Егер лизинг шартында (келісімшартында) көзделген тауарлар (лизинг нысаналары) құнының бір бөлігін төлеу мерзімі тауарларды (лизинг нысаналарын) Қазақстан Республикасының аумағына әкелгеннен кейін басталған жағдайда, салық төлеуші салық органына импортталған тауарларды (лизинг нысаналарын) есепке қабылдаған айдан - салықтық кезеңнен кейінгі айдың 20-күнінен кешіктірмей импортталған тауарлар бойынша жанама салықтар жөніндегі декларациямен бір мезгілде осы тармақтың екінші бөлігінің 1), 3), 4) және 5) тармақшаларында көзделген құжаттарды ұсынады. Бұл ретте салық төлеуші импортталған тауарлар бойынша жанама салықтар жөніндегі декларацияда және тауарларды әкелу және жанама салықтарды төлеу туралы өтініште қосылған құн салығы бойынша салықтық базаны көрсетпейді.
Егер лизинг шарты (келісімшарты) бойынша тауарлар (лизинг нысаналары) құнының бір бөлігін төлеу мерзімінің күні тауарларды (лизинг нысаналарын) Қазақстан Республикасының аумағына әкелген күнге дейін белгіленген жағдайда, салық төлеуші салық органына импортталған тауарларды (лизинг нысаналарын) есепке қабылдаған айдан - салықтық кезеңнен кейінгі айдың 20-күнінен кешіктірмей импортталған тауарлар бойынша жанама салықтар жөніндегі декларациямен бір мезгілде осы тармақтың екінші бөлігінің 1) - 5) тармақшаларында көзделген құжаттарды ұсынады.
Кейіннен салық төлеуші салық органына лизинг шартында (келісімшартында) көзделген төлем мерзімінің айынан - салықтық кезеңнен кейінгі айдың 20-күнінен кешіктірмей, импортталған тауарлар бойынша жанама салықтар жөніндегі декларациямен бір мезгілде осы тармақтың екінші бөлігінің 1) және 2) тармақшаларында көзделген құжаттарды (олардың көшірмелерін) ұсынады.
Импортталған тауарлар бойынша жанама салықтар жөніндегі декларацияның нысанын, оны жасау және ұсыну қағидаларын уәкілетті орган бекітеді.
3. Импортталған тауарлар бойынша жанама салықтар жөніндегі декларацияны қағаз жеткізгіште және электрондық нысанда, тауарларды әкелу және жанама салықтарды төлеу туралы өтінішті (өтініштерді) қағаз жеткізгіште (төрт данада) және электрондық нысанда:
1) тауарларды Еуразиялық экономикалық одаққа мүше мемлекеттердің аумағынан Қазақстан Республикасының аумағына импорттайтын тұлғалар Қазақстан Республикасының Үкіметі айқындаған тәртіппен қосылған құн салығын төлеуден босата отырып және (немесе) уәкілетті орган айқындаған тәртіппен өзге төлеу тәсілімен;
2) осы Кодекстің 458-бабы 2-тармағының 2) тармақшасында көзделген жағдайда салық төлеуші;
3) осы Кодекстің 444-бабының 8-тармағында көзделген жағдайда салық төлеуші ұсынады.
4. Импортталған тауарлар бойынша жанама салықтар жөніндегі декларация мен тауарларды әкелу және жанама салықтарды төлеу туралы өтініш (өтініштер) электрондық нысанда ғана ұсынылған кезде осы баптың 2-тармағы екінші бөлігінің 2) - 8) тармақшаларында көрсетілген құжаттар ұсынылмайды.
Осы тармақтың ережесі осы баптың 3-тармағында белгіленген жағдайларда қолданылмайды.
5. Импортталған тауарлар бойынша қосылған құн салығы салық төлеушілердің орналасқан (тұрғылықты) жері бойынша салықтық кезеңнен кейінгі айдың 20-күнінен кешіктірілмей төленеді.
Импортталған тауарлар бойынша жанама салықтар жөніндегі декларацияда төлеуге есептелген жанама салықтардың сомасы тауарларды әкелу және жанама салықтарды төлеу туралы өтініште (өтініштерде) есептелген жанама салықтардың сомасына сәйкес келуге тиіс.
Импортталған тауарлардың бағасы осы Кодекстің 444-бабының 8-тармағына сәйкес ұлғайту жағына өзгертілген жағдайда импортталған тауарлар бойынша қосылған құн салығы шартқа (келісімшартқа) қатысушылар импортталған тауарлардың бағасын өзгерткен айдан кейінгі айдың 20-күнінен кешіктірілмей төленеді.
6. Тауарларды, оның ішінде алыс-беріс шикізатын қайта өңдеу өнімдері болып табылатын тауарларды, лизинг шарттары (келісімшарттары) бойынша тауарларды (лизинг нысаналарын) Еуразиялық экономикалық одаққа мүше мемлекеттердің аумағынан Қазақстан Республикасының аумағына импорттау кезінде жанама салықтарды есептеу мен төлеуге арналған салықтық кезең осындай импортталған тауарлар есепке қабылданған немесе лизинг шартында (келісімшартында) көзделген төлем мерзімі басталатын күнтізбелік ай болып табылады.
Бұл ретте салықтық міндеттемені салықтық кезең ішінде орындауға жол беріледі.
7. Импортталған тауарлар бойынша жанама салықтар жөніндегі декларация осы Кодекстің 209-бабының 5-тармағында көрсетілген жағдайларда, сондай-ақ тауарларды әкелу және жанама салықтарды төлеу туралы өтініш ұсынылмаған жағдайда салық органдарына ұсынылмаған болып есептеледі.
Тауарларды әкелу және жанама салықтарды төлеу туралы өтініш осы Кодекстің 209-бабының 5-тармағында көрсетілген жағдайларда, сондай-ақ импортталған тауарлар бойынша жанама салықтар жөніндегі декларация ұсынылмаған жағдайда салық органдарына ұсынылмаған болып есептеледі.
8. Салық органдарының тауарларды әкелу және жанама салықтарды төлеу туралы өтініште импортталған тауарлар бойынша қосылған құн салығын төлеу фактісін тиісті белгі қою арқылы растауы не растаудан уәжді бас тартуы уәкілетті орган көздеген жағдайларда және тәртіппен жүзеге асырылады.
Қағаз жеткізгіште және электрондық нысанда ұсынылған өтініштер бойынша қосылған құн салығын төлеу фактісін растауды салық органы өтініш қағаз жеткізгіште келіп түскен күннен бастап он жұмыс күні ішінде осындай өтінішке тиісті белгі қою арқылы жүргізеді.
Осы баптың 4-тармағына сәйкес ұсынылған өтініштер бойынша қосылған құн салығын төлеу фактісін растауды салық органы өтініш электрондық нысанда келіп түскен күннен бастап он жұмыс күні ішінде салық төлеушіге жанама салықтарды төлеу фактісін растау туралы электрондық нысанда хабарлама жіберу арқылы жүргізеді.
9. Қағаз жеткізгіште және электрондық нысанда ұсынылған өтініштер бойынша қосылған құн салығын төлеу фактісін растаудан бас тартуды салық органы өтініш қағаз жеткізгіште келіп түскен күннен бастап он жұмыс күні ішінде салық төлеушіге қағаз жеткізгіште уәжді бас тартуды жіберу арқылы жүргізеді.
Осы баптың 4-тармағына сәйкес ұсынылған өтініштер бойынша қосылған құн салығын төлеу фактісін растаудан бас тартуды салық органы өтініш электрондық нысанда келіп түскен күннен бастап он жұмыс күні ішінде салық төлеушіге электрондық нысанда уәжді бас тартуды жіберу арқылы жүргізеді.
10. Осы баптың 9-тармағында көрсетілген жағдайларда, салық төлеуші салық органына уәжді бас тартуды алған күннен бастап күнтізбелік он бес күн ішінде бұзушылықтарды жоя отырып, тауарларды әкелу және жанама салықтарды төлеу туралы өтінішті ұсынуға міндетті.
11. Осы Кодекстің 444-бабының 8-тармағына сәйкес импортталған тауарлардың бағасы ұлғайту жағына өзгертілген жағдайда, импортталған тауарлар бойынша жанама салықтар жөніндегі декларация және тауарларды әкелу және жанама салықтарды төлеу туралы өтініш қағаз жеткізгіште және электрондық нысанда шартқа (келісімшартқа) қатысушылар импортталған тауарлар бағасын өзгерткен айдан кейінгі айдың 20-күнінен кешіктірілмей ұсынылады.
Бұл ретте импортталған тауарлар бойынша жанама салықтар жөніндегі декларацияда және тауарларды әкелу және жанама салықтарды төлеу туралы өтініште сатып алынған импортталған тауарлардың өзгертілген құны көрсетіледі.
Бағаны өзгерту туралы шарт (келісімшарт), салық салынатын импорт және қосылған құн салығы бойынша өзгертілген мән қамтылған қосымша шот-фактура (егер шот-фактураны ұсыну (жазып беру) Еуразиялық экономикалық одаққа мүше мемлекеттің заңнамасында көзделсе) және (немесе) импортталған тауарлар бағасының өзгергенін растайтын өзге де құжат импортталған тауарлар бағасының ұлғайғанын растайтын құжаттар болып табылады.
457-бап. Еуразиялық экономикалық одақта тауарлардың экспорты кезінде қосылған құн салығын есептеу және төлеу тәртібі
1. Егер осы бапта өзгеше белгіленбесе, Еуразиялық экономикалық одаққа мүше мемлекеттерге тауарлардың экспорты немесе алыс-беріс шикізатын қайта өңдеу жөніндегі жұмыстарды орындау кезінде қосылған құн салығын төлеуші салық органына осы Кодекстің 424-бабында көзделген қосылған құн салығы бойынша декларациямен бір мезгілде қосылған құн салығы бойынша декларацияға қосымша болып табылатын өтініштердің тізбесін ұсынуға міндетті.
2. Салық төлеушілері тауарларды импорттаған Еуразиялық экономикалық одаққа мүше мемлекеттердің салық органдарынан тауарларды әкелу және жанама салықтарды төлеу туралы өтініш электрондық нысанда алынған жағдайда, тауарлардың экспортын жүзеге асырған Қазақстан Республикасының салық төлеушісіне Қазақстан Республикасының салық органы осындай өтінішті алғандығы туралы хабарлама жібереді.
Осы тармақта көрсетілген хабарлама осындай өтініш келіп түскен күннен бастап он жұмыс күні ішінде уәкілетті орган белгілеген нысан бойынша жіберіледі.
3. Тауарларды әкелу және жанама салықтарды төлеу туралы өтініш Қазақстан Республикасының салық органына тауарлардың экспорты кезінде оларды өткізу бойынша, алыс-беріс шикізатын қайта өңдеу жөніндегі жұмыстар орындалған жағдайда жұмыстарды, көрсетілетін қызметтерді өткізу бойынша айналым жасалған күннен бастап күнтізбелік бір жүз сексен күн ішінде электрондық нысанда келіп түспеген кезде қосылған құн салығын төлеуші осы Кодекстің 425-бабында көзделген мерзімде осы Кодекстің 422-бабының 1-тармағында белгіленген мөлшерлеме бойынша салық төлеуге міндетті.
Осы тармақта көрсетілген қосылған құн салығы сомаларын есептеуді салық органы уәкілетті орган айқындаған тәртіппен жүргізеді.
4. Осы баптың 3-тармағына сәйкес есептелген қосылған құн салығының сомалары уақтылы және толық төленбеген жағдайда, салық органы осы Кодексте айқындалған тәртіппен мерзімінде орындалмаған салықтық міндеттемені орындауды қамтамасыз ету тәсілдерін және мәжбүрлеп өндіріп алу шараларын қолданады.
5. Тауарларды әкелу және жанама салықтарды төлеу туралы өтініш Қазақстан Республикасының салық органына осы баптың 3-тармағында көзделген мерзім өткен соң электрондық нысанда келіп түскен жағдайда, қосылған құн салығының төленген сомалары осы Кодекстің 101 және 102-баптарына сәйкес есепке жатқызылуға және қайтарылуға жатады.
Бұл ретте осы баптың 4-тармағына сәйкес есептелген өсімпұлдың төленген сомалары қайтарылуға жатпайды.
458-бап. Еуразиялық экономикалық одақта тауарлардың импорты кезінде тауарларды әкелу және жанама салықтарды төлеу туралы өтінішті кері қайтарып алу
1. Тауарларды әкелу және жанама салықтарды төлеу туралы өтініш салық төлеушінің орналасқан (тұрғылықты) жері бойынша салық органына ұсынылған салық төлеушінің салықтық есептілікті кері қайтарып алу туралы салықтық өтініші негізінде салық органдарынан кері қайтарылуға жатады.
2. Салық төлеуші осы баптың 1-тармағында көрсетілген салықтық өтінішті:
1) тауарларды әкелу және жанама салықтарды төлеу туралы өтініш қате ұсынылған;
2) тауарларды әкелу және жанама салықтарды төлеу туралы өтінішке өзгерістер мен толықтырулар енгізілген жағдайларда, оның ішінде осы Кодекстің 459-бабының 2-тармағында көзделген жағдайда;
3) осы Кодекстің 459-бабының 3-тармағында көзделген жағдайда тауарларды әкелу және жанама салықтарды төлеу туралы өтінішті кері қайтарып алу жағдайларында ұсынуға құқылы.
3. Тауарларды әкелу және жанама салықтарды төлеу туралы өтінішті кері қайтарып алу мынадай:
1) қате ұсынылған немесе тиісті сапада және (немесе) жинақта болмауы себебінен толық көлемде қайтарылған импортталған тауарлар бойынша ұсынылған тауарларды әкелу және жанама салықтарды төлеу туралы өтініштер бойынша қолданылатын салықтық есептілікті қабылдау және өңдеу жүйесінің орталық торабынан алып тастау;
2) тауарларды әкелу және жанама салықтарды төлеу туралы өтінішке өзгерістер мен толықтырулар енгізуді салық төлеуші бір мезгілде жаңа өтінішті ұсына отырып, бұрын ұсынылған өтінішті кері қайтарып алу арқылы жүргізетін ауыстыру әдістерінің бірімен жүргізіледі.
Осы тармақтың мақсаттарында тауарларды әкелу және жанама салықтарды төлеу туралы өтініш, егер мұндай өтінішті ұсыну жөніндегі міндет осы Кодексте көзделмеген жағдайда, қате ұсынылған болып есептеледі.
4. Тауарларды әкелу және жанама салықтарды төлеу туралы өтінішке өзгерістер мен толықтырулар енгізумен бір мезгілде салық төлеушi импортталған тауарлар бойынша жанама салықтар жөніндегі қосымша декларацияны ұсынуға міндетті.
Осы тараудың мақсаттарында тұлға бұрын ұсынылған салықтық есептілікке өзгерістер және (немесе) толықтырулар енгізген кезде осы тұлға салық төлеуші болып табылатын осы импортталған тауарлар бойынша жанама салықтар жөніндегі өзгерістер және (немесе) толықтырулар жататын кезең үшін ұсынатын салықтық есептілік импортталған тауарлар бойынша жанама салықтар жөніндегі қосымша декларация болып табылады.
Бұл ретте тұлға бұрын ұсынылған салықтық есептілікке өзгерістер және (немесе) толықтырулар енгізген кезде салық органы осы тұлға салық төлеуші болып табылатын импортталған тауарлар бойынша жанама салықтар жөніндегі камералдық бақылау нәтижелері бойынша бұзушылықтарды анықтаған кезең үшін ұсынатын салықтық есептілік хабарлама бойынша импортталған тауарлар бойынша жанама салықтар жөніндегі қосымша декларация болып табылады.
5. Салық төлеушінің тауарларды әкелу және жанама салықтарды төлеу туралы өтінішке:
1) тексерiлетiн салық кезеңi - қосылған құн салығы және салықтық тексеру жүргiзуге арналған нұсқамада көрсетiлген акциздер бойынша кешендi тексерулер мен тақырыптық тексерулер жүргiзу кезеңiнде;
2) шағым жасалатын салық кезеңi - қосылған құн салығы және салық төлеушінің шағымында көрсетілген акциздер бойынша шағым берудiң қалпына келтiрiлген мерзiмiн ескере отырып, тексеру нәтижелері туралы хабарламаға шағым беру және оны қарау мерзiмi кезеңiнде өзгерістер мен толықтырулар енгізуіне жол берiлмейдi.
6. Тауарларды әкелу және жанама салықтарды төлеу туралы өтінішті кері қайтарып алу тәртібін уәкілетті орган айқындайды.
459-бап. Тауарлардың импорты кезінде төленген қосылған құн салығының сомаларын түзету тәртібі
1. Еуразиялық экономикалық одаққа мүше мемлекеттердің аумағынан Қазақстан Республикасының аумағына импортталған тауарлардың тиісті сапада және (немесе) жинақта болмауы себебінен осындай тауарларды әкелінген ай өткенге дейін ішінара және (немесе) толық қайтару жүзеге асырылған жағдайда, осындай тауарлар жөніндегі мәліметтер импортталған тауарлар бойынша жанама салықтар жөніндегі декларацияда, сондай-ақ тауарларды әкелу және жанама салықтарды төлеу туралы өтініште көрсетілмейді.
2. Тауарлар тиісті сапада және (немесе) жинақта болмауы себебінен осындай тауарлар әкелінген ай өткеннен кейін ішінара қайтарылған кезде осындай тауарлар жөніндегі мәліметтер импортталған тауарлар бойынша жанама салықтар жөніндегі қосымша декларацияда, сондай-ақ кері қайтарып алынған өтініштің орнына ұсынылған тауарларды әкелу және жанама салықтарды төлеу туралы өтініште көрсетілуге тиіс.
3. Тауарлар тиісті сапада және (немесе) жинақта болмауы себебінен осындай тауарлар әкелінген ай өткеннен кейін толық қайтарылған кезде осындай тауарлар жөніндегі мәліметтер импортталған тауарлар бойынша жанама салықтар жөніндегі қосымша декларацияда көрсетілуге жатады. Осындай тауарлар бойынша ұсынылған тауарларды әкелу және жанама салықтарды төлеу туралы өтініш осы Кодекстің 458-бабы 3-тармағының 1) тармақшасына сәйкес алып тастау әдісімен кері қайтарып алынады.
4. Осы баптың мақсаттарында мыналар Еуразиялық экономикалық одаққа мүше мемлекеттердің аумағынан Қазақстан Республикасының аумағына импортталған тауарлардың тиісті сапада және (немесе) жинақта болмауы себебінен толық және (немесе) ішінара қайтарылуын растайтын құжаттар болып табылады:
1) экспорттаушы салық төлеушімен және импорттаушы салық төлеушімен келісілген, тиісті сапада және (немесе) жинақта болмауы себебінен қайтарылуға жататын импортталған тауарлардың саны туралы мәліметтерді қамтитын кінә қою;
2) тауарды қабылдап алу-беру актілері (қайтарылған тауарларды тасымалдау болмаған жағдайда);
3) көліктік (тауарға ілеспе) құжаттар (қайтарылған тауарлар тасымалданған жағдайда);
4) жою актілері (тауарлар жойылған жағдайда).
Осы тармақта көрсетілген құжаттардың көшірмелері қағаз жеткізгіште салық органына осы Кодекстің 456-бабы 2-тармағы екінші бөлігінің 2) - 8) тармақшаларында көзделген құжаттармен бір мезгілде ұсынылады.
5. Мыналарға қосылған құн салығы салынбайды:
1) Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген табиғи кему нормалары шегінде салық төлеуші шеккен тауарлардың шығыны;
2) тауарлардың табиғи және техногендік сипаттағы төтенше жағдайлар салдарынан туындаған бүлінуі.
Осы баптың мақсаттары үшін салдарынан тауар жойылған немесе жоғалған оқиға тауар шығыны деп түсініледі. Тауардың бүлінуі тауардың бүкіл немесе жекелеген сапасының (қасиетінің) нашарлауын білдіреді, оның салдарынан осы тауарды салық салынатын айналым мақсаттары үшін пайдалану мүмкін емес.
11-БӨЛІМ. АКЦИЗДЕР
51-тарау. ЖАЛПЫ ЕРЕЖЕЛЕР
460-бап. Акциздерді қолдану
Қазақстан Республикасының аумағында өндiрiлген және Қазақстан Республикасының аумағына импортталатын, осы Кодекстің 462-бабында көрсетілген тауарларға акциздер салынады.
461-бап. Төлеушілер
1. Мыналар:
1) Қазақстан Республикасының аумағында акцизделетiн тауарлар шығаратын;
2) акцизделетін тауарларды Қазақстан Республикасының аумағына импорттайтын;
3) Қазақстан Республикасының аумағында бензинді (авиациялық бензиндi қоспағанда) және дизель отынын көтерме, бөлшек саудада өткiзудi жүзеге асыратын;
4) осы Кодекстің 462-бабы бірінші бөлігінің 5) - 7) тармақшаларында көрсетілген және олар бойынша акциз Қазақстан Республикасының аумағында Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес бұрын төленбеген, Қазақстан Республикасының аумағында тәркіленген, иесiз, мұрагерлiк құқығы бойынша мемлекетке өткен және мемлекет меншiгiне өтеусiз берiлген акцизделетін тауарларды өткiзудi жүзеге асыратын;
5) осы Кодекстiң 462-бабында көрсетілген және олар бойынша акциз Қазақстан Республикасының аумағында Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес бұрын төленбеген, акцизделетiн тауарлардың мүліктік массасын өткiзудi жүзеге асыратын;
6) осы Кодекстің 462-бабы бірінші бөлігінің 6) тармақшасында көзделген акцизделетін тауарларды жинауды (жинақтауды) жүзеге асыратын жеке және заңды тұлғалар акциз төлеушілер болып табылады.
2. Кәсіпкерлік қызмет мақсатында Еуразиялық экономикалық одаққа мүше мемлекеттердің аумағынан акцизделетін тауарларды импорттайтын жеке тұлғалар да акциз төлеушілер болып табылады.
Акцизделетін тауарларды кәсіпкерлік қызмет мақсатында импортталатындарға жатқызу өлшемшарттарын уәкілетті орган белгілейді.
3. Осы баптың 1-тармағының ережелерi ескерiле отырып, бейрезидент-заңды тұлғалар мен олардың құрылымдық бөлiмшелерi де акциз төлеушiлер болып табылады.
4. Осы Кодекстің 462-бабы бірінші бөлігінің 5), 6) және 7) тармақшаларында көрсетілген тәркіленген, иесiз, мұрагерлiк құқығы бойынша мемлекетке өткен және мемлекет меншiгiне өтеусiз берiлген акцизделетін тауарларды өткізуді, Қазақстан Республикасының аумағында мемлекеттік материалдық резервтің материалдық құндылықтарын салуды және шығаруды жүзеге асыратын уәкілетті мемлекеттік органдар акциздерді төлеушілер болып табылмайды.
462-бап. Акцизделетін тауарлардың тізбесі
Егер осы бапта өзгеше белгіленбесе, мыналар акцизделетін тауарлар болып табылады:
1) спирттің барлық түрлері;
2) алкоголь өнімі;
3) темекі бұйымдары;
4) қыздырылатын темекісі бар өнімдер, электрондық сигареттерде пайдалануға арналған құрамында никотині бар сұйықтық;
5) бензин (авиациялық бензинді қоспағанда), дизель отыны;
6) шағын автобустарды, автобустар мен троллейбустарды қоспағанда, қозғалтқышының көлемі 3000 текше сантиметрден асатын, 10 және одан да көп адам тасымалдауға арналған моторлы көлік құралдары;
қозғалтқышының көлемі 3000 текше сантиметрден асатын, адамдар тасымалдауға арналған жеңіл автомобильдер және өзге де моторлы көлік құралдары (арнайы мүгедектерге арналған қолмен басқарылатын немесе қолмен басқару адаптері бар автомобильдерден басқа);
қозғалтқышының көлемі 3000 текше сантиметрден асатын, жүкке арналған платформасы және жүк бөлiгiнен қатты стационарлық қабырғамен бөлінген жүргiзушi кабинасы бар жеңіл автомобиль шассиiндегi моторлы көлік құралдары (арнайы мүгедектерге арналған қолмен басқарылатын немесе қолмен басқару адаптері бар автомобильдерден басқа);
7) шикі мұнай, газ конденсаты;
8) Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес дәрiлiк зат ретінде тіркелген, құрамында спирті бар медициналық мақсаттағы өнім.
Сауда қызметін реттеу саласындағы уәкілетті орган шығарылған елі бойынша акциздер салуға жатқызылатын импортталатын тауарлардың қосымша тізбесін Қазақстан Республикасының Үкіметі айқындаған тәртіппен айқындайды.
Осы баптың екінші бөлігіне сәйкес айқындалған импортталатын тауарлардың қосымша тізбесінде көрсетілген тауарларға акциздердің мөлшерлемелерін сауда қызметін реттеу саласындағы уәкілетті органның ұсыныстары негізінде Қазақстан Республикасының Үкіметі белгілейді.
463-бап. Акциздердің мөлшерлемелері
1. Акциздердің мөлшерлемелері заттай түрдегі өлшем бiрлiгiне абсолюттiк сомада белгiленедi.
2. Алкоголь өнiмiне акциздердің мөлшерлемелері осы баптың 1-тармағына сәйкес не оның құрамындағы сусыз (жүз пайыздық) спирттің көлемдiк үлесіне қарай бекiтiледi.
3. Спирттің барлық түрiне және шарап материалына акциз мөлшерлемелері спиртті және шарап материалын одан әрi пайдалану мақсаттарына қарай сараланады.
4. Акциз сомаларын есептеу мынадай мөлшерлемелер бойынша жүргізіледі:
1) осы Кодекстің 462-бабы бірінші бөлігінің 1) - 4), 6), 7) және 8) тармақшаларында көрсетілген акцизделетін тауарларға:
Кестедегі 7, 12, 14, 15, 21 және 22-жолдардың қолданысы 2022 ж. 1 қаңтарға дейін тоқтатылды, тоқтатыла тұру кезеңінде осы жолдар 2017.25.12. № 121-VI ҚР Заңының 43-бабының редакциясында қолданылады (болашақ редакцияны қараңыз) (бұр.ред.қара)
| Р/с № | ЕАЭО СЭҚ ТН коды | Акцизделетін тауарлардың түрлері | Акциздердің мөлшерлемелері (өлшем бірлігі үшін теңгемен) |
| 1 | 2 | 3 | 4 |
| 1. | 2207-ден | 80 көлемдік пайыз немесе одан жоғары спирт концентрациясы бар денатуратталмаған этил спиртi (алкоголь өнiмiн, емдiк және фармацевтикалық препараттарды өндiру үшiн өткізілетін немесе пайдаланылатын, белгiленген квоталар шегiнде мемлекеттік медициналық мекемелерге берiлетiн денатуратталмаған этил спиртiнен басқа), этил спиртi және кез келген концентрациядағы денатуратталған өзге де спирттер (iшкi нарықта тұтыну үшін денатуратталған отындық этил спиртінен (этанолдан) басқа (түссiз емес, боялған)) | 600 теңге/литр |
| 2. | 2207-ден | Денатуратталған отындық этил спирті (этанол) (түссіз емес, ішкі нарықта тұтыну үшін боялған) | 1,0 теңге/литр |
| 3. | 2208-ден | Денатуратталмаған этил спирті, спирт тұнбалары және 80 көлемдік пайыздан төмен спирт концентрациясы бар өзге де спиртті ішімдіктер (алкоголь өнімін, емдік және фармацевтикалық препараттарды өндіру үшін өткізілетін немесе пайдаланылатын, белгіленген квоталар шегінде мемлекеттік медициналық мекемелерге берілетін денатуратталмаған этил спиртінен басқа) | 750 теңге/литр 100% спирт |
| 4. | 2207-ден | Алкоголь өнімін өндіру үшін өткізілетін немесе пайдаланылатын 80 көлемдік пайыз немесе одан жоғары спирт концентрациясы бар денатуратталмаған этил спирті | 0 теңге/литр |
| 5. | 2208-ден | Денатуратталмаған этил спирті, алкоголь өнімін өндіру үшін өткізілетін немесе пайдаланылатын, спирт тұнбалары және 80 көлемдік пайыздан төмен спирт концентрациясы бар өзге де спиртті ішімдіктер | 75 теңге/литр 100% спирт |
| 6. | 3003, 3004-ден | Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес дәрiлiк зат ретiнде тіркелген, құрамында спирті бар медициналық мақсаттағы өнім | 500 теңге/литр 100% спирт |
| 7. | 2208 | Алкоголь өнімі (коньяктан, брендиден, шараптан, шарап материалынан, сырадан және сыра сусынынан басқа) | 2550 теңге/литр 100 % спирт |
| 8. | 2208 | Коньяк, бренди | 250 теңге/литр 100% спирт |
| 9. | 2204, 2205, 2206 00 | Шараптар | 35 теңге/литр |
| 10. | 2204, 2205, 2206 00-ден | Шарап материалы (этил спирті мен алкоголь өнімін өндіру үшін өткізілетіннен немесе пайдаланылатыннан басқа) | 170 теңге/литр |
| 11. | 2204, 2205, 2206 00-ден | Этил спирті мен алкоголь өнімін өндіру үшін өткізілетін немесе пайдаланылатын шарап материалы | 0 теңге/литр |
| 12. | 2203 00 | Сыра және сыра сусыны | 57 теңге/литр |
| 13. | 2202 90 100 1 | Құрамындағы этил спиртінің көлемі 0,5 пайыздан аспайтын сыра | 0 теңге/литр |
| 14. | 2402-ден | Фильтрлі сигареттер | 9 900 теңге/1000 дана |
| 15. | 2402-ден | Фильтрсіз сигареттер, папиростар | 9 900 теңге/1000 дана |
| 16. | 2402-ден | Сигариллалар | 6 225 теңге/ 1 000 дана |
| 17. | 2402-ден | Сигаралар | 750 теңге/дана |
| 18. | 2403-тен | Құрамында никотині бар фармацевтикалық өнімді қоспағанда, тұтыну ыдысына қапталған және түпкілікті тұтынуға арналған түтіктік, шегетін, шайнайтын, соратын, иіскейтін, қорқорлы және өзге де темекі | 7345 теңге/ килограмм |
| 19. | 2709 00-ден | Шикі мұнай, газ конденсаты | 0 теңге/тонна |
| 20. | 8702-ден | Микроавтобустарды, автобустар мен троллейбустарды қоспағанда, 10 және одан көп адамды тасымалдауға арналған, қозғалтқышының көлемі 3000 текше см.-ден асатын моторлы көлік құралдары | 100 теңге/текше см |
| 8703-тен | Қозғалтқышының көлемі 3000 текше см.-ден асатын, негізінен адамдарды тасымалдауға арналған жеңіл автомобильдер және өзге де моторлы көлік құралдары (арнайы мүгедектерге арналған, қолмен басқарылатын немесе қолмен басқару адаптері бар автомобильдерден басқа) |
| 8704-тен | Қозғалтқышының көлемі 3000 текше см.-ден асатын, жүкке арналған платформасы және жүк бөлiгiнен қатты стационарлық қабырғамен бөлiнген жүргiзушi кабинасы бар жеңiл автомобиль шассиiндегi моторлы көлiк құралдары (арнайы мүгедектерге арналған, қолмен басқарылатын немесе қолмен басқару адаптері бар автомобильдерден басқа) |
| 21. | 2403 | Қыздырылатын темекісі бар бұйымдар (қыздырылатын темекі таяқшасы, темекісі бар қыздырылатын капсула және өзгелер) | 7345 теңге/1 кг темекі қоспасы |
| 22. | 3824 | Электрондық сигареттерде пайдалануға арналған картридждердегі, резервуарлардағы және басқа да контейнерлердегі құрамында никотин бар сұйықтық | 5 теңге/ сұйықтық миллилитрі |