4. Егер:
1) істі соттың заңсыз құрамы немесе соттылық туралы қағидаларды бұзып қараған;
2) осы Кодекстің 133-бабының қағидалары бойынша қаралған істерді қоспағанда, сот істі сот отырысының уақыты мен орны туралы тиісті түрде хабарландырылмаған іске қатысатын адамдардың қайсыбіреуі болмағанда қараған;
3) істі қарау кезінде сот ісін жүргізу тілі туралы қағида бұзылған;
4) сот іске қатысуға тартылмаған адамдардың құқықтары мен міндеттері туралы мәселені шешкен;
5) судья шешімге қол қоймаған немесе істі қарап, шешкен судьядан басқа судья қол қойған кез келген жағдайда бірінші сатыдағы сот шешімінің күші жойылуға жатады.
5. Осы баптың төртінші бөлігінің 2) тармақшасында көзделген негіздер болған кезде апелляциялық сатыдағы сот бірінші сатыдағы сот шешімінің күшін жояды, бұл туралы ұйғарым шығарады. Ұйғарымда істі бірінші сатыдағы сотта іс жүргізу қағидалары бойынша қарауға көшу туралы, іске қатысатын адамдар жасауға тиіс әрекеттер және оларды жасау мерзімдері көрсетіледі. Көрсетілген әрекеттер аяқталғаннан кейін істі әдеттегідей апелляциялық сатыдағы соттың сол құрамы қарайды.
Қалған жағдайларда, оның ішінде жаңа шешім шығарылып, сот шешімінің күші жойылған кезде, апелляциялық сатыдағы сот істі бір сот актісін қабылдап, бір сот отырысында қарайды.
6. Сот шығыстарын бөлу туралы мәселенің шешілмеуі немесе дұрыс шешілмеуі сот шешімінің күшін жою немесе оны өзгерту үшін негіз болып табылмайды. Сот шығыстарын бөлу қаулының қарар бөлігінде көрсетіледі.
428-бап. Іс бойынша іс жүргізуді тоқтата отырып немесе арызды қараусыз қалдыра отырып, сот шешімінің күшін жою
Бірінші сатыдағы сот шешімі осы Кодекстің 277-бабында және 279-бабының 2), 3), 4), 5), 9) және 10) тармақшаларында көрсетілген негіздер бойынша іс бойынша іс жүргізуді тоқтатуға немесе талап қоюды қараусыз қалдыруға байланысты апелляциялық тәртіппен күші жойылуға жатады.
2017.11.07. № 91-VI ҚР Заңымен 429-бап жаңа редакцияда (бұр.ред.қара)
429-бап. Бірінші сатыдағы соттың ұйғарымдарына (қаулыларына) шағым жасау, прокурордың өтінішхат келтіру тәртібі мен мерзімдері
1. Осы Кодексте көзделген жағдайларда, сондай-ақ соттың ұйғарымы істің одан әрі қозғалу мүмкіндігіне бөгет болатын жағдайларда бірінші сатыдағы соттың ұйғарымына осы Кодекстің 401-бабында аталған адамдар жеке шағым беруі, өтінішхат келтіруі мүмкін. Егер ұйғарым іске қатыспайтын адамдардың құқықтары мен мүдделеріне қатысты болса, олар да соттың ұйғарымына шағым жасауға құқылы.
Жеке шағым, прокурордың өтінішхаты ұйғарым түпкілікті нысанда дайындалған күннен бастап он жұмыс күні ішінде беріледі.
2. Бірінші сатыдағы соттың қалған ұйғарымдарына, оның ішінде сол жерде сот отырысының хаттамасына енгізіле отырып шығарылған ұйғарымдарға жеке шағым, прокурордың өтінішхаты берілмейді, бірақ қарсылықтар апелляциялық шағымға, прокурордың өтінішхатына енгізілуі мүмкін.
3. Шешім шығарумен аяқталған сот талқылауы кезінде шығарылған ұйғарымға жеке шағым берілген, прокурор өтінішхат келтірген жағдайда, шешімге шағым жасау үшін белгіленген мерзім өткеннен кейін ғана іс жоғары тұрған сот сатысына жіберіледі. Бұл ретте, егер шешімге апелляциялық шағым берілсе, прокурор апелляциялық өтінішхат келтірсе, жеке шағымды, прокурордың өтінішхатын тексеруді істі апелляциялық тәртіппен қарайтын сот сатысы жүргізеді.
4. Жеке шағым, прокурордың өтінішхаты осы ұйғарымды шығарған сотқа іске қатысатын адамдардың санына қарай құжаттардың көшірмелерімен қоса беріледі, бұларды судья оларға жібереді немесе тапсырады. Судья жеке шағымды, прокурордың өтінішхатын алғаннан кейін азаматтық істі немесе материалдарды апелляциялық сатыдағы сотқа жібереді.
5. Жеке шағым, прокурордың өтінішхаты апелляциялық шағымдар мен прокурордың өтінішхаттарын қабылдау және қарау үшін осы тарауда белгіленген тәртіппен қабылданады және қаралады.
Осы Кодекстің 414-бабында көзделген тәртіппен апелляциялық сатыдағы сот іске қатысатын адамдарға жеке шағымды, прокурордың өтінішхатын қарау уақыты мен орны туралы хабарлайды. Іске қатысатын адамдардың апелляциялық сатыдағы соттың сот отырысына келмеуі оларды қарауға кедергі болмайды.
6. Жеке шағымды, прокурордың өтінішхатын қарау нәтижелері бойынша апелляциялық сатыдағы сот:
1) соттың ұйғарымын - өзгеріссіз, ал жеке шағымды, прокурордың өтінішхатын қанағаттандырусыз қалдыру;
2) сот ұйғарымының толық немесе бір бөлігінде күшін жою және мәселені бірінші сатыдағы сотқа жаңадан қарауға беру;
3) сот ұйғарымының толық немесе бір бөлігінде күшін жою және мәселені мәні бойынша шешу;
4) ұйғарымды өзгерту туралы ұйғарым шығарады.
7. Талап арыздарды қайтару, іс бойынша іс жүргізуді тоқтата тұру, талап арыздарды қараусыз қалдыру мәселелері жөніндегі жеке шағым немесе прокурордың өтінішхаты бойынша шығарылған апелляциялық сатыдағы соттың ұйғарымдары шағым жасауға және наразылық білдіруге жатпайды. Осы Кодексте белгіленген жағдайларда апелляциялық сатыдағы соттың істің одан әрі қозғалу мүмкіндігіне бөгет болатын ұйғарымдарына шағым жасалуы және наразылық білдірілуі мүмкін.
430-бап. Апелляциялық сатыдағы соттың жеке ұйғарымы
Апелляциялық сатыдағы сот осы Кодекстің 270-бабында көзделген негіздер бойынша жеке ұйғарым шығара алады.
Жеке ұйғарымға осы Кодекстің 429-бабында көзделген тәртіппен шағым жасалуы және наразылық білдірілуі мүмкін.
431-бап. Апелляциялық сатыдағы соттың сот актілерінің заңды күші
Апелляциялық сатыдағы соттың сот актілері олар жария етілген күннен бастап заңды күшіне енеді.
432-бап. Сот актісін жіберу және істі бірінші сатыдағы сотқа қайтару
Апелляциялық сатыдағы сот істі қарағаннан және іске қатысатын адамдарға сот актісінің көшірмелерін жібергеннен (табыс еткеннен) кейін істі бірінші сатыдағы сотқа қайтарады.
2017.11.07. № 91-VI ҚР Заңымен 433-бап жаңа редакцияда (бұр.ред.қара)
433-бап. Іс апелляциялық тәртіппен қаралғаннан кейін келіп түскен апелляциялық (жеке) шағымды, прокурордың өтінішхатын қарау тәртібі
1. Белгіленген мерзімде немесе өткізіп алынған мерзім қалпына келтірілгеннен кейін берілген апелляциялық (жеке) шағым, прокурордың өтінішхаты апелляциялық сатыдағы сотқа іс басқа шағымдар бойынша қаралғаннан кейін келіп түскен жағдайда, сот мұндай шағымды, прокурордың өтінішхатын өзінің іс жүргізуіне қабылдауға міндетті.
2. Апелляциялық (жеке) шағымды, прокурордың өтінішхатын қарау нәтижелері бойынша және негіздер болған кезде апелляциялық сатыдағы сот бұрын шығарылған сот актісінің күшін жояды және келіп түскен шағым, прокурордың өтінішхаты бойынша жаңа қаулы, ұйғарым қабылдайды.
Мұндай негіздер болмаған кезде апелляциялық сатыдағы сот апелляциялық шағымды, прокурордың өтінішхатын қанағаттандырудан бас тарту туралы қаулы, ұйғарым шығарады.
54-тарау. КАССАЦИЯЛЫҚ САТЫДАҒЫ СОТТА ІС ЖҮРГІЗУ
434-бап. Кассациялық тәртiппен қайта қарауға жататын сот актiлерi
1. Жергілікті және басқа да соттардың заңды күшiне енген сот актiлерiн оларға шағым жасаудың апелляциялық тәртібі сақталған жағдайда, сондай-ақ Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының мамандандырылған сот алқасының сот актілерін Қазақстан Республикасының Жоғарғы Соты кассациялық тәртiппен қайта қарауы мүмкiн.
2. Мынадай:
1) осы Кодекстің 12 және 13-тарауларында көзделген оңайлатылған іс жүргізу тәртібімен қаралған;
2) татуласу келісімімен, дауды (жанжалды) медиация тәртібімен реттеу туралы келісіммен немесе дауды партисипативтік рәсім тәртібімен реттеу туралы келісіммен аяқталған;
3) талап қою сомасы екі мың айлық есептік көрсеткіштен кем болған кезде жеке тұлғалардың және талап қою сомасы отыз мың айлық есептік көрсеткіштен кем болған кезде заңды тұлғалардың мүліктік мүдделеріне байланысты;
4) талап қоюдан бас тартуға байланысты аяқталған істер бойынша;
2019.27.12. № 290-VІ ҚР Заңымен 5) тармақша жаңа редакцияда (бұр.ред.қара)
5) берешекті қайта құрылымдау туралы істер, сондай-ақ оңалту рәсімі мен банкроттық рәсімі шеңберінде туындайтын даулар жөніндегі, оның ішінде борышкер немесе ол уәкілеттік берген тұлға жасасқан мәмілелерді жарамсыз деп тану туралы, борышкердің мүлкін қайтару туралы, банкроттықты немесе оңалтуды басқарушының талап қоюлары бойынша дебиторлық берешекті өндіріп алу туралы істер бойынша сот актiлері кассациялық тәртiппен қайта қарауға жатпайды.
3. Жергілікті және басқа да соттардың заңды күшiне енген сот актiлерi оларға шағым жасаудың апелляциялық тәртібі сақталмаған жағдайда, сондай-ақ осы баптың екінші бөлігінде көрсетілген істер бойынша сот актілері осы Кодекстің 438-бабының алтыншы бөлігінде көзделген негіздер болған кезде Қазақстан Республикасының Жоғарғы Соты Төрағасының ұсынуы және Қазақстан Республикасы Бас Прокурорының наразылығы бойынша кассациялық тәртіппен қайта қаралуы мүмкін.
4. Жергілікті және басқа да соттардың заңды күшiне енген сот актiлерi оларға шағым жасаудың апелляциялық тәртібі сақталмаған жағдайда, осы баптың екінші бөлігінің 1), 2), 3) және 4) тармақшаларында көрсетілген істер бойынша сот актілерін қоспағанда, сондай-ақ осы баптың екінші бөлігінің 5) тармақшасында көрсетілген бірінші және апелляциялық сатылардың сот актілері осы Кодекстің 427-бабында көзделген негіздер бойынша Қазақстан Республикасы Бас Прокурорының наразылығы бойынша кассациялық тәртіппен қайта қаралуы мүмкін.
5. Кассациялық сатының қаулылары осы Кодекстің 438-бабының алтыншы бөлігінде көзделген негіздер болған кезде қайта қаралуы мүмкін.
435-бап. Заңды күшiне енген сот актiлерiне өтiнiшхат беруге, ұсыным енгізуге, наразылық келтіруге құқығы бар тұлғалар
1. Осы Кодекстiң 434-бабының бiрiншi бөлiгiнде көзделген сот актiлерiне дау айту туралы өтiнiшхатты тараптар, iске қатысатын тұлғалар, сот актілерінде мүдделері қозғалатын басқа да тұлғалар және олардың өкілдері беруi мүмкiн.
2017.11.07. № 91-VI ҚР Заңымен 2-бөлік өзгертілді (бұр.ред.қара)
2. Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының Төрағасы заңды күшiне енген сот актiлерiне өз бастамасы бойынша да, осы баптың бірінші бөлігінде аталған адамдардың өтінішхаты бойынша да ұсыну енгізуге құқылы.
Қазақстан Республикасының Бас Прокуроры заңды күшiне енген сот актiлерiне өзінің бастамасы бойынша да, осы Кодекстің 54-бабының екінші бөлігінде көзделген істер бойынша өзіне берілген, осы баптың бірінші бөлігінде аталған адамдардың өтінішхаттары бойынша да наразылық келтіруге құқылы.
Өтінішхат ұсынуға немесе наразылыққа қоса беріледі.
3. Өтiнiшхат берген тұлға, оның ішінде іс бойынша тарап ретінде өтінішхат берген прокурор одан бас тартуға немесе өтінішхатты кері қайтарып алуға құқылы, наразылық келтірген прокурор оны өтінішхат, наразылық қаралғанға дейін кассациялық сатыдағы сотқа арыз беру арқылы кері қайтарып алуға құқылы.
Өтінішхаттан бас тарту кассациялық сатыдағы сотта, оның ішінде алдын ала қарау сатысында да іс жүргізудің тоқтатылуына алып келеді. Өтінішхатты қайтадан беруге жол берілмейді, ал берілген жағдайда өтінішхат қайтарылады.
Кері қайтарылған жағдайда өтінішхат, наразылық осы Кодекстің 436-бабының бірінші бөлігінде белгіленген мерзімдерде қайтадан берілуі мүмкін.
4. Егер сот актілеріне өтінішхатты басқа тұлғалар берсе және ол бойынша кассациялық саты сотының сот отырысында қарау үшін өтінішхатты іспен бірге беру туралы шешім қабылданса, іс осы тарауда белгіленген тәртіппен мәні бойынша, оның ішінде осы баптың үшінші бөлігінде көрсетілген мән-жайлар анықталған кезде қаралуға жатады.
5. Осы Кодекстiң 443 және 444-баптарында көзделген қағидалар Қазақстан Республикасының Жоғарғы Соты Төрағасының ұсынымына және Қазақстан Республикасы Бас Прокурорының наразылығына қолданылмайды және оларды кассациялық сатыдағы сот тікелей қарайды.
436-бап. Заңды күшiне енген сот актiлерiне дау айту, наразылық келтіру мерзiмдерi
1. Апелляциялық сатыдағы соттың ұйғарымдары, қаулылары заңды күшіне енген күннен бастап алты ай iшiнде оларға өтiнiшхат, наразылық берілуі мүмкін.
2. Сот актілеріне апелляциялық тәртіппен шағым жасау мерзімі өтіп кеткен жағдайда, өтінішхат шағым жасау мерзімін қалпына келтіру туралы өтінішті бірінші сатыдағы сот қарағаннан кейін, ал бас тартылған жағдайда - апелляциялық сатыдағы сот жеке шағымды, наразылықты, апелляциялық шағымды қарағаннан кейін кассациялық сатыдағы сотқа берілуі мүмкін.
3. Осы баптың бірінші бөлігінің қағидалары осы Кодекстің 438-бабының алтыншы бөлігінде көзделген негіздер бойынша сот актілерін қайта қарау жағдайларына қолданылмайды.
4. Егер кассациялық наразылық келтiру туралы өтiнiшхат прокурорға белгiленген мерзiм сақтала отырып берiлсе, бiрақ ол бойынша шешiм қабылданбаса, кассациялық сатыдағы сот наразылық келтіру мерзiмiн ұзартады. Наразылықта бұл туралы көрсетiлуге тиiс.
437-бап. Iстердi кассациялық тәртiппен қарайтын соттар
1. Қазақстан Республикасының Жоғарғы Соты осы Кодекстің 435-бабының бірінші бөлігінде көрсетілген тұлғалардың өтінішхаттары бойынша, сондай-ақ осы Кодекстің 435-бабының екінші бөлігінде көрсетілген тұлғалардың ұсынуы және наразылығы бойынша істерді кемінде үш судьядан тұратын алқалы құрамда қарайды.
2. Қазақстан Республикасының Жоғарғы Соты осы Кодекстің 438-бабының алтыншы бөлігінде көрсетілген негіздер бойынша кассациялық сатыдағы соттың қаулыларына енгізілген осы Кодекстің 435-бабының екінші бөлігінде көрсетілген адамдардың ұсынуы және наразылығы бойынша істерді кемінде жеті судьядан тұратын алқалы құрамда қарайды.
438-бап. Iстердi талап етіп алдырудың және заңды күшiне енген сот актiлерiн қайта қараудың себептерi мен негiздерi
1. Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының Төрағасы, Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының судьялары, сондай-ақ Қазақстан Республикасының Бас Прокуроры не оның тапсырмасы бойынша Қазақстан Республикасы Бас Прокурорының орынбасарлары, облыстардың прокурорлары және оларға теңестiрiлген прокурорлар азаматтық iстi кассациялық тәртiппен тексеру үшiн тиiстi соттан талап етiп алдыруы мүмкiн.
2. Осы Кодекстiң 435-бабының бiрiншi бөлiгiнде көрсетілген адамдардың өтiнiшхаттары, сол сияқты Қазақстан Республикасы Жоғарғы Соты Төрағасының, Қазақстан Республикасы Бас Прокурорының олардың құзыретi шегiндегi бастамасы iстердi талап етіп алдыруға себеп болып табылады.
3. Iс талап етіп алдырылған жағдайда сот актілерін қайта қарау туралы өтiнiшхат іс келіп түскен күннен бастап отыз жұмыс күні iшiнде кассациялық сатыдағы сотта қаралуға жатады.
4. Сот iстi талап етіп алдыру туралы сұрау салуды ол сотқа келiп түскен күннен бастап бес жұмыс күнінен кешiктiрмей орындайды.
Прокурор істі талап етіп алдырған жағдайда, кассациялық наразылық келтiру туралы өтiнiшхатты прокурор iс прокуратураға келiп түскен күннен бастап отыз жұмыс күні iшiнде қарауға тиiс.
5. Заңсыз сот актiсiн шығаруға әкеп соққан, осы Кодекстің 427-бабында көзделген материалдық және процестік құқық нормаларының елеулi түрде бұзылуы осы Кодекстің 434-бабының бірінші бөлігінде көрсетілген, заңды күшіне енген сот актілерін кассациялық тәртіппен қайта қарауға негiздер болып табылады.
6. Мыналар:
1) қабылданған қаулының орындалуы адамдардың өмірі, денсаулығы не Қазақстан Республикасының экономикасы мен қауіпсіздігі үшін орны толмас ауыр салдарларға әкеп соғуы мүмкін болатын жағдайларда;
2) қабылданған қаулы адамдардың әлдеқандай тобының құқықтары мен заңды мүдделерін немесе өзге де жария мүдделерді бұзатын жағдайларда;
3) қабылданған қаулы соттардың құқық нормаларын түсіндіруіндегі және қолдануындағы бірізділікті бұзатын жағдайларда, осы Кодекстің 434-бабының үшінші және бесінші бөліктерінде көрсетілген, заңды күшіне енген сот актілерін кассациялық тәртіппен қайта қарауға негiздер болып табылады.
439-бап. Наразылық келтіру
1. Себеп пен негiздер болған кезде Қазақстан Республикасының Бас Прокуроры наразылық келтіреді және оны iспен және өтiнiшхатпен бiрге Қазақстан Республикасының Жоғарғы Сотына жібереді.
2. Қазақстан Республикасының Бас прокуратурасы наразылықтың көшiрмелерiн iске қатысатын адамдарға жібереді.
440-бап. Наразылықтың мазмұны
Наразылықта:
1) наразылық келтірілетін соттың атауы;
2) наразылық келтірілетін сот актiлерiне нұсқау;
3) сот актiлерi шығарылған iстiң мәнi жазылуға;
4) заңсыз сот актiсiн шығаруға әкелген материалдық не процестік құқық нормаларының елеулi бұзылуы нені білдіретініне нұсқау;
5) наразылық келтірген лауазымды адамның ұсынысы немесе түйіндері болуға тиіс;
6) осы Кодекстің 438-бабының алтыншы бөлігінде көзделген негіздер бойынша наразылық келтірілген жағдайларда, наразылықта сот актілерін қайта қарау үшін негіздердің айрықшалығы неде екені көрсетілуге тиiс;
7) наразылыққа осы Кодекстің 439-бабының екінші бөлігі талаптарының орындалғанын растайтын құжат қоса беріледі.
441-бап. Сот актісін кассациялық тәртіппен қайта қарау туралы және кассациялық наразылық келтіру туралы өтінішхаттың мазмұны
1. Қазақстан Республикасының Жоғарғы Сотына берілетін сот актiсiн кассациялық тәртіппен қайта қарау туралы және Қазақстан Республикасының Бас прокуратурасына берілетін кассациялық наразылық келтіру туралы өтiнiшхатта:
1) өтiнiшхат жіберіліп отырған соттың немесе лауазымды адамның атауы;
2) өтiнiшхат беретін адамның және мүддесі үшін өтінішхат беріліп отырған адамның аты-жөні, оның тұрғылықты жерi немесе орналасқан жерi және iстегi процестік жағдай;
3) iске қатысатын адамдардың тұрғылықты жерлері немесе орналасқан жерлерi көрсетіліп, оларды санамалау;
4) iстi бiрiншi, апелляциялық сатыларда қараған соттарға нұсқау және олар қабылдаған шешiмдердiң мазмұны;
5) қайта қарауға, наразылық келтіруге жататын сот актісіне нұсқау;
6) материалдық және процестік құқық нормаларының бұзылуы неде екендігіне және өтінішхатты берген адамның өтініші неден тұратындығына нұсқау;
7) өтінішхат осы Кодекстің 438-бабының алтыншы бөлігінде көзделген негіздер бойынша берілген жағдайда, өтінішхатта сот актілерін қайта қарау үшін негіздердің айрықшалығы неде екені көрсетілуге тиiс.
2. Егер өтiнiшхат iске қатыспаған адамның мүддесі үшін берілсе, онда дау айтылып отырған сот актісінде сол адамның қандай құқықтарының бұзылғаны көрсетiлуге тиiс.
3. Егер өтiнiшхат бұрын кассациялық сатыдағы сотқа берiлсе және қайтарылса, өтінішхатта оны қайтару себептері туралы көрсетiлуге тиiс.
4. Өтiнiшхатты берген адам оған қол қоюға тиiс. Өтінішхатты электрондық құжат нысанында берген кезде, ол оны берген адамның электрондық цифрлық қолтаңбасымен куәландырылады. Электрондық құжат нысанында берілетін өтінішхатқа осы бапта көрсетілген құжаттардың көшірмелері электрондық нысанда қоса беріледі.
5. Сот актісіне дау айту туралы өтінішхатқа «Салық және бюджетке төленетін басқа да міндетті төлемдер туралы» Қазақстан Республикасының Кодексінде (Салық кодексі) белгіленген мөлшерде мемлекеттік баждың төленгенін растайтын құжат қоса берілуге тиіс.
442-бап. Өтiнiшхатты немесе прокурордың наразылығын қайтару
1. Өтiнiшхат немесе прокурордың наразылығы мынадай негiздер бойынша:
1) өтiнiшхат немесе прокурордың наразылығы осы Кодекстiң 440, 441-баптарының талаптарына сәйкес келмесе;
2) өтiнiшхатты немесе прокурордың наразылығын осы Кодекстiң 435-бабына сәйкес заңды күшiне енген осы сот актiсiне дау айтуға, наразылық келтіруге құқығы жоқ адамдар берсе;
3) өтiнiшхат немесе прокурордың наразылығы осы Кодекстiң 436-бабының бiрiншi бөлiгiнде көрсетiлген мерзiм өткеннен кейiн берiлсе және оны қалпына келтiру үшін дәлелдi себептер болмаса;
4) өтiнiшхат немесе прокурордың наразылығы қаралғанға дейін олар кері қайтарылып алынса;
5) өтінішхаттан бас тартуға байланысты кассациялық сатыдағы сотта іс бойынша кассациялық іс жүргізу тоқтатылған жағдайда;
6) өтiнiшхат немесе прокурордың наразылығы кассациялық сатыдағы сотқа осы Кодексте белгіленген шағым жасау тәртібі бұзыла отырып берiлсе;
7) процестің осы қатысушысының өтінішхаты бойынша кассациялық сатыдағы соттың сот отырысында қарау үшін өтінішхатты іспен бірге беруден бас тарту туралы қаулы болса;
8) сот актісіне дау айту туралы өтінішхатқа мемлекеттік баждың төленгенін растайтын құжат қоса берілмесе, оларды берген адамдарға қайтарылуға жатады.
2. Өтінішхатты немесе наразылықты осы баптың бірінші бөлігінің 3), 4) және 5) тармақшаларында көзделген негіздер бойынша қайтару туралы тиісінше кассациялық сатыдағы сот не алдын ала қарау кезінде қатысатын судья қаулы шығарады. Қалған жағдайларда өтінішхаттар үш жұмыс күні ішінде хатпен қайтарылады.
3. Өтiнiшхатты немесе прокурордың наразылығын қайтаруға негiз болған кемшiлiктер жойылған жағдайда, олар осы Кодекстің 435-бабының үшінші бөлігінде көзделген өтінішхаттан бас тарту жағдайларынан басқа, жалпы негiздер бойынша қайтадан берілуі мүмкін.
4. Прокурор кассациялық наразылық келтіру туралы өтінішхатты өтініш беруші сот актісін тікелей кассациялық сатыдағы сотта кассациялық тәртіппен қайта қарау туралы өтінішхат беруі үшін, егер ол осы құқықты іске асырмаса, осы Кодекстің 112-бабының бірінші бөлігінде санамаланған адамдар осы Кодекстің 441-бабының талаптарын сақтай отырып өтінішхат берген жағдайлардан басқа, оған қайтаруға құқылы.
443-бап. Өтiнiшхатты алдын ала қарау
1. Сот актiсiн кассациялық тәртіппен қайта қарау туралы өтiнiшхатты кассациялық саты судьясы зерделейді, ол он күн мерзімде мынадай:
1) осы Кодекстің 442-бабының бірінші бөлігінде көзделген, өтінішхатты қайтаруға негіздердің бар немесе жоқ екендігі туралы;
2) сот ісін талап етіп алдыруға негіздердің бар немесе жоқ екендігі туралы мәселелерді шешеді.
Өтiнiшхат келiп түскен күннен бастап отыз жұмыс күні iшiнде, ал iс талап етіп алдырылған жағдайда - iс келiп түскен күннен бастап отыз жұмыс күні iшiнде қаралады.
444-бап. Өтiнiшхатты алдын ала қарау нәтижелерi бойынша қабылданатын шешімдер
1. Судья өтiнiшхатты алдын ала қарау нәтижелерi бойынша:
1) сот актілерін қайта қарау үшін негіздер болған кезде, кассациялық сатыдағы сот отырысында қарау үшін өтінішхатты іспен бірге беру туралы;
2) сот актілерін қайта қарау үшін негіздер болмаған кезде кассациялық сатыдағы сот отырысында қарау үшін өтінішхатты беруден бас тарту туралы;
3) осы Кодекстің 442-бабы бірінші бөлігінің 3), 4) және 5) тармақшаларында көрсетілген негіздер бойынша өтiнiшхатты қайтару туралы қаулы шығарады.
2. Қаулыда:
1) шығарылған күнi мен орны;
2) өтiнiшхатты қараған судьяның тегі мен аты-жөні;
3) қайта қарау туралы өтінішхат берілген сот актiсi көрсетіле отырып, қаулы шығарылған iс;
4) өтiнiшхатты берген адамның тегі, аты, әкесінің аты (егер ол жеке басын куәландыратын құжатта көрсетілген болса) немесе атауы;
5) өтiнiшхатта келтiрiлген дәлелдер;
6) қабылданған процестік шешімнің уәждері;
7) өтінішхатты қарау нәтижелері бойынша түйіндер көрсетілуге тиіс.
3. Сот актілерін қайта қарау үшін негіздер болған кезде қаулы, өтінішхат және оған қоса берілген құжаттар іспен бірге алдын ала қаралған күннен бастап бес жұмыс күнінен кешіктірілмей кассациялық сатыдағы сотқа беріледі.
4. Өтінішхатты алдын ала қарау нәтижелері бойынша шығарылған қаулының көшірмесі өтінішхатты берген адамға жіберіледі. Өтінішхат қайтарылған жағдайда, оған қоса берілген құжаттар қайтарылуға жатады.
445-бап. Кассациялық сатыдағы соттың сот отырысын тағайындау
1. Кассациялық сатыдағы сот судьяның қаулысымен, Қазақстан Республикасы Жоғарғы Соты Төрағасының ұсынуымен, Қазақстан Республикасы Бас Прокурорының наразылығымен бірге істі алғаннан кейін үш жұмыс күні ішінде тараптарға көрсетілген құжаттардың көшірмелерін, сот отырысының өткiзiлетiн күнін, уақытын, орнын көрсете отырып не олардың электрондық көшірмелерімен Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының интернет-ресурсы арқылы танысу мүмкіндігі туралы хабарлай отырып iстiң кассациялық сатыдағы сотта қаралатыны туралы хабарламаны жiбередi.
2. Іс кассациялық сатыдағы сотқа берілген не ұсыну, наразылық келiп түскен күннен бастап отыз жұмыс күні iшiнде қаралуға тиiс.
3. Кассациялық сатыдағы соттың істі қарау уақыты мен орны туралы тиісті түрде хабарландырылған іске қатысатын адамдардың келмеуі істі қарауға кедергі болмайды.
446-бап. Сот актiсiн қайта қарау туралы өтiнiшхатқа, ұсынымға немесе наразылыққа пікір
1. Іске қатысатын адам немесе оның өкілі қайта қарауға қатысты қарсылықты растайтын құжаттарды қоса бере отырып, сот актісін қайта қарау туралы өтiнiшхатқа, ұсынымға немесе наразылыққа пiкiрдi iске қатысатын басқа да адамдарға және Қазақстан Республикасының Жоғарғы Сотына жiбереді.