1. Қазақстан Республикасының заңдарында белгіленген жағдайларда және тәртіппен жеке басты куәландыратын құжаттарды алдын ала тергеу, анықтау органдарының лауазымды адамдары, сондай-ақ лауазымды адамдар әкімшілік іс жүргізу және азаматтықты жоғалтуды және одан айырылуды ресімдеу барысында алып қояды.
2. Жеке басты куәландыратын құжаттарды кепілге қабылдауға тыйым салынады.
3. Қазақстан Республикасының заңнамасында көзделген жағдайларды қоспағанда, жеке басты куәландыратын құжаттардың көшірмелері бойынша жеке тұлғаны сәйкестендіруге, сол сияқты оларды пайдалануға тыйым салынады.
4. Бас бостандығынан айыруға сотталған адамдардың жеке басты куәландыратын құжаттары алып қойылады және үкімдерді орындайтын мекемелерде сақталады. Жазаны өтеуден босатылған кезде жеке басты куәландыратын құжаттар иелеріне қайтарылады.
3-тарау. ЖЕКЕ БАСТЫ КУӘЛАНДЫРАТЫН ҚҰЖАТТАР САЛАСЫНДАҒЫ МЕМЛЕКЕТТІК ОРГАНДАРДЫҢ ҚҰЗЫРЕТІ
24-бап. Қазақстан Республикасы Президентінің құзыреті
Қазақстан Республикасының Президенті:
1) Қазақстан Республикасының дипломатиялық және қызметтік паспорттарын ресімдеу, беру, ауыстыру, тапсыру, алып қою және жою тәртібін бекітеді;
2) Қазақстан Республикасының дипломатиялық және қызметтік паспорттары берілетін Қазақстан Республикасы лауазымды адамдарының тізбесін бекітеді;
3) Қазақстан Республикасының Конституциясына және заңдарына сәйкес өзге де өкілеттіктерді жүзеге асырады.
25-бап. Қазақстан Республикасы Үкіметінің құзыреті
Қазақстан Республикасының Үкіметі:
1) Қазақстан Республикасының дипломатиялық және қызметтік паспорттарын қоспағанда, жеке басты куәландыратын құжаттарды ресімдеу, беру, ауыстыру, тапсыру, алып қою және жою тәртібін бекітеді;
2) жеке басты куәландыратын құжаттардың үлгілерін және оларды қорғауға қойылатын талаптарды бекітеді;
3) Қазақстан Республикасының Конституциясында, заңдарында және Қазақстан Республикасы Президентінің актілерінде көзделген өзге де өкілеттіктерді жүзеге асырады.
26-бап. Ішкі істер органдарының құзыреті
Ішкі істер органдары:
2020.13.05. № 327-VІ Заңымен 1) тармақша өзгертілді (2021 ж. 2 қаңтардан бастап қолданысқа енгізілді) (бұр.ред.қара)
1) жеке басты куәландыратын құжаттардың:
Қазақстан Республикасы азаматы паспортының;
Қазақстан Республикасы азаматы жеке куәлігінің;
шетелдіктің Қазақстан Республикасында тұруына ықтиярхаттың;
азаматтығы жоқ адамның куәлігінің;
босқын куәлігінің;
жол жүру құжатының үлгілерін, оларды ресімдеу, беру, ауыстыру, тапсыру, алып қою және жою тәртібін әзірлейді;
2) осы баптың 1) тармақшасында көрсетілген жеке басты куәландыратын құжаттарды ресімдеуді, беруді, ауыстыруды, алып қоюды және жоюды жүзеге асырады;
3) Қазақстан Республикасының заңдарында, Қазақстан Республикасы Президентінің және Қазақстан Республикасы Үкіметінің актілерінде көзделген өзге де өкілеттіктерді жүзеге асырады.
27-бап. Сыртқы саяси қызмет саласындағы уәкілетті мемлекеттік органның құзыреті
Сыртқы саяси қызмет саласындағы уәкілетті мемлекеттік орган:
1) Қазақстан Республикасы дипломатиялық паспортының және Қазақстан Республикасы қызметтік паспортының үлгілерін, оларды ресімдеу, беру, ауыстыру, тапсыру, алып қою және жою тәртібін әзірлейді;
2) қайтып оралуға арналған куәліктің үлгісін, оны ресімдеу, беру және ауыстыру тәртібін әзірлейді;
3) осы баптың 1) тармақшасында көрсетілген жеке басты куәландыратын құжаттарды ресімдеуді, беруді, ауыстыруды, алып қоюды және жоюды жүзеге асырады;
4) шетелде тұрақты тұру құқығына құжаттар алған Қазақстан Республикасы азаматтарынан жеке куәлігін және өзге мемлекеттің азаматтығын қабылдаған жағдайда - паспортын Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген тәртіппен алып қояды;
5) Қазақстан Республикасының заңдарында, Қазақстан Республикасы Президентінің және Қазақстан Республикасы Үкіметінің актілерінде көзделген өзге де өкілеттіктерді жүзеге асырады.
28-бап. Өзге де уәкілетті мемлекеттік органдардың құзыреті
Өзге де уәкілетті мемлекеттік органдар:
1) жеке басты куәландыратын құжаттардың:
әділет органдары - туу туралы куәліктің;
көлік және коммуникация саласындағы уәкілетті мемлекеттік орган - Қазақстан Республикасы теңізшісінің жеке куәлігінің үлгілерін, оларды ресімдеу, беру, ауыстыру, тапсыру, алып қою және жою тәртібін әзірлейді;
2) өз құзыреті шегінде жеке басты куәландыратын құжаттарды ресімдеуді, беруді, ауыстыруды, алып қоюды және жоюды жүзеге асырады;
3) Қазақстан Республикасының заңдарында, Қазақстан Республикасы Президентінің және Қазақстан Республикасы Үкіметінің актілерінде көзделген өзге де өкілеттіктерді жүзеге асырады.
4-тарау. ҚОРЫТЫНДЫ ЕРЕЖЕЛЕР
2017.25.12. № 122-VI ҚР Заңымен 29-бап өзгертілді (2018 ж. 1 қаңтардан бастап қолданысқа енгізілді) (бұр.ред.қара)
29-бап. Жеке басты куәландыратын құжаттарды дайындау саласындағы мемлекеттік монополия
Осы Заңның 6-бабы 1-тармағының 1), 2), 3) және 4) тармақшаларында көрсетілген жеке басты куәландыратын құжаттарды дайындау, құжаттарды дайындау жүйесі деректерінің ықпалдастырылған банкін жинақтау және жүргізу, көші-қон үдерістерінің есебін жүргізу жұмысын автоматтандыру, ішкі істер органдары үшін бағдарламалық-техникалық өнімдерді әзірлеу, енгізу және сүйемелдеу жөніндегі қызмет мемлекеттік монополияға жатады және оны Қазақстан Республикасы Үкіметінің шешімі бойынша құрылған шаруашылық жүргізу құқығындағы республикалық мемлекеттік кәсіпорын жүзеге асырады.
Шаруашылық жүргізу құқығындағы республикалық мемлекеттік кәсіпорын көрсететін жеке басты куәландыратын құжаттарды жеделдетілген тәртіппен беру бойынша көрсетілетін қызмет бағаларының прейскурантын ішкі істер органдары монополияға қарсы органмен келісу бойынша бекітеді.
30-бап. Қазақстан Республикасының жеке басты куәландыратын құжаттар туралы заңнамасын бұзғаны үшін жауаптылық
Қазақстан Республикасының жеке басты куәландыратын құжаттар туралы заңнамасын бұзу Қазақстан Республикасының заңдарына сәйкес жауаптылыққа әкеп соғады.
31-бап. Осы Заңды қолданысқа енгізу тәртібі
Осы Заң алғашқы ресми жарияланғанынан кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі.
Қазақстан Республикасының
Президенті
Н. НАЗАРБАЕВ
Астана, Ақорда, 2013 жылғы қаңтардың 29-ы.
№ 73-V