2. Істі талқылауды аудио-, бейнежазба құралдарын пайдалану арқылы түсіріп алған жағдайда, сот отырысының хатшысы жазбаша нысанда қысқаша хаттама жасайды.
Сот отырысының қысқаша хаттамасында:
1) сот отырысының жылы, айы, күні және орны;
2) сот отырысының басталу және аяқталу уақыты;
3) істі қарайтын соттың атауы мен құрамы, судьялардың, сот отырысы хатшысының тегі мен аты-жөні;
4) істің атауы;
5) сотталушының жеке басы туралы деректер;
6) соттың аудио-, бейнежазба құралдарын қолдануы туралы мәліметтер;
7) аудио-, бейнежазбаны қамтитын файлдың атауы;
8) аудармашының, айыптаушының, қорғаушының, сотталушының, сондай-ақ жәбірленушінің, азаматтық талапкердің, азаматтық жауапкердің және олардың өкілдерінің, сот шақырған басқа да адамдардың келгені туралы мәліметтер;
9) іске қатысатын адамдар дәлелдемелер ретінде ұсынған қосымша материалдардың іске қоса тіркелгені туралы мәліметтер;
10) түпкілікті нысандағы хаттаманың жасалған датасы көрсетіледі.
Сот отырысының қысқаша хаттамасына төрағалық етуші және хатшы қол қояды.
Аудио-, бейнежазбаны қамтитын материалдық жеткізгіш пен сот отырысының қысқаша хаттамасы іс материалдарына қоса тіркеледі.
3. Сот іске қатысатын адамдардың және олардың өкілдерінің өтінішхаты бойынша аудио-, бейнежазбаның көшірмесін немесе сот отырысының хаттамасын ұсынады. Іс жабық сот отырысында қаралған жағдайда іске қатысатын адамдарға аудио-, бейнежазбалар және сот отырысының хаттамасы ұсынылмайды, олардың аудио-, бейнежазбамен және сот отырысының хаттамасымен сотта танысу мүмкіндігі қамтамасыз етіледі.
4. Сот отырыстарының аудио-, бейнежазбалары сот талқылауының барысын дәл тіркеу үшін тек сот ісін жүргізу мақсаттарында, сондай-ақ азаматтық, қылмыстық сот ісін жүргізуде, әкімшілік құқық бұзушылық туралы істер бойынша іс жүргізуде не тәртіптік іс бойынша іс жүргізу шеңберінде нақты деректерді анықтау мақсаттарында пайдаланылады.
5. Сот отырысының барысын түсіріп алуды қамтамасыз ететін аудио-, бейнежазба құралдарын техникалық қолдану, аудио-, бейнежазбаны сақтау және жою тәртібін, сондай-ақ аудио-, бейнежазбаға қолжетімділік тәртібін соттардың қызметін ұйымдастырушылық және материалдық-техникалық қамтамасыз етуді жүзеге асыратын орган осы Кодекстің талаптарын ескере отырып айқындайды.
348-бап. Басты сот талқылауының хаттамасына ескертулер
Басты сот талқылауының хаттамасына қағаз жеткізгіште қол қойылғаннан кейiн бес тәулiк iшiнде тараптар, сондай-ақ осы Кодекстiң 347-бабының жетiншi бөлiгiнде көрсетiлген өзге адамдар сот отырысының хаттамасымен танысуға, хаттамаға жазбаша нысанда немесе электрондық цифрлық қолтаңбамен куәландырылған электрондық құжат нысанында ескертулер беруге құқылы. Сот отырысы хаттамасының көлемі үлкен болған жағдайда, төрағалық етуші тараптардың өтінішхаты бойынша олардың танысуы және ескертулер беруі үшін неғұрлым ұзақ, қисынды мерзім белгілейді.
2015.31.10. № 378-V ҚР Заңымен 348-1-баппен толықтырылды (2016 ж. 1 қаңтардан бастап қолданысқа енгiзiлдi)
348-1-бап. Басты сот талқылауының аудио-, бейнежазбасына және қысқаша хаттамасына ескертулер
Басты сот талқылауының қысқаша хаттамасына қағаз жеткізгіште қол қойылғаннан кейін бес тәулік ішінде тараптар, сондай-ақ осы Кодекстің 347-бабының жетінші бөлігінде көрсетілген өзге де адамдар сот отырысының аудио-, бейнежазбаларымен және қысқаша хаттамасымен танысуға, жазбаша нысанда немесе электрондық құжат нысанында ескертулер беруге құқылы.
Сот отырысының аудио-, бейнежазбасына және қысқаша хаттамасына ескертулерді қарау осы Кодекстің 349-бабында көзделген қағидалар бойынша жүзеге асырылады.
349-бап. Басты сот талқылауының хаттамасына ескертулердi қарау
1. Басты сот талқылауының қағаз жеткізгіште дайындалған хаттамасына ескертулердi төрағалық етушi, ал ол ұзақ уақыт (кемінде бес тәулік) бойы болмаған кезде осы соттың басқа судьясы қарайды, ол ескерту берген адамдарды нақтылау үшiн шақыртуға құқылы.
2. Ескертулердi қарау нәтижелерi бойынша судья олардың дұрыстығын куәландыру туралы не оларды қабылдамау туралы, шағым жасалуға және наразылық білдірілуге жатпайтын уәждi қаулы шығарады, оған келіспеушілік апелляциялық шағымға, наразылыққа енгізілуі мүмкін. Хаттамаға және судьяның қаулысына жасалған ескертулер басты сот талқылауының хаттамасына қоса тiгiледi.
43-тарау. БАСТЫ СОТ ТАЛҚЫЛАУЫНЫҢ ДАЙЫНДЫҚ БӨЛІГІ
2015.31.10. № 378-V ҚР Заңымен 350-бап өзгертілді (2016 ж. 1 қаңтардан бастап қолданысқа енгiзiлдi) (бұр.ред.қара)
350-бап. Басты сот талқылауының ашылуы
Басты сот талқылауы үшін тағайындалған уақытта сот отырысының хатшысы немесе пристав сот отырысына қатысып отырғандарға: «Бәріңіздің тұруларыңызды өтінемін! Сот келе жатыр!» деп жариялайды Содан кейін төрағалық етуші сот отырысының залына кіріп, барлық қатысушыларға өз орындарына отыруын ұсынады және қандай қылмыстық iстiң және оның ашық немесе жабық сот отырысында қаралатыны туралы хабарлайды. Егер жабық сот отырысы жарияланған болса, төрағалық етуші процеске қатысушылардан және сот отырысына шақырылғандардан басқа адамдардың залдан шығуын ұсынады.
Төрағалық етуші соттың сот отырысының аудио-, бейнежазба құралдарын пайдаланатыны туралы хабарлайды.
Аудио-,бейнежазба құралдарын пайдаланудың мүмкін болмауы сот отырысын жалғастыруды жоққа шығармайды.
Аудио-, бейнежазбаның болмау себептері сот отырысының хаттамасында міндетті түрде көрсетілуі тиіс.
351-бап. Басты сот талқылауына шақырылған тұлғалардың келуiн тексеру
Сот отырысының хатшысы сотқа басты сот отырысына қатысуға тиiстi тұлғалардың келгенi туралы баяндайды және келмегендердiң келмеу себептерiн хабарлайды.
352-бап. Аудармашыға оның құқықтары мен мiндеттерiн түсiндiру
1. Егер сот отырысына қатысу үшін аудармашы шақырылса, төрағалық етуші аудармашы ретiнде кiмнiң қатысып отырғанын хабарлайды және оған осы Кодекстiң 81-бабында көзделген құқықтарын, мiндеттерiн түсiндiредi.
2. Төрағалық етушi аудармашыға көрінеу дұрыс аударма жасамағаны үшiн қылмыстық жауаптылығы туралы ескертедi, бұл туралы одан қолхат алынып, ол сот отырысының хаттамасына қоса тiгiледi. Аудармашыға, сондай-ақ, өз мiндеттерiн орындаудан жалтарған жағдайда оған осы Кодекстің 160-бабында белгіленген тәртіппен ақшалай өндіріп алу қолданылуы мүмкін екені ескертіледі.
353-бап. Аудармашыға қарсылық білдіру туралы мәселенi шешу
Төрағалық етушi келген тараптарға, куәларға, сарапшыға, маманға олардың аудармашыға қарсылық білдіруді мәлiмдеу құқығын түсiндiредi және заңда көзделген, аудармашыға қарсылық білдіруге әкеп соғатын негiздерді түсiндiредi. Сот мәлiмделген қарсылық білдіруді осы Кодекстiң 86-бабында белгiленген қағидалар бойынша шешедi. Егер аудармашыға қарсылық білдіру қанағаттандырылса, сот басқа аудармашыны шақырады, оған қатысты қарсылық білдіру туралы мәселе де осындай тәртіппен қаралады.
354-бап. Куәларды сот отырысы залынан шығарып жіберу
Келген куәлар олардан жауап алу басталғанға дейiн сот отырысы залынан шығарылады. Төрағалық етушi сот жауап алмаған куәлардың жауап алынған куәлармен, сондай-ақ сот отырысы залындағы өзге де адамдармен сөйлеспеуi үшiн шара қолданады.
355-бап. Сотталушының жеке басын және оған айыптау актісі көшiрмесiнiң уақтылы табыс етілгенін анықтау
Төрағалық етушi сотталушының тегiн, атын, әкесiнiң атын (ол болған кезде), туған жылын, айын, күнiн және туған жерін анықтай отырып, оның жеке басын анықтайды, деректерді оның жеке басын куәландыратын құжатпен немесе оның расталған көшірмесімен салыстырады, сот iсi жүргiзiлетiн тiлдi бiлетiнiн, тұрғылықты жерiн, айналысатын кәсібін, бiлiмiн, отбасылық жағдайын және оның жеке басына қатысты басқа да деректердi анықтайды. Содан кейiн төрағалық етушi сотталушыға айыптау актісі көшiрмесінiң табыс етілгенін-етілмегенін және нақты қашан табыс етілгенін анықтайды. Бұл ретте істі соттың талқылауы, егер бұл туралы сотталушы өтiнiшхат бермесе, сондай-ақ осы Кодекстiң 411-бабының екiншi бөлiгiнде көзделген жағдайларды қоспағанда, айыптау актісінің көшiрмесi табыс етілген күннен бастап үш тәулiк өтпей басталмауға тиiс.
356-бап. Сот құрамын, процеске басқа да қатысушыларды жариялау
Төрағалық етушi сот құрамын жариялайды, кiмнiң айыптаушы, қорғаушы, жәбiрленушi, азаматтық талапкер, азаматтық жауапкер немесе олардың өкiлдерi, сондай-ақ сот отырысының хатшысы, сот приставы, сарапшы, маман болып табылатынын хабарлайды.
357-бап. Қарсылық білдірулерді шешу тәртiбi
1. Төрағалық етушi тараптарға сот құрамына, сондай-ақ осы Кодекстiң 356-бабында аталған тұлғаларға осы Кодекстiң 87, 88, 89, 90, 91, 92 және 93-баптарында көзделген негiздер бойынша қарсылық білдіруді мәлiмдеу құқығын түсiндiредi. Бұл қағидалар запастағы судьяға қатысты да қолданылады.
2. Сот мәлiмделген қарсылық білдірулерді осы Кодекстiң 86 және 87-баптарында белгiленген қағидалар бойынша шешедi.
358-бап. Сотталушыға оның құқықтарын түсiндiру
Төрағалық етушi сотталушыға оның осы Кодекстiң 65-бабында көзделген, басты сот талқылауындағы құқықтарын, сондай-ақ процестік келісім жасасу, заңда көрсетілген жағдайларда, жәбірленушімен татуласу, оның ішінде медиация тәртібімен татуласу құқығын түсiндiредi.
359-бап. Жәбiрленушiге, жекеше айыптаушыға, азаматтық талапкерге және азаматтық жауапкерге олардың құқықтарын түсiндiру
Төрағалық етушi жәбiрленушiге, жекеше айыптаушыға, азаматтық талапкерге, азаматтық жауапкерге және олардың өкiлдерiне олардың осы Кодекстiң 71, 72, 73, 74, 76 және 77-баптарында көзделген, басты сот талқылауындағы құқықтарын түсiндiредi. Жекеше айыптау iстерi бойынша, сондай-ақ бiрiншi рет жасалған қылмыстық теріс қылықтар және онша ауыр емес және ауырлығы орташа қылмыстар туралы iстер бойынша, сондай-ақ Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексінің 68-бабының екінші бөлігінде көзделген жағдайларда жәбiрленушiге оның сотталушымен татуласу, оның ішінде медиация тәртібімен татуласу құқығы түсiндiрiледi.
360-бап. Сарапшыға оның құқықтары мен мiндеттерiн түсiндiру
Төрағалық етушi сарапшыға оның осы Кодекстiң 79-бабында көзделген құқықтары мен мiндеттерiн түсiндiредi және оған көрінеу жалған қорытынды бергенi үшiн қылмыстық жауаптылығы туралы ескертедi, бұл туралы сарапшыдан қолхат алынады, ол басты сот талқылауының хаттамасына қоса тiгiледi.
361-бап. Маманға оның құқықтары мен мiндеттерiн түсiндiру
Төрағалық етушi маманға оның осы Кодекстiң 80-бабында көзделген құқықтары мен мiндеттерiн түсiндiредi және оған өз мiндеттерiн орындаудан бас тартқаны немесе жалтарғаны үшiн осы бапта белгiленген жауаптылық туралы ескертедi.
362-бап. Өтiнiшхаттарды мәлiмдеу және шешу
1. Төрағалық етушi тараптардан олардың жаңа куәларды, сарапшыларды және мамандарды шақыру туралы және заттай дәлелдемелер мен құжаттарды талап етіп алдыру туралы, оның ішінде медиация рәсімін өткізу не процестік келісім жасасу туралы өтiнiшхаттарының бар-жоғын сұрайды. Өтiнiшхатты мәлiмдеген тұлға қандай мән-жайларды анықтау үшiн қосымша дәлелдемелердiң қажет екенiн көрсетуге мiндеттi.
2. Төрағалық етушi, сондай-ақ тараптардан оларда талқылаудан дәлелдемелер ретiнде жарамсыз материалдарды алып тастау туралы өтiнiшхаттардың бар-жоғын анықтауға мiндеттi.
3. Сот талқылаудың қалған қатысушыларының пiкiрiн тыңдағаннан кейiн мәлiмделген әрбiр өтiнiшхатты, оның ішінде процестік келісім жасасу және медиация рәсімін өткізу туралы өтінішхатты қарауға, оны қанағаттандыру немесе өтiнiшхатты қанағаттандырудан бас тарту туралы уәждi қаулы шығаруға тиiс.
4. Сот процестік келісім немесе медиация тәртібімен татуласуға қол жеткізу туралы келісім жасасу туралы, сондай-ақ сотқа тараптардың бастамасы бойынша келген адамдардан сот отырысында мамандар немесе куәгерлер ретiнде жауап алу туралы өтiнiшхаттарды қанағаттандырудан бас тартуға құқылы емес.
5. Сот өтiнiшхатын қанағаттандырудан бас тартқан тұлға оны одан әрi мәлiмдеуге құқылы.
363-бап. Iске қатысатын тұлғалардың қайсыбiрi болмаған кезде істi тыңдау мүмкiндiгi туралы мәселенi шешу
Сот талқылауына қатысушылардың қайсыбiрi, сол сияқты куә, сарапшы немесе маман келмей қалған кезде сот тараптардың iстi талқылау мүмкiндiгi туралы пiкiрiн тыңдайды және талқылауды кейiнге қалдыру немесе оны жалғастыру және келмеген тұлғаларды келесi сот отырысына шақырту немесе оларды күштеп әкелу туралы қаулы шығарады.
44-тарау. СОТ ТЕРГЕУІ
364-бап. Сот тергеуiнiң басталуы
1. Сот тергеуi толық немесе қысқартылған тәртіппен жүзеге асырылады және айыптаушының - сотталушыға таққан айыбының мәнiн баяндауынан, ал жекеше айыптау iстерi бойынша - шағым берген тұлғаның немесе оның өкiлiнiң, ал олар болмағанда сот отырысы хатшысының шағымды баяндауынан басталады.
2. Айыптау ауырлығы төмендеу түрiне өзгертiлген немесе айыптаудың бiр бөлiгiнен бас тартылған жағдайда, айыптаушы сотқа айыптаудың жаңа уәжді тұжырымдалуын жазбаша түрде баяндауға мiндеттi. Айыптаушы айыптаудың мәнін баяндап болған соң сотқа процестік келісім жасасу ниеті туралы мәлімдеуге құқылы.
365-бап. Сотталушының ұстанымын анықтау
1. Төрағалық етушi сотталушыдан оған айыптаудың түсiнiктi-түсiнiксіз екенiн сұрайды, оған айыптаудың мәнiн түсiндiредi және оның осы Кодексте көзделген жағдайларда, тағылған айыпқа өз ұстанымын сотқа хабарлау ниетінің бар-жоғын, прокурормен процестік келісім немесе жәбірленушімен медиациялық тәртіппен татуласуға қол жеткізу туралы келісім жасасу ниетiнiң бар-жоғын анықтайды.
2. Сотталушыға оның сотқа дейінгі іс жүргізу кезінде бiлдiрiлген кiнәсiн мойындауына немесе мойындамауына байланысты емес екенi, өз кiнәсiн мойындайтыны немесе мойындамайтыны туралы сұраққа жауап беруге мiндеттi емес екенi және сотталушының жауап беруден бас тартуы оның өзіне зиян келтiрiлгендей болып түсiнiлмейтiнi түсiндiрiлуге тиiс. Сотталушыға сондай-ақ өз кінәсін мойындау және шын жүректен өкіну оның жауапкершілігін және жазасын жеңілдететін мән-жайлар болып табылатыны түсіндіріледі. Сотталушы өз жауабын уәждеуге құқылы. Сотталушының жауап бермеуi оның өз кiнәсiн мойындамағаны деп түсiнiледi.
3. Төрағалық етушi сотталушыдан оған қойылған азаматтық талапты (толық, iшiнара) мойындайтынын-мойындамайтынын сұрайды. Егер сотталушы бұл сұраққа жауап берсе, онда ол жауабын уәждеуге құқылы. Сотталушының жауап бермеуi оның азаматтық талап қоюды мойындамағаны деп түсiнiледi.
4. Тараптар сотталушыға оның ұстанымын нақтылауға бағытталған, оның ішінде прокурормен процестік келісім жасасу туралы мәселе бойынша сұрақтар қоюға құқылы.
366-бап. Дәлелдемелердi ұсыну және зерттеу тәртiбi
1. Сот тергеуiнде айыптаушы және қорғаушы тараптар ұсынған дәлелдемелер зерттеледi.
2. Дәлелдемелердi алдымен айыптаушы тарап ұсынады. Дәлелдемелердi зерттеу тәртiбiн сот тараптармен келiсе отырып айқындайды. Сот дәлелдемелердi зерттеу тәртiбiн белгiлеу немесе өзгерту мәселелерi бойынша қаулы шығарады.
3. Сотталушы төрағалық етушiнiң рұқсатымен сот тергеуiнiң кез келген сәтінде айғақ беруге құқылы.
4. Егер тергеу судьясы осы Кодекстің 217-бабына көзделген тәртіппен олардың айғақтарын сақтауға қойған болса, сотқа куә мен жәбірленуші шақырылмайды және олардан жауап алынбайды. Қысқартылған сот талқылауын өткізу кезінде куәлар шақырылмайды және олардан жауап алынбайды.
367-бап. Сотталушыдан жауап алу
1. Сотталушыдан жауап алудың алдында төрағалық етушi оған тағылған айып және iстiң басқа да мән-жайлары бойынша айғақ беру немесе бермеу құқығын, сондай-ақ сотталушының барлық айтқан сөздері өзiне қарсы пайдаланылуы мүмкiн екенiн түсiндiредi.
2. Сотталушы айғақтар беруге келiсiм берген кезде бiрiншi болып одан қорғаушы және процеске қорғаушы тарапынан қатысушылар, содан кейiн мемлекеттiк айыптаушы және процеске айыптаушы тарапынан қатысушылар жауап алады. Төрағалық етушi жетелеуші сұрақтарды және iске қатысы жоқ сұрақтарды алып тастайды.
3. Сот сотталушыға одан тараптар жауап алғаннан кейiн сұрақ қояды, алайда нақтылау сұрақтары жауап алудың кез келген сәтінде қойылуы мүмкiн.
4. Сотталушыдан басқа сотталушының қатысуынсыз жауап алуға тараптардың өтiнiшхаты немесе соттың бастамасы бойынша жол берiледi, бұл туралы қаулы шығарылады. Бұл жағдайда сотталушы сот отырысы залына қайтып келгеннен кейiн оған өзi болмаған кезде сот отырысының хаттамасына енгiзiлген айғақтар оқылады және өзi болмағанда жауап алынған сотталушыға сұрақ қою мүмкiндiгi берiледi.
368-бап. Сотталушының айғақтарын жария ету
1. Сотталушының iс бойынша сотқа дейiнгi дайындық барысында берген айғақтарын жария етуге, сондай-ақ жауап алу хаттамасына қоса берiлген оның айғақтарының дыбыс-, бейне жазбасын немесе киноға түсiрiлiмiн тыңдатып-көрсетуге:
1) сотталушы сотта айғақ беруден бас тартқан кезде;
2) егер iс сотталушының қатысуынсыз қаралса;
3) сот талқылауы мен сотқа дейінгі тергеп-тексеру барысында берiлген айғақтардың арасында елеулi қайшылықтар болған кезде жол берiледi.
2. Тиiстi жауап алу хаттамасындағы немесе сот отырысы хаттамасындағы айғақтарды алдын ала жария етпей тұрып, дыбыс-, бейнежазбаны және кино түсiрiлiмiн тыңдатып-көрсетуге жол берiлмейдi.
369-бап. Жәбiрленушiден жауап алу
1. Жәбiрленушiден осы Кодекстiң 370-бабында көзделген, куәлардан жауап алу қағидалары бойынша жауап алынады.
2. Жәбiрленушi төрағалық етушiнiң рұқсатымен сот тергеуiнiң кез келген сәтінде айғақтар беруге құқылы.
370-бап. Куәлардан жауап алу
1. Куәлардан жеке-жеке және жауап алынбаған куәлардың қатысуынсыз жауап алынады.
2. Жауап алудың алдында төрағалық етуші куәнің жеке басын айқындайды, оның сотталушыға және іске қатысатын басқа тұлғаларға деген қарым-қатынасын анықтайды, іс бойынша шын айғақтар беру жөніндегі азаматтық борышы мен міндетін, сондай-ақ айғақтар беруден бас тартқаны және көрінеу жалған айғақтар бергені үшін жауаптылығын түсіндіреді. Куәға, сондай-ақ, - өзіне-өзі, өз жұбайына (зайыбына) және жақын туыстарына қарсы айғақтар беруден, ал діни қызметшілерге - тәубе үстінде өздеріне ішкі сырын сеніп ашқан адамдарға да қарсы айғақтар беруден бас тартуға құқылы екені түсіндіріледі. Заң бойынша айғақ беру міндетінен босатылған, бірақ айғақ беруге тілек білдірген адамдарға олардың көрінеу жалған айғақ бергені үшін жауаптылығы түсіндіріледі. Куәға осы Кодекстің 78-бабында көзделген оның басқа құқықтары мен міндеттері де түсіндіріледі. Куә мынадай мазмұнда ант береді: «Сотқа іс бойынша өзіме белгілі болған барлық мән-жайды, тек қана шындықты, барлық шындықты айтуға және шындықтан басқа ешнәрсе айтпауға ант етемін». Куәдан оған өз міндеттері мен жауаптылығының түсіндірілгені туралы қолхат алынады. Қолхат сот отырысының хаттамасына қоса тігіледі.
3. Куәдан айыптаушы, жәбiрленушi, азаматтық талапкер, азаматтық жауапкер және олардың өкiлдерi, сотталушы және оның қорғаушысы жауап алады. Бiрiншi болып өтiнiшхаты бойынша сот отырысына осы куә шақырылған тарап сұрақтар қояды. Төрағалық етуші куәға одан тараптар жауап алып болғаннан кейiн сұрақтар қояды.
4. Куә өзінің талап етуi бойынша сотқа ұсынылуға тиіс жазбаларды пайдалануға құқылы.
5. Куәға өз айғақтарына қатысты қолында бар құжаттарды оқып шығуға рұқсат берiледi. Бұл құжаттар сотқа ұсынылады және оның қаулысы бойынша iске қоса тiгiлуi мүмкiн.
6. Жауап алынған куәлар сот отырысы залында қалады және олар сот тергеуi аяқталғанға дейiн соттың рұқсатынсыз және тараптардың келiсiмiнсiз одан шығып кете алмайды.
7. Осы Кодекстiң 98-бабында көзделген жағдайларда, куәнiң және оның жақындарының қауiпсiздiгiн қамтамасыз ету мақсатында сот куәнiң жеке басы туралы нақты деректердi жарияламай, оны процестің басқа қатысушылары көрмейтiндей жағдайларда одан жауап алуға құқылы, бұл туралы қаулы шығарылады.
8. Сот куәдан жауап алуды ол болатын не тұратын аумақтағы аудандық (облыстық) сотқа оны шақырта отырып, бейнебайланыс режимінде (қашықтықтан жауап алу) ғылыми-техникалық құралдарды пайдалана отырып, осы Кодекстің 213-бабының қағидалары бойынша жүргізуі мүмкін.
371-бап. Кәмелетке толмаған жәбiрленушiден, куәдан жауап алу ерекшелiктерi
1. Кәмелетке толмаған куәдан немесе жәбірленушіден жауап алу кезінде оның заңды өкiлдерi мен педагог қатысады. Көрсетілген адамдар төрағалық етушiнiң рұқсатымен жәбiрленушiге және куәға сұрақтар қоя алады.
2. Он алты жасқа толмаған жәбiрленушiден, куәдан жауап алудың алдында төрағалық етушi оған шын және толық айғақтардың iс үшiн маңызын түсiндiредi. Көрсетілген адамдарға олардың айғақтар беруден бас тартқаны және көрiнеу жалған айғақтар бергенi үшiн жауаптылығы туралы ескертілмейді және олардан қолхат алынбайды.
3. Тараптардың өтiнiшхаты немесе соттың бастамасы бойынша кәмелетке толмаған жәбiрленушiден және куәдан жауап алу сотталушының қатысуынсыз жүргiзiлуi мүмкiн, сот бұл туралы қаулы шығарады. Сотталушы сот отырысының залына қайтып келгеннен кейiн оған кәмелетке толмаған жәбiрленушiнiң, куәнiң айғақтары жария етiледi, жәбiрленушiге, куәға сұрақ қою және олардың айғақтарына орай өз айғақтарын беру мүмкiндiгi берiледi.
4. Сот он сегiз жасқа толмаған жәбiрленушiнің, куәның әрi қарай қатысуы қажет деп таныған жағдайлардан басқа, олар өздерінен жауап алу аяқталғаннан кейiн сот отырысы залынан шығарылады.
5. Егер тергеу судьясы кәмелетке толмаған жәбірленушілердің және куәлардың сотқа дейінгі іс жүргізу барысында берген айғақтарын сақтауға қойған болса, оларды сот отырысына шақыру және жауап алу жүргізілмейді.
372-бап. Жәбiрленушiнің және куәнiң айғақтарын жария ету
1. Сот талқылауында жәбiрленушiнің және куәнiң iс бойынша сотқа дейiнгi iс жүргiзу немесе осыдан алдыңғы сот талқылауы кезiнде берген айғақтарын, сондай-ақ олардан жауап алудың бейнежазбасы мен киноға түсiрілімін осы Кодекстің 377-бабында көзделген тәртіппен жария етуге:
1) бұл айғақтар мен олардың сотта берген айғақтары арасында елеулi қайшылықтар болған кезде;
2) жәбiрленушi немесе куә олардың сот талқылауына келу мүмкiндiгiн жоққа шығаратын себептер бойынша сот отырысына қатыспаған кезде;
3) тергеу судьясы айғақтарды сақтауға қойған кезде жол берiледi.
2. Жәбiрленушi және куә берген айғақтардың дыбыс жазбасын, олардан жауап алудың бейнежазбасы мен киноға түсiрілімін тыңдатып-көрсету осы Кодекстiң 368-бабының екiншi бөлiгiнде белгiленген қағидалар бойынша орын алуы мүмкiн.
373-бап. Сот талқылауындағы сараптама
1. Сот тараптардың өтiнiшхаты немесе өз бастамасы бойынша сараптама тағайындауға құқылы.
2. Сараптаманы сотқа дейінгі тергеп-тексеру барысында қорытынды берген сарапшы (сарапшылар) не сот тағайындаған басқа сарапшы (сарапшылар) жүргізеді.
Соңғы жағдайда төрағалық етуші сараптама жүргізуді кімге тапсыруды ұйғарып отырғаны туралы хабарлауға тиіс, содан кейін көрсетілген адамға қарсылық білдіру және оның өздігінен бас тартуы туралы өтінішхаттар болмаған кезде, сот кеңесу бөлмесіне кетпестен оны іс бойынша сарапшы ретінде тарту туралы қаулы шығарады. Бұдан әрі сарапшыға оның процестік өкілеттіктері түсіндіріледі, оған көрінеу жалған қорытынды бергені үшін қылмыстық жауаптылығы туралы ескертіліп, ол бұл туралы қолхат береді.
3. Сотта сараптама жүргiзу осы баптың талаптары ескерiле отырып, осы Кодекстiң 35-тарауында жазылған қағидалар бойынша жүзеге асырылады.
4. Сарапшы сот отырысында төрағалық етушiнiң рұқсатымен сараптама нысанасына қатысты мән-жайларды зерттеуге қатысуға: жауап алынатын адамдарға сұрақтар қоюға, қылмыстық iстiң материалдарымен танысуға, сараптама нысанасына қатысты барлық сот әрекеттерiне қатысуға құқылы.
5. Төрағалық етушi iс үшiн мәнi бар барлық мән-жайлар анықталғаннан кейiн тараптардың сарапшыға сұрақтарын жазбаша түрде беруін ұсынады. Қойылған сұрақтар жария етiлуге және олар бойынша сот талқылауына қатысушылардың пiкiрлерi тыңдалуға тиiс.
6. Тараптар сараптамалық зерттеу объектiсi ретiнде нәрселерді, құжаттарды ұсынуға құқылы. Сот оларды осындайлардың қатарынан шығара отырып, уәжді қаулы шығаруға мiндеттi.
7. Сот мәселелердi қарап және олар бойынша тараптардың пiкiрлерiн тыңдап, өз қаулысымен олардың iшiнен iске қатысы жоқтарын немесе сарапшының құзыретiне жатпайтындарын алып тастайды, жаңа мәселелердi тұжырымдайды.
8. Сарапшы болып тағайындалған адамға соттың сараптаманы тағайындауы туралы қаулысының көшiрмесi табыс етіледі және осы Кодекстiң 79-бабында көзделген оның құқықтары мен мiндеттерi түсiндiрiледi. Сот тараптардың пiкiрлерiн тыңдап болып, сот отырысын зерттеу жүргiзу үшiн қажеттi уақытқа кейiнге қалдыруға құқылы.