133-бап. Жауапкердің және (немесе) баланың болған жерінің белгісіздігі және оларды іздестіру
2019.26.12. № 284-VІ ҚР Заңымен 1-бөлік өзгертілді (бұр.ред.қара)
1. Жауапкердің нақтылы тұрған жері белгісіз болған кезде үй-жайлардың (пәтерлердің) меншік иелері кооперативінің немесе көппәтерлі тұрғын үйлер мүлкінің меншік иелері бірлестігінің не жай серіктестігінің, тұрғын үй-пайдалану және коммуналдық қызметтер көрсету қызметінің уәкілетті тұлғасы не тұрғын үй басқарушысы, жергілікті өзін-өзі басқару органының немесе адресаттың соңғы белгілі тұрғылықты жері бойынша тиісті атқарушы органның немесе оның соңғы белгілі жұмыс орны бойынша әкімшіліктің уәкілетті тұлғасының соттың шақыру қағазын немесе өзге де хабарлауды, шақыруды алғанын куәландыратын жазба сотқа келіп түскеннен кейін сот істі қарауға кіріседі. Мұндай хабарлау тиісінше хабарлау болып табылады.
Жауапкердің және (немесе) баланың болған жері белгісіз болған кезде Қазақстан Республикасына заңсыз алып өткен немесе Қазақстан Республикасында ұсталып отырған баланы кері қайтару туралы немесе Қазақстан Республикасы ратификациялаған халықаралық шарттың негізінде осындай балаға қатысты қол жеткізу құқықтарын жүзеге асыру туралы талап бойынша судья жауапкерді және (немесе) баланы іздестіруді жариялау туралы ұйғарым шығаруға міндетті.
2. Мемлекет мүддесіне орай, сондай-ақ алименттерді өндіріп алу, асыраушысының денсаулығының зақым алуынан немесе қайтыс болуынан келген зиянды өтеу туралы талап қоюлар бойынша жауапкердің тұрған жері белгісіз болған кезде сот уәкілетті органдар арқылы жауапкерді іздестіруді жариялауға міндетті. Соттың жауапкерге іздеу жариялауы істі қарауға кедергі болмайды.
3. Жауапкер өзіне сот шешімінің көшірмелері тапсырылғаннан кейін осы Кодекстің 126-бабында белгіленген тәртіппен апелляциялық шағым беру үшін өткізіп алынған процестік мерзімді қалпына келтіру туралы өтінішхат беруге және соттың шешіміне шағым жасауға құқылы.
4. Жауапкерді және (немесе) баланы іздестіру жөніндегі шығыстарды өндіріп алу уәкілетті органның арызы бойынша сот бұйрығын беру арқылы жүргізіледі.
2019.02.04. № 241-VІ ҚР Заңымен 11-1-тараумен толықтырылды
11-1-тарау. ЭЛЕКТРОНДЫҚ СОТ ІСІН ЖҮРГІЗУ ЕРЕКШЕЛІКТЕРІ
133-1-бап. Азаматтық сот ісін жүргізу форматы
1. Азаматтық сот ісін жүргізу талап қоюшы таңдаған сотқа жүгіну тәсіліне қарай қағаз немесе электрондық форматта жүргізіледі.
2. Сот тараптардың пікірін және процесті жүргізудің техникалық мүмкіндіктерін ескере отырып, сот ісін жүргізу форматын өзгерте алады, бұл туралы уәжді ұйғарым шығарады.
3. Сот ісін электрондық форматта жүргізу кезінде электрондық азаматтық іс қалыптастырылады.
Бұл ретте соттың автоматтандырылған ақпараттық жүйесінде орналастырылған электрондық сот актісі сот актісінің төлнұсқасы болып табылады.
4. Сот ісін жүргізу форматы өзгертілген кезде, іс материалдары тиісті форматқа өзгертіледі және оларды судья куәландырады.
133-2-бап. Электрондық құжаттар
1. Соттың, iске қатысатын адамдардың процестік актілері мен әрекеттерi электрондық цифрлық қолтаңбамен куәландырылған электрондық құжат нысанында ресiмделуi мүмкiн. Көрсетілген құжаттар Қазақстан Республикасының заңнамасында электрондық құжатты пайдалануға жол берілмейтін жағдайларды қоспағанда, жазбаша нысандағы құжаттармен бірдей мәнге ие.
2. Электрондық құжатқа қойылатын техникалық талаптарды және оның соттың автоматтандырылған ақпараттық жүйесінде айналыс тәртібін соттардың қызметін ұйымдастырушылық және материалдық-техникалық қамтамасыз етуді жүзеге асыратын орган Қазақстан Республикасы заңнамасының талаптарын ескере отырып айқындайды.
133-3-бап. Техникалық байланыс құралдарын пайдалану арқылы сот отырысына қатысу
1. Іске қатысатын адамдар, олардың өкілдері, сондай-ақ куәлар, сарапшылар, мамандар, аудармашылар сот отырысына өздері мәлімдеген өтінішхат бойынша немесе соттың бастамасы бойынша техникалық байланыс құралдарын пайдалау арқылы қатыса алады.
2. Сот отырысына қатысу үшін пайдаланылатын техникалық байланыс құралдары төрағалық етушінің іске қатысатын адамның жеке басын анықтау, сондай-ақ өкілдің өкілеттіктерін тексеру мүмкіндігін қамтамасыз етуге тиіс.
Мұндай техникалық мүмкiндiк болмаған кезде сот отырысына қатысу құқығын іске асыруды iске қатысатын адамның тұрғылықты жерi бойынша сот қамтамасыз етедi.
3. Егер әскери қызметшілердің, емдеу мекемелеріндегі, халықты әлеуметтік қорғау мекемелеріндегі, сондай-ақ күзетпен ұстау немесе бас бостандығынан айыру орындарындағы адамдардың іске қатысуын қамтамасыз ету үшін осы мекемелердің техникалық байланыс құралдары пайдаланылатын жағдайда, онда жеке басты анықтау, істі қарайтын соттың оларға құқықтары мен міндеттерін түсіндіргені және оларды бұзғаны үшін жауаптылық туралы ескертілгені жөнінде қолхат алу осы мекемелер әкімшілігінің жәрдемімен жүзеге асырылады.
Сот отырысына қатысатын адамның жеке басын куәландыратын құжаттардың, сондай-ақ оның қолхатының куәландырылған көшірмелері алынған күнінен кейінгі жұмыс күнінен кешіктірілмей, іс материалдарына қосып тігу үшін істі қарайтын сотқа жіберіледі.
4. Сот отырысына қатысуды қамтамасыз ететін техникалық байланыс құралдарын қолдану тәртібін, оларға қойылатын талаптарды соттардың қызметін ұйымдастырушылық және материалдық-техникалық қамтамасыз етуді жүзеге асыратын орган осы Кодекстің талаптарын ескере отырып айқындайды.
2-БӨЛІМ. БІРІНШІ САТЫДАҒЫ СОТТА ІС ЖҮРГІЗУ
1-КІШІ БӨЛІМ. ОҢАЙЛАТЫЛҒАН ІС ЖҮРГІЗУ
12-тарау. БҰЙРЫҚ АРҚЫЛЫ ІС ЖҮРГІЗУ
134-бап. Соттың бұйрығы негізінде берешекті өндіріп алу
2019.21.01. № 217-VІ ҚР Заңымен 1-бөлік өзгертілді (бұр.ред.қара)
1. Сот бұйрығы сот актісі болып табылады, оны судья борышкерді және өндіріп алушыны олардың түсіндірмелерін тыңдау үшін шақырмай-ақ және сот талқылауынсыз, даусыз талаптар бойынша борышкерден ақшаны өндіріп алу немесе жылжымалы мүлікті талап ету туралы өндіріп алушының арызы бойынша, сондай-ақ заңда белгіленген немесе шартта көзделген жағдайларда дауды сотқа дейін реттеу тәртібімен жасалған келісімдерді орындау туралы өндіріп алушының арызы бойынша шығарады.
2. Сот бұйрығының атқарушылық құжат күші болады. Сот бұйрығы бойынша өндіріп алу сот шешімдерін орындау үшін белгіленген тәртіппен жүргізіледі.
135-бап. Сот бұйрығы шығарылатын талаптар
Сот бұйрығы:
2019.21.01. № 217-VІ ҚР Заңымен 1) тармақша жаңа редакцияда (бұр.ред.қара)
1) жеке тұлғалардан кедендік төлемдер, салықтар, арнайы, демпингке қарсы, өтемақы баждары бойынша берешекті, өсімпұлдарды, пайыздарды өндіріп алу туралы;
2019.21.01. № 217-VІ ҚР Заңымен 2) тармақша жаңа редакцияда (бұр.ред.қара)
2) Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорына міндетті зейнетақы аударымдарын аудару туралы;
2019.21.01. № 217-VІ ҚР Заңымен 3) тармақша жаңа редакцияда (бұр.ред.қара)
3) заңда белгіленген немесе шартта көзделген жағдайларда сотқа дейін реттеу тәртібімен жасалған дауларды (жанжалдарды) медиация тәртібімен реттеу туралы келісімдерді орындау туралы;
4) әке (ана) болудың анықталуына немесе үшінші тұлғаларды тарту қажеттігіне байланысты емес кәмелетке толмаған балаларды бағып-күтуге арналған алименттерді өндіріп алу туралы;
2019.21.01. № 217-VІ ҚР Заңымен 5) тармақша жаңа редакцияда (бұр.ред.қара)
5) «Нотариат туралы» Қазақстан Республикасының Заңында белгіленген немесе шартта көзделген жағдайларда сотқа дейін реттеу тәртібімен нотариус куәландырған дауды реттеу туралы келісімдерді орындау туралы;
2019.21.01. № 217-VІ ҚР Заңымен 6) тармақша жаңа редакцияда (бұр.ред.қара)
6) «Адвокаттық қызмет және заң көмегі туралы» Қазақстан Республикасының Заңына сәйкес тараптардың тапсырма шарты бойынша адвокаттың немесе партисипативтік рәсім тәртібімен адвокаттар мен тараптардың қатысуымен жасалған дауларды реттеу туралы келісімдерді орындау туралы;
7) уәкілетті органдар мәлімдеген борышкерді, жауапкерді және (немесе) баланы іздестіру жөніндегі шығыстарды өтеу туралы;
2019.21.01. № 217-VІ ҚР Заңымен 8) тармақша жаңа редакцияда (бұр.ред.қара)
8) заңда белгіленген немесе шартта көзделген жағдайларда сотқа дейін реттеу тәртібімен жасалған кәсіпкерлік, инвестициялық қызметке байланысты даулар бойынша келісімдерді орындау туралы;
2019.21.01. № 217-VІ ҚР Заңымен 9) тармақша жаңа редакцияда (бұр.ред.қара)
9) заңда белгіленген немесе шартта көзделген жағдайларда сотқа дейін реттеу тәртібімен жасалған сақтандыру даулары және банктік қарыз шарттарынан туындайтын даулар бойынша келісімдерді орындау туралы;
2019.21.01. № 217-VІ ҚР Заңымен 10) тармақша жаңа редакцияда (бұр.ред.қара)
10) заңда белгіленген немесе шартта көзделген жағдайларда сотқа дейін реттеу тәртібімен жасалған тұтынушылардың құқықтарын қорғау саласындағы даулар бойынша келісімдерді орындау туралы;
2019.21.01. № 217-VІ ҚР Заңымен 11) тармақша жаңа редакцияда (бұр.ред.қара)
11) заңда белгіленген немесе шартта көзделген жағдайларда сотқа дейін реттеу тәртібімен жасалған зияткерлік меншік құқықтарын қорғау саласындағы даулар бойынша келісімдерді орындау туралы;
12) келісімшарт әскери қызметшінің бастамасы бойынша мерзімінен бұрын бұзылған жағдайда, әскери қызметті өткеру туралы келісімшартта көзделген біржолғы ақшалай сыйақыны өндіріп алу туралы;
13) оқуды не қызметті өткеруді өз қалауы бойынша тоқтатқан, сондай-ақ Қазақстан Республикасының заңнамасында көзделген негіздер бойынша шартта көзделген мерзім өткенге дейін жұмыстан босатылған немесе оқудан шығарылған оқу орындарының курсанттарын оқытуға жұмсалған сомаларды өндіріп алу туралы;
14) оқуын тоқтатқан не шет мемлекетте оқу орнын аяқтағаннан кейін Қазақстан Республикасына қайтып оралмаған немесе грантты қайтару жөніндегі шартта көзделген міндеттемені бұзған адамдардан мемлекеттік гранттарды өндіріп алу туралы;
15) ауылдық жерге жіберілген жас мамандар шарттар бойынша міндеттемелерді орындамаған немесе тиісті түрде орындамаған жағдайда олардан мемлекеттік гранттарды, көтерме жәрдемақыларды, жәрдемақыларды өндіріп алу туралы;
16) бала асырап алудың күші жойылған жағдайда, жетім баланы және (немесе) ата-аналарының қамқорлығынсыз қалған баланы асырап алуға байланысты төленген біржолғы ақшалай төлемді бюджетке қайтару туралы;
2019.21.01. № 217-VІ ҚР Заңымен 17) тармақша жаңа редакцияда (бұр.ред.қара)
17) жалдау төлемдерінің жалдау шартында белгіленген, мемлекеттік орган мәлімдеген мерзімдерде төленбеуіне байланысты оларды өндіріп алу туралы;
2019.21.01. № 217-VІ ҚР Заңымен 18) тармақша өзгертілді (бұр.ред.қара)
18) қылмыстық қудалау органы қысқартқан қылмыстық істер бойынша процестік шығындарды өндіріп алу туралы;
2019.21.01. № 217-VІ ҚР Заңымен 19) тармақшамен толықтырылды
19) заңда белгіленген немесе шартта көзделген жағдайларда сотқа дейін реттеу тәртібімен жасалған неке-отбасылық қатынастар саласындағы даулар бойынша келісімдерді орындау туралы;
2019.21.01. № 217-VІ ҚР Заңымен 20) тармақшамен толықтырылды
20) бұқаралық ақпарат құралында азаматтың ар-намысына, қадір-қасиетіне немесе iскерлiк беделiне және заңды тұлғаның іскерлік беделіне кір келтіретін мәліметтерді теріске шығаруды не жауапты жариялау туралы даулар бойынша келісімдерді орындау туралы;
2019.21.01. № 217-VІ ҚР Заңымен 21) тармақшамен толықтырылды
21) заңда белгіленген немесе шартта көзделген жағдайларда дауларды сотқа дейін реттеу тәртібімен жасалған өзге де келісімдерді орындау туралы талаптар бойынша шығарылады.
136-бап. Сот бұйрығын шығару туралы арыздың нысаны мен мазмұны
1. Сот бұйрығын шығару туралы арыз сотқа осы Кодекстің 3-тарауында белгіленген аумақтық соттылықтың жалпы қағидалары бойынша беріледі.
2. Арыз жазбаша нысанда не электрондық құжат нысанында беріледі. Арызда:
1) арыз берілген соттың атауы;
2) өндіріп алушының атауы, оның туған күні, тұрғылықты жері немесе орналасқан жері, жеке сәйкестендіру нөмірі, заңды тұлғаның деректемелері, бизнес-сәйкестендіру нөмірі;
3) борышкердің атауы, оның туған күні, тұрғылықты жері немесе орналасқан жері, жеке сәйкестендіру нөмірі (егер ол арыз берушіге белгілі болса), заңды тұлғаның деректемелері, бизнес-сәйкестендіру нөмірі;
4) өндіріп алушының талабы және ол негізделген мән-жайлар;
5) мәлімделген талапты растайтын қоса берілген құжаттардың тізбесі көрсетілуге тиіс.
3. Жылжымалы мүлік талап етілген жағдайда арызда осы мүліктің тиісті құжаттармен расталған құны көрсетілуге тиіс.
4. Арызға өндіріп алушы немесе қол қоюға немесе арыз беруге өкілеттігі болған кезде оның өкілі қол қояды. Өкіл беретін арызға оның өкілеттігін куәландыратын сенімхат қоса берілуге тиіс.
Арыз электрондық құжат нысанында берілген кезде ол өндіріп алушының немесе оның өкілінің электрондық цифрлық қолтаңбасымен куәландырылады. Электрондық құжат нысанында берілетін арызға осы бапта көрсетілген құжаттардың электрондық көшірмелері қоса беріледі.
5. Осы Кодекстің 135-бабында санамаланған талаптар оларды бұйрық арқылы немесе талап қою іс жүргізуі тәртібімен қарау көрсетілмей берілген кезде көрсетілген талаптар осы тараудың қағидалары бойынша қаралады.
137-бап. Мемлекеттік баж
1. Сот бұйрығын беру туралы арыз үшін «Салық және бюджетке төленетін басқа да міндетті төлемдер туралы» Қазақстан Республикасының Кодексінде (Салық кодексі) белгіленген мөлшерде мемлекеттік баж төленеді.
2. Арызды қабылдаудан бас тартылған кезде өндіріп алушы төлеген мемлекеттік баж қайтарылады.
3. Өндіріп алушы төлеген мемлекеттік баж сот бұйрығының күші жойылған кезде қайтарылмайды. Өндіріп алушы борышкерге талап қою ісін жүргізу тәртібімен талап қойған кезде ол төленуге жататын мемлекеттік баж есебіне есептеледі.
138-бап. Сот бұйрығын шығару туралы арызды қабылдаудан бас тарту және қайтару негіздері
1. Судья осы Кодекстің 151, 152-баптарында көзделген негіздер бойынша сот бұйрығын шығару туралы арызды қабылдаудан бас тартады немесе кері қайтарады.
Бұдан басқа, егер:
1) мәлімделген талап осы Кодекстің 135-бабында көзделмеген;
2) борышкердің тұрғылықты жері немесе орналасқан жері Қазақстан Республикасының шегінен тыс болған;
3) мәлімделген талапты растайтын құжаттар ұсынылмаған;
4) талап қою ісін жүргізу тәртібімен қарауға жататын құқық туралы даудың бары байқалған;
5) арыздың нысаны мен мазмұны осы Кодекстің 136-бабының талаптарына сай келмеген;
6) арыз бергенде мемлекеттік баж төленбеген жағдайларда судья арызды кері қайтарады.
2. Судья арызды қабылдаудан бас тарту немесе кері қайтару туралы арыз сотқа келіп түскен күннен бастап үш жұмыс күні ішінде ұйғарым шығарады.
3. Арызды кері қайтару сот бұйрығын беру туралы сотқа қайтадан арыз беруге не сол нысана мен сол негіздер бойынша сол жауапкерге, егер ол жол берілген бұзушылықты жойса, талап қоюға кедергі болмайды.
4. Судьяның арызды қабылдаудан бас тарту туралы немесе кері қайтару туралы ұйғарымына апелляциялық сатыдағы сотқа шағым берілуі мүмкін, оның шешімі түпкілікті болып табылады.
139-бап. Сот бұйрығын шығару тәртібі мен мерзімі
Мәлімделген даусыз талаптың мәні бойынша сот бұйрығын судья арыздың сотқа келіп түскен күнінен бастап үш жұмыс күні ішінде шығарады.
140-бап. Сот бұйрығының мазмұны
1. Сот бұйрығында:
1) жүргізілетін істің нөмірі және сот бұйрығының шығарылған күні;
2) соттың атауы, бұйрық шығарған судьяның тегі мен аты-жөні;
3) өндiрiп алушының тегi, аты және әкесiнiң аты (егер ол жеке басты куәландыратын құжатта көрсетілсе), туған күні, оның тұрғылықты немесе орналасқан жерi, жеке сәйкестендiру нөмiрi немесе егер өндiрiп алушы заңды тұлға болып табылса, оның атауы, іс жүзінде орналасқан жері, банктік деректемелері, бизнес-сәйкестендіру нөмiрi;
4) борышкердiң тегi, аты және әкесiнiң аты (егер ол жеке басты куәландыратын құжатта көрсетілсе), туған күні, оның тұрғылықты жерi немесе орналасқан жері, оның жұмыс орны және борышкер жұмыс істейтін заңды тұлғаның банктік деректемелері туралы мәліметтер (егер сот бұйрығын шығару туралы арызда көрсетілсе), жеке сәйкестендіру нөмірі (егер ол белгілі болса) немесе, егер борышкер заңды тұлға болып табылса, оның атауы, орналасқан жері, банктік деректемелері,
бизнес-сәйкестендіру нөмiрi, сондай-ақ қалалық және (немесе) ұялы байланыстың абоненттік нөмірлері туралы мәліметтер, электрондық пошта мекенжайы (егер мұндай мәліметтер бар болса және белгілі болса);
5) талапты қанағаттандыруға негіз болған заң;
6) өндіріп алынуға жататын ақша сомаларының мөлшері немесе құны көрсетілген, талап етілуге жататын жылжымалы мүліктің белгілері;
7) егер заңда немесе шартта тұрақсыздық айыбын өндіріп алу көзделсе, оның мөлшері және ол есептелген уақыт кезеңі;
8) борышкерден өндіріп алушының пайдасына немесе тиісті бюджетке өндіріп алынуға жататын мемлекеттік баждың сомасы;
9) мәлімделген талапқа қарсылық білдіру туралы арыз беру мерзімі мен тәртібі көрсетіледі.
2. Осы баптың бірінші бөлігінің 1), 2), 3), 4), 5) және 8) тармақшаларында көзделген мәліметтерден басқа, кәмелетке толмаған балаларға алименттер өндіріп алу туралы сот бұйрығында күтіп-бағу үшін алименттер тағайындалған әрбір баланың аты мен туған күні, борышкерден ай сайын өндіріліп алынатын төлемдердің мөлшері және оларды өндіріп алу мерзімі көрсетіледі.
3. Сот бұйрығына судья қол қояды.
141-бап. Борышкерге сот бұйрығының көшірмелерін жіберу. Сот бұйрығына қарсылық білдіру
1. Сот бұйрығы ол шығарылғаннан кейін келесі күннен кешіктірілмей оның алынғанын тіркеуді қамтамасыз ететін байланыс құралдары пайдаланыла отырып, борышкерге тапсырылуға немесе жіберілуге тиіс.
2. Борышкер мәлімделген талапқа қарсылығын сот бұйрығын шығарған сотқа сот бұйрығының көшірмелерін алған күннен бастап немесе оның шығарылғаны туралы оған белгілі болған күннен бастап он жұмыс күні ішінде жіберуге құқылы.
3. Борышкердің қарсылығы сот бұйрығын беру туралы арызда көрсетілген дау нысанының бар екені туралы тиісті дәлелдемелермен расталуға тиіс. Электрондық құжат нысанында берілетін қарсылықтарға құжаттардың электрондық көшірмелері қоса беріледі.
4. Қарсылықтарға осы баптың екінші бөлігінде көрсетілген адам немесе оның өкілі қол қояды. Қарсылықтар электрондық құжат нысанында берілген кезде ол борышкердің немесе оның өкілінің электрондық цифрлық қолтаңбасымен куәландырылады. Өкіл беретін қарсылықтарға оның өкілеттігін куәландыратын сенімхат қоса берілуге тиіс.
5. Осы баптың үшінші және төртінші бөліктерінің талаптарына сай келмейтін қарсылықтар сот ұйғарымымен кері қайтарылады.
6. Дәлелді себептермен өткізіп алынған қарсылық беру мерзімін сот бұйрығын шығарған сот осы Кодекстің 126-бабында көзделген негіздер бойынша және тәртіппен қалпына келтіруі мүмкін.
142-бап. Сот бұйрығының күшін жою
1. Егер борышкерден белгіленген мерзімде мәлімделген талапқа қарсылық келіп түссе не, егер сот бұйрығында құқықтары мен міндеттері қозғалған басқа да адамнан шығарылған сот бұйрығының заң талаптарына сәйкес еместігі туралы арыз келіп түссе, судья сот бұйрығының күшін жояды.
2017.11.07. № 91-VI ҚР Заңымен 2-бөлік өзгертілді (бұр.ред.қара)
2. Судья қарсылық немесе арыз келіп түскен күннен бастап үш жұмыс күнінен кешіктірмей сот бұйрығының күшін жою туралы ұйғарым шығарады. Ұйғарымда өндіріп алушы мәлімдеген талаптың талап қою іс жүргізуі тәртібімен берілуі мүмкін екені түсіндіріледі. Сот бұйрығының күшін жою туралы ұйғарымның көшірмелері ол шығарылғаннан кейін келесі күннен кешіктірмей өндіріп алушыға және борышкерге жіберіледі.
Сот бұйрығының күшiн жою туралы соттың ұйғарымы шағым жасауға және прокурордың өтінішхаты бойынша қайта қарауға жатпайды.
Сот бұйрығының күшiн жоюдан бас тарту туралы соттың ұйғарымына жеке шағым берілуі, прокурор өтінішхат келтіруі мүмкін.
143-бап. Өндіріп алушыға сот бұйрығын беру және оны орындауға жіберу
1. Егер белгіленген мерзімде сотқа борышкерден қарсылық келіп түспесе, судья соттың мөрімен куәландырылған сот бұйрығын оны борышкердің тұрғылықты жеріндегі тиісті әділет органына орындауға ұсынуы үшін өндіріп алушыға береді.
2. Өндіріп алушының өтініші бойынша, сондай-ақ осы Кодекстің 243-бабына сәйкес дереу орындалуға жататын талаптар бойынша сот бұйрығын сот тікелей жіберуі мүмкін.
3. Мемлекеттік бажды борышкерден тиісті бюджеттің кірісіне өндіріп алу үшін соттың мөрімен куәландырылған сот бұйрығының жеке данасын сот аумақ бойынша тиісті әділет органына тікелей жібереді.
4. Сот бұйрығының көшірмесі сот жүргізген істе қалады.
13-тарау. ОҢАЙЛАТЫЛҒАН (ЖАЗБАША) ІС ЖҮРГІЗУ
144-бап. Оңайлатылған (жазбаша) іс жүргізу тәртібі
1. Сот істерді осы Кодекстің 14-тарауының қағидалары бойынша осы тарауда белгіленген ерекшеліктерімен бірге оңайлатылған (жазбаша) іс жүргізу тәртібімен қарайды.
2. Судья істерді арыз қабылданған күннен бастап бір ай мерзімде оңайлатылған (жазбаша) іс жүргізу тәртібімен қарайды. Істерді оңайлатылған (жазбаша) іс жүргізу тәртібімен қарау мерзімі ұзартылуға жатпайды.
3. Сот, егер:
1) тарап бұл туралы өтінішхат берсе;
2) үшінші тұлғаның іске кіруі туралы өтінішхаты қанағаттандырылса;
3) қарсы талап қою қабылданса;
4) осы іс бойынша қабылданған сот актісімен басқа тұлғалардың құқықтары мен заңды мүдделері бұзылуы мүмкін болса;
5) дәлелдемелерді олардың тұрған жерінде қарап тексеру және зерттеу жүргізу, сараптама тағайындау немесе куәның айғақтарын тыңдау қажет болса;
6) қосымша мән-жайларды анықтау немесе қосымша дәлелдемелерді зерттеу қажет болса істі талап қою ісін жүргізу қағидалары бойынша жалпы тәртіппен қарау туралы ұйғарым шығарады.
4. Істі талап қою ісін жүргізу қағидалары бойынша жалпы тәртіппен қарау туралы ұйғарымда іске қатысатын адамдар жасауға тиіс әрекеттер мен осы әрекеттерді жасау мерзімдері көрсетіледі. Іс осы Кодексте тиісті санаттағы істер үшін белгіленген мерзімдерде қаралуға тиіс. Істі қарау мерзімі талап қою арызы алғаш қабылданған күннен бастап есептеледі.
5. Егер бір мезгілде бірнеше талап мәлімделсе, оның біреуі немесе одан да көбі осы Кодекстің 145-бабында көрсетілген тізбеге сәйкес келмесе және сот осы талаптарды жеке іс жүргізуде бөліп қарамаса, олар осы Кодекстің 14-тарауында белгіленген тәртіппен қаралады.
145-бап. Оңайлатылған (жазбаша) іс жүргізу тәртібімен қаралатын істер
1. Мынадай:
1) егер талап қою бағасы заңды тұлғалар үшін - жеті жүз айлық есептік көрсеткіштен, жеке кәсіпкерлер, азаматтар үшін екі жүз айлық есептік көрсеткіштен аспаса, ақша сомаларын өндіріп алу туралы талап қою арыздары бойынша;
2019.21.01. № 217-VІ ҚР Заңымен 2) тармақша өзгертілді (бұр.ред.қара)
2) талап қою бағасына қарамастан, талап қоюшы ұсынған, жауапкердің ақшалай міндеттемелерін белгілейтін құжаттарға және (немесе) шарт бойынша берешекті растайтын құжаттарға негізделген талап қою арыздары бойынша істер оңайлатылған (жазбаша) іс жүргізу тәртібімен қарауға жатады.
3) - 12) 2019.21.01. № 217-VІ ҚР Заңымен алып тасталды (бұр.ред.қара)
2. Осы баптың бірінші бөлігінде санамаланған талап қою талаптары оларды оңайлатылған (жазбаша) іс жүргізу тәртібімен қарау көрсетілмей қойылған кезде олар осы тараудың қағидалары бойынша қаралады.
146-бап. Істерді оңайлатылған (жазбаша) іс жүргізу тәртібімен қараудың ерекшеліктері
1. Талап қою арызы нысаны мен мазмұны бойынша осы Кодекстің 148 және 149-баптарының талаптарына сәйкес келуге тиіс.
2. Сот талап қою арызын іс жүргізуге қабылдау туралы ұйғарым шығарады, онда істің оңайлатылған (жазбаша) іс жүргізу тәртібімен қаралатындығын көрсетеді.
3. Сот тараптарды хабарландырып, жауапкердің өзі негіздейтін құжаттар мен дәлелдемелерді қоса беріп, он бес жұмыс күні ішінде талап қою арызына пікір (қарсылық) ұсынуы үшін мерзім белгілейді. Пікірге (қарсылыққа) оның көшірмелері талап қоюшыға жіберілгенін растайтын құжат қоса беріледі.
4. Сот белгілеген мерзім өткеннен кейін сотқа келіп түскен пікір (қарсылық), дәлелдемелер және өзге де құжаттар, егер тарап оларды сот белгілеген мерзімде ұсынудың мүмкін еместігін негіздесе және олар сот шешім шығарғанға дейін түссе, қабылданады.
5. Пікірді, дәлелдемелерді және өзге де құжаттарды ұсыну үшін сот белгілеген мерзімдер өткеннен кейін сот тараптарды шақырмай істі оңайлатылған (жазбаша) іс жүргізу тәртібімен қарайды.
6. Сот тараптар ұсынған құжаттарда баяндалған түсініктемелерді, қарсылықтарды және (немесе) дәлелдемелерді зерттейді және шешім қабылдайды.
7. Істі оңайлатылған (жазбаша) іс жүргізу тәртібімен қарау кезінде осы Кодекстің 26-тарауында және осы Кодекстің 198-бабында көзделген қағидалар қолданылмайды.
147-бап. Оңайлатылған (жазбаша) іс жүргізу тәртібімен қаралатын іс бойынша шешім
1. Оңайлатылған (жазбаша) іс жүргізу тәртібімен қаралатын іс бойынша қысқаша шешім шығарылады, ол осы Кодекстің 19-тарауында белгіленген талаптарға сәйкес келуге тиіс. Сот шешімінің көшірмелері тараптарға оның алынғанын тіркеуді қамтамасыз ететін байланыс құралдары пайдаланыла отырып жолданады не шешім шығарылған күннен бастап түпкілікті нысанда бес жұмыс күнінен кешіктірмей беріледі.