Осы тармақшада көрсетілген тауарлардың тізбесін Қазақстан Республикасының Үкіметі бекітеді;»;
17) 256-баптың 2-тармағының 11) тармақшасы мынадай редакцияда жазылсын:
«11) осы тармақшаның ережелерін ескере отырып, мемлекеттік материалдық резерв саласындағы уәкілетті органының құрылымдық бөлімшесі Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген нысан бойынша жазып берген мемлекеттік материалдық резервтен тауарлар шығару құжатында көрсетілген салық сомасы осы баптың 1-тармағына сәйкес есепке жатқызылған қосылған құн салығының сомасы болып табылады.
Мұндай құжатта:
өткізілуі бойынша айналымдары салық салынбайтын айналымдарға жататын тауарлар бойынша «ҚҚС-сыз» деген белгі көрсетіледі;
қалған тауарлар бойынша мемлекеттік материалдық резервке осы тауарларды жеткізген кезде төленген салық сомасының шегінде және шығарылатын тауарлардың құнына оларды шығару күні қолданыста болатын мөлшерлеме бойынша қосылған құн салығының сомасы кіргені айқындалса, қосылған құн салығының сомасы көрсетіледі;»;
18) 270-баптың 3-тармағы мынадай редакцияда жазылсын:
«3. Осы Кодекстің 256-бабы 2-тармағының 11) тармақшасында көзделген жағдайларда, мемлекеттік материалдық резерв саласындағы уәкілетті органның құрылымдық бөлімшесі өзіне мемлекеттік материалдық резервтен тауарлар шығаруға жазып берілген құжаттар тізілімін уәкілетті орган белгілеген тәртіппен, мерзімдерде және нысан бойынша табыс етеді.»;
19) 271-баптың 2-тармағы мынадай редакцияда жазылсын:
«2. Импортталатын тауарлар бойынша қосылған құн салығы Қазақстан Республикасының кеден заңнамасында кедендік төлемдерді төлеу үшін айқындалатын күні төленеді.
Бұл ретте ішкі тұтыну үшін шығарудың кедендік рәсімімен орналастырылған импортталатын тауарлар бойынша қосылған құн салығын төлеу мерзімін өзгерту осы Кодекстің 51-3-бабына сәйкес жүргізіледі.»;
20) 280-баптың 4-тармағының 2-тармақшасы мынадай редакцияда жазылсын:
«2) осы Кодекстің 279-бабының 5) тармақшасында көрсетілген акцизделетін тауарларға акциз мөлшерлемелерін Қазақстан Республикасының Үкіметі бекітеді.»;
21) 282-баптың 3-тармағының төртінші бөлігі мынадай редакцияда жазылсын:
«Алыс-беріс шикізатын өңдеудің белгіленген мерзімінен асып кеткен жағдайда Қазақстан Республикасының Үкіметі бекіткен мөлшерлемелер бойынша шарттың (келісімшарттың) талаптарына сәйкес өңдеу өнімінің болжалды көлемі акциз салу объектісі болып табылады.»;
22) 298-баптың 4-тармағы мынадай редакцияда жазылсын:
«4. Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес Қазақстан Республикасының аумағына импортталуы акциздерді төлемей жүзеге асырылған акцизделетін тауарлар, оларға байланысты төлеуден босату немесе төлеудің өзге де тәртібі ұсынылғандардан өзге мақсаттарға пайдаланылған жағдайда, осы акцизделетін тауарларға осы Кодекстің 280, 297-баптарында және Қазақстан Республикасының Үкіметінің қаулысымен белгіленген тәртіппен және акциздердің мөлшерлемелері бойынша акциздер салуға жатады.»;
23) 457-бап мынадай мазмұндағы 1-1) тармақшамен толықтырылсын:
«1-1) шағын және орта кәсіпкерлік субъектілері болып табылатын заңды тұлғаларды мемлекеттік тіркеу және олардың қызметінің тоқтатылуын тіркеу кезінде;»;
24) 556-баптың 7-тармағы және 557-баптың 1-тармағының 9) тармақшасы алып тасталсын;
25) 581-бапта:
бірінші бөліктің 12) тармақшасында:
мынадай мазмұндағы жетінші абзацпен толықтырылсын:
«туындаған күнінен бастап төрт ай бойы республикалық бюджет туралы заңда белгіленген және тиісті қаржы жылының 1 қаңтарында қолданыста болатын айлық есептік көрсеткіштің 10000 еселенген мөлшерінен асатын мөлшерде өтелмеген салық берешегі бар заңды тұлғаның, заңды тұлғаның құрылымдық бөлімшесінің, дара кәсіпкер ретінде тіркеу есебінде тұрған жеке тұлғаның;»;
он бірінші абзац мынадай редакцияда жазылсын:
«Осы тармақшада көзделген мәліметтер, жетінші абзацты қоспағанда, Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкімен келісу бойынша уәкілетті орган белгілеген нысан бойынша табыс етіледі.»;
мынадай мазмұндағы үшінші бөлікпен толықтырылсын:
«Осы баптың бірінші бөлігінің 5), 10), 11) және 12) тармақшаларында көзделген есептер мен мәліметтер ақпараттық-коммуникациялық желі арқылы беріледі. Техникалық проблемаларға байланысты оларды ақпараттық-коммуникациялық желі арқылы беру мүмкін болмаған жағдайда, көрсетілген есептер мен мәліметтер қағаз жеткізгіште жіберіледі.»;
26) 588-баптың 3-тармағы бірінші бөлігінің екінші абзацы мынадай редакцияда жазылсын:
«салық төлеуші (салық агенті) - салық есептілігінде, тауарлар декларациясында;»;
27) 590-баптың 1-тармағы мынадай редакцияда жазылсын:
«1. Егер осы бапта өзгеше белгіленбесе, салық төлеушінің (салық агентінің) жеке шоттарындағы салықтардың, бюджетке төленетін басқа да міндетті төлемдердің, міндетті зейнетақы жарналарының, міндетті кәсіптік зейнетақы жарналары мен әлеуметтік аударымдардың есептелген, кемітілген сомаларын есепке алу салық есептілігі, тауарлар декларациясы деректерінің, уәкілетті мемлекеттік органдар мәліметтерінің негізінде жүргізіледі.»;
28) 598-баптың 6-тармағы мынадай редакцияда жазылсын:
«6. Заңды тұлға таратылған немесе шетелдік заңды тұлғаның филиалы (өкілдігі) қызметiн тоқтатқан жағдайда, мұндай тұлғада және (немесе) филиалда (өкілдікте) берешектің жоқ (бар) екендігі туралы мәліметтер осы Кодекстің 37, 37-1 және 37-2-баптарында белгіленген шарттар сақталған кезде Бизнес-сәйкестендіру нөмірлері ұлттық тізілімінің мәліметтері негізінде беріледі.»;
29) 609-баптың 1-тармағының 4) тармақшасы мынадай редакцияда жазылсын:
«4) мынадай:
салық төлеушінің (салық агентінің) - заңды тұлғаның, заңды тұлғаның құрылымдық бөлімшесінің, Қазақстан Республикасында қызметін тұрақты мекеме арқылы жүзеге асыратын бейрезиденттің, дара кәсіпкердің, жекеше нотариустың, жеке сот орындаушысының, адвокаттың және кәсіби медиатордың мүлікке;
салық төлеушінің мүлікке, оның ішінде ішкі тұтыну үшін шығарудың кедендік рәсімімен орналастырылған импортталатын тауарлар бойынша жанама салықтарды төлеу жөніндегі салық міндеттемесін орындамаған кезде импортталатын тауарға билік етуін шектеу тәсілдерімен қамтамасыз етілуі мүмкін.
Бұл ретте осы баптың 1-тармағының 2) және 3) тармақшаларында көзделген, мерзімінде орындалмаған салық міндеттемесінің орындалуын қамтамасыз ету тәсілдері ішкі тұтыну үшін шығарудың кедендік рәсімімен орналастырылған импортталатын тауарлар бойынша жанама салықтарды төлеу жөніндегі орындалмаған салық міндеттемесіне қатысты қолданылмайды.»;
30) 613-бапта:
1-тармақ мынадай мазмұндағы 3) тармақшамен толықтырылсын:
«3) салық төлеуші төлеу мерзімі осы Кодекстің 51-3-бабына сәйкес өзгертілген, ішкі тұтыну үшін шығарудың кедендік рәсімімен орналастырылған импортталатын тауарлар бойынша жанама салықтар төлеу жөніндегі салық міндеттемесін орындамаған жағдайларда жүргiзедi. Бұл ретте шектеу осы Кодекстiң 607-бабы 2-тармағының 5) тармақшасында көзделген салық берешегiн өтеу туралы хабарлама жiбермей-ақ жүргізіледі.»;
2-тармақтың бірінші бөлігінің 2) тармақшасындағы «болып табылатын мүлкіне қатысты жүргізеді.» деген сөздер «болып табылатын;» деген сөздермен ауыстырылып, мынадай мазмұндағы 3) тармақшамен толықтырылсын:
«3) осы баптың 1-тармағының 3) тармақшасында көрсетілген жағдайда - осы салық төлеушінің меншік немесе шаруашылық жүргізу құқығында тиесілі, сондай-ақ балансында тұрған мүлкіне және (немесе) импортталатын тауарға қатысты жүргізеді.»;
3-тармақтың бірінші бөлігінің 2) тармақшасындағы «өсімпұлдарының сомасына қабылдайды.» деген сөздер «өсімпұлдарының;» деген сөзбен ауыстырылып, мынадай мазмұндағы 3) тармақшамен толықтырылсын:
«3) осы баптың 1-тармағының 3) тармақшасында көрсетiлген жағдайда - мұндай шешiм шығарылған күнге салық төлеушiнiң жеке шотында бар деректер бойынша импортталатын тауарлар бойынша жанама салықтар бойынша салық берешегiнің сомасына қабылдайды.»;
6-тармақ мынадай редакцияда жазылсын:
«6. Егер осы тармақта өзгеше белгіленбесе, осы баптың 3-тармағында көрсетілген шешім салық төлеушіге (салық агентіне) тапсырылған күннен бастап он жұмыс күні өткеннен кейін салық органы уәкілетті орган белгілеген нысан бойынша мүлік тізімдемесінің актісін жасау арқылы салық төлеушінің (салық агентінің) қатысуымен билік етуі шектелген мүлікке тізімдеме жүргізеді.
Билік етуі шектелген мүлік тізімдемесі салық төлеушінің (салық агентінің) бухгалтерлік есеп деректерінің негізінде айқындалатын баланстыққұны немесе нарықтық құны мүлік тізімдемесінің актісінде көрсетіле отырып жүргізіледі. Қазақстан Республикасының бағалау қызметі туралы заңнамасына сәйкес жүргізілген бағалау туралы есепте айқындалған құн нарықтық құн болып табылады.
Осы баптың 1-тармағының 3) тармақшасында көзделген жағдайда, егер импортталатын тауарлар тізімдемеге алуға жатқызылатын болса, онда тізімдеме актісі салық төлеушінің не Кеден одағының кеден заңнамасына және (немесе) Қазақстан Республикасының кеден заңнамасына сәйкес салық төлеушінің атынан және оның тапсырмасы бойынша әрекет ететін декларанттың қатысуымен импортталған тауарды кедендік тазарту жүргізген күні жасалады.
Билік етуі шектелген импортталатын тауар тізімдемесі Кеден одағының кеден заңнамасына және (немесе) Қазақстан Республикасының кеден заңнамасына сәйкес айқындалған импортталатын тауардың кедендік құны тізімдемесінің актісінде көрсетіле отырып жүргізіледі.»;
31) 614-баптың 3-тармағы мынадай мазмұндағы екінші бөлікпен толықтырылсын:
«Осы тармақтың бірінші бөлігінің 1), 2) және 4) тармақшаларында көзделген мәжбүрлеп өндіріп алу шаралары ішкі тұтыну үшін шығарудың кедендік рәсімімен орналастырылған импортталатын тауарлар бойынша жанама салықтар бойынша салық берешегіне қатысты қолданылмайды.»;
32) 616-баптың 6-тармағының 5) тармақшасы мынадай редакцияда жазылсын:
«5) салық төлеушiнің (салық агентінің) және оның дебиторының заңдық деректемелерi, мөрi (ол болған кезде) және қолтаңбалары;»;
33) 627-бапта:
9-тармақтың бірінші бөлігінің 1) тармақшасы мынадай редакцияда жазылсын:
«1) ішінара тексерулер - салық органдары салық есептілігін, уәкілетті мемлекеттік органдардың мәліметтерін, сондай-ақ салық төлеушінің (салық агентінің) қызметі туралы басқа да құжаттар мен мәліметтерді талдау нәтижелері бойынша салық төлеушіге (салық агентіне) қатысты тағайындайтын салықтық тексерулер;»;
9-тармақтың 33) тармақшасының төртінші, бесінші, алтыншы және жетінші абзацтары 2016 ж. 1 қаңтардан бастап қолданысқа енгізіледі
11-тармақ мынадай редакцияда жазылсын:
«11. Құжаттық тексеруге жататын кезең осы Кодекстің 46-бабына сәйкес белгіленген талап қоюдың ескіру мерзімінен аспауға тиіс.
Тексерілетін кезеңді айқындау кезінде салықтардың және (немесе) бюджетке төленетiн басқа да мiндеттi төлемнiң жекелеген түрлерi бойынша кешенді тексеру, тақырыптық тексеру тағайындалған жағдайда салықтар бойынша аудит қамтыған салық кезеңі енгізілмейді.
Осы тармақтың екінші бөлігінің ережесі осы баптың 5-тармағы 2) тармақшасының үшінші - жиырма үшінші абзацтарында, 9-тармағы бірінші бөлігі 2) тармақшасының үшінші, алтыншы, сегізінші, он бірінші - отыз бірінші абзацтарында көрсетілген салықтық тексерулерге, сондай-ақ мониторингке жататын ірі салық төлеушілерге, жер қойнауын пайдаланушыларға, акцизделетін өнімнің, биоотынның жекелеген түрлерін өндіру және олардың айналымы жөніндегі қызмет түрлерін жүзеге асыратын салық төлеушілерге қатысты қолданылмайды.»;
34) 631-баптың 1 және 3-тармақтарымынадай редакцияда жазылсын:
«1. Салық органдары, егер осы бапта өзгеше белгіленбесе:
1) резидент заңды тұлғаның, бейрезидент заңды тұлғаның құрылымдық бөлімшесінің бөліну жолымен қайта ұйымдастырылуына немесе таратылуына;
2) бейрезидент заңды тұлғаның Қазақстан Республикасында тұрақты мекеме арқылы жүзеге асыратын қызметін тоқтатуына;
3) дара кәсіпкер, жекеше нотариус, жеке сот орындаушысы, адвокат, кәсіби медиатор қызметінің тоқтатылуына;
4) салық төлеушінің салықтық өтініші негізінде қосылған құн салығы бойынша тіркеу есебінен шығарылуына байланысты жүзеге асырылатын салықтық тексерулерді қоспағанда, ішінара кешенді және (немесе) ішінара тақырыптық тексеру жүргізу басталғанға дейін кемінде күнтізбелік отыз күн бұрын, салық төлеушіге (салық агентіне) уәкілетті орган белгілеген нысан бойынша салықтық тексеру жүргізу туралы хабарлама жібереді немесе тапсырады.»;
«3. Салық төлеуші (салық агенті) тіркеу деректерінде көрсетілген орналасқан жері бойынша болмаған жағдайда, ішінара кешенді және (немесе) ішінара тақырыптық тексеру хабарландырусыз жүзеге асырылады.».
10. 2009 жылғы 18 қыркүйектегі «Халық денсаулығы және денсаулық сақтау жүйесі туралы» Қазақстан Республикасының Кодексіне (Қазақстан Республикасы Парламентінің Жаршысы, 2009 ж., № 20-21, 89-құжат; 2010 ж., № 5, 23-құжат; № 7, 32-құжат; № 15, 71-құжат; № 24, 149, 152-құжаттар; 2011 ж., № 1, 2, 3-құжаттар; № 2, 21-құжат; № 11, 102-құжат; № 12, 111-құжат; № 17, 136-құжат; № 21, 161-құжат; 2012 ж., № 1, 5-құжат; № 3, 26-құжат; № 4, 32-құжат; № 8, 64-құжат; № 12, 83-құжат; № 14, 92, 95-құжаттар; № 15, 97-құжат; № 21-22, 124-құжат; 2013 ж., № 1, 3-құжат; № 5-6, 30-құжат; № 7, 36-құжат; № 9, 51-құжат; № 12, 57-құжат; № 13, 62-құжат; № 14, 72, 75-құжаттар; № 16, 83-құжат; 2014 ж., № 1, 4-құжат; № 7, 37-құжат; № 10, 52-құжат; № 11, 65-құжат; № 14, 84, 86-құжаттар; № 16, 90-құжат; № 19-I, 19-II, 96-құжат; 2014 жылғы 8 қарашада «Егемен Қазақстан» және «Казахстанская правда» газеттерінде жарияланған «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне мемлекеттік басқару жүйесін одан әрі жетілдіру мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» 2014 жылғы 7 қарашадағы Қазақстан Республикасының Заңы):
1) мазмұнында:
21-баптың тақырыбы мынадай редакцияда жазылсын:
«21-бап. Мемлекеттік санитариялық-эпидемиологиялық бақылау және қадағалау»;
мынадай мазмұндағы 21-1 және 62-1-баптардың тақырыптарымен толықтырылсын:
«21-1-бап. Халықтың санитариялық-эпидемиологиялық саламаттылығы саласындағы рұқсаттар және хабарламалар»;
«62-1-бап. Санитариялық-эпидемиологиялық аудит»;
2) 1-баптың 1-тармағында:
мынадай мазмұндағы 84-1), 94-1) және 94-2) тармақшалармен толықтырылсын:
«84-1) өнім қауіпсіздігінің мониторингі - халықтың санитариялық-эпидемиологиялық саламаттылығы саласындағы нормативтік құқықтық актілердің, гигиеналық нормативтер мен техникалық регламенттердің талаптарына сәйкес келмейтін өнімді анықтауға, әкелінуінің, өндірілуінің, қолданылуының және өткізілуінің алдын алуға және жолын кесуге бағытталған іс-шаралар жүйесі;»;
«94-1) санитариялық-эпидемиологиялық аудит - мемлекеттік санитариялық-эпидемиологиялық қадағалауға жататын эпидемиялық маңызы бар объектілерді санитариялық-эпидемиологиялық тәуекелдерді анықтау мен бағалау және көрсетілген объектілерді халықтың санитариялық-эпидемиологиялық саламаттылығы саласындағы нормативтік құқықтық актілердің талаптарына сәйкес келтіру жөнінде ұсынымдар әзірлеу тұрғысынан тексеру;
94-2) санитариялық-эпидемиологиялық қорытынды - мемлекеттік санитариялық-эпидемиологиялық қадағалау объектілерінің халықтың санитариялық-эпидемиологиялық саламаттылығы саласындағы нормативтік құқықтық актілерге, гигиеналық нормативтерге және (немесе) техникалық регламенттерге сәйкестігін (сәйкес еместігін) куәландыратын құжат;»;
121) тармақша мынадай редакцияда жазылсын:
«121) эпидемиялық маңызы бар объектілер - Қазақстан Республикасының халықтың санитариялық-эпидемиологиялық саламаттылығы саласындағы заңнамасының талаптары бұзылған кезде өндіретін өнімі және (немесе) қызметі халық арасында тамақтан уланудың және (немесе) инфекциялық, паразиттік аурулардың пайда болуына әкеп соғуы және (немесе) өнеркәсіптік және радиоактивті ластанудан халық денсаулығына зиян келтіруі мүмкін объектілер;»;
3) 7-баптың 1-тармағында:
мынадай мазмұндағы 57-1) тармақшамен толықтырылсын:
«57-1) эпидемиялық маңызы бар объектілер құрылысының көрсетілген жобалары бойынша мемлекеттік санитариялық-эпидемиологиялық сараптама жүргізу арқылы жаңа ғимараттар мен құрылыстарды салуға немесе бұрыннан барын реконструкциялауға (кеңейту, техникалық қайта жарақтандыру, жаңғырту) және күрделі жөндеуге арналған жобалардың (техникалық-экономикалық негіздемелердің және жобалау-сметалық құжаттаманың) ведомстводан тыс кешенді сараптамасына қатысуды, салалық сараптама қорытындысын ресімдеу мен беруді қамтамасыз ету;»;
61) және 72) тармақшалар алып тасталсын;
4) 19-бапта:
5-тармақ алып тасталсын;
мынадай мазмұндағы 6-тармақпен толықтырылсын:
«6. «Қазақстан Республикасындағы мемлекеттік бақылау және қадағалау туралы» Қазақстан Республикасының Заңында көзделген критерийлерден басқа, мемлекеттік санитариялық-эпидемиологиялық қадағалауға жататын объектілердің тәуекелдер дәрежесін бағалау кезінде тексерілетін субъектінің тікелей қызметіне байланысты мынадай сапалық көрсеткіштердің жиынтығы ескеріледі:
алдыңғы тексерулердің нәтижелері;
өндірістік бақылауды ұйымдастыру және жүргізу;
халықтың санитариялық-эпидемиологиялық саламаттылығы саласында бастамашылық аудит жүргізу.»;
5) 21-бап мынадай редакцияда жазылсын:
«21-бап. Мемлекеттік санитариялық-эпидемиологиялық бақылау және қадағалау
1. Мемлекеттік санитариялық-эпидемиологиялық бақылау және қадағалау Қазақстан Республикасының халықтың санитариялық-эпидемиологиялық саламаттылығы саласындағы заңнамасын бұзушылықтардың алдын алуға, оларды анықтауға, жолын кесуге, сондай-ақ халықтың денсаулығы мен мекендеу ортасын және өнімнің, процестердің, көрсетілетін қызметтердің қауіпсіздігін сақтаумақсатында халықтың санитариялық-эпидемиологиялық саламаттылығы саласындағы нормативтік құқықтық актілердің, гигиеналық нормативтер мен техникалық регламенттердің сақталуын бақылауға бағытталады.
2. Халықтың санитариялық-эпидемиологиялық саламаттылығы саласындағы мемлекеттік орган Кеден одағының кедендік шекарасымен тұспа-тұс келетін Қазақстан Республикасының Мемлекеттік шекарасында инфекциялық және паразиттік аурулардың енуі мен таралуын санитариялық-карантиндік бақылауды жүзеге асыру және Қазақстан Республикасының Мемлекеттік шекарасы мен аумағын санитариялық қорғауды қамтамасыз ету тәртібін айқындайды.
3. Жеке және заңды тұлғалар, ғимараттар, құрылыстар, өнім, жабдық, көлік құралдары, топырақ, су, ауа, тамақ өнімдері және қызметі, пайдаланылуы, тұтынылуы, қолданылуы мен іске қосылуы адамның денсаулық жағдайы мен қоршаған ортаға зиян келтіруі мүмкін өзге де объектілер мемлекеттік санитариялық-эпидемиологиялық бақылау және қадағалау объектілері болып табылады.
Мемлекеттік санитариялық-эпидемиологиялық бақылау және қадағалау объектілері (эпидемиялық маңызы бар объектілер) екі топқа бөлінеді:
1) эпидемиялық маңыздылығы жоғары объектілер;
2) эпидемиялық маңыздылығы болмашы объектілер.
Эпидемиялық маңызы бар объектілерді топтарға бөлу тәуекелдерді бағалау жүйесі негізінде жүзеге асырылады.
Мемлекеттік санитариялық-эпидемиологиялық бақылауға және қадағалауға жататын өнім мен эпидемиялық маңызы бар объектілердің тізбесін халықтың санитариялық-эпидемиологиялық саламаттылығы саласындағы мемлекеттік орган осы тармақтың екінші бөлігінде көрсетілген топтар бойынша бөле отырып, өз құзыреті шегінде кәсіпкерлік жөніндегі және қоршаған ортаны қорғау саласындағы уәкілетті органдармен келісу бойынша бекітеді.
4. Мемлекеттiк санитариялық-эпидемиологиялық бақылау және қадағалау тексеру нысанында және өзге де нысандарда жүзеге асырылады.
Тексеру «Қазақстан Республикасындағы мемлекеттiк бақылау және қадағалау туралы» Қазақстан Республикасының Заңына сәйкес жүзеге асырылады.
Эпидемиялық маңыздылығы жоғары объектілерге қатысты тексерулер «Қазақстан Республикасындағы мемлекеттік бақылау және қадағалау туралы» Қазақстан Республикасының Заңына сәйкес тәуекелдерді бағалау жүйесіне негізделген мерзімділікпен ерекше тәртіп бойынша жүзеге асырылады.
Эпидемиялық маңыздылығы жоғары объектілер халықтың санитариялық-эпидемиологиялық саламаттылығы саласындағы мемлекеттік орган айқындайтын тәуекелдерді басқаруды бағалау жүйесіне сәйкес ерекше тәртіппен жүргізілетін тексерулерден босатылады.
Эпидемиялық маңыздылығы болмашы объектілерге қатысты жоспардан тыс тексерулер ғана жүргізіледі.
Мемлекеттiк санитариялық-эпидемиологиялық бақылаудың өзге де нысандары, мынадай:
1) егер бару объектінің (субъектінің) орналасқан жеріндегі құқықтық статистика және арнайы есепке алу жөніндегі уәкілетті органды барғанға дейін бір тәулік бұрын міндетті түрде хабардар ете отырып, рұқсат беру құжаттарын алумен байланысты болған;
2) жеке тұлғалардың инфекциялық және паразиттік аурулары, тамақтан улануы (үйдегі ауру ошағы) жағдайларында, санитариялық-эпидемияға қарсы және санитариялық-профилактикалық іс-шараларды ұйымдастыру және жүргізу үшін мемлекеттiк санитариялық-эпидемиологиялық бақылау жүргізу кезіндегі;
3) егер бару өнім қауіпсіздігінің мониторингін жүзеге асыру үшін өнімді іріктеумен байланысты болған жағдайларды қоспағанда, бақылау объектілеріне (субъектілеріне) барусыз қажеттілік және жеткіліктілік қағидатына сәйкес жүргізіледі.
5. Өнім қауіпсіздігінің мониторингі мемлекеттiк санитариялық-эпидемиологиялық бақылаудың өзге нысаны болып табылады және:
1) камералдық бақылау жүргізу;
2) өнімді іріктеу және оған санитариялық-эпидемиологиялық сараптама жүргізу арқылы жүзеге асырылады.
6. Камералдық бақылау сыртқы экономикалық қызметке қатысушылар туралы, өнімге сынақ жүргізуге, оның сәйкестігін растауға немесе өнім сәйкестігі туралы декларацияны тіркеуге, сәйкестікті растау нәтижелерін тануға жүгінген өтініш берушілер туралы, сынақ нәтижелері туралы, сондай-ақ кеден органдары, техникалық реттеу саласындағы уәкілетті орган халықтың санитариялық-эпидемиологиялық саламатталығы саласындағы мемлекеттік органға табыс ететін өнімдер сәйкестігінің дәлелдемелері ретінде табыс еткен өзге де құжаттарда қамтылған мәліметтерді зерттеу мен талдау негізінде жүзеге асырылады.
Сыртқы экономикалық қызметке қатысушылар, сәйкестікті растау жөніндегі органдар, сынақ зертханалары (орталықтар), өнімнің Қазақстан Республикасы заңнамасының талаптарына сәйкестігін декларациялайтын жеке кәсіпкерлік субъектілері камералдық бақылау объектілері болып табылады.
Камералдық бақылауды жүзеге асыру үшін қажетті мәліметтердің тізбесін, сондай-ақ кеден органдарының, техникалық реттеу саласындағы уәкілетті органның, сәйкестікті растау жөніндегі органдардың және сынақ зертханаларының (орталықтардың) оларды табыс ету тәртібін халықтың санитариялық-эпидемиологиялық саламаттылығы саласындағы мемлекеттік орган айқындайды.
7. Сыртқы экономикалық қызметке қатысушылар туралы, олар әкелетін өнім және әкелінетін өнімнің сәйкестігін растау жөніндегі құжаттар туралы мәліметтерді кеден органдары табыс етеді.
Өнімге сынақ жүргізуге, оның сәйкестігін растауға немесе өнім сәйкестігі туралы декларацияны тіркеуге, сәйкестікті растау нәтижелерін тануға жүгінген өтініш берушілер туралы, сынақ нәтижелері, сондай-ақ өнім сәйкестігінің дәлелдемелері ретінде табыс етілген өзге де құжаттарда қамтылған мәліметтерді техникалық реттеу саласындағы уәкілетті орган, сәйкестікті растау жөніндегі органдар және сынақ зертханалары (орталықтар) табыс етеді.
8. Халықтың санитариялық-эпидемиологиялық саламаттылығы саласындағы мемлекеттік орган камералдық бақылаудың нәтижелері бойынша халықтың санитариялық-эпидемиологиялық саламаттылығы саласындағы нормативтік құқықтық актілердің, гигиеналық нормативтер мен техникалық регламенттер талаптарының бұзылуы анықталған кезде, оның ішінде әкелінген өнім мен әкелінген өнімге сәйкестікті растау жөнінде берілген, тіркелген, танылған құжаттар арасындағы мәліметтерді салыстырып талдау негізінде камералдық бақылау субъектілеріне қатысты мынадай шараларды қолданады:
1) сыртқы экономикалық қызметке қатысушылардың және Қазақстан Республикасының аумағына өнімді әкелумен және (немесе) өткізумен айналысатын, өнімнің Қазақстан Республикасы заңнамасының талаптарына сәйкестігін декларациялайтын жеке кәсіпкерлік субъектілерінің атына халықтың санитариялық-эпдемиологиялық саламаттылығы саласындағы нормативтік құқықтық актілердің, гигиеналық нормативтер мен техникалық регламенттердің талаптарын бұзушылықты жою тәртібін міндетті түрде түсіндіре отырып, оны жою туралы нұсқама жібереді;
2) техникалық реттеу саласындағы уәкілетті органның атына Қазақстан Республикасының техникалық реттеу саласындағы заңнамасы талаптарының бұзылу фактілерін көрсете отырып, ақпарат жібереді.