамасында белгіленген тәртіппен жүзеге асырылады.
65-бап. Өрт қауіпсіздігі саласындағы техникалық реттеу объектілерін жобалау, салу, реконструкциялау және шығару кезіндегі өрт қауіпсіздігі талаптары
Өрт қауіпсіздігі саласындағы техникалық реттеу объектілерін жобалау, салу, реконструкциялау және шығару кезінде:
1) өрт қауіпсіздігі саласындағы техникалық реттеу объектілерін орналастыру;
2) өрт қауіпсіздігі саласындағы техникалық реттеу объектілерін қолдану;
3) өрт қауіпсіздігі саласындағы техникалық реттеу объектілерін өрт сөндіру-техникалық тұрғыдан сыныптау;
4) өрт қауіпсіздігі саласындағы техникалық реттеу объектілерін өрт сөндіру деполары ғимараттарымен және құрылыстарымен қамтамасыз ету;
5) адамдардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету;
6) өрттің таралуын болғызбау;
7) өрт сөндіру мүмкіндігін қамтамасыз ету;
8) өрт сөндіру кезінде құтқару жұмыстарын жүргізу жөніндегі талаптар сақталуға тиіс.
66-бап. Өрт қауіпсіздігі саласындағы техникалық реттеу объектілерін пайдалану, сақтау, тасымалдау, қолдану және іске асыру кезіндегі өрт қауіпсіздігі талаптары
Өрт қауіпсіздігі саласындағы техникалық реттеу объектілерін пайдалану, сақтау, тасымалдау, қолдану және іске асыру кезінде:
1) өрт қауіпсіздігін қамтамасыз ету жөніндегі ұйымдастырушылық және техникалық іс-шаралар;
2) адамдарды эвакуациялау жолдары;
3) өрт шыққан кезде адамдардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету және іс-қимыл тәртібі;
4) инженерлік жүйелердің жарақтандырылуы және жұмыс істеу жай-күйі;
5) өрт сөндіру автоматикасы жүйелерінің жарақтандырылуы және жұмыс істеу жай-күйі, оларға қызмет көрсету және қызмет көрсету персоналы үнемі болатын орындарға шығару;
6) өрт сөндіру техникасының жарақтандырылуы және жұмыс істеу жай-күйі;
7) өрттің таралуын болғызбау;
8) өрт сөндіру мүмкіндігін қамтамасыз ету;
9) аумақтарды, ғимараттар мен құрылыстарды, үй-жайларды күтіп-ұстау;
10) өрт сөндіру кезінде авариялық-құтқару жұмыстарын жүргізуді қамтамасыз ету жөніндегі талаптар сақталуға тиіс.
13-тарау. МЕМЛЕКЕТТІК ЕМЕС ӨРТКЕ ҚАРСЫ ҚЫЗМЕТ ЖӘНЕ ӨРТКЕ ҚАРСЫ ЕРІКТІ ҚҰРАЛЫМДАР
67-бап. Мемлекеттік емес өртке қарсы қызмет
1. Мемлекеттік емес өртке қарсы қызметтің негізгі міндеттері:
1) ұйымдардағы, елді мекендердегі және объектілердегі өрттердің алдын алу және сөндіру;
2) ұйымдардағы, елді мекендердегі және объектілердегі авариялық-құтқару жұмыстарын жүргізу болып табылады.
2. Қазақстан Республикасы Үкіметінің нормативтік құқықтық актілерімен мемлекеттік емес өртке қарсы қызметті міндетті түрде құру көзделген ұйымдар мен объектілердің, сондай-ақ елді мекендердегі өрт қауіпсіздігі мемлекеттік емес өртке қарсы қызмет құру немесе жұмыс істеп тұрған мемлекеттік емес өртке қарсы қызметтермен қызмет көрсетуге шарттар жасасу арқылы қамтамасыз етілуі мүмкін.
3. Мемлекеттік емес өртке қарсы қызмет өз жұмысын осы Заңға және өртке қарсы қызмет жұмысын реттейтін Қазақстан Республикасының өзге де нормативтік құқықтық актілеріне сәйкес жүзеге асырады.
Мемлекеттік емес өртке қарсы қызмет субъектілері өрт қауіпсіздігі саласындағы міндеттерді орындауда мемлекеттік өртке қарсы қызмет органдарына жәрдем көрсетуге міндетті.
4. Мемлекеттік емес өртке қарсы қызметке жұмысқа он сегіз жасқа толған және арнайы даярлық пен оқу курсынан өткен Қазақстан Республикасының азаматтары қабылдана алады.
Алкоголизммен, нашақорлықпен және уытқұмарлықпен ауырады деп танылған және денсаулық сақтау ұйымдарында есепте тұрған, психикасының бұзылуы салдарынан жарамсыз деп танылған адамдар, Қазақстан Республикасының заңдарында белгіленген тәртіппен, мемлекеттік емес өртке қарсы қызметке жұмысқа қабылдана алмайды.
Мемлекеттік емес өртке қарсы қызмет өз жұмыскерлерін мемлекеттік өртке қарсы қызмет органдары үшін белгіленген нормалар бойынша арнайы киім-кешекпен және өртке қарсы жарақтармен қамтамасыз етуге міндетті.
5. Мемлекеттік емес өртке қарсы қызмет өрт сөндіру техникасы, өрт сөндіру-техникалық құрал-сайманы мен жабдығы бойынша мемлекеттік өртке қарсы қызмет органдары үшін белгіленген тиесілік нормаларына сай болуға тиіс.
68-бап. Өртке қарсы ерікті құралымдар
1. Дала өрттерінің, сондай-ақ ұйымдар мен елді мекендердегі өрттердің алдын алу және оларды сөндіру жөніндегі іс-шараларды жүзеге асыру мақсатында өртке қарсы ерікті құралымдар құрылуы мүмкін.
2. Өртке қарсы ерікті құралымдардың негізгі міндеттеріне:
1) дала өрттерінің, сондай-ақ ұйымдар мен елді мекендердегі өрттердің алдын алу және оларды сөндіру;
2) дала өрттерін, сондай-ақ ұйымдар мен елді мекендердегі өрттерді сөндіруге байланысты авариялық-құтқару жұмыстарын жүргізу;
3) өрт қауіпсіздігі саласындағы жұмыстарды орындау және қызметтер көрсету;
4) халықты өрт қауіпсіздігі шараларына және өрт шыққан кездегі іс-қимылдарға оқыту жатады.
2014.29.09. № 239-V ҚР Заңымен 3-тармақ өзгертілді (бұр.ред.қара)
3. Өртке қарсы ерікті құралымдар ерікті өрт сөндірушілерден жасақталады.
Ерікті өрт сөндірушілерге өздерінің іскерлік және моральдық қасиеттері бойынша, сондай-ақ денсаулық жағдайына қарай өрттердің алдын алуға және (немесе) сөндіруге байланысты міндеттерді атқаруға қабілетті азаматтар ерікті негізде жеке тәртіппен қабылданады.
Ерікті өрт сөндірушілерге қабылданған азаматтар жүргізілуін өртке қарсы ерікті құралымдар жүзеге асыратын ерікті өрт сөндірушілер тізіліміне тіркеледі және мамандандырылған оқу орталықтарында бастапқы даярлықтан өтеді.
Ерікті өрт сөндірушілерді бастапқы даярлаудың оқу бағдарламасын уәкілетті орган бекітеді.
Ерікті өрт сөндірушілердің кейінгі даярлығы өртке қарсы ерікті құралымда жүзеге асырылады.
Ерікті өрт сөндірушілердің кейінгі даярлық бағдарламасын өртке қарсы ерікті құралымның басшысы әзірлейді және оны уәкілетті орган ведомствосының аумақтық бөлімшесінің басшысы бекітеді.
2014.29.09. № 239-V ҚР Заңымен 4-тармақ жаңа редакцияда (бұр.ред.қара)
4. Өртке уақтылы ден қою үшін уәкілетті орган ведомствосының аумақтық бөлімшесімен келісу бойынша өртке қарсы ерікті құралымның басшысы ерікті өрт сөндірушілерді жинау тәртібі мен оларды өрт шыққан жерге жеткізу тәсілін айқындайды.
5. Ерікті өрт сөндіруші өрттердің алдын алу және сөндіру, өрт қауіпсіздігін қамтамасыз ету және авариялық-құтқару жұмыстарын жүргізу жөніндегі жұмыстарды орындау кезеңінде қаза тапқан (қайтыс болған) жағдайда, оның отбасы мүшелеріне соңғы атқарған лауазымы бойынша жалақысының он еселенген жылдық мөлшерінен кем емес мөлшерде біржолғы жәрдемақы төленеді.
6. Ерікті өрт сөндірушіге қызметтік міндеттерін атқару кезінде мертігуі, жарақаттануы, жаралануы, контузия алуы, ауыруы салдарынан мүгедектік белгіленген кезде оған мынадай мөлшерлерде:
1) бірінші немесе екінші топтағы мүгедекке - жалақысының бес еселенген жылдық мөлшерінде;
2) үшінші топтағы мүгедекке - жалақысының екі еселенген жылдық мөлшерінде біржолғы жәрдемақы төленеді.
7. Ерікті өрт сөндіруші қызметтік міндеттерін атқару кезінде еңбекке қабілеттілігінен тұрақты айырылып ауыр мертіккен, жарақаттанған, жараланған, контузия алған, ауырған жағдайда, оған мүгедектік белгіленбей, жалақысының жылдық мөлшерінен кем емес мөлшерде біржолғы жәрдемақы төленеді.
8. Осы баптың 5, 6 және 7-тармақтарында көзделген біржолғы жәрдемақылар бюджет қаражаты есебінен төленеді.
2014.29.09. № 239-V ҚР Заңымен 9-тармақ жаңа редакцияда (бұр.ред.қара)
9. Уәкілетті орган ведомствосының аумақтық бөлімшесі өртке қарсы ерікті құралымдардың тізілімін жүргізеді.
14-тарау. ӨНЕРКӘСІПТІК ҚАУІПСІЗДІКТІ ҚАМТАМАСЫЗ ЕТУ
69-бап. Өнеркәсіптік қауіпсіздікті қамтамасыз ету
1. Өнеркәсіптік қауіпсіздік техникалық регламенттерде, өнеркәсіптік қауіпсіздікті қамтамасыз ету қағидаларында, нұсқаулықтарда және Қазақстан Республикасының өзге де нормативтік құқықтық актілерінде белгіленген өнеркәсіптік қауіпсіздік талаптарын сақтауға бағытталған.
2. Өнеркәсiптiк қауiпсiздiк: