4. Мемлекеттiк әлеуметтiк жәрдемақыларды тағайындау шарттары, тәртiбi және олардың мөлшерi Қазақстан Республикасының заңнамалық актiлерiнде айқындалады.
10-тарау. ҚОРЫТЫНДЫ ЖӘНЕ ӨТПЕЛІ ЕРЕЖЕЛЕР
72-бап. Қазақстан Республикасының зейнетақымен қамсыздандыру туралы заңнамасын бұзғаны үшiн жауаптылық
Қазақстан Республикасының зейнетақымен қамсыздандыру туралы заңнамасын бұзу Қазақстан Республикасының заңдарына сәйкес жауаптылыққа әкеп соғады.
73-бап. Өтпелі ережелер
1. Қазақстан Республикасының Үкіметі осы Заң қолданысқа енгізілген күннен бастап бір ай ішінде бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорын құрады.
2014.10.01. № 156-V ҚР Заңымен 2-тармақ өзгертілді (2014 ж. 1 қаңтардан бастап қолданысқа енгізілді) (бұр.ред.қара)
2. Зейнетақымен қамсыздандыру туралы шарттар бойынша жинақтаушы зейнетақы қорларының зейнетақы активтері мен міндеттемелерін бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорына беру уәкілетті органның нормативтік құқықтық актісінде белгіленген тәртіппен кесте бойынша жүзеге асырылады.
Жинақтаушы зейнетақы қорларының зейнетақымен қамсыздандыру туралы шарттар бойынша зейнетақы активтерi мен мiндеттемелерiн беру бiрыңғай жинақтаушы зейнетақы қорының, жинақтаушы зейнетақы қорының, бұрынғы кастодиан-банктің, зейнетақы активтерiн инвестициялық басқаруды жүзеге асыратын ұйымның, Орталықтың және Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкiнiң уәкiлеттi өкiлдерi қол қойған зейнетақы активтерi мен мiндеттемелердi қабылдау-тапсыру актiлерiмен ресiмделедi.
Осы Заң қолданысқа енгізілген күнге салымшылар (алушылар) алдында зейнетақы активтері бойынша берешегі бар жинақтаушы зейнетақы қорлары зейнетақы активтері мен міндеттемелерді қабылдау-тапсыру актісіне қол қойылатын күнге дейін оны өтеуге міндетті.
Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорына зейнетақы активтері мен міндеттемелерді беруге байланысты шығыстар жинақтаушы зейнетақы қорларының меншікті қаражаты есебінен жүзеге асырылады.
Жинақтаушы зейнетақы қорының қаржылық есептіліктің халықаралық стандарттарына сәйкес 2013 жылғы 1 қаңтардағы жағдай бойынша жасалған жылдық қаржылық есептілігінің аудитін жинақтаушы зейнетақы қоры зейнетақы активтерін бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорына бергенге дейін уәкілетті органға ұсынады.
Жинақтаушы зейнетақы қорының жыл сайынғы аудиторлық есебінде орындаушы-аудитордың және аудиторлық ұйымның жинақтаушы зейнетақы қорының қаржылық есептілігі туралы тәуелсіз пікірі және аталған жинақтаушы зейнетақы қорының зейнетақы активтеріне қатысты есепке алуды жүргізу және есептілікті жасау тәртібінің Қазақстан Республикасы заңнамасының талаптарына сәйкестігін тексеру нәтижелері туралы ақпарат қамтылуға тиіс.
3. Осы Заң қолданысқа енгізілген күннен бастап және зейнетақымен қамсыздандыру туралы шарттар бойынша зейнетақы активтері мен міндеттемелерді бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорына беру аяқталғанға дейін:
1) салымшылардың (алушылардың) зейнетақы жинақтарын жинақтаушы зейнетақы қорларынан сақтандыру ұйымдарына аудару;
2) кестеде айқындалған мерзімдерде бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорына аударуды қоспағанда, салымшылардың (алушылардың) зейнетақы жинақтарын бір жинақтаушы зейнетақы қорынан басқасына ауыстыру тоқтатылады.
4. Жинақтаушы зейнетақы қорының зейнетақы жарналарын тартуға және зейнетақы төлемдерін жүзеге асыруға және зейнетақы активтерін инвестициялық басқаруды жүзеге асыратын ұйымның зейнетақы активтерін инвестициялық басқару қызметін жүзеге асыруға уәкілетті орган берген лицензияларының қолданысы зейнетақы активтері мен міндеттемелерді қабылдау-тапсыру актісіне осы баптың 2-тармағында аталған барлық уәкілетті өкілдер қол қойған күннен кейінгі күннен бастап тоқтатылады.
5. Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қоры осы баптың 2-тармағына сәйкес зейнетақы жинақтары бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорына берілген салымшылармен (алушылармен) осы Заң қолданысқа енгізілгенге дейін жасалған зейнетақымен қамсыздандыру туралы барлық шарттар бойынша құқық мирасқоры болып табылады.
Осы Заң қолданысқа енгізілгенге дейін салымшылар (алушылар) жинақтаушы зейнетақы қорларымен жасалған зейнетақымен қамсыздандыру туралы шарттар бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорының зейнетақы қағидаларына қайшы келмейтін бөлігінде қолданылады.
6. Жинақтаушы зейнетақы қорлары:
1) уәкілетті органның нормативтік құқықтық актісінде белгіленген тәртіппен және мерзімдерде зейнетақымен қамсыздандыру туралы шарттар бойынша зейнетақы активтері мен міндеттемелерді бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорына беруді жүзеге асыруға;
2) зейнетақы жарналарын тартуға және зейнетақы төлемдерін жүзеге асыруға арналған лицензиялардың қолданысы тоқтатылған күннен бастап күнтізбелік он күннен кешіктірмей уәкілетті органға лицензиялардың бланкілерін қайтаруға міндетті.
7. Жинақтаушы зейнетақы қорлары осы бапта көзделген талаптарды орындамаған жағдайда, уәкілетті орган оларға Қазақстан Республикасының заңдарында көзделген ықпал ету шаралары мен санкцияларды қолдануға құқылы.
8. Осы Заң қолданысқа енгізілген күнге зейнетақы активтерін инвестициялық басқаруды жүзеге асыруға лицензиясы бар ұйымдар зейнетақы активтерін инвестициялық басқаруды жүзеге асыруға арналған лицензияның бланкін уәкілетті органға қайтарғаннан кейін инвестициялық портфельді басқару жөніндегі қызметті жүзеге асыруға арналған лицензияны беру туралы уәкілетті органға өтініш жасауға құқылы.
Уәкілетті орган осы тармақтың бірінші бөлігінде көрсетілген құжаттар келіп түскен кезден бастап отыз жұмыс күні ішінде инвестициялық портфельді басқару жөніндегі қызметті жүзеге асыруға лицензия береді.
9. Зейнетақы жинақтары осы баптың 2-тармағында көзделген тәртіппен бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорына берілген салымшыларға осы Заңның 39-бабының 3-тармағында және 40-бабында белгіленген талаптар қолданылмайды.
2015.02.08. № 342-V ҚР Заңымен (2016 ж. 1 қаңтардан бастап қолданысқа енгізілді) (бұр.ред.қара); 2017.20.06. № 76-VI ҚР Заңымен (бұр.ред.қара) 10-тармақ өзгертілді
10. Жинақтаушы зейнетақы қоры (зейнетақы активтерін инвестициялық басқаруды жүзеге асыратын ұйым) тараптардың бірі болып табылатын, жинақтаушы зейнетақы қорынан зейнетақымен қамсыздандыруға, жинақтаушы зейнетақы қорының (зейнетақы активтерін инвестициялық басқаруды жүзеге асыратын ұйымның) қызметін ұйымдастыруға, жинақтаушы зейнетақы қорының комиссиялық сыйақысына, жинақтаушы зейнетақы қорының (зейнетақы активтерін инвестициялық басқаруды жүзеге асыратын ұйымның) есепке алуы мен есептілігіне, зейнетақы жинақтарының құпиялылығына және жинақтаушы зейнетақы қорының зейнетақы активтерін басқаруға байланысты құқықтық қатынастар жинақтаушы зейнетақы қоры (зейнетақы активтерін инвестициялық басқаруды жүзеге асыратын ұйым) лицензиясының қолданысы тоқтатылған күнге дейін «Қазақстан Республикасында зейнетақымен қамсыздандыру туралы» 1997 жылғы 20 маусымдағы Қазақстан Республикасы Заңының ережелеріне сәйкес реттеледі.
«Қазақстан Республикасында зейнетақымен қамсыздандыру туралы» 1997 жылғы 20 маусымдағы Қазақстан Республикасы Заңының ерікті кәсіптік зейнетақы жарналары есебінен Қазақстан Республикасында азаматтарды зейнетақымен қамсыздандырудың құқықтық және әлеуметтік негіздерін айқындайтын нормалары 2014 жылғы 1 қаңтарға дейін қолданылады.
2014 жылғы 1 қаңтарға дейін ерікті кәсіптік зейнетақы жарналары есебінен қалыптастырылған зейнетақы жинақтары, егер пайдасына ерікті кәсіптік зейнетақы жарналары енгізілген адамдар өндірістердің, жұмыстардың, пайдасына міндетті кәсіптік зейнетақы жарналарын төлеу жөніндегі агенттер меншікті қаражаты есебінен міндетті кәсіптік зейнетақы жарналарын төлеуді жүзеге асыратын, еңбек жағдайлары зиянды жұмыстармен айналысатын жұмыскерлер кәсіптерінің тізбесіне кірген кәсіптер жұмыскерлері болып табылған жағдайда, міндетті кәсіптік зейнетақы жарналары есебінен зейнетақы жинақтарына аударылады.
Өзге де барлық жағдайларда 2014 жылғы 1 қаңтарға дейін ерікті кәсіптік зейнетақы жарналары есебінен қалыптастырылған зейнетақы жинақтары ерікті зейнетақы жарналарына аударылады.
11. Зейнетақы жарналарын тартуға және зейнетақы төлемдерін жүзеге асыруға және зейнетақы активтерін инвестициялық басқаруды жүзеге асыруға уәкілетті орган берген лицензияларының қолданысы осы Заңға сәйкес тоқтатылатын, инвестициялық портфельді басқаруға арналған лицензия алмаған жинақтаушы зейнетақы қорлары, сондай-ақ осы Заң қолданысқа енгізілетін күнге мәжбүрлеп тарату процесінде тұрған жинақтаушы зейнетақы қорлары Қазақстан Республикасының азаматтық заңнамасына сәйкес таратылуға жатады.
Мәжбүрлеп тарату процесінде тұрған жинақтаушы зейнетақы қорларының тарату комиссиясын тағайындауды уәкілетті орган жүзеге асырады.
2015.02.08. № 342-V ҚР Заңымен 12-тармақпен толықтырылды (2016 ж. 1 қаңтардан бастап қолданысқа енгізілді)
12. 2016 жылғы 1 қаңтарға дейін толық емес көлемде тағайындалған еңбек сіңірген жылдары үшін зейнетақы төлемдері бюджет қаражаты есебінен аударылған міндетті зейнетақы жарналары сомасының 50 пайызы қайтарылғанда Қазақстан Республикасының Үкіметі айқындайтын тәртіппен оларды толық көлемге дейін жеткізу ескеріле отырып, қайта есептеледі.
2016 жылғы 1 қаңтарға дейін әскери қызметшiлер (мерзiмдi қызметтегі әскери қызметшiлерден басқа), арнаулы мемлекеттiк және құқық қорғау органдарының, мемлекеттік фельдъегерлік қызмет қызметкерлерi, сондай-ақ арнаулы атақтарға, сыныптық шендерге ие болу және нысанды киiм киiп жүру құқықтары 2012 жылғы 1 қаңтардан бастап жойылған адамдар зейнетақы аннуитеті шартын жасасқан жағдайда, жеке зейнетақы шотында қалған, бюджет қаражаты есебінен қалыптастырылған міндетті зейнетақы жарналарының сомасы қайтарылуға жатады.
2015.02.08. № 342-V ҚР Заңымен 13-тармақпен толықтырылды (2016 ж. 1 қаңтардан бастап қолданысқа енгізілді)
13. 1998 жылғы 1 қаңтарға дейін еңбек сіңірген жылдары үшін тағайындалған, мөлшері 2006 жылғы 1 маусымнан бастап арттырылмаған зейнетақы төлемдері Қазақстан Республикасының Үкіметі айқындайтын тәртіппен қайта есептеледі.
2015.02.08. № 342-V ҚР Заңымен 14-тармақпен толықтырылды (2018 ж. 1 шілдеден бастап қолданысқа енгізілді)
14. 2018 жылғы 1 шілдеге дейін тағайындалған мемлекеттік базалық зейнетақы төлемінің мөлшері орталық атқарушы орган айқындайтын тәртіппен қайта есептеледі.
2015.02.08. № 342-V ҚР Заңымен 15-тармақпен толықтырылды (2018 ж. 1 шілдеден бастап қолданысқа енгізілді)
15. 2018 жылғы 1 шілдеден бастап жасына байланысты тағайындалған мемлекеттік әлеуметтік жәрдемақылар мемлекеттік базалық зейнетақы төлемі нысанында төленеді.
74-бап. Осы Заңды қолданысқа енгiзу тәртiбi
1. Осы Заң:
1) бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қоры құрылған күннен бастап қолданысқа енгізілетін 34-баптың 1-тармағын;
2) осы Заңның 2014 жылғы 1 қаңтардан бастап қолданысқа енгізілетін, міндетті кәсіптік зейнетақы жарналары есебінен Қазақстан Республикасында азаматтарды зейнетақымен қамсыздандырудың құқықтық және әлеуметтік негіздерін айқындайтын нормаларын қоспағанда, алғашқы ресми жарияланғанынан кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі.
2014.07.11. № 248-V ҚР Заңымен 2-тармақ жаңа редакцияда (бұр.ред.қара)
2. 28-баптың 4-тармағының қолданысы 2014 жылғы 1 қаңтарға дейін тоқтатыла тұрсын. Тоқтата тұру кезеңінде көрсетілген тармақ мынадай редакцияда қолданылады:
«4. Мемлекеттік кіріс органдарының өкімі бойынша, егер агент мiндеттi зейнетақы жарналары бойынша берешек олардың пайдасына өндiрiп алынатын бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қоры салымшыларының тiзiмдерiн ұсынбаса және мiндеттi зейнетақы жарналары бойынша берешек болса, банктер және банк операцияларының жекелеген түрлерiн жүзеге асыратын ұйымдар агенттердiң банктік шоттарындағы барлық шығыс операцияларын тоқтата тұруға және мiндеттi зейнетақы жарналарын, әлеуметтік аударымдар мен салық берешегiн аударуға қатысты нұсқауларды Қазақстан Республикасының заңнамасында белгiленген тәртiппен орындауға мiндеттi.
Банктік шоттар бойынша шығыс операцияларын тоқтата тұру туралы мемлекеттік кіріс органы өкімінің күшiн шығыс операцияларын тоқтата тұру туралы өкім шығарған салық органы банктік шоттар бойынша шығыс операцияларын тоқтата тұрудың себептерi жойылған күннен кейiнгi бiр жұмыс күнiнен кешiктiрмей жояды.».
2017.20.06. № 76-VI ҚР Заңымен 2-1-тармақпен толықтырылды; 2019.26.12. № 287-VІ ҚР Заңымен 2-1-тармақ өзгертілді (2020 ж. 1 қаңтардан бастап қолданысқа енгізілді) (бұр.ред.қара)
2-1. 2023 жылғы 1 қаңтарға дейін осы Заңның 39-бабының тақырыбы мынадай редакцияда қолданылады деп белгіленсін:
«39-бап. Салымшылардың, өздері үшін міндетті зейнетақы жарналары енгізілген, міндетті кәсіптік зейнетақы жарналары аударылған жеке тұлғалардың және агенттердің құқықтары мен міндеттері»
2020.03.07. № 359-VI ҚР Заңымен 2-2-тармақпен толықтырылды
2-2. 25-баптың 4-1-тармағының қолданысы 2020 жылғы 1 маусымнан 2021 жылғы 1 қаңтарға дейін тоқтатыла тұрсын. Тоқтата тұру кезеңінде көрсетілген тармақ мынадай редакцияда қолданылады:
«4-1. Осы Заңның 24-бабы 2-тармағының 5) тармақшасында көзделген жағдайды қоспағанда, нысанасы жұмыстарды орындау (қызметтерді көрсету) болып табылатын азаматтық-құқықтық сипаттағы шарттар бойынша кірістер алатын жеке тұлғалар үшін бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорына төленуге жататын міндетті зейнетақы жарналары алынатын кірісінің 5 пайызы мөлшерінде, бірақ республикалық бюджет туралы заңда тиісті қаржы жылына белгіленген ең төмен жалақының 50 еселенген мөлшерінің 5 пайызынан жоғары емес мөлшерде белгіленеді.».
3. Осы Заңның 73-бабының 10-тармағында көзделген жағдайларды қоспағанда, «Қазақстан Республикасында зейнетақымен қамсыздандыру туралы» 1997 жылғы 20 маусымдағы Қазақстан Республикасы Заңының (Қазақстан Республикасы Парламентінің Жаршысы, 1997 ж., № 12, 186-құжат; 1998 ж., № 24, 437-құжат; 1999 ж., № 8, 237-құжат; № 23, 925-құжат; 2001 ж., № 17-18, 245-құжат; № 20, 257-құжат; 2002 ж., № 1, 1-құжат; № 23-24, 198-құжат; 2003 ж., № 1-2, 9-құжат; № 11, 56-құжат; № 15, 139-құжат; № 21-22, 160-құжат; 2004 ж., № 11-12, 66-құжат; № 23, 140, 142-құжаттар; 2005 ж., № 7-8, 19-құжат; № 11, 39-құжат; № 14, 55, 58-құжаттар; № 23, 104-құжат; 2006 ж., № 3, 22-құжат; № 8, 45-құжат; № 12, 69-құжат; № 23, 141-құжат; 2007 ж., № 2, 18-құжат; № 3, 20-құжат; № 4, 28, 30-құжаттар; № 9, 67-құжат; № 10, 69-құжат; № 24, 178-құжат; 2008 ж., № 17-18, 72-құжат; № 20, 88-құжат; № 23, 114, 123-құжаттар; 2009 ж., № 17, 81-құжат; № 19, 88-құжат; № 23, 111-құжат; 2010 ж., № 5, 23-құжат; № 7, 28-құжат; № 15, 71-құжат; № 24, 140-құжат; 2011 ж., № 1, 3-құжат; № 6, 49-құжат; № 11, 102-құжат; № 14, 117-құжат; № 24, 196-құжат; 2012 ж., № 2, 14, 15-құжаттар; № 3, 26-құжат; № 4, 32-құжат; № 10, 77-құжат; № 13, 91-құжат; № 14, 95-құжат; № 21-22, 124-құжат; № 23-24, 125-құжат; 2013 ж., № 1, 3-құжат; № 3, 15-құжат; 2013 жылғы 20 сәуірде «Егемен Қазақстан» және «Казахстанская правда» газеттерінде жарияланған «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне мемлекеттік көрсетілетін қызметтер мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» 2013 жылғы 15 сәуірдегі Қазақстан Республикасының Заңы) күші жойылды деп танылсын.
Қазақстан Республикасының
Президенті
Н. НАЗАРБАЕВ
Астана, Ақорда, 2013 жылғы маусымның 21-і.
№ 105-V