ҚАЗАҚСТАН РЕСПУБЛИКАСЫНЫҢ
ЗАҢЫ
«Қазақстан Республикасының әкімшілік-аумақтық құрылысы туралы»
Қазақстан Республикасының заңына өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы
1-бап. «Қазақстан Республикасының әкімшілік-аумақтық құрылысы туралы» 1993 жылғы 8 желтоқсандағы Қазақстан Республикасының заңына (Қазақстан Республикасы Жоғарғы Кеңесінің Жаршысы, 1993 ж., № 23-24, 507-құжат; 1995 ж., № 23, 146-құжат; Қазақстан Республикасы Парламентінің Жаршысы, 2004 ж., № 10, 56-құжат; № 23, 142-құжат; 2006 ж., № 18, 111-құжат; 2009 ж., № 2-3, 9-құжат; № 8, 44-құжат; 2011 ж., № 11, 102-құжат; 2013 ж., № 2, 11-құжат; № 14, 72-құжат; 2016 ж., № 6, 45-құжат; 2017 ж., № 14, 51-құжат; 2018 ж., № 24, 93-құжат) мынадай өзгерістер мен толықтырулар енгізілсін:
1) 2-бапта:
сегізінші бөлік «Шағын аудандар,» деген сөздерден кейін «қаладағы аудандар,» деген сөздермен толықтырылсын;
тоғызыншы бөлік мынадай редакцияда жазылсын:
«Облыстық маңызы бар қаладағы, республикалық маңызы бар қаладағы, астанадағы аудан қаладағы аудан болып табылады. Облыстық маңызы бар қаладағы, республикалық маңызы бар қаладағы, астанадағы аудан олардағы халық саны 400 мың адамнан астам болған кезде құрылады.»;
2) 3-бапта:
3) тармақшадағы «өнеркәсіп орындары» және «, халқының жалпы санының үштен екісінен астамын жұмысшылар, қызметшілер және олардың отбасы мүшелері құрайтын елді мекендер» деген сөздер тиісінше «өнеркәсіптік кәсіпорындар» және «елді мекендер» деген сөздермен ауыстырылсын;
4) тармақшаның бірінші абзацындағы «өнеркәсіп орындарының» және «, олардың кемінде үштен екісін жұмысшылар, қызметшілер және олардың отбасы мүшелері құрайтын елді мекендер» деген сөздер тиісінше «өнеркәсіптік кәсіпорындардың» және «елді мекендер» деген сөздермен ауыстырылсын;
5) тармақша мынадай редакцияда жазылсын:
«5) ауыл - халқының саны кемінде 50 адам болатын елді мекен;»;
3) 9-бап мынадай мазмұндағы 4-1) тармақшамен толықтырылсын:
«4-1) республикалық, облыстық және аудандық маңызы бар қалаларды өзге елді мекендер етіп қайта құру жөнінде шешім қабылдайды;»;
4) 10-бап мынадай мазмұндағы 2-1) тармақшамен толықтырылсын:
«2-1) Қазақстан Республикасының Президентіне республикалық, облыстық және аудандық маңызы бар қалаларды өзге елді мекендер етіп қайта құру туралы ұсыну енгізеді;»;
5) 11-баптың бірінші бөлігі мынадай мазмұндағы 3-1) тармақшамен толықтырылсын:
«3-1) Қазақстан Республикасының Үкіметіне облыстық және аудандық маңызы бар қалаларды өзге елді мекендер етіп қайта құру туралы ұсыныстар енгізеді;»;
6) 14-бапта:
тақырып мынадай редакцияда жазылсын:
«14-бап. Аудандық маңызы бар қала, кент, ауыл, ауылдық округ әкімінің өкілеттіктері»;
мынадай мазмұндағы бірінші бөлікпен толықтырылсын:
«Аудандық маңызы бар қала әкімі аудандық өкілді және атқарушы органдарға аудандық маңызы бар қаланы кент, ауыл санатына жатқызу туралы ұсыныс енгізеді.»;
1) тармақшадағы «кенттер, ауылдар категорияларына» деген сөздер «аудандық маңызы бар қалалар, кенттер, ауылдар санаттарына» деген сөздермен ауыстырылсын.
2-бап. Осы заң алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі.
Қазақстан Республикасының
Президенті
Қ. ТОҚАЕВ
Нұр-Сұлтан, Ақорда, 2020 жылғы 12 желтоқсан
№ 383-VІ ҚРЗ