мемлекеттік ұлттық табиғи парктер ормандары;
мемлекеттік табиғи резерваттар ормандары;
мемлекеттік өңірлік табиғи парктер ормандары;
мемлекеттік қорық аймақтары ормандары;
табиғаттың мемлекеттік орман ескерткiштерi;
орманның гендiк резерваттарын қоса, ғылыми маңызы бар орман учаскелерi;
аса құнды орман алаптары;
жаңғақ кәсiпшiлiгi аймақтары;
орман-жемiс екпелерi;
аса биiк тау ормандары;
2) мемлекеттік қорғаныштық орман белдеулерi;
2012.25.01. № 548-IV ҚР Заңымен 3) тармақша өзгертілді (бұр. ред. қара)
3) қала ормандары;
4) елдi мекендердiң және емдеу-сауықтыру мекемелерiнiң жасыл аймақтары;
5) эрозияға қарсы ормандар;
6) өзендер, көлдер, су қоймалары мен басқа да су объектiлерi жағалауларындағы тыйым салынған орман белдеулерi;
7) халықаралық және республикалық маңызы бар ортақ пайдаланудағы темір жолдар мен автомобиль жолдары, каналдар, магистральдық құбырлар мен басқа да желiлiк құрылыстардың бөлiп берiлген белдеулеріндегі қорғаныштық екпелер;
8) халықаралық және республикалық маңызы бар ортақ пайдаланудағы темір жолдар мен автомобиль жолдары бойындағы қорғаныштық орманды белдеулер;
9) егiс-топырақ қорғаныштық ормандар санаттарына бөлiнедi.
3. Халықаралық және республикалық маңызы бар ортақ пайдаланудағы темір жолдар мен автомобиль жолдары бойындағы қорғаныштық орманды белдеулерге жұмыс iстеп тұрған және салынып жатқан темір жолдарға бөлiнген белдеулерге iргелес жатқан, темір жол төсемiнен екi жаққа қарай бес жүз метр шегіндегі орман және халықаралық және республикалық маңызы бар ортақ пайдаланудағы автомобиль жолдарына бөлiнген белдеулерге iргелес жатқан, жолдың ортасынан екi жаққа қарай екi жүз елу метр шегіндегі орман жатады.
4. Мемлекеттік орман қоры санаттарында орман пайдалануды шектеудiң мынадай режимдерi белгiленедi:
1) қорық режимi - осы Кодексте айтылған жағдайларды қоспағанда, орман пайдаланудың барлық түрлерiне, оның iшiнде ағаштарды кесуге тыйым салынады;
2) тапсырыс режимi - басты мақсатта пайдалану үшiн ағаш кесуге (ағаш кесудiң өзге түрлерi осы Кодексте айтылған жағдайларда ғана жүргiзiлуi мүмкiн), шайыр мен ағаш шырындарын, қосалқы сүрек ресурстарын дайындауға, шөп шабу мен мал жаюға тыйым салынады;
2012.25.01. № 548-IV ҚР Заңымен 3) тармақша өзгертілді (бұр. ред. қара)
3) шектеулi шаруашылық қызметiнiң режимi - жапырақты сүрекдiңдерді қоспағанда, басты мақсатта пайдалану үшiн ағаш кесуге (ағаш кесудiң өзге де түрлерi осы Кодексте айтылған жағдайларда ғана жүргiзiлуi мүмкiн), шайыр мен ағаш шырындарын, қосалқы сүрек ресурстарын дайындауға тыйым салынады.
45-бап. Мемлекеттік орман қорын санаттарға жатқызу, бір санаттан екiншi санатқа ауыстыру, сондай-ақ ерекше қорғаныштық учаскелердi бөлу
1. Мемлекеттік орман қорын санаттарға жатқызу, бір санаттан екiншi санатқа ауыстыру, сондай-ақ орман пайдалануға тыйым салынатын немесе ол шектелетiн ерекше қорғаныштық учаскелерге бөлiнуi мемлекеттік экологиялық сараптаманың оң қорытындысы болған кезде орман орналастыру материалдары және (немесе) арнайы зерттеулер негiзiнде оның экологиялық және әлеуметтiк-экономикалық маңызына қарай жүргiзiледi.
2. Мемлекеттік орман қорын санаттарға жатқызуды, сондай-ақ бір санаттан екiншi санатқа ауыстыруды Қазақстан Республикасының Үкіметі жүргiзедi.
3. Мемлекеттік орман қорында, осы Кодекстiң 44-бабы 2-тармағының 1) - 5) тармақшаларында көрсетiлген санаттарды қоспағанда, орман пайдаланудың шектеулi режимiмен ерекше қорғаныштық учаскелер бөлiнуi мүмкiн.
Ерекше қорғаныштық учаскелер басты мақсатта пайдалану үшiн ағаш кесу ережелерiне сәйкес орман орналастыру немесе арнайы зерттеулер кезiнде бөлiнедi.
46-бап. Мемлекеттік орман қоры учаскелерiнде кесу жасын белгiлеу
1. Мемлекеттік орман қоры учаскелерiнде кесу жасы ормандардың маңызы мен өнiмдiлiгi, олардың атқаратын функциялары, ағаш және бұта тұқымдастарының биологиялық ерекшелiктерi, сондай-ақ сүректiң мақсатты пайдаланылуы негiзге алына отырып айқындалады.
2. Кесу жасын негiздеу орман орналастыру кезiнде немесе ғылыми зерттеулер нәтижелерi бойынша жүргiзiледi.
3. Кесу жасын бекiтудi уәкiлеттi орган жүзеге асырады.
47-бап. Мемлекеттік орман қоры учаскелеріндегі есептi кеспеағаш аймағы
1. Мемлекеттік орман қоры учаскелеріндегі есептi кеспе ағаш аймағы басты мақсатта пайдалану үшiн ағаш кесу тәртібімен сүрек дайындаудың орман орналастыру кезiнде орманды үздiксiз және сарқылмайтындай етiп пайдалану принципi негiзге алына отырып, әрбір мемлекеттік орман иелiгi бойынша тексеру кезеңiне белгiленетiн жыл сайынғы нормасы.
Республиканың бүкiл аумағы және оның жекелеген облысының аумағы үшiн есептi кеспеағаш аймағы жекелеген мемлекеттік орман иелiктерiнiң есептi кеспеағаш аймағының жиынтығы ретiнде айқындалады.
2012.25.01. № 548-IV ҚР Заңымен 2-тармақ жаңа редакцияда (бұр. ред. қара)
2. Мемлекеттік орман қоры учаскелеріндегі есептік кеспеағаш аймағын мемлекеттік орман иеленушінің орман орналастыру жобасының құрамында уәкілетті орган бекітеді.
3. Мемлекеттік орман қоры учаскелерiнде орман ресурстары сүрек дайындау үшiн ұзақ мерзiмдi орман пайдалануға берiлген жағдайда, есептi кеспеағаш аймағы осы учаскелер үшiн, қажетiне қарай уәкiлеттi орган айқындаған тәртiппен белгiленуi мүмкiн.
4. Мемлекеттік орман қорының шекарасы мен жай-күйi, басты мақсатта пайдалану үшiн ағаш кесу жасы, мемлекеттік орман қорының қорғаныштық санаты өзгерген кезде есептi кеспеағаш аймағына өзгерістер енгiзiледi.
Мемлекеттік орман қоры учаскесiнде өзгертiлген есептi кеспеағаш аймағын бекiтудi мемлекеттік экологиялық сараптаманың оң қорытындысы болған кезде уәкiлеттi орган жүргiзедi.
48-бап. Мемлекеттік орман қоры алқаптарының түрлерi
Мемлекеттік орман қорының құрамы:
1) орман алқаптарына (орманды алқаптар; орманның жинақталмаған ағаштары; арнайы мақсаттағы плантациялар, орман питомниктерi, сондай-ақ ағаш өспеген алқаптар - ағашы кесiлген, өртең, алаңқай, селдiр ормандар);
2) ағаш өспеген алқаптарға (ауыл шаруашылығы алқаптары, жолдар, орманның шаршы соқпақтары, өртке қарсы жыртылған жерлер, усадьбалар, сулар, батпақтар, мұздақтар, құмайт жерлер және мемлекеттік орман қоры құрамындағы басқа да алқаптар) бөлiнедi.
49-бап. Орман шаруашылығын жүргiзуге және орман пайдалануға байланысты мақсаттарда пайдалану үшiн мемлекеттік орман қорындағы орман алқаптарын ағаш өспеген алқаптарға айналдыру
2012.25.01. № 548-IV ҚР Заңымен 1-тармақ өзгертілді (бұр. ред. қара)
1. Орман шаруашылығын жүргiзуге және орман пайдалануға байланысты мақсаттарда пайдалану үшiн мемлекеттік орман қорындағы орман алқаптарын ағаш өспеген алқаптарға айналдыруды орман орналастыру немесе арнайы зерттеулер материалдары негiзiнде аумақтық бөлімше жүргiзедi.
Алаңқай жерлер топырақ зерттеу және орман орналастыру материалдары бойынша орман өсiруге жарамсыз деп танылған жағдайларда ағаш өспеген алқаптарға айналдырылуы мүмкiн.
2012.25.01. № 548-IV ҚР Заңымен 2-тармақ өзгертілді (бұр. ред. қара)
2. Аумақтық бөлімшенің орман шаруашылығын жүргiзуге және орман пайдалануға байланысты мақсаттарда орманды алқаптарды ағаш өспеген алқаптарға айналдыру туралы шешiмiнде учаскенiң орналасқан жерi, оның көлемi, ағаш өспеген алқапқа айналдыруды жүзеге асырудың мақсаты мен мерзiмi, атқаруға рұқсат етiлген жұмыстардың тiзбесi, ағаш өспеген алқапқа айналдыру мерзiмi аяқталғаннан кейiнгi осы учаскенi жаңғырту жөніндегі iс-шаралар көрсетiледi.
50-бап. Мемлекеттік орман қорындағы ағаш өспеген алқаптарды орманды алқаптарға айналдыру
Мемлекеттік орман қорындағы ағаш өспеген алқаптарды орманды алқаптарға айналдыруды уәкiлеттi орган белгiлеген тәртiппен мемлекеттік орман иеленушi жүргiзедi.
51-бап. Мемлекеттік орман қоры жерiн орман шаруашылығын жүргiзуге байланысты емес мақсаттар үшiн басқа санаттардағы жерге ауыстыру және (немесе) мемлекеттік орман қоры жерiн мемлекет мұқтажы үшін алып қою
1. Мемлекеттік орман қоры жерiн орман шаруашылығын жүргiзуге байланысты емес мақсаттар үшiн басқа санаттардағы жерге ауыстыруды және (немесе) мемлекеттік орман қоры жерiн мемлекет мұқтажы үшін алып қоюды Қазақстан Республикасының Жер кодексіне сәйкес Қазақстан Республикасының Үкіметі жүзеге асырады.
2019.28.10. № 268-VІ ҚР Заңымен 1-1-тармақпен толықтырылды
1-1. Мемлекеттік орман қоры жерін орман шаруашылығын жүргізуге байланысты емес мақсаттар үшін басқа санаттардағы жерге ауыстыруға айрықша жағдайларда орман орналастыру және жерге орналастыру материалдары негізінде Қазақстан Республикасының орман және жер заңнамасының талаптарына сәйкес мемлекеттік экологиялық сараптаманың оң қорытындысы болған кезде және:
1) ерекше қорғалатын табиғи аумақтарды құруға және кеңейтуге;
2) халықаралық міндеттемелерді орындауға;
3) кен орны учаскесінің астынан пайдалы қазбалар табылып, оларды игерудің баламалы нұсқалары болмауына;
4) халықаралық және республикалық маңызы бар автомобиль жолдарын және теміржолдарды, электр беру желілерін, байланыс желілерін және магистральдық құбыржолдарды салуға;
5) елді мекендердің шекарасы (шегі) өзгеріп, оларды ықтимал орналастырудың басқа нұсқалары болмауына байланысты ғана жол беріледі.
Осы тармақтың бірінші бөлігінің 3) тармақшасында көзделген жағдайларда орман қоры жері ауыстырылған кезде пайдасына учаске ауыстырылатын тұлғалар ауыстырылатын учаске алаңының екі еселенген мөлшерінде орман дақылдарын отырғызуды және оларды отырғызғаннан кейін алғашқы үш жыл бойы орман дақылдарын күтіп-ұстауды жүзеге асырады.
2014.29.09. № 239-V ҚР Заңымен 2-тармақ жаңа редакцияда (бұр.ред.қара)
2. Мемлекеттiк орман қоры жерiн орман шаруашылығын жүргiзуге байланысты емес мақсаттар үшiн басқа санаттардағы жерге ауыстырған және (немесе) мемлекеттiк орман қоры жерiн мемлекет мұқтаждығы үшін алып қойған кезде, көрсетілген ауыстыруды және (немесе) алып қоюды өз мүддесi үшiн жүзеге асыратын жеке және заңды тұлғалар уәкілетті орган белгiлеген тәртiппен орман шаруашылығы өндiрiсiндегi шығасылар мен шығындардың орнын толтырады.
3. Мемлекеттік орман қоры жерiн орман шаруашылығын жүргiзуге байланысты емес мақсаттар үшiн басқа санаттардағы жерге ауыстырған және (немесе) мемлекеттік орман қоры жерiн мемлекет мұқтажы үшін алып қойған кезде осы жерлердегi екпелердi сақтау немесе кесу туралы және кесiлген жағдайда алынатын сүректі пайдалану туралы мәселе бір мезгiлде шешiледi.
2017.15.06. № 73-VІ ҚР Заңымен 51-1-баппен толықтырылды
51-1-бап. Басқа санаттардағы жерді орман қоры жеріне ауыстыру
1. Басқа санаттардағы жерде табиғи өсiп шығатын екпелер орман қорының құрамына енгізілуге жатады.
2. Осы баптың 1-тармағында көрсетілген екпелерді анықтауды, құжаттаманы ресімдеуді және оны уәкілетті органға ұсынуды облыстың, республикалық маңызы бар қаланың, астананың жергiлiктi атқарушы органы жүзеге асырады.
3. Басқа санаттардағы жерді орман қоры жеріне ауыстыру Қазақстан Рсепубликасының жер заңнамасына және осы Кодекске сәйкес уәкілетті орган айқындаған тәртіппен жүзеге асырылады.
52-бап. Жекеше орман қоры жерiнiң мақсатты пайдаланылуын өзгерту
Жекеше орман қоры жерiнiң мақсатты пайдаланылуын өзгерту Қазақстан Республикасының Жер кодексіне сәйкес жүргiзiледi.
53-бап. Ормандардың жай-күйi мен молықтырылуына әсер ететiн объектiлер салынатын орындарды келiсу
1. Ормандардың жай-күйi мен молықтырылуына әсер ететiн объектiлер салынатын орындар мемлекеттік экологиялық және санитарлық-эпидемиологиялық сараптама мiндеттi түрде жүргiзiле отырып, уәкiлеттi органмен келісіледi.
2. Кәсiпорындарды, ғимараттарды және басқа объектiлердi орналастырған, жобалаған, салған және пайдалануға берген кезде, сондай-ақ ормандардың жай-күйiне әсер ететiн жаңа технологиялық процестердi енгiзген кезде ормандарды ақаба судың, өнеркәсiптiк және коммуналдық-тұрмыстық шығарындылардың, қалдықтардың және төгiндiлердiң жағымсыз әсерiнен сақтауды қамтамасыз ететiн iс-шаралар көзделiп, жүзеге асырылуға тиiс.
3. Ормандардың жай-күйiне зиянды әсердi болдырмайтын құрылғылармен қамтамасыз етiлмеген кәсiпорындарды, цехтарды, көлiк жолдары мен басқа да объектiлердi пайдалануға беруге тыйым салынады.
54-бап. Мемлекеттік орман қорында орман шаруашылығын жүргiзуге және орман пайдалануға байланысты емес жұмыстарды жүргiзу
1. Мемлекеттік орман қорында құрылыс жұмыстарын жүргiзу, кең таралған пайдалы қазбаларды өндiру, коммуникациялар тарту және орман шаруашылығын жүргiзу мен орман пайдалануға байланысты емес өзге де жұмыстарды орындау, егер бұл үшiн мемлекеттік орман қорының жерiн басқа санаттарға ауыстыру және (немесе) оларды алып қою қажет болмаса, мемлекеттік экологиялық сараптаманың оң қорытындысы болған жағдайда уәкiлеттi органның келісімi бойынша облыстың жергілікті атқарушы органының шешiмi негiзiнде жүзеге асырылады.
2019.28.10. № 268-VІ ҚР Заңымен 1-1-тармақпен толықтырылды
1-1. Мемлекеттік орман қоры жерінде уранды жерасты ұңғымасында шайып сілтісіздендіру әдісімен өндіру оны басқа санаттардағы жерге ауыстырмай, уәкілетті орган айқындаған тәртіппен, бүлінген жер учаскелерін кейіннен рекультивациялай отырып және оларды орман иеленушіге бере отырып жүзеге асырылады.
Жер қойнауын пайдаланушылар мемлекеттік орман қоры учаскелерін уранды жерасты ұңғымасында шайып сілтісіздендіру әдісімен өндіру үшін пайдаланған кезде жер қойнауын игерудің алғашқы үш жылы бойы пайдаланылатын учаскенің екі есе мөлшерінде орман екпелерін өтемдік отырғызуды және орман айналған алаңға ауыстырылғанға дейін оларды күтіп-ұстауды жүргізуге міндетті.
2017.15.06. № 73-VІ ҚР Заңымен 2-тармақ жаңа редакцияда (бұр.ред.қара)
2. Облыстың жергілікті атқарушы органының шешiмiнде жүргiзiлетiн жұмыстардың атауы, оларды орындау мерзiмдерi мен шарттары, қоршаған ортаны қорғау жөнiндегi экологиялық талаптар, жер учаскелерін қалпына келтіру жөніндегі іс-шаралар және оларды жүргізу мерзімдері көрсетiледi.
5-бөлім. Орман орналастыру, орман қорының мемлекеттік есебі, мемлекеттік орман кадастры және мемлекеттік орман мониторингі
8-тарау. Орман орналастыру
55-бап. Орман орналастыру
1. Орман орналастыру орман шаруашылығын жүргiзудiң тиiмдiлiгiн арттыруға, орман шаруашылығында бірыңғай ғылыми-техникалық саясатты жүзеге асыруға, орман қорының ұтымды пайдаланылуын қамтамасыз етуге бағытталған iс-шаралар жүйесiн қамтиды.
Орман орналастыру кезiнде:
2012.25.01. № 548-IV ҚР Заңымен 1) тармақша өзгертілді (бұр. ред. қара)
1) Қазақстан Республикасының заңдарында белгiленген тәртiппен мемлекеттік орман қорының шекарасын және мемлекеттік орман иелiктерiнiң шаруашылықiшiлік ұйымдастырылуын айқындау, оның ішінде орманшылықтарға, орман шеберiнiң учаскелерiне және орман қарау аймағына бөлу;
2) топографиялық-геодезиялық жұмыстарды орындау мен мемлекеттік орман қорын арнайы картаға түсiру;
3) ормандардың тұқымдық және жас құрамын, олардың жай-күйін анықтай отырып, орман қорын түгендеу, сондай-ақ орман ресурстарының сапалық және сандық сипаттамаларын анықтау;
2006.07.07. № 176-III ҚР Заңымен 4) тармақша өзгертілді (бұр. ред. қара)
4) мемлекеттік табиғат-қорық қоры объектілерін, орманның аса сирек кездесетiн өсiмдiктерiн және ерекше қорғаныштық учаскелердi анықтау;
5) басты мақсатта пайдалану үшiн ағаш кесу, аралық пайдалану мақсатында ағаш кесу, өзгедей мақсатта ағаш кесу, ормандарды молықтыру мен орман өсiру, суландыру, күзету мен қорғау жөніндегі iс-шараларды және басқа да орман шаруашылығы iс-шараларын жүргiзу үшiн мемлекеттік орман қоры учаскелерiн анықтау, сондай-ақ оларды жүргiзудiң тәртібі мен тәсiлдерiн анықтау;
6) мемлекеттік орман қорын санаттарға жатқызуды негiздеу, мемлекеттік орман қорын бір санаттан екiншi санатқа ауыстыру, ағаш өспеген алқаптарды орманды алқаптарға айналдыру жөнiнде ұсыныстар әзiрлеу, сондай-ақ мемлекеттік орман қоры учаскелерiн алқаптар түрiне жатқызу және оларды негiздеу;
7) мемлекеттік орман қоры учаскелерiнде есептi кеспеағаштарды, аралық мақсатта пайдалану үшiн ағаш кесу мөлшерiн, басты мақсатта пайдалану үшiн ағаш кесу жасын анықтау;
8) мемлекеттік орман қоры учаскелерiнде ормандарды молықтыру мен орман өсiру, орман тұқым шаруашылығы, ормандарды күзету мен қорғау жөніндегі iс-шаралардың, басқа да орман шаруашылығы iс-шараларының көлемiн анықтау;
2012.25.01. № 548-IV ҚР Заңымен 8-1) тармақшамен толықтырылды
8-1) артықшылығы бар, қалыпты және кемiстiгi бар екпелерді қоса алғанда, орман екпелерін селекциялық тұрғыдан бағалау;
2012.25.01. № 548-IV ҚР Заңымен 9) тармақша жаңа редакцияда (бұр. ред. қара); 2017.15.06. № 73-VІ ҚР Заңымен 9) тармақша өзгертілді (бұр.ред.қара)
9) жанама орман пайдалану мен қосалқы сүрек ресурстарын дайындау, мемлекеттiк орман қоры учаскелерiн аңшылық шаруашылығының мұқтаждары, сауықтыру, рекреациялық, тарихи-мәдени, туристiк және спорттық мақсаттар үшiн пайдалану мөлшерiн айқындау;
2012.25.01. № 548-IV ҚР Заңымен 9-1) тармақшамен толықтырылды
9-1) орман шаруашылығын жүргiзуге кешендi баға беру кезінде өткен тексеру кезеңi iшiнде орман қоры аумағында өрттен және ағаштың заңсыз кесілуінен келтірілген залалды айқындау;
10) орманды биологиялық зерттеулер;
11) орман орналастыру жобаларын жүзеге асыруды авторлық қадағалау;
2012.10.07. № 34-V ҚР Заңымен 12) тармақша өзгертілді (бұр. ред. қара)
12) орман шаруашылығын жүргiзудiң негiзгi ережелерiн әзiрлеу және облыстар бойынша орман орналастырудың жиынтық жобаларын жасау жүзеге асырылады.
13) 2012.10.07. № 34-V ҚР Заңымен алып тасталды (бұр. ред. қара)
2012.25.01. № 548-IV ҚР Заңымен 2-тармақ өзгертілді (бұр. ред. қара); 2012.10.07. № 34-V ҚР Заңымен 2-тармақ жаңа редакцияда (бұр. ред. қара); 2014.29.09. № 239-V ҚР Заңымен 2-тармақ өзгертілді (бұр.ред.қара)
2. Орман ресурстарын есепке алуға, орман қорының аумақтық құрылымына, оның ішінде мемлекеттік орман қорының шекараларын белгілеуге, ормандардың мемлекеттік мониторингіне, орман шаруашылығын жүргізуді жоспарлауға және орман пайдалануға байланысты орман орналастыру мемлекеттік монополияға жатады және оны мемлекеттік орман орналастыру ұйымы жүзеге асырады.
Мемлекеттік монополия субъектісі өндіретін және (немесе) өткізетін тауарлардың (жұмыстардың, көрсетілетін қызметтердің) бағаларын монополияға қарсы органмен келісу бойынша уәкілетті орган белгілейді.
3. Орман орналастыру материалдары мемлекеттік орман қоры жерiнiң шекарасын белгiлейтiн және нақтылайтын кезде, жерге орналастыру жұмыстарын жүргiзу кезiнде қолданылады.
56-бап. Орман орналастыруды жүргізу жүйесі
2012.25.01. № 548-IV ҚР Заңымен (бұр. ред. қара); 2014.29.09. № 239-V ҚР Заңымен (бұр.ред.қара) 1-тармақ жаңа редакцияда
1. Орман орналастыру уәкілетті орган бекіткен мемлекеттік орман қоры аумағында орман орналастыруды жүргізу қағидаларына, сондай-ақ нұсқаулығына сәйкес бiрыңғай жүйе бойынша орындалады.
2012.25.01. № 548-IV ҚР Заңымен 2-тармақ өзгертілді (бұр. ред. қара)
2. Мемлекеттік орман қоры аумағына орман орналастыруды уәкiлеттi органның құзырындағы мемлекеттік орман орналастыру ұйымдары аэрофототүсірілімі мен ғарыш түсірілімінің материалдарын қолдана отырып жүргiзедi.
2017.15.06. № 73-VІ ҚР Заңымен 3-тармақ жаңа редакцияда (бұр.ред.қара)
3. Бастапқы орман орналастыруды жүргiзбей және осы Кодексте айқындалған тәртiппен бекiтiлген орман орналастыру құжаттамасынсыз мемлекеттiк орман қоры учаскелерiнде орман шаруашылығын жүргiзу мен орман пайдалануға тыйым салынады.
2017.15.06. № 73-VІ ҚР Заңымен 4-тармақпен толықтырылды
4. Мемлекеттік орман иелігі аумағында ревизиялық кезең аяқталған және орман орналастырудың жаңа құжаттамасы қолданысқа енгізілгенге дейін:
1) өртке қарсы іс-шаралар ревизиялық кезеңнің соңғы жылына белгіленген көлемдерде орындалады;
2) ағашты санитариялық мақсатта кесуді қоса алғанда, орман қорғау іс-шаралары ормандардың санитариялық жай-күйіне қарай, мемлекеттік орман иеленушілер немесе уәкілетті органның мамандандырылған ұйымдары жүргізетін орман-патологиялық зерттеп-қараулардың материалдары бойынша айқындалатын көлемдерде жүзеге асырылады;
3) ормандарды молықтыру және орман өсіру жөніндегі іс-шаралар орман дақылдары қорының болуына қарай, ревизиялық кезеңнің соңғы жылына белгіленген көлемдерде, бірінші кезекте, ағаш кесілген жерлер мен өртеңдерде орындалады;
4) орманды күтіп-баптау мақсатында ағаш кесу өспей қалған немесе ағаштардың басты тұқымдыларының өсуіне кедергі келтіретін ағаштарды кесіп тастауды қажет ететін екпелердің болуына қарай, ревизиялық кезеңнің соңғы жылына белгіленген көлемдерде орындалады;
5) басты мақсатта пайдалану үшін ағаш кесу есепті кеспеағаш аймағының орман орналастыру жобасында белгіленген шекте уәкілетті орган бекіткен жыл сайынғы кеспеағаш аймағы қоры мөлшерінде жүргізіледі. Бір жыл бойы есепті кеспеағаш аймағына осы Кодексте айқындалған тәртіппен өзгерістер енгізіледі;
6) орман пайдаланудың осы бөліктің 2), 4) және 5) тармақшаларында көрсетілмеген қалған түрлері осы Кодексте айқындалған тәртіппен ревизиялық кезеңнің соңғы жылына белгіленген көлемдерде жүзеге асырылады.
Мемлекеттік орман иеленушілер мемлекеттік орман қоры учаскелерінде жүргізіліп жатқан іс-шаралар мен орман пайдалану туралы деректерді бұрынғы орман орналастыру материалдарына енгізуге міндетті.
57-бап. Мемлекеттік орман иелiктерiнiң орман орналастыру жобалары
2012.25.01. № 548-IV ҚР Заңымен 1-тармақ өзгертілді (бұр. ред. қара)
1. Мемлекеттік орман қорында орман орналастыру кезiнде орман орналастыру жобалары жасалады, оларда өткен тексеру кезеңi iшiнде орман шаруашылығын жүргiзу мен мемлекеттік орман қорын пайдалануға кешендi баға берiледi, орман шаруашылығы іс-шаралары жоспарланады және орман шаруашылығын ұйымдастыру мен жүргiзудiң келесi тексеру кезеңiне арналған негiзгi ережелерi әзiрленедi.
2. Мемлекеттік экологиялық сараптамадан өткен мемлекеттік орман иелiктерiнiң орман орналастыру жобалары мен орман орналастырудың басқа да құжаттарын уәкiлеттi орган бекiтедi және олар орман шаруашылығын жүргiзу, оның ағымдағы және болашақтағы дамуын жоспарлау үшiн мiндеттi нормативтiк актiлер болып табылады.
3. Орман орналастыру жобалары орман орналастыру жұмыстары аяқталғаннан кейiнгi жылдың 1 қаңтарынан бастап қолданысқа енгiзiледi.
58-бап. Орман қоры туралы ақпарат
2012.25.01. № 548-IV ҚР Заңымен 1-тармақ өзгертілді (бұр. ред. қара)
1. Орман қоры туралы ақпарат орман қорының мемлекеттік есебi, мемлекеттік орман кадастры, мемлекеттік орман мониторингi, орман орналастыру деректерiн және уәкiлеттi орган және (немесе) мемлекеттік орман орналастыру ұйымдары алған өзге де деректердi қамтиды.
2014.29.09. № 239-V ҚР Заңымен 2-тармақ жаңа редакцияда (бұр.ред.қара)
2. Орман қоры туралы ақпарат мемлекеттiк меншiк болып табылады, оны жеке және заңды тұлғалардың пайдалану тәртiбi мен шарттарын уәкiлеттi орган Қазақстан Республикасы ратификациялаған халықаралық шарттарға сәйкес айқындайды.
9-тарау. Орман қорының мемлекеттік есебі, мемлекеттік орман кадастры және мемлекеттік орман мониторингі
59-бап. Орман қорының мемлекеттік есебi
2006.07.07. № 176-III ҚР Заңымен 1-тармақ өзгертілді (бұр. ред. қара)
1. Орман қорының мемлекеттік есебi Қазақстан Республикасының заңдарында белгiленген тәртiппен орман қорының күзетiлуiн, қорғалуын, ормандардың молықтырылуы мен орман өсiрудi, орманның пайдаланылуын, орман қорының сандық және сапалық өзгерістерiне жүйелi бақылау жасауды ұйымдастыру және мемлекеттік органдарды, мүдделi жеке және заңды тұлғаларды орман қоры туралы ақпаратпен қамтамасыз ету үшiн жүргiзiледi.
Мемлекеттік орман қорының құрамындағы ерекше қорғалатын орман аумақтары жеке бөлiнедi және есепке алынады.
Мемлекеттік табиғи қорықтар, мемлекеттік ұлттық табиғи парктер, мемлекеттік өңірлік табиғи парктер мен мемлекеттік табиғи резерваттар шекарасындағы мемлекеттік табиғи ескерткiштер солардың құрамында есепке алынады.
Орман қорының мемлекеттік есебiнiң деректерi мемлекеттік орман кадастрын жүргiзген кезде пайдаланылады.
2010.19.03. № 258-IV ҚР Заңымен 2-тармақ жаңа редакцияда (бұр.ред.қара); 2012.25.01. № 548-IV ҚР Заңымен 2-тармақ өзгертілді (бұр. ред. қара)
2. Орман қорын мемлекеттік есепке алудың нысанын уәкілетті орган мемлекеттік статистика саласындағы уәкілетті мемлекеттік органмен келісе отырып бекітеді.
2012.25.01. № 548-IV ҚР Заңымен 3-тармақпен толықтырылды; 2014.29.09. № 239-V ҚР Заңымен 3-тармақ жаңа редакцияда (бұр.ред.қара)
3. Орман қорын мемлекеттік есепке алуды уәкілетті орган бекіткен қағидаларға сәйкес мемлекеттік орман орналастыру ұйымы жүргізеді.
60-бап. Мемлекеттік орман кадастры
1. Мемлекеттік орман кадастры орман қорының құқықтық режимi, оны орман иеленушiлер арасында бөлу, орман қорының сандық және сапалық жай-күйi, мемлекеттік орман қорын санаттары бойынша бөлу туралы мәлiметтер жүйесiн және орман қорының орман шаруашылығын жүргiзу мен шаруашылық қызметтiң нәтижелерiн бағалау үшiн қажеттi басқа да экологиялық және экономикалық сипаттамалары туралы деректердi қамтиды.
2012.25.01. № 548-IV ҚР Заңымен 1-1-тармақпен толықтырылды; 2014.29.09. № 239-V ҚР Заңымен 1-1-тармақ жаңа редакцияда (бұр.ред.қара)
1-1. Мемлекеттік орман кадастрын уәкілетті орган бекіткен қағидаларға сәйкес мемлекеттік орман орналастыру ұйымы жүргізеді.
2012.25.01. № 548-IV ҚР Заңымен 2-тармақ өзгертілді (бұр. ред. қара)
2. Мемлекеттік орман кадастрының деректерi орман шаруашылығын мемлекеттік басқару, оны жүргiзудi ұйымдастыру, орман шаруашылығын жүргiзуге және мемлекеттік орман қорын пайдалануға байланысты емес мақсаттарда орман алқаптарын ағаш өспеген алқаптарға айналдыру және (немесе) мемлекеттік орман қоры жерiн алып қою, ормандарды пайдаланудың төлемақысы мөлшерiн белгiлеу, орман пайдаланушылар мен орман иеленушiлердiң шаруашылық қызметiн бағалау кезiнде пайдаланылады.