2. Мемлекеттік бақылау субъектісіне (объектісіне) бармай профилактикалық бақылаудың мақсаттары геодезиялық және картографиялық қызмет субъектілеріне белгіленген талаптарды бұзушылықтардың дер кезінде жолын кесу, мемлекеттік бақылау субъектісіне (объектісіне) бармай профилактикалық бақылау нәтижелері бойынша уәкілетті орган, республикалық маңызы бар қалалардың, астананың, облыстық маңызы бар қалалардың, аудандардың жергілікті атқарушы органдары анықтаған бұзушылықтарды өз бетінше жою құқығын мемлекеттік бақылау субъектілеріне беру және оларға түсетін әкімшілік жүктемені азайту болып табылады.
3. Мемлекеттік бақылау субъектісіне (объектісіне) бармай профилактикалық бақылау Қазақстан Республикасының заңнамасында көзделген, оның ішінде Ұлттық кеңістіктік деректер қорынан алынған материалдарды талдау және жинау арқылы жүргізіледі.
Мемлекеттік бақылау субъектісіне (объектісіне) бармай профилактикалық бақылау нәтижелері бойынша бұзушылықтар анықталған жағдайда, мемлекеттік бақылау субъектісіне (объектісіне) бармай профилактикалық бақылауды жүзеге асыратын уәкілетті органның, республикалық маңызы бар қалалардың, астананың, облыстық маңызы бар қалалардың, аудандардың жергілікті атқарушы органдарының лауазымды адамдары бұзушылықтар анықталған күннен бастап он жұмыс күні ішінде әкімшілік құқық бұзушылық туралы іс қозғамай, бірақ мемлекеттік бақылау субъектісіне оларды жою тәртібін міндетті түрде түсіндіре отырып, мемлекеттік бақылау субъектісіне бұзушылықтарды жою туралы ұсыным жібереді.
Төменде санамаланған тәсілдердің бірімен жіберілген, мемлекеттік бақылау субъектісіне (объектісіне) бармай профилактикалық бақылау нәтижелері бойынша анықталған бұзушылықтарды жою туралы ұсыным мынадай жағдайларда:
1) қолма-қол тәсілмен - алғаны туралы белгі қойыла отырып;
2) поштамен - хабарламасы бар тапсырысты хатпен;
3) электрондық тәсілмен - уәкілетті органның, республикалық маңызы бар қалалардың, астананың, облыстық маңызы бар қалалардың, аудандардың жергілікті атқарушы органдарының мемлекеттік бақылау субъектісі бұрын ұсынған құжаттарда көрсетілген мемлекеттік бақылау субъектісінің электрондық мекенжайына жіберуі арқылы;
4) мәтіндік хабарламамен - ұялы байланыс абоненттік құрылғысы арқылы табыс етілді (алынды) деп есептеледі.
4. Мемлекеттік бақылау субъектісіне (объектісіне) бармай профилактикалық бақылау нәтижелері бойынша анықталған бұзушылықтарды жою туралы ұсынымды алған мемлекеттік бақылау субъектісі оны алған күннен кейінгі күннен бастап он жұмыс күні ішінде уәкілетті органға, республикалық маңызы бар қалалардың, астананың, облыстық маңызы бар қалалардың, аудандардың жергілікті атқарушы органдарына Қазақстан Республикасының заңнамасын бұзушылықтарды жою жөніндегі ақпаратты оның нақты орындалу мерзімдерін көрсете отырып, беруге міндетті.
Мемлекеттік бақылау субъектісі бұзушылықтарды жою туралы ұсынымның орындалу мерзімі өткеннен кейін үш жұмыс күні ішінде уәкілетті органға, республикалық маңызы бар қалалардың, астананың, облыстық маңызы бар қалалардың, аудандардың жергілікті атқарушы органдарына бұзушылықтардың жойылғаны туралы ақпаратты жазбаша түрде беруге міндетті.
5. Мемлекеттік бақылау субъектісіне (объектісіне) бармай профилактикалық бақылау нәтижелері бойынша анықталған бұзушылықтарды жою туралы ұсынымды белгіленген мерзімде орындамау мемлекеттік бақылау субъектісіне (объектісіне) бару арқылы профилактикалық бақылау жүргізудің жартыжылдық тізіміне енгізу жолымен мемлекеттік бақылау субъектісіне (объектісіне) бару арқылы профилактикалық бақылауды тағайындауға алып келеді.
6. Мемлекеттік бақылау субъектісіне (объектісіне) бармай профилактикалық бақылау жылына екі реттен артық жүргізілмейді.
30-бап. Мемлекеттік геодезиялық, нивелирлік және гравиметриялық желілердің пункттерін қорғау
1. Мемлекеттік геодезиялық, нивелирлік және гравиметриялық желілердің пункттері, оның ішінде осы пункттердің жерүсті белгілері мен орталықтары мемлекеттік меншік болып табылады және мемлекеттің қорғауында болады.
Геодезиялық пункттерді бұзу немесе қайта салу (орнын ауыстыру) уәкілетті органның рұқсатымен ғана жүргізіледі.
Геодезиялық пункттердің тығыздығы, қазіргі бар геодезиялық желіні дамыту және жаңарту перспективалары болмаған кезде уәкілетті орган геодезиялық пункттерді бұзудан немесе қайта салудан (орнын ауыстырудан) бас тартуға міндетті.
2. Геодезиялық пункттерді орналастыру үшін жер учаскелерін беру Қазақстан Республикасының жер заңнамасына сәйкес жүзеге асырылады.
3. Аумағында геодезиялық пункттер орналасқан жер учаскелерінің меншік иелері мен жер пайдаланушылары:
1) геодезиялық пункттердің бүліну немесе жойылу жағдайлары туралы уәкілетті органға және республикалық маңызы бар қалалардың, астананың, облыстық маңызы бар қалалардың, аудандардың жергілікті атқарушы органдарына уәкілетті орган айқындайтын тәртіппен хабарлауға;
2) геодезиялық және картографиялық жұмыстарды жүргізу кезінде геодезиялық пункттерге көлікпен (жаяу) кіруге мүмкіндік беруге міндетті.
4. Геодезиялық және картографиялық қызмет субъектілері геодезиялық және картографиялық жұмыстарды орындау кезінде геодезиялық пункттердің сақталуын қамтамасыз етуге міндетті.
5. Геодезиялық пункттерді, тұрақты жұмыс істейтін референциялы станцияларды жою немесе бүлдіру Қазақстан Республикасының заңдарында белгіленген жауаптылыққа алып келеді.
6. Мемлекеттік геодезиялық, нивелирлік және гравиметриялық желілердің пункттеріне келтірілген зиянды өтеуді зиян келтірген тұлғалар Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес жүзеге асырады.
5-тарау. ҚОРЫТЫНДЫ ЕРЕЖЕЛЕР
31-бап. Қазақстан Республикасының геодезия, картография және кеңістіктік деректер саласындағы заңнамасын бұзғаны үшін жауаптылық
Қазақстан Республикасының геодезия, картография және кеңістіктік деректер саласындағы заңнамасын бұзу Қазақстан Республикасының заңдарында белгіленген жауаптылыққа алып келеді.
32-бап. Осы Заңды қолданысқа енгізу тәртібі
1. Осы Заң:
1) алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік алпыс күн өткен соң қолданысқа енгізілетін осы Заңның аэротүсірілім жұмыстарын жүргізу туралы хабарлама бөлігіндегі 9-бабының 1-тармағын және 9-бабының 3-тармағын;
2) 2025 жылғы 1 қаңтардан бастап қолданысқа енгізілетін осы Заңның 10-бабының 4-тармағын, 19-бабының 1-тармағын, 20-бабы 3-тармағының 2) және 5) тармақшаларын, 21, 22, 23, 24, 25 және 26-баптарын қоспағанда, алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі.
2. «Геодезия және картография туралы» 2002 жылғы 3 шілдедегі Қазақстан Республикасы Заңының күші жойылды деп танылсын.
Қазақстан Республикасының
Президенті
Қ. ТОҚАЕВ
Астана, Ақорда, 2022 жылғы 21 желтоқсан
№ 166-VІІ ҚРЗ