ҚАЗАҚСТАН РЕСПУБЛИКАСЫНЫҢ
ЗАҢЫ
Геодезия, картография және кеңістіктік деректер туралы
(2023.01.05. берілген өзгерістермен)
1-тарау. ЖАЛПЫ ЕРЕЖЕЛЕР
1-бап. Осы Заңның қолданылу саласы
2-бап. Осы Заңда пайдаланылатын негізгі ұғымдар
3-бап. Қазақстан Республикасының геодезия, картография және кеңістіктік деректер саласындағы заңнамасы
4-бап. Геодезиялық және картографиялық қызметтің объектілері мен субъектілері
5-бап. Геодезиялық және картографиялық қызметті жүзеге асыру қағидаттары
6-бап. Геодезиялық және картографиялық қызметтің бағыттары
7-бап. Қазақстан Республикасының қорғанысы мен ұлттық қауіпсіздігін қамтамасыз ету мүддесіндегі геодезиялық және картографиялық қызмет
8-бап. Геодезиялық және картографиялық қызметті метрологиялық жағынан қамтамасыз ету
9-бап. Геодезия, картография және кеңістіктік деректер саласындағы хабарлама
10-бап. Геодезиялық және картографиялық қызметті қаржыландыру
11-бап. Геодезия, картография және кеңістіктік деректер саласындағы мемлекеттік меншік
2-тарау. ГЕОДЕЗИЯ, КАРТОГРАФИЯ ЖӘНЕ КЕҢІСТІКТІК ДЕРЕКТЕР САЛАСЫНДАҒЫ МЕМЛЕКЕТТІК БАСҚАРУ
12-бап. Қазақстан Республикасы Үкіметінің геодезия, картография және кеңістіктік деректер саласындағы құзыреті
13-бап. Уәкілетті органның құзыреті
14-бап. Республикалық маңызы бар қалалардың, астананың, облыстық маңызы бар қалалардың, аудандардың жергілікті атқарушы органының геодезия, картография және кеңістіктік деректер саласындағы құзыреті
15-бап. Геодезия, картография және кеңістіктік деректер саласындағы халықаралық ынтымақтастық
16-бап. Геодезия, картография және кеңістіктік деректер саласындағы нормативтік құжаттардың мемлекеттік жүйесі
3-тарау. ГЕОДЕЗИЯЛЫҚ ЖӘНЕ КАРТОГРАФИЯЛЫҚ ҚЫЗМЕТТІҢ ЖҮЗЕГЕ АСЫРЫЛУЫН ҚАМТАМАСЫЗ ЕТУ
17-бап. Координаттық есептеу жүйесі, биіктік есептеу жүйесі және гравиметриялық есептеу жүйесі
18-бап. Кеңістіктік деректер
19-бап. Жергілікті жер объектілері туралы ақпаратты беру
20-бап. Ұлттық кеңістіктік деректер қоры
21-бап. Ұлттық кеңістіктік деректер инфрақұрылымы
22-бап. Кеңістіктік деректердің жинақтары
23-бап. Метадеректер
24-бап. Ұлттық кеңістіктік деректер инфрақұрылымының мемлекеттік геопорталы
25-бап. Кеңістіктік деректердің сервистері
26-бап. Бірыңғай цифрлық картографиялық негіз
27-бап. Картографиялық өнімге авторлық құқық
4-тарау. ГЕОДЕЗИЯЛЫҚ ЖӘНЕ КАРТОГРАФИЯЛЫҚ БАҚЫЛАУ
28-бап. Геодезиялық және картографиялық қызметті мемлекеттік бақылау
29-бап. Мемлекеттік бақылау субъектісіне (объектісіне) бармай профилактикалық бақылау жүргізу тәртібі
30-бап. Мемлекеттік геодезиялық, нивелирлік және гравиметриялық желілердің пункттерін қорғау
5-тарау. ҚОРЫТЫНДЫ ЕРЕЖЕЛЕР
31-бап. Қазақстан Республикасының геодезия, картография және кеңістіктік деректер саласындағы заңнамасын бұзғаны үшін жауаптылық
32-бап. Осы Заңды қолданысқа енгізу тәртібі
1-тарау. ЖАЛПЫ ЕРЕЖЕЛЕР
1-бап. Осы Заңның қолданылу саласы
Осы Заң кеңістіктік деректерді іздеуді, жинауды, сақтауды, өңдеуді, беруді және таратуды қоса алғанда, геодезиялық және картографиялық қызметті жүзеге асыру кезінде туындайтын қоғамдық қатынастарды реттейді.
2-бап. Осы Заңда пайдаланылатын негізгі ұғымдар
Осы Заңда мынадай негізгі ұғымдар пайдаланылады:
1) атлас - жалпы бағдарламамен біріктірілген көптеген карталардан тұратын картографиялық туынды;
2) биіктік есептеу жүйесі - жер беті нүктелерінің бастапқы деңгейлік бетіне қатысты биіктіктерін айқындауға арналған есептеу жүйесі;
3) бірыңғай цифрлық картографиялық негіз - Ұлттық кеңістіктік деректер инфрақұрылымының құрамдас картографиялық бөлігі және Қазақстан Республикасының аумағы туралы базалық кеңістіктік деректердің жүйеленген жиынтығы болып табылатын электрондық ақпараттық ресурс;
4) географиялық ақпараттық жүйе - Жер туралы, жер бетінің объектілері, табиғи, техногендік және қоғамдық процестер туралы кеңістіктік ақпаратты жинауды, өңдеуді, талдауды, модельдеуді, сақтауды, таратуды және өзгеше пайдалануды қамтамасыз ететін ақпараттық жүйе;
5) географиялық ақпараттық ресурстар - кеңістіктік деректер мен метадеректердің электрондық базаларының жиынтығы;
6) геодезия - карталар мен жоспарларды жасау мақсатында, сондай-ақ жер бетіндегі әртүрлі инженерлік міндеттерді шешуді қамтамасыз ету үшін жүзеге асырылатын Жердің пішінін, өлшемдері мен сыртқы гравитациялық өрісін, жер беті нүктелерінің координаттары мен биіктіктерін және олардың уақыт ішіндегі өзгерістерін айқындау жөніндегі ғылыми, техникалық және өндірістік қызмет процесінде туындайтын қатынастар саласы;
7) геодезия, картография және кеңістіктік деректер саласындағы уәкілетті орган (бұдан әрі - уәкілетті орган) - геодезия, картография және кеңістіктік деректер саласындағы басшылық пен салааралық үйлестіруді жүзеге асыратын орталық атқарушы орган;
8) геодезиялық және картографиялық қызмет - геодезия, картография және кеңістіктік деректер саласындағы жұмыстарды орындау, қызметтерді көрсету жөніндегі, сондай-ақ геодезиялық және картографиялық материалдар мен кеңістіктік деректерді алу жөніндегі ғылыми-техникалық, өндірістік, басқарушылық және өзге де қызмет;
9) геодезиялық желі - жер бетіндегі орналасуы геодезиялық координаттарды есептеудің өздеріне арналған ортақ жүйесіндегі геодезиялық өлшемдер негізінде айқындалған геодезиялық пункттердің жиынтығы;
10) геодезиялық пункт - жер бетінің нүктесін белгілі бір координаттармен және (немесе) биіктіктермен және (немесе) ауырлық күшінің мәндерімен бекітетін инженерлік конструкция;
11) геопортал - телекоммуникация құралдары арқылы кеңістіктік деректерге және кеңістіктік деректердің геосервистеріне қол жеткізуді қамтамасыз ететін ақпараттық жүйе;
12) гидрографиялық жұмыстар - су объектілеріндегі жағдай туралы егжей-тегжейлі ақпаратты алу, сондай-ақ олардың рельефі мен су беті туралы деректерді жинау үшін жүргізілетін жұмыстар кешені;
13) гравиметриялық есептеу жүйесі - ауырлық күші үдеуінің абсолютті немесе салыстырмалы өлшемдерін айқындауға арналған есептеу жүйесі;
14) гравиметриялық желі - гравиметриялық есептеудің өздеріне арналған ортақ жүйесінде ауырлық күші үдеуінің белгілі мәндері бар геодезиялық пункттердің жиынтығы;
15) датум - белгілі бір уақыт кезінде тіркелген эллипсоид немесе квазигеоид параметрлерінің жинағы;
16) жергілікті координаттық есептеу жүйесі - шектеулі аумаққа қатысты белгіленетін проекцияның координаттық есептеу жүйесі;
17) Жерді қашықтан зондтау - ғарыш және әуе кеңістігінен құрлық, мұхит және атмосфера элементтерінің өзіндік және шағылысқан сәулеленуін байқау және өлшеу арқылы Жер беті туралы ақпарат алу процесі;
18) Жердің геодинамикалық зерттеулері - жер қыртысының қазіргі қозғалыстары мен деформацияларын зерделеу;
19) жоспар - жазықтықта белгілі бір жергілікті жерді, құрылысжайды түзу көлденең проекциялау әдісімен кескіндейтін сызба;
20) интероперабельділік - кеңістіктік деректердің, метадеректердің, техникалық және бағдарламалық құралдардың функционалдық және ақпараттық өзара іс-қимыл жасауға қабілеттілігін білдіретін өзара үйлесімділік қағидаты;
21) карта - жер бетінің, басқа да табиғи аспан денелерінің немесе олардың бөліктерінің белгіленген талаптарға сәйкес белгілі бір проекцияда, сондай-ақ шартты белгілерді пайдалана отырып алынған, жазықтықтағы кішірейтілген жинақталған кескіні;
22) карта-схема - оңайлатылып жинақталған картографиялық кескін;
23) картография - картографиялық туындыларды зерделеу, жасау және пайдалану жөніндегі ғылыми, техникалық және өндірістік қызмет процесінде туындайтын қатынастар саласы;
24) картографиялық материалдар - карталарды жасау үшін пайдаланылатын картографиялық туындылар және басқа да графикалық, цифрлық, мәтіндік құжаттар;
25) картографиялық өнім - картографиялық қызмет нәтижесінде алынған, Жер бетінің және аспан денелерінің қағаз және электрондық жеткізгіштердегі, белгілі бір математикалық заңдар бойынша және шартты белгілердің қабылданған жүйесінде құрылып, кішірейтілген, өлшенетін және жинақталған кескіндері;
26) картографиялық проекция - Жер бетін бейнелеудің математикалық айқындалған тәсілі;
27) квазигеоид - жерүсті геодезиялық өлшемдер және массаларды бөлу жөніндегі деректерді қолданбай, ауырлық күші әлеуеттерінің мәндері негізінде есептелген, беті Жердің физикалық бетіне жуықтайтын математикалық қатаң модель;
28) кеңістіктік деректер - жергілікті жер объектілерінің орналасқан жері туралы мәліметтер қамтылатын, белгілі бір нысанда және координаттық есептеу жүйесінде ұсынылған ақпарат;
29) кеңістіктік деректердің геосервистері (бұдан әрі - геосервистер) - пайдаланушыға кеңістіктік деректермен және (немесе) метадеректермен операцияларды жүзеге асыру үшін құралдар беретін және дербес өнім немесе қосылатын сервис түрінде болатын электрондық ақпараттық ресурс;
30) кеңістіктік деректер инфрақұрылымы - кеңістіктік деректерді жинауға, өңдеуге, талдауға, модельдеуге, сақтауға, таратуға, беруге және тиімді пайдалануға арналған технология, стандарттар және географиялық ақпараттық ресурстар;
31) кеңістіктік объект - шынайы әлемнің объектісін орналасқан жерімен немесе географиялық салаға тиесілігімен қоса абстрактілі түсіну;
32) координаттарды өзгерту - бірдей датумдарға негізделген бір координаттық есептеу жүйесінен басқа координаттық есептеу жүйесіне ауысу;
33) координаттарды трансформациялау - бір датумға байланысты бір координаттық есептеу жүйесінен басқа датумы бар басқа координаттық есептеу жүйесіне ауысу;
34) координаттық есептеу жүйесі - Жермен датумның көмегі арқылы байланысқан геодезиялық координаттар жүйесі;
35) Қазақстан Республикасының кезекші анықтамалық картасы - жергілікті жердің геодезиялық және картографиялық тұрғыдан зерделенгенін, ашық және шектеулі пайдаланылатын үшөлшемді кеңістіктік деректерді көрсететін, Қазақстан Республикасы аумағының жаңартылатын және жаңадан жасалатын карталары мен жоспарларында есепке алынуға және көрсетілуге жататын әкімшілік-аумақтық бірліктер шекараларының болып жатқан өзгерістерін, сондай-ақ географиялық объектілер мен олардың атауларының өзгерістерін есепке алатын географиялық ақпараттық ресурс;
36) масштаб - картадағы немесе жоспардағы сызық ұзындығының оның жергілікті жердегі көлденең проекциясына қатынасы;
37) межелеу - Қазақстан Республикасы ратификациялаған халықаралық шартта ресімделген және осы халықаралық шартқа қоса берілетін карталарда графика түрінде кескінделген, Қазақстан Республикасы Мемлекеттік шекарасының орналасуы мен бағытын шектес жатқан мемлекеттер арасындағы келісім бойынша айқындау;
38) мемлекеттік геодезиялық желі - мемлекеттік координаттық есептеу жүйесін белгілеу және (немесе) тарату мақсатында пайдаланылатын геодезиялық желі;
39) мемлекеттік гравиметриялық желі - бірыңғай гравиметриялық негізді белгілеу және (немесе) тарату мақсатында пайдаланылатын гравиметриялық желілер;
40) мемлекеттік есептеу жүйесі - мемлекеттік координаттық, биіктік және гравиметриялық есептеу жүйелерінің жиынтығы;
41) мемлекеттік нивелирлік желі - мемлекеттік биіктіктерді есептеу жүйесін белгілеу және (немесе) тарату мақсатында пайдаланылатын нивелирлік желі;
42) метадеректер - кеңістіктік деректер мен геосервистердің жинақтарын сипаттайтын ақпарат;
43) нивелирлік желі - биіктіктерді есептеудің өздеріне арналған ортақ жүйесінде биіктіктері айқындалған геодезиялық пункттердің жиынтығы;
44) тақырыптық карта, жоспар, атлас, карта-схема - негізгі мазмұны нақты тақырыппен, сюжетпен, табиғи немесе қоғамдық құбылыстармен не олардың үйлесімімен айқындалатын картографиялық туындылар;
45) топографиялық жоспар - шегінде деңгейлік бетінің қисықтығы есепке алынбайтын, жергілікті жердің шектелген учаскесінің жазықтықта белгілі бір масштабта ортогоналды проекцияда картографиялық бейнеленуі;
46) топографиялық карта - жер беті нүктелерінің жоспарлы түрдегі, сол сияқты биіктіктегі орналасуын айқындауға мүмкіндік беретін, жергілікті жердің сыныптауыштар мен шартты белгілер қолданыла отырып, белгілі бір масштабта егжей-тегжейлі картографиялық кескінделуі;
47) тұрақты жұмыс істейтін референциялы станция - белгілі кеңістіктік координаттары бар нүктеде орналасқан радиоэлектрондық және техникалық құралдардың кешені, олардың көмегімен жаһандық навигациялық спутниктік жүйелердің сигналдарын кейіннен өңдеу және пайдаланушыларға түзетуші ақпаратты беру үшін қабылдау жүзеге асырылады;
48) Ұлттық кеңістіктік деректер қоры - геодезиялық және картографиялық қызмет субъектілерінің одан әрі пайдалануы мақсатында есепке алынуға, ұзақ сақталуға жататын цифрлық және (немесе) аналогтық түрдегі кеңістіктік деректердің жалпымемлекеттік, салааралық маңызы, арнаулы және (немесе) салалық маңызы бар жиынтығы;
49) шегендеу - Қазақстан Республикасы ратификациялаған халықаралық шартта ресімделген, жергілікті жерде Қазақстан Республикасының Мемлекеттік шекарасын айқындау және белгілеу.
3-бап. Қазақстан Республикасының геодезия, картография және кеңістіктік деректер саласындағы заңнамасы
1. Қазақстан Республикасының геодезия, картография және кеңістіктік деректер саласындағы заңнамасы Қазақстан Республикасының Конституциясына негізделеді және осы Заң мен Қазақстан Республикасының өзге де нормативтік құқықтық актілерінен тұрады.
2. Егер Қазақстан Республикасы ратификациялаған халықаралық шартта осы Заңда қамтылғаннан өзгеше қағидалар белгіленсе, онда халықаралық шарттың қағидалары қолданылады.
4-бап. Геодезиялық және картографиялық қызметтің объектілері мен субъектілері
1. Қазақстан Республикасының аумағы, жер шарының аумағы, табиғи аспан денелері мен Жердің жасанды спутниктерін қоса алғанда, әуе және ғарыш кеңістіктері геодезиялық және картографиялық қызметтің объектілері болып табылады.
2. Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген құзыреттері шегінде Қазақстан Республикасының орталық мемлекеттік органдары мен жергілікті атқарушы органдары, сондай-ақ жеке және заңды тұлғалар геодезиялық және картографиялық қызметтің субъектілері болып табылады.
5-бап. Геодезиялық және картографиялық қызметті жүзеге асыру қағидаттары
Геодезия, картография және кеңістіктік деректер саласындағы қоғамдық қатынастарды мемлекеттік реттеу мынадай қағидаттарға негізделеді:
1) геодезиялық және картографиялық қызметті жүзеге асырудың жүйелілігі мен үздіксіздігі;
2) кеңістіктік деректер жинақтарының толықтығы, анықтығы және өзектілігі;
3) геодезиялық, картографиялық, топографиялық және гравиметриялық жұмыстарды орындау кезіндегі өлшемдердің бірлігі;
4) бірыңғай стандарттарды пайдалану;
5) мемлекеттік құпияларды құрайтын мәліметтерді, таратылуы шектелген қызметтік ақпаратты және заңмен қорғалатын өзге де ақпаратты қоспағанда, кеңістіктік деректердің қолжетімділігі мен ашықтығы;
6) бекітілген есептеу жүйелерін пайдалану;
7) интероперабельділік;
8) геодезия, картография және кеңістіктік деректер саласын дамытуды ынталандыру.
6-бап. Геодезиялық және картографиялық қызметтің бағыттары
1. Орындалатын жұмыстардың мақсатына қарай геодезиялық және картографиялық қызмет:
1) нәтижелерінің жалпымемлекеттік және салааралық маңызы болатын мемлекеттік мақсаттағы қызмет;
2) жүргізілу қажеттігі геодезиялық және картографиялық қызмет субъектілерінің қажеттіліктерімен айқындалатын арнаулы және (немесе) салалық мақсаттағы қызмет болып бөлінеді.
2. Мемлекеттік мақсаттағы геодезиялық және картографиялық қызмет мыналарды қамтиды:
1) Жердің пішінін, өлшемдері мен сыртқы гравитациялық өрісін айқындау;
2) мемлекеттік есептеу жүйелерінің, топографиялық карталар мен жоспарлардың картографиялық проекцияларының параметрлерін айқындау;
3) Жерді геодинамикалық зерттеу;
4) тығыздығы мен дәлдігі топографиялық карталар мен жоспарларды, квазигеоид карталарын жасауды, қорғаныстық, ғылыми-зерттеу және өзге де міндеттерді шешуді қамтамасыз ететін, іргелі астрономиялық-геодезиялық желінің, дәлдігі жоғары геодезиялық желінің, спутниктік геодезиялық желінің, астрономиялық-геодезиялық желінің, геодезиялық жиілету желісінің, барлық сыныптағы нивелирлік желілердің, іргелі гравиметриялық желі мен бірінші сыныпты гравиметриялық желілердің пункттері жататын мемлекеттік геодезиялық желілерді құру, дамыту, сақталуын қамтамасыз ету және жұмыс істейтін жағдайда ұстау;
5) дәлдігі мен мазмұны жалпымемлекеттік, салааралық, қорғаныстық, ғылыми-зерттеу және өзге де міндеттерді шешуді қамтамасыз ететін топографиялық карталар мен жоспарларды, оның ішінде елді мекендердің жоспарларын графикалық, цифрлық, фотографиялық, электрондық және өзге де нысандарда жасау, жаңарту және басып шығару;
6) Қазақстан Республикасының Мемлекеттік шекарасын межелеуді, шегендеуді және оның сызығының өтуін тексеруді, сондай-ақ Қазақстан Республикасы теңіз кеңістіктерінің межеленуін геодезиялық, картографиялық, топографиялық және гидрографиялық жағынан қамтамасыз ету;
7) теңіздердің, көлдердің, өзендердің, су қоймаларының қайраңын картографиялау және топографиялық, навигациялық теңіз карталарын, құралдарын, теңіздердің, кеме жүзетін өзендер мен су айдындарының лоцияларын жасау;
8) мемлекеттің, оның қорғанысы мен ұлттық қауіпсіздігінің мүддесі, сондай-ақ теңіздерде, кеме жүзетін өзендер мен су айдындарында жалпы теңізде жүзу қауіпсіздігін қамтамасыз ету мүддесі үшін геодезиялық, картографиялық, топографиялық және гидрографиялық жұмыстар жүргізу;
9) жалпымемлекеттік, салааралық, қорғаныстық және ғылыми-зерттеу міндеттерін шешу үшін Жерді, оның ішінде шет мемлекеттер мен Дүниежүзілік мұхиттың аумағын қашықтан зондтау;
10) Ұлттық кеңістіктік деректер қорын қалыптастыру және жүргізу;
11) мемлекеттік функциялар мен міндеттерді орындауға бағытталған географиялық ақпараттық жүйелер мен ресурстарды, геопорталдарды, геосервистерді жасау, дамыту және қолдап отыру;
12) салааралық мақсаттағы жалпыгеографиялық, саяси-әкімшілік, ғылыми-анықтамалық және басқа да тақырыптық карталарды, жоспарлар мен атластарды, карта-схемаларды, картографиялық оқу құралдарын жасау және басып шығару;
13) географиялық атауларды стандарттау, есепке алу және қолданылуын ретке келтіру, Қазақстан Республикасы географиялық атауларының дерекқорын жасау және жүргізу;
14) ғылыми-зерттеу, тәжірибелік-конструкторлық жұмыстарды жүргізу және қазіргі заманғы технологияларды ендіру;
15) геодезия, картография және кеңістіктік деректер саласындағы нормативтік құқықтық актілер мен нормативтік техникалық құжаттарды әзірлеу және бекіту;
16) геодезиялық, картографиялық және гравиметриялық жұмыстарды метрологиялық жағынан қамтамасыз ету;
17) Ұлттық кеңістіктік деректер инфрақұрылымын құру және дамыту;
18) жергілікті координаттық есептеу жүйелерін жасау және жаңартып отыру.
3. Арнаулы және (немесе) салалық мақсаттағы геодезиялық және картографиялық қызмет мыналарды қамтиды:
1) әртүрлі объектілердің, жерүсті және жерасты құрылыс жайлары мен желілерінің құрылыс учаскелерінің бас жоспарларын жасауға, ғимараттар мен құрылысжайларды құрылыс учаскелеріне байланыстыруға, сондай-ақ өзге де арнаулы жұмыстарды орындауға арналған топографиялық жоспарларды жасау және жаңартып отыру;
2) графикалық, цифрлық, фотографиялық, электрондық және өзге де нысандарда тақырыптық карталарды, жоспарларды, атластарды, карта-схемаларды жасау және басып шығару;
3) арнаулы және (немесе) салалық міндеттерді орындауға бағытталған географиялық ақпараттық жүйелер мен ресурстарды, геопорталдарды, геосервистерді жасау, дамыту және қолдап отыру;
4) Жерді қашықтан зондтау, желілік және алаңдық типтегі инженерлік құрылысжайларды, жерасты құрылысжайлары мен желілерін жобалау және ізденістер, салу және пайдалану кезіндегі геодезиялық, картографиялық және басқа да арнаулы жұмыстар, кадастрлар мен өзге де ізденістерді және арнаулы жұмыстарды жүргізу;
5) осы тармақта көрсетілген бағыттар бойынша ғылыми-зерттеу және тәжірибелік-конструкторлық жұмыстарды жүргізу;
6) инженерлік-геодезиялық жұмыстар;
7) тақырыптық кеңістіктік деректерді жасау және дамыту.
7-бап. Қазақстан Республикасының қорғанысы мен ұлттық қауіпсіздігін қамтамасыз ету мүддесіндегі геодезиялық және картографиялық қызмет
Қазақстан Республикасының қорғанысы мен ұлттық қауіпсіздігін қамтамасыз ету мүддесіндегі геодезиялық және картографиялық қызметті Қазақстан Республикасының Қорғаныс министрлігі және уәкілетті орган келісілген жұмыс жоспарына сәйкес жүзеге асырады.
8-бап. Геодезиялық және картографиялық қызметті метрологиялық жағынан қамтамасыз ету
1. Уәкілетті орган өз құзыреті шегінде Қазақстан Республикасының өлшем бірлігін қамтамасыз ету туралы заңнамасына сәйкес геодезиялық өлшем құралдарының бірлігі мен дәлдігін қамтамасыз ету жөніндегі қызметті жүзеге асырады.
2. Геодезиялық және картографиялық қызметті метрологиялық жағынан қамтамасыз ету геодезиялық өлшемдердің бірлігін қамтамасыз ететін және геодезиялық және картографиялық қызметтің барлық субъектілері үшін міндетті болып табылатын стандарттар, эталондар, әдістемелер жүйесін қамтиды.
9-бап. Геодезия, картография және кеңістіктік деректер саласындағы хабарлама
9-баптың 1-тармағының аэротүсірілім жұмыстарын жүргізу туралы хабарлама бөлігі 2023 ж. 21 ақпаннан бастап қолданысқа енгізілді
1. Геодезиялық, картографиялық жұмыстарды және аэротүсірілім жұмыстарын жүргізу «Рұқсаттар және хабарламалар туралы» Қазақстан Республикасының Заңында белгіленген тәртіппен хабардар ету арқылы жүзеге асырылады.
2. Геодезиялық және (немесе) картографиялық жұмыстарды жүргізу туралы хабарламаға:
1) геодезиялық және (немесе) картографиялық жұмыстарды орындауға мүмкіндік беретін меншікті немесе жалға алынған салыстырып-тексерілген аспаптар, жабдықтар мен құралдар жиынтығының бар-жоғын растайтын құжаттың не зауыттық нөмірлері көрсетілген, салыстырып-тексерілген аспаптар, жабдықтар мен құралдар жиынтығы бар тұлғалармен жасалған геодезия, картография және кеңістіктік деректер саласында қызметтер көрсетуге арналған шарттың көшірмесі;
2) штаттағы маманның геодезия, картография және кеңістіктік деректер саласындағы жоғары немесе орта білімнен кейінгі білімі туралы дипломының көшірмесі қоса беріледі.
9-баптың 3-тармағы 2023 ж. 21 ақпаннан бастап қолданысқа енгізілді
3. Геодезиялық және картографиялық қызмет субъектілері аэротүсірілім жұмыстарын жүзеге асыру үшін хабарламаға аэротүсірілім жұмыстарын жүргізу жоспарланатын аумақтың географиялық координаттарын, масштабын және аэротүсірілім жұмыстарының тапсырыс берушісін көрсете отырып, аумақтың картограммасын қоса беруге міндетті.
Аэротүсірілім жұмыстары Қазақстан Республикасының заңдарында белгіленген талаптар ескеріле отырып жүзеге асырылады.
10-бап. Геодезиялық және картографиялық қызметті қаржыландыру
1. Мемлекеттік мақсаттағы геодезиялық және картографиялық қызмет бюджет қаражатының есебінен қаржыландырылады.
2. Арнаулы және (немесе) салалық мақсаттағы геодезиялық және картографиялық қызмет Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес бюджет қаражатының, сондай-ақ жеке және заңды тұлғалар қаражатының есебінен жүзеге асырылады.
3. Бюджет қаражатының есебінен қаржыландырылатын жұмыстардың тапсырыс берушілері және (немесе) орындаушылары болып табылатын геодезиялық және картографиялық қызмет субъектілері бұрын жасалған кеңістіктік деректерді пайдалануға міндетті.
10-баптың 4-тармағы 2025 ж. 1 қаңтардан бастап қолданысқа енгізіледі
4. Бюджет қаражатының есебінен қаржыландырылатын мемлекеттік ақпараттық жүйелерді, дерекқорларды, кадастрларды, географиялық ақпараттық жүйелер мен ресурстарды, геопорталдарды, геосервистерді жүргізуді жүзеге асыратын геодезиялық және картографиялық қызмет субъектілері бірыңғай цифрлық картографиялық негізді пайдалануға міндетті.
11-бап. Геодезия, картография және кеңістіктік деректер саласындағы мемлекеттік меншік
Мемлекеттік геодезиялық желілердің, мемлекеттік нивелирлік желілердің, мемлекеттік гравиметриялық желілердің пункттері, геодезиялық және картографиялық өнімдер, сондай-ақ бюджет қаражатының есебінен жүзеге асырылатын геодезиялық және картографиялық қызметтің нәтижесінде алынған гидрографиялық, аэроғарыштық түсірілім және гравиметриялық материалдар мен деректер Қазақстан Республикасының мемлекеттік меншігі болып табылады.
2-тарау. ГЕОДЕЗИЯ, КАРТОГРАФИЯ ЖӘНЕ КЕҢІСТІКТІК ДЕРЕКТЕР САЛАСЫНДАҒЫ
МЕМЛЕКЕТТІК БАСҚАРУ
12-бап. Қазақстан Республикасы Үкіметінің геодезия, картография және кеңістіктік деректер саласындағы құзыреті
Қазақстан Республикасы Үкіметінің геодезия, картография және кеңістіктік деректер саласындағы құзыретіне мыналар жатады:
1) геодезия, картография және кеңістіктік деректер саласындағы мемлекеттік саясаттың негізгі бағыттарын әзірлеу;
2) мемлекеттік есептеу жүйелерін және картографиялық проекцияларды белгілеу;
3) Ұлттық кеңістіктік деректер инфрақұрылымына кеңістіктік деректерді ұсыну қағидаларын бекіту;
4) 2023.19.04. № 223-VІІ ҚР Заңымен алып тасталды (2023 ж. 1 мамырдан бастап қолданысқа енгізілді) (бұр.ред.қара)
13-бап. Уәкілетті органның құзыреті
Уәкілетті органның құзыретіне мыналар жатады: