2. Мынадай:
1) жоғары білімі жоқ;
2) тізбесін уәкілетті орган белгілейтін халықаралық қаржы ұйымдарында осы бапта белгіленген еңбек өтілі және (немесе) қаржылық қызметтерді ұсыну және (немесе) реттеу және (немесе) қаржы ұйымдарына аудит жүргізу жөніндегі қызметтер саласында және (немесе) экономика мен қаржы саласында реттеу мен бақылауды жүзеге асыратын мемлекеттік органдарда еңбек өтілі жоқ;
3) мінсіз іскерлік беделі жоқ адам бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорының немесе ерікті жинақтаушы зейнетақы қорының басшы қызметкері болып тағайындала (сайлана) алмайды;
Мінсіз іскерлік бедел - кәсіпқойлықты, адалдықты растайтын фактілердің болуы, алынбаған немесе жойылмаған сотталғандығының болмауы, оның ішінде қаржы ұйымының, банк және (немесе) сақтандыру холдингінің басшы қызметкері лауазымын атқару және қаржы ұйымының ірі қатысушысы (ірі акционері) болу құқығынан өмір бойына айыру түрінде қылмыстық жаза қолдану туралы заңды күшіне енген сот шешімінің болмауы;
4) уәкілетті орган қаржы ұйымын таратуға және (немесе) қаржы нарығында қызметін жүзеге асыруды тоқтатуға алып келген қаржы ұйымын консервациялау не оның акцияларын мәжбүрлеп иелену, қаржы ұйымын лицензиясынан айыру туралы шешім қабылдағанға не қаржы ұйымын мәжбүрлеп тарату немесе оны Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген тәртіппен банкрот деп тану туралы сот шешімі заңды күшіне енгенге дейін бір жылдан аспайтын кезеңде бұрын қаржы ұйымының басқарушы органының басшысы, мүшесі, атқарушы органының басшысы, мүшесі, бас бухгалтері, ірі қатысушы-жеке тұлға, ірі қатысушы-заңды тұлғаның басшысы болып табылған адам бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорының немесе ерікті жинақтаушы зейнетақы қорының басшы қызметкері болып тағайындала (сайлана) алмайды.
Көрсетілген талап уәкілетті орган қаржы ұйымын таратуға және (немесе) қаржы нарығында қызметін жүзеге асыруды тоқтатуға алып келген қаржы ұйымын консервациялау не оның акцияларын мәжбүрлеп иелену, қаржы ұйымын лицензиясынан айыру туралы шешім қабылдағаннан кейін не қаржы ұйымын мәжбүрлеп тарату немесе оны Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген тәртіппен банкрот деп тану туралы сот шешімі заңды күшіне енгеннен кейін бес жыл бойы қолданылады;
5) осы және (немесе) өзге де қаржы ұйымында басшы қызметкер лауазымына тағайындауға (сайлауға) берілген келісім кері қайтарып алынған адам бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорының немесе ерікті жинақтаушы зейнетақы қорының басшы қызметкері болып тағайындала (сайлана) алмайды. Көрсетілген талап уәкілетті орган басшы қызметкер лауазымына тағайындауға (сайлауға) келісімін кері қайтарып алу туралы шешім қабылдағаннан кейін қатарынан күнтізбелік он екі ай бойы қолданылады.
Сыбайлас жемқорлық қылмыс жасаған не тағайындау (сайлау) күніне дейінгі үш жыл ішінде сыбайлас жемқорлық құқық бұзушылық жасағаны үшін тәртіптік жауаптылыққа тартылған адам да бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорының басшы қызметкері болып тағайындала алмайды (сайлана алмайды);
6) қатарынан төрт және одан да көп кезең ішінде шығарылған эмиссиялық бағалы қағаздар бойынша купондық сыйақыны төлеу бойынша дефолтқа жол берген не дефолтқа жол берілген шығарылған эмиссиялық бағалы қағаздар бойынша купондық сыйақыны төлеу бойынша берешек сомасы купондық сыйақының төрт еселенген және (немесе) одан да көп мөлшерін құрайтын не шығарылған эмиссиялық бағалы қағаздар бойынша негізгі борышты төлеу бойынша дефолт мөлшері төлеу күніне республикалық бюджет туралы заңда белгіленген айлық есептік көрсеткіштен он мың есе асатын соманы құрайтын дефолтқа жол берген, бұрын қаржы ұйымының басқару органның басшысы, мүшесі, атқарушы органының басшысы, мүшесі, бас бухгалтері, ірі қатысушы (ірі акционер) - жеке тұлға, ірі қатысушы (ірі акционер) - заңды тұлға - эмитенттің басқару органының басшысы, мүшесі, атқарушы органының басшысы, мүшесі, бас бухгалтері болған адам бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорының басшы қызметкері болып тағайындала (сайлана) алмайды. Көрсетілген талап осы тармақшада көзделген мән-жағдайлар туындаған кезден бастап бес жыл бойы қолданылады.
3. Осы баптың 2-тармағының 2) тармақшасында көзделген талапқа сәйкес келу үшін:
1) бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорының немесе ерікті жинақтаушы зейнетақы қорының атқарушы органының басшысы лауазымына кандидаттар үшін - кемінде үш жыл;
2) бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорының немесе ерікті жинақтаушы зейнетақы қорының бас бухгалтері лауазымына кандидаттар үшін - кемінде бес жыл;
3) бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорының немесе ерікті жинақтаушы зейнетақы қорының басқарушы органының басшысы, атқарушы органының мүшелері лауазымдарына кандидаттар үшін кемінде екі жыл еңбек өтілі болуы қажет.
Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорының немесе ерікті жинақтаушы зейнетақы қорының тек қауіпсіздік мәселелеріне, әкімшілік-шаруашылық мәселелеріне ғана жетекшілік ететін басқару органының мүшелері, сондай-ақ атқарушы органның мүшелері лауазымдарына кандидаттар үшін осы баптың 2-тармағының 2) тармақшасында көзделген еңбек өтілінің болуы талап етілмейді.
Осы тармақта айқындалған еңбек өтіліне қаржы ұйымының бөлімшелеріндегі шаруашылық қызметті жүзеге асыруға байланысты жұмыс кірмейді.
4. Басшы қызметкер тағайындалған (сайланған) күнінен бастап өзінің лауазымын уәкілетті органның келісімінсіз күнтізбелік алпыс күннен аспайтын мерзім бойы атқаруға құқылы.
Осы тармақта көрсетілген мерзім өткеннен кейін және құжаттардың толық топтамасы уәкілетті органға келісуге ұсынылмаған не уәкілетті орган келісуден бас тартқан жағдайларда, бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қоры немесе ерікті жинақтаушы зейнетақы қоры осы адаммен еңбек шартын бұзуға не еңбек шарты болмаған жағдайда, осы басшы қызметкердің өкілеттігін тоқтату жөнінде шаралар қабылдауға міндетті.
Уәкілетті органның келісімінсіз бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорының немесе ерікті жинақтаушы зейнетақы қорының басшы қызметкерінің міндеттерін осы тармақта белгіленген мерзімнен артық атқаруға (уақытша болмағанда оны алмастыруға) тыйым салынады.
Уәкілетті орган бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорының, ерікті жинақтаушы зейнетақы қорының басшы қызметкерлерін тағайындауға (сайлауға) келісім беру үшін ұсынылған құжаттарды уәкілетті органның нормативтік-құқықтық актісінің талаптарына сәйкес құжаттардың толық топтамасы ұсынылған күннен бастап отыз жұмыс күні ішінде қарайды.
5. Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорының немесе ерікті жинақтаушы зейнетақы қорының басшы қызметкерін тағайындауға (сайлауға) уәкілетті органның келісім беру тәртібі, келісім алу үшін қажетті құжаттар уәкілетті органның нормативтік-құқықтық актілерінде белгіленеді.
6. Уәкілетті орган бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорының немесе ерікті жинақтаушы зейнетақы қорының басшы қызметкерлерін тағайындауға (сайлауға) келісім беруден мынадай негіздер:
1) басшы қызметкерлердің осы бапта, «Акционерлік қоғамдар туралы» Қазақстан Республикасының Заңы 1-бабының 20) тармақшасында, 54-бабының 4-тармағында, 59-бабының 2-тармағында және «Бухгалтерлік есеп пен қаржылық есептілік туралы» Қазақстан Республикасы Заңының 9-бабында белгіленген талаптарға сәйкес келмеуі;
2) тестің теріс нәтижесі.
Мыналар тестің теріс нәтижесі болып табылады:
кандидаттың тест нәтижесі дұрыс жауаптың жетпіс пайызынан аз болуы;
кандидаттың не аудармашының (егер осы аудармашыны кандидаттың өзі ұсынған жағдайда) уәкілетті орган белгілеген тест тәртібін бұзуы;
кандидаттың келісу мерзімі өткенге дейін уәкілетті орган белгілеген уақытта тестке келмеуі;
3) бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорының немесе ерікті жинақтаушы зейнетақы қорының уәкілетті органның ескертулерін жоймауы немесе бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорының немесе ерікті жинақтаушы зейнетақы қорының уәкілетті органның ескертулерін ескере отырып, пысықталған құжаттарды осы Заңның осы бабының 4-тармағында белгіленген уәкілетті органның құжаттарды қарау мерзімі өткеннен кейін ұсынуы;
4) құжаттардың осы баптың 4-тармағында белгіленген, басшы қызметкер уәкілетті органның келісуінсіз өз лауазымын атқаратын мерзім өткеннен кейін ұсынылуы;
5) уәкілетті органның кандидатқа қолданған санкцияларының және (немесе) шектеулі ықпал ету шараларының болуы.
Осы талап бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қоры немесе ерікті жинақтаушы зейнетақы қоры кандидатты келісу туралы өтінішхат берген күнге дейін бір жыл бойы қолданылады;
6) басшы қызметкер лауазымын атқаратын (атқарған) не басшы қызметкердің міндеттерін орындайтын кандидат қаржы ұйымының, банк немесе сақтандыру холдингінің Қазақстан Республикасының заңнамасын бұзуына алып келген және сол үшін уәкілетті орган осы қаржы ұйымына, осы банк немесе сақтандыру холдингіне қатысты шектеулі ықпал ету шарасын және (немесе) санкция қолданған, кандидаттың өз өкілеттігіне кірген мәселелер бойынша шешімдер қабылдау фактілері туралы мәліметтердің уәкілетті органда болуы бойынша бас тартады.
Осы талап уәкілетті орган бұзушылықты анықтаған күннен бастап бір жыл бойы қолданылады;
7) уәкілетті органда кандидаттың бағалы қағаздар нарығында айла-шарғы жасау мақсатында жасалған деп танылған және (немесе) үшінші тұлғаға (үшінші тұлғаларға) нұқсан келтіруге алып келген мәміле тарапы болып табылғандығы туралы мәліметтердің (фактілердің) болуы бойынша бас тартады.
Осы талап санамаланған оқиғалардың ең алдыңғысы басталған:
уәкілетті орган ұйымдастырылған және (немесе) ұйымдастырылмаған бағалы қағаздар нарығында жасалған мәмілелерді айла-шарғы жасау мақсатында жасалған деп таныған;
уәкілетті орган осы мәмілені жасау нәтижесінде үшінші тұлғаға (үшінші тұлғаларға) нұқсан келтірілгенін растайтын фактілерді алған күннен бастап бір жыл бойы қолданылады;
8) кандидаттың уәкілетті орган бағалы қағаздар нарығында айла-шарғы жасау мақсатында жасалған деп танылған мәмілелерді жасағаны үшін қаржы ұйымына қатысты санкциялар және (немесе) шектеулі ықпал ету шараларын қолданған қаржы ұйымының қызметкері және (немесе) әрекеттері мәмілеге қатысушы қаржы ұйымына және (немесе) үшінші тұлғаға (үшінші тұлғаларға) нұқсан келтіруге алып келген қаржы ұйымының қызметкері болып табылатындығы туралы мәліметтердің уәкілетті органда болуы бойынша бас тартады.
Осы талап санамаланған оқиғалардың ең алдыңғысы басталған:
уәкілетті орган ұйымдастырылған және (немесе) ұйымдастырылмаған бағалы қағаздар нарығында жасалған мәмілелерді айла-шарғы жасау мақсатында жасалған деп таныған;
уәкілетті орган осы мәмілені жасау нәтижесінде қаржы ұйымына және (немесе) үшінші тұлғаға (үшінші тұлғаларға) нұқсан келтірілгенін растайтын фактілерді алған күннен бастап бір жыл бойы қолданылады.
Осы тармақшаның мақсаты үшін қаржы ұйымының қызметкері деп жоғарыда аталған бұзушылықтарға алып келген мәселелер бойынша шешімдер қабылдау құзыретіне кірген қор биржасының басшы қызметкері не оның міндетін атқарған адам және (немесе) трейдері түсініледі.
7. Уәкілетті орган бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорының немесе ерікті жинақтаушы зейнетақы қорының басшы қызметкерін тағайындауға (сайлауға) келісім беруден бас тартқан не ол бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорының немесе ерікті жинақтаушы зейнетақы қорының басшы қызметкері лауазымынан босатылған немесе бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорындағы немесе ерікті жинақтаушы зейнетақы қорындағы өзге лауазымға ауыстырылған жағдайларда, осы адам оны тағайындауға (сайлауға) келісім беруден бас тарту алынғаннан не ол лауазымнан босатылғаннан не өзге лауазымға ауыстырылғаннан кейін кемінде күнтізбелік тоқсан күн өткен соң, бірақ қатарынан күнтізбелік он екі ай ішінде екі реттен көп емес, бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорының немесе ерікті жинақтаушы зейнетақы қорының басшы қызметкері лауазымына қайта тағайындалуы (сайлануы) мүмкін.
8. Уәкілетті орган бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорының немесе ерікті жинақтаушы зейнетақы қорының басшы қызметкері лауазымына тағайындауға (сайлауға) келісім беруден қатарынан екі рет бас тартқан жағдайда, осы адам уәкілетті органның бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорында немесе ерікті жинақтаушы зейнетақы қорында оны тағайындауға (сайлауға) келісім беруден екінші рет бас тарту туралы шешімі қабылданған күннен бастап қатарынан күнтізбелік он екі ай өткеннен кейін бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорының немесе ерікті жинақтаушы зейнетақы қорының басшы қызметкері лауазымына тағайындала (сайлана) алады.
9. Уәкілетті орган бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорының немесе ерікті жинақтаушы зейнетақы қорының басшы қызметкері лауазымына тағайындауға (сайлауға) берген келісімін мынадай негіздер бойынша қайтарып алуға құқылы:
1) келісім беруге негіз болған мәліметтердің анық еместігі анықталуы;
2) уәкілетті органның басшы қызметкерге және (немесе) бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорына, ерікті жинақтаушы зейнетақы қорына санкцияларды жүйелі түрде (қатарынан күнтізбелік он екі ай ішінде үш және одан да көп рет) қолдануы;
3) бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорының, ерікті жинақтаушы зейнетақы қорының Қазақстан Республикасының қылмыстық жолмен алынған кірістерді заңдастыруға (жылыстатуға) және терроризмді қаржыландыруға қарсы іс-қимыл туралы заңнамасында көзделген талаптарды жүйелі түрде (қатарынан күнтізбелік он екі ай ішінде үш және одан да көп рет) бұзуы;
4) бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорының немесе ерікті жинақтаушы зейнетақы қорының аталған басшы қызметкерінің (қызметкерлерінің) әрекеттерін (әрекетсіздігін) Қазақстан Республикасы заңнамасының талаптарына сәйкес келмейді деп тану үшін жеткілікті деректер негізінде уәкілетті органның осы бапта көрсетілген адамдарды қызметтік міндеттерін орындаудан шеттетуі;
5) бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорының немесе ерікті жинақтаушы зейнетақы қорының аталған басшы қызметкерінің (қызметкерлерінің) әрекеттерін Қазақстан Республикасы заңнамасының талаптарына сай келмейді деп тану үшін жеткілікті деректер негізінде уәкілетті органның осы бапта көрсетілген адамдарды қызметтік міндеттерін орындаудан шеттеткенге дейін бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қоры, ерікті жинақтаушы зейнетақы қоры оларды шеттеткен немесе жұмыстан босатқан жағдайда, уәкілетті органның осы адамдарды қызметтік міндеттерін орындаудан шеттетуі;
6) алынбаған немесе жойылмаған сотталғандығының болуы.
Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорының немесе ерікті жинақтаушы зейнетақы қорының басшы қызметкерін тағайындауға (сайлауға) келісімді уәкілетті органның қайтарып алуы өзге қаржы ұйымдарында осы басшы қызметкерге бұрын берілген келісімді (келісімдерді) қайтарып алу үшін негіз болып табылады.
Уәкілетті орган бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорының немесе ерікті жинақтаушы зейнетақы қорының басшы қызметкері лауазымына тағайындауға (сайлауға) келісімді қайтарып алған жағдайда, бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қоры немесе ерікті жинақтаушы зейнетақы қоры осы адаммен еңбек шартын бұзуға не еңбек шарты болмаған жағдайда, осы басшы қызметкердің өкілеттіктерін тоқтату жөнінде шаралар қабылдауға міндетті.»;
«58-бап. Уәкілетті орган қолданатын шектеулі ықпал ету шаралары және санкциялар
1. Уәкілетті орган Қазақстан Республикасының заңнамасын бұзушылықты байқаған, бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорының, ерікті жинақтаушы зейнетақы қорының лауазымды адамдары мен қызметкерлерінің құқыққа сыйымсыз әрекеттерін немесе әрекетсіздігін анықтаған, сондай-ақ уәкілетті органның осы Заңда көзделген өзге де талаптары орындалмаған жағдайларда, уәкілетті орган бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорына, ерікті жинақтаушы зейнетақы қорына мынадай шектеулі ықпал ету шараларының бірін қолдануға:
1) орындалуы міндетті жазбаша нұсқама беруге;
2) жазбаша ескерту шығаруға;
3) жазбаша келісім жасауға құқылы.
2. Анықталған бұзушылықтарды және (немесе) оларды жасауға ықпал еткен себептерді, сондай-ақ жағдайларды белгіленген мерзімде жоюға бағытталған орындалуы міндетті түзету шараларын қолдануға және (немесе) анықталған бұзушылықтарды және (немесе) оларды жасауға ықпал еткен себептерді, сондай-ақ жағдайларды жою жөніндегі іс-шаралар жоспарын (бұдан әрі - іс-шаралар жоспары) белгіленген мерзімде ұсыну қажеттігіне арналған бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорына, ерікті жинақтаушы зейнетақы қорына берілген нұсқау жазбаша нұсқама болып табылады.
Жазбаша нұсқамада белгіленген мерзімде ұсынылған іс-шаралар жоспарында бұзушылықтардың, олардың туындауына алып келген себептердің сипаттамасы, жоспарланған іс-шаралардың тізбесі, оларды жүзеге асыру мерзімдері, сондай-ақ жауапты лауазымды адамдар көрсетіледі.
Уәкілетті органның жазбаша нұсқамасына сотқа шағым жасау оның орындалуын тоқтата тұрмайды.
3. Уәкілетті орган жазбаша ескерту шығарылғаннан кейін бір жыл ішінде осы ескерту шығарылған бұзушылыққа ұқсас Қазақстан Республикасының заңнамасының нормалары қайтадан бұзылғанын анықтаған жағдайда, уәкілетті органның бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорына, ерікті жинақтаушы зейнетақы қорына не оның (олардың) басшы қызметкеріне (қызметкерлеріне) осы баптың 7-тармағында көзделген санкцияларды қолдану мүмкіндігі туралы хабарламасы жазбаша ескерту болып табылады.
4. Анықталған бұзушылықтарды жою қажеттігі және осы бұзушылықтарды жою мерзімдерін көрсете отырып, оларды жою жөніндегі шаралар тізбесін және (немесе) анықталған бұзушылықтар жойылғанға дейін бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қоры немесе ерікті жинақтаушы зейнетақы қоры өзіне алған шектеулердің тізбесін бекіту туралы жазбаша келісім уәкілетті орган мен бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қоры немесе ерікті жинақтаушы зейнетақы қоры арасында жасалған жазбаша келісім болып табылады.
Жазбаша келісімге бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қоры немесе ерікті жинақтаушы зейнетақы қоры тарапы міндетті түрде қол қоюға тиіс.
5. Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қоры, ерікті жинақтаушы зейнетақы қоры уәкілетті органға жазбаша нұсқамада және жазбаша келісімде көрсетілген шаралардың осы құжаттарда көзделген мерзімдерде орындалғаны туралы хабарлауға міндетті.
6. Шектеулі ықпал ету шараларын қолдану тәртібі уәкілетті органның нормативтік-құқықтық актілерінде айқындалады.
7. Уәкілетті орган бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорына, ерікті жинақтаушы зейнетақы қорына бұрын қолданылған ықпал ету шараларына қарамастан, оларға санкциялар қолдануға құқылы.
8. Уәкілетті орган санкциялар ретінде мынадай шаралар қолдануға:
1) Қазақстан Республикасының заңдарында белгіленген тәртіппен айыппұлдар салуға және оларды өндіріп алуға;
2) ерікті жинақтаушы зейнетақы қорлары лицензиясының қолданысын тоқтата тұруға не одан айыруға;
3) осы Заңның 55-бабында аталған адамдарды бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорының, ерікті жинақтаушы зейнетақы қорының аталған басшы қызметкерінің (қызметкерлерінің) әрекеттерін (әрекетсіздігін) Қазақстан Республикасы заңнамасының талаптарына сәйкес келмейді деп тану үшін жеткілікті деректер негізінде бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорының, ерікті жинақтаушы зейнетақы қорының басшы қызметкері (қызметкерлері) лауазымына тағайындауға (сайлауға) келісімін бір мезгілде қайтарып ала отырып, қызметтік міндеттерін орындаудан шеттетуге құқылы. Осы Заңның 55-бабында көрсетілген адамдарды уәкілетті орган қызметтік міндеттерін орындаудан шеттеткенге дейін бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қоры, ерікті жинақтаушы зейнетақы қоры осы адамдарды қызметтік міндеттерін орындаудан шеттеткен немесе жұмыстан босатқан жағдайда, уәкілетті орган осы адамды бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорында, ерікті жинақтаушы зейнетақы қорында тиісті басшы қызметкер лауазымына тағайындауға (сайлауға) келісімін қайтарып алуды жүргізеді.
9. Уәкілетті орган ерікті зейнетақы жарналарын тарту құқығымен инвестициялық портфельді басқаруға арналған лицензияның қолданысын алты айға дейінгі мерзімге мынадай негіздердің кез келгені бойынша тоқтата тұруға құқылы:
1) лицензия беруге негіз болған ақпараттың анық еместігі анықталуы;
2) ерікті жинақтаушы зейнетақы қорының қызметі басталуының лицензия берілген кезден бастап бір жылдан астам уақытқа кідіруі;
3) ерікті зейнетақы жарналары есебінен зейнетақымен қамсыздандыру туралы шарттар бойынша міндеттемелерді ерікті жинақтаушы зейнетақы қорының жүйелі түрде (қатарынан күнтізбелік он екі ай ішінде үш және одан да көп жағдайда) орындамауы немесе тиісінше орындамауы;
4) уәкілетті орган белгілеген нормативтердің және ерікті жинақтаушы зейнетақы қоры орындауға міндетті басқа да нормалар мен лимиттердің жүйелі түрде (қатарынан күнтізбелік он екі ай ішінде үш және одан да көп жағдайда) бұзылуы;
5) Қазақстан Республикасының нормативтік-құқықтық актілерінің, ерікті жинақтаушы зейнетақы қорының зейнетақы қағидаларында және (немесе) инвестициялық декларациясында көзделген ережелердің жүйелі түрде (қатарынан күнтізбелік он екі ай ішінде үш және одан да көп жағдайда) бұзылуы;
6) уәкілетті орган қолданған шектеулі ықпал ету шаралары талаптарының орындалмауы;
7) уәкілетті органмен жасалған жазбаша келісімге қол қоюдан бас тарту;
8) ерікті жинақтаушы зейнетақы қорының жүргізілген аудит туралы аудиторлық ұйымның есебінде көрсетілген бұзушылықтарды ерікті жинақтаушы зейнетақы қорының аудиторлық есепті алған күнінен бастап үш ай ішінде жоймауы;
9) есептілік пен мәліметтерді ұсынбау немесе көрінеу анық емес есептілік пен мәліметтерді ұсыну;
10) ерікті жинақтаушы зейнетақы қорының Қазақстан Республикасының қылмыстық жолмен алынған кірістерді заңдастыруға (жылыстатуға) және терроризмді қаржыландыруға қарсы іс-қимыл туралы заңнамасында көзделген талаптарды жүйелі түрде (қатарынан күнтізбелік он екі ай ішінде үш және одан да көп жағдайда) бұзуы.
10. Лицензияның қолданысын тоқтата тұру жаңа салымшыларды (алушыларды) тартуға тыйым салуға алып келеді.
11. Ерікті жинақтаушы зейнетақы қорының лицензиясының қолданысын тоқтата тұру туралы уәкілетті орган қабылдаған шешімді ерікті жинақтаушы зейнетақы қоры күнтізбелік он күн ішінде екі баспасөз басылымында қазақ және орыс тілдерінде хабарландыру жариялау және өзінің интернет-ресурсында орналастыру арқылы салымшылардың (алушылардың) назарына жеткізеді.
12. Ерікті жинақтаушы зейнетақы қорының лицензияның қолданысын тоқтата тұрудың себептерін белгіленген мерзімде жоймауы уәкілетті органның лицензиядан айыруына негіз болып табылады.
13. Өзіне қатысты уәкілетті орган шектеулі ықпал ету шараларын немесе санкциялар қолданған ерікті жинақтаушы зейнетақы қоры не тұлға оның шешімдеріне сот тәртібімен шағым жасауға құқылы. Уәкілетті органның көрсетілген шешімдеріне шағым жасау олардың орындалуын тоқтата тұрмайды.
14. Іс-шаралар жоспарында, жазбаша келісімде не жазбаша нұсқамада белгіленген мерзімдерде бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорына, ерікті жинақтаушы зейнетақы қорына байланысты емес себептер бойынша бұзушылықтарды жою мүмкіндігі болмаған жағдайда, іс-шаралар жоспарын, жазбаша келісімді не жазбаша нұсқаманы орындау мерзімін уәкілетті орган өзінің нормативтік-құқықтық актісінде белгіленген тәртіппен ұзартуы мүмкін.»;
5) 60-баптың 8-тармағындағы «, облыстық маңызы бар қалаларда» деген сөздер «маңызы бар қалаларда және облыстардың әкімшілік орталықтарында» деген сөздермен ауыстырылсын.
41. «Оңалту және банкроттық туралы» 2014 жылғы 7 наурыздағы Қазақстан Республикасының Заңына (Қазақстан Республикасы Парламентінің Жаршысы, 2014 ж., № 4-5, 23-құжат; № 10, 52-құжат; № 19-I, 19-II, 96-құжат; № 21, 122-құжат; № 23, 143-құжат; 2015 ж., № 8, 42-құжат; № 15, 78-құжат; 2015 жылғы 3 қарашада «Егемен Қазақстан» және «Казахстанская правда» газеттерінде жарияланған «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне кәсіпкерлік мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» 2015 жылғы 29 қазандағы Қазақстан Республикасының Заңы):
1) 7-баптың 8-тармағы мынадай редакцияда жазылсын:
«8. Осы баптың талаптары жобалық қаржыландыру, секьюритилендiру мәмiлелерiне және қор биржасының сауда жүйесінде ашық сауда-саттық әдісімен жасалған мәмілелерге қолданылмайды.»;
2) 96-баптың 4-тармағы мынадай мазмұндағы 2-1) тармақшамен және 7) тармақшасындағы «құқығы енгізілмейді.» деген сөздер «құқығы;» деген сөзбен ауыстырылып, мынадай мазмұндағы 8) тармақшамен толықтырылсын: