3. Банк төлеушінің бір банк шотынан берешекті өндіріп алу туралы кеден органының инкассолық өкімін орындаған жағдайда, егер кеден органы төлеушінің көрсетілген банкте ашқан басқа банк шоттарына дәл осы сомаға және берешек түріне инкассолық өкім шығарған болса, банк кеден органының инкассолық шешімін орындау фактісін растайтын төлем құжатын қоса тіркей отырып, мұндай инкассолық шешімді орындамай, кеден органына қайтарады.
4. Шоттардан даусыз тәртіппен берешекті және өсімпұлды өндіріп алу Қазақстан Республикасының ұлттық валютасымен және шетел валютасымен жүргізіледі. Шоттардан берешек пен өсімпұлды шетел валютасымен өндіріп алу төлеушінің шотынан берешек пен өсімпұлды өндіріп алған күні Қазақстан Республикасының салық заңнамасына сәйкес белгіленген валюта айырбастаудың нарықтық бағамы бойынша Қазақстан Республикасының ұлттық валютасымен төленуге тиісті кедендік төлемдер, салықтар және олар бойынша өсімпұл сомасына барабар сомада жүргізіледі.
5. Кеден органының инкассолық өкімін орындауды банк Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген тәртіппен және мерзімде жүзеге асырады.
166-бап. Төлеушінің берешегі мен өсімпұлын оның дебиторларының шоттарынан өндіріп алу
1. Төлеушінің - дара кәсіпкердің немесе заңды тұлғаның банк шоттарында ақша болмаған және қолма-қол ақшасы болмаған жағдайда, кеден органы төлеушінің алдында берешегі бар үшінші тұлғалардың (бұдан әрі - дебиторлардың) банк шоттарындағы ақшасынан пайда болған берешек пен өсімпұл шегінде өндіріп алуға құқылы.
Төлеуші кедендік төлемдер, салықтар және өсімпұлдар бойынша берешекті өтеу туралы хабарламаны алған күннен бастап он жұмыс күнінен кешіктірмей, хабарлама жіберген кеден органына дебиторлық берешектердің сомаларын көрсете отырып дебиторлардың тізімін және бар болған жағдайда дебиторлармен бірлесіп жасаған және дебиторлық берешек сомаларын растайтын өзара есеп айырысулардың салыстыру актілерін ұсынуға міндетті.
Төлеуші кедендік төлемдер, салықтар және өсімпұлдар бойынша берешекті өтеген жағдайда дебиторлар тізімі мен өзара есеп айырысуды салыстыру актісі табыс етілмейді.
Өзара есеп айырысуды салыстыру актісі бар болған кезде кеден органы дебиторлардың банк шоттарындағы ақшадан өндіріп алу туралы хабарламаны дебиторлар алған күннен бастап бес жұмыс күні өткен соң кедендік төлемдер, салықтар және өсімпұлдар бойынша берешекті өндіріп алу туралы инкассолық өкімдерді дебиторлардың банк шоттарына шығарады.
2. Дебиторлық берешек сомасын растайтын табыс етілген дебиторлар тізімі негізінде кеден органы дебиторларға дебиторлық берешек шегінде кедендік төлемдер, салықтар және өсімпұлдар бойынша берешекті өтеу есебіне олардың банк шоттарындағы ақшадан өндіріп алу туралы хабарлама жібереді. Дебиторлардың банк шоттарындағы ақшадан өндіріп алу туралы хабарламаның нысаны Қазақстан Республикасының салық заңнамасында белгіленеді.
Дебитор хабарламаны алған кезден бастап жиырма күннен кешіктірмей, хабарламаны алған күні төлеушімен бірлесіп жасаған өзара есеп айырысудың салыстыру актісін хабарлама жіберген кеден органына беруге міндетті.
3. Төлеуші мен оның дебиторы арасындағы өзара есеп айырысуды салыстыру актісінде мынадай мәліметтер:
1) төлеушінің және оның дебиторының атауы, олардың сәйкестендіру нөмірлері;
2) орналасу жері бойынша тіркеу есебінде тұрған төлеуші және оның дебиторы есепте тұрған кеден органының атауы;
3) төлеушінің және оның дебиторының банк шоттарының деректемелері;
4) дебитордың төлеуші алдындағы берешек сомасы;
2014.29.12. № 269-V ҚР Заңымен 5) тармақша жаңа редакцияда (бұр.ред.қара)
5) төлеушінің және оның дебиторының заңды мекенжайлары, мөрлері (ол болған кезде), сондай-ақ қолтаңбалары;
6) салыстыру актісі жасалған күн қамтылуға тиіс.
4. Кеден органы дебиторлық берешектің сомасын растайтын өзара есеп айырысуды салыстыру актісінің негізінде дебитордың банк шотына төлеушінің берешегі мен өсімпұлын өндіріп алу туралы инкассолық өкім шығарады.
5. Дебитор-төлеушілердің банкі немесе банк операцияларының жекелеген түрлерін жүзеге асыратын ұйымы осы Кодекстің 165-бабында айқындалған талаптарға сәйкес кеден органы шығарған төлеушінің берешегі мен өсімпұл сомасын өндіріп алу туралы инкассолық өкімін орындауға міндетті.
167-бап. Төлеушінің билік етуі шектелген мүлкін өткізу есебінен өндіріп алу
1. Төлеушінің банк шоттарында ақша, қолма-қол ақшасы және оның дебиторларының банк шоттарында ақша жоқ немесе жеткіліксіз болған жағдайда кеден органдары оның келісімінсіз төлеушінің билік етуі шектелген мүлкін өндіріп алу туралы қаулы шығарады.
2010.28.12. № 368-IV ҚР Заңымен 2-тармақ өзгертілді (бұр.ред.қара)
2. Төлеушінің билік ету шектелген мүлкін өндіріп алу туралы қаулы Қазақстан Республикасының салық заңнамасында белгіленген нысан бойынша екі дана етіп жасалады, оның біреуі мүлікке билік етуді шектеу туралы шешімнің және мүлік тізімдемесі актісінің көшірмелерімен қоса уәкілетті заңды тұлғаға жіберіледі.
2010.28.12. № 368-IV ҚР Заңымен 168-бап жаңа редакцияда (бұр.ред.қара)
168-бап. Төлеушiнiң билiк етуі шектелген мүлкiн кедендiк төлемдер, салықтар және өсiмпұлдар бойынша берешектiң есебiне өткізу тәртібі
1. Билiк ету шектелген мүлiктi өткізуді уәкiлеттi заңды тұлға жүзеге асырады.
2. Төлеушінің билiк етуі шектелген мүлкін кедендік төлемдер бойынша берешектің есебіне өткізу тәртібін Қазақстан Республикасының Үкіметі белгілейді.
169-бап. Төлеушіні банкрот деп тану
1. Осы тарауда көзделген барлық шаралар қолданылғаннан кейін төлеуші кедендік төлемдер, салықтар және өсімпұлдар бойынша берешекті өтемеген жағдайда, кеден органы Қазақстан Республикасының заңнамалық актілеріне сәйкес оны банкрот деп тану жөнінде шаралар қолдануға құқылы.
2014.07.03. № 177-V ҚР Заңымен 2-тармақ жаңа редакцияда (бұр.ред.қара)
2. Банкрот деп танылған төлеушiнi тарату тәртiбi Қазақстан Республикасының оңалту және банкроттық туралы заңнамасына сәйкес жүзеге асырылады.
170-бап. Кедендік төлемдер, салықтар және өсімпұлдар бойынша берешегі бар төлеушілердің тізімін бұқаралық ақпарат құралдарында жариялау
1. Кеден қызметі органдары туындаған күннен бастап алты ай ішінде өтелмеген кедендік төлемдер, салықтар және өсімпұлдар бойынша берешегі бар төлеушілердің тізімін бұқаралық ақпарат құралдарында жариялайды.
Бұл ретте тізімде төлеушінің тегі, аты, әкесінің аты (ол болған кезде) не атауы, салық төлеушінің сәйкестендіру нөмірі, төлеуші басшысының тегі, аты, әкесінің аты (ол болған кезде) және кедендік төлемдер, салықтар және өсімпұлдар бойынша берешектің жалпы сомасы көрсетіледі.
2. Кеден ісі саласындағы уәкілетті органның интернет-ресурсында орналастырылған төлеушілер тізімі ай сайын, есепті айдан кейінгі айдың жиырмасыншы күнінен кешіктірілмей жаңартылады.
171-бап. Берешек пен өсімпұлды өтеу тәртібі
Кедендік төлемдер, салықтар және өсімпұлдар бойынша берешекті өтеу кезектілігі Қазақстан Республикасының салық заңнамасына сәйкес айқындалады.
172-бап. Кедендік төлемдердің, салықтардың және өсімпұлдардың сомаларын өндіріп алуды үмітсіз деп тану және есептен шығару
Өндіріп алу мүмкін емес кедендік төлемдердің, салықтардың және өсімпұлдардың сомалары өндіріп алынуы үмітсіз деп танылады және Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген тәртіппен және негіздемелер бойынша есептен шығарылады.
19-тарау. Кедендік төлемдер, салықтар және өсімпұлдар бойынша берешекті өтеу
нәтижелері туралы хабарламаға шағымдану тәртібі
173-бап. Шағымдану құқығы
1. Кедендік төлемдер, салықтар және өсімпұлдар бойынша берешекті өтеу туралы хабарламаларға (бұдан әрі - берешекті өтеу туралы хабарлама) шағымдану осы бөлімде көзделген ерекшеліктер ескеріле отырып, Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген тәртіппен жүзеге асырылады.
2. Берешекті өтеу туралы хабарламаға:
1) оған қатысты берешекті өтеу туралы хабарлама шығарылған декларанттың, не оның өкілінің;
2) оған қатысты берешекті өтеу туралы хабарлама шығарылған кеден ісі саласындағы қызметті жүзеге асыратын тұлғаның не оның өкілінің шағымдану құқығы бар.
174-бап. Берешекті өтеу туралы хабарламаға жасалған шағымды қарайтын органдар
2014.29.12. № 269-V ҚР Заңымен 1-тармақ жаңа редакцияда (бұр.ред.қара)
1. Осы Кодексте көзделген ережелерге сәйкес кедендік тексеру нәтижелері бойынша шығарылған берешекті өтеу туралы хабарламаға шағымды (бұдан әрі - шағым) қарауды жоғары тұрған кеден органы жүргізеді.
2. Осы Кодекстің 173-бабының 2-тармағында көрсетілген тұлғалар Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес берешекті өтеу туралы хабарламаға сот тәртібімен шағымдануға құқылы.
175-бап. Шағым беру тәртібі мен мерзімдері
2014.29.12. № 269-V ҚР Заңымен 1-тармақ жаңа редакцияда (бұр.ред.қара)
1. Шағым жоғары тұрған кеден органына хабарлама тапсырылған күннен бастап күнтiзбелiк жиырма күн iшiнде берiледi.
Шағымды тiркеу оны жоғары тұрған кеден органы қабылдаған күнi жүзеге асырылады.
2. Осы Кодекстің 173-бабының 2-тармағында көрсетілген тұлға жоғары тұрған кеден органына шағым берген кезде, шағымның көшірмесі берешекті өтеу туралы хабарлама шығарған кеден органына жіберілуге тиіс.
176-бап. Шағымның нысаны мен мазмұны
1. Шағым жазбаша нысанда беріледі.
2. Шағымда:
1) шағым берілген күн;
2) шағым берілетін кеден органының атауы;
3) шағым беретін тұлғаның тегі, аты, әкесінің аты (ол бар болған жағдайда), не оның толық атауы, оның тұрғылықты жері (орналасқан жері);
4) берешекті өтеу туралы хабарлама шығарған кеден органының атауы;
5) шағым беретін тұлға өз талаптарын негiздейтiн мән-жайлар, сондай-ақ осы мән-жайларды растайтын мәліметтер;
6) қоса беріліп отырған құжаттардың тізбесі көрсетілуге тиіс.
3. Шағымда оны қарау үшін маңызы бар өзге мәліметтер көрсетілуі мүмкін.
4. Шағымға оны берген тұлға, не оның өкілі қол қояды.
5. Шағымға:
1) берешекті өтеу туралы хабарламаның көшірмесі;
2) шағым берген тұлға өз талаптарын негіздеген мән-жайларды растайтын құжаттар;
3) іске қатысы бар өзге де құжаттар қоса беріледі.
2014.29.12. № 269-V ҚР Заңымен 177-бап жаңа редакцияда (бұр.ред.қара)
177-бап. Шағымды қараудан бас тарту
1. Жоғары тұрған кеден органы:
1) шағым осы Кодекстің 175-бабында белгіленген шағым жасау мерзімі бұзыла отырып берілген;
2) шағымның нысаны мен мазмұны осы Кодекстің 176-бабында белгіленген талаптарға сәйкес келмеген;
3) шағымды осы Кодекстің аталмаған тұлға берген жағдайларда шағымды қараудан бас тартады.
2. Жоғары тұрған кеден органы шағымды берген тұлғаға шағымды қараудан бас тарту туралы шағым тiркелген күннен бастап он жұмыс күнi ішінде жазбаша нысанда хабарлайды.
3. Жоғары тұрған кеден органының шағымды қараудан бас тартуы тұлғаны осы Кодекстiң 175-бабында белгiленген мерзiм шегiнде шағымды қайта беру құқығынан айырмайды.
2014.29.12. № 269-V ҚР Заңымен 178-бап жаңа редакцияда (бұр.ред.қара)
178-бап. Шағымды қарау тәртібі
1. Осы баптың 2-тармағында және 4-тармағының 2) тармақшасында көзделген жағдайларды қоспағанда, жоғары тұрған кеден органы шағым бойынша, көрсетілген шағым тiркелген күннен бастап күнтiзбелiк отыз күннен кешiктiрмей шешiм қабылдайды.
2. Шағымды қарау мерзімі осы Кодекстің айқындалған тәртіппен тоқтатыла тұруы мүмкін.
3. Егер кедендiк бақылау барысында табыс етiлмеген құжаттар шағымға қоса берiлген жағдайда, жоғары тұрған кеден органы мұндай құжаттарды қарайды.
4. Жоғары тұрған кеден органы шағымды қарау кезiнде:
1) шағым берген тұлғаға және (немесе) кеден органына шағымда жазылған мәселелер бойынша қосымша ақпаратты не түсіндірмелерді жазбаша нысанда беру туралы сауалды жіберуге;
2) мемлекеттік органдарға, сондай-ақ шет мемлекеттердің тиісті органдарына мұндай органдардың құзыретіндегі мәселелер бойынша сауалдар жіберуге;
3) кеден органдарының кедендік бақылауды жүргізуге қатысқан лауазымды адамдарынан туындаған мәселелер бойынша түсіндірмелер сұратуға құқылы.
5. Жоғары тұрған кеден органының шағымды қарау жөніндегі өз өкiлеттiктерiн жүзеге асыруы кезiнде оның қызметiне араласуға және шағымды қарауға қатысы бар лауазымды адамдарға қандай да бiр ықпал етуге тыйым салынады.
2014.29.12. № 269-V ҚР Заңымен 179-бап жаңа редакцияда (бұр.ред.қара)
179-бап. Шағымды қарау нәтижелерi бойынша шешiм қабылдау
1. Шағымды мәнi бойынша қарау аяқталғаннан кейін жоғары тұрған кеден органы жазбаша нысанда шешiм қабылдайды және оны шағымды берген тұлғаға жiбередi немесе тапсырады. Жоғары тұрған кеден органы берешекті өтеу туралы хабарламаны шығарған кеден органына шағым бойынша шешімнің көшірмесін жібереді.
2. Шағымды қарау қорытындылары бойынша жоғары тұрған кеден органы мынадай шешiмдердiң бiрiн қабылдайды:
1) шағым жасалған берешектi өтеу туралы хабарламаны өзгерiссiз, ал шағымды қанағаттандырусыз қалдыру;
2) шағым жасалған берешектi өтеу туралы хабарламаның толық немесе бiр бөлiгiнiң күшiн жою.
3. Шағым жасалған берешектi өтеу туралы хабарламаның күшi толық жойылған жағдайда хабарламаны шығарған кеден органы жоғары тұрған кеден органының шағым бойынша шешімінің көшірмесін алған күннен бастап бес жұмыс күнi iшiнде берешектi өтеу туралы хабарламаны керi қайтарып алады.
Шағым жасалған берешектi өтеу туралы хабарламаның бiр бөлiгiнiң күшi жойылған жағдайда, берешектi өтеу туралы хабарламаны шығарған кеден органы берешектi өтеу туралы хабарламаны керi қайтарып алады, берешектi өтеу туралы жаңа хабарлама шығарады және оны шағымды берген тұлғаға жоғары тұрған кеден органының шағым бойынша шешімінің көшірмесін алған күннен бастап он жұмыс күнiнен кешiктiрмей жiбередi.
180-бап. Шағымды қарау мерзімін тоқтата тұру
1. Шағымды қарау мерзімі мынадай жағдайларда:
1) мемлекеттік органдарға, сондай-ақ мұндай органдардың құзыретіндегі мәселелер бойынша шет мемлекеттердің тиісті органдарына және басқа ұйымдарға сауалдар жіберілген жағдайда - жауаптарды алған күнге дейін;
2) шағымда жазылған мәселелер бойынша сотқа талап арыз берілген жағдайда - сот шешімі шығарылғанға дейін тоқтатыла тұрады.
2014.29.12. № 269-V ҚР Заңымен 2-тармақ жаңа редакцияда (бұр.ред.қара)
2. Жоғары тұрған кеден органы шағымды қарау мерзiмiн тоқтата тұру туралы көрсетілген мерзімді тоқтата тұру себептерiн көрсете отырып, шағымды берген тұлғаға жазбаша нысанда хабарлайды.
2014.29.12. № 269-V ҚР Заңымен 181-бап өзгертілді (бұр.ред.қара)
181-бап. Жоғары тұрған кеден органы шешімінің нысаны мен мазмұны
Жоғары тұрған кеден органының шағымды қарау нәтижелерi бойынша шешiмiнде:
1) шешім қабылданған күн;
2) шағымды қараған кеден органының атауы;
3) шағым берген тұлғаның тегі, аты, әкесінің аты (ол бар болған жағдайда) не оның толық атауы;
2014.29.12. № 269-V ҚР Заңымен 4) тармақша жаңа редакцияда (бұр.ред.қара)
4) шағым жасалатын хабарламаның қысқаша мазмұны;
5) шағымның мәні;
6) кеден органы шағым бойынша шешiм шығару кезiнде басшылыққа алған Кеден одағы кеден заңнамасының және (немесе) Қазақстан Республикасы заңнамасының нормаларына сiлтеме жасалған негiздеме көрсетiлуге тиiс.
2014.29.12. № 269-V ҚР Заңымен 182-бап жаңа редакцияда (бұр.ред.қара)
182-бап. Жоғары тұрған кеден органына және (немесе) сотқа шағым беру салдарлары
1. Жоғары тұрған кеден органына және (немесе) сотқа шағым беру берешектi өтеу туралы хабарламаның орындалуын тоқтата тұрады.
2. Жоғары тұрған кеден органына шағым берiлген кезде берешектi өтеу туралы хабарламаның шағым жасалған бөлiгiнде орындалуы жоғары тұрған кеден органының жазбаша шешiмi шыққанға дейiн және осы Кодекстiң 180-бабында көрсетiлген кезең аяқталғанға дейiн тоқтатыла тұрады.
Сотқа шағым берілген жағдайда, берешекті өтеу туралы хабарламаның шағым жасалған бөлігінде орындалуы соттың шешімі заңды күшіне енгенге дейін тоқтатыла тұрады.
3-БӨЛІМ. КЕДЕНДІК БАҚЫЛАУ
20-тарау. Кедендік бақылау туралы жалпы ережелер
183-бап. Кедендік бақылау жүргізудің принциптері
1. Кедендік бақылау жүргізу кезінде кеден органдары іріктеу принципін негізге алады және орындалуын бақылау кеден органдарына жүктелген Кеден одағы кеден заңнамасының және Қазақстан Республикасы заңнамасының сақталуын қамтамасыз ету үшін жеткілікті кедендік бақылаудың нысандарымен ғана шектеледі.
2. Кедендік бақылаудың объектілері мен нысандарын таңдаған кезде тәуекелдерді басқару жүйесі қолданылады.
3. Кедендік бақылауды жетілдіру мақсатында кеден органдары Қазақстан Республикасының халықаралық шарттарына сәйкес шет мемлекеттердің кеден органдарымен ынтымақтасады.
4. Кедендік бақылаудың тиімділігін арттыру мақсатында кеден органдары басқа бақылаушы мемлекеттік органдармен, сондай-ақ сыртқы экономикалық қызметке қатысушылармен, уәкілетті экономикалық операторлармен, кеден өкілдерімен, кедендік тасымалдаушылармен және қызметтері сыртқы сауданы жүзеге асыруға байланысты тұлғалармен және олардың қауымдастықтар (одақтар) түріндегі кәсіби бірлестіктерімен өзара іс-қимыл жасайды.
5. Кеден органдары өз құзыреті шегінде, Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес бақылаудың өзге де түрлерін, оның ішінде экспорттық, валюталық және радиациялық бақылауды жүзеге асырады.
6. Осы Кодексте көзделген жағдайларды қоспағанда, кедендік бақылауды жүргізу кезінде оны жүргізуге қандай да бір рұқсаттар, ұйғарымдар не қаулылар, сондай-ақ оларды өзге де бақылаушы органдарда тіркеу талап етілмейді.
184-бап. Кедендік бақылау жүргізу
1. Кеден органдары кедендік бақылауды Кеден одағының кеден заңнамасына және Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес жүргізеді. Кеден органдарының атынан кедендік бақылауды өздерінің лауазымдық (функционалдық) міндеттеріне сәйкес кедендік бақылауды жүргізуге уәкілетті кеден органдарының лауазымды тұлғалары жүргізеді.
2. Кеден органдарының лауазымды адамдары кедендік бақылауды:
1) Кеден одағының кедендік шекарасы арқылы өткізілетін және (немесе) осы Кодекске сәйкес декларациялауға жататын тауарларға, оның ішінде көлік құралдарына;
2) Кеден одағының кеден заңнамасына және Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес табыс ету көзделген кедендік декларацияға, тауарлар туралы құжаттар мен мәліметтерге;
3) Кеден одағының кедендік шекарасы арқылы тауарларды өткізуге, кеден ісі саласында қызметтер көрсетуге байланысты тұлғалардың қызметіне, сондай-ақ жеке кедендік рәсімдер шеңберінде жүзеге асырылатын қызметтерге;
4) Кеден одағының кедендік шекарасын кесіп өтетін тұлғаларға қатысты жүргізеді.
3. Кедендік бақылау кедендік бақылау аймағында, сондай-ақ тауарлар, көлік құралдары және олар туралы мәліметтері, оның ішінде электрондық нысандағы мәліметтері бар құжаттар орналасқан, кеден органдары белгілейтін басқа да жерлерде жүргізіледі.
185-бап. Кедендік бақылаудағы тауарлар
1. Қазақстан Республикасының аумағына әкелінген кезде тауарлар Кеден одағының кедендік шекарасынан өткен кезден бастап кедендік бақылауда болады.
Қазақстан Республикасының аумағында пайда болған және орналасқан, осы Кодекске сәйкес шетелдік тауарлар мәртебесін иеленген тауарлар пайда болған кезден бастап кедендік бақылаудағы тауарлар болып есептеледі.
2. Осы баптың 1-тармағында көрсетілген тауарлар:
1) шартты түрде шығарылған тауарларды немесе кері импортты қоспағанда, ішкі тұтыну үшін шығару кедендік рәсімімен орналастырғанға;
2) шартты шығарылған тауарлар осы Кодекстің 301-бабының 5-тармағына сәйкес Кеден одағының тауары мәртебесін иеленгенге;
3) осы Кодекске және (немесе) Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес тауарларды мемлекет пайдасына бас тарту кедендік рәсімімен орналастырғанға немесе жойылғанға;
4) Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес Қазақстан Республикасының меншігіне айналдырылғанға;
5) Қазақстан Республикасының аумағынан іс жүзінде әкетілгенге;
6) шетелдік тауарларды кедендік аумақта қайта өңдеу операциялары нәтижесінде пайда болған қалдықтарды одан әрі коммерциялық пайдалану үшін жарамсыз затқа жатқызғанға;
7) кедендік аумақта қайта өңдеу немесе ішкі тұтыну үшін қайта өңдеу кедендік рәсімдерімен орналастырылған шетелдік тауарлардың бөлігін өндірістік шығындар деп танығанға дейін кедендік бақылаудағы тауарлар болып есептеледі.
3. Осы баптың 1-тармағында көрсетілген тауарлар аварияның салдарынан немесе еңсерілмейтін күштің әсерінен не тасымал (көлікпен тасымалдау) мен сақтаудың қалыпты жағдайлары кезінде табиғи азаю нәтижесінде жойылу (қайтарымсыз жоғалу) фактісін кеден органдары танығаннан не Қазақстан Республикасының халықаралық шарттарында және (немесе) заңнамасында белгіленген жағдайларда өзге де мән-жайлар туындағыннан кейін кедендік бақылаудағы тауарлар деп есептелмейді.
4. Тауарлар оларды Қазақстан Республикасының аумағынан әкету кезінде кедендік декларацияны немесе кедендік декларация ретінде пайдаланылатын өзге де құжаттар тіркелген, не тауарларды Кеден одағының кедендік аумағынан әкетуді жүзеге асыруға тікелей бағытталған әрекет жасалған кезден бастап, олар Кеден одағының кедендік шекарасын кесіп өткенге дейін кедендік бақылауда болады.
5. Қазақстан Республикасының аумағынан іс жүзінде әкетілмеген, осы баптың 4-тармағында көрсетілген тауарлар осы Кодекстің 290-бабына сәйкес кедендік декларация қайтып алынған күннен бастап кедендік бақылаудағы болып саналмайды.
6. Кеден органдары тұлғалардың тауарларды, оның ішінде тауарларды қайта өңдеу нәтижесінде алынған тауарларды, егер осындай тауарлар осы Кодексте белгіленген кедендік рәсімдерге сәйкес міндетті кері әкелу немесе әкетуге жататын болса, кері әкелу немесе әкету туралы міндеттемелерін орындауын бақылауды жүзеге асырады.
7. Кеден органдары көлік құралдарын тоқтатуға, сондай-ақ Қазақстан Республикасының аумағынан кеден органының рұқсатынсыз шығып кеткен теңіз және әуе кемелерін мәжбүрлеп қайтаруға құқылы. Бұл ретте, шетелдік кемелер мен басқа мемлекеттердің аумағындағы кемелерді ұстау (қайтару) жөніндегі әрекеттер Қазақстан Республикасының заңнамасына және (немесе) Қазақстан Республикасының халықаралық шарттарына сәйкес жүргізіледі.
Тауарлар мен оларға жасалған құжаттарға кедендік бақылауды жүзеге асыру мақсатында автомобиль көлік құралдарын кедендік бақылау аймағынан тыс жерде тоқтатқан жағдайда мұндай бақылаудың уақыты екі сағаттан аспауға тиіс. Мұндай бақылауды жүзеге асыру туралы Комиссияның шешімімен айқындалатын нысанда акт жасалады, оның бір данасы тасымалдаушыға беріледі.
186-бап. Кедендік бақылау аймақтары
2014.29.12. № 269-V ҚР Заңымен 1-тармақ жаңа редакцияда (бұр.ред.қара)
1. Кеден одағының кедендік шекарасы арқылы өткізу пункттерінде көлік-логистика орталықтарында, сондай-ақ кедендік декларациялау және өзге де кедендік операциялар жүргізу орындарында кедендік бақылауды жүзеге асыру мақсаттары үшін кеден органдары кедендік бақылау аймақтарын құрады. Уақытша сақтау орындары мен қоймаларының, кедендік және еркін қоймалардың, арнайы экономикалық аймақтардың, бажсыз сауда дүкендерінің аумақтары да кедендік бақылау аймақтары болып табылады.
2014.29.12. № 269-V ҚР Заңымен 2-тармақ жаңа редакцияда (бұр.ред.қара)
2. Кедендік бақылау аймақтары кеден ісі саласындағы уәкілетті органның аумақтық бөлімшесі немесе кеден басшысының (оны алмастыратын адамның) өткізу пункттерінің, көлік-логистика орталықтарының аумақтарында, кедендік декларациялау және осы Кодексте көзделген, өзге де кедендік операциялар жүргізу орындарында кедендік бақылау аймақтарын құру туралы бұйрығының негізінде құрылады.
3. Кедендік бақылау аймақтарының шекаралары шартты сызықпен шектеледі және:
1) кедендік рәсімдер өткізу орындарында - өлшемдері: биіктігі - 50 сантиметр, ені - 100 сантиметр болатын белгілермен белгіленеді. Белгінің көк түсті тақтасына биіктігі 10 сантиметр және ені 3,7 сантиметр ақ түсті әріптермен, үш жолға, үш тілде (қазақ, орыс және ағылшын) «Кедендік бақылау аймағы» деген жазу жазылады;
2) суда жарық шағылыстырғыш бояудың көмегімен орындалған «Кедендік бақылау аймағы» деген жазуы бар қызыл түсті қалтқылармен белгіленеді.
4. Кедендік бақылау аймақтарына жіберу:
1) кедендік бақылау аймақтарында қызметті жүзеге асыратын Қазақстан Республикасының тиісті бақылаушы органдарының лауазымды адамдары үшін, қызметтік куәлікті ұсынған кезде, тұрақты рұқсат қағазы;
2) Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген тәртіппен құқық қорғау және арнайы органдардың лауазымды адамдары үшін қаулы;
3) лауазымдық міндеттерін орындау тікелей кедендік бақылау аймағында болумен байланысты ұйымдардың лауазымды адамдары үшін рұқсат қағазы негізінде жүзеге асырылады.
Тұрақты рұқсат қағаздары тиісті бақылаушы органдардың, ұйымдардың немесе кәсіпорындардың жазбаша өтініші негізінде күнтізбелік бір жыл мерзімге беріледі және оған кеден ісі саласындағы уәкілетті орган аумақтық бөлімшесінің не кеденнің басшысы немесе оны алмастыратын адам қол қояды. Рұқсат қағаздарын арнайы журналда тіркеуді аталған рұқсат қағазын берген кеден органы жүргізеді.