32-бап. Арнайы валюталық режим
2017.03.07. № 86-VI ҚР Заңымен 1-тармақ өзгертілді (бұр.ред.қара)
1. Қазақстан Республикасының экономикалық қауіпсіздігіне және оның қаржы жүйесінің тұрақтылығына қатер төнген жағдайда, егер ахуалды экономикалық саясаттың басқа шараларымен шешу мүмкін болмаса, арнайы валюталық режим енгізіледі.
Арнайы валюталық режим елдің экономикалық қауіпсіздігіне және оның қаржы жүйесінің тұрақтылығына төнген қатерді жою үшін жағдайлар жасауға бағытталған валюталық реттеу шаралар кешенін көздейтін және резиденттер мен резидент еместердің валюталық құндылықтарды пайдалануға байланысты операцияларды жүргізуіне жекелеген валюталық шектеулер енгізуге жол беретін, валюталық операцияларды жүргізудің айрықша режимі болып табылады. Арнайы валюталық режим оны енгізу үшін негіз болған жағдайларды жою мақсатында ғана қолданылатын уақытша шара болып табылады. Арнайы валюталық режим шеңберінде енгізілуі мүмкін шектеулерге мыналар жатады:
1) валюталық операция сомасынан процент ретінде айқындалатын мөлшердегі депозитті уәкілетті банкке не Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкіне белгіленген мерзімге сыйақы төлеместен орналастыруды талап ету;
2) валюталық операцияларды жүргізуге Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкінің арнайы рұқсатын алуды талап ету;
3) резиденттер алған шетел валютасын міндетті түрде сатуды талап ету;
4) шетелдік банктерде шоттарды пайдалану бойынша шектеулер, валюталық түсімді қайтару мерзімін және валюталық операциялар бойынша көлеміне, санына және есеп айырысу валютасына лимиттерді белгілеу.
Қазақстан Республикасының Үкіметі Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкінің және тиісті уәкілетті органдардың бірлескен ұсынуы негізінде өзге де уақытша валюталық шектеулерді енгізуі мүмкін.
2014.16.05. № 203-V ҚР Заңымен (бұр.ред.қара); 2017.03.07. № 86-VI ҚР Заңымен (бұр.ред.қара) 2-тармақ жаңа редакцияда
2. Арнайы валюталық режим Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкінің және тиісті уәкілетті органдардың бірлескен ұсынуы негізінде Қазақстан Республикасы Үкіметінің актісімен енгізіледі.
Қазақстан Республикасы Үкіметінің арнайы валюталық режимді енгізу туралы актісінде белгіленетін рұқсаттар мен хабарламаларға «Рұқсаттар және хабарламалар туралы» Қазақстан Республикасы Заңының күші қолданылмайды.
2017.03.07. № 86-VI ҚР Заңымен 3-тармақ жаңа редакцияда (бұр.ред.қара)
3. Қазақстан Республикасы Үкіметінің арнайы валюталық режимді енгізу туралы актісі:
1) енгізілетін шаралардың және валюталық құндылықтарды пайдалануға байланысты операцияларды жүргізуге уақытша шектеулердің тізбесін;
2) арнайы рұқсат беру шарттарын қоса алғанда, арнайы валюталық режимнің талаптарын орындау тәртібін;
3) арнайы валюталық режимнің енгізілу уақытын және қолданылу мерзімін қамтиды.
2017.03.07. № 86-VI ҚР Заңымен 4-тармақ өзгертілді (бұр.ред.қара)
4. Арнайы валюталық режимнің қолданылу мерзімі бір жылдан асырылмайды.
Арнайы валюталық режим енгізілген мерзім аяқталғаннан кейін арнайы валюталық режимнің күші жойылды деп саналады.
Қазақстан Республикасының Үкіметі Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкінің және тиісті уәкілетті органдардың бірлескен ұсынуы негізінде, тиісті акт шығару арқылы оның қолданылуын осы тармақта белгіленген мерзімдер шегінде ұзартуға не оның толық немесе ішінара мерзімінен бұрын күшін жоюға құқылы.
2017.03.07. № 86-VI ҚР Заңымен 5-тармақ жаңа редакцияда (бұр.ред.қара)
5. Арнайы валюталық режимнің қолданылуы кезеңінде резиденттер мен бейрезиденттер Қазақстан Республикасы Үкіметінің арнайы валюталық режимді енгізу туралы актісінде белгіленген талаптарды сақтауға міндетті.
33-бап. Қазақстан Республикасының валюталық заңнамасын бұзғаны үшін жауаптылық
Қазақстан Республикасының валюталық заңнамасын бұзу Қазақстан Республикасының заңдарына сәйкес жауаптылыққа әкеп соғады.
34-бап. Осы Заңды қолданысқа енгізу тәртібі
1. Осы Заң, 2007 жылғы 1 қаңтардан бастап қолданысқа енгiзiлетiн 12-баптың 1-тармағын қоспағанда, жарияланған күнiнен бастап алты ай өткеннен кейiн қолданысқа енгiзіледi.
2. Осы Заңның 5-бабының 4-тармағы 2) тармақшасының екiншi абзацы, 7-бабы, 20-бабының 1, 2, 4-6-тармақтары, 22-бабының 2-6-тармақтары, 24-бабының 3-тармағы, 25-бабының 3-5-тармақтары 2006 жылғы 31 желтоқсанды қоса алған мерзiм бойынша қолданылады.
3. «Валюталық реттеу туралы» 1996 жылғы 24 желтоқсандағы Қазақстан Республикасы Заңының (Қазақстан Республикасы Парламентiнiң Жаршысы, 1996 ж., № 20-21, 404-құжат; 1997 ж., № 13-14, 205-құжат, 1998 ж., № 16, 219-құжат; 1999 ж., № 20, 722-құжат; 2001 ж., № 4, 23-құжат; 2003 ж., № 10, 51-құжат; № 11, 56-құжат; № 15, 139-құжат) күшi жойылды деп танылсын.
Қазақстан Республикасының
Президенті Н.Ә. Назарбаев
Астана, Ақорда, 2005 ж. маусымның 13-і. № 57-III