239-бап. Өсімдіктерді қорғау құралдарын, минералдық тыңайтқыштар мен шаруашылық және өзге де қызметте пайдаланылатын басқа да препараттарды тасымалдау, сақтау мен қолдану, жаңа препараттар жасау кезінде қойылатын экологиялық талаптар
1. Өсімдіктерді қорғау құралдарын, минералдық тыңайтқыштар мен шаруашылық және өзге де қызметте пайдаланылатын басқа да препараттарды тасымалдау, сақтау мен қолдану, жаңа препараттар жасау кезінде жеке және заңды тұлғалар аталған препараттарды тасымалдау, сақтау мен қолдану ережелерін сақтауға және жануарлардың ауыруы мен қырылуын болдырмауды қамтамасыз ету жөніндегі іс-шараларды жүзеге асыруға міндетті.
2. Жаңа препараттар жасаған кезде оларды қоршаған ортада қолданудың нормативтері әзірленуге тиіс.
3. Жануарлардың қырылуын және олардың тіршілік ету ортасының нашарлауын болдырмау мақсатында қоршаған ортаны қорғау саласындағы уәкілетті орган жануарлар дүниесін қорғау, өсімін молайту және пайдалану саласындағы уәкілетті мемлекеттік органның ұсынысы бойынша пестицидтердің (улы химикаттардың) қолданылуы шектелетін немесе оған тыйым салынатын жекелеген аумақтарды айқындай алады.
4. Қоршаған ортаны қорғау саласындағы уәкілетті органмен және халықтың санитарлық-эпидемиологиялық салауаттылығы саласындағы мемлекеттік органмен келісім бойынша өсімдіктерді қорғау және олардың карантині саласындағы уәкілетті мемлекеттік орган бекіткен пестицидтердің (улы химикаттардың) тізіміне енгізілген пестицидтерді (улы химикаттарды) қолдануға рұқсат етіледі.
2011.03.12. № 505-ІV ҚР Заңымен 4-1-тармақпен толықтырылды
4-1. Қазақстан Республикасының халықаралық шарттарында көзделген, құрамында жойылуы қиын органикалық ластауыштары бар пестицидтерді (улы химикаттарды) өндіруге және пайдалануға тыйым салынады. Осы заттардың экспорты мен импортына оларды жою мақсатында ғана рұқсат етіледі.
5. Пестицидтерді (улы химикаттарды) осы баптың 4-тармағында аталған тізімге енгізуге уыттылық зерттеулер, олармен жұмыс істеуге гигиеналық регламенттеу жүргізілгеннен, гигиеналық және экологиялық нормативтер белгіленгеннен және осы пестицидтерді (улы химикаттарды) мемлекеттік тіркеу жүзеге асырылғаннан кейін жол беріледі.
6. Пестицидтерді (улы химикаттарды) мемлекеттік тіркеу қоршаған ортаны қорғау саласындағы уәкілетті органмен және халықтың санитарлық-эпидемиологиялық салауаттылығы саласындағы мемлекеттік органмен келісім бойынша өсімдіктерді қорғау және олардың карантині саласындағы уәкілетті мемлекеттік орган белгілеген тәртіппен жүргізіледі.
7. Минералдық тыңайтқыштар мен басқа да препараттарда ықтимал қауіпті химиялық және биологиялық заттар болған кезде, өсімдіктерді қорғау және олардың карантині саласындағы уәкілетті мемлекеттік орган жануарлар дүниесін қорғау, өсімін молайту және пайдалану саласындағы уәкілетті мемлекеттік органның немесе қоршаған ортаны қорғау саласындағы уәкілетті органның ұсынысы бойынша уыттылық зерттеулерін жүргізіп, соның негізінде осы минералдық тыңайтқыштар мен басқа да препараттар бойынша экологиялық нормативтер белгіленеді.
8. Мыналарға:
1) дала кеміргіштерін құрту кезінде, сондай-ақ жануарлардың жаппай құтыру індеті және басқа аурулары болған жағдайларда жануарлар дүниесін қорғау, өсімін молайту және пайдалану саласындағы уәкілетті мемлекеттік органмен келісім бойынша улы химикаттар қолдануды қоспағанда, жануарлар дүниесі объектілерін улы химикаттар қолдана отырып аулауға;
2) пестицидтерді (улы химикаттарды), минералдық тыңайтқыштар мен басқа да препараттарды:
ерекше қорғалатын табиғи аумақтардағы қорық режимі аймақтарында;
өріс аудару және көбею кезеңінде жануарлар жаппай топтасатын жерлердегі белгі қойылған тыныштық аймақтарында, сондай-ақ жабайы жануарлардың тіршілік ету ортасы ретінде ерекше құнды болып табылатын учаскелерде;
жануарлардың сирек кездесетін және құрып кету қаупі төнген түрлерінің белгі қойылған тіршілік ету және қолдан өсіру орындарында қолдануға;
3) ауыл шаруашылығы және басқа да алқаптарда топыраққа сіңірілмеген және жабайы жануарлардың қоректенуі мүмкін уланған тұқымдарды жер бетінде қалдыруға тыйым салынады.
2010.21.01. № 242-IV ҚР Заңымен (бұр.ред.қара); 2012.25.01. № 548-IV ҚР Заңымен (бұр.ред.қара) 9-тармақ өзгертілді
9. Балық ресурстарын және басқа да су жануарларының тіршілік ету орталарын пестицидтермен (улы химикаттармен) ластанудан қорғау мақсатында су шаруашылығы су айдындарының және (немесе) учаскелерінің қазіргі бар жағалауларынан екі километр шегінде:
1) өсімдік зиянкестерімен, ауруларымен және арам шөптермен күресте авиация арқылы тозаңдату тәсілін қолдануға;
2) пестицидтер (улы химикаттар), минералдық тыңайтқыштар мен мұнай өнімдерін сақтауға арналған қоймаларды салуға, авиахимиялық жұмыстар жүргізу үшін ұшу-қону жолақтарын, сондай-ақ жер бетіндегі аппаратураларды пестицидтермен (улы химикаттармен) толтыру алаңдарын және қой тоғытуға арналған әуіттер орнатуға тыйым салынады.
240-бап. Жануарларды жаңа тіршілік ету орындарына көшіру, Қазақстан фаунасы үшін жаңа жануарлар түрлерін жерсіндіру, жануарларды қайта жерсіндіру мен будандастыру, оларды Қазақстан Республикасына әкелу және одан тысқары жерлерге әкету кезіндегі экологиялық талаптар
1. Жануарлар дүниесі объектілерін жаңа тіршілік ету орындарына көшіруге, Қазақстан фаунасы үшін жаңа жабайы жануарлар түрлерін жерсіндіруге, сондай-ақ жабайы жануарларды будандастыру жөніндегі іс-шараларға ғылыми-зерттеу және шаруашылық мақсаттарында мемлекеттік экологиялық сараптаманың оң қорытындысы алынғаннан кейін жануарлар дүниесін қорғау, өсімін молайту және пайдалану саласындағы уәкілетті мемлекеттік органның рұқсатымен жол беріледі.
2. Жеке және заңды тұлғалардың жабайы жануарларды өз бетінше көшіруіне, жерсіндіруіне және будандастыруына тыйым салынады.
3. Жабайы жануарларды, сондай-ақ жабайы жануарлармен будандасуы немесе оларға зиян келтіруі мүмкін үй жануарларын жартылай ерікті немесе еріксіз жағдайларда ұстайтын немесе өсіретін жеке және заңды тұлғалар осы жануарлардың табиғи ортаға шығуын болдырмау жөніндегі іс-шараларды жүргізуге міндетті.
4. Жануарлардың тіршілігіне қатер төндіретін дүлей зілзала және төтенше экологиялық жағдайлар туындаған жағдайда, жануарлар дүниесі объектілерін пайдаланушылар жабайы жануарларға көмек көрсетуге және бұл туралы жануарлар дүниесін қорғау, өсімін молайту және пайдалану саласындағы және қоршаған ортаны қорғау саласындағы уәкілетті мемлекеттік органдарға дереу хабарлауға міндетті.
5. Жануарлар дүниесі объектілерін Қазақстан Республикасына әкелу және одан тысқары жерлерге әкету жануарлар дүниесін қорғау, өсімін молайту және пайдалану саласындағы уәкілетті мемлекеттік орган белгілеген ережелер бойынша жүзеге асырылады.
241-бап. Аң аулау, аңшылық алқаптарын бекітіп беру, аңшылықты ұйымдастыру кезіндегі экологиялық талаптар
Аң аулау, аңшылық алқаптарын бекітіп беру, сондай-ақ аңшылықты ұйымдастыруды жүргізу кезінде қойылатын экологиялық талаптар Қазақстан Республикасының жануарлар дүниесін қорғау, өсімін молайту және пайдалану саласындағы заңнамасында белгіленген тәртіппен айқындалады.
2010.21.01. № 242-IV ҚР Заңымен 242-бап өзгертілді (бұр.ред.қара)
242-бап. Балық аулау кезіндегі экологиялық талаптар
1. Балық аулау ережесі, балық аулау объектілері, балық шаруашылығы мен балық аулауды жүргізу үшін балық шаруашылығы су айдындарын және (немесе) учаскелерін бекітіп беру тәртібі, балық ресурстары мен басқа су жануарларын беру тәртібі Қазақстан Республикасының жануарлар дүниесін қорғау, өсімін молайту және пайдалану саласындағы заңнамасында белгіленеді.
2. Қазақстан Республикасының заңнамасында көзделген жағдайларда жеке тұлғаларға жануарлар дүниесі объектілерін жалпы пайдалану тәртібімен балық шаруашылығы су айдындарының және (немесе) учаскелерінің резервтік қорында бір рет балық аулауға шыққанда бес килограмға дейін тегін әуесқойлық (спорттық) балық аулауға мүмкіндік беріледі. Бұл ретте жануарлар дүниесін қорғау, өсімін молайту және пайдалану саласындағы белгіленген ережелер, нормативтер, шектеулер мен тыйымдар сақталуға тиіс.
3. Сулы-батпақты алқаптарда және балық ресурстарының және басқа да су жануарларының тіршілік ету және таралу орындарында гидромелиорациялық жұмыстар мұндай қызметтің жобалары мемлекеттік экологиялық сараптамадан өткеннен кейін жануарлар дүниесін қорғау, өсімін молайту және пайдалану саласындағы уәкілетті мемлекеттік органның рұқсаты бойынша жүзеге асырылады.
4. Балық аулау Қазақстан Республикасының жануарлар дүниесін қорғау, өсімін молайту және пайдалану саласындағы заңнамасында белгіленген тәртіппен жүзеге асырылады.
243-бап. Жануарлар тіршілігінің пайдалы қасиеттері мен өнімдерін пайдалану кезіндегі экологиялық талаптар
1. Жануарлар тіршілігінің пайдалы қасиеттері мен өнімдерін пайдалануға, жануарларды алып қоймағанда және жоймағанда, олардың тіршілік ету ортасын нашарлатпағанда және жануарларға зиян келтірмегенде, жол беріледі.
2. Жабайы жануарларды олардың тіршілігінің өнімдерін алу мақсатында пайдалануға жануарларды алып қоймағанда және жоймағанда және олардың тіршілік ету ортасын нашарлатпағанда жол беріледі.
3. Жабайы жануарларды олардың тіршілігінің өнімдерін алу мақсатында пайдалану жануарлар дүниесін қорғау, өсімін молайту және пайдалану саласындағы уәкілетті мемлекеттік орган белгілеген ережелер бойынша жүзеге асырылады.
244-бап. Зоологиялық коллекцияларға қойылатын экологиялық талаптар
1. Жеке және заңды тұлғалар жануарларды табиғи ортадан алу жолымен зоологиялық коллекцияларды (жануарлар дүниесі объектілерінің тұлыптарын, жұмыртқаларын, препараттары мен бөліктерін, жануарлар дүниесі объектілерін, оның ішінде жабайы жануарлар зоопарктерін, зообақтарын, цирктерді, зоологиялық питомниктерді, аквариумдерді, океанарумдарды) жасауды және толықтыруды жануарлар дүниесін қорғау, өсімін молайту және пайдалану саласындағы уәкілетті мемлекеттік орган беретін рұқсаттар негізінде жүзеге асырады.
2. Ғылыми, мәдени-ағартушылық, оқу-тәрбиелік немесе эстетикалық құндылық болып табылатын және жалпымемлекеттік маңызы бар зоологиялық коллекциялар мемлекеттің есебіне алынуға тиіс.
3. Зоологиялық коллекцияларды жасау, толықтыру, сақтау, пайдалану, иеліктен алу мен мемлекеттік есепке алу, олармен сауда жасау, сондай-ақ оларды Қазақстан Республикасына әкелу, одан тысқары жерлерге жөнелту мен әкету жануарлар дүниесін қорғау, өсімін молайту және пайдалану саласындағы уәкілетті мемлекеттік орган белгілейтін ережелер бойынша жүзеге асырылады.
245-бап. Жануарлардың санын реттеу кезіндегі экологиялық талаптар
1. Халықтың денсаулығы мен қауіпсіздігі, ауылшаруашылық және басқа үй жануарлары ауруларын болдырмау, қоршаған ортаға, шаруашылық және басқа қызметке зиян келтіруді болдырмау мүддесінде жабайы жануарлардың жекелеген түрлерінің санын реттеуге бағытталған іс-шаралар жүзеге асырылады. Бұл шаралар жабайы жануарлардың тіршілік ету ортасының сақталуын қамтамасыз ететін және оларға зиян келтіруге жол бермейтін тәсілдермен жүзеге асырылуға тиіс.
2011.03.12. № 505-ІV ҚР Заңымен 2-тармақ жаңа редакцияда (бұр.ред.қара)
2. Жануарлар санын реттеу тәртібін Қазақстан Республикасының Үкіметі бекітеді.
246-бап. Аңшылық және балық шаруашылығын жүргізу кезіндегі экологиялық талаптар
Аңшылық және балық шаруашылығын жүргізу кезінде мынадай экологиялық талаптар қойылады:
1) жануарлар дүниесі объектілерін ұтымды пайдалану, өз қызметінің нәтижесінде жануарлардың тіршілік ету ортасының экологиялық жай-күйінің нашарлауына жол бермеу, өндірістік процестерді жүзеге асырған уақытта табиғат қорғау технологияларын қолдану;
2) жабайы жануарлардың саны мен пайдаланылуының бастапқы есебін жүргізу, олардың жай-күйін және аңшылық алқаптарының сипатын зерделеу, ол ақпаратты жануарлар дүниесін қорғау, өсімін молайту және пайдалану саласындағы уәкілетті мемлекеттік органға беру;
3) жануарларды аулаудың белгіленген ережелерін, нормаларын, лимиттері мен мерзімдерін сақтау;
4) бекітіп берілген аумақтағы жануарлар дүниесінің объектілерін, соның ішінде құрып кету қаупі төнген жануарлар түрлерін қорғауды жүзеге асыру;
5) жабайы жануарларды өсіруге, оның ішінде қолдан өсіруге, олардың тіршілік ету ортасын сақтауға және жақсартуға бағытталған кешенді іс-шараларды жүргізу;
2013.03.07. № 124-V ҚР Заңымен 6) тармақша жаңа редакцияда (бұр.ред.қара)
6) жануарлар дүниесін қорғау, өсімін молайту және пайдалану мәселелері бойынша Қазақстан Республикасы Мемлекеттік жоспарлау жүйесінің құжаттарында көзделген іс-шараларды жүзеге асыру;
7) аурулардың алдын алу мен оларға қарсы күрестің кешенді іс-шараларын жүзеге асыру, жануарлар ауруларының анықталуы, олардың тіршілік ету ортасы жай-күйінің нашарлауы, жануарлардың құрып кету қаупінің туындауы және қырылу жағдайлары туралы жануарлар дүниесін қорғау, өсімін молайту және пайдалану, ветеринария саласындағы уәкілетті мемлекеттік органдарға, санитарлық-эпидемиологиялық қызметтің мемлекеттік органдарына дереу хабарлау;
8) жануарлар дүниесі объектілерінің жай-күйі мен олардың тіршілік ету жағдайлары нашарлаған, жануарлардың көбею қабілеті төмендеген және олардың құрып кету қаупі туған жағдайда оларды пайдалануды өз бетімен тоқтату, жануарларға және олардың тіршілік ету ортасына теріс әсерді жою шараларын шұғыл қолдану.
247-бап. Жануарлар дүниесін пайдалануға лимиттер мен квоталар белгілеу кезіндегі экологиялық талаптар
Жануарларды сақтау және өсімін молайту мақсатында Қазақстан Республикасының жануарлар дүниесін қорғау, өсімін молайту және пайдалану саласындағы заңнамасында белгіленген тәртіппен жануарлар дүниесін пайдалануға лимиттер мен квоталар белгіленеді.
248-бап. Жануарлар дүниесін биотехнология өнімдерінің зиянды әсерінен қорғау
Микроорганизмдердің жаңа штаммдарын, биологиялық белсенді заттарды жасау, генетикалық түрлендірілген организмдерді жасап шығару, басқа да биотехнология өнімдерін өндіру мемлекеттік экологиялық және санитарлық-эпидемиологиялық сараптамалардың оң қорытындылары болған кезде жүзеге асырылады. Мұндай қорытындылар болмаған кезде көрсетілген организмдер мен заттарды пайдалануға тыйым салынады.
36-тарау. Жануарлардың сирек кездесетін және құрып кету қаупі төнген түрлерін қорғау, өсімін молайту, еріксіз және
жартылай ерікті жағдайда өсіріп-өндіру, шектеулі шаруашылық тұрғыда пайдалану жөніндегі экологиялық талаптар
249-бап. Жануарлардың сирек кездесетін және құрып кету қаупі төнген түрлерінің тізбесі
1. Жануарлардың сирек кездесетін және құрып кету қаупі төнген түрлерінің тізбесін Қазақстан Республикасының Үкіметі бекітеді және ол Қазақстан Республикасының аумағында, сондай-ақ Қазақстан Республикасының құрлықтық қайраңы мен айрықша экономикалық аймағында табиғи еркін жағдайда құрғақ жерде, суда, атмосферада және топырақта тұрақты немесе уақытша мекендейтін жануарлардың (омыртқалы және омыртқасыз) сирек кездесетін және құрып кету қаупі төнген түрлерін (шағын түрлерін, популяцияларын) қамтиды.
2. Жануарлардың сирек кездесетін және құрып кету қаупі төнген түрлеріне жатқызылған жануарлар мемлекеттік меншік болып табылады, ал еріксіз немесе жартылай ерікті жағдайларда өсірілетін және ұсталатын жануарлар мемлекеттік меншікте де, жеке меншікте де болуы мүмкін.
3. Жеке және заңды тұлғалар сирек кездесетін және құрып кету қаупі төнген түрлерге жатқызылған жануарларды Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген шекте және тәртіппен пайдалануға құқылы.
250-бап. Табиғи еркін жағдайда тіршілік ететін жануарлардың сирек кездесетін және құрып кету қаупі төнген түрлерін қорғау және өсімін молайту
1. Жануарлардың сирек кездесетін және құрып кету қаупі төнген түрлерінің қырылуына, санының азаюына немесе тіршілік ету ортасының бұзылуына әкеп соқтыруы мүмкін іс-әрекеттерге жол берілмейді.
2. Жеке және заңды тұлғалар бекітіп берілген аумақтар шегінде жануарларды қорғауды қамтамасыз етуге, сирек кездесетін және құрып кету қаупі төнген түрлерге жатқызылған жануарлардың қырылуының өздеріне белгілі болған немесе анықталған жағдайлары туралы жануарлар дүниесін қорғау, өсімін молайту және пайдалану саласындағы уәкілетті мемлекеттік органға хабарлауға міндетті. Мұндай жағдайларды тексеру тәртібін жануарлар дүниесін қорғау, өсімін молайту және пайдалану саласындағы уәкілетті мемлекеттік орган айқындайды.
3. Дүлей зілзалалар кезінде және басқа да себептер салдарынан жануарлардың жаппай ауруы, оларға қырылу қаупі төнген жағдайларда, жануарлардың сирек кездесетін және құрып кету қаупі төнген түрлеріне Қазақстан Республикасының жануарлар дүниесін қорғау, өсімін молайту және пайдалану саласындағы заңнамасына сәйкес көмек көрсетіледі.
4. Жануарлардың сирек кездесетін және құрып кету қаупі төнген түрлеріне жатқызылған жануарлардың қырылуын болдырмау мақсатында, Қазақстан Республикасы Үкіметінің шешімі бойынша ерекше жағдайларды қоспағанда, оларды алып қоюға тыйым салынады.
5. Табиғи еркін жағдайда мекендейтін жануарлардың сирек кездесетін және құрып кету қаупі төнген түрлерінің өсімін молайту мақсатында:
1) табиғи өсімін молайту жағдайларын жақсарту;
2) қонысын ауыстыру, жерсіндіру, қайта жерсіндіру;
3) қолдан өсірілген жануарларды тіршілік ету ортасына жіберу жүргізілуі мүмкін.
6. Осы баптың 5-тармағында аталған іс-шаралар мемлекеттік экологиялық сараптаманың оң қорытындысын алған биологиялық негіздемелер негізінде жануарлар дүниесін қорғау, өсімін молайту және пайдалану саласындағы уәкілетті мемлекеттік органның рұқсаты бойынша жүзеге асырылады.
7. Табиғи еркін жағдайда мекендейтін жануарлардың сирек кездесетін және құрып кету қаупі төнген түрлерін қорғау және өсімін молайту үшін ерекше қорғалатын табиғи аумақтар құрылады, сондай-ақ олардың айналасында осы аймақтардың шегінде жануарлар дүниесінің жағдайына теріс әсер ететін кез келген қызметке тыйым сала отырып, күзет аймақтары белгіленуі мүмкін.
8. Шаруашылық және өзге де қызметті жоспарлау мен жүзеге асыру кезінде жануарлардың сирек кездесетін және құрып кету қаупі төнген түрлерінің тіршілік ету ортасы мен көбею жағдайларын, өріс аудару жолдары мен шоғырлану орындарын сақтау жөніндегі іс-шаралар әзірленуге тиіс, сондай-ақ осы жануарлардың тіршілік ету ортасы ретінде ерекше құнды болып табылатын, бөлініп берілетін учаскелерге қол сұғылмауы қамтамасыз етілуге тиіс.
251-бап. Табиғи еркін жағдайда тіршілік ететін жануарлардың сирек кездесетін және құрып кету қаупі төнген түрлерін пайдалану
1. Егер табиғи еркін жағдайда мекендейтін жануарлардың сирек кездесетін және құрып кету қаупі төнген түрлерін ғылыми, мәдени-ағартушылық, тәрбиелік және эстетикалық мақсаттарда пайдалану жануарларды тіршілік ету ортасынан алып қоймай жүзеге асырылса, жануарлар дүниесін қорғау, өсімін молайту және пайдалану саласындағы уәкілетті мемлекеттік орган белгілі бір орынға баруға және белгілі бір мерзімге шектеу енгізуге құқылы. Көрсетілген шектеулер туралы мәліметтер аудандық және облыстық бұқаралық ақпарат құралдарында жарияланады, ал тиісті жерлерде ескерту қалқалары қойылады.
2. Мүдделі жеке және заңды тұлғалар тіршілік ету ортасынан алынған сирек кездесетін және құрып кету қаупі төнген жануарлардың орнына белгіленген мерзімде қолдан өсіру жолымен алынған толыққанды жануарларды тіршілік ету ортасына жіберуге міндетті. Жануарларды жіберу акт бойынша аулап алынған біреуінің орнына екі жеке-дарасын жіберу қатынасында жануарлар дүниесін қорғау, өсімін молайту мен пайдалану саласындағы мемлекеттік бақылау және қоршаған ортаны қорғау органдарының лауазымды адамдарының қатысуымен жүзеге асырылады.
252-бап. Жануарлардың сирек кездесетін және құрып кету қаупі төнген түрлерін еріксіз және жартылай ерікті жағдайларда ұстау және өсіру
1. Жануарлардың сирек кездесетін және құрып кету қаупі төнген түрлері еріксіз (шағын торларда және вольерлерде ұстау) және жартылай ерікті (табиғи тіршілік ету ортасына жақын жағдайлары бар саябақтарда және басқа учаскелерде ұстау) жағдайларда қолдан өсірілуі мүмкін.
2. Мамандандырылған питомниктерге және азаматтарға, олар:
1) жануарларды ұстау үшін жағдайлардың, оған қоса белгіленген тәртіппен бөліп берілген, вольерлермен, шағын торлармен және басқа да құрылыстармен жабдықталған учаскелері мен үй-жайлары бар болу;
2) зоотехникалық, ветеринариялық және санитарлық-эпидемиологиялық іс-шаралардың қажетті көлемде орындалуы;
3) зоологиялық, зоотехникалық, ветеринарлық бейіндегі мамандар, ал азаматтарда жануарларды еріксіз және жартылай ерікті жағдайларда ұстау дағдысы болу;
4) жануарлар дүниесін қорғау, өсімін молайту және пайдалану саласындағы уәкілетті мемлекеттік органның рұқсаты бар болу талаптарын сақтаған кезде, жануарлардың сирек кездесетін және құрып кету қаупі төнген түрлерін еріксіз және жартылай ерікті жағдайларда ұстауға және өсіруге жеке тәртіппен рұқсат етіледі.
3. Жануарлардың сирек кездесетін және құрып кету қаупі төнген түрлерін еріксіз және жартылай ерікті жағдайларда ұстауға және өсіруге берілген рұқсатта орындалуы міндетті талаптар, сондай-ақ жануарлар түрлері бойынша жеке-дараларының барынша көп саны көрсетіледі. Егер жеке және заңды тұлғалар рұқсат талаптарын орындамаса, алты ай ішінде үш ескертуден кейін рұқсат кері қайтарылып алынуы немесе оның күші жойылуы мүмкін.
4. Жануарлардың сирек кездесетін және құрып кету қаупі төнген түрлерін мамандандырылған экологиялық питомниктерде еріксіз және жартылай ерікті жағдайларда ұстау мен өсіру осы питомниктер туралы ережелерге сәйкес жүзеге асырылады.
5. Сирек кездесетін және құрып кету қаупі төнген түрлерге жатқызылған және еріксіз және жартылай ерікті жағдайларда ұсталатын жануарлардың иелері осы жануарларға алынбайтын сақина тағуға немесе оларды таңбалау жүргізуге және оларға паспорты болуға міндетті.
6. Сирек кездесетін және құрып кету қаупі төнгенге жатқызылған жануарларды еріксіз немесе жартылай ерікті жағдайларда ұстайтын жеке және заңды тұлғалар жануарлар дүниесін қорғау, өсімін молайту және пайдалану саласындағы уәкілетті мемлекеттік органының рұқсаты бойынша ғана осы жануарларды Қазақстан Республикасының шегінде сатып алуға, сатуға және алмастыруға құқылы.
7. Меншігінде сирек кездесетін және құрып кету қаупі төнгенге жатқызылған, еріксіз және жартылай ерікті жағдайларда ұсталатын жануарлары бар жеке және заңды тұлғалар оларды Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген тәртіппен халықаралық сауда мақсатында пайдалануы мүмкін.
8. Егер жануарлардың сирек кездесетін және құрып кету қаупі төнген, еріксіз және жартылай ерікті жағдайларда өсірілетін түрлерімен халықаралық сауда мемлекетке экологиялық және (немесе) экономикалық залал келтіретіндей болса, Қазақстан Республикасының Үкіметі бұл саудаға шектеу енгізуге құқылы.
37-тарау. Ерекше қорғалатын табиғи аумақтардағы экологиялық
талаптар
253-бап. Ерекше қорғалатын табиғи аумақтарды пайдалану кезіндегі экологиялық талаптар
Жануарлардың сирек кездесетін және құрып кету қаупі төнген түрлерінің тіршілік ету ортасы ретінде ерекше құнды болып табылатын, ерекше қорғалатын табиғи аумақтардың экологиялық жай-күйін сақтау мен жақсарту мақсатында қоршаған ортаны қорғау саласындағы уәкілетті орган ерекше қорғалатын табиғи аумақтар саласындағы уәкілетті мемлекеттік органмен келісім бойынша осы аумақтарға арналған Қазақстан Республикасының бүкіл аумағы үшін белгіленгенге қарағанда неғұрлым қатаң экологиялық нормативтер әзірлеуі және енгізуі мүмкін.
254-бап. Ерекше қорғалатын табиғи аумақтарда елді мекендер, өнеркәсіп, ауыл шаруашылығы мен мелиорация, энергетика, көлік пен байланыс объектілерін, әскери және қорғаныс объектілерін және ерекше қорғалатын табиғи аумақтардың мақсаттарына және жұмыс істеуіне байланысты емес құрылыстар орналастыру кезіндегі экологиялық талаптар
Экологиялық жай-күйді жақсарту, сондай-ақ ерекше қорғалатын табиғи аумақтарға залалды болдырмау мақсатында елді мекендер, өнеркәсіп, ауыл шаруашылығы мен мелиорация, энергетика, көлік пен байланыс объектілерін, әскери және қорғаныс объектілерін және ерекше қорғалатын табиғи аумақтардың мақсатына және жұмыс істеуіне байланысты емес құрылыстар орналастыру Қазақстан Республикасының заңнамасына, оның ішінде осы аумақтарға арналған экологиялық талаптарға сәйкес жүргізіледі.
255-бап. Мемлекеттік қорық аймақтарында пайдалы қазбаларды геологиялық зерттеуге, барлауға және өндіруге қойылатын арнайы экологиялық талаптар
1. Пайдалы қазбаларды геологиялық зерттеудің, барлау мен өндірудің қоршаған ортаға және мемлекеттік табиғи-қорық қоры объектілеріне ықтимал теріс әсерін болдырмау үшін табиғат пайдаланушы:
1) ерекше қорғалатын табиғи аумақтар, жануарлар дүниесін қорғау, өсімін молайту және пайдалану саласындағы уәкілетті мемлекеттік органдармен:
технологиялық жолдарды және электр беру желілерін жөндеу кезінде қажетті алаңдардың саны мен орналасуын, сондай-ақ табиғат пайдаланушының қызметі кезінде автокөліктің жолдан шығу қажеттілігін;