Бақылау мен қадағалау субъектісіне (объектісіне) бару арқылы профилактикалық бақылауды және (немесе) тексеруді тағайындау туралы акт, олардың мерзімдерін ұзарту туралы қосымша акт бақылау мен қадағалау субъектілері (объектілері) міндетті түрде көрсетіле отырып, бақылау мен қадағалау субъектісіне қатысты тіркеледі.
Мемлекеттік кірістер органдары «Салық және бюджетке төленетін басқа да міндетті төлемдер туралы» Қазақстан Республикасының Кодексінде (Салық кодексі) көзделген қарсы тексерулер жүргізген кезде бақылау мен қадағалау субъектісінің (объектісінің) тұрған жері бойынша құқықтық статистика және арнаулы есепке алу саласындағы уәкілетті органды хабардар етеді.
Бақылау мен қадағалау субъектісіне (объектісіне) бару арқылы профилактикалық бақылауды және (немесе) тексеруді тағайындау туралы актіні, олардың мерзімдерін ұзарту туралы қосымша актіні тіркеу есепке алу сипатында болады және тәуекелдерді бағалау мен басқарудың ведомстволық жүйелерін қалыптастыру және жетілдіру үшін пайдаланылады.
2. Бақылау және қадағалау органы бақылау мен қадағалау субъектісіне (объектісіне) бару арқылы профилактикалық бақылауды және (немесе) тексеруді тағайындау туралы актіні, олардың мерзімдерін ұзарту туралы қосымша актіні бақылау мен қадағалау субъектісіне (объектісіне) бару арқылы профилактикалық бақылау және (немесе) тексеру басталғанға дейін оларды құқықтық статистика және арнаулы есепке алу саласындағы уәкілетті органның бақылау мен қадағалау субъектісінің (объектісінің) тұрған жері бойынша аумақтық органына ұсыну, оның ішінде электрондық нысанда ұсыну арқылы құқықтық статистика және арнаулы есепке алу саласындағы уәкілетті органда тіркейді.
Осы Кодекстің 144-бабы 5-тармағының 3), 4), 7) және 8) тармақшаларында, 8, 9 және 10-тармақтарында көзделген негіздер бойынша жоспардан тыс тексеруді тағайындау туралы акт оны құқықтық статистика және арнаулы есепке алу саласындағы уәкілетті органның бақылау субъектісінің (объектісінің) тұрған жері бойынша аумақтық органына ұсыну, оның ішінде электрондық нысанда ұсыну арқылы, жоспардан тыс тексеру басталған күннен кейінгі келесі жұмыс күні ішінде құқықтық статистика және арнаулы есепке алу саласындағы уәкілетті органда тіркеледі.
Бақылау мен қадағалау субъектісіне (объектісіне) бару арқылы профилактикалық бақылауды және (немесе) тексеруді тағайындау туралы актіні тіркеу кезінде бақылау және қадағалау органы бақылау мен қадағалау субъектісіне (объектісіне) бару арқылы профилактикалық бақылауға және (немесе) тексеруге жататын талаптардың тармақтарын көрсете отырып, тексеру парақтарын (олар болған кезде) ұсынады.
Бақылау мен қадағалау субъектісіне (объектісіне) бару арқылы профилактикалық бақылауды және (немесе) тексеруді тағайындау туралы актілерді, олардың мерзімдерін ұзарту туралы қосымша актілерді тіркеудің, оларды тіркеуден бас тартудың және күшін жоюдың, бақылау мен қадағалау субъектісіне (объектісіне) бару арқылы профилактикалық бақылауды және (немесе) тексеруді тоқтата тұру, қайта бастау, мерзімдерін ұзарту туралы хабарламалардың, қатысушылар құрамын өзгертудің және бақылау мен қадағалау субъектісіне (объектісіне) бару арқылы профилактикалық бақылау және (немесе) тексеру және олардың нәтижелері туралы ақпараттық есепке алу құжаттарын ұсынудың тәртібін Қазақстан Республикасының Бас прокуратурасы айқындайды.
3. Бақылау мен қадағалау субъектісіне (объектісіне) бару арқылы профилактикалық бақылау және (немесе) тексеру қажеттігі қоғамдық тәртіпке, халықтың денсаулығына және Қазақстан Республикасының ұлттық мүдделеріне төнген қатерді дереу жоюды талап ететін әлеуметтік-экономикалық жағдайдың қалыптасуынан туындаса, Қазақстан Республикасының өзге де заңдарында көзделген болса, сондай-ақ бұзушылықтардың тікелей жасалуы кезінде олардың жолын кесу және дәлелдемелерді бекіту үшін кезек күттірмейтін әрекеттер жасау қажеттігіне орай бақылау мен қадағалау субъектісіне (объектісіне) бару арқылы профилактикалық бақылауды және (немесе) тексеруді жұмыстан тыс уақытта (түнгі уақытта, демалыс немесе мереке күндері) жүргізу кезінде бақылау мен қадағалау субъектісіне (объектісіне) бару арқылы профилактикалық бақылауды және (немесе) тексеруді тағайындау туралы актілерді тіркеу құқықтық статистика және арнаулы есепке алу саласындағы уәкілетті органда бақылау мен қадағалау субъектісіне (объектісіне) бару арқылы профилактикалық бақылау және (немесе) тексеру басталғаннан кейін келесі жұмыс күні ішінде жүргізіледі.
2018.24.05. № 156-VI ҚР Заңымен (бұр.ред.қара); 2021.30.12. № 95-VII ҚР Заңымен (2023 ж. 1 қаңтардан бастап қолданысқа енгізілді) (бұр.ред.қара) 147-бап жаңа редакцияда
147-бап. Бақылау мен қадағалау субъектісіне (объектісіне) бару арқылы профилактикалық бақылауды және (немесе) тексеруді жүзеге асыру кезіндегі бақылау және қадағалау органдары лауазымды адамдарының әрекеттері
1. Бақылау мен қадағалау субъектісіне (объектісіне) бару арқылы профилактикалық бақылау және (немесе) тексеру үшін объектіге келген бақылау және қадағалау органының лауазымды адамдары бақылау мен қадағалау субъектісіне:
1) егер осы Кодексте өзгеше көзделмесе, құқықтық статистика және арнаулы есепке алу саласындағы уәкілетті органда тіркелгені туралы белгі қойылған бақылау мен қадағалау субъектісіне (объектісіне) бару арқылы профилактикалық бақылауды және (немесе) тексеруді тағайындау туралы актіні;
2) қызметтік куәлігін не сәйкестендіру картасын;
3) қажет болған кезде - құзыретті органның режимдік объектілерге баруға арналған рұқсатын;
4) денсаулық сақтау саласындағы уәкілетті орган айқындаған тәртіппен берілген, объектілерге бару үшін қажет болатын медициналық рұқсаттаманы көрсетуге міндетті.
2. Егер осы Кодексте өзгеше көзделмесе, бақылау мен қадағалау субъектісіне (заңды тұлғаның басшысына не оның уәкілетті адамына, жеке тұлғаға) бақылау мен қадағалау субъектісіне (объектісіне) бару арқылы профилактикалық бақылауды және (немесе) тексеруді тағайындау туралы актіні табыс ету, сондай-ақ бақылау мен қадағалау субъектісін бақылау мен қадағалау субъектісіне (объектісіне) бару арқылы профилактикалық бақылауға және (немесе) тексеруге жататын талаптардың тармақтарын көрсете отырып, тексеру парағымен (ол болған кезде) таныстыру күні бақылау мен қадағалау субъектісіне (объектісіне) бару арқылы профилактикалық бақылау және (немесе) тексеру жүргізудің басталуы деп есептеледі.
3. Бақылау мен қадағалау субъектісіне (объектісіне) бару арқылы профилактикалық бақылауды және (немесе) тексеруді тағайындау туралы актіні қабылдаудан, тексеру парағымен танысудан бас тартылған, сондай-ақ бақылау мен қадағалау субъектісіне (объектісіне) бару арқылы профилактикалық бақылауды және (немесе) тексеруді жүзеге асыратын органның лауазымды адамының бақылау мен қадағалау субъектісіне (объектісіне) бару арқылы профилактикалық бақылауды және (немесе) тексеруді жүргізу үшін қажетті материалдарға қол жеткізуіне кедергі келтірілген жағдайларда, Қазақстан Республикасы Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексінің 462-бабында көзделген әкімшілік құқық бұзушылық туралы хаттама жасалады.
Хаттамаға бақылау мен қадағалау субъектісіне (объектісіне) бару арқылы профилактикалық бақылауды және (немесе) тексеруді жүзеге асыратын бақылау және қадағалау органының лауазымды адамы және заңды тұлғаның басшысы не оның уәкілетті адамы, жеке тұлға қол қояды.
Заңды тұлғаның басшысы не оның уәкілетті адамы, жеке тұлға хаттамаға қол қоюдан бас тартуға құқылы, бұл ретте бас тарту себебіне жазбаша түсініктеме береді.
Бақылау мен қадағалау субъектісіне (объектісіне) бару арқылы профилактикалық бақылауды және (немесе) тексеруді тағайындау туралы актіні алудан бас тарту бақылау мен қадағалау субъектісіне (объектісіне) бару арқылы профилактикалық бақылаудың және (немесе) тексерудің күшін жою үшін негіз болып табылмайды.
Бақылау мен қадағалау субъектісіне (объектісіне) бару арқылы профилактикалық бақылауды және (немесе) тексеруді тағайындау туралы актіде көрсетілген лауазымды адам (адамдар) ғана бақылау мен қадағалау субъектісіне (объектісіне) бару арқылы профилактикалық бақылауды және (немесе) тексеруді жүргізе алады.
Бұл ретте, бақылау мен қадағалау субъектісіне (объектісіне) бару арқылы профилактикалық бақылау және (немесе) тексеру жүргізетін лауазымды адамдардың құрамы бақылау және қадағалау органының шешімі бойынша өзгеруі мүмкін, бұл туралы бақылау мен қадағалау субъектісі және құқықтық статистика және арнаулы есепке алу саласындағы уәкілетті орган ауыстыру себептері көрсетіле отырып, бақылау мен қадағалау субъектісіне (объектісіне) бару арқылы профилактикалық бақылауды және (немесе) тексеруді тағайындау туралы актіде көрсетілмеген адамдардың бақылау мен қадағалау субъектісіне (объектісіне) бару арқылы профилактикалық бақылауға және (немесе) тексеруге қатысуы басталғанға дейін хабардар етіледі.
4. Бір бақылау және қадағалау органының сол бір мәселелердің аясында бақылау мен қадағалау субъектісіне (объектісіне) бару арқылы бірнеше бақылау мен қадағалау субъектісіне профилактикалық бақылауды және (немесе) тексеруді бір мезгілде жүргізуі қажет болған кезде, осы орган әрбір бақылау мен қадағалау субъектісі үшін бақылау мен қадағалау субъектісіне (объектісіне) бару арқылы профилактикалық бақылауды және (немесе) тексеруді тағайындау туралы актіні ресімдеуге және оны құқықтық статистика және арнаулы есепке алу саласындағы уәкілетті органда тіркеуге міндетті, бұған мынадай:
1) салық органдарында тіркеу есебіне қою;
2) бақылау-касса машиналарының немесе үш құрамдасты интеграцияланған жүйенің болуы;
3) сәйкестендіру құралдары мен есепке алу-бақылау маркаларының болуы және олардың төлнұсқалығы;
4) мынадай:
Қазақстан Республикасының аумағы бойынша тауарларды алып өту, өткізу және (немесе) тиеп-жөнелту кезінде;
тауарларды Еуразиялық экономикалық одаққа мүше болып табылмайтын мемлекеттердің және Еуразиялық экономикалық одаққа мүше мемлекеттердің аумағынан Қазақстан Республикасының аумағына әкелу кезінде;
тауарларды Қазақстан Республикасының аумағынан Еуразиялық экономикалық одаққа мүше болып табылмайтын мемлекеттердің және Еуразиялық экономикалық одаққа мүше мемлекеттердің аумағына әкету кезінде тауарларға ілеспе жүкқұжаттардың болуы және тауарлардың атауының, санының (көлемінің) тауарларға ілеспе жүкқұжаттарда көрсетілген мәліметтерге сәйкестігі;
5) лицензияның болуы;
6) төлем карточкаларын пайдалана отырып, төлемдерді жүзеге асыруға арналған жабдықтың (құрылғының) болуы;
7) көліктік бақылау немесе ішкі істер органдары бекеттерінде автомобиль көлігі құралдарын тексеру кезінде импортталатын тауарларға тауар-көлік жүкқұжаттарының болуы және тауарлардың атауының тауар-көлік жүкқұжаттарында көрсетілген мәліметтерге сәйкестігі;
8) тауарларды Қазақстан Республикасының аумағынан Еуразиялық экономикалық одаққа мүше мемлекеттердің аумағына әкеткен кезде Қазақстан Республикасы ратификациялаған халықаралық шарттарды іске асыру үшін қабылданған Қазақстан Республикасының нормативтік құқықтық актілерінде көзделген құжаттардың болуы және тауарлардың құжаттарда көрсетілген мәліметтерге сәйкестігі мәселелері бойынша жүргізілетін салықтық тексеру кірмейді.
2017.25.12. № 122-VI ҚР Заңымен 148-бап өзгертілді (2018 ж. 1 қаңтардан бастап қолданысқа енгізілді) (бұр.ред.қара); 2018.24.05. № 156-VI ҚР Заңымен (бұр.ред.қара); 2021.30.12. № 95-VII ҚР Заңымен (2023 ж. 1 қаңтардан бастап қолданысқа енгізілді) (бұр.ред.қара) 148-бап жаңа редакцияда
148-бап. Бақылау мен қадағалау субъектісіне (объектісіне) бару арқылы профилактикалық бақылауды және (немесе) тексеруді жүргізу мерзімдері
1. Бақылау мен қадағалау субъектісіне (объектісіне) бару арқылы профилактикалық бақылауды және (немесе) тексеруді жүргізу мерзімдері алдағы жұмыстардың көлемі, сондай-ақ қойылған міндеттер ескеріле отырып белгіленеді және ол:
1) микрокәсіпкерлік субъектілері үшін - бес жұмыс күнінен аспауға және бес жұмыс күніне дейін ұзартылуға тиіс;
2) шағын, орта және ірі кәсіпкерлік субъектілері үшін, сондай-ақ жеке кәсіпкерлік субъектілері болып табылмайтын бақылау мен қадағалау субъектілері үшін:
бақылау мен қадағалау субъектісіне (объектісіне) бару арқылы профилактикалық бақылау және (немесе) талаптарға сәйкестігін тексеруді жүргізу кезінде - он бес жұмыс күнінен аспауға және он бес жұмыс күнінен аспайтын мерзімге ұзартылуға тиіс;
жоспардан тыс тексерулерді жүргізу кезінде - он жұмыс күнінен аспауға және он жұмыс күніне дейін ұзартылуға тиіс.
2. Бақылау мен қадағалау субъектісіне (объектісіне) бару арқылы профилактикалық бақылауды және (немесе) тексеруді жүргізу мерзімдерін бақылау және қадағалау органының басшысы (не оның міндетін атқарушы адам):
1) Қазақстан Республикасының халықаралық шарттары шеңберінде шетелдік мемлекеттік органдардан ақпарат алу;
2) бақылау мен қадағалау субъектісіне (объектісіне) бару арқылы профилактикалық бақылау және (немесе) тексеру жүргізілетін тұлғаның тұрған жерін анықтау;
3) зертханалық зерттеулердің нәтижелерін алу қажет болған жағдайларда ғана, осы баптың 1-тармағында айқындалған мерзімдерге тек бір рет ұзартуы мүмкін.
Бақылау мен қадағалау субъектісіне (объектісіне) бару арқылы профилактикалық бақылау және (немесе) тексеру мерзімдері ұзартылған жағдайда, бақылау және қадағалау органы құқықтық статистика және арнаулы есепке алу саласындағы уәкілетті органда тіркей отырып, бақылау мен қадағалау субъектісіне (объектісіне) бару арқылы профилактикалық бақылауды және (немесе) тексеруді ұзарту туралы қосымша актіні ресімдейді, онда бақылау мен қадағалау субъектісіне (объектісіне) бару арқылы профилактикалық бақылауды және (немесе) тексеруді тағайындау туралы алдыңғы актінің тіркелген күні мен нөмірі және ұзартудың себебі көрсетіледі.
Бақылау мен қадағалау субъектісіне (объектісіне) бару арқылы профилактикалық бақылау және (немесе) тексеру мерзімдері ұзартылған жағдайда, бақылау және қадағалау органы, осы тармақтың бірінші бөлігінің 2) тармақшасында көзделген жағдайды қоспағанда, бұл туралы бақылау мен қадағалау субъектісін (заңды тұлғаның басшысын не оның уәкілетті адамын, жеке тұлғаны) міндетті түрде хабардар етеді.
Бақылау мен қадағалау субъектісіне (объектісіне) бару арқылы профилактикалық бақылау және (немесе) тексеру мерзімдерін ұзарту туралы хабарламаны бақылау және қадағалау органы ол ұзартылғанға дейін бір жұмыс күні бұрын табыс етілгені туралы хабарламасы бар тапсырысты пошта жөнелтілімі нысанында не егер осы субъект бұрын электрондық поштасының мекенжайын бақылау және қадағалау органына ұсынған болса, бақылау мен қадағалау субъектісінің осындай мекенжайына электрондық цифрлық қолтаңба арқылы қол қойылған электрондық құжат арқылы немесе өзге де қолжетімді тәсілмен жіберіледі.
2021.30.12. № 95-VII ҚР Заңымен 149-бап жаңа редакцияда (2023 ж. 1 қаңтардан бастап қолданысқа енгізілді) (бұр.ред.қара)
149-бап. Өнім үлгілерін іріктеу тәртібі
1. Бақылау мен қадағалау субъектісіне (объектісіне) бару арқылы профилактикалық бақылау және (немесе) тексеру кезінде өнім үлгілерін іріктеу жүргізіледі.
Іріктеп алынатын өнім үлгілерінің саны Қазақстан Республикасы нормативтік құқықтық актілерінің және нормативтік құжаттарының өнімге және өнімді сынау әдістеріне қойылатын талаптарына сәйкес айқындалады.
2. Өнім үлгілерін іріктеуді бақылау мен қадағалау субъектісі басшысының немесе өкілінің және бақылау мен қадағалау субъектісі уәкілетті адамының қатысуымен бақылау және қадағалау органының лауазымды адамы жүргізеді және ол өнім үлгілерін іріктеу актісімен куәландырылады.
Іріктеп алынған өнім үлгілері жинақталған, қапталған және пломбаланған (мөрленген) болуға тиіс.
3. Өнім үлгілерін іріктеу актісі үш данада жасалады. Актінің барлық данасына өнім үлгілерін іріктеп алған бақылау және қадағалау органының лауазымды адамы және бақылау мен қадағалау субъектісінің басшысы не өкілі және бақылау мен қадағалау субъектісінің уәкілетті адамы қол қояды.
Өнім үлгілерін іріктеу актісінің бір данасы жолдамамен және тиісті түрде іріктеп алынған өнім үлгілерімен бірге сараптама (талдау, сынақ) жүргізу үшін Қазақстан Республикасының заңнамасымен уәкілеттік берілген ұйымға жіберіледі.
Өнім үлгілерін іріктеу актісінің екінші данасы бақылау мен қадағалау субъектісінде қалады.
Өнім үлгілерін іріктеу актісінің үшінші данасы өнім үлгілерін іріктеуді жүзеге асырған бақылау және қадағалау органының лауазымды адамында сақталады.
Өнім үлгілерін іріктеу актісінде:
1) жасалған орны мен күні;
2) бақылау және қадағалау органы басшысының өнім үлгілерін іріктеуді жүзеге асыруға негіз болған шешімінің күні мен нөмірі;
3) бақылау және қадағалау органының өнім үлгілерін іріктеуді жүзеге асыратын лауазымды адамдарының лауазымы, тегі, аты және әкесінің аты (егер ол жеке басын куәландыратын құжаттарда көрсетілсе);
4) өнім үлгілерін іріктеу жүргізілетін бақылау мен қадағалау субъектісінің (объектісінің) атауы және тұрған жері;
5) бақылау мен қадағалау субъектісі басшысының немесе өкілінің және бақылау мен қадағалау субъектісі уәкілетті адамының лауазымы мен тегі, аты, әкесінің аты (егер ол жеке басын куәландыратын құжатта көрсетілсе);
6) өндіруші, өндірілу күні, партия сериясы (нөмірі), үлгілердің жалпы құны көрсетілген іріктеп алынған өнім үлгілерінің тізбесі мен саны;
7) қаптаманың түрі және мөр (пломба) нөмірі көрсетіледі.
4. Өнім үлгілерін іріктеуге байланысты шығыстар бюджет қаражаты есебінен қаржыландырылады.
150-бап. 2021.30.12. № 95-VII ҚР Заңымен алып тасталды (2023 ж. 1 қаңтардан бастап қолданысқа енгізілді) (бұр.ред.қара)
2018.24.05. № 156-VI ҚР Заңымен 151-бап өзгертілді (бұр.ред.қара); 2021.30.12. № 95-VII ҚР Заңымен 151-бап жаңа редакцияда (2023 ж. 1 қаңтардан бастап қолданысқа енгізілді) (бұр.ред.қара)
151-бап. Бақылау мен қадағалау субъектісіне (объектісіне) бару арқылы профилактикалық бақылауды және (немесе) тексеруді жүргізу кезіндегі шектеулер
Бақылау және қадағалау органының лауазымды адамдары бақылау мен қадағалау субъектісіне (объектісіне) бару арқылы профилактикалық бақылауды және (немесе) тексеруді жүргізу кезінде:
1) осы бақылау және қадағалау органының тексеру парақтарында белгіленбеген талаптардың орындалуын, сондай-ақ егер мұндай талаптар өзінің атынан осы лауазымды адамдар әрекет ететiн мемлекеттік органның құзыретiне жатпаса, тексеруге;
2) егер құжаттар, ақпарат, өнім үлгілері, қоршаған орта объектілері мен өндірістік орта объектілерін зерттеп-қарау сынамалары бақылау мен қадағалау субъектісіне (объектісіне) бару арқылы профилактикалық бақылаудың және (немесе) тексерудің объектілері болып табылмаса немесе бақылау мен қадағалау субъектісіне (объектісіне) бару арқылы профилактикалық бақылаудың және (немесе) тексерудің нысанасына жатпаса, оларды ұсынуды талап етуге;
3) өнім үлгілерін, қоршаған орта объектілері мен өндірістік орта объектілерін зерттеп-қарау сынамаларын зерттеуді, сынауды, өлшеуді жүргізу үшін белгіленген нысан бойынша және (немесе) көрсетілген үлгілерді, сынамаларды ұлттық стандарттарда, үлгілерді, сынамаларды іріктеу қағидаларында және оларды зерттеу, сынау, өлшеу әдістерінде, техникалық регламенттерде немесе олар күшіне енген күнге дейін қолданылатын өзге де нормативтік техникалық құжаттарда, зерттеу, сынау, өлшеу қағидалары мен әдістерінде белгіленген нормалардан асатын көлемде іріктеу туралы актіні ресімдеместен, оларды іріктеп алуға;
4) Қазақстан Республикасының заңдарында көзделген жағдайларды қоспағанда, бақылау мен қадағалау субъектісіне (объектісіне) бару арқылы профилактикалық бақылауды және (немесе) тексеруді жүргізу нәтижесінде алынған және коммерциялық, салықтық немесе заңмен қорғалатын өзге де құпияны құрайтын ақпаратты жария етуге және (немесе) таратуға;
5) бақылау мен қадағалау субъектісіне (объектісіне) бару арқылы профилактикалық бақылау және (немесе) тексеру жүргізудің белгіленген мерзімдерін асыруға;
6) осы Кодекстің 144-бабы 5-тармағының 3), 4), 5), 6), 7) және 8) тармақшаларында көзделген жағдайларды қоспағанда, сол бір кезең ішінде сол бір мәселе бойынша жоғары тұрған (төмен тұрған) органы не өзге де мемлекеттік орган оған қатысты бұрын бақылау мен қадағалау субъектісіне (объектісіне) бару арқылы профилактикалық бақылау және (немесе) тексеру жүргізген бақылау мен қадағалау субъектісіне (объектісіне) бақылау мен қадағалау субъектісіне (объектісіне) бару арқылы профилактикалық бақылауды және (немесе) тексеруді жүргізуге;
7) бақылау мен қадағалау субъектісіне (объектісіне) бару арқылы профилактикалық бақылау және (немесе) тексеру жүргізу мақсатында бақылау мен қадағалау субъектілерінің есебінен шығынды сипаттағы іс-шараларды жүргізуге құқылы емес.
2018.24.05. № 156-VI ҚР Заңымен 152-баптың тақырыбы жаңа редакцияда (бұр.ред.қара); 2021.30.12. № 95-VII ҚР Заңымен 152-бап жаңа редакцияда (2023 ж. 1 қаңтардан бастап қолданысқа енгізілді) (бұр.ред.қара)
152-бап. Бақылау мен қадағалау субъектісіне (объектісіне) бару арқылы профилактикалық бақылау және (немесе) тексеру нәтижелерін ресімдеу тәртібі
1. Бақылау және қадағалау органының лауазымды адамы бақылау мен қадағалау субъектісіне (объектісіне) бару арқылы профилактикалық бақылау және (немесе) тексеру нәтижелері бойынша:
1) бақылау мен қадағалау субъектісіне (объектісіне) бару арқылы профилактикалық бақылау және (немесе) тексеру нәтижелері туралы акт;
2) бұзушылықтар анықталған жағдайларда, анықталған бұзушылықтарды жою туралы нұсқама жасайды.
2. Бақылау мен қадағалау субъектісіне (объектісіне) бару арқылы профилактикалық бақылау және (немесе) тексеру нәтижелері туралы актіде:
1) актінің жасалған күні, уақыты және орны;
2) бақылау және қадағалау органының атауы;
3) бақылау мен қадағалау субъектісіне (объектісіне) бару арқылы профилактикалық бақылау және (немесе) тексеру жүргізуге негіз болған бақылау мен қадағалау субъектісіне (объектісіне) бару арқылы профилактикалық бақылауды және (немесе) тексеруді тағайындау туралы актінің (бар болған кезде мерзімді ұзарту туралы қосымша актінің) күні мен нөмірі;
4) бақылау мен қадағалау субъектісіне (объектісіне) бару арқылы профилактикалық бақылау және (немесе) тексеру жүргізген адамның (адамдардың) тегі, аты, әкесінің аты (егер ол жеке басын куәландыратын құжатта көрсетілсе) және лауазымы;
5) бақылау мен қадағалау субъектісінің атауы немесе тегі, аты, әкесінің аты (егер ол жеке басын куәландыратын құжатта көрсетілсе), бақылау мен қадағалау субъектісіне (объектісіне) бару арқылы профилактикалық бақылауды және (немесе) тексеруді жүргізу кезінде қатысқан жеке немесе заңды тұлға өкілінің лауазымы;
6) бақылау мен қадағалау субъектісіне (объектісіне) бару арқылы профилактикалық бақылауды және (немесе) тексеруді жүргізу күні, орны және кезеңі;
7) бақылау мен қадағалау субъектісіне (объектісіне) бару арқылы профилактикалық бақылау және (немесе) тексеру нәтижелері туралы, оның ішінде анықталған бұзушылықтар, олардың сипаты туралы мәліметтер;
8) тексеру парағының атауы және бұзушылықтар анықталған талаптардың тармақтары;
9) бақылау мен қадағалау субъектісі өкілдерінің, сондай-ақ бақылау мен қадағалау субъектісіне (объектісіне) бару арқылы профилактикалық бақылауды және (немесе) тексеруді жүргізу кезінде қатысқан адамдардың бақылау мен қадағалау субъектісіне (объектісіне) бару арқылы профилактикалық бақылау және (немесе) тексеру нәтижелері туралы актімен танысуы немесе танысудан бас тартуы туралы мәліметтер, олардың қолтаңбасы немесе қол қоюдан бас тартуы;
10) бақылау мен қадағалау субъектісіне (объектісіне) бару арқылы профилактикалық бақылау және (немесе) тексеру жүргізген лауазымды адамның (адамдардың) қолтаңбасы көрсетіледі.
3. Бақылау мен қадағалау субъектісіне (объектісіне) бару арқылы профилактикалық бақылау және (немесе) тексеру нәтижелері туралы актіге:
1) бұзушылықтар анықталған жағдайда, анықталған бұзушылықтарды жою туралы нұсқама;
2) өнім үлгілерін іріктеу, қоршаған орта объектілері мен өндірістік орта объектілерін зерттеп-қарау актілері, жүргізілген зерттеулердің (сынақтардың) және сараптамалардың хаттамалары (қорытындылары) және бар болса, бақылау мен қадағалау субъектісіне (объектісіне) бару арқылы профилактикалық бақылау және (немесе) тексеру нәтижелеріне байланысты басқа да құжаттар немесе олардың көшірмелері қоса беріледі.
4. Жүргізілуі барысында тексеру парақтары талаптарының тармақтарын бұзушылықтар анықталған бақылау мен қадағалау субъектісіне (объектісіне) бару арқылы профилактикалық бақылау және (немесе) тексеру нәтижелері туралы әрбір акт бойынша анықталған бұзушылықтарды жою туралы бір ғана нұсқама берілуі мүмкін.