Мүлік жеткіліксіз болған кезде кредиторлардың залалдардың орнын толтыру және тұрақсыздық айыбын (айыппұлдарды, өсiмпұлдарды) өндiрiп алу бойынша талаптары, сондай-ақ кредиторлардың осы Заңның 102-бабының 5 және 6-тармақтарында көрсетілген талаптары олардың тізілімге енгізілген талаптарының сомасына пропорционалды түрде қанағаттандырылуға жатады.
108-бап. Кредиторлардың талаптары қанағаттандырылғаннан кейін қалған мүлік
1. Кредиторлардың талаптары қанағаттандырылғаннан кейін қалған ақшаны банкроттықты басқарушы Қазақстан Республикасының заңнамасына немесе банкроттың құрылтайшылық құжаттарына сәйкес банкрот мүлкінің меншік иесіне не оның құрылтайшыларына (қатысушыларына) береді.
2. Банкроттың сатуға ұсынылған, бірақ өткізілмей қалған, сондай-ақ кредитор талапты қанағаттандыру есебіне қабылдамаған, кредиторлардың талаптары қанағаттандырылғаннан кейінгі қалған заттай мүлік Қазақстан Республикасының азаматтық заңнамасында көзделген, сондай-ақ егер осындай мүлікті әкімші әкімшілік шығыстарды өтеу есебіне және кредитор талаптарды қанағаттандыру есебіне қабылдамаған жағдайларды қоспағанда, банкроттың меншік иесіне не қатысушыларға (құрылтайшыларға) беріледі.
109-бап. Банкротты борыштардан босату
1. Кредиторлармен есеп айырысу аяқталғаннан кейін банкрот атқаруға қойылған және заңды тұлғаны банкрот деп тану кезiнде ескерiлген мiндеттемелер мен өзге де талаптарды орындаудан босатылады.
Кредиторлармен есеп айырысу аяқталғаннан кейін банкрот деп танылған дара кәсіпкер банкрот деп жарияланған тұлға өміріне немесе денсаулығына зиян келтіргені үшін олардың алдында жауаптылықта болатын азаматтардың талаптарын, сондай-ақ Қазақстан Республикасының заңдарында көзделген жеке сипаттағы өзге де талаптарды қоспағанда, кәсіпкерлік қызметке байланысты қалған міндеттемелерді орындаудан босатылады.
2. Егер банкрот оңалту және банкроттық туралы іс қозғалғанға дейінгі үш жыл ішінде өз мүлкінің бір бөлігін жасырса немесе жасыру мақсатында басқа адамға берсе, бухгалтерлік кітаптарды, шоттарды, құжаттарды қоса алғанда, қажетті есептік ақпаратты бүгіп қалса немесе бұрмаласа, ол борыштардан босатылмайды.
110-бап. Банкроттықты басқарушының қорытынды есебі
1. Кредиторлардың талаптарын қанағаттандырғаннан кейiн банкроттықты басқарушы тарату теңгерімі мен кредиторлардың талаптары қанағаттандырылғаннан кейiн қалған мүлiктi пайдалану туралы есептi қоса бере отырып, сотқа өз қызметi туралы кредиторлар жиналысымен келісілген қорытынды есептi ұсынады.
2. Сот банкроттықты басқарушының қорытынды есебi мен тарату теңгерімін бекiтедi және олар ұсынылған кезден бастап күнтізбелік он бес күннен кешiктірілмейтiн мерзiмде банкроттық рәсімін аяқтау туралы ұйғарым шығарады.
Банкроттық рәсімі аяқталғаннан кейiн сот бiр апталық мерзiмде банкроттықты басқарушының бiрiншi кезектегi кредиторлардың қанағаттандырылмаған талаптары туралы мәлiметтер қамтылған, бекiтiлген қорытынды есебiнен үзiндi көшiрмені уәкiлеттi органға жiбередi.
Банкроттық рәсімді аяқтау туралы ұйғарымда банкроттықты басқарушыға сыйақы төлеуге және банкроттың өткізілмей қалған мүлкiне байланысты реттелмеген мәселелер де шешiлуге тиiс. Сот ұйғарымның көшiрмесiн заңды тұлғаларды мемлекеттiк тiркеудi жүзеге асыратын органға, уәкiлеттi органға, мемлекеттiк статистика саласындағы уәкiлеттi органның аумақтық органына, сондай-ақ талаптары қанағаттандырылмаған банкроттың кредиторларына жiбередi.
111-бап. Уәкілетті органның интернет-ресурсында банкроттар тізімін жариялау
1. Банкроттық саласындағы уәкілетті орган өзінің интернет-ресурсында оларға қатысты банкрот деп тану туралы сот шешімдері күшіне енген банкроттардың (дара кәсіпкерлердің, заңды тұлғалардың) тізімін жариялайды.
Борышкерді банкрот деп тану туралы шешім күшін жойған жағдайда, ол тізімнен алып тасталады.
Тізімде борышкердің тегі, аты, әкесінің аты (ол болған жағдайда) не атауы, экономикалық қызмет түрі, борышкердің деректемелері, басшы мен құрылтайшылардың тегі, аты, әкесінің аты (ол болған жағдайда), борышкерді банкрот деп тану туралы сот шешімінің және банкроттық рәсімінің аяқталғаны туралы сот ұйғарымының күндері көрсетіледі.
2. Уәкілетті органның интернет-ресурсында орналастырылған банкроттар тізімі оларға қатысты банкрот деп тану туралы сот шешімдері өткен айда заңды күшіне енген банкроттарды енгізу жолымен ай сайын, өткен айдан кейінгі айдың 20-сынан кешіктірілмей жаңартылады.
112-бап. Банкротты таратуды аяқтау
1. Заңды тұлғалар мен дара кәсiпкерлердiң мемлекеттiк тiркелiмдерiне жазба енгiзiлгеннен кейін банкротты тарату аяқталды, ал банкрот жұмыс iстеуiн тоқтатты деп саналады.
2014.07.11. № 248-V ҚР Заңымен 2-тармақ жаңа редакцияда (бұр.ред.қара)
2. Заңды тұлғаларды мемлекеттiк тiркеудi жүзеге асыратын органдар банкротты заңды тұлғалардың тiркелiмiнен алып тастау туралы бұйрықтарды сотқа және уәкiлеттi органға, сондай-ақ банкроттың орналасқан жерi бойынша мемлекеттік кіріс органына жiбередi.
3. Заңды тұлғалар банкроттарының акционерлік қоғамдарының директорлар кеңесінің мүшелері, атқарушы органының басшылары мен мүшелері, бас бухгалтері уәкілетті орган қалыптастыратын банкроттар құрылтайшыларының тізіліміне енгізіледі.
7-тарау. БАНКРОТТЫҚТЫҢ ЖЕҢІЛДЕТІЛГЕН РӘСІМДЕРІ
113-бап. Таратылатын борышкердің банкроттығы
1. Осы Заңның 11-бабы 2-тармағының 1) тармақшасында көзделген мән-жайлар анықталған кезде тарату комиссиясы сотқа борышкердi банкрот деп тану туралы өтiнiш беруге мiндеттi. Тарату комиссиясы көрсетілген мән-жайлар анықталған кезде ол туралы борышкер-заңды тұлғаны хабардар етуге мiндеттi.
2. Сот банкроттық туралы iсті қозғаған кезден бастап борышкер мүлкiнiң меншiк иесiне және оның құрылтайшыларына (қатысушыларына) осы Заңның 50-бабында көзделген салдарлар қолданылады.
114-бап. Соттың істі қарауы
1. Таратылатын заңды тұлғаны банкрот деп тану туралы iсті қозғаған сот бiр ай мерзiмде борышкердi банкрот деп тану және оны тарату туралы шешiм шығарады.
2. Егер iстi қарау кезiнде борышкердегi бар мүлiк (активтер) барлық кредиторлардың талаптарын толық көлемде қанағаттандыруға мүмкіндік беретіні анықталса, сот борышкердi банкрот деп танудан бас тарту туралы шешiм шығарады. Соттың шешiмi борышкердi Қазақстан Республикасының азаматтық заңнамасында белгіленген тәртіппен таратуды жалғастыруға негiз болып табылады.
115-бап. Борышкерді тарату тәртібі
Банкроттықты басқарушы осы Заңның 84 - 112-баптарында көзделген тәртiппен борышкердi таратуды жүзеге асырады.
116-бап. Борышкердi банкроттық тәртiппен таратудан бас тартудың салдарлары
1. Егер заңды тұлға тек банкроттық тәртiппен таратылуға тиiс болатын мән-жайлардың болуына қарамастан, меншiк иесi, құрылтайшылар (қатысушылар), тарату комиссиясы борышкердi банкрот деп тану туралы өтiнiшпен сотқа жүгiнбесе және заңды тұлғаны таратуды жүзеге асырса, барлық кредиторлардың талаптарын толық көлемде қанағаттандырмау заңды тұлғаның қызметін тоқтатуды мемлекеттік тіркеуден бас тарту үшін негiз болып табылады.
2. Егер борышкер мүлкiнiң меншік иесi, құрылтайшылар (қатысушылар), тарату комиссиясы (таратушы) осы Заңға немесе Қазақстан Республикасының өзге де заңдарына сәйкес борышкердің өтелмеген мiндеттемелерi бойынша жауаптылықта болса, кредиторлар оларға қанағаттандырылмай қалған талаптарын қоюға құқылы.
117-бап. Кредитордың өтiнiшi бойынша таратылатын борышкердiң банкроттығы
1. Заңды тұлғаның меншiк иесiнің, құрылтайшыларының (қатысушыларының) оны тарату туралы шешiм қабылдауы кредитордың мұндай заңды тұлғаны банкрот деп тану туралы сотқа жүгiнуiне кедергi болып табылмайды.
2. Борышкердi банкрот деп тану туралы сот шешiм қабылдаған жағдайда осы тараудың ережелерi қолданылмайды, ал борышкердi тарату осы Заңның 84 - 112-баптарында көзделген қағидаларға сәйкес жүзеге асырылады.
118-бап. Уәкілетті органның банкроттық рәсімін қозғамастан банкротты таратуы
1. Осы Заңның 57-бабының 2-тармағына сәйкес тарату рәсімін жүргізу уәкілетті органға жүктелген кезде әкімшінің осы Заңда көзделген құқықтары мен міндеттері уәкілетті органға ауысады.
2. Банкротта активтер, сондай-ақ осы Заңның 7-бабына сәйкес жарамсыз деп тануға жататын мәмілелер болмаған жағдайда, уәкілетті орган бір ай мерзімде кредиторлар жиналысына келісу үшін қорытынды есепті және тарату балансын ұсынуға міндетті.
3. Уәкілетті орган:
1) кредиторлар жиналысымен келіскен кезден бастап екі жұмыс күні ішінде сотқа бекіту үшін қорытынды есеп пен тарату балансын ұсынуға;
2014.07.11. № 248-V ҚР Заңымен 2) тармақша жаңа редакцияда (бұр.ред.қара)
2) сот қорытынды есепті бекіткеннен кейін үш жұмыс күні ішінде банкроттың банктік шоттарын жабуға және салық төлеуші куәлігінің және қосылған құн салығы бойынша есепке қою туралы куәліктің бланкілерін (олар болған жағдайда) мемлекеттік кіріс органына тапсыруға міндетті.
4. Борышкерді таратуды жүргізу барысында мүлік массасы және (немесе) бұдан бұрын шығарылған мүлікті мүліктік массасына қайтару анықталған кезде уәкілетті орган жаңадан ашылған мән-жайлар бойынша банкроттық рәсімін қозғамастан, борышкерді банкрот деп тану және банкроттық рәсімін қозғау туралы сот шешімін қайта қарау туралы сотқа жүгінуге міндетті.
8-тарау. ҚАЛА ҚҰРАУШЫ ЗАҢДЫ ТҰЛҒАЛАР БАНКРОТТЫҒЫНЫҢ ЕРЕКШЕЛІКТЕРІ
119-бап. Қала құраушы борышкер - заңды тұлғалардың банкроттығы
1. Қала құраушы болып табылатын заңды тұлға - борышкер осы тарауда белгіленген ерекшеліктер ескеріле отырып, осы Заңда белгіленген жағдайларда және тәртіппен банкрот деп танылуы мүмкін.
2014.29.09. № 239-V ҚР Заңымен 2-тармақ жаңа редакцияда (бұр.ред.қара)
2. Заңды тұлғаларды қала құраушыға жатқызу және олардың тізбесін жүргізу өңірлік даму жөніндегі уәкілетті орган белгілеген тәртіппен жүргізіледі.
120-бап. Банкроттық туралы істі қарау
1. Қала құраушы заңды тұлғаның банкроттығы туралы iстi қарау кезінде тиiстi әкiмшiлiк-аумақтық бiрлiк әкiм уәкiлеттiк берген өкiл атынан iске қатысушы деп танылады. Сот қала құраушы заңды тұлғаның банкроттығы туралы iс қозғалғаннан кейiн бұл туралы әкiмнiң өкiлiн және уәкiлеттi органды хабардар етуге мiндеттi.
2. Борышкердiң өзiн банкрот деп тану туралы өтiнiшiне, сондай-ақ борышкердiң пiкiрiне өзге де тұлғалардың оны банкрот деп тану туралы өтiнiшiне борышкердiң қала құраушы заңды тұлғаларға жататындығын куәландыратын құжаттар қоса беріледі.
3. Қала құраушы заңды тұлға - борышкер банкроттығы туралы iстi қарауға дайындық кезінде судья қала құраушы заңды тұлғалар тiзбесiнен үзінді көшiрме сұратып алады.
121-бап. Кредиторлардың талаптарын өтеу
1. Сот тиiстi шешiм шығарғанға дейiн кез келген уақытта Қазақстан Республикасы, әкiмшiлiк-аумақтық бірлік кепiлмен қамтамасыз етілген барлық кредитордың және қала құраушы заңды тұлға - борышкердің азаматтық-құқықтық міндеттемелері бойынша кредиторлардың талаптарын бiр мезгiлде өтеудi жүзеге асыруға құқылы.
2. Кредиторлардың талаптары осы баптың 1-тармағында көзделген тәртiппен өтелген жағдайда банкроттық туралы iс бойынша іс жүргізу тоқтатылуға жатады.
3. Қала құраушы заңды тұлға - борышкердің кредиторлар алдындағы талаптарын Қазақстан Республикасының, әкiмшiлiк-аумақтық бірліктің өтеуі борышкердiң мүлкiн алып қоюмен не олардың өзгеше жолмен сатып алуымен қоса жүргізілмейді.
9-тарау. АУЫЛШАРУАШЫЛЫҚ ӨНІМІН ӨНДІРУШІЛЕРДІ ОҢАЛТУДЫҢ ЖӘНЕ ОЛАРДЫҢ БАНКРОТТЫҒЫНЫҢ ЕРЕКШЕЛІКТЕРІ
122-бап. Ауылшаруашылық өнімін өндірушілердің банкроттығы
1. Ауылшаруашылық өнімін өндіруші болып табылатын борышкер осы тарауда белгiленген ерекшелiктер ескеріле отырып, банкрот деп танылады.
2. Ауылшаруашылық өнімін өндірушілердің дәрменсiздiгi анықталған кезде олар бойынша орындалу мерзiмi алдыңғы жылдан бұрын басталмаған мiндеттемелер ескерiледi. Бұл ретте, осы мерзiмде табиғи және техногендiк сипаттағы төтенше жағдайлар не мiндеттемелердiң мерзімінде орындалмауына себеп болып табылған аса қолайсыз табиғи-климаттық жағдайлар туындаған, банкроттық рәсiмi қозғалған жылдың алдындағы жыл есепке алынбайды.
2014.07.11. № 248-V ҚР Заңымен 123-бап өзгертілді (бұр.ред.қара)
123-бап. Кредитордың өтінішіне немесе борышкердiң пiкiрiне қосымша қоса берілетін құжаттар
Кредитордың өтінішiне немесе борышкердiң пiкiрiне осы Заңда көзделген құжаттардан басқа қосымша мыналар қоса беріледі:
1) жерлердiң кадастрлық сипаттамасы;
2) банкроттық рәсiмi қозғалған жылдың алдындағы жылда табиғи және техногендiк сипаттағы төтенше жағдайлар не табиғи-климаттық жағдайлар болса, олар туралы деректер.
Борышкер кредитордың, мемлекеттік кіріс органының және өзге де уәкiлеттi мемлекеттiк органның немесе прокурордың өтінішiне берген пiкiрiнде өзiнiң дәрменсiздiгiн таныған жағдайда, қосымша құжаттарды ұсыну мiндеттi емес.
Борышкер банкрот деп танылған немесе оған оңалту рәсiмдерi қолданылған жағдайда қосымша құжаттарды алуға байланысты шығыстар әкiмшiлiк шығыстарға жатқызылады.
124-бап. Оңалту рәсiмiнiң мерзiмiн ұзарту
Егер табиғи және техногендiк сипаттағы төтенше жағдайлардың не аса қолайсыз табиғи-климаттық жағдайлардың салдарынан оңалту рәсiмiнiң мақсаттарына қол жеткізу мүмкiн болмаған жағдайда, сот оңалту рәсiмiн жүргізу мерзімін бiр жылдан аспайтын мерзiмге ұзартуға құқылы.
125-бап. Банкроттық рәсімі
1. Осы Заңның 84-бабының 1-тармағында белгіленген банкроттық рәсімді жүргізу мерзімін сот кредиторлар жиналысының келісуімен банкроттықты басқарушының өтінішхаты бойынша бір жылдан аспайтын мерзімге ұзартуы мүмкін.
2. Банкроттықты басқарушы кредиторлар комитетінің келісуімен банкроттың мүліктік массасының құнын ұстап тұру жөніндегі іс-шараларды жүзеге асырады, оларға:
1) Қазақстан Республикасының жер заңнамасына сәйкес жерлерді қорғау жөніндегі іс-шаралар;
2) егiс және егiн жинау жұмыстары, жануарлардың, құстардың, балараның өсімін молайту және өсiру, өсiмдiк шаруашылығы, мал шаруашылығы, құс шаруашылығы, омарта шаруашылығы өнiмдерiн қайта өңдеу;
3) борышкер мүлкiн өткізу үшiн тиісті жағдайда ұстауға байланысты шаралар жатады.
Мүліктік массаның құнын ұстап тұру бойынша шығыстар әкімшілік шығыстарға жатады.
126-бап. Мүліктік массаны қалыптастыру және өткізу
1. Банкроттықты басқарушы банкроттың жер пайдалану құқығының тиісті ресімделуін қамтамасыз етуге міндетті, бұл ретте жұмсалған шығыстар әкімшілік шығыстарға жатқызылады.
2. Банкроттың мүлкін сату осы Заңның 99-бабына сәйкес жүргізіледі. Бұл ретте, негізгі қызмет түрін міндетті түрде сақтай отырып, банкроттың мүлкін сату жоспарына мүліктік массаны бірыңғай лотпен аукцион нысанында өткізілетін сауда-саттыққа бастапқы шығару бойынша қосымша шарт енгізіледі.
3. Егер аукцион өткізілмеген не оған қатысушылардың ешқайсысы бірыңғай лотты иемденбеген жағдайда, мүлікті сату бөлек лоттармен жүзеге асырылады, бұл ретте біртұтас өндірістік кешенге кіретін мүлікті бөлек лоттарға кіргізуге жол берілмейді.
Егер біртұтас өндірістік кешен кіретін лот бойынша аукцион өткізілмеген не оның қатысушыларының ешқайсысы бірыңғай лотты иемденбеген жағдайда, оны өткізу одан әрі бөлек лоттар бойынша жүзеге асырылады.
4. Банкроттықты басқарушы мүлікті бірыңғай лотпен, сондай-ақ біртұтас өндірістік кешенге кіретін мүлікті өткізу бойынша өткізілген сауда-саттықтың қорытындылары туралы ақпаратты сатып алу-сату шарты жасалған кезден бастап бес жұмыс күні ішінде жергілікті атқарушы органдарға жіберуге міндетті.
5. Мүліктік массаны бөлек лоттар бойынша сатып алушы болмаған кезде кредиторлар өз талаптарын осы Заңның 100-бабында белгіленген мүліктік массаны бөлудің кезектілігіне сәйкес олардың талаптарының сомасына пропорционалды түрде заттай банкроттың мүлкі есебінен қанағаттандыруға құқылы.
6. Мүліктік массаны өткізу бойынша аукцион өткізудің уақыты мен орнын кредиторлар жиналысының келісуімен банкроттықты басқарушы айқындайды.
10-тарау. ҚОРЫТЫНДЫ ЕРЕЖЕЛЕР
127-бап. Қазақстан Республикасының оңалту және банкроттық туралы заңнамасын бұзғаны үшін жауаптылық
Қазақстан Республикасының оңалту және банкроттық туралы заңнамасын бұзу Қазақстан Республикасының заңдарында белгіленген жауаптылыққа әкеп соғады.
128-бап. Осы Заңды қолданысқа енгізу тәртібі
1. Осы Заң алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі.
2. «Банкроттық туралы» 1997 жылғы 21 қаңтардағы Қазақстан Республикасы Заңының (Қазақстан Республикасы Парламентінің Жаршысы, 1997 ж., № 1-2, 7-құжат; № 13-14, 205-құжат; 1998 ж., № 14, 198-құжат; № 17-18, 225-құжат; 2000 ж., № 22, 408-құжат; 2001 ж., № 8, 52-құжат; № 17-18, 240-құжат; № 24, 338-құжат; 2002 ж., № 17, 155-құжат; 2003 ж., № 4, 26-құжат; № 11, 67-құжат; 2004 ж., № 6, 42-құжат; № 23, 142-құжат; 2005 ж., № 14, 57-құжат; 2006 ж., № 1, 4-құжат; № 3, 22-құжат; № 4, 24-құжат; № 13, 86-құжат; № 15, 95-құжат; 2007 ж., № 1, 4-құжат; № 2, 14, 18-құжаттар; № 9, 67-құжат; 2008 ж., № 13-14, 58-құжат; № 23, 114-құжат; № 24, 129 құжат; 2009 ж., № 2-3, 18-құжат; № 18, 84-құжат; 2010 ж., № 5, 23-құжат; № 7, 28-құжат; 2011 ж., № 1, 2, 9-құжаттар; № 5, 43-құжат; № 11, 102-құжат; № 12, 111-құжат; № 21, 161-құжат; 2012 ж., № 2, 14, 15-құжаттар; № 6, 43-құжат; № 8, 64-құжат; № 15, 97-құжат; № 21-22, 124-құжат; 2013 ж., № 10-11, 56-құжат) күші жойылды деп танылсын.
Қазақстан Республикасының
Президенті
Н.НАЗАРБАЕВ
Астана, Ақорда, 2014 жылғы наурыздың 7-і.
№ 176-V