2. Ұлттық ұланның әскери қызметшілерінің заңды талаптары азаматтар мен лауазымды адамдардың орындауы үшін міндетті.
3. Осы Заңның талаптарын орындамау, Ұлттық ұланның өздеріне жүктелген міндеттерін орындауына кедергі келтіру, әскери қызметшілердің абыройы мен қадір-қасиетіне тіл тигізу, әскери рәміздерді қорлау Қазақстан Республикасының заңдарында белгіленген жауаптылыққа әкеп соқтырады.
4. Ұлттық ұланның әскери қызметшілері өздеріне жүктелген міндеттерді орындау кезінде тікелей бастықтарына ғана бағынады.
19-бап. Ұлттық ұланның кадрларын даярлау және олардың кәсіби деңгейін арттыру
1. Ұлттық ұланға офицерлер даярлауды Қазақстан Республикасының жоғары оқу және әскери оқу орындары, Қазақстан Республикасының халықаралық шарттарына және келісімшарттарға, сондай-ақ Қазақстан Республикасының шетелде оқыту жөніндегі мемлекеттік бағдарламаларына сәйкес шет мемлекеттердің жоғары оқу және әскери оқу орындары жүзеге асырады.
2. Сарбаздар мен сержанттарды даярлау және қайта даярлау Ұлттық ұланның және Қазақстан Республикасы Қарулы Күштерінің, басқа да әскерлері мен әскери құралымдарының оқу әскери бөлімдерінде (орталықтарында), сондай-ақ Қазақстан Республикасының халықаралық шарттарына және келісімшарттарға сәйкес шет мемлекеттердің әскери оқу орындарында жүзеге асырылады.
3. Ұлттық ұланның офицерлік құрамының және сарбаздар мен сержанттар құрамдарының лауазымдарында келісімшарт бойынша қызмет өткеріп жатқан әскери қызметшілерінің кәсіби деңгейін арттыру Қазақстан Республикасының және Қазақстан Республикасының халықаралық келісімдеріне және келісімшарттарға сәйкес шет мемлекеттердің білім беру ұйымдарында, оның ішінде әскери оқу орындарында жүзеге асырылады.
20-бап. Ұлттық ұланның әскери қызметшілерінің әскери қызмет міндеттерін орындауы
1. Ұлттық ұланның әскери қызметшілерінің лауазымдық және арнайы міндеттері және оларды орындау тәртібі осы Заңда, Қазақстан Республикасының басқа да заңнамалық актілерінде, жалпы әскери жарғыларда және Қазақстан Республикасы Ішкі істер министрлігінің нормативтік-құқықтық актілерінде айқындалады.
2. Ұлттық ұланның әскери қызметшілерінің қарауыл, гарнизон, застава, әскери наряд құрамында, сондай-ақ Ұлттық ұланға жүктелген міндеттерді орындау үшін тартылатын әскери бөлімдер (бөлімшелер) құрамында әскери қызмет міндеттерін орындауы жауынгерлік кезекшілікті атқару болып табылады.
3. Ұлттық ұланның әскери қызметшілерінің жауынгерлік кезекшілікті атқару тәртібі және шарттары, сондай-ақ олардың жауынгерлік кезекшілікті атқарғаны үшін төленетін үстемеақылардың (қосымша ақшалай төлемдердің) мөлшерлері Қазақстан Республикасының заңнамалық актілерінде, Қазақстан Республикасы Президентінің, Қазақстан Республикасы Үкіметінің, сондай-ақ Қазақстан Республикасының Ішкі істер министрінің нормативтік құқықтық актілерінде белгіленеді.
4. Ұлттық ұланның әскери қызметшілерінің жауынгерлік кезекшілікті атқару ұзақтығы әскери қызметшінің қарауыл, гарнизон, застава, әскери наряд құрамында, сондай-ақ Ұлттық ұланға жүктелген міндеттерді орындау үшін тартылатын әскери бөлімдер (бөлімшелер) құрамында нақты болған уақытымен айқындалады.
6-тарау. ҰЛТТЫҚ ҰЛАННЫҢ МӘЖБҮРЛЕУ ШАРАЛАРЫН ҚОЛДАНУЫ
21-бап. Дене күшін, арнайы құралдарды, қаруды, әскери және арнайы техниканы қолдану шарттары мен шектері
1. Ұлттық ұланның әскери қызметшілерінің өздеріне жүктелген міндеттерді орындау кезінде қаруды, арнайы құралдарды алып жүруге, сақтауға, әскери және арнайы техниканы сақтауға, егер өздеріне жүктелген міндеттерді басқа тәсілдермен орындау мүмкін болмаса, оларды, сондай-ақ дене күшін қолдануға құқығы бар.
2. Дене күші, арнайы құралдар, қару, әскери және арнайы техника осы Заңда және Қазақстан Республикасының өзге де заңнамалық актілерінде көзделген жағдайларда, қалыптасқан жағдай негізге алына отырып қолданылады.
3. Ұлттық ұланның әскери қызметшілері дене күшін, арнайы құралдарды, қаруды, әскери және арнайы техниканы қолдануға байланысты әрекеттерге жарамдылығына және зардап шеккендерге дәрігерге дейінгі көмек көрсете білуге арнайы даярлықтан, сондай-ақ кезең-кезеңмен тексеруден өтуге міндетті.
4. Ұлттық ұланның әскери қызметшісі дене күшін, арнайы құралдарды, қаруды, әскери және арнайы техниканы қолдану кезінде:
1) дене күшін, арнайы құралдарды, қаруды, әскери және арнайы техниканы қолдануды кешіктіру азаматтардың, әскери қызметшілердің немесе ішкі істер органдары қызметкерлерінің өмірі мен денсаулығына тікелей қауіп төндіретін, өзге де ауыр салдарларға әкеп соқтыруы мүмкін болатын немесе қалыптасқан жағдайда мұндай ескерту орынсыз немесе мүмкін емес болып табылған жағдайларды қоспағанда, дене күшін, арнайы құралдарды, қаруды, әскери және арнайы техниканы қолдану ниеті туралы ескертуге, бұл ретте оларды қолдану көзделіп отырған адамдарға өзінің талаптарын орындау үшін жеткілікті уақыт беруге;
2) дене жарақатын алған адамдарға дәрігерге дейінгі көмек көрсетілуін қамтамасыз етуге;
3) дене күшін, арнайы құралдарды, қаруды, әскери және арнайы техниканы қолданудың салдарларынан жарақат алудың немесе қайтыс болудың барлық жағдайлары туралы кейіннен прокурорды Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген тәртіппен хабардар ету үшін өзінің тікелей командиріне (бастығына) дереу баяндауға міндетті.
22-бап. Дене күшін қолдану
Егер қылмыстық және әкімшілік құқық бұзушылықтардың жолын кесудің өзге де тәсілдері Ұлттық ұланның әскери қызметшілерінің өз қызметтік міндеттерін орындауын қамтамасыз етпейтін болса, Ұлттық ұланның әскери қызметшілерінің өзін-өзі қорғау, қылмыстық және әкімшілік құқық бұзушылықтардың жолын кесу, оларды жасаған адамдарды ұстап алу, Ұлттық ұланның әскери қызметшілерінің заңды талаптарына қарсылықты еңсеру үшін дене күшін, оның ішінде жауынгерлік күрес тәсілдерін қолдануға құқығы бар.
23-бап. Арнайы құралдарды қолдану
1. Ұлттық ұланның әскери қызметшілерінің:
1) азаматтарға, әскери қызметшілерге, ішкі істер органдарының қызметкерлеріне жасалған шабуылды тойтару;
2) Ұлттық ұланның әскери қызметшілерінің және қоғамдық тәртіпті сақтау жөніндегі қызметтік міндеттерін немесе азаматтық борышын атқарып жүрген өзге де адамдардың заңды талаптарына бағынбаушылықтың немесе қарсылық көрсетудің жолын кесу, құқық бұзушылықтардың алдын алу және жолын кесу;
3) қылмыстық құқық бұзушылықтар жасау кезінде қолға түскен, жасырынуға немесе қарсылық көрсетуге әрекет жасаған адамдарды ұстап алу;
4) Қазақстан Республикасының заңдарына сәйкес адамдарды ұстап алу;
5) қылмыстық құқық бұзушылық жасады деп күдік келтірілген (айып тағылған) адамдарды, қылмыстық-атқару жүйесінің мекемелерінде ұсталатын адамдардың, олардың аумағындағы азаматтардың мінез-құлқын бақылау мен қадағалауды жүзеге асыру кезінде әкімшілік құқық бұзушылық жасаған адамдарды ұстап алу және аумақтық ішкі істер органдарына жеткізу, сондай-ақ бағынбаған немесе қарсылық көрсеткен, сондай-ақ қашып кетуі, айналасындағыларға және өзіне зиян келтіру мүмкін немесе Ұлттық ұланның әскери қызметшісіне қарсылық көрсетеді деп пайымдауға негіз болса, сотталғандарды, күзетпен ұсталатын адамдарды айдауылмен алып жүру және күзету;
6) әскери қалашықтарға, әскери эшелондарға (көлікке) және көлік колонналарына, Ұлттық ұлан күзететін объектілерге жасалған шабуылдарды тойтару;
7) кепілге алынған адамдарды, басып алынған ғимараттарды, үй-жайларды, құрылыстарды, көлік құралдарын және жергілікті жердің учаскелерін босату;
8) меншік нысанына қарамастан көлік құралдарының, байланыс құралдарының, ұйымдардың жұмысын бұзатын, сондай-ақ қылмыстық-атқару жүйесі мекемелерінің жұмысына іріткі салатын жаппай тәртiпсiздiктер мен әрекеттердің жолын кесу;
9) жүргізушілері полиция қызметкерлерінің немесе Ұлттық ұланның әскери қызметшілерінің тоқтау туралы заңды талаптарын орындамаған көлік құралдарын тоқтату үшін арнайы құралдарды қолдануға құқығы бар.
2. Ұлттық ұланның әскери қызметшілері қолданатын арнайы құралдар ретінде:
1) осы баптың 1-тармағының 1), 2), 3), 4), 6), 7) және 8) тармақшаларында көзделген жағдайларда - резеңке таяқтар;
2) осы баптың 1-тармағының 1), 2), 3), 4), 6), 7) және 8) тармақшаларында көзделген жағдайларда - көзден жас ағызатын газ;
3) осы баптың 1-тармағының 2), 3), 4) және 5) тармақшаларында көзделген жағдайларда - қол кісендері қолданылуы мүмкін. Қол кісендері болмаған кезде әскери қызметшілер байлау үшін қолда бар құралдарды пайдалануға құқылы;
4) осы баптың 1-тармағының 1), 4), 6), 7) және 8) тармақшаларында көзделген жағдайларда - алаңдатып әсер ететін жарық-дыбыс құралдары;
5) осы баптың 1-тармағының 4) және 7) тармақшаларында көзделген жағдайларда - тосқауылдарды бұзу құралдары;
6) осы баптың 1-тармағының 9) тармақшасында көзделген жағдайларда - көлік құралдарын мәжбүрлеп тоқтату құралдары;
7) осы баптың 1-тармағының 1), 2), 3), 4), 5), 6), 7) және 8) тармақшаларында көзделген жағдайларда - қызметтік иттер қолданылуы мүмкін.
3. Арнайы құралдардың барлық түрлері осы Заңның 24-бабының 1-тармағында көзделген жағдайларда да қолданылуы мүмкін.
4. Арнайы құралдың түрі, оны қолдануды бастау уақыты және қарқыны қалыптасқан жағдайды, құқық бұзушылықтың сипатын және құқық бұзушының жеке басын ескере отырып айқындалады.
5. Жүктілік белгілері көрініп тұрған әйелдер, анық мүгедектiк белгiлері бар адамдар және жас балалар топтасқан немесе өзге де шабуыл жасаған, қарсылық көрсеткен, сондай-ақ азаматтардың өмірі мен денсаулығына қатер төндірген жағдайларды қоспағанда, оларға қатысты арнайы құралдарды қолдануға тыйым салынады.
24-бап. Қару қолдану
1. Ұлттық ұланның әскери қызметшілерінің:
1) азаматтарды олардың өмірі мен денсаулығына қатер төндіретін шабуылдан қорғау;
2) судьяларға, әскери қызметшілерге, ішкі істер, сот және прокуратура органдарының қызметкерлеріне жасалған, олардың өмірі мен денсаулығына қатер төндіретін шабуылды тойтару, сондай-ақ олардың қаруын және әскери техниканы иелену әрекетінің жолын кесу;
3) әлеуметтік сипаттағы, оның ішінде қылмыстық-атқару жүйесінің мекемелеріндегі, тергеу изоляторларындағы, түрмелердегі, сондай-ақ төтенше жағдайдың құқықтық режимін қамтамасыз ету кезіндегі төтенше жағдайды тоқтату үшін;
4) кепілге алынған адамдарды, басып алынған күзетілетін объектілер мен коммуникацияларды, арнайы жүктерді, әскери техниканы босату;
5) азаматтардың өмірі мен денсаулығына не меншікке қарсы ауыр немесе аса ауыр қылмыс жасау кезінде қолға түскен, жасырынуға әрекет жасаған, сондай-ақ қарулы қарсылық көрсеткен адамдарды ұстап алу;
6) өздеріне қатысты бұлтартпау шарасы ретінде күзетпен ұстау таңдалған адамдардың; бас бостандығынан айыруға сотталғандардың күзетпен ұстаудан қашуының жолын кесу, сондай-ақ оларды күшпен босату әрекеттерiнің жолын кесу;
7) егер жүргізушісі өз әрекеттерімен азаматтардың немесе Ұлттық ұланның жеке құрамының өміріне немесе денсаулығына қатер төндірсе не ішкі істер органдары қызметкерлерінің немесе Ұлттық ұланның әскери қызметшілерінің заңды талаптарына қарамастан, тоқтаудан бас тартса, сондай-ақ егер сотталған адам көлік құралын қашу үшін пайдаланса, көлік құралын зақымдау арқылы тоқтату;
8) азаматтарға немесе Ұлттық ұланның және құқық қорғау органдарының әскери қызметшілеріне қарсы қару пайдаланған немесе қолданған жаппай тәртіпсіздікке қатысушыларды бейтараптандыру;
9) әскери қалашықтарға, әскери эшелондарға (көлікке), көлік колонналарына, күзетілетін объектілерге және коммуникацияларға, арнайы жүктерге, күзетшілерге, қарауылдың (әскери нарядтың) басқа да адамдарына немесе қарауылдың үй-жайына, азаматтардың тұрғын үй-жайларына, мемлекеттік билік органдары, меншік нысанына қарамастан ұйымдар орналасқан үй-жайларға топтасқан немесе қарулы (оның ішінде көлік құралдары пайдаланылатын) шабуылды тойтару;
10) Қазақстан Республикасының Мемлекеттік шекарасындағы қарулы жанжалдарды және басқа да арандатушылықтарды тоқтату;
11) Ұлттық ұлан әскери қызметшілерінің құқыққа қарсы әрекеттерді тоқтату және осы адамдардың қолындағы қаруды, оқ-дәрілерді, жарылғыш заттарды, жарылатын құрылғыларды немесе оларды имитациялайтын құрылғыларды, арнайы жасалған техникалық құралдарды, оңай тұтанатын және жанатын сұйықтықтарды, улы және радиоактивті заттарды, арнайы құралдарды және әскери техниканы немесе қолданылуы Ұлттық ұланның әскери қызметшісінің және (немесе) ішкі істер органдары қызметкерінің, өзге де адамдардың өміріне немесе денсаулығына қатер төндіруі мүмкін, дене жарақатын салу үшін арнайы бейімделген басқа да нәрселерді тапсыру туралы заңды талаптарын орындаудан бас тартқан қарулы адамдардың қарсылығын басу;
12) азаматтарды қару қолдану ниеті туралы ескерту, дабыл сигналын беру және көмекке шақыру;
13) азаматтардың өміріне немесе денсаулығына тікелей қатер төндіретін жануарды залалсыздандыру;
14) адамдардың күзетілетін объектілердің, бекеттердің және басқа да жауынгерлік қызмет атқару орындарының аумақтарына құқыққа қарсы тәсілмен кіру немесе олардан шығып кету әрекеттерінің жолын өзге тәсілдермен кесу мүмкін болмаса, бұл әрекеттердің жолын кесу үшін қару қолдануға құқығы бар.
2. Қаруды, жарылғыш заттарды, жарылатын құрылғыларды немесе оларды имитациялайтын құрылғыларды, арнайы жасалған техникалық құралдарды, оңай тұтанатын және жанатын сұйықтықтарды, улы және радиоактивті заттарды, әскери және арнайы техниканы, көлік құралдарын, ұшу аппараттарын, теңіз немесе өзен кемелерін пайдалана отырып жасалған шабуылды тойтару кезінде, күзетпен ұстаудан қарумен не көлік құралдарымен, ұшу аппараттарымен, теңіз немесе өзен кемелерімен қашқан кезде, сотталған адам (күзетпен қамауға алынған адамдар) түнгі мезгілде немесе көрінуі шектеулі болған жағдайда күзетпен ұстаудан қашқан, жүріп келе жатқан көлік құралдарынан, теңіз немесе өзен кемелерінен қашқан кезде, топтасқан немесе өзге де қарулы шабуыл жасалған, қарулы қарсылық көрсетілген кезде, сондай-ақ азаматтардың өмірі мен денсаулығына қатер төнген кезде қару ескертусіз қолданылады.
3. Әйелдер, анық мүгедектiк белгiлері бар адамдар және жас балалар топтасып немесе өзге де қарулы шабуыл жасаған, қарулы қарсылық көрсеткен, сондай-ақ азаматтардың өмірі мен денсаулығына қатер төндірген жағдайларды қоспағанда, оларға қатысты қару қолдануға тыйым салынады.
25-бап. Әскери және арнайы техниканы қолдану
1. Ұлттық ұлан қаруланған әскери және арнайы техника:
1) кепілге алынған адамдарды, басып алынған күзетілетін объектілер мен коммуникацияларды, арнайы жүктерді, әскери техниканы босату;
2) өзге тәсілмен азаматтардың өмірі мен денсаулығына қатер төндіретін шабуылдың жолын кесу мүмкін болмаған жағдайда, бұл әрекеттен оларды қорғау;
3) төтенше жағдай режимі кезінде, егер жүргізуші ішкі істер органдары қызметкерлерінің немесе Ұлттық ұланның әскери қызметшілерінің заңды талаптарына қарамастан тоқтаудан бас тартса, көлік құралын тоқтату;
4) әскери қалашықтарға, әскери эшелондарға (көлікке), көлік колонналарына, күзетілетін объектілер мен коммуникацияларға, арнайы жүктерге, азаматтардың тұрғын үй-жайларына, мемлекеттік билік органдары, меншік нысанына қарамастан ұйымдар орналасқан үй-жайларға топтасқан немесе қарулы (оның ішінде көлік құралдары пайдаланылатын) шабуылдарды тойтару;
5) Ұлттық ұланның әскери қызметшілерінің құқыққа қарсы әрекеттерді тоқтату және осы адамдардың қолындағы қаруды және әскери техниканы тапсыру туралы заңды талаптарын орындаудан бас тартқан қарулы адамдардың қарсылығын басу үшін қолданылады.
2. Осы Заңның 23-бабы 1-тармағының 4), 6), 7) және 8) тармақшаларында көзделген жағдайларда, әскери бөлім командирінің немесе оның орынбасарының нұсқауы бойынша суатқыштар мен броньды машиналар қолданылуы мүмкін.
26-бап. Ұлттық ұланның әскери қызметшілері мен олардың отбасы мүшелерінің жеке қауіпсіздігінің кепілдіктері
1. Ұлттық ұлан әскери қызметшісінің осы Заңның 24-бабында көзделген жағдайларда ғана қаруын шығаруға және оны әзірлікке келтіруге құқығы бар.
2. Адамның қарумен не дене жарақатын салуға болатын нәрселермен Ұлттық ұланның әскери қызметшісі көрсеткен қашықтықтан жақындауға, сондай-ақ әскери қызметшінің қаруын иеленуге ұмтылудан көрінетін әрекеттер жасауы әскери қызметшіге осы Заңның 24-бабы 1-тармағының 2) тармақшасына сәйкес қару қолдану құқығын береді.
3. Әлеуметтік сипаттағы төтенше жағдайлар кезінде және төтенше жағдай режимін қамтамасыз ету үшін тартылатын Ұлттық ұланның әскери қызметшілерінің негізделген кәсіби тәуекелге құқығы бар. Негізделген кәсіби тәуекел кезінде олардың зиян келтіруі құқық бұзушылық болып табылмайды.
Егер әлеуметтік сипаттағы төтенше жағдайлар кезінде және (немесе) төтенше жағдай режимін қамтамасыз ету үшін тартылатын Ұлттық ұланның әскери қызметшісі жасаған іс-әрекет қалыптасқан жағдайдан объективті түрде туындаса және қойылған мақсатқа тәуекелмен байланысты емес әрекеттер арқылы қол жеткізу мүмкін болмаса, бұл ретте төтенше жағдай режимін қамтамасыз ету үшін тартылатын Ұлттық ұланның әскери қызметшісі зиян келтіруді болдырмау үшін барлық мүмкін болатын шараларды қолданса, кәсіби тәуекел негізді болып танылады.
2016.22.12. № 28-VI ҚР Заңымен 4-тармақ өзгертілді (бұр.ред.қара)
4. Әлеуметтік сипаттағы төтенше жағдайлар кезінде және төтенше жағдай режимін, терроризмге қарсы операцияның құқықтық режимін қамтамасыз ету үшін тартылатын Ұлттық ұланның әскери қызметшілері, егер:
1) олар қажетті қорғаныс шегінен немесе қылмыстық құқық бұзушылық жасаған адамды ұстап алу үшін қажетті шаралар шегінен аспаса;
2) олардың көрiнеу заңсыз бұйрықтарды немесе өкiмдердi орындау үшiн қасақана қылмыстық құқық бұзушылық жасауын қоспағанда, олар белгіленген тәртіппен берілген, өздері үшін міндетті бұйрықты немесе өкімді орындау үшін әрекет етсе;
3) олар негізделген кәсіби тәуекел немесе аса қажеттілік жағдайында әрекет етсе, осы Заңда және өзге де заңнамалық актілерде көзделген жағдайларда дене күшін, арнайы құралдарды, әскери және арнайы техниканы қолдануға, қаруды қолдануға (пайдалануға) байланысты келтірілген зиян үшін жауаптылықта болмайды.
5. Ұлттық ұланның әскери қызметшілерінің, олардың отбасы мүшелерінің жеке қауіпсіздігі мүддесінде көпшілік алдында сөз сөйлеуде, бұқаралық ақпарат құралдарында Ұлттық ұланның құрамалары мен әскери бөлімдерінің орналасқан жері немесе көшірілген жері туралы мәліметтерді таратуға жол берілмейді, сондай-ақ қарулы қылмыскерлер, заңсыз қаруланған құралымдар және өзге де ұйымдасқан қылмыстық топтар (қоғамдастықтар) әрекетінің жолын кесуге қатысқан Ұлттық ұланның әскери қызметшілері туралы мәліметтердің, сондай-ақ олардың отбасы мүшелері туралы мәліметтердің құпиялылығы қамтамасыз етіледі.
7-тарау. ҰЛТТЫҚ ҰЛАН ӘСКЕРИ ҚЫЗМЕТШІЛЕРІНІҢ, ОЛАРДЫҢ ОТБАСЫ МҮШЕЛЕРІНІҢ ӘЛЕУМЕТТІК КЕПІЛДІКТЕРІ
27-бап. Ұлттық ұлан әскери қызметшілерінің, олардың отбасы мүшелерінің әлеуметтік кепілдіктері
1. Ұлттық ұланда әскери қызмет атқарудың осы Заңда белгіленген ерекше сипаты және әскери қызметшілердің жауапкершілігі «Әскери қызмет және әскери қызметшілердің мәртебесі туралы» және «Қазақстан Республикасында зейнетақымен қамсыздандыру туралы» Қазақстан Республикасының заңдарына сәйкес әскери қызметшілер мен олардың отбасы мүшелері үшін қосымша әлеуметтік құқықтармен және жеңілдіктермен өтеледі.
2. Қылмыстық-атқару жүйесінің туберкулезге қарсы мекемелерінде қызмет атқаратын әскери қызметшілерге Қазақстан Республикасының заңнамасында медицина қызметкерлерінің осы санаты үшін белгіленген жеңілдіктер қолданылады.
3. Ұлттық ұланның әскери қызметшілерін осы Заңның 10-бабына сәйкес тұрақты орналасқан пунктінен тыс жерде міндеттерді орындауға тарту кезеңінде еңбек сіңірген жылына есептелетін әскери қызмет мерзімінің бір күні үш күн есебіне саналады және үш еселенген мөлшерде ақшалай қамтылым төленеді.
28-бап. Ұлттық ұлан әскери қызметшілерінің, олардың отбасы мүшелерінің тұрғынжай құқықтары
1. Тұрғын үйге мұқтаж әскери қызметшілерді және олармен бірге тұрақты тұратын олардың отбасы мүшелерін тұрғынжаймен қамтамасыз ету, сондай-ақ тұрғынжайды жалдағаны (жалға алғаны) үшін өтемақы төлеу «Тұрғын үй қатынастары туралы» Қазақстан Республикасының Заңында көзделген тәртіппен жүргізіледі.
2. Ұлттық ұланның әскери қызметшісі қызметтік іс-қимылды жүзеге асыруға байланысты қаза тапқан жағдайда қаза тапқан әскери қызметші отбасының есепке қою кезіндегі негіздер бойынша тұрғын алаң алу құқығы сақталады, тұрғын алаң әскери қызметші қаза тапқан күннен бастап бір жылдан кешіктірілмей беріледі. Асыраушысынан айырылған әскери қызметшінің отбасы мүшелеріне Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес тұруға жарамды басқа тұрғын үй-жай өтеусіз берілмейінше, олар тұрып жатқан тұрғын үй-жайларынан шығарылмайды.
8-тарау. ҚОРЫТЫНДЫ ЕРЕЖЕЛЕР
29-бап. Ұлттық ұланды қаржыландыру
Ұлттық ұланды қаржыландыру республикалық бюджет қаражаты есебінен жүзеге асырылады.
30-бап. Ұлттық ұланды материалдық-техникалық қамтамасыз ету
1. Ұлттық ұланды материалдық-техникалық қамтамасыз ету нормаларын бюджеттік жоспарлау жөніндегі орталық уәкілетті органмен келісу бойынша Қазақстан Республикасының Ішкі істер министрі бекітеді.
Ұлттық ұланды материалдық-техникалық қамтамасыз ету тәртібін Қазақстан Республикасының Үкіметі бекітеді.
2. Ұлттық ұлан Қазақстан Республикасының Қарулы Күштері, басқа да әскерлері мен әскери құралымдары және Қазақстан Республикасының ішкі істер органдары үшін белгіленген тәртіппен және нормалар бойынша қару-жарақпен, авиациялық, автомобильдік, броньды танктік және басқа да әскери техникамен және материалдық құралдармен қамтамасыз етіледі.
3. Маңызды мемлекеттік объектiлер мен коммуникацияларды, арнайы жүктерді, сондай-ақ қылмыстық-атқару жүйесі мекемелерiнің объектiлерiн күзету жөніндегі мiндеттердi орындайтын әскери бөлiмдерге (бөлiмшелерге) жеке құрамды, қару-жарақты, техника мен әскери-техникалық мүлiкті, сондай-ақ басқару органдарын орналастыру үшін әскери қалашықтарды, ғимараттар мен құрылыстарды объектiлерiн Ұлттық ұлан күзететiн министрлiктер, ведомстволар (мекемелер) бөледі немесе салады.
2016.22.12. № 28-VI ҚР Заңымен 4-тармақ жаңа редакцияда (бұр.ред.қара)
4. Төтенше жағдай режимін, терроризмге қарсы операцияның құқықтық режимін енгізу ахуалында, бұқаралық қоғамдық-саяси іс-шаралар өткізу кезінде тұрақты орналасқан пунктінен тыс жерде қоғамдық тәртіпті қорғауды қамтамасыз ету жөніндегі міндеттерді орындауға тартылатын Ұлттық ұланның бөлiмшелерi бюджет қаражаты есебінен жайластыруға арналған тұрғын үй-жайлармен, көрсетілетін коммуналдық қызметтермен, байланыс желілерімен және арналарымен, көлік құралдарымен және жанар-жағармай материалдарымен, қосымша тамақтанумен қамтамасыз етіледі.