416-бап. Заңды күшіне енбеген үкімдерге, қаулыларға берілген апелляциялық (жекеше) шағымдарды, наразылықтарды қарайтын соттар
1. Аудандық және оларға теңестірілген соттардың, қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық соттардың, кәмелетке толмағандардың істері жөніндегі мамандандырылған ауданаралық соттардың заңды күшіне енбеген үкімдеріне, қаулыларына апелляциялық (жекеше) шағымдарды, наразылықтарды тиісті облыстық және оған теңестірілген соттың апелляциялық сатысы қарайды.
2. Гарнизондардың әскери соттарының, қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық әскери соттардың заңды күшіне енбеген үкімдеріне, қаулыларына апелляциялық (жекеше) шағымдарды, наразылықтарды Әскери сот қарайды.
3. Егер іс бойынша үкім және қаулы шығарылса, онда үкімге апелляциялық шағымдар, наразылықтар және қаулыға жекеше шағымдар, наразылықтар облыстық немесе оған теңестірілген соттың апелляциялық сатысының бір отырысында қаралады.
4. Басты сот талқылауы барысында шығарылатын бұлтартпау шарасы және ақшалай өндіріп алуды қолдану туралы қаулыға жекеше шағымдар, наразылықтар іс бойынша іс жүргізу аяқталғанға дейін апелляциялық сатыда қаралады. Көрсетілген шағымдарды, наразылықтарды апелляциялық сатыда қарау қылмыстық істі бірінші сатыдағы сотта одан әрі қарауды үзбейді.
417-бап. Апелляциялық (жекеше) шағымдар, наразылықтар келтіру тәртібі
1. Апелляциялық (жекеше) шағымдар, наразылықтар үкім, қаулы шығарған сот арқылы келтірiледi. Апелляциялық сатыға тiкелей келiп түскен апелляциялық (жекеше) шағымдар, наразылықтар осы Кодекстiң 420-бабының және 421-бабы екiншi бөлiгiнiң талаптарын орындау үшiн үкім, қаулы шығарған сотқа жiберілуге жатады.
2. Істі қайтадан қарау кезінде шығарылған үкімге, қаулыға осындай тәртіппен шағым жасалуы, наразылық білдірілуі мүмкін.
418-бап. Үкімдерге, қаулыларға апелляциялық шағым жасау, наразылық бiлдiру мерзiмдерi
1. Апелляциялық (жекеше) шағымдар, наразылықтар үкім, қаулы жария етілген күннен бастап он бес тәулiк iшiнде берiлуi мүмкiн, ал күзетпен ұсталатын сотталған адам оларды өзіне үкімнің, қаулының көшiрмесi табыс етiлген күннен бастап дәл сондай мерзiмде бере алады.
2. Сот актісіне шағым жасау үшiн белгiленген мерзiм iшiнде iсті бірінші сатыдағы соттан талап етiп алдыруға болмайды.
3. Мерзiмдi өткізіп алып берiлген апелляциялық (жекеше) шағым, наразылық үкімді, қаулыны шығарған соттың қаулысымен мерзімді қалпына келтіру туралы өтінішхат болмаған ретте осы негіздер көрсетіле отырып, авторға қайтарылады. Егер шағымдарды, наразылықтарды бірінші сатыдағы сот қабылдаған соң оларды беру мерзімінің өткізіп алынғаны апелляциялық сатыда анықталса, апелляциялық саты судьясы өз қаулысымен оларды қараусыз қалдырады.
419-бап. Апелляциялық (жекеше) шағым, наразылық беру мерзiмін қалпына келтiру тәртiбi
2015.31.10. № 378-V ҚР Заңымен 1-бөлік жаңа редакцияда (2016 ж. 1 қаңтардан бастап қолданысқа енгiзiлдi) (бұр.ред.қара)
1. Апелляциялық (жекеше) шағым, наразылық беру мерзімі өткізіп алынған жағдайда шағым, наразылық беруге құқығы бар тұлғалар үкімді, қаулыны шығарған сот алдында өткізіп алынған мерзімді қалпына келтіру туралы өтінішхат бере алады. Апелляциялық (жекеше) шағым, наразылық беру мерзімін қалпына келтіру туралы өтінішхат жазбаша нысанда не электрондық құжат нысанында берілуі мүмкін. Мерзімді қалпына келтіру туралы өтінішхатты сот отырысында - басты сот талқылауы кезінде төрағалық еткен судья, ал ол ұзақ уақыт (кемінде бес тәулік) болмаған кезде осы соттың басқа судьясы қарайды, ол өтінішхат қозғаған тұлғаны түсініктеме беру үшін шақыртуға құқылы.
2. Судьяның өткізіп алынған мерзімді қалпына келтіруден бас тарту туралы қаулысына тиісті облыстық немесе оған теңестірілген сотқа шағым жасауға, наразылық білдіруге болады, ол өткізіп алынған мерзімді қалпына келтіруге және осы Кодекстің 420-бабында және 421-бабының екінші бөлігінде жазылған талаптарды сақтай отырып, шағым, наразылық бойынша істі қарауға құқылы. Соттың апелляциялық шағым, наразылық берудің өткізіп алынған мерзімін қалпына келтіру туралы қаулысымен келіспейтін процеске қатысушылар апелляциялық сатының отырысы басталғанға дейін немесе онда өз дәлелдерін беріп, осы қаулының күшін жою туралы өтінішхат беруге құқылы. Осындай өтінішхат қанағаттандырылған жағдайда, апелляциялық саты өзінің қаулысымен апелляциялық шағымды, наразылықты қараусыз қалдырады.
3. Осы баптың бірінші бөлігінде көрсетілген сот процеске қатысушының өз құқықтары мен заңды мүдделерін қорғау жөніндегі мүмкіндігін шектейтін заң бұзушылық кезінде (сот отырысының хаттамасын уақтылы дайындамау, іске қатысатын, сот ісін жүргізу тілін білмейтін адамға сот актісінің көшірмесін аудармасыз табыс ету, сот актісінің қарар бөлігінде шағым жасау мерзімін көрсетудегі ағаттықтар), сондай-ақ оның шағымды уақтылы беруіне немесе наразылық келтіруіне объективті түрде кедергі келтіретін өзге де мән-жайлар болған кезде апелляциялық (жекеше) шағым берудің, наразылық келтірудің өткізіп алынған мерзімін қалпына келтіруге міндетті.
4. Апелляциялық саты судьясының өткізіп алынған мерзімді қалпына келтіру туралы қаулысы шағыммен, наразылықпен және басқа да материалдармен бірге үкімді, қаулыны шығарған сотқа осы Кодекстің 420 және 421-баптарында көзделген әрекеттерді орындау үшін дереу жіберіледі.
420-бап. Апелляциялық (жекеше) шағым және наразылық беру туралы хабарлама
1. Үкім, қаулы шығарған сот апелляциялық (жекеше) шағымның немесе наразылықтың берілгені туралы сотталған адамды немесе ақталған адамды, оның қорғаушысын, өкілін, айыптаушыны, жәбірленушіні және оның өкілін, сондай-ақ шағым, наразылық олардың мүдделерін қозғайтын болса, азаматтық талапкерді, азаматтық жауапкерді немесе олардың өкілдерін хабардар етеді.
2015.31.10. № 378-V ҚР Заңымен 2-бөлік жаңа редакцияда (2016 ж. 1 қаңтардан бастап қолданысқа енгiзiлдi) (бұр.ред.қара)
2. Осы баптың бірінші бөлігінде көрсетілген адамдарға шағымның, наразылықтың көшірмесі не үкім, қаулы шығарған соттың интернет-ресурсы арқылы олардың электрондық көшірмесімен танысу мүмкіндігі туралы хабарлама жіберіледі. Бұл ретте, тараптарға ұсыну мерзімі көрсетіле отырып шағымға, наразылыққа жазбаша нысанда не электрондық құжат нысанында қарсылық беру құқықтары түсіндіріледі. Тараптарға шағымданған, наразылық білдірілген сот актісімен келісуі туралы өз дәлелдерін беру құқығы да түсіндіріледі. Шағымға, наразылыққа келіп түскен қарсылық, тараптардың дәлелдері іске қоса тігіліп, апелляциялық сатыда жиынтық түрде қаралуға жатады.
3. Тараптар жаңа материалдарды апелляциялық сатыға апелляциялық (жекеше) шағымға, наразылыққа қарсылықпен бірге немесе бөлек ұсынуға немесе оларды талап етіп алдыру және зерттеу туралы, сондай-ақ өздері көрсеткен жәбірленушілерді, куәларды, сарапшыларды, мамандарды сотқа шақырту және олардан жауап алу туралы өтінішхат беруге құқылы.
421-бап. Апелляциялық (жекеше) шағым берудің және наразылық келтірудің салдары
1. Апелляциялық (жекеше) шағым беру және наразылық келтіру, бұлтартпау шарасы туралы шешімді қоспағанда, үкімнің, қаулының заңды күшіне енуін және оны орындауға келтіруді тоқтата тұрады.
2. Бірінші сатыдағы сот үкімге, қаулыға шағым жасау, наразылық білдіру және осы Кодекстің 420-бабының талаптарын орындау үшін белгіленген мерзім өткеннен кейін бір тәуліктен кешіктірмей, істі оған келіп түскен шағымдармен, наразылықпен, оларға қоса берілген құжаттармен, сондай-ақ оларға қарсылықтармен қоса тиісті соттың апелляциялық сатысына жібереді.
422-бап. Бiрiншi сатыдағы соттың қаулысына шағым жасау, наразылық бiлдiру
1. Осы Кодекстің 344-бабының төртінші бөлігінде көрсетілген алып қоюларды қоспағанда, бірінші сатыдағы соттың қаулысына осы Кодекстің 414-бабында көрсетілген тұлғалар жекеше шағым, наразылық келтіре алады.
2. Бiрiншi сатыдағы соттың қаулысына жекеше шағым, наразылық қаулы шығарылған күннен бастап он бес тәулiк iшiнде жоғары тұрған сотқа берiледi және апелляциялық iс жүргiзу қағидалары бойынша қаралады. Үкім шығарумен аяқталған сот талқылауы кезінде шығарылған қаулыға шағым, наразылық берілген жағдайда, іс үкімге шағым жасау үшін белгіленген мерзім аяқталған соң ғана жоғары тұрған сот сатысына жіберіледі.
423-бап. Апелляциялық (жекеше) шағым, наразылық
1. Апелляциялық шағымда, наразылықта:
1) шағым, наразылық жіберіліп отырған тиісті апелляциялық сатыдағы соттың атауы;
2) шағым берген немесе наразылық келтірген тұлғаның процестік жағдайы, тұрғылықты жері немесе тұрған жері, онымен хабарласудың байланыс құралдарының нөмірлері көрсетіле отырып, ол туралы деректер;
3) шағым, наразылық беріліп отырған үкім немесе қаулы және осы шешімді шығарған соттың атауы;
4) үкімнің, қаулының қай бөлігінде немесе оларға толық көлемінде шағым, наразылық беріліп отырғанын көрсету;
5) шағым, наразылық берген тұлғаның өз пікірі бойынша соттың үкімінің, қаулысының дұрыс еместігі неде екендігі, сотқа дейінгі іс жүргізуді жүзеге асыру кезінде немесе істі қарау кезінде заңның қандай нормалары бұзылғаны және мұның ол бойынша шешім қабылдауға әсер еткені туралы дәлелдері және оның өтінуінің мәні;
6) шағымның, наразылықтың авторы өз талаптарын негіздейтін, оның ішінде бірінші сатыдағы сот зерттемеген дәлелдемелер;
7) шағымға, наразылыққа қоса берілген материалдардың тізбесі;
8) шағым, наразылық берілген күн және шағым, наразылық авторының қолы болуға тиіс.
2. Егер келтірілген шағым, наразылық осы талаптарға сәйкес келмесе, олар берілген деп есептеледі, бірақ үкім шығарған сот оларды толық ресімдеу мерзімін көрсете отырып, кері қайтарады. Егер көрсетілген мерзім ішінде апелляциялық (жекеше) шағым, наразылық қайта жасалғаннан кейін сотқа ұсынылмаса, ол берілмеген деп есептеледі, бұл туралы шағым, наразылық авторына хабарланады. Апелляциялық сатыдағы сот шағымды осы баптың бірінші бөлігіне сәйкес ресімдеу үшін осындай тәртіппен қайтаруға құқылы.
3. Тараптар апелляциялық (жекеше) шағымның, наразылықтың негіздерін растау ретінде, шағыммен бірге немесе оны бергеннен кейін апелляциялық сатыдағы сотқа жаңа материалдар ұсынуға немесе оларды талап етіп алдыру және зерттеу, сондай-ақ өздері көрсеткен куәлардан, жәбірленушілерден, сарапшылардан, мамандардан жауап алу туралы, бірінші сатыдағы сот тергеуі олқылықтарының орнын толтыруға бағытталған өзге де әрекеттер жасау туралы өтінішхат беруге құқылы.
4. Апелляциялық (жекеше) шағым, наразылық берген тұлға сот отырысы басталғанға дейін өзінің шағымын, наразылығын өзгертуге не жаңа дәлелдермен толықтыруға құқылы. Бұл ретте прокурордың қосымша наразылығында немесе оның наразылықты өзгерту туралы арызында, сол сияқты жәбірленушінің, жекеше айыптаушының немесе өкілдердің үкімге шағым жасау мерзімі өткеннен кейін берілген қосымша шағымында, егер бастапқы наразылықта немесе шағымда сотталған адамның жағдайын нашарлату туралы талап болмаса, осындай мәселе қойыла алмайды. Сот актісіне шағым жасау мерзімі өткеннен кейін іс бойынша іс жүргізуге кіріскен қорғаушы шағымды өзгерте алады не жаңа дәлелдермен толықтыра алады, іске бұрын қатысқан қорғаушы берген шағымдағы дәлелдердің қосымша дәйектемелерін ұсына алады.
5. Үкімге, қаулыға шағым жасаған, наразылық білдірген тұлға апелляциялық сатыдағы сот отырысы басталғанға дейін өз шағымын, наразылығын кері қайтарып алуға құқылы. Прокурордың наразылығын да жоғары тұрған прокурор кері қайтарып алуы мүмкін. Қорғаушы, заңды өкіл өз шағымын сотталған адамның келісімімен ғана кері қайтарып алуға құқылы. Сотталған адам өзінің қорғаушысы, заңды өкілі берген шағымды кері қайтарып алуға құқылы, көрсетілген тұлғалардың шағымдарын оларға кері қайтару сот үшін міндетті болып табылады.
49-тарау. АПЕЛЛЯЦИЯЛЫҚ ШАҒЫМДАР, НАРАЗЫЛЫҚТАР БОЙЫНША ІСТЕРДІ ҚАРАУ
424-бап. Апелляциялық қараудың нысанасы
1. Апелляциялық сатыдағы сот апелляциялық шағымдар, наразылықтар бойынша істе бар және қосымша ұсынылған, апелляциялық сатының отырысында зерттелген материалдар бойынша iстiң нақты мән-жайын анықтаудың және қылмыстық заңды қолданудың дұрыстығын, іс бойынша iс жүргiзудi жүзеге асыру кезiнде қылмыстық-процестік заң нормаларының сақталуын, бiрiншi сатыдағы сот үкiмiнiң немесе қаулысының әділдігін, заңдылығы мен негiздiлiгiн осы Кодекстің 426-бабының бірінші бөлігінде белгіленген шектерде тексередi.
2. Алқабилер қатысқан соттың үкіміне, қаулысына берілген шағымдарды, наразылықтарды қарау тәртібі осы Кодекстің 69-тарауының қағидалары бойынша жүзеге асырылады.
425-бап. Iстi апелляциялық сатыда қарау мерзiмдерi
Iс келiп түскен күнінен бастап бір айдан кешiктiрiлмей апелляциялық тәртiппен қаралуға тиiс. Егер сот жаңа материалдар мен дәлелдемелерді зерттеу және жаңа үкім шығару қажеттігіне негіз бар деп тапса, іс келіп түскен күнінен бастап екі айдан кешіктірілмей апелляциялық тәртіппен қаралуға тиіс. Дәлелдi себептер болған кезде, көрсетілген мерзiмдер iс жүргiзуінде іс жатқан апелляциялық сатыдағы соттың қаулысы бойынша бiр айға ұзартылуы мүмкiн. Қажет болған жағдайда iстi апелляциялық сатыда қарау мерзiмiн одан әрi ұзарту тиісті облыстық және оған теңестірілген соттың алқа төрағасының қаулысы бойынша жүзеге асырылуы мүмкiн. Бұл ретте істі қарау мерзімінің әрбір ұзартылуы бір айдан аспауға тиіс.
426-бап. Істі апелляциялық сатыда қараудың шектері
1. Істі апелляциялық тәртіппен қарайтын сот үкімнің, қаулының заңдылығын, негізділігін, әділдігін тек шағымға немесе наразылыққа қатысты бөлігінде және шағымға немесе наразылыққа қатысы бар сотталған адамдарға қатысты ғана тексереді.
2. Егер істі қараған кезде ол басқа сотталған адамдардың құқықтары мен заңды мүдделерінің бұзылғаны, бұл заңсыз үкімнің, қаулының шығарылуына әкеп соққаны анықталса, сот осы Кодексте көзделген қағидаларды сақтай отырып, оның шағым жасалмаған, наразылық білдірілмеген бөліктерінде де және өздері туралы шағым, наразылық білдірілмеген адамдарға қатысты да күшін жоюға немесе оны өзгертуге құқылы.
Үкімді өздері туралы шағым, наразылық берілмеген адамдарға қатысты өзгертуге немесе оның күшін жоюға шағымға, наразылыққа қатысы бар адамға қатысты үкімнің күші жойылған немесе ол өзгертілген жағдайда ғана және қылмыстық құқық бұзушылықты бірлесіп жасаған басқа да сотталғандардың әрекеттерін саралауды сәйкес келтіру үшін ғана жол беріледі.
3. Сот бірінші сатыдағы соттың үкіміне апелляциялық шағым, наразылық бойынша істі қарай отырып, жекеше шағымдар, наразылықтар болмаған кезде де, егер соттың жекеше және өзге де қаулылары апелляциялық сатының шағымдар, наразылықтар бойынша қабылдаған шешіміне қарама-қайшы келсе немесе істің материалдарына және заңға сәйкес келмесе, олардың күшін жоюға немесе оларды өзгертуге құқылы.
4. Апелляциялық шағымды, наразылықты, оларға қарсылықтар мен тараптардың дәлелдерін қарау бойынша шығарылған қаулымен (үкіммен) осы сот сатысында іс бойынша іс жүргізу аяқталады.
427-бап. Апелляциялық сатыдағы сот отырысын дайындау
1. Егер шағымдардағы, наразылықтағы дәлелдерді тексеру үшін тиісті процестік әрекеттерді орындау қажет болса, судья іс келіп түскен күннен бастап он тәуліктің ішінде істі апелляциялық сатыда қарауға дайындау туралы қаулы шығарады, онда алқа отырысына тиісті адамдарды (сотталған адамды, ақталған адамды, жәбірленушіні, куәларды, сарапшыларды, мамандарды) шақыру және олардан жауап алу туралы, материалдарды талап ету және істі дұрыс шешу үшін қажетті өзге де әрекеттерді жасау туралы нақты көрсетеді. Судья қаулыда дайындық әрекеттерін орындау үшін қажетті уақытты ескере отырып, істі апелляциялық сатыда қарау күнін көрсетеді. Судьяның апелляциялық сатыдағы отырысты дайындау туралы қаулысының көшірмесі шығарылған күнінен бастап үш тәулік ішінде процеске қатысушыларға жіберіледі.
2. Судья тараптардың өтінішхаты немесе өз бастамасы бойынша сотталушыға немесе сотталған адамға қатысты бұлтартпау шарасын сақтау, таңдау, оның күшін жою немесе оны өзгерту туралы мәселені шешеді, ол туралы қаулыда көрсетеді.
428-бап. Апелляциялық сатыдағы сот отырысын тағайындау
1. Апелляциялық сатыдағы сот шағымдары, наразылығы бар қылмыстық іс келіп түскен бойда сот отырысын тағайындайды, істі қараудың уақыты мен орны туралы тараптарды хабардар етеді.
2. Күзетпен ұсталып отырған сотталған адамнан өзінің жағдайын нашарлатуға бағытталған шағымды немесе прокурордың наразылығын қарау кезінде апелляциялық сатыдағы сот отырысына қатысу туралы өтінішхат келіп түскен кезде апелляциялық сатыдағы сот істі сотталған адамның тікелей қатысуымен не аталған адамның қашықтықтан қатысуын қамтамасыз етуге мүмкіндік беретін ғылыми-техникалық құралдарды пайдалана отырып қарау туралы қаулы шығарады, ол орындау үшін тиісті органдарға жіберіледі.
3. Өзге жағдайларда күзетпен ұсталып отырған сотталған адамды сот отырысына шақыру туралы мәселені апелляциялық сатыдағы сот шешеді. Сот бірінші сатыдағы сотта қараудың нысанасы болып табылмаған жаңа дәлелдемелерді зерттеген кезде сотталған (ақталған) адамның апелляциялық сатыдағы отырысқа қатысуы міндетті. Мұндай жағдайларда осы Кодекстің 335-бабында көрсетілген мән-жайлар болған кезде істі сотталған (ақталған) адамның қатысуынсыз қарауға жол беріледі.
4. Қорғаушының апелляциялық сатыда қатысуы осы Кодекстің 67-бабының бірінші бөлігінде көзделген жағдайларда жүзеге асырылады. Кәмелетке толмаған сотталған адамға қатысты іс қаралған кезде не сотталған адамның жағдайын нашарлату туралы мәселе қойылған жәбірленушінің (азаматтық талапкердің), олардың өкілдерінің апелляциялық шағымы, прокурордың наразылығы бойынша іс қаралып жатқан не іс бойынша сотқа дейінгі іс жүргізу және істі бірінші сатыдағы сотта қарау айыпталушының қатысуынсыз жүзеге асырылған жағдайларда не апелляциялық сатының жаңа дәлелдемелерді зерттеуі кезінде қорғаушының апелляциялық сатыда қатысуы міндетті.
5. Осы Кодекстің 414-бабына сәйкес үкімге шағым жасау құқығы берілген тұлғалар, сондай-ақ үкім шығарылғаннан кейін тапсырма алған сотталған (ақталған) адамның қорғаушысы немесе жәбірленушінің өкілі соттың апелляциялық отырысына барлық жағдайларда жіберіледі. Оларға өздерінің өтінуі бойынша берілген шағымдарды немесе наразылықты не оларға қарсылықтарды негіздеп сөйлеу үшін сөз беріледі.
6. Жекеше айыптау істерін қоспағанда, прокурордың апелляциялық сатыда қатысуы міндетті.
Апелляциялық сатыда прокурор осы Кодекстің 337-бабында көзделген өкілеттіктерге ие болады.
Қорғаушыны қоспағанда, апелляциялық отырыстың орны мен уақыты туралы уақтылы хабардар етілген процестің басқа қатысушыларының келмеуі істі қарауға кедергі болмайды.
429-бап. Істі апелляциялық сатыда қарау тәртібі
1. Осы Кодекстің 29-бабында көрсетілген жағдайларды қоспағанда, апелляциялық саты істерді ашық сот отырысында қарайды. Төрағалық етуші сот отырысын ашады, қандай іс қаралып жатқанын және кімнің апелляциялық (жекеше) шағымы немесе наразылығы бойынша екенін жариялайды. Содан кейін төрағалық етуші сот құрамын, іс бойынша тараптар болып табылатын, қатысып отырған адамдардың тегін, сондай-ақ аудармашылардың тегін жариялайды.
2. Төрағалық етуші отырысқа қатысатын адамдарға олардың істі апелляциялық сатыда қараған кездегі процестік құқықтарын, оның ішінде процестік келісім немесе медиациялық тәртіппен татуласуға қол жеткізу туралы келісім жасасу құқықтарын түсіндіреді және тараптардан қарсылық білдірулері мен өтінішхаттарының бар-жоғын сұрайды және егер олар мәлімделсе, олар бойынша процеске қатысушылардың пікірін анықтайды, содан кейін сот осы Кодекстің 344-бабында көзделген тәртіпті сақтай отырып, оларды қарау нәтижелері бойынша қаулы шығарады.
Егер процеске қатысушы бірінші сатыдағы соттың үкімге, қаулыға апелляциялық шағым жасаудың, наразылық білдірудің өткізіп алынған мерзімін қалпына келтіру туралы қаулысының заңдылығын тексеру туралы өтінішхат мәлімдесе, онда бұл өтінішхат қарсылық білдірулерді шешкен бойда қаралуға жатады. Апелляциялық саты өткізіп алынған мерзімді қалпына келтіру туралы қаулыны заңсыз деп таныса, оның күшін жою және мерзімі өткізіп алынып берілген шағым, наразылық бойынша апелляциялық іс жүргізуді тоқтату туралы қаулы шығарады. Егер өткізіп алынған мерзімнің қалпына келтірілуі дұрыс деп танылса, апелляциялық саты шағымдарды, наразылықтарды осы бапта көзделген тәртіппен қарауды жалғастырады.
3. Сотқа қосымша материалдарды ұсынған тұлға олардың қандай жолмен алынғанын және оларды ұсыну қажеттігі неге байланысты туындағанын көрсетуге, сондай-ақ бірінші сатыдағы сот жүргізген сот тергеуін толықтыру қажеттігін негіздеуге міндетті. Қосымша материалдарды тергеу әрекеттерін жүргізу жолымен алуға болмайды.
4. Тараптар іске жаңа материалдарды қосып тігу немесе оларды талап етіп алдыру және зерттеу, сондай-ақ өздері көрсеткен куәлардан, жәбірленушілерден, сарапшылардан, мамандардан жауап алу туралы, бірінші сатыдағы сот тергеуі олқылықтарының орнын толтыруға бағытталған өзге де әрекеттер жасау туралы өтінішхаттарды мәлімдеген жағдайда, сот процеске қатысушылардың пікірін тыңдайды, содан кейін оларды қанағаттандыру немесе қабылдамау туралы қаулы шығарады. Егер апелляциялық саты сот тергеуін жүргізу туралы қаулы етсе, онда тараптардың өз бастамасы бойынша келген куәлардан жауап алу туралы өтінішхаттары қанағаттандырылуға жатады. Егер өтінішхаттарды қанағаттандыруға байланысты процестік келісім немесе медиациялық тәртіппен татуласуға қол жеткізу туралы келісім жасасу немесе басқа да әрекеттерді орындау үшін уақыт талап етілетін болса, сот үзіліс жариялайды және қажет болғанда істі апелляциялық сатыда қарау мерзімін ұзартады.
Егер тағайындалған сараптамаларды жүргізу үшін уақыт талап етілсе, сот үзіліс жариялайды және қажет болғанда істі апелляциялық сатыда қарау мерзімін ұзартады.
5. Апелляциялық сатыдағы сот бірінші сатыдағы сот үшін көзделген қағидалар бойынша істің дұрыс шешілуі үшін маңызы бар, тараптар ұсынған немесе олардың өтінішхаттары бойынша талап етіп алынған қосымша материалдарды, алынған сарапшылық қорытындыларды зерттейді, отырысқа шақырылған адамдардан жауап алады.
Егер бірінші сатыдағы сотта процестік келісім немесе медиациялық тәртіппен татуласуға қол жеткізу туралы келісім жасалған болса, сот көрсетілген келісімдер шегінде заңдылықты тексереді. Істі апелляциялық сатыдағы сот отырысында қараған кезде бірінші сатыдағы сот үкімінің күші заңмен көзделген негіздер бойынша жойылғаннан кейін тараптар бірінші сатыдағы соттың қағидалары бойынша процестік келісім немесе медиациялық тәртіппен татуласуға қол жеткізу туралы келісім жасай алады.
6. Сот тергеуін жүргізгеннен кейін сот процеске қатысушылардың сөздерін сот жарыссөзін жүргізу қағидалары бойынша тыңдайды, олар өз шағымдарының, наразылықтарының не оларға қарсылықтарының уәждері мен дәлелдерін баяндайды. Тараптар өздерінің сөздерінде бірінші сатыдағы сот зерттеген материалдарға да, апелляциялық саты зерттеген қосымша материалдарға да сілтеме жасауға құқылы. Шағым, наразылық берген процеске қатысушы бірінші болып сөз сөйлейді, егер олар бірнешеу болса, сот олардың пікірлерін ескере отырып, олардың сөз сөйлеу кезектілігін белгілейді. Егер айыптаушы тараптың шағымында, наразылығында сотталған (ақталған) адамның жағдайын нашарлату туралы мәселе қойылса, қорғаушы тарап айыптаушы тараптың сөзі тыңдалғаннан кейін сөз сөйлейді.
7. Апелляциялық сатыдағы сотқа қатысатын прокурор қарастырылып жатқан апелляциялық шағымдар бойынша пікірін айтады, наразылықта көрсетілген дәлелдерді баяндайды, іс бойынша жасалған сот актілерінің заңдылығы туралы қорытынды береді, сондай-ақ қажет болған жағдайларда мемлекеттік айыптауды қолдайды.
8. Апелляциялық сатыдағы сот жаңа дәлелдемелерді зерттеген, сотталған (ақталған) адамнан, куәдан, жәбірленушіден, сарапшыдан, маманнан және басқа да адамдардан жауап алған кезде сот отырысының хаттамасы жүргізіліп, ол осы Кодекстің 347-бабының талаптарына сәйкес ресімделеді. Апелляциялық сатының отырысында жауап алынған тараптар мен адамдар сот отырысының хаттамасымен танысуға және оған осы Кодекстің 348-бабында көзделген тәртіппен өздерінің ескертулерін беруге құқылы. Хаттамаға берілген ескертулер осы Кодекстің 349-бабында көзделген тәртіппен қаралады.